«Тынық Донды» кім жазған?

Бөлісу:

12.10.2023 9355

"Тынық Дон" романының иллюстрациясы, Ю.П. Ребров

1964 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын фран­цуз экзистенциалисі Жан Поль Сартрға беру жөнінде шешім қабылданды. Бірақ… Сартр сыйлықты алудан бас тартты. «Нобель сыйлығы Шолоховқа берілмей тұрғанда мен мұн­дай құрметті қабылдай алмаймын» деп мәлімдеді атақты фи­лософ-қаламгер… Келесі, 1965 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын совет жазушысы Михаил Шолоховқа беру жөнінде шешім қабылданды. Нобель сыйлығы жөніндегі ко­митеттің бұлай етпеске әдді де қалмаған еді. Бұлай етпесе, біз саясаттан сыртқарымыз, біздің ұстанатын басты өлшеміміз көркемдік кестесі деп сөйлейтін әйгілі комитеттің әділдігіне, біліктілігіне күмән туатын, беделіне нұқсан келетін еді. Шо­лоховтың басты туындысы – «Тынық Дон» романы басылым­дары таралымының ұзын саны бүкіл әлем бойынша сол 1965 жылы 130 миллионға жеткен болатын. «Әдебиетке нөмірлеу жүрмейді» деген сөз рас. Әйтсе де әлемнің сөз ұстаған зергерлерінің бәрі дерлік жиырмасыншы ғасырда адамзат баласы «Тынық Доннан» артық әдебиет туындысын жасай алған жоқ деген пікірге тоқтағаны және рас. «Величайшим романом ухо­дящего века является «Тихий Дон» Шолохова», «Со времени создания «Тихого Дона» в мире нет ничего, что приближалось бы к величию и мощи этого этико-психологического романа», «Роман М. Шолохова «Тихий Дон», подобно «Илиаде» Гомера, – это народный эпос двадцатого столетия, эпос русского народа, запечатленный его гениальным сыном» – бұл романға бе­рілер бағалар осы сыңайда болып келеді. Мақаланы жазарда қайта қолға алғанда Шолохов шығармасы қай қоғамға да, қай адамға да берері бірдей, бүтіндей бірегей дүние екендігіне тағы да көз жете түсті. «Тынық Дон» туралы кезінде жүздеген моно­графиялар жазылғанымен, оның шын танылуы енді-енді баста­латындай да әсер қалдырады. Әрине, тың тұрғыдан танылар тұсы жаһандану желігіне, қай елде де жұртшылықтың жүзі кітап бетінен теледидарға, компьютерге бұрылған шаққа тап келіп тұрғаны өкінішті-ақ. Қазіргі атышулы Дэн Браунның «Да Винчи коды» романы шыққалы бері (оны Мұхтар Құл-Мұ­хаммед «Егемен Қазақстанда» 2004 жылғы 10 қарашада жарық көрген сұхбатында жіктеп-жіліктеп берген болатын) әдебиеттануда «мәтін коды» ұғымы жиірек қолданылып жүр. Әзіргі әуезе сол сөзбен айтар болсақ, Шолохов мәтінінің коды да қолға тиер күн алыс емес сияқты. Шолохов кітабы өзіне дейінгі әдебиет­те қалыптасқан көркем шығарма құрылымының канондарына кереғар күйде келетініне, автордың болмысты бейнелеуінде­гі қатаңдық, қаталдық, тіпті қатыгездік әлем классиктерінің ешқайсысынан да кездеспейтініне, кейіпкерлердің туынды табиғатының талаптары, қаламгер ырқы бойынша емес, өмірдің өзінің ішкі заңдылықтары бойынша тіршілік кешетініне бұрын да назар аударылған. Бертольд Брехтке айтқызсаңыз, мұның өзін роман дегеннен гөрі өңделмеген материя деген жөн. Кәдім­гідей, өмірдің өзінен таудай етіп ойып алып, «Өзің көр енді!» деп алдыңа тастай салған сияқты. Грэм Грин «Тынық Дон» эпостың әу бастағы, тіпті мифологияланған үлгісінде туған, бұл шығар­машылықтың түпкі түрі, онда баяндаушыда әспеттейін деген де, әшкерелейін деген де ой болмайды, «Илиада» мен «Махаб­харатадағыдай» өмірден көргенін көсілте суреттеуді ғана біледі дейді. Расында да, романда басынан аяғына дейін көктей өтіп жататын өзекті идеяның болмауы, оқырманды түпкілікті ойға әкеп тіремейтіні, бәрінен бұрын – шығармаға ортақ шындықтың бой көрсетпеуі қайран қалдырарлықтай. Сталин заманында жазылған шығармадағы бас кейіпкердің, азамат соғысының от-жалынына оранып, біресе ақтардың, біресе қызылдардың жағында соғысып, ана жақта да, мына жақта да қолы қанға қа­тар малынған адамның ақыр аяғында қақ жарылған әлемнің қақ ортасында тұрып қалуының өзі автордың адам айтқысыз азаматтық батылдығы, батырлығы болатын.

