Александр Гельман. Орындық
Бөлісу:
Александр Гельманның шын есімі – Шуня. 1933 жылы Румын королдігі, Бессарабияда еврей отасында дүниеге келген. Ресейлік драматург, сценарист, көсемсөзші әрі қоғам қайраткері: 2003 жылы Чешен соғысына қарсы хат жазған, 2014 жылы КиноСоюздағы әріптестерімен бірге Украинадағы Евромайданды жақтаған хатқа қол қойып, биыл көктемде РФ Конституциясын өзгертуге қарсы үндеуге қатысқан.
Александр (Шуня) Гельман алғашқы очерктерін 1950 жылдардың аяғында жариялай бастаған екен. 1970 жылы әлденеше деректі фильмге, сондай-ақ әйелі Татьяна Калецкаяның соавторлығымен «Түнгі ауысым» фильміне сценарий жазады. Ерлі-зайыптылар содан кейін де «Мені ержетті деп ойлаңдар», «Ксения – Федеордың сүйікті әйелі» сынды көркем фильмдерге қатысқан.
Гельманның атын шығарған алғашқы еңбек – осы адамның сценарийі негізінде 1974 жылы түсірілген «Премия» фильмі. Кейін ол сценарий пьесаға айналып, 1975 жылы режиссер Г. Товстоногов «Бір жиналыстың протоколы» атауымен Петербордағы Үлкен драма театрда (БДТ), және бір режиссер О. Ефремов «Партком жиналысы» деген атпен Мәскеу академиялық көркем театрында (МХАТ) сахыналайды. Орыстың театр сыншысы Анатолий Смелянский «Бір жиналыстың протоколы» пьесасына «советтік өмір туралы әлеуметтік ертегі» деген айдар тағыпты.
Александр Гельман қайта құру кезінде драматургиядан қол үзіп, публицистикамен айналасады. «Кино өнері» журналында айдар жүргізеді, «Мәскеу жаңалықтары» газетінде саяси шолушы болады. Бірақ бұнысы уақытша ғана кәсіп еді. Сөйтіп екі мыңыншы жылдары драматургияға қайта оралды. Содан бері қаламы қолынан, жазғаны сахынадан түскен емес. Оның пьесалары отыздан астам елде қойылыпты.
Өздеріңізге Александр Гельманның тұрмыстық-әлеуметтік драмаға негізделген «Орындық» пьесасын ұсынып отырмыз. Шығарма 1983 жылы жазылғаны себепті, онда советтік өмір суреттеледі деп әсте ойламаңыз. Оқиға жаздың бір кешінде кездейсоқ кездескен қыдырымпаз еркек пен жалғызбасты әйел арасындағы кел-қайт ырғасуға құрылған.
ОРЫНДЫҚ
(пьеса)
ҚАТЫСУШЫЛАР:
Еркек.
Әйел.
Ақсары келіншек.
Көзілдірікті келіншек.
Бойжеткен.
Акт қоюшының ыңғайына қарай бөлінеді.
Қалалық саябақта музыка ойнап, каруселдер шыр айналып, дүңгіршектердің саудасы жүріп, тирде атыс қызып тұр. Сейіл-серуенге мелдектеген жұрт шат-шадыман.
Қолтықтасқан қос құрбының бірі екіншісіне: «Күн әлі жарық қой...» - деді. Сол сәт келесі бір келіншек күйеуіне: «Қас қарайып барады!» - деп жатты. Екеуінікі де жөн еді. Айнала ала көлеңке тартып, әлгі бір ақын айтқандай, «күн сөніп, түн туған» шақ. Осы сәт саябақтың ел көзінен тасалау бір мүйісінде аласа бойлы, қасқа бас, қырық бестер шамасындағы мығым денелі, киімі де ұсқынсыз: ескі джинсы, жасыл барқыт күрте, галстуксыз жейде киген еркек пайда болды. Қызу, арсыз көздері жайнаң қағады. Аллеяны киіп-жарып, оң-солына жалаңдап келеді – аңдығаны орындақтарда отырған жас келіншектер мен қыз-қырқын.
Еркек. (шеткері отырған ақсары келіншекке жақын келді. Сосын аса бір іскер адамша) Ештеңе естімедіңіз бе, бүгін түнде жаңбыр жауар ма екен, жаумас па екен?
Ақсары келіншек. Не? Не дейсіз?
Еркек. (шайқалақтай төніп) Жаңбыр жауа ма, жоқ па деймін?
Ақсары келіншек. Қазір күйеуім келеді - төбеңізден жаңбыр емес, бұршақ жаудырады!
Еркек. Рахмет. Өт-те-мөте ұғынықты жауап... (Басын иіп, ары қарай өтеді.Сосын әріректе отырған қыздың қасына таяп барып) Қарындас, қасыңызға қонақтасам, қарсы емессіз бе?
Бойжеткен. (бетін тыржитып) Ұарсымын! Ішімдіктің исіне төзе алмаушы едім, мүңкіп тұрсыз...
Еркек. Кешіріңіз... (Ары қарай өтіп, көзілдірікті келіншектің жанына отыра кетеді) Қазіргі газеттер не жазып жатыр, өзі? Дағдарыс қашан аяқталады екен?
Көзілдірікті келіншек. Мәңіз, оқып көрсеңіз болады. (Газетті мұның қолына ұстатады да, өзі тұрып, кетіп қалады)
Еркек те жөніне кетпекші болып орнынан тұра берді де, сосын... қолды бір сілтеп, сылқ етіп отырып қалды. Газетті ашып, көңілсіз көз жүгіртіп, күбірлеп оқи бастады. Бірақ... барған сайын құнығып, бас алар емес. Кенет ту сыртынан біртүрлі ысқырық естілді. Ысқыра алмайтын адамның әрекеті.
Еркек орнынан тұрып, бұрылып артына қараған, гүлді көйлек киген жас келіншек жұмбақ жымиып қарап тұр. Кішкентай сөмке асынған, арық сопақша жүзді, мойыны қылқиған, шашы иығына түскен, сымбаты сәл қораштау екен. Шамамен 35-37 жаста.
Әйел. (нәзік үнмен еркелей тіл қатты) Қайырлы кеш, қымбаттым!
Еркек. (үнінде сәл ұялғандық, сәл қуақылық бар) Қайырлы кеш!
Әйел. Сіреңкеңіз жоқ па? (Саусағына темекі қыстырған қолын жоғары көтереді)
Еркек. Сіреңке... табылады. (қалтасынан қорап шығарады) Сіз секілді сұлу бикеш үшін (сіреңке тамызды) оттықты қайдан болса да табамын ғой!
Әйел. О-ооо! (Темекісін тұтатады. Қылмыңдап) Рұхсат па? (Орындықты иегімен нұсқады)
Еркек. Рұхсатпасы несі? Өз басым алдағы өмірімді өзіңізсіз еш елестете де алмаймын!
Әйел. Ой, ой!
Еркек. (әйел орындықты айналып, бері өткенше, жалма-жан газет жайып жіберіп) Мархабат, қымбаттым!
