Жолдыбай Базаров. Қорқаулық қоршауы (соңы)

Бөлісу:

27.04.2020 6376

БАСЫ МЫНА ЖЕРДЕ

Көк аспанның бетін бүркеген сұрғылт перде – тұтасқан бұлт мәңгілікке мызғымастай орныққан. Жаңа ғана қылаулай бастаған періште қар үдей түсті. Үскірік аяз ұлпа қардан ұялғандай сәл айылын жыйды. Бұтақтары сыйдиған ағаштардың уілі көліктердің дарылдаған, гуілдеген дауыстарының арасынан құмығып естіледі. Жапалақтаған қар, ызыңдаған жел, сықырлауық аяз, сидиған бұтақтар, көпқабатты сұр үйлер, басы-көзін тұмшалап алған жаяу жүргіншілер, бәрі-бәрі бұйдасыз тіршіліктің бозарған-сазарған кейпін береді.

Дәл осы уақытта құрылысшылар жатақханасына тапаншаларын кезенген, пышақтарын жалаңдатқан еңгезердей-еңгезердей, сайдың тасындай іріктелген, түстері суық бір топ жігіт кіріп келіп, ойларына келгенін істеп, ылаң салып жатыр еді.

Жатақханадағы отызға жуық құрылысшы жігітті тапаншамен қорқытып, пышақпен сескентіп төменгі қабаттың дәлізіне қойша иірген Қарашаевтың жалдамалы басбұзарлары аш бөрідей жалаңдап тұр. Отты қарудың алдында жүндері жығылып, жасып қалған құрылысшылардың тізелері дірілдеп, көздері жыпылықтап, пешенелеріне жазылғанын күтпестен өзге лаждары қалмаған. Басбұзарлардың бірі Тоқтардың маңдайына тапаншасын тіреді де тізерлеп отыруға мәжбүр етті. Тағы екі-үшеуі Садық пен Бәйкенді, Қалжанды күрзі жұдырықтарымен соққылап, сілікпесін шығарды. Ә дегеннен ірі бастыларды ықтырып алып, содан кейін өзге жас жігіттерге шүйліккен басбұзарлар өздерінің жеңістеріне масаттанатындай. Тек, шеттеп тұрған Саржанға тиіспеді. Сірә, өз жақтасымыз деген болар.

Сәлден кейін дәліздегі қарбалас басылды да, іле баса-көктеп кіргендердің басшысы шығар, бойы сырықтай, иығы даладай кең, бұжыр бет, қалпағын қолына умаждай ұстаған, ұзын етек қара пальто киген ақсұр жігіт аяғын асықпай басып, есіктен енді. Бәрі де соған қарады. Ол үрпиісіп тұрған құрылысшыларды бір шолып өтті де өзінің жігіттеріне түсін суыта қарап:

– Жә, жарайды, қаруларыңды қалталарыңа, пышақтарыңды қындарына салыңдар, – деді де тізерлеп отырған Тоқтарға жақындады. – Бүгінгінің Исатайы осы ма? Сірә, Нұржау деген көсем сен боларсың?

– Жоқ, Нұржау емеспін, Тоқтармын.

– Орныңнан тұр... Естуім бар, әлгі көсемсымақтың жанына ерген сенімді сарбаздардың бірі екенсің ғой. Ол қайда?

– Білмеймін.

– Журналистерге мұңымды шағамын деп жортып жүргенін жасырғың келе ме? Мейлі, өзің біл. Сауықбек деген қайсысың? – деп айналасындағыларға алара қарап еді, ешкім үн қатпады. – Ол да Нұржау деген бүлікшінің шашбауын көтеріп кетті ме, жарайды делік. Басбұзарлардың басшысы еденге шырт-шырт еткізе түкірді де, өз орнында дымын ішіне тарта үнсіз отырған комендант әйелге көзіңді жоғалт дегендей ым қақты. Әншейінде ауыр қозғалатын Оля апай орнынан жеңіл көтеріліп, сыртқы есіктен асығыс шығып кетті.

Жаналғыштай жалаңдаған топтың басшысы Тоқтарға қарап:

– Қане, қалта телефоның арқылы көсемсымақтарыңмен хабарлас, алдап-сулап осында шақыр, – деді.

Тоқтар жасық дауыспен:

– Олардың телефондары істемей тұр, сірә, батарейкаларының қуаты таусылған болар, – деді.

– Жарайды, олармен кейін сөйлесе жатармыз. Қаңғып жүре тұрсын. Былай, менің атым – Тоқан. Мамандығым – кісі өлтіру, тонау, қырып-жою. Білдіңдер ме?.. Қазірден бастап жатақхананың коменданты мына алдарыңдағы Тоқан. Ал, коменданттың бұйрығы орындалуы тиіс, әйтпесе... Мен көп сөйлегенді ұнатпаймын, тек тоқ етерін айтамын. Бәрің мұқият тыңдаңдар, егер жандарыңды кеуделеріңде сақтап қалғыларың келсе, он минуттың ішінде заттарыңды жинап, мына жатақханадан табандарыңды жалтыратасыңдар. Қайтып көзіме көлбеңдеп біреуің түсер болсаңдар, жандарыңа сауға берілмейді. Он минут! Егер, осы он минуттан кейін біреуіңнің өкшең мына жатақхананың еденін тықылдатар болса, қара құсынан миын құйып алып, майға қуырып жеймін, – деді де қалтасынан тапаншасын шығарып, еденді кезей екі рет атты. Тапаншаның тарс еткен дауысы құрылысшы жігіттердің жүректерін дір еткізді. – Қане, берілген он минутта қимылдап қалыңдар.

Тоқанның бұйрығын талқылап жатуға шамалары жоқ құрылысшылар өз бөлмелерінен сөмкелерін алып, жатақхана есігінен таласы шығып, көзден ғайып болды. Тек, Саржан ғана орнынан қозғалмады.

Тоқан Саржанды өзіне шақырып, күректей қолымен алқымынан алды да:

– Сен осында қаласың, әлгі Нұржау-пыржау, Сауықбек-пауықбек осында келе қалса, хабар бересің. Әйтпесе, ақ қардың бетіне қаныңды шашыратып бауыздаймын. Содан кейін, әлгі көл-пал болып, аш-арықтарды асырап жүрген мырзасымақтардың дүкеніне өрт қоясың, түсінікті ме? Егер қашқақтап, бой жасырар болсаң, көрге кіріп кетсең де тауып алып, жоныңнан таспа тілем. Ұқтың ба? Ауылыңдағы бала-шағаңның тағдыры менің қолымда екенін ұмытпа.

Тоқанның қарулы қолы алқымынан босай қоймағандықтан Саржанның үні қинала шықты:

– Тү-сі-нік-ті.

Тоқан жүзін Саржанның бетіне тақап, көзіне көзін түйістіре:

– Нұржау деген пәлекетке Қарашаев тісін қайрап отыр. Оның қалайда сазайын тартқызып, сабауымыз керек. Сосын, Нұржаудың көгерген көзін, қан жуған бетін суретке түсіріп алып, Қарашаевқа көрсетеміз. Соған дейін бізге тыныштық жоқ, бала. Ал, менің шаш ал десе бас алатын қасиетімді білесің. Айтпақшы, өзің айтқандай, Нұржауға дем беріп, желік бітіріп жүрген Сауықбекті де зар еңіретуіміз керек. Оның жұдырығы тұмсығыңды сүйкегенін өзің де ұмытпаған шығарсың. Кегіңді ал. Сауықбектің атын естігенде Саржан тілін тістеп ала жаздады. Қай күнгі төбелесте Сауықбектен таяқ жегенін Қарашаевтың сотқарларына айтып қойғанына қатты өкінді.

Тоқан жігіттерін ертіп жатақханадан шығып кеткенде, азынаған үңгірдей ұсқынсыз жатақхананың ішінде Саржан жалғыз қалған еді. Өзінің мыналардан оңай құтылмасын білген әрі өз жолдастарының алдында сатқын ретінде көрінген Саржан ызадан жылап жіберді.

Құлақшындарын басып киіп, бір-біріне тіл қатпай үнсіз келе жатқан Нұржау мен Сауықбек жатақхана жете бергенде алдарынан ентігін баса алмай ырсылдаған Тоқтар мен Бәйкен шықты. Екеуінің де көздерінен үрей мен дегбірсіздік байқалады. Бәйкеннің оң жақ беті әлденеге қатты сырылған.

Тоқтар:

– Ойбай, жатақханаға бармаңдар, құрысын, онда қан-қасап қырғын жаңа аяқталды. Бәріміздің бөрі тиген отардай тоз-тозымыз шықты. Жоламаңдар, бұл арадан кетейік, тасалау жерге барайық, – деп, жігіттерді жақын тұрған бір үйдің ық жағына бастады.

Биік үйдің ығын паналап, өзара күбірлескен төрт жігітке қайда барарларын білмей, жатақхана маңында айналсоқтап жүрген Садық пен Қалжан да қосылды. Өзге жігіттер жөнін тапқан болар, көзге көріне қоймады.

Тоқтар:

– Түрлерінен адам шошиды, әсіресе, Тоқан дегенді нағыз жаналғыштың өзі дерсің. Енді не істейміз?

Нұржау:

– Олар әлі де жатақханада ма?

Қалжан:

– Білмейміз, жатақхана жаққа қарауға дәтіміз жетпей зыттық қой.

Нұржау:

– Түсінікті, баскесерлермен жағаласуға шама жоқ. Өстіп жүргенде бір-бірімізді «ой, бауырымдап» жоқтап қалмайық. Дұрысы, осы арада қоштасалық. Азды-көпті бірге жұмыс істедік, жақын бауырлардай араласып кеттік. Бір-бірімізге артық кеткен кезіміз болған емес... Бізге телеарнаң да, оппозиционерлер де көмектесе алмайтынына Сауықбек екеуміздің көзіміз жетіп қайтты. Ал, сот, полиция, прокуратура дегендеріңнен пайда жоқ екенін бәріңнің де іштерің сезеді. Қарашаевтың ешкімнен қауіптенбестен, заң-паңыңнан сескенбестен ашық түрде жатақханаға қылмыскерлерді жұмсап, білгендерін істеткенінен-ақ талай дүниені аңғаруға болар. Бізді адам санатына қоспады. Солай-ақ болсын. Қане, жігіттер тарасалық. Бәріміз де Алланың құзырындамыз. Пешенемізге жазылғаны осы шығар...

Қоштасу сәтінде жігіттердің жүзін мұң торлағандай. Бір-бірін қимай, аз-кем уақыт өткізді. Алайда, күштінің күрзісіне қарсы қауқар көрсетер шамалары жоқ, іштері қыз-қыз қайнаған, шарасыздықтан жан сарайларындағы буырқанған ашулары жай ғана қыжылға айналған, ақыларын алмақ түгілі жандарына сауға тілей қашып бара жатқандарына қорланған жігіттер жауған қардың астында қалқайып тұра бергеннен пайда жоқ екенін білді де, тарай бастады. Бірінші болып Садық пен Қалжан қоштасты. Осындағы жамағайындарының үйіне баратындарын айтқан Садық өзімен бірге Қалжанды ерте кетті. Бұлардан кейін Бәйкен де көшедегі жүргіншілердің арасына сіңіп, көзден таса болды.

Тоқтар:

– Бұдан артық қорлық жоқ шығар... Өз еліңде өгейдің күйін кешіп, адал ақыңды сұрағаның үшін маңдайыңа тапанша тіретіп...

Сауықбек:

– Жүрегім бір жамандықты сезеді. Торығып кеттім.

Нұржау:

– Қорланудың соңы торығу. Не тұрыс. Тарайық. Мен жатақханаға кіріп, киім-кешектерімді алайын.

Тоқтар жанұшыра:

– Ойбай, бармаңыз, жаныңыздан артық ештеңе жоқ. Киім-кешегі құрысын! Онда баскесерлер әлі отыр. Жаңа сіз екеуіңізді сұраған. Көздеріне түссеңіз көрге тықпай тынбайды. Қазір батыр болып тұрсыз, ал, маңдайыңызға отты қарудың ұңғысы тірелгенде өзді-өзіңізді жоғалтып аласыз.

Сауықбек:

– Менің де заттарым қалып еді, садақа, алмай-ақ қойдым.

Нұржау:

– Басыма тапанша түгілі зеңбірек тіресе де мейлі. Жатақханаға бір кіріп шықпай тынбаймын. Мені жатаққа арзымайтын дүние емес, намыс дауылы итермелеп тұр, – деп жүре беріп еді оның соңынан ойына не оралғаны белгісіз Сауықбек ілесті.

Тоқтар жалма-жан жүгіре басып екеуінің алдын кес-кестеп:

– Кері қайтыңыздар, өтінемін, бала-шағаларыңызды ойламайсыздар ма? – деді.

Нұржау:

– Соларды ойлағаннан кейін осылай сандалып жүрген жоқпыз ба?

Тоқтар:

– Сіздерді жатақханаға қарай аттап бастырмаймын. Бір сұмдықтың боларын сезіп тұрмын.

Нұржау түсін суыта:

– Сол сұмдықпен бетпе-бет келуден қаймықсам өмір бойы бойымда өкініш қалатындай, қане жолдан былай тұр.

Тоқтар:

– Өздеріңіз біліңіздер. Өкінесіздер.

Нұржау:

– Тоқтар, саған рахмет, көп рахмет. Сені де бала-шағаң, отбасың күтіп отыр, ауылыңа жетіп ал, сау бол, – деді де Сауықбекке қарап, – Сауықбек менімен ілеспей-ақ қой, шынында Қарашаевтың құрған торына арандап қаларсың.

Сауықбек:

– Не көрсемде сізбен бірге болайын. Тәуекел!

Нұржау:

– Жоқ, Тоқтардың жанында қал.

Сауықбек:

– Жалғыз өзіңізді ол жаққа жібере алмаймын. Сізбен бірге барамын.

Нұржау мен Сауықбекті алған беттерінен қайтара алмаған Тоқтар лажсыздан қош айтысты да желке тұсына жалтақ-жалтақ қарап, көше бойлай ұзап кетті. Оның қарға түскен ізінің бетін аспаннан құлаған жаңа қар әп-сәтте жауып тастап жатты.

Нұржау мен Сауықбек жатақханаға кіргенде жан баласын кезіктірмеді. Өлі тыныштық орнаған. Егер біреу-міреу тапанша кезей қалса, қаймықпай ұмтылып, құрығанда біреуінің алқымына алармын деп екпіндеп, өз ойымен арпалысып келе жатқан Нұржау танадай тыныштыққа тап болғанына таңғалды. Бұлар мұнда бұзақылардың бірі де қалмағанына көздерін жеткізген соң терең тыныстап, арқаларынан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалды. Екеуі екінші қабаттағы бөлмелеріне көтеріле бергенде әлдекімнің дәлізді дүрсілдете жүріп келе жатқанын сезе қойып, демдерін ішіне тарта бір ауық үнсіз қалды. Іле кім екенін білмек болып, екеуі де қайтадан төменге түсе бергенде қарсы алдарынан Саржан шықты.

Өңі жүдеу, шашы қобырап кеткен Саржан қарсы алдында тұрған Нұржауға тура қарауға дәті бармағандай, жүзін төмен сала тіл қатты:

– Сіздер естімедіңіздер ме?

Нұржау:

– Естідік. Олар қайда?

Саржан:

– Шығып кеткелі біраз болды. Маған сіз екеуіңіз келген кезде хабар бер деп тапсырып кетті. Айтқандарын орындамасам иттей қылып атып кететін түрі бар.

– Біздің жатақханаға келгенімізді жеткіз, телефон соқ.

– Олай істеуге дәтім жіберер емес. Олар мұздай қаруланған, жазым етуден тартынбайды.

– Қасарыспа, хабарла.

Нұржауға аңтарыла қараған Сауықбек:

– Мұныңыз не, заттарымызды алайық та көзімізді жоғалтайық. Әйтпесе...

Нұржау:

– Сауықбек, сен кете бер. Олармен жалғыз өзім айқасамын, өлсем өмірем қабайын, бүйтіп тірі жүргенше оқ тиіп омақаса құлағаным артық.

Сауықбек:

– Қызбаланбаңыз.

Саржан:

– Қарсыласқаннан пайда жоқ, екпіндері қара орманды жапырардай, сірә, Қарашаев қалталарын ақшаға толтырып, жігерлерін қайрап жіберген болар.

Саржан:

– Нұреке, сіздердің келгендеріңізді жасырғаным үшін мен-ақ жер жастанайын, тек бұл арадан кетіңіздерші.

Нұржау:

– Ешқайда кетпеймін. Ешкі құрлы маңырап өлсем арманым жоқ.

Сауықбек:

– Онда жігіттерді қайтадан жинап, әлгі басбұзарлармен төбелесейік. Күш біріктірсек жеңіле қоймаспыз.

Нұржау:

– Бұл ой ә дегеннен басыма келген, бірақ, олардың кеуделерін оққа тосқым келмеді... Әй, Саржан, шақыр жаңағы Тоқан деген батырды. Әуселесін көрейін. «Нұржау сендерге соғыс ашқалы жатыр» деп хабарла! Ауған соғысын, сексен алтыншы жылдың желтоқсанындағы қырғынды көрген Нұржауды тыртылдақ жаман тапаншамен қорқытып көрсін. Оларға да жан керек шығар.

Саржан:

– Айтпақшы, олар Тазагүл апай мен Қайырлы ағаға да тістерін қайрап жүр. Басбұзарлар олардың дүкендерін өртеп жібермек. Тазагүл апайдың қай күні бәрімізді үйіне шақырып қонақ еткені Қарашаевқа ұнамаса керек.

Нұржау:

– Қарашаев біздің Қайырлының үйінде қонақта болғанымызды кімнен естіген?

– Қарашаевтың комендант әйелді де жансыз етіп ұстап отырғанын айтып едім ғой.

Сауықбек:

– Ендеше, дүкеншіге хабар берейік.

Саржан:

– Әзір қоя тұралық, дүкенді өртеу маған тапсырылған. Тоқанның тілін алмасам мені құртады. Шиеттей бала-шағам жетім қала ма деп қорқамын, әйтпесе, бүйтіп олардың қолжаулығы болмас едім, – деді.

Нұржау:

– Тоқан қашан өрт қоятыныңды айтқан жоқ па?

– Жоқ. Тек, сіздерді қолға түсіргеннен кейін өрт қоятынымды айтты.

Нұржау:

– Сен Тоқанның тілін ала бер. Не бұйырса да орында. Дүкенге от тигіз де қаш. Біз дымын білдірмей өшіріп аламыз. Тоқан сені дүкенді өртеуге жұмсап тұрып, міндетті түрде соңыңнан аңдытады. Сол аңдыған адамның көзіне Тоқанның тапсырмасын орындаған болып көрін. Жарай ма?

Саржан:

– Жарайды.Тек құрығанда біреуіңіздің қалта телефондарыңыз қосулы болсын. Өйткені, өрт қояр кезден бұрынырақ хабарласуға мүмкіндік болуы керек.

Сауықбек:

– Тоқан ертесіне дүкеннің мұрты қисаймай тұрғанын көрсе, тағы да жыны қозып жүрмей ме?

Нұржау:

– Тазагүл мен Қайырлыға жөндеп түсіндіріп, дүкенді былайғы көзге өртенгендей етіп көрсетіп қоямыз.

Саржан:

– Келістік. Енді сіздер дүкеншінің үйін паналай тұрыңыздар, әйтпесе, қазір Тоқанның сотқарлары тағы да жетіп келіп, ту-талақайымызды шығарар.

Дәл осы кезде Саржанның телефоны шырылдай жөнелді.

Телефонмен қоңырау шалған Тоқан екенін бәрі де біле қойды. Саржан оған Нұржау мен Сауықбектің әлі жатаққа келмегенін жеткізді. Арғы жақтан Тоқан зор дауысымен: «Таң атқанша сонда күт, әлгілер келген заматта хабарла, ешқайда жоғалып кетпе» деп бұйыра сөйледі.

Нұржау:

– Іздегені біз болсақ, кездесерміз. Асықпасын. Тек, дүкенге төнген қауіптің бетін қайтарып, кінәсіз жандарға жасалмақ қастықтың қабағын жібітейік, – деді.

Саржан жатақхана сыртын бір айналып шығып, сол маңдағы үйлердің бұрыш-бұрышына көз жүгіртіп, ешкімнің сырттан бақылап тұрмағанына көзі жеткендей болып ішке кірді де Нұржау мен Сауықбекке киім-кешек салынған сөмкелерін көтерісіп, сол маңдағы Тазагүл мен Қайырлының үйіне қарай шығарып салып, кері қайтты.

Нұржау:

– Дүкеншінің үйіне бекер келе жатырмыз. Қарашаевтың иісшіл иттері екеуміздің дүкеншінің үйіне кіргенімізді байқап қалса, қырсықтың көкесі сонда болады. Оларға бізге ақжарма көңілдерімен ас-суын ұсынғаны үшін Қарашаевтың қаһарына ілігіп отырғаны аз емес. Тазагүл мен Қайырлының бізді паналатқанын Қарашаев естісе, оларды оңдырмайды.

Сауықбек:

– Олай болса, дүкенге қауіп төніп тұрғанын қас-қарая келіп айтармыз.

Нұржау:

– Кешке дейін әлі біраз уақыт бар. Аш құрсақ күйде аязды көшеде сандаламыз ба?

– Менің осында туысымның үйі бар, солардікіне баралық, кеудемізден итермес.

– Жоқ, сен өзің бара бер, мен Мәжиттің бала-шағасының хал-ақуалын білуім керек. Балдызым жолыма қарайлап отырған шығар... Дегенмен, енді қайтып кездеспей-ақ қоялық. Дүкеншіге жай-жапсарды өзім түсіндірермін. Өздері-ақ қорғанар. Сен қайтып келмей-ақ қой.

– Неге?

– Енді екеуміздің бірге жүруіміздің еш мәні жоқ. Осы арада қоштасалық. Тірі болсақ, кездесерміз. Ауылыңа қайт.

Сауықбек ойланып қалды да:

– Сөзіңіздің жаны бар, шынында ақымызды ала алмасымыз белгілі болды. Енді ауылға қайтудан өзге жол қалмағандай.

– Бәлкім, жаңа жұмыс іздерсің.

– Бала-шағамды сағындым, кетемін, ауылдан да нәпақа табылар.

– Өзің біл.

– Қаланы жақсы білмейсіз, адасып кетпеңіз. Телефонмен хабарласып тұрармыз. Ағамдай болып кетіп едіңіз, бір түрлі қимай тұрғаным.

– Ештеңе етпес, әлі де кездесерміз, қане, сау бол. Екеуі құшақ айқастыра құшақтасып қоштасты.

– Айтпақшы, телефоныңыздың батарейкасын қуаттандырып қойыңыз, әйтпесе, Санжар хабарласа алмай қалады.

– Жарайды.

Нұржау Мәжиттің бала-шағасы жайғасқан, осыдан төрт-бес күн бұрын өзі барып қайтқан қала шетіндегі саяжайды бетке алды. Жаяу жүргенге біршама ұзақ. Таңертеңнен бері жарытып нәр сызбаған құрсағы шымырлап ашиды. Аяғы да әбден талған.

Нұржау жатақхананың тұсынан өте бергенде соңынан Саржан қуып жетті.

– Тыныштық па?

– Тыныштық.

– Өңің түтігіңкі ғой.

– Жетісіп жүрмегенімнің нышаны да.

– Не айтайын дедің?

– Екі ортаға сөз тасып, итаршының күйін кешкен бейбақтан қайбір оңған сөз күтесіз...

– Өзіңді итаршымын деме. Сен нағыз жігітсің, Саржан. Жолдастарыңды сатқан жоқсың. Қарашаев пайдаланғысы келгенімен оған бой бермедің. Біздің ортақ жауымыздың ортасына кірген партизансың.

– Сіз солай ойлайсыз, ал басқалар ше?

– Келте ойлылар не дейтінінде шаруам жоқ, ал, көкірегі ояу, санасы сергектер сен туралы жаман көзқараста болмайды. Сенің орныңда басқа біреу болса, Қарашаевтың ол-пұлына қызығып, қолтығынан шықпай, сүмеңдеп, табанын жалар еді. Ал, сен берілмедің. Қарашаев пен оның мәнжубастарының арам пиғылдарын бізге адалдық үшін жеткізе білдің. Арыңды таза ұстау үшін харам дүниеге қызықпадың. Бұл адамдықтың белгісі.

– Дәмді сөзіңіз көңілімді көтеріп тастады ғой. Дегенмен, Қарашаевтың айналасындағы Мәжит секілді бұралқылармен бірге жуынды жалаған кездерімді ойласам өзімді сұмпайыдай сезінемін.

– Еһ, інім-ау, бәрін де бала-шағаңды асырау үшін істедің ғой. Қателік кеткен шығар. Өзінің жіберген кемшіліктеріне өкіне білген адамды жаман деуге болмас.

Нұржаудың сөзінен әсерленген Саржан жатақханаға бұрылды.

******

Қаладан оқшау, үркердей бөлініп оңаша орналасқан, омбы қарға қамалған, меңіреу тыныштыққа бөгіп мелшиген саяжайлар мекені иелері тастай қашқан ескі жұрт секілді. Қылтиған шошайма мұржалардан көкке қарай көлбей ұшқан түтін ғана мұндағы тіршіліктен нышан береді. Түтіні будақтаған мұржалар тым сирек. Сымдары сыпырылып алынған бағандарға қарап-ақ саяжайға электр жарығы бұйыра қоймағанын аңғарасыз. Кезінде болған, қазір жоқ. Әжептәуір аумақты алып жатқан саяжай қарыштап дамыған ғылым мен техниканың жетістіктерінен, өркениеттің игіліктерінен саналы түрде бас тартқан, әлдекімге өкпелеп, ақ көрпесін қымтай жамылып, бұйығы тіршілікті аттай қалаған өз алдына бөлек бір мемлекет тәрізді дерсің.

Кезінде қыс түсе есік-терезелері бекітіліп, тек көктем шыққанда ғана иелерін елжірей қарсы алатын бұл саяжайлар қазір қысы-жазы адамдар тұратын кәдімгі ауылға айналған. Өйткені, мұндағы саяжайлардың бір бөлігін қаладан үй алуға қаржысы жетпегендер құны қалтасына шақ келген соң сатып алса, екінші бөлігін иелері шаһардағы пәтер ақысына шыдамай, бала-шағасын жетектеп көше кезген кем-кетіктерге екі жаққа да қолайлы бағаға жалға беріп тастаған. Осылайша, кешегі саяжай кәдімгі іргелі ауыл болып шыға келген. Заңсыз пайда болған ауылға билік үндемеді. Баспана іздеп сабылған халқына қарасқаны ғой. Бірақ, кезінде желкесі қиылған электр сымдарын қалпына келтіріп, жарықты жалғап бермеді. «Мектеп, аурухана, бала-бақша дәл жандарындағы қалада жетіп-артылады, соны пайдаланар» деп кергіді. «Мінетін көліктері жоқ бұл кедейлерге жолдың керегі не, екі ортаны жалғап жатқан бұрынғы айқұш-ұйқыш сүрлеуді табандарымен таптап, өздері-ақ тегістеп алар» деп кекетті. «Сәті келгенде таза ауыз суды жеткізерміз, ал әзірге алты ай жазда жаңбырдың, алты ай қыста қардың суын жұта тұрар, іштері кеппес» деп тауып айтты. «Автобус қатынатып не керек, жол кіреге төлер ақшасы қалтасында қалады. Жаяу жүруге жаралған пенделердің аяқтарына қуат берсін» деп күлді.

Самаладай жарығы жамыраған қаланың жанындағы тұнжыраған саяжай-ауылдың тұрғындары өздерінің құрып алған қоғамдарына разы еді. Рұқсат сұрамастан биліктің алдын орап, айласын асырып, жұрт қатарлы жайғасып алғандарын ерлікке балап, онысын өзара жыр қылып айтып мәз. Қанағатшыл көңілмен осы жүрістері үшін «Аллаға мың мәрте шүкір» дейтін жуастар болмасты сұрап көк езу болғанша, ауызын буып үндемегенді жөн санап, мектеп, аурухана, жол, ауыз су, электр жарығы туралы жақ ашуды артық көреді. Егер биліктен қыңқылдап бірдеңе сұрағылары келсе, «саяжайды тұрғылықты мекенге заңсыз айналдырғанымызды бетімізге басар» деп үрейленіп, жан-жағына үрке қарап, үндерін өшіре қояды.

Дәл осы саяжай-ауылдың шығыс бетінде, шеткерірек орналасқан, қуықтай екі бөлмелі тамда Мәжиттің бала-шағасының дірдектеп отырғанына жиырма күннен асып қалды. Мәжит өзін заң орындары ары-бері сүйрелеп әурелей бастағанда, кешегі жарылқаушысы Қарашаев басына шұлық киген содырларын жұмсап, қорқытып-үркітіп, жайлы баспанасын тастап шығуға, дұрысы, заңды түрде беріп кетуге мәжбүр еткенде, астындағы жүйткіген көлігі өзгенің тақымында шапқылап кете барғанда, үміт артып келгенде мәңгіге ажырамастай көрінген сүйкімді тоқалы қабырғасы қызыл кірпішпен өрілген, ұрлап-жырлап тапқанын судай ағызып өзі салдырған үлкен коттеджінен қайтып оралмастай етіп қуып шыққанда ебін таба жасырынып, жандалбасалап бала-шағасымен осы саяжайға қашып келген-ді. Құдай Мәжитті де өлтірсін бе, ашық-шашық, қанша жерден от жақсаң да лүп еткен жылу тұрмас оймақтай екі бөлмелі саяжайдың қожайыны, сәті түсіп кездесе кеткен, өзін «крутой» Коля деп таныстырған орыс шалдың қолына қалтасындағы азды-көпті ақшасын құлдық ұра қыстырып, осы тұрақты жалға алған.

Әйелінің, үкілеген екі қызы мен ұлының алдында абыройы айрандай төгіліп, беделінің берекесі қашқан Мәжиттің қалтасы қағылғаны сонша, отбасына қаладағы көпқабатты үйлердің бірінен пәтер жалдап беруге де шамасы жетпеген. Күні кеше шілтиіп шіренген Мәжит әп-сәтте жалаңбұт, жалтақ көз жақыбайдың нақ өзі болып шыға келді. Өңіндегі жасаулы үй, жұмсақ төсек, жаюлы дастархан әп-сәтте елеске айналған. Өзі заң орындары немесе жанын алуға жаланып, пышақтарын қайрай бастаған Қарашаевтың жалдамалылары ұртында сөз тұрмайтын керауыздардың бірінен осында келіп жан сауғалағанымды естіп қалар деп, ізін жасырып, беті ауған жаққа сіңіп кеткен-ді. Мәжит үй-ішімен қоштасарда ботадай боздаған қос қызын, бір сұмдықтың өткір жүзі алқымға тірелгенін сезіп, танауын қорс-қорс тартып еңіреген ұлын қалай жұбатарын білмей, тоқал алып тойтаңдағалы өзіне тоңтеріс қарауынан танбаған, басына күн туғанын біліп тұрса да жанашырлықпен бір ауыз жылы сөз айтпай безерген әйеліне жалбақтай-жалбақтай әл-дәрмені құрып, жігері мұқалған Мәжит: «Бәрі де дұрысталады, осында сәл шыдай тұрыңдар, бұл жер қауіпсіз, ешкім тиіспейді, бірер күннен кейін өзім келіп алып кетемін» деп өтірік уәде беруден аса алмаған.

Мәжит балаларының жылауын кеше ғана кеудесін шалқақ ұстап, аяғын еріне басып жүретін, асқар таудай көрінетін әкелерінің өздерін бар салтанаттан, жайлы тұрмыстан ажыратып, ұсқынсыз, үңгірдей үңірейген суық та тар қапасқа тастап бара жатқанымен байланыстырған. Шын мәнінде шаңырақтарының бір сұмдықтың шеңгеліне арандағанын терең түсінген қос қыз бен жалғыз ұл асқар таудай көрінетін әкелерінің бір-ақ күнде бүгежіктеп, күбіжіктеп, әлдекімдерден қашып бара жатқан мүсәпір күйіне жандары ашып, аяп, «әкемізді енді қайтып көреміз бе, жоқ па?» дегендей күдікті ойдан жылаған еді. Балаң көңілдің нәзік пернелерінен шыққан сыңсыған үн тар бөлменің ішін кернеді, жүректі мұңға орады. Кемсеңдеп жылауларын сәл саябырсытқан қос қызы мен жалғыз ұлы Мәжитті бірінен соң бірі құшақтап жіберер емес. Мәжиттің көз алдына жас іркілді. Онысын балаларына байқатқысы келмегендей жүзін оңға, солға тайдырып әлектенді. Ешкім де тіл қатқан жоқ. Мәжит балаларының бетін қайта-қайта сүйіп, «кешіріңдер, кешіріңдер» деген сөзін сан мәрте қайталап сыртқа беттегенде әйелі де ере шықты. Балалар анасының бұйрығымен іште қалып қойды.

Балалардың әкелерімен қоштасу сәтіндегі қимастық сезім, жасқа шыланған жанарлар, шын пейілмен өбісулер, бәрі-бәрі Құралайдың күйеуіне деген өшпес өкпесін кейінге ысырып, кеуде қуысына жарық та жылы сәуле түсірген. Көзінен аққан жас құлдилай ағып иегін сулаған.

Мәжит пен Құралай аз-кем күбірлесті.

Құралай:

– Әкелік қамқорлығыңа рахмет... Әйтеуір, далаға тастап кетпедің.

Мәжит:

– Кекеткенің бе?

– Жоқ, шын сөзім... Баяғы Мәжит қайтып оралғандай. Көп өзгеріп кетіп едің...

– ...

– Біз осылайша тақырға отырдық па? Ең болмаса үйдің ішіндегі дүние-мүліктерімізді де ала алмаймыз ба?

– ...

– Ештеңеміз қалмады ғой...Мына жарығы, жылуы жоқ үңгірде балаларды үсітіп өлтіруден өзге жол жоқ па?

Мәжит анадай жердегі шағын сарайды нұсқап:

– Кеше саяжайдың қожайыны мына сарайда бір-екі аптаға жетерлік отын бар, соны жаға беріңдер деген.

– От жағатын пешінің болғанына қанағат.

– Амалдаңдар. Кешегі бабаларымыздың басына іс түскенде әйелдері итжеккенге дейін ілесіп барған. Осындайда маған деген көңіліңді жібітіп, бір сәт амандығымды тіле.

– Әлгі бабаларымыз ел-жұртына теңдік сұраймын деп қуғындалған, ал сен араныңды арам дүниемен бітеймін деумен бәлеге ұрынып қашып барасың.

– Сол арам дүниенің қызығын сен де көрдің ғой. Мыс-мыс ақша әкелген сайын елпеңдеп, құрақ ұшып, қуаныштан бал-бұл жанып шыға келетініңді ұмыттың ба?

– Дүниеге қызықпайтын періште емеспін. Ақылы қысқа әйелмін. Әбден таршылық көрген адамның жылт еткенді дүние көрер, мол ақша ұстаса ұпайы түгелденгендей жайнаң қағар әдеті емес пе? Иә, сенің әкелгендеріңнің қызығын көрдім, бірақ, оның артынан қара-шұбар жылан ысылдай еріп келе жатқанын аңғармадым.

– Жарайды, сөз таластырғаннан пайда жоқ.

– Енді қайда бармақсың? Тоқалыңның жұмсақ төсегіне барып, шәниіп жатасың ба?

– Тоқалдың есігі мен үшін жабық.

– Солай боларын білгенмін.

– Білсең неге алдын ала ескертпедің.

– Менің ескертпемді тыңдайтындай күйде жүрдің бе?

– Бүйтіп қояндай қашқанша әділ заңның алдында тізерлеп, шындығыңды айтып, сотталғаның жөн емес пе еді. Өстіп жүргеніңде біреу-міреу өлтіріп кетсе қайтеміз?

– Бізде әділ заң бар ма? Заң болса, мына мен сияқты жалаңаяқ ақымақтың ұрлап-жырлауына ә дегеннен жол берілмес еді ғой.

– Заң бар. Сенің барыңды сыпырып алып, айдап шыққан сол заң емес пе?

– Құралай-ау, қанша жыл кессе де әділ заңмен сотталудың өзі маған қол жетпес арман болып тұр ғой. Мен заңнан емес Қарашаев пен оның қарақшыларынан қашып барамын. Қарашаевқа менің заң алдында жауап бергенімнен гөрі өліп кеткенім қолайлы. Ол барлық былығын менімен бірге көрге көмілгенін қалайды. Егер заң алдында кәдімгідей жауап берер болсам, біраз сырдың беті ашылатынын, оны жабу үшін құзырлы орындардағы өз адамдарының алдында беделі түсіп, біршама кіріптар болатынын ойлаған Қарашаевтың қулығының төркіні тым тереңде. Ол өзінің қолбаласы болып жүрген бір-екі тергеушілермен қорқытып-үркітіп, біраз қағаздарға қол қойғызып, қозғалған қылмыстық істің басты кейіпкері етіп мені таңбалатып қойды да, енді келіп көзімді жоймақ. Мен өле кетсем, Қарашаевтың заң орындарындағы төбеттері өз қылмысын мойынымен көтеруден қаштыға балап, айыпкер өмірем қапты деп «Ғажайыптың» былығына нүкте қоймақ.

– Сен кеше полициядан қашып жүрмін деген жоқ па едің?

– Мені иектеген полициялар Қарашаевтың қолшоқпарлары. Полициялардың қолына түссем, бірден Қарашаевтың қарамағына өткізеді. Ал, Қарашаев маған білгенін істеуге дайын.

– Күні кеше құдайыңдай көрген Қарашаевың саған соншалықты неге өшікті?

– Оның маған өшігетіндей дәнеңесі де жоқ. Ол мені жай ғана құрбандыққа шалмақ.

– Бәсе, Қарашаевтың не үшін сені көтермелеп, астыңа көпшік қойғаны түсінікті болды. Ол сені құрбандыққа шалу үшін алдын ала бағып, семірткен екен. Іздеушісі жоқ жалғыз сорлыны тірідей іресемде ешкім қолымды қаға қоймас деген ғой.

Әңгіме үзіліп қалды. Екеуі де бір-біріне жанарларын тіктеп қарап еді, Мәжиттің көзі тайқып кетті. Енді ауыздары аққа жетіп, тұрмыстары түзеле бергенде жоқшылықтың зардабын бірге тартып, таршылықтың арбасын өзімен бірге сүйреп келген әйелінің көңіліне қара дақ түсіріп, қалтасына түскен тиын-тебеннің буына желігіп тоқал алып сайрандаған Мәжит Құралайға тура қарай алар емес. Әйелінің көзі өңменінен өтіп барады. Мәжит қатулана қалған Құралайдың қабағынан: «Алған тоқалың, шаң жуытпас нақсүйерің қайда, қане! Тапқан дүниеңнің барлығын тасыған, үлдемен-бүлдеге орап, өз балаларыңа қимаған ақшаңа даңғыраған үй салып берген тоқалың неге көмектеспейді! Саналары өсіп қалған балаларыңнан ұялмай, нәпсіңнің айтағымен Қарашаевтың тақымында жаншыла-жаншыла жарамай қалған, жәлептігін мақтаныш ететін, кімнің әйелі екенін өзі де білмейтін, бетінің безеуі мен қотыр-шотырын опа-далаппен жасырып, өзін ақ тотыдай таранған арудай көрсететін ұрғашысымақтың асты-үстіне түсіп жүріп, соның үстінен құс ұшырмаймын, маңдайына жел тигізбеймін деумен көбірек жымқырып қойып, ақырында жалаңаяқ, жалаңбас, жандалбасалай зытып бара жатқан түріңе болайын» деп табалап тұрғанын ұққандай.

Тоңтеріс қараған тағдырына Мәжиттің мойынұсынғанын дидарынан оқыған Құралай ауыр күрсінді. Айналасы төрт-бес аптаның ішінде күйеуінің салбыраған қарыны тартылып, жағы қушиып, баяғыда, дұрысы, алғаш ауылдан қалаға жұмыс іздеп келгендегі кейпіне қайта түскендей. Мәжиттің бойындағы күрт өзгеріс Құралайға оны қайта табыстырғандай еді. Келіншектің жүрегі елжіреп, тамағына өксік тығылды. Бір-ақ күнде иығы қушиып, еңсесі түскен ерін аяғаннан кеңсірігі ашыды. Мәжит жылауға шақ тұрған Құралайды құшағына алды.

– Кешірші, ақымағыңды кешірші!

– Кешірмей қайда барамын... Кетпеші, өлтірсе де жанымызда болшы.

– Тірі жүрсем көп ұзамай қайтып келемін. Біреулерде алашағым бар. Соны алуым керек, әйтпесе, күніміз қараң.

– Алашағыңның соңынан қуып әуре болмай-ақ қойсаң қайтеді. Бүлінгеннен бүлдіргі аламын деп бәлеге шатылғаның аз ба еді? Барлық жамандық сонымен кетсін. Ауылға тартып кетелік. Қараусыз қалған үйімізге қайта баралық.

– Мына күйімізбен ағайынның көзіне қалай көрінеміз? Жұрт табаламай ма, «Кешегі шалқыған Мәжиттің қаңғып келгенін қараңдар» деп бетін шымшып күлмей ме? Егер жаңағы қарыздарымды өндіріп алар болсам, әжептәуір әлденіп қаламыз. Сосын қысылмай тура ауылға тартамыз.

– Мына жерде аштан аш үсіп өлгеннен, не балаларды айықпас дертке шалдықтырып алғаннан ағайынның табасы, ауылдастың бетін шымшып күлгені әлдеқайда жеңіл, тіпті, маңдайдан сипағандай емес пе, Мәжит-ау.

– Сәл шыдаңдар.

– Шыдармыз-ау, бірақ, әй, қайдам... Жүрегім бір сұмдықты сезетіндей.

– Жамандық шақырма. Нұрекеңмен хабарлас. Жағдайды түсіндір. Бөтен емес, көз қырын салар. Олар да үш айлық еңбекақыларын ала алмай жүр. Қарашаев жалақыға төленуі тиіс қаржыны қалтасына салып алған. Қырсығып бермей отыр. Қарашаев енді құрылысшыларға ақыларыңды Мәжиттен даулаңдар деп ұстатпасы анық. Егер құрылысшылар жиналып бас көтерсе, қиын. Өйткені, Қарашаев «Ғажайыптың» төңірегінен шу шығармауға барын салады. Ол алдымен «еңбекақыларыңды ішіп-жеген мынау» деп нұсқап, құрылысшылардың алдына жауапкер ретінде тұрғызу үшін мені қалайда тауып алуға қолынан келгеннің бәрін істеуі мүмкін. Қарашаевтың қолына түссем, не өлтіртеді, не мойныма қарғыбау салып, иттей етіп жұмсайтын құлы етеді. Сондықтан, «Ғажайыптың» айналасындағы дау-дамай саябырсып, Қарашаевтың көңіл тыншығанша көзге түспеуім керек.

– Полицейлер бәрібір тауып алады ғой.

– Басқа қалаға кете тұрамын. Не істесем де тірі қалуым керек, өйткені, сені жесір, балаларымды жетім етпеймін. Құдай маңдайымды қырқып қоймаған шығар...

– Қарашаев бәрібір сені таппай тыншымайды. Ондай адамдар кекшіл, алған бетінен қайтпайтын болып келеді. Сонда, қашанға дейін іннен-інге тығылып жүрмекшісің?

– Көрерміз.

– Біздің қалтамызда ас-суға деген азғантай ғана ақша бар. Сонымен күнелте тұрармыз. Жарайды, жолың оңғарылсын.

– Көріскенше...

Мәжит ауладан шыға бергенде саяжай тамының ішінде, терезенің қырауын демімен ерітіп, қос алақанның аумағындай жерді тазартып алған балалар бастарын түйістіре әкесі мен шешесіне қарап тұрған. Әкелері ауладан шығуға ыңғайланғанын сезе қойып, сыртқа дауыстары естілмеседе қолдарын жамырай бұлғап, қош айтысты. Бағанағыдай емес, жұбанған. Әкелері ертең-ақ қайтып келетініне сенген. Дегенмен, үшеуінің кеуілдерінде әкелерін енді қайтып көрмеуіміз де мүмкін-ау дегендей күдік те әлсіз бой көтерген еді. Ал, бұл күдікке бойларындағы сенім ырық бере қоймаған.

Әке мен балалардың, ерлі-зайыптылардың осы қоштасу сәтіне қарашаның әлі қарауыта қоймаған бозғылт кеші ғана куә болды.

Сол сәтте екі қыз бен жалғыз ұл жағасын қаусырып, асығыс кетіп бара жатқан әкелерін соңғы рет көріп тұрғанын білген жоқ еді. Білсе... Ауладан шыға бере Мәжит бұрылып, есік алдында шарасыздық шекпенін киген әйелі мен қырауы дөңгелене аршылған терезеден бастарын түйістіре қолдарын бұлғаған балаларына күлімдеп, елжіреп, олардың бейнелерін көзіне суреттей басып алмақ болғандай сәл кідіріп, көзін алмай қарады. Бәлкім дәл сол кезде оған қан жылаған жүрегі әйелі мен балаларын ақырғы рет көріп тұрғанын сездірді ме екен, кім білсін? Әйтеуір, аз-кем аялдады. Иә, сездірген, бірақ, түйсігі үндемеген. Әйтпесе... Ал Құралай Мәжиттің енді қайта оралмасын сезді. Бірақ, бірдеңе деуге жағы ашылмай, серігін кері қайтармақ болып ентелей жүгірейін десе орнынан қозғала алмай, қаққан қазықтай қалшиды да қалды.

Қарашаның бозғылттанған кешіндегі осы көрініс саяжайда қалған төртеудің жанарында мәңгілікке жүректерін жылытар, сарғайтар ащы да тәтті елес болып қалатыны анық еді. Себебі, бұл елестен көз алдында кеңістікке сіңіп ғайып болған, қайта көрінбеген әкелерінің ең соңғы бейнесі көлеңдейтін. Иә, көлеңдейтін... Не өлі, не тірі екені белгісіз Мәжит сол кеткеннен қайтып мәңгілікке оралмаған.

Сұр аспаннан саулаған қар ымырт үйіріле сап тыйылған. Ауа тұнық. Түн бесігі тербелуге жақын.

******

Нұржау діттеген жеріне жеткенше үсті-үстіне жапқан қалың қарға омбылап сілікпесі шыққан. Осыдан төрт-бес күн бұрын балдызының телефон арқылы түсіндіргені бойынша Мәжиттің бала-шағасы орналасқан саяжайды қиындықсыз тауып алды. Аула тым-тырыс. Қырау құрсаулаған терезеден май шамның жарығы көмескі жылтырайды.

Құралай жездесін табалдырықтан аттар-аттамас құшақтай алды. Екі қызы – Танагүл мен Жайнагүл, ұлы – Сапар шешелерінің Нұржау көкелерінің құшағынан босауын күтіп, тұрған жерлерінде состия қалған...

Май шам жарығы тар бөлменің ішіне әжептәуір жарық беріп тұр. Есік жақ бұрыштағы оты басылған дөңгелек шағын темір пештен жылудың табы тарайды. Еденге төселген жұқа алашаның бетінде кешегі аста-төк дүниенің сарқыншағындай, айшықты белгісіндей қалың, ою-өрнекті, жаңа көрпешелер төселген. Нұржаудың бұл келісі үй ішіне жылылық әкелгендей. Бір-бірінен амандық-саулық сұрасып, жайнаңдап қалды.

Нұржау төрге шығып отырды. Құралай май шамның жарығын молайтыңқырады. Жүрейлей барып, қол созым жердегі пештің ішіне екі-үш келтек ағаш салды да, іле шәугімге су толтырып, отқа қойды. Пештің ішінде бұрынғы шоғы күшінде болуы керек, әлгі ағаштар сатырлай жанды.

Құралай бастапқыдағы емен-жарқындықтың шорт кесілгенін қаламағандай сампылдап сөйлеп жүр.

– Иә, жезде, мың ұйықтасақ та түсімізге кірмеген жағдай жағадан жармасты. Қардың суымен тамақ жібітіп, қатқан нанмен асқазан алдап, тар бөлменің ішін мың жасағыр қожайынның ағашымен амалдай жылытып отырмыз. Бәрінен де балаларға обал болды. Мектеп жайына қалды. Енді не боларын... Шалқыған байлықтың үстінен ауып түсіп, айдалада қайыр тілеп қаламыз деп кім ойлаған? Өзегім өртенгенде мына сақырлаған сары аяздың өтіне шығып ыстығымды басамын. Енді не істейміз, жезде, не істейміз? Бастапқыда дауысы жарқын-жарқын шыққан Құралай сөзінің соңына қарай шарасыздықтан кемсеңдеп көзінің жасын сықты.

Құралай мүлде өзгеріп кетіпті. Соңғы рет көргеніндей емес, екі иығы қушиып, толықсаған денесі еттен ажырағандықтан сылынып, бойы ұзара түскендей. Ойнақшып тұратын көзі шүңірейе ішіне кіріп кеткен. Өлеусірей жылтырайды. Солыңқы бетінен, тұлғасынан кешегі аста-төк, құнарлы ас-судан бірден ажырап, нәрсіз, дәмсіз қоректі көмейіне жүгіртуге мойынсұнған жанның азып-тоза бастаған кейпін аңғарасыз. Жо-жоқ, олай демеңіз, ол құнарсыз, жеткіліксіз ас-ауқаттан емес, соңғы төрт-бес жылдың көлемінде аспаннан аяғы салбырап түсіп, қойын-қонышын қуанышқа кенелткен молшылықтың көз алдында қолынан сусып кеткенін, кезерген еріні суланып, мүйіздене жарылған өкшесі жазылып, енді ыңғайлы тұрмысқа жеттім бе дегенде әп-сәтте суға түскен тауықтай сүмірейіп шыға келгенін, кезінде әбден еңіреткен, есін алған, енді етегіне жармаспастай көрінген кешегі жоқ-жұқаналықты өмірі алдынан шиқылдатып, қиқылдатып қайтадан есігін ашқанын ойлай-ойлай, санасы сансырап, жүрегі қыжылдап, берекесі қашқан-ды. Иә, оны ішкі әлеміндегі өкініш, күйік жалмап-жеп бара жатыр еді. Сондықтан да, Құралай қураған қурайдай күйге енген. Нұржау алғаш қалаға келген кезде балдызының ауыр қозғалатынын, маң-маң басатынын есіне түсірді. Онысына жатырқай қараған-ды. Қазір оның бірі де жоқ. Жеңіл қозғалып, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарағыштайды. Баяғыда, ауылда жүрген кездегі балдызын енді тапқандай.

Мәжиттің перзенттері де Нұржау қалаға алғаш келгенде көргенінен мүлде басқаша кейіпте еді. Әжептәуір есі кіріп қалған, не нәрсені болсын қапысыз сезе қоятын балаң көңілді, бірі жетінші, екіншісі алтыншы сыныпта оқитын Танагүл мен Жайнагүл үсік шалған гүл секілді, бейне бір сүзектен тұрғандай, өңдері құп-қу. Әжетханасы, жылы суы ішінде, төсегі салулы, жарық та таза, әр бөлмесіне жаңа үлгідегі теледидар, компьютер қойылған, қабырғаларын сәнді жиһаздар жапқан үйден бірден қол үзіп, мынадай ұсқынсыз, төбесінен шылау салбыраған, ыс сасыған үңгір-үйде тұруға мойынсұнғандарын жанарларынан ұғасың. Жазған балалардың қара нанды сылдыр шайға батырып жеген сайын талғап ішіп, дәмді тағамның шетінен түртіп жеп, тоқшылықтан ықылық атып жүрген кездерін сағынғаннан жүректері сазатыны күмәнсіз. Ешкімді жамандыққа қимайтын балаң көңілдері өздеріне таршылық пен жоқшылықтың қырық құрақ көрпесін қымтай жауып, жөнін тапқан әкелерінің басына түскен істің салмағы мен ызғарын жандарымен сезгендей аракідік ауыр күрсініп, терең демалып қояды. Сегіз жасар Сапар Нұржаудың тізесіне басын қойып, бүріскен күйде жатыр. Көзі жұмулы, ұйықтап кеткендей. Жо-жоқ, ұйықтамаған, жай ғана кірпігін жауып алып, әлденені көңіл көзімен түрткілеп әуре. Сапар бейне бір, күн сайын таңертеңнен кешке дейін байдың қозы-лағын бағамын деп әл-дәрмені құрыған, жарытып ас, тұшынып тағам ішпегендіктен сүйегінің арса-арсасы шыққан, әбден шалдыға құлап, жусанның түбіртегін жастық етіп бір сайда бүрісе ұйықтап жатқан жетім бала секілді. Жо-жоқ, екі беті бал-бұл жанып, көзінде от ойнап, екі әпкесіне қырғидай тиіп, әке-шешесіне еркелегенде ай-д-а келіп қиғылық салар Сапар бұрынғы әдеттерінен мүлде арылып, бір-ақ күнде мың жылға қартайып, белінен шойырыла бүк түсіп жатқан мыржым-тыржым шалға айналғандай. Байғұс бала! Бала... Бала дейміз-ау... Бәрін де біледі, нені болса да жүрегімен сезеді. Баланың бәрі дана. Бірақ, олар өскен сайын сырттай есі кіргендей болып көрінгенімен, бойларындағы даналықтарын шашып-төгіп, ақымақтыққа айырбастап тауысады. Балғын шақ пен алжыған шақтың ортасындағы ұзақ жолда адам байғұс не жоғалтпайды дейсің, бәрінен-бәрінен айырылып, абыройын аяқ асты етіп барып ғұмырын тамамдайды. Адам сол соқпақты ұзақ сапарда кепкен терісіне оралған қу сүйегінен өзге нені сақтап қала алады? Айтыңызшы, нені... Мына бала да өсер, пешенесіне жазылғанын көрер, бірақ, ештеңесін жоғалтпаса екен.

Май шамның сарғыш сәулесі Сапардың айғыздалған жүзін аймалайды... Нұржау баланы өзіне икемдеп, маңдайынан иіскеді. Сапар Нұржаудан пана іздегендей, жаутаңдай қарады.

Аз-кем үнсіздіктен кейін Нұржау:

– Мәжиттен хабар бар ма? – деді.

– Бұл жерден кеткелі айға жуықтады, сол аралықта телефонмен төрт-бес рет қана хабарласты.

– Оралатын түрі бар ма?

– Білмеймін, «шыдаңдар, шыдай тұрыңдар» деумен-ақ діңкәмізді құртты.

Нұржау балдызының, ойларында дәнеңе де жоқ мына жазықсыз балалардың кескін-келбетіне тағы да мүсіркей көз тастады. Аяушылығы ояна отырып, аз-кем ой сілеміне ерді. «Ей, қу дүние, адамды қалай-қалай өзгертесің?.. Жұмыр басты пендені бишігіңмен үйіріп безектетесің... шын бақытты өзіңнің қоқыр-соқырыңның арасынан іздетесің...пенделерді өзіңнің алдыңда көрсеқызарлығы, тойымсыздығы зыр жүгіртетінін, иіліп-бүгілдіретінін жақсы білесің, ә.

Ей, қу дүние, тоғышарлығы мен тойымсыздығы екі жақтан қыспақтаған мың-миллиардтаған құныс пейілді пенделердің алдыңда дірілдеп тұрғанынан ләззаттанып кергисің, керілесің.

Ей, қу дүние, мына пенделердің ажал аранына жұтылып бара жатып та сені ойлайтыны несі? Қандай сиқырың бар? Ей құрығы ұзын қу дүние, пенделерді басы жерге жеткенше жініктіріп жетектегеннен саған түсер пайда қайсы?

Ей, қу дүние, қадіріңді білмейтін, өзіңді дарақылықпен шашып-төгер даңғойлардың және ешкімге қайырымы жоқ, қалтасынан көк тиын шықса, жүрегі шаншып жүрелей құлайтын сараңдығы асқынғандардың етегіне оралып, бармағына жағылып қоймайтын, ал, бағаңды түсінетін, өзіңе қарай ентелеп, көздері қарауыта қарманып жүрген байғұстар мен қолын жоқтық байлаған жомарттарға шекеңнен қарайтын әділетсіздігіңді қашан доғарасың?

Ей, қу дүние, он екі де бір гүлі ашылмаған, сені жыға танымайтын, енді-енді бүр жарып келе жатқан жазықсыз мына балалардың бастарына жоқшылықтың темір құрсауын кигізетіндей неңді алып еді бұлар?.. Жауап бермейсің, үндемегенің қулығың ба? Немене, менің де айтарым бар дейсің бе? Сөйле, сенің де уәжіңді тыңдайық.

Ей, парықсыз пақыр пенделер, мені несіне жазғырып, кінәлайсыңдар? Өздеріңнің осал тұстарың – тоғышарлықтарыңды, мешкейліктеріңді, қанағатсыздықтарыңды есепке алмай, мені «ей қу дүние!..» деп жазғыра жамандайсыңдар. Өздерің емес пе, байысаңдар көздеріңнің алды шелденіп, көкіректерің күпініп, ал, кедейленсеңдер мүсәпір кейіпке еніп, қайыршыдай қалт-құлт ете құбылып шыға келетін.

Ей, парықсыз пақыр пенделер, мен ешкімге бишігімді үйіріп тұрып қоқыр-соқырдың ақтартқан жоқпын, алақ-жұлақ етіп тойымсыздық дертіне шалдыққан өздерің ғой «арқа еттерің арша, борбай еттерің борша» болғанша құныға тіміскіленіп жүрген.

Ей, парықсыз пақыр пенделер, мен біреуге «алдыма келіп иіл, бүгіл, тізереле» деген емеспін, ашкөздік ауруын жұқтырған, созылмалы дертке ұрынған өздерің ғой, құлдық ұрумен алдымды босатпайтын.

Ей, парықсыз пақыр пенделер, маған кергу де, керілу де жат. Тек, ебін тауып қолын жеткізе алмаған әрекетсіздерге кісімсінгендей көрінетін шығармын.

Ей, парықсыз пақыр пенделер, сендердің ажалдың айдауында кетіп бара жатып та мені ойлауларыңның себебін, ес біліп, етек жапқаннан о дүниеден гөрі бұл жалғандағы тіршіліктеріңнің көбірек уайым-қайғысын жеп, соның уын сіміре ішіп, дүниеқоңыздықтың дүмбілез жырын жүректеріңе әбден сіңіріп алғандарыңмен байланыстыру керек шығар.

Ей, парықсыз пақыр пенделер, менің ешқандай сиқырым жоқ. Тек көздеріңе түскенін меншіктеуге құмар ашкөз өздерің не болса соны мүкәмал көріп, соған арбалып, тұсалып қаласыңдар да, соны дүниенің сиқыры деп білесіңдер, ал шын мәнінде өздеріңнің пасық пиғылдарыңнан аса алмай, көкірек көздеріңді қарақойындықтың тұманы тұмшалап алғанын ұқпайсыңдар.

Ей, парықсыз пақыр пенделер, мен ешқашан сендерді жініктіріп, сүйегі салдырап көрге түскенше жетелеген жоқпын, көкірегі сырылдап, көздері қарауытып, тұмсығымен топырақ сүзе құлағанша соңымнан итше сүмеңдей еріп қалмайтын өздерің ғой.

Ей, парықсыз пақыр пенделер, маған әділетсізсің деп кінә артуларың орынсыз. Қу дүниеден қулық-сұмдық емес, әділеттілік күту ақымақтың ісі. Жә, жарайды, сендер айтқандай әділетсіз болуымның сырын ашайын. Қалтыраған сараңдар мен қадірімді білмес мақтаншақ даңғойларды көбірек төңіректеп, ал, өзіме құмарта ұмтылғандар мен жайсаңдығы жанын семірткен жомарттардың қолдарына түсе қоймайтынымнан әділетсіздікті емес, туралықты көре алмауларың көрсоқырлықтарың. Мол дүниесі бар, байлық басын айналдырып, көзін тұндырғандарды айналсоқтап шықпауым – ол сорлыларды жарылқағандығым емес, керісінше ұйыққа батырып, ұйқысын қашырып, өмірін өксіткенім. Жиған-тергенін кемітіп алмауды немесе дүниесін еселей түсуді ойлап, «шарадай басы шапшақтай болып» өмірін аяқтау кімге жақсы? Ажал жақындағанын сезген пенде өзіне бұйырмауға айналған дүниесін ойлағаннан іші өртеніп, күйіп-жанып, иығына бүтін шапан ілуге ақшасын қимай жинаған дүние-мүкәмалын өзінің өлгенін минуттап, сағаттап асыға күтіп отырғандардың әп-сәтте талан-таражға сала тартқылап, жұлым-жұлымын шығаратынын ойлағанда жүрегі лобып, жүйкесі жүндей түтілмейді дейсіз бе? Байлардың көбісі осылай қиналып көз жұмады. Бұдан асқан азап бар ма? Бұл деген – ғұмырыңды арнап, күн-түн демей зыр жүгіре тышқанша жинаған байлығыңның өзіңді тұншықтырып өлтіргені емес пе? Ал, ендеше кертіле-кертіле таусылып бітер қысқа өміріңде өлшеусіз өлермендікпен меншіктеген боқ дүниең ақырында өзіңді қарақұртша шағып, кенедей қаныңды сорып қинап өлтіретін болса, онда оны мойыныңды талдыра, арқаңды жауыр ете, борбайыңды болдырта жүріп жинаудың қажеті бар ма? Әрине, қажеті жоқ. Бірақ, дүниенің түптің-түбінде опа бермесін білгенімен соның құлы болудан баянсыз ләззат алатындар беттерінен қайтпайды. Міне, мен осындай қарақойындардың, тойымсыздар мен мақтаншақ даңғойлардың тұрлаусыз тіршілігін өксікпен аяқтату үшін соларға жақын жүремін, санасына сіңіп, жүрегіне орнығып алып, білгенімді істетемін. Сенбейсің бе, өзің біл! Адам дәті жетпейтін істерге барып дәулет құраған Қарашаев секілді қаншама қайырсыз қандыбалақтар, басбұзарлар күн сайын арғы дүниеге зар жылай аттанып жатыр. Қарашы, Қарашаевтың анабір бұғағы салбыраған сыңары есірген, өзінің харамнан жинаған дүниесіне итше таласып ырылдасқан екі ұлының күйігінен жүрегі қарс айырылып өліп барады, анау бір сорлы дүниеқоңыз есірткіге еліткен жалғызының түрмеге бір кіріп, бір шығып жүріп-ақ жиған ақшасын судай шашқанын, перзентін абақтының аранына түсірмеу үшін өзінің лақылдата төгіп бергеніне талай соттар мен прокурорлар, полицейлер зәулім-зәулім үйлер салып алғанын ойлай-ойлай жүдеп, жүйкесі тозғаннан есі ауысқан күйі жындыханада ажал алдында дәрменсіз күйде ыңырсиды, анау бір бейбақ көзі күлген, күйік болып жабысқан, қаржысын қаптап беріп алған қайқы төс, қыпша бел, қылықты тоқалын кім көрінгеннен қызғанамын деп-ақ қаны басына шауып, тілден айырылып, есі бір кіріп, бір шығып, көзін әрең ашады, мына бір пақыр молынан асаймын, көп қылғытамын деп ішкен-жегенін қорыта алмай дөңбекшиді, мына біреу банктерде мыс-мыс ақшасы, ондаған дүкені, дәріханасы, тойханасы, базары, бәрі-бәрі бар шіріген бай бола тұра жертөлелерде түнеп шығар қайыршылардың өзіне еркін бұйырар бір жұтым ауаға зар болып, қаныпезерлердің басына кигізген желім дорбасына тұншығып жан тәсілім етті. Ешқайсысының оңғаны жоқ. Бір ғажабы, пасық кеудесіне сасыған ниетін толтырып алып, қоңызша тоңқаңдаған тоғышар байлардың түн ұйқысы мың бөлінген азапты өмірін сезбей, керісінше оларға қызығы да қызғана қарайтын кедей-кепшіктерге таң қаламын.

Иә, рас, маған құштарлықпен қол созған талайларға жолай бермеймін, оларға жонымды сипатпаймын. Неге? Өйткені, ол жазғандарға күле қарасаң бітті, сол әлетте-ақ ісініп-кебініп, жуындыға құныққан иттей тісін ақситып, желкесін күжірейтіп, баяғысын ұмытып, кім көрінгенге арсылдап, ақырында тер сіңген ескі күпісін шешпеген күйде тойғанын білмей, көзі алара жарылып тынады. Сондықтан, мен әлгілерге осындай азапқа душар болмауы үшін, асқазандары жидіп, өз құсығына өзі тұншығып арам қатпауы үшін жақындамаймын. Бірақ, бұл жазғандар басы тасқа тимей қайтпайтын бекіре балық секілді қауіпке ұмтылуын қоймайды.

Ал, қолын жоқтық байлаған, тапқанын жұртпен бөлісуге құмар жомарттар мен жайсаңдарға илікпейсің деп кінәлауларың да орынсыз. Себебі, сол құрғырлардан біреу-міреу бар ма өзі? Кешегі Атымтай жомарттың жолын қуған ізбасарлары өзінің жазиралы даласында аштықтан бұратылып, Алтайдың асуында оққа ұшып, итжеккеннің ақ қар, көк мұзында үсіп өліп, тігерге тұяқ қалмай таусылған жоқ па? Солай, таусылып біткен. Жоқ! Жұртқа «егер мен бай болсам...» деп сарнайтындар шын мәнінде етіне шыр біткен күні жоқ-жұқаналар мен жетім-жесірлерге жеркене қарайтын қайырсыздар. Сендерге қолы ашық, мырза болып көрініп жүргендердің бәрі қулығын ішіне бүккен, табанының бүрі желінген, ішкі есебін түгелдеп, өзін қайырымды жан ретінде көрсетудің амалымен әуреленген талантты жемірлер, қазанның басында тұрып қаймағын қалқып алып, сүтін сіміре жұтып, қаспағын жуындыға төгуге қимай, амалсыздан жоқ-жітікке беріп, өзінің бұл әрекетін мырзалық пен жомарттықтың жарқын үлгісі етіп көрсетіп қалуды да ұмытпас дарынды қорқаулар.

Мына екі қыз бен ер балаға жоқшылықтың күлімсі ауасын жұтқызып, таршылықтың айдынына тайғанақтатып, беттерін берекесіздіктің лайымен айғыздаған мен емес, өздерінің алды-артын ойламаған оспадар, түбі жарымағандықтан көзіне түскенін көмейіне тыққан қорқау, ашкөздіктің шырқау биігіне көтеріліп, ақырында өкіре құлап түскен әкелерінің ақымақтығы, күйеуінің тасыған кәкір-шүкіріне, ұрлап-жырлап, қойын-қонышын толтыра әкелген ақшасына малданған, жалаңтөс шонжардың сары қарын бәйбішесіндей маңғазданған, обал-сауапты ұмытқан, осынау аста-төк дүниенің қайдан, қалай келіп жатқанымен ісі болмай, баяғысын жадынан өшіріп, мол дүниеге күйлеп, ішіп-жеу мен үстіне жапсыруды ғана білген шешелерінің қаперсіздігі. Бұл балалар әлі-ақ жетіледі. Несібесі алдынан шашылады. Тірі болсаң, көресің. Әкелерінің ұрлап-жырлап тапқан, жымқырып-қымқырып қалтасына басқан ақшасына сатып алынған арам аспен ағзаларын былғаған күнәсіз балалар осы ұсқынсыз, суық саяжайдан түлеп, бойларын тазартып, жеңілдеп шығады. Қазір миллиондаған әкелер мен шешелер әлсізді қанап, жоқ-жұқананы таптап, небір қулық-сұмдықты, ұрлық-қарлықты, аярлықты, алаяқтықты, қаныпезерлікті қару ете жүріп тапқан арам дүниесімен ұрпағын асыраудан арланбайтын болған. Осы миллиондаған әкелер мен шешелердің әйтеуір бала-шағамды ашықтырмасам, қатарынан қалдырмасам деп тырбана жүріп, ұрпағының ағзасын арам тағаммен улап қана қоймай, оның санасын күдікті, күпірлі, лайсаң жолға бағыттап, өзінің қанқұйлы жорығындағы «жеңісі мен жемісін» үлгі етіп, құрдымға бастағанын сезбейтін мисыздығына ызаланасың. Миллиондаған ұрпақ жамырай жарысып өсіп келеді. Бұлардың көбі әке-шешелерінің ұсынған арам асына ықылық ата тойып, семіріп алған. Обал-сауаптың не екенімен жұмысы жоқ. Айналасына кекірейіп, үстемдік таныта қарайды. Өмір сүру үшін күрес дегеніміз біреуді өлтіру, жазықсызды жазалау, адалды аздырып-тоздыру, қарсыласын тұзаққа түсіріп тыпырлату, қарапайым жандарға қылбұрау салып шыңғырту, күн көру үшін тайталасты не болса соны өңешінен өткізіп жұта беру, түн жамыла жол торуылдап тонау деп ұғатын қанша жеткіншектің алақан ысқылай кезегін күтіп отырғаны белгісіз. Ал, Жаратушы иеміз Мәжиттің бала-шағасының осындай содыр да сойқан топқа қосылмауын қалап, оларды бұрқасынды, лайсаңды, кір-қоқысты өмірден алып шығып, таза да тура жолға салғысы келген болар, бәлкім. Міне, солай. Мені «ей, қу дүние!» деп жазғырмай, бір мезгіл өздеріңе де есеп беріңдер».

Құралай шай құйды. Бұл отбасының осыдан аз ғана уақыт бұрын қазы-қарта, жал-жая, қолдың сары майы, тәттінің, дән-дәнектің неше түрі, майға баппен пісірілген сарғыш, қызғылт бауырсақ көміп тұратын дастарханына бір бөлке нан мен құмшекерден өзге ештеңе қойылмады. Таң атқалы сілекейінен өзге ештеңе жұтпаған Нұржау бір тілім нан жеді де дастарханға қайта қол созбады. Тек құрғақ шайды рахаттана сімірді. Шөлдеп қалыпты, көмейін жібітуге бес-алты кесе шай әрең жетті. Сапар қолындағы нанын құмшекерге батырып алып бұралақтата шайнайды. Өзгелері қимылсыз. Сәлден кейін Құралай ауыр күрсінді де:

– Ішіп-жеміміз осы. Әжемнің әдетіндей орамалға түйіп, сақтап жүрген азын-аулақ ақшамды әжетімізге жаратып, жақын маңдағы дүкеннен нан-панымызды алып тұрмыз. Ол да таусылуға таяу. Күніне бір рет қытай лапшасын талғажау етеміз.

Нұржау шайын сораптай ішіп:

– Бұл жерде отыра беруге болмайды. Суық тиіп немесе аштан бұратылып қиналасыңдар. Таң ата киім-кешектеріңді жинаңдар да ауылға қайтыңдар. Сапаржайдан автобустар ағылып жатыр. Бір күнге де кешікпеу керек, – деді.

Құралай:

– Мына түрімізбен бе?

– Түрлеріңнің несі бар? Ең бастысы бастарың аман. Ауылға барған соң біздің үйге түсесіңдер. Бес бөлмелі үй бәрімізге жетеді. Жездеңнің үйі саған жат емес. Алда-жалда бөлек тұрамыз десеңдер, бұрынғы тамдарың бар. Сол күйі тұр. Есік-терезесі бүтін, – деген Нұржау жан қалтасына қолын салды да шеті әбден мүжілген ақ парақтың ішінен әжептәуір ақша алып, оның жартасын балдызына ұсынды. – Менде де оңған қаржы жоқ. Үш ай күткен еңбекақымыз ақыры бұйырмайтын түрі бар. Мына ақшаны ауылдан шығарда әпкең қалтама салып берген, содан бері бір қысылғанда қажетіме жаратармын деп, аш құрсақ жүрсем де мұртын бұзбай сақтап жүргенмін, мұны ертең жол кірелеріңе төлейсіңдер.

Ақшаны алған Құралай:

– Ауылға баруға бетім шыдар емес...

– Ойбай-ау, енді осында қамалып отыра бермексіңдер ме, жетер енді..., балаларды ауылдағы мектепке орналастыру керек..., таңертең жолға қамданыңдар. Ертең сапаржайда жолығамыз.

Құралай:

– Немене, қонбайсыз ба?

–Менің бір шаруам бар, соны бітіруім керек. Сонымен, таңертең жолға шығасыңдар ғой.

– ?

– Неге үндемейсің? Мына балақайлардың қамын ойласаң, ауылға қайт. Бітті. Келістік пе? Әпкеңе алдын ала хабарлап қоямын, өзі күтіп алады.

– Жарайды. Таңертең сапаржайда кездесеміз.

– Енді жөнге келдің. Жарайды, менің кетуім керек. Айтпақшы, телефонымның тогы таусылып, ешкіммен сөйлесе алмай жүрмін, мұны қалай қуаттандырамыз? Өте қажет еді.

Құралай:

– Менікін ала тұрыңыз, тогы бар. Осындағы көршіміз жатар алдында бір ауық «движок» қосады, телефонымды соған қуаттандырып жүрмін.

Нұржау балалардың маңдайынан кезек-кезек иіскеді де Құралайға қарап:

– Мүжілмеңдер, жүнжімеңдер. Жан аман болғай. Алланың жазғанына мойынсұну, тағдырға иман келтіру адамдықтың белгісі. Ауылға жетіп алған соң бәрі де ұмыт болады. Ауыл өмірі сендерге жат емес, қалада туып-өскен жоқсыңдар. Үйреніп кетесіңдер. Онда ешкім көкіректеріңнен итермейді, қайта құрақ ұша қарсы алып, барын алдарыңа тосады, – деді.

Құралай жездесіне ілесе шықты.

Нұржау:

– Бірдеңе айтпақшысың ба?

