Әкемнің соңғы марапаты... 

Бөлісу:

09.05.2020 4214

Жеңістің 40 жылдығына 2 күн қалғанда біздің үйге әскери  комиссариаттан екі адам келді. Біреуі майор, екіншісі лейтенант. Әкем ол кезде Алматыда «Алтай» шағын ауданында тұратын. Папама (әкемді біз папа деп өстік.) Ұлы жеңістің 40 жылдығына арнап медаль мен қол сағат сыйлады. Екі-үш айға созылған ауыр науқастан әкеміз төсек тартып қалған болатын. Майор жігіт әскери салт бойынша: 

«Қатардағы Гвардия жауынгері Теменов жолдас! Сізге Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арналған сыйлықты табыстауға рұқсат етіңіз!» Ол қолын шекесіне қойып орысша тақ-тақ етеді.  Папамыз дірілдеген саусақтарымен сағат пен медальді қолына алды.  Кішкене қораптағы жарқыраған сары медаль жарқ ете қалды.  Әкем сағатты жастығының жанына қойды да,  медальға ұзақ қарады.  Бір сәт көзі жасаурап,  иегі кемсеңдеп кетті.   

«Рахмет.  Рахмет айналайындар!»  - деген.  Бұл әкеміздің көзі тірісінде алған соңғы марапаты болатын.  4 күннен кейін әкеміз дүниеден өтті.   

Дүние жүзілік Ұлы Отан соғысында 70 миллион адам қаза тапса,  соның ішінде Совет одағынан 24 миллионнан астам солдат шейіт болған екен.  Соның ішіндегі сорақысы Германияда соғысқа немістердің 12-ақ пайызы қатысса,  Қазақстаннан 24 пайыз қатысқан.  Яғни әрбір төртінші Қазақстандық әскерге алынған екен.  Сталиндік жүйе кім-кімді де аяған жоқ.  Әсіресе Орта Азияда,  соның ішіндегі қазақтарды аяусыз оқ пен өртке айдап салды. Соғысқа кеткен 1,5 миллион қазақтың тең жартысы оралған жоқ.  Және кімнің қалай,  қай жерде жерленгені әлі күнге белгісіз.  Иә, 100 ге жуық қазақ Совет Одағының батыры болды.  Ал белгісіз батырлар қаншама?! Ол тек көк аспан мен Аллаға ғана аян.  Әкеміз Досымғали төрт ағайынды еді. Олардың үшеуі соғысқа қатысты.  Ең үлкен ағасы Қасым соғыстан келген жоқ.  Із-түзсіз. Тіпті қара қағаз да келмеген.  Ал әкеміз майданнан мүгедек боп оралды.  Бір көзі,  екі саусағы жоқ.  Сосын басында шүйдесіне таман тыртығы болатын.  Контузия алған.  Ал кіші інісі Нури соғысты полковник дәрежесінде аяқтап,  1945 жылдан бастап Украинадағы Ивано-Франковск қаласында 25 жыл бойы әскери комендант боп істеген болатын. Өткен ғасырдың 70 жылдары Қазақстанға келіп, кейін осында дүние салды.

Бізде не көп, мейрам көп... Жаңа жыл, 8-март, Халықаралық әйелдер күні, 23-февраль Совет Армиясының күні, 1 май, 7 қараша т.т. Алайда папамыз үшін ең үлкен мейрам 9-май жеңіс күні болатын. Сол күні папамыз ақ көйлек, қара галстук, қара костюм-шалбарын киіп, кеудесіне орден-медальдарын тағып, аудан орталығы Шелектегі, қала берді ауылдағы Парадқа қатысатын. Және сол кезде біздің ауылда соғысқа қатысқан үлкен кісілер көп болатын. Клубтың алдындағы мінберден ардагерлер сөйлеп, музыка ойнап, ел-жұрт мәз-майрам болатын. Әсіресе соғыстың соңғы солдаттары бір жасап қалушы еді. Сосын олардың біразы, әкемнің сыйлас-жолдастары біздің үйге жиналатын. Себебі біздің үй нағыз орталықта орналасқан. Май айы-біздің ауылда өте жылы, тіпті кейде ыстық болатын. Сондықтан да олар үлкен үйге емес, есік алдындағы жазғы верандыда отырушы еді. Апам тамағын дайындап, бауырсағын пісіріп, етін асып, әбден әбігерге түсуші еді. Олар сол күні қасқарайғанша отыратын. Ұзын-сонар әңгіме-дүкен. Соғыстағы күндерде есте қалған оқиғалар, кім қалай қайда шайқасты, кім қалай жарақат алды, бәрі сол күні айтылатын. Сосын олар ән шырқайтын. Мен алғаш рет «Ех, дороги» әнін сол майдангер кісілерден естігем.