Әйел. Рахмет, қымбаттым! (Отырады.)
Еркек. Қай жағыңызға отыр деп бұйырасыз? Мәселен, бұрынғы әйелім, лақап аты «тырысқақ», иә, үнемі оң жағына отыруымды талап ететін. Ал сізге қалай?
Әйел. Маған бәрі бір!
Еркек. Онда сол жағыңызға жайғасайын, екеуміздің бұл жуысуымыз жарастыққа ұласуы үшін!
Әйел. Қарай гөр!
Еркек. Өстіп қана! (Әйелді тықсыра түсіп, құлағына сыбырлады.) Біле білсеңіз, сізге бір құпиямды ашқалы отырмын, есімім Николай екенін айтып.
Әйел. Қалай, қалай?
Еркек. (әуездете сыбырлап). Ни-ко-лай. Ко-ля. Ал сіз?
Әйел. (саңқ ете түсті). Сізге менің есімім не керек, барыммен алдыңызда тұрған жоқпын ба!
Еркек. (ынтыға түсті). У-у-у! Қуанышым менің! (Қолын оның иығынан асырып, құшағына қысады.) Байқаймын, сіз әлгі мазмұннан гөрі, мәнін дұрыс көретін жандардың санатынан болдыңыз ғой! Өт-те жақсы!
Әйел. Ал сіз еркектердің қай сортынансыз? (Еркектің қолын иығынан алып тастамақ ойман тырбанып жатып)
Еркек. Мен басы азат еркекпін! (Оны енді екінші қолымен қапсыра қысып, тіптен шырмап алды.)
Әйел. Солай ма? (Оны шынтағымен кеудесінен нұқып жіберді)
Еркек. Әлбетте! (Оны құшағына қыса түсті.) Өзім би, өзім қожа!
Әйел. Өзіңізге өзіңіз... қалауыңызша. Тек маған қожалық етудің қажеті жоқ! Қолыңызды тартыңыз!
Еркек. (түсінбеген кісіше) Кешіріңіз.
Әйел. (қабағы қатуланып) Тартыңыз дедім ғой, қолыңызды!
Еркек. Ал мен – кешірім сұрап тұрмын! (Оны күшпен құшағына қысады.) Осында іссапармен жүрмін! Үш айға келгем! Ештеңе білмеймін! Тағыға айналып бара жатқандаймын, кешіріңіз! Неше түрлі қорқынышты түс көрем! Бір күні жындыханадан бір-ақ шығатын шығармын!..
Әйел. (оны басымен сүзіп жіберіп) Жіберіңіз мені! (құшағынан сытылып, ыршып түрегеледі) Қандай оңбағансыз!
Дәл осы сәтте әйел оның бетіне бір түкіріп, тайып тұратындай көрінген. Бірақ ондай ештеңе болған жоқ. Көйлегін дұрыстап, шашын түзеп, орындыққа қайта отырды. Тек әрі таманырақ. Қабағы қатулы. Сөмкесінен темекі алып тұтатты - сіреңке өзінде де бар екен. Жан-жағына жылмыңдай қараған еркек те темекі тұтатты. Сөйтіп екеуі бір сәт үнсіз қалды - шылым шегіп отыр. Ашуы тарқады-ау деген сәтте еркек орнынан тұрып, темекі тұқылын қоқысқа тастап, ійелдің қасына таяп барады. Әйел теріс қарап отырып алады.
Еркек. Мені кешіріңіз.
Әйел темекісін тартып отыра берді.
Еркек. (Бағанағыдай емес, алыстау жайғасып) Мен сізден шынымен кешірім сұрап тұрмын. Қалжыңсыз.
Әйел бетін тыржитты.
Еркек. Мен сіз туралы бөтен ойда болыппын.
Әйел. (жақтырмай қарады) Немене?
Еркек. Мынадай бір заңдылық бар ғой: алғаш көрген кісімізді біз адамдардың анандай түрі деп қабылдаймыз. Мен де қара басып – сіз туралы жаман ойлап қаппын...
Әйел мойын бұрды.
Еркек. Шынымды айтайын – сізді әлгі тұтқиылдан басып қалуға болатын бикештердің бірі екен деп қалдым. Олар әдетте тартыншақтаған кейіп танытып, қыңқылдап отырады да, артынан рахмет айтады. Солай. Бірақ мен қателесіппін. Қайтсем екен?
Әйел. Меніңше сіз басында-ақ қателескенсіз... мына жарықтың астына келе бере!
Еркек. Мүмкін. Әдетім сол – жақсы адам екенімді дәлелдеп жатпаймын. Болмысым осы. Бірақ, біле білсеңіз, қателігім үшін алдымен жауап беретін тағы өзім. Түнеу күні Севастопольде қалай ұрынғанымды білсеңіз ғой. Севастопольде болған ба едіңіз?
Әйел. Баспаған жерім!
Еркек. Сонымен сөйтіп, Севастопольде, о жаққа да іссапармен барғам ғой, Приморскі бульварында бір келіншек отыр екен. Жалғыз. Таяп бардым. Отырдым. Сөзге тарттым. Ол да менімен шүйіркелесе кетті. Қасына таяңқырап отырдым (сәл сырғиды) – бәрі дұрыс!.. Тағы да таяй түстім (тағы жылжиды) – қыңқ еткен жоқ!.. Жо, сіз қорықпаңыз, саусағымның ұшын да тигізбеймін. Жәй, болған жайтты баяндаған кезде, қимылмен көрсетіп отырмасам, жеткізе алмаймын. (Әңгімесін ары қарай жалғайды) Содан таяй түстім – үн жоқ! Ақырын белінен құшақтадым (арқасынан құшақтағандай болады, бірақ қолын тигізбей) – бәрі жақсы! Сөйтіп енді құлағынан сүйе беріп ем... біреу құлақ шекеден кеп персін! Көзімнің оты жарқ ете түсті!.. Күйеуі екен. Бағанадан басқа орындықта отырыпты ғой. Соның алдында ғана екеуі ұрсысып қалса керек. Сөйтіп бұл зәнталақ о байғұсты қызғандыру үшін менімен қылмыңдасқан екен! Екеуі өз жөндеріне кетті, мен қалдым, бет ауызымның дал-дұлы шығып. Онымен қоймай кетіп бара жатып артына бұрылып қарап, сықылықтап күлетінін қайтерсің! Осындай да жағдай болады. Неге? Өзімнен. Сізбен де солай. Егер баста-ақ жөндеп танығанда, қазір жап-жақсы жарасып отырар едік. Сізден тіпті білгім келген бір нәрсенің жөнін сұрауға қорқып қалдым. (Жымияды.) Сұрақ қойсам бола ма?
Әйел міз бақпады.
Еркек. (ақырын, еппен) Жалғыз тұрасыз ба?
Әйел күрсінді.
Еркек. Жалғыз емес?.. Жалғыз?..
Әйел. Екеуміз!
Еркек. Шешеңізбен бірге тұрасыз ба?