Аксинья Астахова и Григорий Мелехов. 
И. Пчелконың еңбегі

«Тынық Дон» – бір елді, бір ұлтты қолдан бөліп, бірге туған бауырларды баррикаданың екі жағына шығарып, оқ атқызған зұлмат заманға, зорлық, зомбылық жүрген жерге ақиқат тұрмақ шындықтың да жоламайтынын, шындықты шырақ тұтпаған елдің көсегесі көгермейтінін көрсетіп берген туынды. ХХ ғасырдағы орыс революциясы, азамат соғысы дәуірінен жалғыз «Тынық Дон» жазылып қалса да, адамзаттың келер ұр­пақтары сол бір сұрапыл сұмдықтың толық суретін көре алар еді деудің өзі аздық етеді. Шолохов осы шығармасы арқылы адам бақыты қоғам бақытынан туындамайтынын, қайта қоғам бақытын адамдар бақыты құрауы керектігін, қандай қоғамның қандай бақыты жолында да адамның бақытсыздыққа ұшыра­уын ақтап алуға болмайтынын айтты бізге. Адам бақыты ең алдымен махаббатта, отбасында, перзент қызығында қалыпта­сарын ашып берді бізге. Адам бақыты – қоғам бақыты. Керісін­ше емес. Бұл – дәйім есте ұстайтын қағида.

Ә дегенде жалпы «Тынық Дон» жайында әңгімелемекке бекінгенбіз. Тым ауқымды екен. 1912 жылдың мамыр айынан 1922 жылдың нау­рызына дейінгі аралықта Дон жеріндегі, еркін казактар елін­дегі орасан оқиғалар – болашақ революцияның бастауы болған жұмысшы қозғалысының өрлеуі, қаусап тұрған орыс қоғамын қиратып түсірген бірінші дүниежүзілік соғыс, самодержавие­нің құлауы, Қазан төңкерісі, адамзат тарихындағы ең алапат азамат соғысы, шетелдік интервенция, кеңес мемлекетінің жеңісі, жаңа өмір құруды бастау – осының бәрі кітаптағы 710 (жеті жүз он!..) кейіпкердің (оның ішінде 170-і тарихта болған кісілер) қатысуымен өтеді. Сонан кейін біз мақаланы қазақ баспасөзінде көп сөз етіле қоймаған тақырыпқа – «Тынық Дон­ды» кім жазған деген дүниені дүрліктірген дау-дамайға ғана арнауды жөн көрдік. Оған түрткі салған – атақты әдебиетші Феликс Кузнецовтің 2005 жылы «ИМЛИ РАН» баспасынан жарық көрген «Тихий Дон»: судьба и правда великого рома­на» атты кітабы. Автор 863 беттік бұл ерен еңбегінде, міне, 80 жылдай уақыттан бері миллиондаған оқырманның көңілін күпті еткен сауалдардың барлығына дерлік жауап қайтарып шыққан деуге негіз бар.

Сонымен, «Тынық Дон» романын кім жазған?

Борхес айтады екен, әдебиетте төрт-ақ түрлі хикая бар, адамзат соларды қайта баяндай береді деп. Соның екінші хи­каясы оралу баяны көрінеді. Классикалық әдебиеттің класси­калық үлгісі – «Тынық Донда» он жыл бойы теңіз тіліп, дала асып, тау басып, арып-ашыған Одиссейдің туған Итакасына оралғаны сияқты, Григорий Мелехов та тура он жылғы сер­гелдеңнен кейін өзінің хуторына, өрт шалған үйіне оралады. «Мелеховский двор – на самом краю хутора. Воротца со скотиньего база ведут на север к Дону» деп басталатын роман ғара­сат ғасырдың алапатында бәрінен – тыныш өмірінен, жастық шағынан, бақытынан, махаббатынан, әкесінен, анасынан, ағасынан, жеңгесінен, әйелі Натальядан, сүйіктісі Аксинья­дан айырылған Григорийдің өз үйіне – ұлы Мишуткаға оралуымен аяқталады. Төрт кітапқа созылған симфониядай эпопея: «Что ж, вот и сбылось то немногое, о чем бессонными ночами мечтал Григорий. Он стоял у ворот родного дома, держал на ру­ках сына… Это было все, что осталось у него в жизни, что пока еще роднило его с землей и со всем этим огромным, сиящим под холодным солнцем миром» деп барып бітеді.