«Ех, дороги пыль да туман

Холода тревоги да степной бурьян».

Алғашында бір-екі дауыспен жарықшақтанып шыққан ән бірте-бірте жоғарылап ашық та айқын естілетін… Біреулері көздерін сүртіп, естеріне өткен жастық шақтарын алып қамыққандай күй кешетін. Иә, олардың көбі жылаушы еді. Өйткені әр майдангердің, әр солдаттың өз тарихы, өз тағдыры, өз құпиялары бар-тын… Әкемнің қасындағы біреуінің аяғы жоқ, біреуінің қолы жоқ майдангерлер ащы судан тартып-тартып жіберіп, келер жылғы 9-майға аман-есен жету үшін көтеретін.

Бүгінде біздің ауылда сол майдангерлерден ешкім қалған жоқ. Бәрі-бәрі өмірден өткен. Өйткені соғыстың зардабы да, соғыстан соңғы қиын күндер де оларға оңай тиген жоқ. Ел ішіндегі кедейшілік, жоқшылық, жетіспеушілікті сол майдангерлер 70-жылдарға дейін көрді. Ол майдангерлер бертін келе елмен бірге естерін бір-ақ жиды. Алайда Ел қорғаған есіл Ерлердің тағдырлары оңай емес. Өкінішке орай Мемлекет оларға қамқор бола алмады. Мен 1991 жылы Америкадағы Гавай аралында кинофестивальге барғам. Бұл аралдар жердің жұмағы деуге болады. Тынық мұхитының солтүстік жағында орналасқан. Климаты тропикалық жанға жайлы. Қай кезде де туристердің рахаттанып демалатын жері. Көкпеңбек табиғаты, ақшағала толқындары, ұзыннан ұзақ көз жетпейтін жағажайлары есіңде мәңгі қалады. Түркия, Египет, Тайланд, Индия аралдары сияқты жұрт көп бара бермейтін ерекше мекен. Мен барған соң көп ұзамай 7-желтоқсан күні Жапонияның Америкаға, яғни Перл-Харборға соғыс ашқанына 50 жыл толған еске алу шарасы болды. Аралдың көшелерінің бәріне полицейлер қаптап, екі күн бойы Гонолулу өзгеріп шыға келді. Әр көше, әр үйде Американың жалауы желбірейді. Американың Президенті Джордж Буштың өзі арнайы ұшып келді. Сонда мені таңғалдырғаны Перл-Харборға қатысқан майдангерлердің парады. Бәріне бірдей әскери киім тігілген. Қалың нөпір халық, теледидардан естідік, 7000-нан астам адам қатысқан екен. Алдыңғы он қатарда коляскада отырған кәрі солдаттар, және әр қатарда 20-25 тен адам бар. Бәрінің үстінде арнайы тігілген ең жаңа әскери киім, бастарында беретка, қолдарында жалауы, арттарында оларды итеріп келе жатқан, ақ-қарасы аралас жап-жас америкалық матростар. Одан кейін тіп-тік әскери маршпен өткен майдангерлер. Кеуделеріндегі орден медальдары, жап-жаңа формаға жараса түскен. Таңқалдым... Қызықтым... Қызықтым да қызғандым... Мемлекеттің ұлылығы, майдангерлерге деген құрмет міне осы шығар дедім ішімнен. Ал, бізде бәрі басқа... Өкініштен-ақ өзегің өртенеді. Иә менің әкем де, дәл солардай соғысқа қатысып, оқ пен өрттің ішінен жараланса да, аман оралған адам. Татар дәм тұзы бар екен. Соғыстан кейін 40 жыл өмір сүрді. Үйлі-жайлы болды. Өмірге біздер келдік. Қазір ойлап қарасам, шүкіршілік екен. Мен бала кезімде әкем жайлы кейде қиялдап кетуші едім. Ақыры соғысқа барған екен, неге Берлинге жетпей калды? Неге Рейхстагка менің папам ту тікпеді? - деуші едім. Иә соғысқа қатысқан солдаттардың бәрі, Жеңіспен оралып, Берлинге барғысы келді. Бәрі де аман-есен елге оралғысы келген. Алайда өмірдің де, соғыстың да өз заңы бар. Соғыстың негізгі амалы, мақсаты дұшпанды қырып-жою, өлтіру. Қарсы беттегінің де ниеті осы. Тек адам өлтіру. Мен мұны кейін есейгенде ғана білдім. Сол қанды қырғыннан яғни бейбіт тұрғындарды қосқанда 70 миллион адам шейіт болғанда, сол Майданнан аман-есен келудің өзі де Ерліктің бір белгісі екен. Біздің ауылда соңғы 15-20 жылда жақсы бір дәстүр пайда болды. Ол 9 майдан кейінгі әр жексенбіде ауылдағы азаматтар бейіт басына барады. Сол жерде қой сойылып, әруақтарға құран бағышталады. Оған менде барып тұрам. Жалғыз емес, әкемнің немерелерін бірге ертіп барам. Құран оқытып, бет сипап қайтамыз. Әкеміз жарықтық соғыс жайлы көп айта бермейтін. Оның үстіне мен үйден ертерек он жасымда интернатқа кеттім. Кейін оқу, одан соң жұмыс, содан тағы Москвадағы оқу, сонда қалу, Москвада кино түсіру. Әкемнен ажырап кеткен екем. Есімде қалғаны папам соғыс жайлы 9 майда майдандас серіктестерімен қалғанда ғана айтқан екен. Онда да біз балалықпен үйге бір кіріп, бір шығып әкемнің айтқанын дұрыс тыңдамаппын да. Бірақ бір эпизод есімде қалыпты. Жеңіс күніне папамызды мектептегі кездесуге шақырған. Мен сол 1-ші 2-ші класстамын. Барам да қайтам деген әкеміз, кешіккен. Үйге қонақтар келді. Апамыздың кіші сіңілісі Гүлжан апа мен күйеуі Оспан ағамда келген болатын. Апам "Тез келсін, үйге қонақтар келді" деп мені смс қып жіберген. Алып-ұшып мектепке бардым. Мектеп біздің үйден алыс емес. Ұзын коридорда ешкім жоқ, оқушылар сабақта сияқты. Алға қарай әкемді іздеп жүре бергем, бір кластың есігі сәл-пәл ашық, іштен таныс дауыс естіледі. Есікке жақындап кеп, құлағымды тосып тыңдасам, папам соғыс жайлы, майдандағы болған оқиғаларды айтып отыр екен. Класстағы балалар жым-жырт, бәрі ұйып тыңдаған. әкем сөйлеп жатыр. Қасында мектептің директоры- Шаяхмет ағай, сосын тағы бір-екі мұғалім ұйып қалған...