Әйел үнсіз.
Еркек. Ұлыңызбен?.. Таптым ба?.. Ия, ұлыңызбен! Айтайын ба, қалай білгенімді? Өйткені сіз қыз табатын әйелге мүлдем ұқсамайсыз. Сіз ұл табатын әйелдің нақ өзісіз. (Саусағымен оның сөмкесін нұсқап) Суреті бар ма?
Әйел тағы күрсінді.
Еркек. Көрсете салыңызшы, суретін. Балаларды сондай жақсы көрем... шын айтам. Менің қызым бар. Жиырмада. Бір ай бұрын тұрмысқа шыққан. Бірақ бұрынғы әйелім, әлгі «тырысқақты» айтам, мені тойға қатыстырмады. Қалай ә? Жарайды, көрсетіңізші, суретін? Өтінем.
Әйел сөмкесінен сурет шығарып, ұсынады. Суретте – өзі мен он жасар ұлы.
Еркек. Ох, қандай ғажап! Ох, қандай ғажап! Аузыңыздан түскендей – құйып қойған өзіңіз! Аты кім?
Әйел. Витя!
Еркек. Әдемі есім! Витя… Витюнчик… Витюшенька… Витек!.. Қазір үйде ме?
Әйел. Қазір демалыс лагерінде.
Еркек. Өй, ақылдымым-ау! (суретті шөп еткізіп сүйеді) Қандай есті жігіт ә! Шешем тынықсын, шаршауын бассын деп... Ертең таңертең шешең екеуміз универмагқа барамыз, саған сыйлық аламыз. Витияның велосипеді бар ма?
Әйел еркектің қолындағы суретті сып еткізіп жұлып алды да, теріс қарады.
Еркек. Мен шын сұрап тұрмын – ұлдың велесипеді бар ма еді?
Әйел. Неғып жомарт бола қалдыңыз? (Суретті сумкасына тыға қояды)
Еркек. Мен жомарт емеспін – мен әділеттімін. Егер әйел маған жылы қабақ танытса, көңілімді ауласа – ал мен, мысалы, айына 350-400 тапсам – неге көмектеспеске? Оның үстіне ол адам көмекке зәру екенін біліп тұрмын. Ия-ия аңғарып отырмын...
Әйел кекесінді күлкіге басты.
Еркек. Бұ қайткеніңіз? Мен бар болғаны еркекпін ғой. Сосын, сеніңіз, мына жалғандағы еркек атаулының қоры мен емес. Еркек қашан да еркек. Оның бас терісі басқа. Мәселен маған дәл қазір бір ой келіп тұр, сіздің түсіңізге де кірмейтін нәрсе.
Әйел елең ете қалды.
Еркек. Жарты (сағатына қарады) сағаттан кейін гостроном жабылатынын білесіз бе, жоқ па?
Әйел. (таңданған кісімсіп). А-а-а!..
Еркек. Бекер мазақтайсыз. Әлгі біреулер: «Бұл қалай болғаны? Масқара, таныспай жатып төсектес боп шыға келеді!» - деп сөгіп жатады ғой. Расында неге сөйтеді? Ал айтыңызшы, неге? Өйткені біздің гострономдар ерте жабылады! Алтыда жұмыс аяқталады, ал тоғызда госторном жабық. Үйіріліп соқпай гөр, сосын!
Әйел жымияды.
Еркек. (Әйелге қарай ысырылып, аялай құшақатап) Сонымен, жоғарыдағы жайт пен уақыттың тығыздығын ескере отырып, мен былай демекшімін: сіз екеуміз қазір құдайдың өзі кездесуімізге септескен мына ғажайып орындықтан тұрып, Цюурпа атындағы мына мәдени-демалыс саябағын тастап, әне бір бұрылыстағы гастрономды бетке аламыз – мен әрине, бұл қаланікі емеспін, бірақ сол маңда гастроном барын байқадым – сол жерден мен сіз қалаған нәрсенің бәрін аламын... сондағы бар дүниенің ішінен, сосын артынып-тартынып таксиге отырамыз да, сіздікіне қонаққа барамыз! (Әйелдің жауабын тосып қалт тынады.)
Әйел. Апыр-ай!
Еркек. Менікі ұсыныс қана.
Әйел. Әлбетте!
Еркек (қуанып кетті). Демек, барамыз ғой?
Әйел (тыржиып). Қайда... барамыз?
Еркек. Қайдасы несі?.. Сіздікіне... қонаққа!..
Әйел. Сіз менің үйімде бір рет қонақ болғансыз! Юрочка дегеніңіз Колечка болып шығатын жолы.
Еркек. (зәрлі, үрейлі көзбен әйелге тесіле қарады) Қалай дедіңіз? (Қобалжи кеңкілдеп.) Түсінбедім.
Әйел. (дөрекі сөйлеп). Сен бұрын да менің қонағым болғансың... дедім! Не, ұмытып қалдың ба?
Еркек. Мен?.. Мен сенікінде?..
Әйел. Болғансың. Сен... Мүмкін, мені тануың үшін тыржалаңаш шешінермін?
Еркек ақырын шегіне бастайды.
Әйел. Қозғалма! Қашан мені есіңе түсіргенше осы арадан аттап баспайсың! Ұмыта қалуын! (Күртесінің жағасынан шап беріп, жұлқылай бастады). Қане, түсір есіңе! Түсір деймін!..
Еркек. Мұныңыз не?.. Ел-жұрт қарап тұр...
Әйел. Қараса қарай берсін. Ал сен маған қара! Көзіме қара... жалтақтамай! Не, шаршап қалдың ба? Бір жыл бұрын алдап кеткен әйелді еске түсіру – ауыр жұмыс шығар ә? Қане, істет басыңды!
Еркек. Сіз... Сіз...
Әйел. Қане, қане?
Еркек. Сіз... не... фарфор зауытында?
Әйел. (жағасынан тартып, жүзіне үңіле қарайды). Мен фарфор зауытынан емес! Мен шұлық фабрикасынанмын! Шатыса қалуын!.. Көзіңді оям! (Еркекті итеріп жіберіп, орнынан тұрады да, сөмкесін алады.) Оңбаған... (Кетіп бара жатады.)
Еркек. (Атып тұрады. Ентіге дем алып, көңілді айқайға басады) Вера!.. Вера!..
Әйел қалт тоқтады. Сәл тұрып, бері бұрылды. Еркекке жек көре қарады.
Еркек. (Мүләйімси ыржиып.) Вера…
Әйел. Неменеңе ыржиясың?
Еркек күлкісін сап тиды. Жүзінде кешірім дәметкен мүләйімсу бар.
Әйел. Есіңе түсті ме, бәрі? Әлде?..
Еркек. (кінәлі бірақ нық сөйлеп). Бәрі!
Әйел. Мүмкін, түгел емес шығар?
Еркек. Түгел...
Әйел. Тексеріп көрейік. Екеуміз қайда таныстық?
Еркек. Осында... бақта. Сен әне бір (иегімен нұсқап) фонтанның қасында отырғансың. Жабырқап. Мен барып көңіліңді көтердім...