"Тынық Дон" романының иллюстрациясы, Ю. Ребров

«Тынық Дон» – ХХ ғасырдың ұлы кітабы. Бұл кітап жиырмасыншы жүзжылдықтың ең ірі тарихи оқиғасы – орыс рево­люциясының өн бойындағы ерлік пен трагедияны таңданар­лықтай тереңдікпен әрі шыншылдықпен көрсетіп берді. Бірақ, «Тынық Дон» өзінің көркемдік мәнімен, тарихи тегеурінімен ғана трагедиялық туынды емес. Романның өзінің тағдыры да, оның авторының тағдыры да трагедиялық» деп басталады Ф. Кузнецовтің кітабы. Роман 1928 жылы «Октябрь» журналының 1-10-нөмірлерінде шыққаннан-ақ әдебиет әлемі дүр ете қалған. Адамзаттың сөз өнері қазынасына тағы бір ұлы кітаптың қосылғанына ә дегеннен-ақ ешкімнің шәгі болған жоқ. Алайда, оқырмандар жаңа жауһардан басын көтермей жатып-ақ жазушының жанын өмір бойы жеген бәлекет сөз басталды да кетті. Мәселе мынада еді: «Тынық Донды» Михаил Шолохов 21 жасында жаза бастаған, оның бірінші кітабы автор 23-ке толғанда жарық көрген… Шолохов романның алғашқы үш кітабын 26 жасында аяқтаған…

Бұл қалай? Осындай бола ма? Неге болмасын, болады. 26 жасында Диккенс «Пиквик клубының қалдырған жазбаларын», Томас Манн «Будденброктарды» бітірген. Пушкин 23 жасында «Евгений Онегинді» бастаған. Лермонтов 23 жасында «Ақын­ның өлімі» мен «Бородиноны» жазған. Гоголь «Диканька маңындағы хутор кештерін» жазғанда 22-де болатын. Добролюбов 25 жасында өмірден өтіп те кеткен. Жоқ, совет заманында ондай болмайды. Совет адамдары кереметке сенбейді. «Осыншама бірегей шығарманың алғашқы екі кітабының аяқ астынан жарық көре қалуы тым жарқын да тым қуатты әдеби құбылысқа, тіпті бір қыр көрсетуге айналды. Бұл Шолоховтың кейбір қаламдастарының кеудесіне күдік-күмән кеулетті: мұндайлық ауқымды, мұндайлық қуатты шығарманы Дон бойын­дағы түкпірде жатқан станицадан шыққан, төрт кластық қана білімі бар, әдебиетке жұқа-жұқа екі әңгімелер кітапшасымен осыдан үш-ақ жыл бұрын ғана келіп кірген небәрі 23 жастағы казак жігітінің жазуы мүмкін емес. Осыдан барды да, мұн­дай романды теориялық тұрғыдан жазуы мүмкін әлдебір ақ офицер туралы әңгіме тарады. Бұл әңгіме қандай да бір фак­тіден шыққан жоқ, «Тынық Дондай» феномен құбылыстың пайда болуының сырын түсіндіре алмаудан шықты. Феномен­нің сыры мұның данышпандық құбылыс екендігінде еді. Ал данышпандық дегеніңіз түсінуге де, түсіндіруге де көнбейтін нәрсе екендігі мәлім» деп жазады Ф. Кузнецов. Иә, совет мем­лекетінде совет адамдарына ештеңе де түсініксіз болмауға тиіс. Жазушылар қауымы осыны талап етеді. Көрсетсін, дәлелдесін, өзі жазғанына көзімізді жеткізсін. Содан А.С. Серафимович төрағалық еткен жазушылар комиссиясы құрылады. Комиссия Шолоховтың шимай дәптерлері мен қолжазбаларын қа­дала қарай, жазушының тілін, стилін, образдық орамдарын, бейнелік бедерлерін мұның алдында жарық көрген әңгіме­лер жинақтарымен салыстыра, салғастыра келіп, «Тынық Дон» Михаил Шолоховтың қолынан шыққан деген бірауызды тоқтам жасайды. Оны «Правда» газетіне «Редакцияға хат» де­ген тақырыппен жариялайды да.