«Күн қатты суық... Басымнан, маңдайымнан аққан қан тоқтар емес. Байлаған бинтім қайта-қайта көзіме түсе береді. Қасымдағы жаралы командирімді көтерейін десем, зілдей ауыр, әйтеуір бір кезде шинелінен тартып сүйрей бердім. Қайда бара жатқанымды да білмеймін. Әйтеуір долбарлап артқа қарай келген ізімізге қарай жылжи бердім. Түн тас қараңғы…» Мен дұрыстап тыңдайын деп есікті сәл ашып едім, бажылдауық есік боздап қоя берді. Папам менің келгенімді байқап қалды.

- Не болды? – деді есікті ашып.

- Апам жіберді. Үйге қонақтар келді. Оспан ағалар. Асы – Сағадан кепті – дедім.

- Қазір. – деп әкем ішке қайта кірген. Мен сыртқа шықтым да тосып тұрдым. Бір кезде барып папам көрінді. Директор айтқан соң кездесу болды -деді.

-Әәә – дедім мен: - Сосын папа, сен кімді сүйреп шықтың? Қайдан?-дедім. Шын мәнінде соғыс жайлы айтпайтын әкемнен білгім келді.

- Ә... – ол менің командирым ғой. Керток деген… Хохол болатын – деді әкем. – Екеумізді содан кейін Москваға госпитальға жіберді. Біз Москваны Волоколамскіде қорғадық қой… Ол қатты жараланды. Москвада оны басқа госпитальға, мені басқа госпитальға жіберді. Біздер 120 адамнан үш-төртеуміз ғана қалдық. Бәрі қырылып кетті…

- Ол кісі қазір бар ма? – дедім.

- Кім білсін,-деді папам күрсінгендей. Тірі ме, өлі ме? Бар ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ тірі болса, мені іздер еді… Бірақ кім біледі? – Әрі қарай әкем де, мен де үйге дейін үнсіз бардық.

Папамыз жарықтық ақ көңіл, ақжарқын, елгезек кісі болатын. Өмірінде біреудің ала жібін аттамаған. Апам айтып отыратын. Соғыстан соңғы қиын жылдар. Аштық. Папамыз бірде есек арбамен шөп шабуға барады. Күні бойы шөп шауып, түнделетіп келе жатса, бір бұтаның түбінде бірдеңе ағараңдайды. Қараса бір мешок жаңа орылған бидай екен. Әлгі бір қап бидайды арбаға артып әкеміз совхоздың конторына бір-ақ келген. Ұйықтап жатқан қарауылды оятып әлгі бір қап бидайды конторға тастап кеткен дейді. Міне, не деген адалдық, не деген тазалық… Мен үйден ерте он жасымда кеттім. Әкеміз ауылдағы оқудың, білімнің сапасын білгендіктен бізді, інім Абат екеуімізді Қаратұрық мектеп-интернатына жіберді. Ол интернат сол кездегі Республикадағы ең озат, ең үлгілі мектептердің бірі еді. Мектеп директоры – Молдаш Ізбасаров соғысқа қатысқан бір қолы протез қатал кісі болатын. Әкем екеуі аудандағы Парадта танысып кейін аралас-құралас боп кеткен. Ал, мұғалімдері – өте білімді, сыпайы, нағыз интеллигент кісілер болатын. Әсіресе класс жетекшіміз Шакен Ерназарова болса, химиядан Тоқан Шадаев, әдебиет пен қазақ тілінен Дәріш Болатханов берді. Ол кісі Мұхтар Әуезовтен дәріс алған өте білімді ұстаз болатын. Сабақтан тыс әдебиет пәнінен басқа, бізге суретке түсіруді сол кісі үйретті. Алғашқы «ФЭД», «Зенит» секілді фотоаппаратттарды сол Дәріш ағайдан көрдік. Сол кісіден үйрендік. Өмір бар жерде өкініш қатар жүрмек. Папамыз біздің ер жетіп адам болғанымызды көргенмен, Азамат болғанымызды көрмей кетті. Әкем қайтқанда мен әлі Москвада оқуымды аяқтамаған едім. Бірақ бір оқиға есімде. Мен алғашқы курстық фильмімді Алматыға келіп түсірдім. Он минуттық "Шаңырақ" деген кино. Көшедегі машиналарды түсіруге, арнайы машина береді. Ол- Чайка. Кәдімгі полютбюроның мүшелері ғана мінетін машина. «Қазақфильмде» ол кезде 2-3 ғана Чайка болатын. Жүргені сезілмейді, шайқалу деген жоқ. Камераны үстіне қойып түсіре бересің. Сол "Чайканы" бізге бір күнге берді. Сьемка ертерек біткен, ол кезде мен «Қазақфильмде» жатақханада тұрам. ГРЭС жақта соңғы кадрларді біткен соң, жолдан үйге соғып папамды алдым. Әкем мен келген соң қуанып кетті.

-Папа жүр біздің үйге барайық. Әдейі алып кетуге келдім.- дедім. Әкем асығып-үсігіп киініп, далаға шықты. Мен әдейі үндегем жоқ. Ол мені такси ұстайды деп ойлаған болар. Мен Чайканың артқы есігін аштым да " Папа отыр. Осымен барамыз- дедім. Әкем аң-таң. Не отырарын, не отырмасын білмейді.

- Апырмай а, апырмай а. Мынау Қонаевтың мінетін Чайкасы ғой- дей берді.

-Отыр папа, енді сен мінесің- дедім. Чайканың іші кең, әкем жарықтық мәз-мәйрам балаша қуанған. Терезден далаға қарайды. Есіне сонау бір кездері түскен секілді.

Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығы. Қазір карантин, ауыл тұрмақ, Астанадан Алматыға бару қиын. Алайда осы Ұлы Жеңіске менің де қатысым бар секілді. Себебі менің әкем сол сұрапыл соғысқа қатысқан жан. Майданға қатысып солдат болған. Мейлі Берлинге барып, Рейхстагқа ту тікпесе де, мен әкемді мақтан етем. Өйткені папам сол соғыстан, жараланса да аман-есен келген кісі. Және әкеміз өмірде біреудің ала жібін аттамаған, адал болатын. Және өмір бойы жарқын күндерді аңсаумен өткен. Иә менің әкем осындай, қарапайым ғана қатардағы солдат болатын... Қазір басына бара алмасам да, іштей ғана:

- Папа! Жеңіс күні құтты болсын деймін! Папа, бұл сенің жеңісің ғой! Осы жеңіс мәңгілік болғай деймін! Жеңіс күні құтты болсын ағайын!!!

Құрметпен Талғат Теменов.

Бөлісу:

Көп оқылғандар