Әйел. Сосын не болды?
Еркек. Сосын... сосын біз... жоқ, алдымен ұзақ серуендеген екенбіз ғой, сосын кафеге бардық, сосын гастрономға, сосын сенікіне.
Әйел. Содан соң?
Еркек. Сенікіне бардық.
Әйел. Сосын?
Еркек. Сосын... сенікінде...
Еркек. Сосын... мен не... ммм, мен кеттім...
Әйел. Иә-иә?
Еркек. Сосын... мен не... ммм... мен кеттім...
Әйел. Қалай кеттің, қайда кеттің, не дедің, қашан кеттің?
Еркек. Енді... такси шақыршы дедім, сен көршіңдікіне барып, шақырдың... мен кеттім...
Әйел. Кетерде не дедің?
Еркек. Енді... тез келемін деп уәде бердім... жатақханадан заттарым мен құжаттарымды алам да келем... сосын сенімен бірге тұрам дедім...
Әйел. Ендеше неге келмедің?
Еркекте үн жоқ.
Әйел. Сен қайтіп келмейтініңді таксиге мінгенде-ақ білдің ғой?
Еркекте үн жоқ.
Әйел. Жауап бересің!
Еркек. Жоқ.
Әйел. Неге?
Еркек. Жауап беретін ештеңесі жоқ.
Әйел. (ашуланып). Құбыжық кезбе! Екі аяқты хайуан!
Еркек. (сөзін бөліп). Балағаттаудың қажеті жоқ...
Әйел. Осындайлар қалай ғана жер басып жүреді екен!..
Еркек. Кісінің арына тиме, Вера!.. Ел-жұрт қарап тұр!..
Әйел. Ел?.. Ал маған полициядағылар қалай күлгенін білесің бе? Түн ішінде жынды адамша, бірдеңеге ұрынып қалды ма деп жүгіріп барғаным немді алған деші! Фамилиясын да білмеймін ғой... Есімі Юра болатын деп қоям. Ал бұл, сөйтсем, Коля екен! Сен кімсің? Юрасың ба, Колясың ба?
Еркек. (жабырқап). Мен Алексеймін...
Әйел. Кім дедің?
Еркек. Алексей.
Әйел. (онан сайын шамына тиіп). Алексей… Бұл Алексей! Лешенька, құбыжығым менің! Сонымен? Түн ішінде қайда асықтыңыз, Юра-Коля-Алексей? Басқа қатынға ма? Мен көңіліңізден шықпадым ба? Қанағаттанбадыңыз, ә?..
Еркек. Жоқ а...
Әйел. Онда не? Таңертең қайтсаң да болмас па еді?
Еркек. Билет алып қойған ем.
Әйел. Қандай билет?
Еркек. Ұшаққа. Іссапар сол күні біткен болатын. Жолға жиналуым керек болды.
Әйел. (Еркектің жүзіне телміріп ұзақ қарады. Түңіле тіл қатты). Мұнша хайуан болар ма, а!..
Еркек. (қабағы салбырап кетті. Сөзді бөліп). Қорламаңыз!
Әйел. Енді СССР-дің барлық саябағын аралап жүріп, сужаңа ертегіңді соғатын шығарсың? Севастопольдегі… мұрынның бет болғаны ойыншық, мұның жанында. Масқара, бір түн қызығын көрген әйелді танымай қалу деген! Тыңдаушыларың күлкіге қарық болатын болды!.. Сен адам емессің, сен аңсың!
Еркек. Вера, тіл тигізбеңіз!..
Әйел. (одан сайын өршеленіп). Буындырып өлтірем... Сені де, өзімді де! Буындырам!
Еркек. (лып етіп, ағаштың түбінде жатқан кірпіштің сынығын алып кеп әйелге ұсынады). Мә! Ал, ал! (Күштеп қолына ұстатады.) Егер мен аң болсам, істі аяғына жеткіз! Егер мен оңбаған болсам! Ғаламды тазарт, мұндай оңбағаннан! Бүйтіп қорлағанша... өлтіріп тастағаның жақсы! Өлтір! Бір-ақ ұр! (шапшаң орындыққа отырады да, басын тосады.) Қане!..
Әйел. (кірпішпен ұрмақшы болады). П-перейін ба!.. (кірпішті лақтырып жіберіп). Тапқан екенсің!..
Еркек бүк түсіп тұнжырап отыр. Әйел оған зығырданы қайнап желкесінен қарап отыр. Кенет: еркектің иығы селкілдей бастағанын көрді. Жылап отырған секілді.
Әйел. (мазақтап) О құдай, ой құдай! Сайқымазақпысың деген! Тұп-тура еңкілдеп отыр... Өкіріп-бақырсаңшы!.. Қане, қане!.. (Қасына отырып, иегінің астына қол жүгіртіп, сосын өзінің саусақтарына қарайды.) Шын жылап отыр ма? (Тілімен дәмін татып көрді.) Апыр-ай! Сен әртіс пе едің? Тапсырысқа жылай аласың ба? (Сөмкесінен беторамал алып, қолына ұстатады.) Сүрт, сүйкімсіз!
Еркек оның беторамалын серпіп тастап, қалтасынан өзінікін алып, қызарған жасты көзіне басады. Әйел жерге түскен орамалын алып, қолтығына жасырады. Кенет еркек теңселе бұрылып, әйелдің тізесіне сылқ еткізіп басын қояды.
Әйел. Бұның не?! Эй! (Қолын тартып ала қояды да, иіліп төбесінен қарайды.) Не болып қалды, азамат?
Еркек басын әйелдің ішіне одан сайын тыға түседі.
Әйел. Болды, жетер! Жетеді дедім ғой! (Оның басын тізесінен сырғытып түсіріп тастамақшы болады.) Мен кімге айтып тұрмын! Басқа біреудің етегін тауып ап, жалғастырарсың, жылауыңды. Қарай гөр! (Әрең дегенде сытылып шыққан еді, бірақ еркек көйлегіне жармасады. Әйел қолын итеріп тастап, орнынан тұрады.)
Еркек. (енді сөмкесіне жармасып). Вера, тастамашы мені!.. (Сөмкені қоя беріп, сол сәт жүрегін ұстай алады.) С-с-сайтан! (Бет-аузын тыржитып аһылап-үһілей бастайды.)
Әйел. Ха! Не болып қалды?
Еркек. Мына жерім (көрсетеді)… жұдырықтай мұз… қарып барады... О-о-ойбай! (Әйелден теріс айналып, ыңыранады.)
Әйел. (қарсы алдына келіп отырады). Валидол берейін бе?
Еркек. (басын шайқайды). Қазір басылады... кешір... қазір.
Әйел. Жиі өсти ме?
Еркек. (ауыр тыныстап). Үнемі емес... бірақ өститіні бар...
Әйел. Қайда тұрасың? Қай жерге келіп ең?
Еркек. Құрылысқа... ТЭЦ-ке... Қала сыртындағы жатақхана...