Осымен іс бітуге тиіс еді. Бірақ олай болмады. Шолохов ро­манының бүкіл әлемді шарлаған атақ-даңқы олай болғызбады. Жоқ, кешіріңіз, қалай жазады ол мұндай романды? Өзі суреттеген азамат соғысы жылдарында жасы небәрі он жетіде болса? Бірінші дүниежүзілік соғыс тұсында тіпті ойын баласы болса? Бар білімі төрт кластық болса? Өзінің түбі казак та емес, Дон өңіріне кірме болса? (Шолоховтың бабасы Рязань жерінен кө­шіп келген). Сонда кім жазуы мүмкін мұндай кітапты? Бір жаз­са, Федор Крюков жазуы мүмкін. Казак. Дон казагі. Ақ офи­цер. Білімі жоғары. Бірнеше кітап қалдырған. Бәрі де казактар өмірінен. Азамат соғысы кезінде қаза тапқан. Неге жазбасқа? Оның қолжазбасы қызылдар жауынгері Михаил Шолоховтың қолына неге түспеске? Әрине, Крюков дәл осы күйінде қалдыра қоймаған шығар, әдебиетке бейімі бар қаламгер оны неге өңде­меске, жетілдірмеске? Ыңғайға келеді. Жоқ, ыңғайға онша келмейді екен. Крюков 1920 жылдың басында қайтыс болып кетіпті. Өзі өлгеннен кейінгі оқиғаларды ол қалай суреттейді?.. Мәселе онда да емес. Крюков өзі куә болған оқиғаларға дейін суреттеп келіп, қолға түскен қолжазбаны сол ауанмен Шолохов әрі қарай жалғастырып әкетуі де әбден мүмкін ғой. Кілтипан басқада. Крюков, сөз жоқ, талантты жазушы. Бірақ, «Тынық Дондай» шығарманы ол шамадағы талант иесі тудыра алмайды. Тіл кестесі де, лиризм де аздық етеді бұл жерде.

Ф. Кузнецов Крюков шығармаларын егжей-тегжейлі талдау арқылы оның туындылары мен Шолохов кітаптарының арасында Мезенцев пен Макаровтай жазғыштар жерден жеті қоян тапқандай болып, қатар салыстырып жүрген ұқсас тіркестердің тілдің ортақ табиғатынан туындап жататын туыстастық түрі екенін дәлелдейді. Мысалы, Крюковта: «Я неграмотный», Шолоховта: «Да я почти что неграмотный», Крюковта: «Упругие груди с темными сосками», Шолоховта: «Крепких грудях… коричневый со­сок», Крюковта: «Взрослые… и дети смеялись и потешались над ним», Шолоховта: «Над ним смеялись в открытую»… Осылай кете береді.

Ф. Кузнецов мәселеге мұнан да тереңнен қарайды. Крюков шығармаларына тән поэтикалық прозаны талдай келіп, автор: «Оның дүниетанымдық ұстанымдары ғана емес, әң­гімелерінің мінез бітімі, пластикасы мен стилі де «Тынық Дон­ның» өміртанымына, поэтикасына атымен кереғар» дейді. Онда есаул И. Родионов жазған шығар? Әлде журналист В. Севский жазды ма екен? Әлде А. Серафимовичтің өзі жазып берген бо­лар? Әйтеуір, осы дау-дамайдың тұсында аты аталған қаламгерлердің ешқайсысы да Ф. Кузнецов назарынан тыс қалмайды, бәрінің де жазған-сызғаны талданып, бағасы беріледі. Олардың ешқайсысының да Шолохов өрнегінің жанында жіп есе алмай қалатыны нақты дәлелденеді.

Сонда да… Сонда да тыйылмады бұл әңгіме. Шолоховтың Нобель сыйлығына ұсынылуы мүмкін, алуы мүмкін деген әң­гіме шыққан кезден алпысыншы жылдардан бері қарай өсек оты қайта қоздай бастады. 1965 жылы ол сыйлықты алған­нан кейін тіпті лаулай түсті. Кейінгі кезде, жазушылық тә­жірибесі нағыз толысқан тұста «Тынық Доннан» да артық шығарманы неге бермейді? «Тынық Донды» өзі жазған болса, азамат соғысының қаны сорғалаған шындығын жүй­ке жоныған жүйемен жағаласа жүріп көрсете алған болса, онда «Көтерілген тыңда» неге идеологиялық схемаға түсіп кеткен, қаламы ондай қуатты болса, «Отан үшін от кешкен­дер» романын неге әлі күнге аяқтай алмай жүр? 1928 жылы комиссияға көрсеткен дейтін қолжазбасын неге көрсетпей­ді қазір жұртшылыққа?.. Иә, неге көрсетпейді? Көрсетіп, аузын жаппай ма жауларының?..

Шолохов ол қолжазбаларды көрсете алмайтын. Шолоховтың қолында ол қолжазбалар жоқ еді.