– Иә... Мәжитті тоқалы өзі отырған коттедждің табалдырығынан да аттатпады. Ол құжат бойынша Қырмызы сайқалдың атында екен. Енді ол үй Мәжиттің бала-шағасына бұйырмасы анық. Айтайын дегенім, өзіңіз арнайы барып, Қырмызыға жолығып, бізге қандай көмек бере алатынын сұраңызшы. Бәлкім, жүрегі жібіп, кезінде Мәжиттің жиып-теріп қалтасына тықпыштаған теңге-пеңгесі болса, бөліп беріп қалар.

– Әй қайдам... Оған барып босқа әуре боламын-ау. Өйткені, Мәжиттің өзін жолатпаса, мені қайтсін?

– Сонда да болса, алдынан бір өтсеңіз артық болмас... өтінемін... менікі жандалбасалау ғой.

– Жарайды, тонымды сыпырып алып қалмас.

– Қырмызының үйін тауып бара аласыз ба?

– Иә, Мәжитпен ілесіп екі-үш рет барғанмын. Тауып аламын.

******

Балдызының телефонына өзінің «сим» картасын салған Нұржау шаршап отырса да дүкеншінің үйіне барып, төніп тұрған ықтимал қауіп жөнінде ескерту үшін амалсыздан қалаға кері қайтты. Омбы қар алға басқан аяғын кері серпігендей жүрісі өнер емес. Шыңылтыр аяз бет шымшылайды. Аспан бұлттан ажыраған. Жамыраған сансыз жұлдыздар төменге сазара қарайды. Қала шамдарының сары сәулесі қою түннің қойынын жылытып әрі нұрландыратындай.

Нұржау қаланың шетіне іліккенде сағат түнгі оннан асқан. Жүргіншілер сиреген. Қаптаған терезелерден жылусыз, мейірімсіз жарық жылмияды. Көше шамдарының сәулесі көктегі жұлдыздарды көмескілендіріп жіберген. Қайнаған тіршілік перделермен тұмшаланған терезелердің арғы жағына тығылған. Иесіз иттер қоқыс тастайтын жерлерді иіскелеп, түйіншектерді тырналап шашып, қарбалас тіршілігінің жуындысына тұмсығын аямай тыққан.

Нұржау соңғы үш айда өзі тұрған жатақхананың дәл қасынан өтті. Тіршілік белгісі білінбейді. Бейне бір бомба түскен немесе тұрғындары уланып қырылып қалған қасірет ордасы сынды.

Дүкеннің ішінде Қайырлы мен Тазагүлден өзге ешкім жоқ екен. Нұржау кіріп келгенде екеуі де өзара әңгімелерін тоқтата қойды. Әбден сілікпесі шыға шаршаған, айшылық алыс жолдан арып-ашып, жаяу-жалпылап жеткен жолаушыдай көрінер Нұржау дүкен иелерімен салқын амандасты. Комендант әйелдің асырып, әсірелеп айтуымен жатақханада болып өткен жайсыздыққа қанық Қайырлы мен Тазагүл түнделетіп жүрген Нұржауға сезіктеніп, үрпиісіп қарады.

Тазагүл:

– Тыныштық па, не сатып алайын деп едіңіз?

Нұржау:

– Ештеңе де. Тек сіздермен жолығуға келдім.

Қайырлы:

– Иә, айта беріңіз.

Нұржау Саржаннан естігенін түгел жеткізіп, сөзінің аяқтай бергенде Тазагүл:

– Қанды ауыз қақбас Қарашаев өзінен ақысын талап еткен құрылысшыларға, дәлірегі дұшпандарына болысып, үйімізге қонақ еткенімізді, берешектерін кешкенімізді жансыздары арқылы естігендіктен бізді қарауылына алған екен ғой. Одан жақсылық, кешірім күтуге болмайды. Мен білетін Қарашаев ештеңеден тайынбайды.

Нұржау Тазагүлге көз қиығын салып:

– Сіз Қарашаевты бұрыннан білесіз бе?

Тазагүл:

– Ойбай-ау, оны кім танымайды дейсің... Қарашаевтың қақпанына түспеген, қармағына қабылмаған, қанжығасына байланбаған, қарғыбауын мойнына кимеген, берген жуындысына шашалмаған қазақ жоқ шығар. Мына мен де соның ұйығына түсіп, өмірімді лайлағанмын.

Қайырлы:

– Жетер енді, доғар... Қарашаевтың ұйығына өз еркімізбен барып түскенбіз. Оның кінәсі жоқ.

– Жарайды, Қарашаев сенің ойыңша кінәсіз-ақ болсын, бірақ бәрібір оның себеп-салдарына қарамастан талай аналардың жатырының жұлым-жұлымын шығарған жендет екенін Құдай біледі.

Нұржау ерлі-зайыптылардың өз сөздеріне Қарашаевты қыстырып өзара жауаптасып кеткендеріне түсінбей қалды. Бірақ ол Тазагүлдің сөз саптауынан бұл ерлі-зайыптылардың Қарашаевқа кеткен есесі, ескі кегі бар екенін ұққандай болды...

Дүкенін қаскөйлердің өртегелі жатқанын естіп, іштей дегбірі қашып тұрса да онысын сезірмеген Тазагүл сол арада осыдан ондаған жылдар бұрын Қарашаевқа кеткен кегін қайтарғандай болып, оның өмір тарихының қаралы, қанқұйлы тұстарын жайып салғысы келген. Бірақ оны күйеуі бұл тақырыпта сөйлетпей қойды. Талай сыр Тазагүлдің ішінде қалғандай. Ол қандай құпия еді?..

Бүгінде шалқып-тасыған, бүкіл елдің жарты байлығын аяғымен басып отырған Қарашаев осыдан отыз шақты жыл бұрын түгі жоқ, қара суды үнемдеп жұтатын, бүйірі томпайып ас ішпеген, айлығы шайлығына жетпей ыңыршағы айналып жүретін қатардағы дәрігер болған. Кеңес одағы деген жабық әлемнің қабырғалары сетіней бастаған кезеңде осы Қарашаев дүр сілкініп шыға келеді. Аумалы-төкпелі шақ туып, жұрт әрі-сәрі күй кешіп сенделіп қалғанда ол заң орындарының қуаяқтарымен ауыз жаласа жүріп жаңа бір кәсіптің негізін қалайды. Кәсібі – өзі секілді аш-арық бірнеше дәрігерлердің басын құрап, жаза басқан, Алланың қаһарымен ісі жоқ ұзын етекті күнәһарларға түсік жасау. Әрине, тегін емес, қып-қызыл ақшаға. Бұлардың қызметіне жүгінер желөкпелер топ-тобымен келіп әлгі жертөледегі жезтырнақтардың қалтасын мыс-мыс ақшаға толтыратын. Солардың арасында бір мәрте Тазагүл де болған.

Заң әлсіреп, қоғамды түрлі дерт жайлаған, тіршіліктің кетеуі кеткен кезең орнай қалса, сол сәтте жалмауыздар мен албастылардың күні туып, желкелері күжірейіп, қызылкөзденіп, көбірек қымқырып, молырақ қамтып қалатыны бар емес пе. Сол секілді Қарашаевтың құрған тобы өңмеңдеп, өлермендікпен «кәсіптерін» гүлдендіреді. Көп қабатты үйлердің жертөлелерінде Қарашаев пен оның қасаптары өз еріктерімен түсік жасатушы жазғандардың жатырларына ғарасат майданын ашып, құрсақтарын көртышқанша кеміріп, жан біте бастаған ұйыған қанға жаудай тиіп, еліреді. «Әй дейтін ажа мен қой дейтін қожаның» аузын ақшамен жауып, еркін есіреді. Олар өз клиенттеріне адам ретінде емес, жай ғана ақша төлеуші міскін ретінде қарайтын, түсік жасатуының себебін сұрап, оның салдарынан туындайтын зардаптарды түсіндіріп жатпайтын. Тек, қалталарына ақша түссе болды, одан басқасында шаруалары жоқ. Қаладағы жасырын түсік жасайтын жертөлелердегі лас тіршіліктен, қан-жын сасыған қарбаластан қоғамның жеркенішті реңі мен сұрықсыз сипаты анық көрінетін. Кейбір заңдардың күнәлі, жантүршіктірерлік істерді өрістету үшін шығарылатыны осындайда анық білінеді екен.

Қасаптар мекені – жертөлелерден шығатын сасық иіс көк пен жердің арасын толтыратын. Адамдықтан аттауға ерік берер, имандылықты тұншықтыруға пәрмен берер заң көбейген заманда періштелер салтанат құруы тиіс мына шексіз кеңістікті қоламсадан өзге не жаулайды дейсің? Бір ғажабы, қолқаны атар осынау иісті адамдар мұрындарын бітеп алғандай сезе бермейді. Сол жеркенішті қоңырсық әлі күнге кеңістікті кернеп тұр. Бәлкім, Қарашаевтың жаңағы «кәсібін» меңгерген ізбасарлары жатырларға жаудай тиюін доғармаған шығар...

Осылайша, Қарашаев пен оның жемірлері ауқатты, бай, қалталы топтың қатарына қосылған. Кейіннен түсік жасатушылар мен жатыр қырнар жалмауыздарға заң одан сайын кеңшілік берген соң, құрсақ кемірген көртышқандар жертөлелерден шығып, өз істерін ашық жүргізе бастайды. Осы жеңілдік Қарашаевтың бәсекелестерін көбейтіп жібереді де, оған түсетін ақша кеміңкірейді. Бұл жайт асап қалған, араны ашылып кеткен Қарашаевқа ұнай қоймайды. Содан кәнігі Қарашаев құрсақ қырнап, жатыр буып тапқан мол қаржысымен күш алып, түлкі заманды тазыдай шалып, қай салада табыс мол, сонымен шұғылданып, байлықтың бишігін үйірген дөң айбатты дөкейге айналады. Міне, солай.

Иә, бір кездері нәлет жауғыр қара ниеттілер қазақтың кәлласын қырқып, жоқ етпек еді, бірақ, жүрегі тоқтамай, тамыры соққан денеге қайтадан әзіз бас өсті. Иықтан басымызды ажыратқанымен тұқымымыз тұздай құрымасына көздері жеткен кәззаптар жатырдан жаралап, құрсақты құрдымға жібермей түк өндірмесін біліп, әлгі Қарашаев сынды ашкөздер арқылы жауыздықтарын әлі күнге жалғастырып келеді.

Иә, дертті қоғамның, зарлы ортаның өнімі – жеңіл жүрістілер мен өзінің жаза басып, іші шермиюінен ұялғансып, жалған намыстың жетегіне еріп, жандалбасалағандардың, балабастылықты бақытсыздыққа балаған шолақ ойлылардың «сауабын» алып, ақшасын қалтасына басқан Қарашаевтың мойнында талайдың қаны бар еді. Адасқан көп тағдырды одан әрі тұңғиыққа батырған бұл зәлімнің күнәсінен күн ұялатын. Рас, Қарашаев пен оның жемтіктестері ешкімге қинап, мәжбүрлеп түсік жасатқан жоқ, бірақ, ол демікпе қоғамның дертін асқындыруға болысқан, күнәһарлықтан пайда тапқан құныкер болатын.

Ерлі-зайыптылар бір-бірімен сөзбен шарпысып қалғанан кейін дүкен іші бір сәтке тым-тырыс бола қалды.

Үнсіздікті бұзған Нұржау:

– Қарашаевтың жыры қашан аяқталар екен? Кімге жолықсаң да соның әләулайлымын айтады, – деді.

Тазагүл:

– Қарашаевтың, сол сияқтылардың жыры өлсең де бітпейді, ғасырдан ғасырға, дәуірден дәуірге жалғасады. Оны тыңдап, құлағыңызды сарсытқыңыз келмесе, құла түзге безіп кетіңіз. Әй, қайдам, ол жақта да жүгірген аң, ұшқан құс, тал-дарақ, шөп-шаламға дейін Қарашаевтың қаскөйлігін айтып тауыса алмас... Қаныпезерлік пен қараулық мылқауға тіл бітірмей қоймайды. Күштілерден, қорқаулардан жәбір көргендердің зары естілмейтін мекен жоқ, – деген Тазагүл әңгіме ауанын бұрды. – Енді не істейміз, дүкенді күндіз-түні қарауылдап отырамыз да.

Нұржау:

– Біз дүкенді өртеулеріне мүмкіндік беруіміз керек. Олар өрт қоя салып, өз беттерімен зып бергенде өшіріп ала қоямыз.

Тазагүл:

– Неге, өйтіп әуреленудің қажеті қанша?

– Осы хабарды жеткізген жігітке зиянымыз тиіп кетуі мүмкін. Егер дүкенді қазірден қарауылдасақ, Қарашаевтың сотқарлары өздерінің жымысқы ойларын алдын-ала біліп отырғанымызды сезіп қояды да, ішкі құпияларын бізге ашып берген әлгі жігіт екеніне шүбәланбайды. Содан арғысы белгілі...

Тазагүл:

– Ой-буу, мейлі, сөйтейік. Бірақ, мұндағы тауарлар лау етіп бірден жанып кететін заттар. Қойылған өртті өшіріп ала алмай, сорлап қалмайық.

Қайырлы:

– Әлгі байғұсқа зиянымыз тиіп кетпесе болды. Дүкеннің ішіне шелек-шелек су әкеліп қоямыз.

– Тазагүл:

– Полицияға хабарласақ қайтеді.

Нұржау:

– Онда бәрін бүлдіреміз.

Қайырлы:

– Полицияның өзі Қарашаевтың бордақылары емес пе?

Тазагүл:

– Иә, онысы бар. Демек, өзімізді өзіміз қорғаудан өзге жол жоқ. Қане, дайындалайық

Нұржау:

– Сәл сабыр сақталық, өйткені, дүкенге қашан өрт қойылатынын өзі хабарлайды. Дүкенді өртейтіндердің ішінде жаңағы жігіт те болады.

Бұлар өзара ақылдасып тұрғанда Нұржаудың қалта телефоны ызыңдап қоя берді. Үшеуі де демдерін іштеріне тарта қалысты.

Нұржау:

– Әләу, Саржансың ба?

Арғы жақтан Саржан:

– Нұреке, дүкенге тиіспейтін болдық.

– Қалайша? Мынауың жақсылықтың нышаны ғой.

– Қарашаев райынан қайтыпты. Құрылысшылар тарап кеткендіктен, енді жатақхананың маңында қандайда бір оқиғаның өрбігенін қаламайтын көрінеді. Осымен барлығы тәмам.

Саржанмен әңгімесін үзген Нұржау:

– Қауіптің беті қайтты, – деді.

Тазагүл:

– Қарашаевқа ес кірейін деген екен.

Қайырлы:

– Жатақхана маңына жұрттың назарын аударғысы келмеген қулығы ғой, әйтпесе, аяды дейсің бе?

Тазагүл мен Қайырлының үйіне қонып шыққан Нұржау балдызының айтуымен Мәжиттің тоқалы – Қырмызы тұрып жатқан коттеджді қиындықсыз тапты. У-шуы аз, ылғи сәнді де үлкен коттедждер орналасқан шағын ауданнан байлық пен сән-салтанаттың нышаны анық байқалады. Көлденең табысы мол немесе кәсібі дөңгелеген «тектілер» мекені Нұржауды тәкаппарлана қарсы алды. Нұржау аулаларын қоршаған дуалдары тым биік коттедждердің арасындағы бұрын Мәжиттікі болып келген, бірақ, қазір иесіне бұйырудан кеткен зәулім де көрікті үйдің қақпасына тірелді де қоңырауды басты.

Арғы жақтан: «Бұл кім?» деген қарлығыңқы үн естілді. Бұл қарлыққан үннің иесін Нұржау Мәжитпен бірге осында келгенде көргені бар. Үй-күйі жоқ, ас-ауқатын ажыратқанына мәз бір бейбақ. «Мен, Мәжиттің бажасы едім». «Қазір, хозяйкаға айтайын». Қарлығыңқы үн тағы да естілді: «Мәжит жоқ, мұнда тұрмайды» деді. Мұны естіген Нұржау: «Үйдің иесін шақыр, айтар сөзім бар. Мәжиттің мұнда емес екенін өзім де білемін» деді. Есік күзеткен байғұс аяғын сырп-сырп ете басып бара жатыр еді, кенеттен зәрлі, жылана шыққан дауыс құлақ тұндырды. «Осы адамдар қызық, есікке дамыл бермейді. Мәжит мұнда жоқ, сондықтан оның бажа-сажасына есік ашылмауы тиіс. Түсінікті ме?» Қырмызының дауысын естіген бетте Нұржау да дауысын зорайта: «Әй, Қырмызы, мен Мәжитке емес, өзіңе жолығуым керек. Мен Нұржаумын, сен мені танисың, қане есікті аштыр, көп емес, бір-екі ауыз сөз айтсам болды, кетемін», деді.

Есік ашылды. Қызыл халатының етегін шұбатқан Қырмызы Нұржауға бұйымтайыңды айта бер, бәрібір менен саған ешқандай пайда жоқ дегендей көзқараспен қарады. Кез келген адамды өзіне жалт қаратарлық реңі бар Қырмызы бұрынғыдан жасара түскендей. Сәл толыңқырапты. Бажасы осы үйге екі-үш рет ертіп келгенде құрақ ұшып қызмет көрсеткен, мол дастархан жайып, жылы-жұмсақтың неше түрлісін алдына тосып бәйек болған, жайдары көрінген Қырмызы бүгін мүлде басқаша. Оның күрт өзгеруінің сыры Нұржауға құпия емес, әрине. Қалталы Мәжит қайыршы, қашқын Мәжитке айналған соң Қырмызы оған тоқал болмасы белгілі ғой.

Әңгіменің төтесіне көшкен Нұржау ашуланыңқырап тұрса да жүзін жылытқансып:

– Мәжиттің бала-шағасы далада қалды. Ол саған бөтен емес, күйеуің, сондықтан оның балаларына сен де анасың. Нендей көмек көрсете аласың? – деді.

Қырмызы:

– Мәжитті күйеуім деп есептеген емеспін, мен үшін ол жай ғана еріккенде ермек етер көп еркектің бірі ғана.

Мұны естіген Нұржау айтарға сөз таппай қалды.

– Солай, қадірлі бажа. Мәжиттің бала-шағасында менің не шаруам бар? Бала-шағаларын өзі бақсын. Немене, Қырмызы қайырымдылық қорын ашты деп естідіңіз бе? Жұмыссыз, жесір қатыннан қандай жәрдем болсын? Миымды ашытпаңыздар. Онсыз да Мәжитті іздеген полицейлерден-ақ шаршадым.

– Мәжиттің арқасында шалқып өмір сүріп келдің, енді оның басына іс түскенде жалт бересің бе? Мына басыңдағы үйді, әулі-жайды Мәжит салған жоқ па еді, ұмыттың ба? Сен бұлайша бұра тартпа. Қазақтың бойына жараспас қылық көрсетпе...

– Қайдағы қазақты айтасыз? Мен қазаққа ұқсаймын ба?.. Түрі қазақ болғанымен іші басқа, ісі бөлектердің бірімін. Мен өзгерген қазақпын. Кешегі қонақжай, кеңпейіл, қайырымды қазағыңызды басқа жақтан іздеңіз... Сіз сөзіме мұқият құлақ түріңіз. Мына коттеджді Мәжит қай әкесінің ақшасына салдырып еді? Бұл үй менің жас өмірімді жарқабаққа ұрып быт-шытын шығарып, желегін енді жайып келе жатқан қыз ғұмырымды қыршынынан қиған, көңілі тартқан уақытта төсегіме тізесін қажап тұру үшін мені өлтірмей жүрген Қарашаевтың ақшасына салынған. Тоқ етерін айтсам, осы қасірет ұялаған қапас – сіздердің көздеріңізге жұмақтай көрінер мына үй маған тиесілі. Мен бұл үйді өміріме айырбастап алғанмын. Енді қайтып мені мазаламаңыз, – деді Қырмызы тістене сөйлеп.

Қырмызының сөзінде біршама шындық та бар еді. Шынында ол – өзгерген, дәлірегі жамандыққа қарай бет бұрған қазақ, жо-жоқ қазақсымақ еді. Мұндайларға қарап талайлар «енді қазақтан қайырым күту қиын», деп ойлауы әбден мүмкін. Өйткені, бір болымсыздың көргенсіздігін көрген жан көбіне арыға тереңдемей, бүкіл халыққа күйе жағып, ұлтымыздың деңгейі әлгі әумесермен шамалас деп ой түйетіні бар емес пе.

Осындайда бойында жақсылығы басым қазақты жамандыққа үйір еткен, аярлық пен арсыздықтың иіріміне тартқан нендей күш деп толғанасың. Толғанасың да бүгінгі қазақтың болмысындағы кеселді көресің. Жүрегінің дертті екенін сезесің. Бұл дауасыз, өзгеден жұққан ауру енді қайтып жазылмайтындай көрінеді. Өйткені, кезінде оның пәк жүрегіне құдайсыздардың қанжары сұғылған, әз басын оспадардың семсері кескен, ақжарма, ыстық көңілін қысастықтың ызғары үсіткен. Іші толған мұз. Ендеше, кеудесін қанжарға тілгізген, алқымын семсерге орғызған, кең де жылы құшағына қысқаны жылан болып шаққан қазақтың ішіндегі мұзды еріту мүмкін бе? Ал, енді осындай шер-шеменді ұлттан қайырым күту қисынға келе ме? Сенгені серттен тайып, соның кесірінен опық жеген қазақты бұрынғы пейілінен ажырап қалды деп айыптауға бола ма? Қазақылықты ортаға қыстырудан пайда жоқ. Себебі, құдайсыздардың қақпанына түспеу үшін басталып кеткен мәңгіліке бітпес тайталаста қазақы сыпайы да жұмсақ болмыс пайда бермейді, қайта орға жығады...

Қайдағы бір қыңсылаған, кімнің басыбайлы тоқалы екенін өзі де білмейтін, басындағы баспанасы үшін өзіндегі барын берген жалбыршашты кері кеткенді қазақ деп әспеттеген үшін Нұржау сол сәттерде өзін қатты жазғырды. Өзін көкірек көзі соқыр жандар қатарына қосқандай болды да іле: «Қырмызыны қазақ деп айтуға дәтім қалай барды? Оның қазаққа бір кездерде қатысы болғанымен, қазір «ұлты», «ұраны» басқа екенін енді ұққаным ба? Ол жезөкше деген «ұлттың» өкілі емес пе... Иә, мұндайлар өте көп. Құдайсыздық жайлағалы олардың саны күрт өскен. Олардың осыншама жылдам, қарқынды көбеюіне әлемді етегі далақтап еркін кезген құдайсыздықтың дертіне шалдыққан еркектердің қосып жатқан үлесі мол. Бұлардың арасында Мәжит, Қарашаев тәрізді «жампоздардың» «еңбегі орасан» екенін де ұмытпау керек», деп ойлады.

Иә, жезекшөлер «ұлты» әлі-ақ жарты әлемді жаулап алады. Қазірдің өзінде олар қаһарлы Шыңғыс ханның әскері жете алмаған құрлықтарды билеп-төстей бастады. Тіпті, мешіттер мен шіркеулерге де еркін кіріп шыға беретін болған. Өйткені, бұл жазғандардың маңдайына ешкім жезөкшеліктің таңбасын басып қоймаған. Оларда шекара жоқ. Тақуа молдалардан өзге еркек атаулының барлығы бұларға қылмыңдап, мейірлене қарайды. Әлі-ақ мына жұмыр жер жезөкшелердің екі бұтының ортасында дөңгелегенін көріп қалармыз. Көрерміз әлі. Ал әзірге жер-жаһан жезөкшелердің күлкісімен оянатын, олардың аһілеп-уһілеген дауысын естіп жатып маужырап ұйықтайтын кез басталды.

Бұл жезөкше дегендерің бүгінде батыр. Ешкімнен қаймықпайды. Сондықтан да, дауыстары ашық әрі қатты шығады. Олар «Жезөкшемін» деп айтудан қысылмақ түгілі, қайта онысына мақтанатын болған. Осындай күн туды. Баяғыдан қалған, төркінінде шындықтың ізі жатқан: «Елді Құтым билейді, Құтымды менің бұтым билейді» деген сөзбен мазмұндас «ұрандар», небір қасқабастардың жеңіл жүрістілермен қойындаса жатып жазған жезөкшелер құқығын қорғайтын заңдар жер шарының маңдайына жапсырылып қойылғалы арын сатқан кәззаптарға кеңінен жол ашылды.

Біз қазақтың кешегі ұяң, ұяты бетінде қызарған қаршадай қызының бүгінде қымсынбастан «мен жезөкшемін» деп жілпіне сөйлеп тұрғанына таңырқамайтын болдық. Әрине, оған таң қалатын ештеңесі жоқ. Бұл жеңілтектерді желпіндірер, қолпаштар ұрандар мен заңдардың жемісінің көрінісі.

Негізінде, нәзік сезімін тым ерте үсікке шалдырған, махаббат деген ұғымның тереңіне үңілу маңдайына жазылмаған, сол үшін іші күйіп, азаптанатын кейбір бейбақтар жезөкшелік лас өмірдің табалдырығын оңай аттайды. Сөйтіп, бойларыңдағы табиғи ұяңдық пен ар-намыс ұйыққа батып кете барады. Бірақ, оны жоқтамайды. Олар қоғамның, мына өмірдің алдында бетін ашып алып, арсыздықпен өз білгенін істейді. Абыройсыз болса да тірі жүргеніне мәз болады. Ал, арына дақ түсірмеу үшін өлімді қалайтындардың жолы басқа. Олардың ізімен жүруге екінің бірінде шама жоқ. Сондықтан да жер бетінде абыройсыздар мен жүрегін кір басқан екі аяқтылардың саны басым. Ал, қай жақ көп болса, солардың үні жарқын шығатыны, дәурені жүретіні, дегені орындалатыны түсінікті жайт. Ойы тапал, санасы сасықтар неғұрлым көбейген сайын мына әлем де ажарынан айырылып, кеңістікті күлімсі иіс жайлап, жердің бетінде жетесіздер мен жеркеніштілер ойнайтын қойылымдар тамашаланады. Солай...

Қырмызының тістене айтқан сөзіне қарай не дерін білмей қалған Нұржау үнсіз қалды. Осымен сөз тәмам дегендей Қырмызы кері бұрыла бергенде бойы теректей, кең иықты, бұжыр бетінің түгі өсіңкіреген, былғары күртешесінің түймелері ағытулы ақсұр жігіт аяғын талтаң-талтаң басып келіншектің қасына келді де:

– Әй, сұлуым, бағаналы бері кіммен шарпысып тұрсың? – деді дауысы гүжілдеп.

– Жай, мына Нұржау деген кісі Мәжиттің бала-шағасына көмектес деп жылу жинай келіпті.

Нұржау:

– «Жылу жинап жүр» деп кекетпе, сенің де осылайша қашанғы шалқитыныңды көрерміз.

Қырмызы:

– Сөз қағыстырып қайтеміз, сау болыңыз...

Әлгі бұжыр бет, ақсұр жігіт сөзге араласты.

– Тоқта, тоқта, Мәжиттің бажасы – Нұржау деген сен бе едің. Тұра тұр, мен сені итпен іздеп таба алмай жүрсем... Мұндай сәттілік болар ма? Алдыма өзі келіпті... Бағың бар екен, қай күні жатақханадағы серіктеріңді тоз-тозын шығарып қуып шыққан кезімде жолыққаныңда қазір жер басып жүрмес едің, –деді ол ызбарлана.

Нұржау:

– Иә, иә, мен де сенің кім екеніңді іштей сезіп тұрмын, әлгі тапаншасын шошаңдатқан Тоқан боларсың.

– Соның тап өзімін. Тапа-тал түсте, біреудің есігінің алдында бір-бірімізге едіреңдеспейік, одан да оңаша сөйлесейік.

– Жарайды.

Тоқан омырау түймелерін салып Нұржауға «соңымнан ілес» дегендей ишарат білдірді. Бұларды көше жиегінен Тоқанның атарман-шабармандары мінген шетелдік көлік ала жөнелді. Жүргізушінің жанына жайғасқан Тоқан артқы орындықта екі жігіттің ортасында қысылыңқырап отырған Нұржауға кекесінмен:

– Кеше қоян жүрек жігіттеріңнің жатақханадан қалай қашқанын тамашалап ішек-сілеміз қатып еді, енді бүгін өзіңнің еңірей тізерлегеніңді көретін болдық. Тірі қаламын деп ойлама, бізге сенің өміріңнен гөрі Қарашаевтың тапсырмасын орындау маңызды.

Бір ғажабы, қалталары тапаншаға, қойындары қан сасыған пышаққа толы төрт баскесердің ортасында келе жатса да Нұржаудың бойын үрей билей қоймады, керісінше кеудесін оларға деген ашу-ыза кернеді. Дегенмен, алғашқыда сәл қобалжыңқырап, тізесі дірілдеген. Онысын өзінің екі жағында отырған жігіттерге сездірмеді. Бірақ, Нұржау есін тез жинап, іштей: «Өзекті жанға бір өлім, қайдағы бір кезбелердің алдында қалтырап-дірілдеп, жаныма сауға сұрап, тірі жүргенше мерт болғаным олжа. Сексен алтының желтоқсанында төрт жігіт түгілі бір топ солдатпен қаймықпай арпалысқан, Ауғанстандағы жауып тұрған оқтың астында жаралы серіктерін жат қолына тастамай алып шыққан бұл Нұржау енді келіп көше бұзықтарынан қорықса не болғаны?» деп өзін қайрап қойды.

Бұлар мінген көлік жүйткіп келді де, жатақхананың алдына тоқтады. Жатақтың ішінде жалғыз Саржан бар екен. Ол көліктен түскен бесеудің ішіндегі Нұржауға қадала қарап қалды. «Қап, әттеген-ай, Нұрекең мыналардың қолына түсіп қалыпты ғой, енді олар аямайтын болды-ау».

Тоқан мен оның жігіттері Саржанды көзге де ілместен жанынан өте шықты. Нұржау да Саржанға көңіл аудармады...

Бұлар жатақхананың екінші қабатына көтеріліп, ондағы бөлмелердің біріне кірген бетте Тоқан әй-шай жоқ, сөзге келместен Нұржаудың өкпе тұсынан зіл-батпан жұдырығымен бар күшіне сала соғып жіберді. Ол Нұржауды осылайша ықтырып алуды көздеген. Екі бүктеліп отырып қалған Нұржаудың тыныс тарылып кетті. Зілдей соққыны ауырсынғаны сондай, тіл қатуға шамасы келмей, ыңырсыды. Тоқан бір тізерлеп отырған Нұржаудың маңдайынан алақанымен ақырын итеріп жіберді. Бұл шалқалай құлады.

Тоқан:

– Ей, батырсымақ, нағашыңның үйінде жатқан жоқсың, шәнимей тұр орныңнан, – деді ызбарлана. Оның сөзін естіуге шамасы жоқ Нұржау аз-кем кідірістен кейін көзін ашып, ентіге дем ала бастады.

Тоқан:

– Тұр деймін саған, Қарашаевпен сөз қағыстырған ділмар неме, – деді де жанындағы жігіттерінің біріне ым қағып еді, анау Нұржаудың бүйірінен аяғының ұшымен бір тепті де, шашынан тартып, Тоқанның алдына жүрелей отырғызды. – Сөйле, қане, тыныш жүрген жұртты алатайдай бүлдіріп, бүлікке бастаған көсемсымақ, Қарашаевпен салғыласқан «халық қаһарманы».

Нұржау есін жиды. Соққы тиген тұсы ащып барады. Басын көтеріп еді төбесінен төне ызғар шашқан, қабағы қатқылданған бұжыр бет Тоқанның жүзін көрді. Жанарлары түйісе кетті. Нұржау жасқанбады, қайта керісінше өзін аңқаусызда талдырып түсірген содырға ызасы келіп, ашуы қайнады. Бірақ, орнынан атып тұрып, салыса кетуге асықпады.

Бес-он секундтың өзін пайдасына асырып, осы аралықта тынысын ашып, бойына күшін жинап үлгерген Нұржау Тоқанға кекесінмен тіл қатты.

– Сені жігіт пе десем, мігіт екенсің ғой. Мықты болсаң, аңқаусызда жұдырық сілтейсің бе?..

Тоқан:

– Өй, мынау не дейді ей?..

Нұржау кенет орнынан лып ете көтерілді де:

– Күшті болсаң жекпе-жекке шық, – деді.

Екеуі бетпе-бет, тұмсық тіресе тұра қалысты.

– Ха-ха-ха. Сен жекпе-жекке шақырып тұрсың ба? Сорлы-ау, миың шашылып, қаңқаң қаусап қалатынымен жұмысың бар ма?

– Маған жаның ашымай-ақ қойсын, тайсақтамай, сөзге айналдырмай, былшылыңды доғар. Елуге келсем де сендейлердің екі-үшеуіне шамам келеді.

Ә дегеннен дірілдеп-қалтырап, жанына сауға сұрайды деп сеніп қалған Тоқан Нұржаудың зілді сөзінен сәл кібіртіктеп қалды да, онысын жанындағы бозөкпе жас жігіттерге сездіргісі келмей, жүзін құбылтып, бір жымиып, бір сұрланып:

– Сенімен күш сынасудан қашпаймын, бірақ, сен секілді бұралқымен төбелесуге арым жібермейді. Саған бола қолымды былғап жүремін бе? – деді де оқыс қимылдап, жұдырығын сілтеп қалып еді, Нұржау кері шегініп кетті. Тоқанның қолы ауаны қылыштай осып өтті.

– Жаңа ғана қолыңды былғаған жоқ па едің? – деді Нұржау.

Сол сәтте Тоқан алға бір қадам басып, тағы да тұмсықты көздей жұдырық жұмсап еді, Нұржау да басын оң жаққа тартып қалды. Іле Нұржау сол қолымен көз ілеспес шапшаңдықпен қарсыласының жағынан сарт еткізді. Өзге жігіттер Нұржауға жабыла кетпек еді, Тоқан оң қолын көтеріп, оларға орындарыңнан қыбырламаңдар дегендей белгі берді. Мұндай қарсылық күтпеген Тоқан қалтасынан тапаншасын суырып алып, еденге қарата екі рет атты да, ілгері басып, отты қаруының ұңғысын Нұржаудың маңдайына тіреді.

Қарсыласқанды жұдырығымен жусатып, едіреңдегенді тапаншасымен жасқап үйреніп қалған, адамды бопсалаудың неше түрін меңгерген Тоқанды Нұржаудың қаймыға қоймағаны әжептәуір састырып тастаған.

– Темірден жаратылған біреу болмаса, оқтан қорықпайтын адам жоқ... Егер, қазір үш санағанша тізеңді еденге тигізбесең бұ дүниемен қоштаса бер.

– Қорқытқаның ба? Ат, неден тосыласың? Ақымақ, ата бер, қане, оқтаулы қаруың қолыңда, кімнен сескенесің? Үшке дейін санап әуре болма, бірден ат. Тоқанның тапанша ұстаған қолы аздап дірілдеді. Нұржау кірпік қақпастан қарсыласының көзіне тіке қарап тұра берді. Арбасу созыла түсті. Тоқан «Мынауың тапаншадан қаймықпайтын қандай бәле?» деп ойлады.

Нұржау ызбарлана:

– Нені күтіп тұрсың, қане ат. Әйтпесе, қаруыңды маған бер, сені мен жайратайын...

– Арғы дүниеге аттануға асықпа. Тіліңді кәлимаға келтіріп, иманыңды үйіріп ал, мұрсат берейін.

– «Кәлима», «иман» деп мәймөңкелемей-ақ қой, сенің мұндай қасиетті сөздерді айтуға қақың да жоқ... Анаңның ақ сүтінен қуат алған тәніңді шайтанның илеуіне берген сен секілді ұрда-жық әумесердің қолынан өлу маңдайға жазса, қайтемін, көнемін де. Ата бер.

Тоқан Нұржаудан көзін тайдырып әкетті. «Анаңның ақ сүті» деген бір ауыз сөз Тоқанның жүрегін дір еткізіп, тұла бойын шымырлатып жібергендей. Тапаншаның сабын қысып ұстап тұрған қолы сәл босаңсыды. Бірақ, қаруын кезенген күйде жанындағыларға бұрылып бір қарады да қайтадан кәріне мініп:

– Сәл күте тұр, бәрібір сені өлтіремін, әйтпесе, жағыма тиген оң қолыңды кесемін.

– Менің жанымды алатын сен емес, бір Алла, соны біліп қой. Бірақ, шайтан әскерлерінің Алламен жұмысы бола қоймас.

– Діни пәлсапаңмен басымды ауыртпа. Қазір өлесің... Жаның көкке ұшады. Сонда періштелерге менен сәлем айтарсың.

– Не деп сәлем жолдайсың?

– Жер бетіндегі артық адамдарды о дүниеге жөнелтемін деумен тер төгіп жүрген еңбекқор Тоқанға жұмақтан орын дайындай берсін де.

– Сен не, жұмақтан дәмелісің бе? Жо-жо, тозақтық екеніңе шүбәланба.

– Кімнің жұмаққа, кімнің тозаққа барарын Алла біледі.

– Иә, бәрін де Алла шешеді, бірақ, адамдар айналасындағыларға өзінің әрекеттерімен-ақ тозақтық не жұмақтық екенін сездіріп жүреді

– ?

– Кезі келгенде пенделердің кеудесіндегі жаны көкке ұшатынын, мәңгілік өмірін жалғайтынын, Құдайдың құзырына бас иетінін біле тұра Жаратқан ұнатпас лас іске шырмалып жүргеніңе таң қаламын.

– Жан бағу көбіне Алланы естен шығарып жіберетінін білмейсің бе?..

– Қарыныңды тезекке толтырамын деп жүріп Жаратқан иеңді ұмытсаң жетіскен екенсің... Саған бір сауал қояйын, мені не үшін өлтіргің келеді? Себебін айтшы. Менде кеткен кегің бар ма еді?

Тоқан:

– Саған кеткен ешқандай ақым да кегім де жоқ, танымаймын да, бірақ, Қарашаевтың бұйрығын орындау сенің өміріңнен маңызды.

– Қожайының мені өлтір деп емес, бопсала, қорқытып-үркіт деген шығар. Өйткені, ол мені оққа байла деп тапсырма берер болса, бағаналы бері сөзге келместен-ақ атып тастар едің ғой.

– Асықпа, ажалың таянып тұр.

– Мені ата алмайсың. Оны ә дегеннен-ақ білгенмін... Көп пенделердің кісі өлтіруге дәті жеткенімен оның салдары мен кейіннен жүйкесін жүндей түтер жауапкершілік азабынан қорқады. Сен де сондай пенделердің бірісің. Оны көзің айтып тұр. Қарашаевтың мүддесіне бола кісі қанын мойыныңа жүктегің келмейді, әрине. Солай... Әлде мен қателесіп тұрмын ба?

– Адамды ерегестірме. Әйтпесе...

– Атсаңшы енді. Мына жаныңдағы жігіттеріңнің алдындағы абыройыңды ойласаңшы... Өлтіремін дедің бе, ендеше айтқаныңды орында.

– Адам өлтіруді абыройлы іс деп ойлайсың ба? Абыроймен өмір сүргім келсе, Қарашаевтың қол астында әркімге шоқпар сілтеп жүрмес едім ғой.

Кенет Тоқан кезенген тапаншасын төмен түсіріп, серіктеріне бұрылды да:

– Шынымды айтсам, өмірімде бірінші рет маңдайына тірелген тапаншадан қорықпаған, сескенбеген, тіпті, кірпігін де қақпаған адамды кездестіріп тұрмын. Талайды көрдім, мынадай жанға алғаш кездесуім. Адалдық үшін айтайын, егер біреу маған мылтық кезесе қандай күй кешетінімді «былай» деп айта алмаймын. Бұл кісі екінің біріне бұйыра бермейтін ерлік жасап тұр. Ал, ерлік қашанда құрметтелуі тиіс. Сондықтан, мен райымнан қайттым, – деді де Нұржауға жақындады. – Бағаналы бері «сен», «сен» деп езеуреп едім, енді «сізге» көшейін. Әпербақан ініңізді кешіріңіз, қайда жүрсеңіз де аман болыңыз.

Тоқан жігіттерін ертіп өз жөнімен кетті. Бөлменің ортасында состиып тұрып қалған Нұржау қабағынан ызғар шашқан еңгезердей жігіттің маңдайына тіреген тапаншасынан қаймықпай, қалтырамай, еңсе түсірмегеніне өзі де қайран қалғандай. «Бойымдағы батырлық пен өжеттік өре түрегеліп, үргелектік пен үрейге ерік бермегені Алланың қолдағаны да... Тоқан санасында саңлауы, жүрегінде мейірімі бар жан екен. «Анаңның ақ сүті» дегенімде қатқыл қабағы жазылып, алғашқы екпіні басылып қалды ғой. Тірі жүрсе, тура жолға түсер. Жас кезінде жүрегінің көзі ашылмай, көңілінің айнасы тазаланбай қалған ғой, әйтпесе, бұзақылықты кәсіп ете ме?»

Нұржауға ара түсуге дәрмені жоқ, есік алдына жіпсіз байланған, өзін-өзі қанша қайрағанымен үрей мен қорқыныштың тікенекті шеңберінен аттап өтуге дәті жетпеген, зіңгіттей төрт жігіттің талауында қалған жанға болыса алмаған, өзегіне өрт түскендей күйіп-піскен Саржан Тоқандар шығып кетісімен жүгіре басып екінші қабатқа көтерілді. Бұл бөлмеге кіріп келгенде, Нұржау кереуетте шалқасынан түсіп, қос жанарын бір нүктеге қадаған күйі жатыр еді.

Ентігін баса қоймаған Саржан:

– Нұреке, есенсіз бе? – деп Нұржаудың үстіне төне тақалды.

Өлдіге санаған не қан-жоса болып сабалды деп есептеген адамының қаннен-қаперсіз шәниіп жатқанын көрген ол өз көзіне өзі сенбегендей Нұржаудың тұла бойын тінти қарап, тіпті, аяқ-қолын ұстап көріп, кемсеңдей сөйледі.

– Әйтеуір, аман-есен екенсіз ғой... Мені кешіріңіз... Сізге көмекке келе алмадым. Жігерімді жанып қанша әуреленсем де екінші қабатқа көтерілуге аяғым дірілдеп баспай қойды. Мұндай су жүрек болармын ба? Кешіріңіз, кешіріңіз... Қарулы топтың қаһарынан қорыққаным сондай, жерге сіңіре қағылған қазықтай орнымнан қозғала алмадым. Тек дұғамды сан мәрте қайталап, Алладан сіздің есендігіңізді сұраумен болдым.

Саржанның жанарынан үзіліп түсіп жатқан тамшылар Нұржаудың кеудесіне сіңіп, көңіл шарайнасын жуып кеткендей болды. Осы кезде Нұржау серпіле тұрып Саржанды құшағына алды да:

– Олардан мені Алла сақтады, әйтпесе, жаман ағаңның суық қаруын сумаңдатқан үш-төрт жігітке шамасы жетеді дейсің бе? Сені араша түспеді деп кінәламаймын. Мені жазым болудан сақтаған сенің тілеуің шығар. Ағаң үшін оқыған дұғаң Жаратушының құлағына жеткен ғой. Оған шүбә келтірме. Алла әрбір дұғаға жауап қайтарады. Сенің тілеуің жүрегіңді жарып шыққандықтан Жасаған ие пендесін жарылқайын, дұғасын қабыл етейін дегеніне күмәнің болмасын. Алладан менің амандығымды тілеп шырылдаған ақ пейіліңе өмір бойы қарыздармын, інім. Ал, сен өзіңді менің алдымда кінәлі санауыңды доғар.

Нұржаудың жылы сөзі Саржанның өңін нұрландырып жіберді. Еріндеріне үйірілген жымиыс жылжып келіп, бүкіл жүзіне жайылды. Қуаныш лебі ескенде жас шылаған қос жанары жайраңдап, солыңқы екі бетіне қан жүгірді. Маңдайын шимайлаған сызықтар сирегендей.

Сәлден кейін Саржан:

– Енді көп аялдамастан үйіңізге қайтыңыз. Әйтпесе, сотқарларға сенім жоқ. Тоқанның бүгінгі жұмсақтығын Қарашаев естісе, тағы бір әпербақанын жұмсап, әбігерге салып жүрер. Тоқан тым қатал жігіт емес... Оның орнына таласып жүрген әумесерлер көп, соның бірі осындайда Қарашаевтың көзіне түсіп қалуға тырысып, ойқастаса қиын. Менің естуімше, қай күні телефон арқылы айтқан сөздеріңіз Қарашаевтың қанын қарайтып, шайтанын түртіп, ішіне кек тұндырған көрінеді. Сондықтан, бұл қаладан жылыстап шығып кетіңіз. Ең бастысы – бас амандығы, – деді.

*****

Нұржау жатақханадан шыққанда бұлтсыз аспандағы жарқыраған күн төбеден ауып кеткен еді. Шыңылтыр, шымшымашыл, шымыр аяз күшіне енген.

Сөмкесін иығына асынған Нұржау қалалық автобустардың бірімен сапаржайға жетіп алуды көздеп, аялдамалардың біріне тақап қалғанда шеткерірек тұрған көп қабатты үйдің тасасынан алпамсадай үш жігіт асыға басып келді де мұны қоршап алды. Үшеуі де беттерін қара мойын орағышпен бүркеген, көздері ғана жылтырайды. Нұржау «Ей, сендерге не керек?» дегенше болған жоқ, немен ұрғаны белгісіз, қарақұсынан тиген ауыр соққыдан есінен тана етпеттей құлады. Қайта есін жинауға мұршасы келмеді...

Әлгі үшеу сұлқ түсіп құлаған Нұржауды екі бүктеп қара «Джиптің» ішіне тықты да ала жөнелді. Міндеттерін көз ілеспес жылдамдықпен атқарған содырлардың сойқанын ешкім байқап та үлгермеді...

******

Айдалада қар үстінде қанша жатқаны белгісіз Нұржау басын әрең көтерген. Айнала тас қараңғы. Жерге екі қолын тіреп орнынан тұрмақ болып еді қоспа тұсы зырқырап қоя берді. Қолының қақсағаны есін тез жинауға көмектескендей. Өзін қоршап алып соққыға жыққан үшеудің көлеңдеген бейнесі көз алдына тұра қалды. «Түсінікті...» Одан әрі ештеңе деген жоқ.

Орнынан тұруға тағы да талпынды. Басы айналып, көзі қарауытып, екі аяғын әзер басып бойын тіктеді. Алыстан қала шамдарын көрді. Алға қарай тәлтіректей екі-үш адым жасаған. Басы солқылдап, жүрегі лобыды. Телефонын іздегенмен таба алмады. «Бір жерде түсіп қалған болар». Аз-кем уақыттан кейін ол өзді-өзіне келіп, адымдай жүре бастады.

Денесінің ауырмайтын жері жоқ. Бүкіл еті езіліп, сүйегі қирап қалғандай. Нұржаудың бағына шыңылтыр аяз жуасыған. Аяғының ұшы ашыды. Қолдарының аздап үсігенін сезінді. Әйелі мен бала-шағасын ойлады. «Сендерді сағындым. Осыдан үйге жетсем, жандарыңнан бір адым ұзамаспын...».

Ол ұзақ ұйқыдан жаңа тұрған жандай меңзең қалпында қала шамдарын бетке алып алға жылжудан өзге ештеңе ойлаған жоқ. Жүре берді, жүре берді. Еті қызған Нұржау дене жарақатын соншалықты елей қоймады. Тек оң қолы шыдатпай барады.

Қала шамдары жақындай түсті. «Олар мені неге өлтіріп кетпеді екен? Айдалаға тірі тастап кетті... «Ертең соңымыздан шырақ алып түсіп, түбімізге жетер, кегін қуар» деп менен қауіптенбегені ғой. Менсінбегені, кісі санатына қоспағаны да. Бұл нағыз қорлық қой. Расында мен оларға не істей аламын? Осылай үнсіз, басымды салбыратып кете берем де. Әттең-ай, әттең-ай! Менің өлмегенім оларға уайым емес. Мені тірі қалдырғаны – дәрменсіздігімді бетіме басқаны».

Нұржау әрбір адымын ақырындап, абайлап басып келеді. Егер әлденеге сүріне қалса, бойын қайта тіктеп алуға күші жетпейтінін, жер сүзе құлайтынын сезеді. Ал, құлаған жерден қайта тұру Нұржау үшін азап еді. Есіне әр нәрсе түсе берді. «Бүгінгі келеңсіз оқиғаға ұқсас жайт бұрын да басымнан өткен тәрізді. Жүрегім сезеді. Құдай-ау, әлдекімдердің жабыла сабағаны, сөйтіп айдалаға, қала шетіне апарып тастағаны..., бәрі-бәрі бір-бірінен дәл аумай қалған. Иә, иә есіме түсті. Сол кезде де желтоқсан айы болатын. Иә, осыдан көптеген жылдар бұрынғы желтоқсанның орта шені тұғын. Жас едім...Алаңнан тықсырылып шыққан біздерді мұздай қаруланған, қолдарында күрегі, салаңдатқан резеңке таяғы бар сарбаздар қызыл жағалылармен қосыла көше-көшенің бойында сабап, ауыр керзі етіктерімен тепкілеп естен тандырған. Аласапыран сәтте мен бір топ серіктерімнен көз жазып қалғанмын. Бәріміз бытырай қашқанбыз. Бір қуысқа жасырынбақ болдым. Бірақ ізімнен қуалаған үш сарбаздың бірі желкемнен резеңкі таяғымен ұрып сұлатып түсірді. Олар етпеттей құлаған мені шалқалай жатқызды. Төбемнен төнген үшеудің бірі етігінің табанымын бетімді мыжғылап біраз тұрды да серіктеріне әлдене деп сөйлеп қарқылдап күлді. Тұруға дәрменім жоқ. Олар мені сәлден кейін тағы да тепкіге алды. Одан арғысын сезуден қалдым. Есімді жинағанымда біздерді – киімдері сыпырылып алынған, жалаң аяқ, жалаң бас отыз шақты қыз-жігітті жүк көлігінің қорабына тиеп алып әлдеқайда әкетіп бара жатыр еді. Басымызды көтеріп, қай жаққа бағыт алғанымызды шамалаудың өзіне батылдығымыз жетпеді. Жүк көлігінің қорабынан мойынымызды қылтитсақ қара құсымыздан әлдекім қойып қалатындай үрейленіп, бір-бірімізге жаутаңдай қараудан аса алмағанбыз. Бір кезде қала шетіндегі терең шұңқырға бейне бір күл-қоқыстай төкті де тастады. Шұңқырға төгілген біз ғана емес екенбіз, бір-біріне бастырылып ыңырсыған, жылап-сықтаған жандар көп. Кеудеден желтоқсанның ызғырығы, табаннан мұздай қар қарып барады. Шұңқырды айнала иттерін арпылдатқан сарбаздар жүріп алды. Бір жігіт шыдай алмай, шұңқырдың жарлауытынан жоғары қарай өрмелеп шыға беріп еді сарбаздардың бірі итін босатып жіберді. Адам талауға үйретілген, қарғыбаудан қажыған, шабалана-шабалана әбден қызынып алған ит иесінен тапсырма алысымен атылып келіп әлгі жігітті бас салды. Ара түсуге ұмтылмақ болып орнымнан тұра бергенімде басым айналып құлап түстім. Бірді-екілі жігіт иттің талауына түскен байғұсқа болыспақ болып еді оларды сарбаздар резеңке таяқтарымен соғып талдырып тастады. Әлгі шұңқырдан шықпақ болған жігіт те осал емес екен. Ол өзіне атылған итті алқымынан алып мытып-мытып жіберіп еді хайуанның қыңсылаған дауысы кеңістікті жаңғыртып жіберді. Осы кезде иесі жүгіріп келіп итін басатып алды да әлгі жігітті резеңке таяғымен аямай соққыға алды. Жігіттің жан тәсілім еткені анық еді. Оның жансыз денесі шұңқырдың жарлауытынан төменге сырғып түсті. Адам өмірін иттікінен төмен қоюға тәрбиеленген сарбаздар жауын жапырған батырлардай шіреніп тұрды. Байтақ елдің қорғаны деп мақтан көретін қызыл әскер сол кезде өз халқын қан қақсатқанда санамыз ұйқысынан оянып, ақиқаттың сәулесі жүрегімізге құйылғандай болды.

Сарбаздар кетісімен бұқпантайлап, бір-бірімізді сүйемелдеп жан сауғалай бастадық. Көк мұздан табанымызды, аяздан кеудемізді қорғауды ұмытып, тек шыбын жанымызды шүберекке түйіп алып түнделете маужыраған, ештеңе білмегендей, ешнәрсе сезбегендей моп-момақан күйде көрінетін қаланың шетіне іліктік... Шұңқырда талай жастың мүрдесі қалып қойды...

Сол кездегі мұң батпағына батқанымыз, торыққанымыз естен кете ме? Әрине, жоқ, ешқашан жүректен өшпейді. Бірақ, сондағы көрген қорлығым ел аман, жұрт тынышта қазақтың қаршадай балаларының қолынан таяқ жегенімнің, күреліп тасталынған қоқыстай күйге ендірген бүгінгі көрген азабымның жанында түк те емес-ау. Өйткені, осыдан көп жыл бұрын өткен әлгі оқиға бүкір пиғылды, бөтен ниетті, түрі-түсі, қаны-жаны бөгделердің ықпалымен өрілді. Ал, бүгін тап болған зорлық-зомбылығым өзіммен өзектес, қаны да, жаны да бір қаракөздерімнің қолымен жасалды. Яғни, өз қолыммен өзімді буындырдым. Мен тұщы етіме ащы таяқ тигеніне, тәніме түскен жарақатқа бола күйінбеймін, өз қандасымның тістегеніне, тырнақ батырғанына опынамын. Өзімізді өзіміз қырғанымыз аз ба еді? Қырылудан, қырқылудан кенде емес қазақ бірін-бірі аяласа іштері кебе ме? Өз бауырын өлтіруге, өз анасын өртеуге, өз әкесін оққа байлауға үйреткен заман келмеске кеткелі қашан. Бірақ, содан қалған жаман әдеттен әлі де арылмаппыз-ау. Сол кесірлі дағдының тамырын жұлып алып, күресінге тастар күн туар ма екен? Әй, қайдам, әлгі әдеттің тамырын жою маңдайымызға жазылмайтын шығар... Оң-солымызға қарамай, түп-төркініне бойламастан жазықсыз өлтірілген қазақты қылмыскер, өлтіргенді қаһарман санаудан арланбайтын арсыздар ат үстінде жүргенде ізгі ойлардың етегіне жармасу ессіздік болар..».

Нұржау қаланың шетіне әрең дегенде ілікті. Бұл ауыл емес, қала. Кез келген үйдің есігін батыл барып қаға алмайсың. Мұндағылар түн жарымда әлдекім есігін тарсылдатса, жау тигендей өре түрегеліп, арғы жақта тұрып алып жауап алатыны белгілі. Сауалына жауап берсең сену-сенбеуі екіталай.

Нұржау қаланың шетінде біршама уақыт жүріп қалды. Көшелер тас қараңғы. Алғашқыдай емес, басының солқылдауы тыйылған. Тек, мына оң қолы құрғыр шыдатпай барады.

Ол бір тар көшеге түсіп алды да ілгерілей берді. Аздан соң алдынан шамдары жарқыраған үлкен көше шықты. Көшеде көліктер өте сирек. Бірен-сараңы ғана ары-бері жүйткиді. Көліктердің бірін тоқтатпақ болып еді, бұған ешкім қайырла қоймады. Үсті-басы ауым-сауым, беті-қолын қан жуған кісіге кім жолайды дейсің? Не көп – көшеде қаңғыбас көп, соның бірі деп есептейді де. Бір кезде мұның жанына полиция көлігі тоқтады...

Өзіне дәрігерлік көмек керек екенін, одан басқа ешқандай талап-тілегі жоқтығын жік-жапар бола түсіндірген Нұржауды полицейлер өздері шақырған, көп күттірмей жетіп келген жедел-жәрдем көлігіне мінгізіп жіберді.

Жедел-жәрдем көлігімен жеткізілген Нұржауды кезекші дәрігер ауруханаға кедергісіз қабылдады. Бос орын тапшы екен. Кейбір науқастар дәлізге орналастырылған. Мұны да дәлізге жатқызды. Кезекші дәрігер бір-екі дәрі егіп, жарақаттарын тексерген болды. Бір кезде әлгі дәрігер өзімен бірге Нұржауға екі-үш әріптесін ерте келді. Бұлардың топырлап жүрісіне қарап бұл секем алып қалды. Олардың араларындағы жасамыстауы мұның денесін түгел тексеріп шықты да соңынан оң қолын қайта-қайта ұстап көріп, басын шайқай берді.

Әлгі дәрігер:

– Сізді өлімші етіп сабапты, тірі қалғаныңызға шүкір деңіз.

Нұржау:

– Шүкір.

– Мына оң қолыңыздың жағдайы қиын. Сүйектері күл-талқан болып сынған, еті әбден мыжылған әрі қатты үсіген. Білезіктен кесу керек. Әйтпесе, асқынып кетеді. Уақыт созып, ойланып жатар болсақ кешігеміз. Пайда бола бастаған ірің білегіңізге қарап өрлесе, шынтағыңыздан кесуге тура келеді. Сондықтан... Жағдайыңыздан үй-ішіңіз хабардар ма?

– Мен дәрігер емеспін, өздеріңіз не десеңіздер соған келісемін... Отбасыма хабар берудің қажеті жоқ. Шолақ қолмен бір-ақ барып көрінейін...

Нұржау дәрігерлердің көмегімен Саржанмен хабарласқан. Оның телефон нөмірін керек болып қалар деп, бір параққа жазып қойғаны мұндай жақсы болар ма?.. Мән-жайға қаныққан ол жалма-жан жетіп келді. Нұржау «Ғажайыптың» қожайындары кімдер екенін білесіздер ме? Олардың құрығы ұзын, қылышы өткір, аузы дуалы. Бекерге тіреспейік» деп Саржанның шырылдағаны есіне түсіп, оның бұл сөзін келте ұғым, кесірлі, кертартпа пікір деп санағаны үшін қатты ыңғайсызданды.

Нұржау қашан ауруханадан шыққанша Саржан күн құрғатпай хабар алып тұрды. Дәрігерлерге берілуі тиіс «сыйлықтан» бастап дәрі-дәрмек ақысына дейін Саржан төледі. «Кезінде өзіме жақын жүрген жігіттер емес, жылпос, ниеті бұзық, ойы бөтен қарсылас болып көрінген Саржанды қысылғанда қасымнан табылады деп ойлаппын ба?..»

Нұржаудың кеңсірігі ашыды. Терезені сықырлатқан желтоқсан желі үдей түсті. Дәрі-дәрмектің иісі сіңген бөлменің ішін зіл-батпан көңілсіздік жайлаған.

******

Меншігіндегі «Ғажайып» құрылыс компаниясының қаржылық дау-дамайын реттеп, қолымен жасаған жөнсіз істеріне жауап беру машақатынан оңай құтылып, барлық кінәні өлермендікпен өзгелерге аударып, үстіне қылау жұқтырмай, таза шыққан Қорғас Қарашаев бүгін үйінен ешқайда шыққан жоқ. Өзіне өзі дән риза. Бәрінен де еңбекақыларын талап еткен жарлы-жақыбайлардың үнін шығармай, тоз-тозын шығарғанына мәз. Тек, жұмысшылардың басын құрап, өзіне қарсы топ құрған белгісіз жігіттің телефонмен айтқандары жүйкесіне тиіп, ашуын келтірді демесеңіз, бәрі де орнында. Алайда, жүрегіне әлгі бейтаныс жігіттің шаншудай қадалған сөздері санасында қайта-қайта жаңғыра берді. Ол бұл мазасыздықтан тезірек құтылғысы келген. Мұның жолын табуға қинала қойған жоқ. Дереу атарман-шабарман жігіттеріне әлгіні әбден сабап, тізерлетіп, сабасына түсіруді тапсырды. Өзіне қарсы үн қатқанды осылайша тұқырту оның әдетінде бұрыннан бар дәстүрлі тәсіл болатын.

Түн ортасында жұмсалған жігіттер Қарашаев үшін жағымды жаңалық жеткізді. Бәрі ойдағыдай. Шабармандардың сөзіне қарағанда, әлгі байғұс еңіреп жылаған, тізерлеп жалынған, соңында итше тепкіленіп айдаладағы күресінге тасталған. Мұны естіген Қарашаев жеңіл демалып, тынысы кеңейіп, маңдайының құрыс-тырысы жазылып, көңілі өсіп, бітіспес дұшпанынан өш алып, кек қайтарғандай, қалың жауды түре қуып шыққандай масаттанып, өзін жеңімпаз санап, бір жырғап қалған. Осылайша көңілі орнықты, ашуы тарқады. Енді алаңсыз ұйықтауға болады.

Әдетте, көрген түсіне қол сілтей салатын, табиғатынан ырым-тыйымды суқаны сүймейтін, Жаратқанның есімін өте сирек есіне алатын Қорғас Қарашаевты бүгінгі көрген түсі шындап ой тұңғиығына батырды. Таң қараңғысында жанын азаптаған қойыртпақты, үрейлі көріністерге толы түсі оңашаланып, жеке қалуына мәжбүр еткендей. Үйінен аттап шықпады. Қарамағындағыларға тиісті нұсқауды телефон арқылы берумен ғана шектелді. Асқа да тәбеті шаппады. Әлгі түстің нобайы көз алдына мәңгілікке өшпестей тұрып алған. «Бұл ненің нышанын білдіріп тұр? Соңы жақсылық болғай... Ғұмырымда дәл мұндайды көрмеппін. Әлдекімнің күректей қолымен екі ұртыма қан-жынды тықпалағанын, немеремнің жағамнан алып, бетіме түкіргенін, тұншықтырғанын, марқұм болған әйелім мен ұлымның бір-біріне қарама-қарсы отырып алып, зар еңіреп жылағанын неге жорысам екен?.. Құрысын, құрысын! Беті аулақ!..».

Қорғас Қарашаев жатын бөлмесінен шыға бергенде қарсы алдынан шетелде оқитын, үйіне келгелі үш-төрт күн болған немересі Елхан жолықты. Қорғас аққұба келген, ұзын бойлы, зіңгіттей жігіт болған немересін құшағына қысып, бір ауық тұрып қалды. Іле екеуі оңаша әңгімелескенді жөн көргендей, төргі бөлмеге енді.

Осыдан үш жыл бұрын қаза тапқан жалғыз ұлынан қалған немересін көргенде Қарашаевтың жаны жадырап қалды.

– Иә, сен келгелі жөндеп сөйлесе де алмадық. Оқуың қалай?

Елхан:

– Бәрі жақсы, ата.

– Біліп қой, екінің бірі Еуропаға барып оқи алмайды. Тек, мен секілді мықты аталардың немерелері ғана ол жақтың суын ішіп, ауасын жұта алады.

– Ата, өзіңізбен ақылдасатын шаруа болып тұрғаны.

– Ойпырмай, ол не шаруа екен? Айта бер. Сен Еуропаның демократиясымен сусындап өсіп келе жатқан жассың, қане, ойыңды ашық білдір. Қысылма. Заман сендердікі.

– Мен көптен бері ойлана келіп, оқуымды өз елімізде жалғастырсам деген тұжырымға келдім. Сіз бұған қалай қарайсыз?

– Қызық екен. Жұрт Еуропаға жете алмай жүрсе, сен... Мейлі делік, енді себебін айт.

– Ол жақта сіз ойлағандай, бәрі жақсы емес. Онда менің Пайғамбарым (с.ғ.с.) мен дінімді келеке ететін көкезулер көп. Ал мен құдайсыздар сайраңдаған ондай елде білім алғым келмейді.

– Айтар себебіңнің сиқы осы ма? Ой-бай-ау, құдайсыздарда не шаруаң бар? Саған керегі – еуропалық білім. Мен не үшін сені сол жақта оқытып жатқанымды әлі түсінбеген екенсің. Сені шетелге Пайғамбардың қорғаушысы, діннің жоқтаушысы болуға жіберген жоқпын. Түсінсең, соңымнан ілескен жалғыз тұяғымсың. Сен бүкіл дүние-мүлкіме ие болып қалуың керек. Жүздеген пәтерлерімнің, ресторандарымның, дәріханаларымның, бәрі, бәрінің заңды мұрагері сенсің. Ал осынау дүниені ұстап қалу үшін адамға біріншіден бизнестің жөнін ұқтыратын, істің көзін табуға үйрететін еуропалық білім керек. Білдің бе? Қайдағы жоқты айтып басымды қатырма. Осынау байлықтың барлығын ұрпағым үшін күндіз-түні бір тынбай, азулымен шайнасып, тұяқтымен тебісіп, білектімен күресіп жүріп жинадым, құрадым. Ал сен бұған көз жұма қарап, басқаша сайрап отырсың... Қалт-құлт еткен қарттық өмірдің есігін ашқан маған түктің де керегі жоқ.

– Ата, сізбен жүз шайысқым келмейді. Алайда, ашығын айтуға мәжбүрмін. Мен үшін деп жинаған мүкәмалыңызға рахмет, бірақ дүниеңізден бір сабақ жіп те алғым жоқ. Өйткені, сіздің күдікті жолмен жиналған байлығыңыздың былық-шылығымен бас ауыртқанды қаламаймын. Ал мен өз кәсібімді бастап, сіздің келешек ұрпағыңызды адал аспен асырап, жеткізсем деймін.

– Сен сонда менің дүниемді харамнан жиналған деп отырсың ба?

– Олай деуге... бірақ... Ата, немереңіздің келешегін ойласаңыз, ұзақ ғұмыр тілесеңіз, мені өз меншігіңіздегі дүниеге жолатпаңыз. Олардан мен ешқандай береке таппаймын. «Немерем мұрагерліктен бас тартса, соншама мүлкімді кімге қалдырамын?» деп уайым да жемеңіз. Олардың барлығын сатып, пұлын қайырымдылық қорларына беріңіз. Сонда сіз өзіңізді дүниенің тұтқынынан босатып, ал мені пендешіліктің шыңырауына түсіп кетуден сақтап қаласыз.

Ата, жалғыз ұлыңыздың, яғни, менің әкемнің жанын сіздің жиып-терген мал-мүкамалыңыздың жалыны жалмап кеткенін мойындауға тиістісіз. Әрине, бұған келіспейсіз, бірақ шындықтан асып қайда барасыз? Жалғызының қыршын кеткеніне жаны төзбей, күйіктен өлген әжемнің де ойы осы болатын. Тек, сіздің қаһарыңыздан қаймыққаннан тіс жармай өтті.

– Тоқтат! Тоқтат! Бесіктен белің шықпай жатып жөн айтатындай кімсің сен?!

– Баласынасыз, сөйте тұра өзіңіз құрған «империяңыздың» жүгін маған артқыңыз келетіні қалай?

– Жауаптаспа. Білгішсінбе! Тоқшылықта, баршылықта өскен жан дүниенің қадірін білмейді деген рас екен. Мына түріңмен әлі-ақ қоңыз теріп кетесің. Мен саған үміт артып жүрсем... Осының барлығы сен үшін емес пе?!

– Қатты кетсем кешіріңіз, қомағайлықпен, нәпсінің айдауымен үзіп-жұлқып, талайды жылатып-еңірете, әлсізді тұқырта, әлдіге жарамсақтана жүріп байлық жинайтын мыңдаған, миллиондаған аталар, әкелер ашкөздіктерін небір тәсілдермен жуып-шаюды меңгеріп алған. Олар өздерінің тойымсыздықтарын алдымен «ұрпағымның қамы үшін» деген ұранмен бүркемелейді. Барлығын перзенттері үшін жасап жатқандай көрінеді. Рас, перзенттерінің қамын ойлар, бірақ олардың бәрінен бұрын өз нәпсісіне тыйым сала алмай жінігіп жүргендерін ұмытпауымыз керек. Әлгі аталар мен әкелер өз ұрпағына шын жаны ашыса, алдымен кіндігінен тараған ұрпағын адал аспен асырауды ойлағаны жөн.

– О-һо! Саған данышпандық қасиет қайдан қонған? Пәлсәпаң мықты екен... Ақымақ басым-ай!.. Жарайды, сенікін жөн делік..., – деген Қарашаевтың өңі бір қызарып, бір бозарып, тұтығып сөйлей алмай қалды. Елхан орнынан көтеріліп, кетуге ыңғайлана бергенде Қарашаев қолымен ишарат жасап, сәл аялдауға белгі берді.

Немересінің салмақты сөзі қытығына тиген Қарашаев ашуға басып әлдене дегісі келгенімен, аузына жөні түзу сөз түсе қоймады. Дегенмен, әккі шал ойының етек-жеңін тез жинап, байбалам салудан пайда жоқ екенін ұқты да, өзін өзі тежеп, байсалды бола қалды. Сол сәтте Қарашаевтың есіне бүгінгі көрген түсі оралып, ойы сан-саққа жүгірді. «Иә, немеремнің түсімде жағама жармасқаны өңімде шындыққа айналды. Ол діни уағызбен уланып, айықпас дертке – тақуалыққа душар болған екен. Мұның емін табу керек. Әйтпесе, соңымда қалғалы тұрған мол дүние иесіз, қараң қалды дей бер».

Аз үнсіздіктен кейін Қарашаев немересін өзінен қашыртып алмау үшін үнін жұмсартып, тақырыптың ауанын өзгерте сөйледі. Ол Елханның өзіне деген аяушылық сезімін тудыруды да қаперінен шығармады.

– Елхан жан, әкең мен әжең өмірден озғалы өзіңе ғана үміт артып жүрген жайым бар еді. Ал сен мені араммен байыған күнәһар дейсің. Мұның не, шырағым-ау? Есің бар еді ғой... О, Құдай, не жаздым?.. – деген Қарашаев кемсеңдеп қалды. Үнемі мығым көрінетін атасының дәл бұлайша осалдық танытарын күтпеген Елхан қипақтап, сасқалақтап, ыңғайсыз күй кешті. Іле атасын жас балаша еркелей барып құшақтады.

Қарашаев:

– Жә, жарайды. Орныңа отыр. Атаң қартайып келеді. Сәл қит еткенге көңілім босап шыға келетін болып жүр. Сонымен, оқуыңды елге келіп жалғастырмақпысың?

– Иә.

– Өзің біл. Бетіңнен қақпайын. Тек, ақ шапанын сүйреткен, басына сәлдесін киген молда болып кетпегін.

– Немереңіз Алланың ақ жолына түссе қуанбайсыз ба?

– Имандылықты серік ету үшін молда болу шарт емес шығар. Мен сенің бизнесмен болғаныңды қалаймын.

– Үмітіңізді ақтаймын.

– ...Есіңде болсын, біздің еліміздің жоғары оқу орындарының жөні түзуі жоқ.

– Оны бәріміз де білеміз. Бірақ, қадірменді, абыройлы, ақшалы аталар мен әкелер неге оларды жөнге салуға тырыспайды? Қалың елдің мүддесінен жалғыздарының қамын жоғары қоятындарды түсінбеймін. Осы бір жағымсыз әдетке тыйым болар күн туар ма екен?

– Тағы да атаңды сөзіңмен түйреуді бастадың ба? Тым еркелетіп, еркін сөйлетіп өсірген едім, енді міне, соның жазырын тартып отырмын. Әттең, жалғыз тұяғымсың, әйтпесе, алқымыңнан алып, үйден сүйреп...

– Шындығы сол ғой...

Қарашаев төргі бөлмеде жалғыз қалды. Ауыр күрсінді. Орнынан тұрып, тағатсыздана әрі-бері жүрумен болды.

Немересінің ашық айтқан ойы оның жан сарайының терезелерін шытынатып кеткендей. Өзінің туған немересі болғандықтан, іштен тынды да қойды. «Мәңгілік ешкім өмір сүрмейді. Ертелі-кеш мен де аттанамын. Сонда дүние-мүкамалымды кімге тастап кетемін? Немеремнің ойы бөлек. Құдай-ау, арпалысып жүріп жинағаным далада қала ма?..»

Ол өзінің меншігіндегі сандаған ғимараттарды, пәтерлерді көз алдына елестетіп шықты да, іле оларға қалай қол жеткізгенін ой елегінен өткізді. Денесі дір етті. Әсіресе, баласына шетелде ота жасату қажет болып, ақша сұрай келген ағасына бір тиынын қимай, үш-төрт күннен кейін қала ортасынан күмістей жалтыраған шатыры бар үлкен ғимарат сатып алғаны есіне түскенде өңі бозарып кетті. Перзенті көп ұзамай қайтыс болған ағасы содан кейін бұдан біржола бетін бұрып кеткен-ді. Ал С. қаласындағы қонақ үйді бұрынғы иесінен тартып алу үшін жасаған аярлығы ойына оралғанда мұрнына қан иісі келді...

Арзымайтын дүние үшін адамшылықтан аттап, пендешіліктің ең төменгі сатысына дейін түсуден арланбайтын Қарашаевтың әрбір әрекеті қиянатпен суарылған-ды. Оған әуелі Құдай, одан кейін өзі куә. Оның бұл туралы әрі қарай тереңдей түсуге жүрегі шыдас бермеді...

Кенет оның көздері қарауытып, буын-буынынан әл кетіп, амалсыздан жүрелей отырды да, сәждеге бас қойған жандай маңдайын еденге сүйеді. Сол сәттерде ол Жаратқанға жалбарынудан өзге ештеңе ойламады. «Алла, Алла» дегеннен басқа аузына сөз түспеген Қарашаев маңдайын мұздай еденнен көтергісі жоқ. Өйткені, осы жатысы жанына жағып барады.

Сәлден кейін ол басын көтерді де, көз жасына ерік берді. Солқылдап жылады.

Сыртта желтоқсан желі құтырына түскен.

2015 жыл

Бөлісу:

Көп оқылғандар