Әйел. Қалай ТЭЦ-ке? Өткенде басқа бір зауытты айтпап па едің... машина ма, бірдеңе жөндеймін дегенсің.
Еркек. Өтірік айтқам... Сол жолы да ТЭЦ-ке келгем.
Әйел. Негізі қайда тұрасың өзің?
Еркек. Ешқайда.
Әйел. Ешқайдасы несі?
Еркек. Пәтерді аналарға қалдырғам. Ол жерде тек тіркеудемін... Қазан қаласында...
Әйел. Қазан? Өткен жолы да Қазаннанмын деп пе едің?
Еркек басын изеді.
Әйел. (Иығын қиқаң еткізді, өткенде қай жерді айтқаны есінде жоқ.) Сонда не, осы жаққа үнемі келіп тұрасың ба?
Еркек. (ауруға әрең төзген кісіше). Екінші рет... Вера, сенікіне барсам қайтеді?..
Әйел. Хм! Таза ауа пайдалырақ қой. Көптен бері жалғыз тұрасың ба?
Еркек. (ауруы жанына батып тұр). Үш жыл.
Әйел. Қалай үш жыл? Осыдан бір жыл бұрын ғана үш жыл дегенсің!
Еркек. (әрең сөйлеп). Ол жолы түгелге жуық өтірік айтқан едім, Вера. Өтінем – сенікіне барайықшы. Үйге барған соң бәрін айтам, саған. Жүрші...
Әйел. Әйеліңді сен тастап кеттің бе, әлде ол сені? Сен сол жолы...
Еркек. (сөзін бөліп). Тоқтай тұршы! Өзің тіпті бөтен адам құсап отырсың... өйтсең несіне қайталап сұрайсың?.. Онанда құшақтасаң етті, Вера... құшақташы... Қане, Вера...
Әйел аяп тұрса да, өтірік қабақ шытқансыды. Еркек оның қолын алып, өзінің иығына артты да, бетін кеудесіне басты. Әйел үнсіз.
Еркек. (Сыбырлап.) Верочка… ақырын кетіп қалайықшы...
Әйел. Қиратарсың. Оданда осындай күйге қалай түскеніңді айт.
Еркек. Қандай күйге?
Әйел. Өзің білесің ғой, қандай екенін.
Еркек. (ыңғайланып отырып алды). Бойдақ өмірден шаршадым, Вера...
Әйел. Не, не?
Еркек. Селтеңдеп жүре беруден жалықтым деймін.
Әйел. Неменеңе сандалып саябақта жүрсің? Үйленбейсің бе?
Еркек. (Дұрысталып отырды. Әйелдің сөзі жағып барады). Ой, Вера, Вера, бәрі кеш. Ажырасқан соң бірден үйленуім керек еді. Бірақ ана «тырысқақтан» құтылған соң, көрмегенім осы болсын дедім емес пе. Өт-те ауыр адам еді – жынданып кете жаздадым ғой. Біресе қызғанады – ізімнен аңдиды, біресе сауық құрып кетеді – асылып өлгім келген кез де болды. Сөйте тұра қолынан түк келмейді – құдайым-ау, не тамақ істей алмайды, не кимімді үтіктемейді, не балаға қарамайды... Мен байғұс ыдыс-аяқ жуып, тамақ істеп... сол үйдің қатынына боп кеттім. Қызды мектепке өзім апарам, үйді мен жинамасам – шаң басып жата береді! Ал одан құтылған кезде – ештеңеге де зауқым болмады, үйленуге де, отбасын құруға да... жалғыздық, жалғыздық, жалғыздық! Тыныштық, тыныштық, тыныштық... тек қана тыныштық!.. Сөйтіп жүріп үш жыл өте шығыпты, енді бәрі кеш... өзімді-өзім мүжіп тауысатын шығармын. Бос кеуекпін, Вера...
Әйел. Кеуегі несі?
Еркек. Бірден нетуім керек еді... Менің жасымдағы жігіттер әдетте сөйтеді ғой – біреуін тастап, екіншісін алып жатады. Онысы тіпті дұрыс та. Сөйту керек! Осы күнде достарымның біреуі ажыраса қалса, бірден үйлен, үйлен деп ақыл айтатын болдым! Әйтпесе мен құсап өзі ашқарақ, өзі түңіліп жүрген біреулердің қолына түстің екен, шипам бітті дей бер. Сәтінде-ақ сөліңді сорып алсын! Мына заманда әбден қырықтан асқанда бойдақ қалу деген, Вера, қорқынышты нәрсе! Білесің бе, қай қалада да ондайлар жыртылып айырылады. Әлгі дүниеден түңілген ашқарақтарды айтам. Аттап бастырмайды ғой!..
Әйел. Кім ол, сөліңді сорып алған?..
Еркек. Түңілгендер де... Енді, ажырасқан әйелдерді айтам... мен оларды түңілгендер деймін. Байларынан оларға пәтер ғана қалған, енді отырғандары шымшықша шиқылдап. Бұл ғасыр – түңілгендер ғасыры! Вера, жүрші. Бұл бір іш пыстыратын... (орнынан тұра беріп еді)
Әйел. (оны ұстай алып). Мен де сондаймын!
Еркек. Дұрыс. Сен де сондайсың. Бірақ басқашалау! Сен еркек көрсең тұра шаппайсың ғой? Сен деген еркекпен қол ұстасып қонақ үйден немесе жатақханадан бір-ақ шықпайсың ғой? Немесе... бірде мен биге бардым. Бір құрылыстың клубы ғой. Билеп жүргем. Біреумен. Кенет... биге жігіттерді қаздар шақыратынын хабарларды! Сол-ақ екен екінші біреу орап әкетті. Сондағы айтқаны: басқа бикешті нұсқап - Саған ананың керегі жоқ, ол жатақханада тұрады, ал менің өз бөлмем бар, - дейді. Сөзінен қолы шапшаң ба дедім... тап мына жерімнен шап бере ме деп! Сен ондай емессің ғой? Бағанадан қанша жалынсам да – аттап басар емессің. Жүрші?
Әйел. (сөзге айналдырып). Ары қарай?
Еркек. Ары қарай не болушы еді? Сол баяғы құрлыс – іссапар, анда-мұнда. Монтаждаушымын ғой. Нағыз еркектің жұмысы, түсімді. Күндіз қауырт жұмыс, ал кешке қайда барасың? Жатақханаға? Тойдым, жатақханасына! (қолының қырын тамағына тақап) Міне жерімде тұр. Құр жастықты құшақтап қашанғы жатасың? Жаның құлазиды. Не істесем де жан-жүрегіммен істейтін адаммын. Өтірік көлгірсуді білмейді екенмін. Екі сағатқа ғана ма, таңға дейін бе – тек жан-тәніңмен! (Сәл үнсіз қалып.) Түн ішінде оянып алатынды шығардым... сүмек боп терлеп жатам. (Маңдайын сипады.) Сосын бақырайып жатып ойға шомам – құдайым-ау, маған не болған, мен осы қайда кетіп барам, қайда апара жатыр? Бітпейтін бір уайым – тура жаныңды жеп тынардай!.. Ажырасқан кезде ойлап едім – салт басты жүре тұрам, көңілім жайланар, бәрі қалпына келер, содан соң тап өзімдей жүрегі жұмсақ, жанымды ұғатын бір жанды жолықтырармын-ау деп... Бір-бірімізді бір көргеннен ұнатамыз, құшақтасып кете барамыз деп... Сондағы жеткен жерімді қара?