"Тынық Дон" романының қолжазбасы

Атақты жазушының өмір бойы бетіне шіркеу болып өткен жай бұл. Мұны оның әдеби ортадағы дұшпандары барынша пайдаланып бақты. Солардың бірі – Александр Солженицын. 1974 жылы И.Н. Медведева-Томашевскаяның «Стремя «Тихо­го Дона» деген атпен Парижде шыққан кітабына жазған алғы сөзінде ол былай дейді: «Кітаптың көркемдік қуаттылығы сон­дай, ондайға тәжірибелі шебердің талай рет қалам сілтеуінен кейін ғана қол жетеді – 1926 жылы басталған тамаша бірінші том редакцияға дайын күйінде 1927 жылы тапсырылған; арада бір жыл өткенде керемет екінші том да дайын болған; бір жылға да жетпейтін уақытта үшінші кітап та біткен; осынау таңғал­дырарлық қарқынды тек пролетарлық цензура ғана тоқтата алған. Сонда не бұл – теңдесі жоқ данышпан болғаны ма? Олай дейін десеңіз, мұнан кейінгі 45 жылдың ішінде бұл биіктік те, бұл қарқын да бірде-бір рет қайта танылған емес». Аты көп аталатын Крюковтың өзі жазған «теңдесі жоқ данышпан» ла­уазымына сүйреуге жарамайтынын білгендіктен де, Солже­ницын бұл шығарманы әзірге есімі белгісіз «дондық әдеби данышпан» тудырған деп санайды, әйтсе де оны Шолохов деуге қимайды. Негізінде, ондай мықты болса, мұнан кейін сондай шығарманы неге бермеді деу де жай сөз. Дантеден тек «Құдіретті комедия», Сервантестен тек «Дон Кихот», Грибоедовтен тек «Ақылдың азабы», Джойстан тек «Улисс», Прусттан тек «Жоғалған уақытты іздеу» қалғанын білеміз.

Парижде жарық көрген кітаптан кейін «антишолоховшылардың» жалы күдірейіп шыға келген. Медведева-Томашевскаяның долбарын тарихшы Рой Медведев Париж бен Лон­донда французша, ағылшынша шыққан «Загадки творческой биографии Михаила Шолохова» атты кітабында дабырайта түседі. Бұл екі кітап кезінде шетелдегі Г. Струве, М. Слоним, Г. Ермолаев сияқты танымал славистердің тарапынан ғылы­ми тұрғыдан сынға алынған, Шолохов романының барлық томдарына ортақ сипаттар жан-жақты дәлелденген. Соларды Совет Одағында жариялаудың өзі-ақ өсекшілердің жолын ке­сер еді. Алайда, Суслов бастаған идеология жетекшілері Шо­лоховқа жала жабушылармен күресуді өздеріне лайықсыз нәрсе деп тапты. Баяғы көрмеген, білмеген күйінде отыра бе­руді жөн санады. КПСС Орталық Комитетінің мәдениет бөлімі меңгерушісінің орынбасары А. Беляевтің кезінде «Культура» газетіне шыққан мақаласында мынандай жай айтылады. Кон­стантин Симонов Ленин кітапханасынан Крюков архивімен танысуға рұқсат алады. Таныса келіп, мынаны айтады: «Федор Крюковтың «Тынық Донның» авторы болуы мүмкін емес. Басқа тіл, басқа стиль, басқа ауқым. Бұл жөніндегі өсектер мен долбарларды тоқтату үшін бізде Ф. Крюковтың шығарма­ларын жарияласақ жақсы болар еді, сонда күдіктің бәрі сейі­ліп, «Тынық Донды» Крюков емес, тек Шолохов қана жаза алатыны көрінер еді». М. Суслов бұл тілекті бірден-ақ серпіп тастайды. «Ана кітаптар батыста шықты ғой, Симонов соларға сұхбат берсін» дейді. К. Симонов оған да келісіп, «Шпигель» журналында 1974 жылы «Мұндай кітапты ұрлай алмайсыз» деген тақырыппен сұхбат жариялайды.

«Көп ұзамай Мәскеу­ге М. Шолохов келді, – дейді А. Беляев, – ол К. Симоновтың «Шпигельдегі» сұхбатын естіген екен, танысып көргісі барын айтты. Мен сұхбаттың аудармасын оның пәтеріне алып келдім. Үйде М. Шолохов, Мария Петровна, қыздары Маша мен оның күйеуі болды. Мен сұхбаттың мәтінін дауыстап оқып бердім. Михаил Шолохов ұзақ уақыт үнсіз отырды. Сонан кейін мәтінді алды да, ойланып тұрып былай деді: «Мен де оны талай ренжі­тіп едім, ол да мені аямайтын. Жеке бастың өкпесінен биік тұра білген екен… Біздегі «Литературкада» Симонов мәтінін неге жарияламасқа? Иә, жариялаған теріс болмас еді».

М. Суслов бұған да көнбейді. Өсек пен жаланы көбейтіп таратудың түкке де керегі жоқ, совет адамдары Шолоховтың авторлығын дәлел­деуге мұқтаж емес, олар бұған күмән келтірмейді дейді бас идеолог. Ф. Кузнецовтің жазуынша, Шолоховтың билік орын­дарына өзін жаладан құтқаруды сұрауының басы да, аяғы да осы болған. Сонан өле-өлгенше ол өз атына тағылған осы ауыр айып жөнінде жұмған аузын ашпай кеткен. Өкіметке өкпемен өткен. 1946 жылы Жданов Сталиннің атынан Шолоховқа Со­вет Жазушылары одағының бас хатшысы болу жөнінде ұсыныс айтқанда: «Рахмет. Мынандай жағдайым бар. Үш сағаттан кейін Ростовқа пойыз жүретін еді, мен билет алып қойып едім» деп қырсыға жауап қайтаратыны – соның бір көрінісі.

Шолоховтың билікпен қырбай болуының себебі қаламгер­лік қайсарлығында ғана емес. Өкімет орындарының қырқын­шы, елуінші, алпысыншы жылдарда да Шолоховты жаладан арашалауға ұмтылмауының терең мәні бар. Қанша үгіттесе де, романын Григорий Мелеховті қызылдар жағына шығарып барып аяқтауға көнбеген жазушының революцияның шын мәнінде халықтық трагедия сипатын айқара ашқанын, өзінің ұлы таланты арқылы сол шындықты бүкіл әлемге жеткізгенін билік басындағы ақылды адамдар білді. Дәл сол ақылды адам­дар идеологияланған қоғамда, саясаттанған санада бәрі де тал­дауға, тиісті интерпретацияға тірелетінін түсінді. Сонан барып Шолохов шығармасының саясат сойылын соқпағанмен, ай­налып келгенде революцияны, ондағы халық ерлігін жақтай­тын трактовкасы жасалды. Обалы не керек, шебер жасалды. Оқырмандардың негізгі бөлігі «Тынық Донды» дәл солай қабыл алды да.

Шолохов романдағының көбін өз басынан кешкен, өз өзегі­нен өткерген. Жап-жас жігіттің 1920 жылы махношылар қо­лына түсіп, дарға асылуға сәл-ақ қалғаны (жауап алуды Нестор Махноның өзі жүргізіп, мұның жастығын ескеріп қана аман жі­берген) оның санасында сұмдық із тастағаны анық. 1922 жылы продразверстка кезінде «билікті асыра пайдаланғаны үшін» енді қызылдар тарапынан ревтрибуналдың шешімімен атыла жаздағаны тағы бар. Отызыншы жылдардағы ұжымдастыру ойраны кезінде Шолохов казачествоға талай рет ара түскен. Хаттары Сталиннің өз қолына жетіп отырған. 1933 жылғы Дондағы аштық азабы туралы жазған хатына орай Сталин Ве­шенская станицасына 200 пұт астық қалдыру жөнінде теле­грамма жолдаған. 1937 жылы НКВД камераларындағы адам айтқысыз аяусыздық жайын Сталинге хабарлап, жазалаушы органдардың қырына іліккен. 1938 жылғы күзде НКВД-ның Ростов басқармасы қамауға алғалы жатқан жерінен Мәскеуге қашып шығып, Фадеевтің көмегімен Сталиннің алдына жетіп, аман қалатыны – өз алдына бір хикая.

Біз енді дәл осы арада Шолохов қолжазбаларының жоғалу себебіне келеміз. 1928 жылғы комиссияның жұмысынан кейін бір жыл өткенде, 1929 жылы, Шолохов романның алғашқы екі кітабының қолжазбасын өзінің бала күнгі досы Василий Кудашевтың Мәскеудегі пәтеріне қалдырып кетеді. Осы ара­да мемлекеттік архивке неге тапсырмаған деген заңды сұрақ туындайтыны анық. Біздіңше, Шолохов билік орындарына сенбеген. Олар сенімді сақтаудың орнына жоғалтып жіберуден де тайынбайды деп санағанын «Қолжазбаны ешкімге көр­сетпеңіздер, ешкімге бермеңіздер, әсіресе ЦК қызметкерле­ріне» деп тапсырғанынан-ақ байқауға болады.

Қолжазбалар­ды Шолохов соғыс басталғанда да қайтарып алмаған. Мұның сырын Ф. Кузнецов былай түсіндіреді: «Шолохов қайда болса да ОГПУ-дың қырағы қадағалауымен өмір сүріп, жұмыс істеді. Кудашевтың пәтері, оның өз оппоненті А.И. Солженицынның сөзімен айтқанда, «Тынық Донның» қолжазбасын сақтаймын ба деп үміт еткен «захоронкасы» іспетті болды, ол оның тағдыры қандай қиын жағдайға түскенде де авторлығын сенім­ді көрсетіп тұруға тиісті еді».

Кейіннен соғыс басталғанда Ку­дашев майданнан әйеліне қайта-қайта хат жазып, Михаил мені бірер күнге Мәскеуге алдыртсын деген өтінішін айтады. Ол ті­лек Шолоховқа (жазушының өзі де майданда жүрді) жетпеді ме, жетсе, досының тілегін орындауға шамасы жетпеді ме, әй­теуір, Кудашевтың Мәскеуге бір келе алмаған күйі соғыста қаза тапқаны белгілі. Кудашев өз хаттарында Шолоховқа «Тынық Донның» қолжазбасын қайтарып бермек ойын бірнеше рет жазған. Соғыстан кейін жазушының өзі іздеу салған кезде Кудашевтың әйелі әуелде ондай қолжазбаны көрмегенін ай­тады, кейіннен қолжазба болса болған шығар, пәтерден пәтер­ге көшіп жүргенде жоғалтып алғанбыз ғой дегенге шығады… Бұл – Шолоховты есеңгіреткен ауыр соққы еді. Сонан кейінгі қырық жыл бойында ол «Тынық Донның» алғашқы екі кіта­бын да өзі жазғанын нақты дерекпен дәлелдей алмай-ақ кетті. Мұның өзі оның кейінгі жылдарда өнімді, сенімді еңбек етуіне де кедергі келтірді. Әсіресе, «Көтерілген тыңның» екінші кіта­бын саясат салқынына шалдыртып алғаны өзіне өте ауыр тиді. 2005 жылы «Комсомольская правда» газеті (5 қазан) «Как Шолохов боролся с цензурой» деген топтама жариялады. Сонда жазушының 1932 жылғы хатынан үзінді келтіріледі. «Редакция менен кулаксыздандыру туралы тарауларды алып тастауды талап етуде. Менің айтқанымның бәрін тойтарып жа­тыр» деп жазады Шолохов. «Отан үшін от кешкендер» романының аяқталмай қалу сыры да сонда ашылған. «Брежневке қолжазбамды жібердім… Сталин туралы жазылған бірнеше бет бар еді. Ақылдасқан артық болмас дегенмін. Бір апта күттім, бір ай күттім, үш ай күттім…» дейді жазушы. Сөйтіп жүргенде бір күні «Правдада» романнан үзінді шыға келеді, Брежневтің «редакторлық командасынан» біреу Шолоховтың мәтінін ит жұлған терідей етіп түзетіп шығыпты. «Таласуға дәрмен жоқ (заман-ай, «Дәуіріміздің атақты жазушысы Шолохов жолдас өзінің «Тынық Донында» бірқатар өрескел қателіктер жібер­ген, атымен қате мәліметтерге жол берген» дейтін Сталинмен тіресіп жүріп, айтқанынан қайтпаған Шолоховтың алпыс екі айлалы аппараттың алдында амалы құрығанын қарасаңыз­шы), романды жалғастыруда да мән қалған жоқ». Осыған қар­сылық ретінде жазушы романның жаңа тарауларын өртеп жі­берген. Өртеудің тағы бір өкінішін мақаланың соңына сақтап отырмыз, сабыр етіңіз.

"Тынық Дон" романының иллюстрациясы, Ю.П. Ребров

Ақыры Шолоховтың «Тынық Донның» авторы екендігіне күмән келтіру энциклопедиялық еңбектерге де енуге айналады. 1988 жылы Лондонда шыққан «Энциклопедический словарь русской литературы с 1917 года» атты кітапта: «С 1928 года по 1940 под именем (астын сызған біз – С.А.) Шолохова публико­вался роман в 4-х книгах «Тихий Дон» деп жазылған. Бұл енді ғасырдың әдеби мистификациясына айналып бара жатты. Сон­да Нобель сыйлығы шығарманың нақ авторына берілген бе өзі деген сауалдар да шыға бастайды. Не істеу керек? Кудашевтың әйелі болса «Қолжазба жоқ, соғыс кезінде жоғалтып алғанбыз» дегеннен басқаны айтпайды…

Сөйтіп жүргенде… 1984 жылы мәскеулік журналист Лев Колодныйдың әдебиет әлемінде сенсация жасаған материалы жарық көреді. Колодный «Тынық Донның» қолжазбалары та­былғанын, мәскеулік бір пәтерде аман-есен тұрғанын, бірақ қолжазба иелерінің келісімінсіз олардың аты-жөнін жария ете алмайтынын жазады. Қай жерде, кімнен көргенін айтпаған. Ол адам – Кудашевтың әйелі Матильда Емельяновна Чебанова болатын… Иә, осынша жыл бойы (жазушының өз қолжазбасын соғыстан кейін-ақ іздей бастағанын ескерсеңіз, кем қойғанда 40 жылдай) ол Шолоховқа өтірік айтып келген екен. Мұндағы мақсат не? Бір жағынан, күйеуін майданнан алдыртпады, сөй­тіп өліміне себепкер болды деген өкпесі де бар шығар. Екінші жағынан, уақыт өте келе ұлы жазушылардың (Шолоховтың көзі тірісінде-ақ классик атанғаны анық) тұтас кітаптық қол­жазбалары тұрмақ, бір беттік қағазының өзі қымбат бағаланып жататынын естіген соң ниеті бұзылып, сатудан пайда таппақ ойы да болған шығар. Ең бастысы – қолжазба бар, аман. Оның Шолохов қолымен жазылғаны да күмән туғызбайды.

Делдал қызметін атқарған Лев Колодный қолжазба иесінің қолдағы байлықты 500 мың АҚШ долларына бағалайтынын жеткізеді. Бұл екі арада Ресейде де қайта құру басталып, нарық қыспағы келіп жетеді. Біз сөз етіп отырған кітап ав­торы – Феликс Кузнецов директорлық ететін А.М. Горький атындағы Әлемдік әдебиет және өнер институтында қолжазба сатып алуға жарты миллион доллар қайдан табылсын?! Бұл бір қиын жағдай еді. Жағдайдың қиын болатыны – қолжазбаның Ресейден сыртқа шығарылып, батысқа сатылып кету қаупі туғандығы.

Енді бүгінде ол қауіп жоқ. Ресей президенті В.В. Путиннің тікелей араласуымен құн жетпес қолжазба Әлемдік әдебиет және өнер институтына сатып алдыртылған. Ф. Кузнецовтің кітабында Шолоховтың маржандай тізілген жазуымен қағазға түскен ұлы роман мәтінінің редакцияланған төрт нұсқасының талай беттік факсимилесі берілген. Соларды қарап отырып шынайы маржан туындылардың қандайлық қиналыспен дү­ниеге келетініне көзіңіз жетеді. Сөйлемдердің ішкі ырғағына, мәтін әуеніне, звукопиське қайран қаласыз. Қазақ тіліне со­нау 50-жылдарда, кәсіби тәржіме мектебі қалыптаспай тұрған шақта аударылған романның түпнұсқасындағы тіл құнары шынында да ғажап. Аксиньяның күйеуінен суынып, Григо­рийге маздаған сезімін қазақшадағыдай: «Әйелдің кешіккен махаббаты гүлдей шешек атпай, жол бойының шірік жусанындай өсіп, дами берді» (А.: Қазмемкөркемәдеббас, 1950. 54-бет) дей салмай, түпнұсқадағыдай: «Не лазоревым алым цветком, а собачьей бесилой, дурнопьяном придорожным цве­тет поздняя бабья любовь» деп жеткізудің жөні басқа, әрине.

Сонымен, о баста адам бойындағы қызғаныштың қызыл итін қоздатып, әдебиет дүниесін сексен жылдай бойы дүңкіл­деткен, жазушының жүрегін жаралап, жаны жалалы, көңілі қаралы күйінде жер қойнына кіргізіп тынған дау-дамай біржолата тыншыды. Ендігі жерде әлем әдебиетінің жауһар туындысы – «Тынық Дон» романын орыс жерінің ұлы қаламгері Михаил Александрович Шолохов жазғанына ешкімнің де күмән келтіруінің жөні жоқ. Аққа Құдай жақ.

Ал енді сөз соңында өзіміздің өзегімізді өртейтін өкінішке келейік. 2005 жылы «Русские писатели ХХ века» деген ғұмырбаяндық кітап шықты. Осы мақалаға деректер іздеп отырып, оған да қараған едік. Қарадық та, қайран қалдық. Мақала авторы Шолоховтың билікке күйінген бір сәттерінде отқа жағып жіберген қолжазбаларын айта келіп, «Такая же участь постигла и рукопись, повествующая о зверских мето­дах освоения казахстанской целины» деген мәлімет береді. Ал керек болса!

Тың игеру жылдарындағы қазақ жерінің ту-та­лақайын шығарып, қазақ елінің берекесін кетірген келең­сіздіктерді көрген екен-ау, сезген екен-ау, жаны ауырып, ақ қағазға жүрек жарасын жазған екен-ау ұлы қаламгер. Ол дүние аман қалғанда, жарық көргенде халықтар достығының лабора­ториясына айналдырылған даламыздың төсінде қандай катаклизмдер өткенін бүкіл адамзат сезінетін еді-ау, шіркін. Өр­телген қолжазбаның не екенін – болашақ романның сұлбасы, повесть әлде әңгіме екенін біз енді ешқашан біле алмаймыз. Біздің білетініміз – Шолоховтай классиктің дарқан жүрегінің пернелерін қазақ жерінің драмасы шертіп-шертіп өткендігі. Осының өзі дәтке қуат.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

филология ғылымдарының докторы

Бөлісу:

Көп оқылғандар