Әйел. Кім кінәлі?
Еркек. Өзім. Өзімнен басқа ешкім де емес. Сондай ауыр. Кінәлі екенмін деп адам сияқты өмір сүргісі келмейді дейсің бе, мені? Бірақ... болар іс болды! Күндіз күлкіден айрылдым, түнде – ұйқы жоқ. Үсті-үстіне ішу...
Әйел. (сөзін бөліп). Сен маскүнемсің бе?
Еркек. (үнсіз бетін тыржитып). Одан да сорақысы, Вера!
Әйел. Сорақысы қалай?
Еркек. Солай. Саған өтірік айтып қайтейін. Өзіңді бір рет алдағаным жетер. Түсінемін – жассың, тұрмыс құрғың келеді...
Әйел. (килігіп). Немене?!
Еркек. Аңқау бола қалмашы. Ақымақ емеспін ғой. Күйеуге тигің келеді. Ана жолы да... соныңды пайдаланып кеткем, кешір. Қазір де сол. Өте дұрыс – неге жалғыз өмір сүруің керек? Бірақ мен, Вера, біліп қой, отбасылық өмірге қырсыз адаммын....
Әйел. Ха! Қашаннан бері?
Еркек. Оны меңзеп тұрғаным жоқ! О жағынан қапысызбын! Бар болғаны бір әйелмен ұзақ уақыт тұра алмаймын. Солай. Тіпті әңгіме менде тұрған жоқ, мәселе – ол әйелдің маған төзе алмайтынында!
Әйел. Неге төзбейді екен?
Еркек. Өйткені ажырасқалы бері мінезім де күрт өзгерді. Бірер сағат жалындап тұрамын да, өшіп қалам. Ал бір-екі кешке ме, мархабат – менен артық ешкімді таппайсың. Өзің де білесің – менің жанымда кімде болса өзін әрі еркін, әрі көңілді сезінеді, тілімде сүйек жоқ, ақша-пақшаны уайымдамайсың – жатқан бір рахат. Ал үнемі бірге тұруға келгенде – менен жаман адам жоқ. Бір емес, бірнеше рет, Вера, зәкір тастап көргем. Ештеңе шықпады. Өзім сараң, өзім қарау, әйелге сену дегенді атамай-ақ қойғын, қазан-аяққа араласам да кетем. Ол үнемі басқа біреумен жүрген секілді болады да тұрады... өзіммен қалай қымсынбай жата салғанын білем ғой, басқамен де сөйтпейді дейсің бе? Өмір емес, тозақ дерсің! Ең бастысы әйтеу – балалар жақсы көреді мені. Шын айтамын. Бірақ шешелері, әйелдер... әр жолғы ұрыс-керіс көз көгертумен аяқталады ғой!..
Әйел. Демек, дұрыс әйелге жолықпағансың.
Еркек. Дұп-дұрыс-ақ әйелдер.
Әйел. Ал саған есі ауғандары керек. Есі дұрыс әйел сен секілді бұзылған немені ешқашан түсінбейді. Өйткені дұрыс әйел өзін ғана жақсы көреді. Ал саған ақымақтың ақымағы керек... мен құсаған. Жо, мен өзімді айтып тұрғам жоқ, дәмеленбей-ақ қой. Сен маған бір рет үйленгенсің, жетеді. Жәй, өзің айтпақшы, саған ұрғашының қандайы жарасатынын айтып жатқаным ғой. Ия, саған мендейлер керек. Тұп-тура. Бірақ мен секілді ақымақты енді күндіз шаммен іздесең де таппайсың! (Туфлиін сілкіп-сілкіп шешіп тастап, орындыққа жантая жатып, еркектің тізесіне басын қояды). Түсінесің бе, Леша, ол туған ұлына артық тиын татырмау үшін, тапқанын менен жасырды ғой. Ал ол уақытта мен оның өзін күттім. Құдды басқаға емес, әскерге кеткендей. Кейде қиялдап кетем: мен фабрикадан келгенде, ол подъездің алдында күтіп отырады. Үнсіз үйге кіргізем, ваннаға түсірем, дастархан жаямын... Сосын жатамыз, сол кезде мен оған: «Петенька, осы күндері мен ешкіммен жақындасқам жоқ, сені күттім», - деп сыбырлаймын... Түсінесің бе, ақымақ басым, далиған төсекте өстіп армандап жатам, ол соны еститін секілді, сосын бақыттан басы айналатындай... Ал ол бұл уақта екіншісін тастап, үшінші қатын алып үлгерген!..
Еркек елжіреп кетті – иіліп әйелдің ернінен, шашынан сүйді.
Әйел. (Кенет.) И кетчі әрі! (Еркекті итеріп жіберіп, түрегеп отырды.) Шеттеріңнен сондайсыңдар. Сен де жақсысың. Сені де жөнге келтіру үшін – қанша күш керек, қанша жүйке, қанша төзім... Сосын... буға айналасың! Сен мені бір сиымсыз әйел шығар деп ойлама. Сені әбден танып алдым. Қажет десең, өзіңді не құтқаратынын айта алам. Айтайын ба?
Еркек. Көр құтқарады!..
Әйел. Аузыңа келгенді айта бермеші! Тек жан-тәніңмен қалауың керек, ақымағым. Жан-тәніңмен. Ол да сөйтуі керек. Сонда бәрі ойдағыдай болады. Бәрін өзгертуге болады, Леша, егер қимылдасаң! Мен саған жәй бір мысал айтайын. Мен ОТК-да тексеруші болып жұмыс істеймін. Ал жаңа бастығым, ОТК-ның бастығын айтам, мені жақтырмай-ақ қойды. Түк шықпады. Жұмыстан кетуден басқа жол жоқ. Бірақ фабрикада істеп жүргеніме он жыл болды – бәрін танимын, бәрі мені таниды... кете алмаймын! Содан қайттім де? Жұма күні, демалыс күнінің алдында, бардым да айттым: «Анна Захаровна, ертең екіде біздікіне келуіңізді өтінемін. Сізбен бір әңгіме бар. Өмір мен өлімнің әңгімесі. Келмесеңіз – өмір бойы бармақ шайнап өтесіз». Келді... Түскі ас әзірлеп қойғам, бір жарты алдым. Менің пәтерімді өзің білесің, айнадай. Сырт киімін шештім, айттым: «Етігіңізді шешіңіз, менің пәтерімде бәрі жалаңаяқ жүреді – өзім де, балам да, қонақтар да, қыста да, жазда да». Ол таң қалды, бірақ жалаң аяқ тырпылдаған ұнады. Бірден бастықтан әйелге айналды ғой. Дастарханға отырдық, бір-бір рюмка іштік, сосын айттым: «Міне, Анна Захаровна, сіз мені жақтырмайсыз, бірақ мен туралы ештеңе білмейсіз. Мен өкпелімін. Сосын сізге бар өмірімді айтып беруге ұйғардым. Мен секілді әйелді жақсы көруге бола ма, жоқ па – аржығын өзіңіз шешерсіз». Дедім де туғанымнан бастап баяндай жөнелдім. Әкемнің маскүнем болғанын, шешем қандай сұлу болғанын, қалай күнелткенімізді. Бәрін, бәрін... Петр туралы да, онымен қалай тұрғаным туралы, бірін қалдырғам жоқ. Әңгімемді аяқтап едім, ол ағыл-тегіл жыласын кеп. Сосын енді ол өз өміріне көшті – онда да баршылық екен. Сол күні біздікіне қонып қалды, бітті – жау едік, таңертең фабрикаға қолтықтасып бірге бардық! Ұқтың ба? Қаласаң, бәрін өзгертуге болады. Қашан бәрі орнынан келе қалар екен деп күтіп отырудың қажеті жоқ... бірдеңе істеу керек! Күлме, ақымақ. Сен онанда мынаны айтшы: өмірде нені армандайсың? Өмірде қанша тырыссаң да қолың жетпей жүрген бірдеңең бар ма?
Еркек күледі.
Әйел. Шын айтам. Қане, ең ұсағынан бастайықшы. Айтшы, баяғыдан армандап жүрген бір нәрсе? Киім болса да?
Еркек. Білмеймін.
Әйел. Сен ойланып көр!
Еркек. Барқыт шляпа. Міне, мына күртеме.
Әйел. Демек барқыт шляпа. Әйелің саған барқыт шляпа алып беруге тырысуы керек! Басқа да армандарыңды айт. Айталық, бір жаққа барғың келетін шығар?
Еркек. Камчаткаға. Әке-шешемнің туған жері ғой, Камчатка... өмірі көрмегем...
Әйел. Демек, демалыстың бірін Камчаткаға арнайсың. Әйелің соны жоспарлауы керек. Бұның бәрі орындалады, Алексей! Қызың мен күйеуін де ерте шықсын. Сенің олармен араласқың келеді, рас қой?
Еркек. О безгек ондайға жол бермес...
Әйел. Қайда барар дейсің.
Еркек. Мен оны білем ғой...
Әйел. Көнеді! Мен саған тағы бір мысал айтайын. Өзімнің Петрімді Втикаға жолатқым келмеген кез болды. Кездестірмеймін, бітті! Бірақ білем – ол ұлын жақсы көреді, тиын-тебенін аяйды, бірақ жақсы көреді. Ал мен жаңағындай деп шешітім! Витяны әкесіне қарсы қоя бастадым. Сөйтіп жүргенде оның үшінші әйелінен хат алдым. Білесің бе, Леш, қандай ғажап хат, қандай сөздер, еңкілдеп жыладым ғой. Ақыры Витьканы оларға қысқы демалысқа жібердім. Ол келіншек Витькаға жақсы қараған, маған үш банка саңырауқұлақ жіберіпті, Витька онда өзін қалай ұстағанын, не ішіп, не жегенін, қайда жатқанын... бірін қалдырмай есеп беріп, хат жолдапты! Витька қазір де сонда, әкесінде... демалыс лагерінде деп мен сені алдай салғам. Ол сонда. Бір айға кетті. Көрдің бе, қалай? Кез келген мәселені адамша шешуіге болады, Леш! Егер шын қаласаң...
Еркек. Сонда... сен осындай түсінігі мол жан болсаң... Петр неге сені тастап кетті?
Әйел. (ауыр күрсініді). Қазір ғой, осындайға айналғаным, Леша – ол мені тастап кеткен соң. Мен оған түскі асқа бір сомнан беретінмін, бір тиын да артық емес! Ал қазір, құдай ақы, күйеуге тиейінші – айлығының бір тиынын да сұрамаймын!.. Леша, күртешеңді арқама жапшы... жаурап қалдым.
Еркек. (түрегеліп, күртешесін шешіп, еппен, әйелдің иығына жабады. Аялай). Вера, жүрші қайтайық...
Әйел. Асықпа. (Күртешенің жеңін киеді.) Леша, тағы қандай армандарың бар?
Еркек. (күледі). Бүгін түнде сенің пәтеріңде жалаң аяқ шауып жүргім келеді!
Әйел. (құйрығынан бір тартып). Ал машина мінгің келмей ме?
Еркек. Вера, жетер! (Орындықтан бірнеше қадам шегініп, әйелге арқасын беріп тұрып алады.) Күтіп тұрмын сені!
Әйел. Ммм, айтшы... машина керек пе?
Еркек үндемей қояды.
Әйел. (Туфлиін аяғына сұға салып, түрегеледі, еркекке жақын барып, арқасынан құшақтайды.) Мен шын сұрап тұрмын, ақымағым... керек пе?
Еркек. (бет-аузын тыжырайтып). Ал жарайды, керек делік!
Әйел. Демек, ол да болады! (Еркекті қайтадан орындыққа тартады.)
Еркек. Вера, жоқ, кеттік!
Әйел. Бес минут отыра тұрайық, сосын кетеміз. Бес-ақ минут. (Еркекті орындыққа отырғызып, өзі оның тізесіне отырады.) Ал машинаның жарасы жеңіл, Леша. Егер сен айына 400 тапсаң, әйелің шамамен 200 – барлығы 600 бе? Былай істеуге болады, жартысын – тығып қоясың. Өзің есептеп көр – жылына 3600. Екі жылда – машина! Сондықтан, Лешенька, үйленіп жатсаң (оны қасқа басынан сипайды) бір тілім қағазға өзіңнің арман-тілектеріңді түгел тізіп қой. Әйелің біліп жүруі үшін. Оны сосын айнаның бетіне шаптап қоясың. Ұқтың ба? (Еркектің тізесінен орындыққа құйрығымен сырғып түсіп, еңкейіп, оның балағын түре бастайды.)
Еркек. Бұның не?
Әйел. Тыныш... (Еркектің аяғындағы шұлығына үңіліп қарайды.) Бәсе, біздің фабрикада тоқылған. Осыннан сатып алдың ба?
Еркек бас изейді.
Әйел. Келер жолы шұлық аларда «№9 тексеруші» деген этикеткасы барын ізде. Сол мен! Ұқтың ба?
Еркек. (түрегеліп, оны қолынан тартады). Тұр, № 9 текусеруші. Тұра ғой! (Әйелді тартқылайды).
Әйел. (түрегеледі). Тек, Леша, есіңде болсын – біз қазір барамыз, бірақ сен менің пәтеріме кірмейсің.
Еркек. Не? Сен не, есің дұрыс па? Неге?
Әйел. Жазаң сол... мені танымағаның үшін.
Еркек. (бар энергиясымен). Вера! Доғар! Жатақханаға баруға кеш болып кетті! Түсінесің бе? Сен не?
Әйел. (мұңайып тұр). Ал сен неге мені бірден танымадың? Қалай ғана ұмыттың, қалай? Сенен қандай жақсылық күтуге болады? Мен не сонша тез ұмытылатын адаммын ба? Онда ұмытылмайтын кісіңді тауып ал!
Еркек. (орнынан атып тұрып, қайта отырады. Даусын жұмсартып). Вера, енді… Солай болып қалды. (әйелді қолынан ұстап) Маған оңай дейсің бе, осылай болғаны? Сенімен өткізген күнім есімнен кетпейді...
Әйел. Керек емес, керек емес, керек емес! Жолама маған! (Еркектің қолын қағып жібереді.) Бұған суретімді тықпаладым, ойлағам ғой – соған қарап таныр деп. Сен ол суретті көргенсің. Қабырғада ілініп тұрған.
Еркек. Вера, енді… Мүмкін ақыл-есімде кемістік бар шығар... әдейі істегем жоқ қой... Жаным, өтінем сенен, мені бүгін қалдырмашы, өзіңмен ала кетші... Мен... мен... сен қай жер десең, сол жерге жата кетем... еденге болса да... Түсінесің бе, Вера... ол күні... қалай айтсам екен саған... ол кезде екеуміз екі жаққа кетіп бара жаттық, бір-бірімізді байқамай қағып кеттік те, ары қарай өз бетімізбен кете бердік. Қазіргі жағдай мүлдем бөлек қой?
Әйел. Бөлек болса қайтейін? Бөлек болса қайтейін?
Еркек. Бүгінгі жолығуымыз тағдыр, Вера. Бүгін бірдеңе болды, бірдеңе басталған секілді. Бұл жайдан-жай емес. Ол кезде ештеңе болмаған, бүгін болды. Ол кезде екеумізді сайтан жетелеген болатын, ал бүгін құдай. Шын айтам. Неге сен және мен, және тап бүгін, тап осы сағатта, тап осы саябаққа келдік? Ал, неге? Қалай түсінбейсің, бұл тағдыр?
Әйел. Мен бұл саябаққа күнде келем, түсіндің бе? Ал кездескен себебіміз – мен өзім жақындадым. Сен мына жарық жалғанда Вера деген біреудің барын есіңе де алмас едің. Сен мен отырған орындыққа таяп келдің. Әнебір аққұба келіншекке! (Қытығына тие сөйлеп) «Бүгін жаңбыр жауар ма екен, жаумас па екен?» Мен оның қасында отырдым ғой. Ал сен байқаған да жоқсың... далаға қарағандай сүлесоқ кете бердің. Мен сені таныдым да соңыңнан ердім. Ал, саған керегі тағдыр болса!
Еркек. (дереу даусын құбылтып, ашулы мақаммен). Вера, саған өзі не керек? Кет десең, кетейін. Кетейін бе?
Әйел. Кет... Сен не, мені жай ғана шығарып сала алмайсың ба? Бір рет?
Еркек. (ашулы). Вера, мен ересек адаммын! Менің табытта қалай жату керегін үйренетін кезім болды... ал сен болсаң менімен мысық пен тышқан ойнамақсың! Турасын айт: кетейін бе, жоқ па? Егер мені үйіңе кіргізбесең, онда кетем!
Әйел. Отыра тұр... Мен қазір келем.
Еркек. Не?
Әйел. Бір жерге баруым керек.
Еркек. Сосын?
Әйел. (түрегеледі). Сосын... сол! (күледі.)
Еркек. (әйелді өзіне тартып, тізесіне отырғызады. Сүйеді. Сүйіп отырып сыбырлайды). Вера, қонамын ғой? Ия?.. Қонам?.. Ия?.. Ия ғой? Қонам ғой?..
Әйел. (тартыншақтап). Қанша уақытқа келдің?
Еркек. Үш айға. Бір-ақ апта өтті.
Әйел. Ары қарай не болады?
Еркек. Қай мағынада?
Әйел. (қатқыл, нық үнмен). Іссапар дегенді доғару керек, Леша. Нүкте қой. Екі ай менімен тұрасың, сосын өз қалтаңнан екі күн демалыс алып Қазанға ұшасың, арыз жазасың, жұмыстан шығасың, сонымен бітті. Тіпті бармай-ақ қоюға да болады, айтпақшы – паспортыңды салып жібересің, сені өздері шығара салады. Уақытқа үнем.
Еркек. (сәл абдырап қалды да). Жарайды. Бірақ мен саған ескерттім, Вера... менімен өмір сүру оңай емес.
Әйел. Көреміз. Витькасыз жарты ай тұрып көрейік. Ол келген соң ары қарай да көре жатармыз...
Еркек. Витканы уайымдама. Өзіңді ойла.
Әйел. Сен өзіңді ойла! Ұқтың ба? (күледі, еркекті құшақтап, сүйеді)
Сол құшақтасқан күйі орындарынан тұрып, сүйісе береді.
Әйел. Жібер... мен тез.
Еркек. Бірге барайын ба?
Әйел. Жолды таба алам! (еркектің қасқа басынан шөп еткізеді де, жүгіре жөнеледі.)
Еркек жалғыз қалды, ұзақ күтті. Қараңғылық қоюлана түсті. Бақтың бұл отырған түкпірінде адам жоқ. Ол сағатына қарағыштап, уайыммен күрсінеді, өз ойына өзі ұрлана жымияды. Темекі тартады. Ойлы жүзбен орындықтың ана басына бір, мына басына бір шығып сенделіп жүреді де қояды. Кенет бойына бір күш құйылғандай болды. Қолмен, аяқпен жаттығу жасады. Темекісін орындыққа қойып, қолмен тұрмақшы болады. Құлап түсті. Түрегеліп, үсті-басын қақты. Темекісін алып, орындыққа шалқайып жатты. Темекі түтінімен шеңбер жасамақшы еді, онысынан ештеңе шықпады. Ысқырып махаббат туралы әлдебір әуенді ойнай бастады. Вера пайда болады – көңіл-күйі күрт өзгерген: баяу басып келеді, шаршаңқы, сөмкесі соңында (жерде) сүйретіліп қалған, жүзінде қайғылы жымиыс бар, тіпті жыларман күйде. Әйел орындыққа таяйды.
Еркек. (ысқыруды доғарып, атып тұрады). Болып қойдың ба? Тұп-тура солдат секілді жылдам... Көңіл-күйің жоқ қой? Тағы сол, сені танымай қалғаным есіңе түскен шығар? (жымияды.) Кірпіш әкеп берейін бе? Қайда лақтырып ең? (жан-жағын тінте қарайды.) А, әне екен ғой! (сусағын нұсқап көрсетеді.) Алып келейін бе? (Күледі.) Анекдот айтайын ба? Біздің турист қалай Парижге барғаны жайлы...
Әйел жабырқап әлі тұр.
Жалғасы бар...
Бөлісу: