Светқали Нұржан. Ей, есті жыр – ескі жыр…

Бөлісу:

23.05.2020 8768

Ертпей кетті жаңа ағындар жаныққан,

Еремін деп мен де елпілдей қойғам жоқ.

Есенғали.

(Е.Раушанов шығармашылығы жөнінде бір пара сөз)

«Бісміллә» – сөз басы!.. Бұл Сырды айту керек пе, өзі?.. Осынша жыл іште сақтадым ғой, не де болса, айттым. Фазылы кең Жаббар жарылқар да: он жетіге аунаған жасым-дүр, мен түсімде Жәннатты көрдім! Қатарынан екі рет!.. Оның әсерін айту, еш мүмкін емес, оған қызыл тілдің шама-шарғасы жетпейді. Ал әсерінен айығу, тіпті, қиын болды. Дүние де, ішкі кеңістігім де мүлде жасаңғырып кеткен. Күнделікті «советтік өмір салтымен» ғұмыр кешіп жатқан өлішәрдегі тоғышар жұрттың тірлігі менің жан әлеміммен тіпті қабыспайды…

Ерте көктем еді. Өзің – бозбала, өзің Сөз-Шалық дертіне айықпастай шалдыққансың. Ал ондай жанға ерте көктемнің салқынының қалай әсер ететінін, ей, білсе еді мына жұрт?! Ол салқыннан – түсімде көрген Жәннаттың иісі бұрқырап тұрар-ды; Рухым – қалыпты өмірге сия алмай шырқырап тынар-ды. Жан уә ділді – иісі, түр-түсі бөлек сәруар үнді бір әлем баурап алды;

талай түндер

жез білезік

Айға қарап

жер тіреп,

жоқ айқын жол,

түзді кезіп,

сай жағалап

тентіреп,

жауған жұлдыздар астында жаурағам-ды…

Сөйтіп жүріп алыстан мұнартқан Алматыға да аттандым. Ұшақтан түссем, алдымда көгілдір таулардан бөлінген алып жақпардай болып Кекілбаев тұр! Әрине, мені күтіп тұрмағаны белгілі, бақсам, жұбайы – Клара жеңешем менімен бір ұшақта келген екен. Қайткенмен де алғашқы а р м а н с а п а р ы н а аттанғанымда алдымнан Өз Топырағымнан жаралған Сөз Иесінің шыққаны оң ырым, түзу ишара-тын. Әрине қасына батып бара алмадым…

Немересін ертіп Алматыға қыдырып келе жатқан Зердебай ағай Бегарыстанұлының (М.Ғабдуллин, М.Мағауиндердің еңбектерінде ауыз әдебиеті нұсқаларын жинаушы ретінде жақсы лепеспен аталатын құрметті ұстаз) селбеуімен туысы – қазақтың тұңғыш түркологы Ғұбайдолла Айдаровтың шаңырағына түнеп (бұл да тегін болмаса керек), «КазГУ-городоктағы» ілкі салынған №8-жатақханаға да жайғастым-ау… Бұл бір түсімде екі мәрте көрген ғажапқа жетпесе де өңімдегі бейіш еді! Қоспасыз халал сөзім бұл!

Жастықтың жазғы жұмағы «КазГУ-дің қалашығында» Тазалық атты ұғым салтанат құрып тұрған шақ-тын ол кез. Бағыма орай, шын ұлтшыл жігіттер мен қыздар жолықты… Арада қудай парлап қанша жылдар өтсе де сол жаздың әсері жүрегімді әлі көріктей қыздырады. Жігіттер – ғылман, қыздар һүрге айналған бір қасиетті қас-қағым-тын…

Алайда адам жұмақта жүріп те өзінің «тозағын» сағынатын хәл кешкенін естігеніңіз бар ма? «Шөлге үйренген қоңыр қаздың шөлін аңсап шөлдейтінін» пәмдеуші ек. Бірақ ол өз басыма келерін білмеппін. Сана түпкірімде «бейіштің» жұпарын «тозағымда» қалған жұртқа тезірек жұтқызғым, жұққызғым, өзім білгенді басқаларға да ұққызғым келетін бір аңсар да бар… Бұрын ауылдан шықпаған маңғыстаулық қос бозым – Ермек Аманшаев (болашақ драматург-шенеунік) екеуміз конкурстан бірге құладық. Бір орынға он екі адам таласқан қиян-кескі шайқаста жарты балл жетпей жығылдық. Әрине ол шақта (1979 ж.) советтік қоғамды жемқорлық індеті әбден меңдеген. Кейінгі Тәуелсіз мемлекетімізді, яки Қазақтың Рухани уә дүнияуи қазынасын үптеушілер мен тонаушылар сол қоғамда «стажировкадан өтіп» жатқан. Жоғарғы оқу орындарына, әлбетте, жоғары санатты КазГУ-ге өз біліміңмен түсу қиямет тірлік. Оның үстіне, «алыс облыстан келген», «малшының баласы» дейтін жеңілдіктер сол жылы алынып тасталды. Шынын айтайын, оқудан құлап қалғанымызға біз онша қайғырған жоқпыз, қайта елге қайтатын болғанымызға қатты қуандық! Шаң бораған аулымыздың әрбір итін де сағынып ек…

Сонымен, «Көктем-3»-тің алдынан квас алып, қуанышымызды «жудық». Киоскіде Фариза апамыз басқаратын сол кездегі біздің сүйікті журналымыз «Пионердің» (кейін «Ақ желкен») жаңа номері бар екен, Есентай жағасындағы көк шалғында аунап жатып парақтай бастадық. Айқарма бетке Есенғали Раушанов деген жас ақынның өлеңдері шығыпты. Бұрын-соңды кездеспеген соны сой. Есім-нәмінің өзінен мүлде бір алыс өлке, әлде бір шет қиянның тылсым сәулесі шағылысардай. Ал өлеңдерінің ілкі жолдарынан-ақ маған ты-ым-тым-м етене бір иіс бұрқ ете түсті! Ол ерте көктемде түсімде көрген Пейіштің жұпары сынды басымды айналдырып жібергені… Сәлден соң әлгі ғайыби мастықтан айығып, қайта оқи бастадым. Сөйтсем, мынау жұмбақ жырлардан бұрқырап тұрған – Маңғыстаудың иісі! Жалма-жан Ермекке: «Ей, мына өлеңдерден Маңғыстаудың иісі шығады!» деппін есіріктеніп. Ол журналды иіскеп көріп, мынаның есі дұрыс па дегендей, маған сезіктене қарап қояды…

«Махамбет өлгеннен кейін кеудедегі елдің Алдаш батыры қайта қол жинамақ болыпты» деп басталады бір жырдың «әлқиссасы». Сондағы қонақасы беруден аса алмаған, жігері жасып қалған өлісүйек елге қылар қайраны қалмаған батырдың аузынан қан атқылағандай болады:

…Келелі сөздің, кененім,

Парқына тағы жетпедің.

Күдері жігіт мен едім,

Күдіс ат беріп неткенің?!

…Өңшең бір тексіз тұр қаптап,

Бұларды мұнда кім жиған?

Көргенсіз қызың жыртақтап,

Көркеуде ұлың ыржиған!

Елдігі қайда бұл елдің,

Ермейді неге батырға?

Жатыр ма, әлде кілең құл

Билігі жетпей қатынға?!.

Маған ғана етене, маған ғана таныс бір атайы да атойы киелі үн көне ғасырлардың төрінен тапсынып бір сөйлесін! Мынау асқақ Рухтың алдында бүгежек қаққан нәсілсіз тобырдың өз замандастарым екенін де шырамытып отырмын. Махамбетті қапыда өлтірген «ықылас-жыланға» шығарылған Үкім Алдаш батырдың аузымен былай аяқталды:

Қарсы кеп кеше бәстесті ол,

Бастауға даяр соғысын. –

«Доспын» деп келіп бас кесті ол,

Өлуге тиіс сол үшін!..

Бұдан арғы өлеңдерден мені өлердей аңсатып жүрген көшпенді өмір басталады:

Заңымен ойшыл даланың

Жол-жолды жалғастырады.

Жабуын Ойсылқараның

Жазы кеп алмастырады…

Немесе:

…Үркер жамбасқа келді,

Жаздың жеткені ғой бұл…

Бастауын бағзыдан алған әлде бір алыс аңсар, таныс үміт, тылсым іңкәр, саранау саз, бабау сарын бойды баурап алып, үздіктіріп барады. Бұл әсердің түп тамырын сол мезетте тап басып тани алмасам да, мұның бәрі, әйтеуір маған хас, маған еншілі сезім екенін нәғайып бір түйсікпен шамаладым… Оның мен туған қасиетті қонысқа қандай да бір қатысы барын сездім. Осыдан бастап Есенғалиды іздеу басталды. Ол кезде байланыс қиын, ақпарат алмасу ақыреттің жолындай… Достарымызбен жазысқан хаттарымыз қияндағы қыстауға қанаттары талып, «еду, еду қашықтан» – ауызсу таситын «көкқасқалармен» айда-жылда бір келеді.

1980 жылы Қарамандыбастың таушықтарының арасында жылқы бағып жүргенімде Тұманбай ақын басқаратын біздің тағы бір сүйікті альманах «Жалында» мен іздеген ақынның бір топ өлеңі жарқ етіп жарияланды-ау. Жарияланды дегеннен көрі, көңілдің көгілдір көліне бір топ көгала үйрек қанатын сүйреп қонды десек, қалай?.. Өзім де «Алагөз» ныспылы қаракөк атты мамыр тойына қосқалы жүргем, «Қаракөк айғыр туралы баллада» дейтін жыр көңіліме таңбалана берді. Әлі жадымда, былай басталады:

Ақша бұлт ақ батсайы жаулық па еді,

Жұлқиды әйлеңкес жел әулікпелі.

Үйірде арқыраған қаракөк жоқ,

Құдайың беріп қапты-ау, сәурік торы…

Мұндағы «ақ батсайы жаулық», «әйлеңкес», «сәурік торы» сықылды сөздер тілі таңқыланып бара жатқан қазақ ұлтының Маңғыстау жұрты лексиконына етене болып қалған кез-тін. Жүрек тағы шым-м ете қалды… Балладаның орта тұсында мына шумақ кездесті:

Мәстегін басына ұрып, талға байлап,

Кей жігіт күрсіністі «арман-айлап».

Қамшыны қ а р а ш ө р м е тістеп алып,

Біз кірдік бір бүйірден андағайлап…

Өлеңнің осы жеріне келгенде мен бір шыжымның шетін ұстағандай болдым. «Қараш өрме» деген тіркес көп құпияның бетін ашқандай еді. Біздің елде Қараш атты ауыл бар. Олар, негізінен, шетінен діндар, ділмар, сом темірді судай сапыратын ұста-зергер, не бір сағана мола, сарыайшықты күмбездер салған, қара тасқа үн бітірген тамшы шебер, қу қарағайды жетім құлындай телмеңдеткен, төрде тартқан күйімен көлде құсын көлбеңдеткен күйші-жыршы, бәсі құр атқа бағаланатын сүйекбас құранды ерлер жасайтын ерші, түйенің көнінен тілінген тарамысты сым ішектей дыңылдатқан өрімші, ең бастысы, жер тамырын тап басып, саулы аруанадай идіріп, Маңғыстаудың қараойы мен ұлықырынан неше мың шыңырау қазған құдықшылар болып келеді. Талай шіліңгір шілдеде «Қараш қазған», «Қараш», «Қарашөлген» атты «жүзадым», «дүңгірлек» шыңыраулардың кәусарларынан мейіріміз қанған. Әрине іс кімнің қолынан шықса, ат та соған таңылады. «Қараш қақпан», «қараш кетпен», «қараш қырықтық», «қараш сандық», «қараш өрме қамшы» деген атаулар бізге бала күннен етене. Менің бұл «зерттеуім» ақынның тағы бір жарияланымдағы: «Анам маған айтады Маңғыстауын, – 360 әулие күңіренген…» деген жолдарын оқығанда тиянағын тауып, тыңғысына жеткендей болды.

Сөйтіп бір сәтті күні, Маңғыстаудай бәйгілі даланы артқа қалдырып, Алматыдай әйгілі қаланы бетке алдық. Қоймай жүріп ҚазМУ-ге оқуға түстік. Сырттай оқитындардың сессиясы кезінде қасына Қанат Тәкебаев деген досын ерткен Есенғали ағамызбен де жүздестік. Болжамдарым алдамапты, ол, шынында, 30-жылдардағы аласатта бабакүлдіктен ауып кеткен Қараш аулының перзенті болып шықты. Советтік таңбалауға салсақ, «банды адайдың» зәузаты. Әулиелі атамекенін айта беретіні заңды екен, анасы Атам Бекеттің бес ұлының бірі Жайлаудан тарайтын софы шалдардың ұрпағы Қамауқызы Әуехан апамыз көрінеді. Ағамыз сол түні өз өлеңдерін емес, әкесінен үйреніп қалған «Көкмойнақтың үйірі» жырынан үзінділер оқыды. Маған: «Бәйімбет палуан деген кім?» деп сауал қойды. Ес-ағаң айтқан оның ұзақ жырының соңы былай аяқталады:

Тұреке ишан-тақсыр-ай,

Сізден де туған мақсым-ай,

Асылың әми болғасын

Ғаламға түсті сәулеңіз.

Шарапаты үшін халықтың

Жәуперді жауға сермеңіз…

Сізден хабар күтулі

Қаршыға құстай талпынып

Мойынды бұрып тұрамыз.

Өнеге болғай жұртыңа,

Алладан нәсіп мұраңыз.

Бұл бәйітті басқарған,

Кеудесін ашып ақтарған

Бәйімбет палуан құдаңыз…

Осы бір ғана үзікте қанша тарих бұғып жатыр. Әлбетте, Тұреке ишан-тақсыр – Шопан атаның қасындағы Қызылсуда мешіт-медіресе ұстаған Сарбекұлы Тұрмағамбет ишан (Тұреке қазірет), ал «тақсырдан туған мақсым» – қазақтың тұңғыш геолог-ғалымы, тағдыры шым-шытырық талқы мен тәркіге толы Оразмағамбет әулие. Оларға осы жырды арнаған ақын-жырау, би, софы, үш мүшеліне шейін тізесі жер иіскемеген палуан Бәйімбет Телеуұлының өзі неше хикаят-кеңеске арқау болар әйдіңгір тұлға-тын…

Уақыттың дәл сона біз кешіп жатқан кезеңінде кешегі Кеңшілік, Жұматай, Темірхан, Иранбек, Жарасқан, Ұлықбек десе тақ тұратын жырсүйерлер енді Есенғалиға есі кете бастады. Жастар әр сөзі мен ісін көзапара аңызға айналдырып кете барды. Оның журфактағы еркеболмысты жас таланттарға теміртікендей қадалатын «темір-декпен» шарпысуы (сәл нәстеге қитыққан ол дәріс үстінде: «Раушанов, сен қай жерде пәтер жалдап жатырсың?» деп сұраса керек. «Ташкентскийде», – деген жауап естіген әбден бетімен сөйлеп лақуаланып кеткен әлгі: «Қолыма сыпырғы алып, сені «Ташкентскийдің» бойымен қуалап отырып, Ташкентіңнен бір шығарам!» демей ме?! Сол кезде «шамданса шалқасынан түсер» шәлкес шайыр бабадан қалған «қорамсағындағы» қандауыр-жебелерді боратып бір жіберсе керек!); жап-жас басымен сол кезеңде «қарағайға қарсы біткен бұтақтар» санатындағы Тоқаш Бердияров, Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Өтежан Нұрғалиев сынды сүрейлерге үйір болуы; Жаз.Одақтан 37-38-жж.-дан кейін тұңғыш рет «қызыл жағалылар» алып кеткен ақын екені; Иіржарда бір «жұлдызиықты» жендеттің басына графин «кигізіп» жібергені де біраз кештің жәрмеңкесін қыздырған кептер еді… Бұл әңгімелердің қайбірінде азды-көпті қоспа болуы мүмкін, алайда Амал жұлдызы туғанда тоңды сөге жеткен «жеті тоғыстың әуіріндей» тал бойында ескі уә есті сарындар айқұшақ қапқан саңлақ сойлы тарпаң талантқа деген елдің ерен ықыласы, «бәгөрнайы басқа, тойнағы бөлек» ерді аңсаған пейілі жатырғаны шын-ды…

Хош, сонымен, Есенғали поэзия әлеміне не деп келді? Ол сонау Сыр бойында, Келінтөбе қолатында: «Бапкердің өресі тар болса, атқа кеңдігі неге керек кер даланың?..» – деп, Қаракөк атпен көкпар тартып жүрген бозбала шағының өзінде:

Бейбіт, мөлдір аспанның нұрын емген,

Айықпайсың неге осы мұң-реңнен?

Анам маған айтады Маңғыстауын,

«Үш жүз алпыс әулие» күңіренген! – деп, ата да қоныс Маңғыстауға деген қастерлі сағынышын көкірегіне құндақтап бағыпты.

Ол орда бұзған 30 жастарында ататопырағының астана- табалдырығынан аттады.

Бекеттің бел жайлауы жоннан әрі,

Көсіліп Ащыағар сай ол қалады.

Бейнеуде қойтасы көп қорым жатыр,

Бейіті біздің елдің сол болады!..

...Жеке боп, ауыл болып, халық болып,

Хат болып, хабар болып, табыт болып,

Босқан ел атажұртқа оралуда,

Туған жер таңын ерек жарық көріп, – деп, қаймағыңды сыпырып кеткен, қормалыңды үпіріп төккен алапес кезеңдер мен жұлыныңды емген жылым жылдардың аза-жырын айта келді!

Ең әуелі:

Құдық қуып, құм кезіп, дара қонып,

Шаһар көрмей өскен ел далада өріп.

Күндік жерден күмбезін жарқыратып,

Жатыр, міне, өлген соң қала болып, –

деп, Маңғыстаудың үстүрті мен қараойындағы Өлі қалаларға сәлем берді. Сол-ақ екен: «Найзаның емес, қашаудың Құдіретін дәріптеп, көз алдыңа алып кеп тарихтың бедер-бейнесін, архитектор Маңғыстау өз тіліңде сөйлесін» кеп!.. Кәпірлер ту алып – енесінен зәрдек емген; кісәпір қоғам орнап – күллі кие мен қасиетіңді көрге көмген; зарлық мұрат өлгелі – пернелерден, барлық шырақ сөнгелі перделерден мүлгіп тұрған көне күмбездер күңгірлеп, сазарған сартас сағаналарға жан бітіп, зариғауып қоя берсін!

...Бойын түзеп даланың құр атындай,

Балуанияз керіліп тұратындай.

Құлпытасты бір шетке лақтырып,

Сүйінғара ақырып шығатындай!..

Шыны керек, бұл жырларды оқығанда бексауытты баһадүрлер мен аймауытты аламандар бес қаруы күлдірлеп шың ернегінен «сонадайдан тозаңытқан, жүрегіңді қобалжытқан» киелі қараойға қарай самсап үңіліп тұра қалғандай әсер берді!

Сол-ақ екен, қазақтың немесе түркінің ғана емес, күллі адамзат Рухының шырқау да шыған шыңдары болып қалған Жыраулар поэзиясының Киелі сарыны, мынау – тоталитарлық тепкіден түйтеленіп, кенеусіз езгіден күйкеленіп қалған түкті топырақ, құтты атырапта қайтадан бабаурап бір жөнелсін!

Ал ол Сарынның Түп Бастауы қайда еді?

Пайғамбар (с.ғ.с.) айтқан: «Менен кейін ақындар келеді» деп...

Сәлем бер шеменді орда, шерлі есікке,

Бар еді төрт қабырға сол мешітте.

Бір қабырғасы – ұят,

Бір қабырғасы – иман,

Бір қабырғасы – обал,

Бір қабырғасы – сауап,

Төрт дос бар жеткеніңше жер бесікке, – деп келетін, шүңейт шындықтарға бастайтын шумақтардың бастау-көзі сол Хақ кәламы мен шырын-хадистерде жатқан жоқ деймісің?!

Қазір Көне Шығыс елдері туралы ойлана бастасақ, көз алдымызға сақалдары кіндіктеріне түскен, шолақ балақты, қолдарына автомат ұстап, белдеріне бомба байлаған зәрлі көз кісәпірлер елестейтін болыпты. Бұл да бір дәуірдің жұты. Бірақ күллі адамзаттың есін жиғызып, етегін жапқызған Ұлық Ислами ілімнің соңғы уәли өкілдерінің бірі, Арыстан шал Л.Толстойдың өзі қаржасып көріп шайқастан басын шайқап шыққан пәкістандық шайыр Икбал Лаһуридың бір туындысын былайша қалыптап ем:

Ей, пенде,

Құдайдың жұпар иісі бар сенде!

Құшағын ашты Жар,

Жүректі қан, кірпікті жас шылар...

Өртенсең ышықтан шырқырап,

Сол иіс бұрқырап –

Ғаламды мас қылар!..

Міне, 70 жыл бойы құдайсыздықтың қара батпағында тұншыққан Рух, сәтті сағат соққанда, жанартаудай ытқыды! Осынау өліні тірілтетін, тіріні жүгінтетін Құдайы иіс Есенғали жырларынан бұрқырай шығып еді! Біздік пайым, Есенғали поэзиясының Бүгін – қадірлейтін, Ертең қастерлейтін ең басты құндылығы осында деп біледі! Ақынның Әзірет Сұлтан Ясауи туралы тұтас хикая-жырлар шоғырын жазуы әсте тегін емес...

Түк-түк-түк...

«Шықсаңызшы жер төледен!»

Баладай бабасына еркелеген.

Ұрады тұмсығымен молда торғай,

Есігін Ясауидің ертеменен.

«Шықпайсыз, Әзірет баба, үйден неге,

Сөйте ме Тәңірді адам сүйгенде де?» –

Күнімен шарқ ұрады, алқынады,

Кішкентай оттан көйлек киген дене.

Таранып паң,

Атады ағарып таң.

«Бармысыз, үйдемісіз? – деп сұрайды ол. –

Жұрт кеп тұр Машырықтан, Мағарыптан».

Ей, бұла құсым,–

Сен әзім Түркістанның тұмарысың.

Қой, енді босқа алқынба,

Бар деміңді ал,

«Үйде» жоқ бабаң сенің – ұғамысың...

Мен осынау төрт ауыз жырдың алапат астары мен ғаламат қатпарын ашпақ болып қанша рет қауырсын қаламыма жабыстым екен?! Бірақ жеме-жемде не қоршаған қоғамнан қаймығам, не алқаған адамнан айбынам, әйтеуір, тәуекел ете алмай-ақ қойдым...

Жүрегіңнің үстінде жатқан қауырсын қаламның салмағынан ауыр не бар екен?! Менің мұным тоң кетпей тірілмейтін топыраққа беймаза көңілмен үңілген, кетпеніне сүйенген бағыбанның тірлігіндей іс болса керек. Үмітсіз емеспіз, ол күнге де көп қалған жоқ. Мұз да ерір, сең де жібір, тоң да кетер, – Шын гүлді егетін шақ сонда жетер! Айт-Ман, қаламыңды сапта, сақта, – Арамтер елден бұрын болма бекер... Ал ол гүлдің аты «имани гүл» болса керек... «Имани гүл» егілсе, «имани нұрға» да, «имани бостанға» да жетерміз...

Әйгілі Хорхе Луис Борхес Омар Һәйам мен Фицжеральдті тұтастырмақ, туыстырмақ болады. Мен оған ергізде келісе алмаймын. Одан гөрі бұл жерде Батыс пен Шығысты мүлде бөлек қарастыратын Редьярд Киплингтің көзқарасы ақиқатқа жақын. Омар Һәйамдай әулиенің иләһи дүниетанымын сайтани әлеммен қотыштырып жіберген, сол арқылы адамзат қауымының тұтас бір бөлігін мүлде алжастырған Эдвард Фицжеральдтің күнәсі тым ауыр. Мүмкін ол Жаратушы Иенің алдында бұл күнәсі үшін БББ-мен бірге жауап беріп жатқан да шығар... Әлбетте біздің Құдайдың ісіне араласуға хақымыз жоқ, бірақ ілкі болжам жасауға пенде шіркін қашан да құмбыл. Біздікі де сондай пиғылдан шығып жатқан ойлар.

Есенғали Құдайсыз қоғамда өсіп түпбастаудан ақи-тақи ажырауға жақындаған ұлтына құбыладан жауған «амалдың ақша қарындай» әсер етті. Кейде Үш қиян елінде наурыздың басында «жусанның бас жарары» дейтін бір шаңды дауыл соғады. Содан бір жеті өте, 14 наурыз – Амал, яки Ұлыстың ұлы күні әлгі айтқан ақша қар жауатын. (Не нышан бұл, ол қар жаумай кеткелі де көп болыпты-ау?..) Ол жауғасын ыс пен күс басқан дүниенің дені тазарып, реңі кіріп жүре берер-ді. Дәл сөйтіп ақынның «Бердәулет пен Жоламан», «Біз Гагарин қаласынанбыз», «Сарыөзен», «Ғайша бибі», «Аспанға көшіп кеткен ел» сынды поэма-дастандары қарабайырланып қалған, «бар ынтасын ақырда сынап» «қой-торыланған» ұлттық сананы мүлде соны өрістерге алып шықты. Қазақтың көкмойнақ-дастандарының «Құлагер» мен «Күйшіден» кейін шығай маңып, шығына шапқан шағы еді бұл! Егер еліміз, шынымен «рухани жаңғырамыз» десе, осы дастандарға, әсіресе, «Ғайша бибіге» қайыра бір үңілуі керек еді... Бірақ қайдам?..

Бұл көлемді шығармалардағы көркемдік шешімдер, образдар галереясы, сөз құнары, мифтік-мистикалық астарлар ғалымдар мен сыншылар тарапынан недәуір сөз болғаны ырас. Әсіресе талантты ақын һәм ғалым Ж.Әскербекқызы Е.Раушанов шығармалары хақында «Көркемдік өріс» атты толымды монография жазды! Бұл кейінгілер бұрылмай өтпейтін ерекше еңбек екені даусыз. Оны оқып шыққан Ә.Кекілбайұлы: «Кітапты оқығанда бір Тәңірге тән сақилықпен жаратылған әлемет әлемнің мәні мен әрін айнытпай жеткізе алған ақынның құдіретіне тамсансам, оқып біткесін – соның бәрін бес саусағындай біліп, өзгелерге де ұқтыра алған сыншының сұңғылалығына сүйсіндім», – деп таңдайқаталанған. Ал біздің бұл жолғы талабымыз ақынның барлық сыр әлемін аралап шығу емес, усулы (тамыры) мен тұрғыларын шамалап көрсету ғана болмақ.

Шынында да Есенғали поэмаларының тынысын тыңдай алған адам: Орқұн, Керулен, Талас бойындағы қара тастарға жыр қашаған Жолдықтегін, Тоныкөктер қашауының сыңғырын; Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбеттердің шәлкес сарындарын; мұңды қиян Маңғыстаудың көне қобыздай күмбездерінің күңгірін; «сәруар Пірдің басшысы» Әзірет Сұлтан мен нағашы атасы «сәруар Пірдің соңы» Бекет бастаған әулиелердің мүлгін түн, мұлғын тұман перделерін дар-дар жыртқан шырақтарының діл лүпілін; Үш қиян бойын шаңдатқан Абыл, Махамбет, Нұрым, қарт Қашаған, Мұраттардың дабылдарын; берідегі «жыр-құлагер» Ілиястың екпіні мен тепкінін қатар естірі хақ. Ғылымдағы х р о м е с т е з и я сияқты үннің, дыбыстың, сөздің түр-түсін, бояуын ажырата білер сұңғыла жан табыла қалса, Есенғали поэзиясынан сандаған ғасырлардың бояулары мен кескіндемелерін тауып алар еді. «Неліктен осындай мазмұн осындай дыбыстарды талап етеді екен?» – деп А.Потебня айырқанғандай, ақынның сөздерді саралауы, образдарды даралауы, музыкалылығы мен «сөз арасын бөтен сөзбен былғамайтын» үнем (боссөзділіктен адалық) тек зергерге тән өлшем мен балгерге тән түйсікті талап етері сөзсіз. Ол бағы құнарларды қайта тірілту, ескірген ұғым, көне сөздерді ұйқыдан ояту арқылы (қайта тірілген әрбір к ө н е л і к семік шала бастаған тамырларға жаңадан жан бітірері шүбәсіз. Ақынның өзі айтпақшы: «сұлу тілдің астарында ұлттың рухы жатады») Ұлттың іштей түлеуіне өлшеусіз қызымет атқарды! Қазақстанның ішінде де, сыртында да Есенғали поэзиясынан мәйектенген тұтас рухани әлем қалыптасқаны бүгінде басы ашық шындық. Міне, осы шындықты мойындаған сәттен бастап Юрий Лотманның: «Ақынның тілін өзге тілді зерттегендей зерттеу керек, оның ақындық қасиетін сонда ғана танисың», – деген пікіріне бой ұрмауға әддің қалмайды. Бірақ біздің ғылымның әл-әзір оған шарғасы жетіп жатқан жоқ...

Ақынның кесек те кескекті шығармаларындағы образдары ғана емес, шағын балладалары мен лирикасындағы кейіпкерлерінің өзі бұрын бізге құсни сөз бейнесінде кездеспеген соны құбылыстар. Есенғали кейіпкерлері Ө.Нұрғалиевтің «Соғыстың соңғы жазында» сомдалған бейнелермен «аталас» болғанмен, оларға атымен ұқсамайды. Өтежан персонаждарының дені әбден сорлап-сілелеген, титықтап-тұралаған қауқарсыз міскіндер болса, бір парасы әпербақан – ұрда жық, кісіліктен жұрдай әупірім болып келетін. Ақын солар арқылы басқыншы империялардың езгісі кешегі соншалықты асау да арда, иманды да мерт жұрттан қаншалықты көр-құлыпты бейбақ, қор құлықты көрбақтарды жасап шығарғанын әшкерелеп еді!

Ал Есенғалидағы «таныс-бейтаныстар» мүлдем басқа. «Жаман ырым бастап», итсигек шауып жатқан экспедицияға қарабас көртті бауырлап, дауылдап тигелі келіп, олардың осынау қасиетті қоныс туралы бір ауыз жылы сөзіне сылқ етіп, шежіре айтып кететін Түркпенбай шал; ертегі кейіпкеріндей қайықшы Дәуімшар; «от алмаған моторды жіппен ұрып» жүретін Ермұхан; Теңдік шал; әскердегі ұлы Элиста жақтан қалмақтың қызын алып келгенде, қалмақ қызынан туған бабасы Ер Сүйін (Сүйінғара) есіне түсіп тебіренетін Дауымбақ қария; «Сүгірдің желісінен сүре тартқан» айдынның қоңыр қазы болса да көңілі жарым, перзентсіз Абылғазы мен жұбайы Ақтеңге; аламанға ат қосардың алдында Ақсандал тұлпардың тұқымы сары атпен серттесетін Шәрбән сейіс; қырғыздан келген құдашадан қырқай жеңіліп отырған ауылдың жігіттеріне өкпелеп ауырып қалатын Рейім ақсақал; көзі ілінсе болды, фашистермен «шайқасып» шығатын капитан Байдашев; Кенбай ұста; кешегі өткен ер бабасы Шабайдың бүгінгі «еңкейіп масақ тергеннен» басқада шаруасы жоқ тәнжіп кеткен ұрпақтарына қарап қаралай күйзелетін Әждүрлі қарт пен оның ақырғы үміті Өтежан бала; жазықсыз сотталып, кейін қалалық болып кетсе де даласын қия алмайтын жылқышы Тәліп; «о дүниеге жарық беруге» кеткен моторшы Мұқи; Төребек сушы; қайымай қалған қара мая мен түскеніне жыл өтсе де белі жуандамай қойған кіші келінді қатар уайымдай беретін Бәлшен кемпір; «туған ауыл» деген тақырыптағы шығармадан «екілік» алып оқудан құлап келген, бірақ туған ауылын өлердей сүйетін Мұратберген; өзегінен жаралмаған өгей баласына емешегі үзіле еміренген Көркембай ақсақ; жұртқа қылған қайырының қиуазы қайтпайтынына ренжіп, бірақ қайтадан қалай жақсылық жасап алғанын байқамай жүретін Шарапат, Қанағат шопырлар; қос басына «шайын әкеп, шекерін тастап кеткен», күйеуге қашпаққа ауаланып жүрген «тәйтік қыз» Айтан, оның әкесі – жалғанның өтпелілігі жайлы жалғыз әннен басқаны білмейтін, «алдарынан өтіп» келген құдаларға да еш айбар-қайраны жоқ Боқан, неше заманнан бері ел ауып, жер ауып бөтен өлке, бөгде жұртта күн кешсе де батасыз байға қашып кеткен қызына қаһарланып, сүйегі сонау Сисем атада жатқан Сүйінғара атасының көк жаңғыртқан даңқы мен жер күңіренткен әруағына сүйеніп, өрлік пен елдіктің, тектілік пен бегзаттықтың шебін қорғап тұрған Боқанның жұбайы Сара; кетпеніне ілінген қу басты «баяғыда Сырда өлген» өз бабасының басы деп иеленетін Диқан ата; ылғи той-жиында «моласыз ел» хақында жұмбақ айтатын жынды Аманхан, Молдабай бизнесмен т.б. сынды образдардың бәрі қазақтың жұтаңдап бара жатқан көркемдік әлемін айырықша айшықпен байытқан соны да бедерлі бейнелер еді. Бұлар көркем образдар болғанмен, негізінен өмірден алынған кейіпкерлердің көбінің өзі немесе ата-тегі маған таныс. Алайда олардың маған етенелігі «таныстығынан» емес, тұңғиық пен тым биіктен қосылатын туыстығынан. Қай-қайсысының бойында да дүбір еңсеген тектілік, мәуріті туса, буырқанып шыға келетін ерлік пен өрлік, нәмарттық атаулыға өлердей өш мәрттік пен жомарттық заманын күтіп бұғып жатқанына еш шүбәланбайсың. Ұлттың қанша залал мен зауал ұрса да, тіпті, тоз-тоз қылып атакүлдігінен аударып жіберсе де байрағы жығылмайтынына, қаймағы төгілмейтініне, айбары қашпайтынына сеніп, шүкір етесің...

Есенғали бұл жетістіктеріне тоғайрап қалған жоқ. Бұдан кейін оның шын кемелдену дәуірі басталған. Түпбастауға оралуға («возвращение к истокам») тәсілім ету, әулиелердің сыр әлеміне сүңгу, көк түріктер өткен тарнау жолдардың мың қатпар құпияларына бойлау, қазақ кешкен тарғыл соқпақтардың сан-сапат шиқымандарының шындықтарын ашу – оны Ұлт ақыны деңгейіне көтерді. Ал Ұлт ақынына айналу – сол ұлтпен бірге жасау деген сөз. Мәңгіге! Оның кейбір жоба-нұсқаларын жоғарыда там-тұмдап айтып кеттік. Топырақтан тысқары болсақ, келешекте бұл тақырыпқа қайта айналып соғарымыз анық...

Ақын неге екенін қайдам, әңгіме үстінде, сірә, сөз өнерінің кепиеті мен кірпияздығын, оны тұяқкешті ғып малшылай беруге болмайтынын тәмсілдейтін болса керек, өзінің қатарластарынан аз жазғанын көп айтады. Алайда ол қалам тартпаған әдеби жанр кем. Қаламынан тамғанның бәрі – зада. Прозасы бір бөлек әлем. «Нұрдан жаралған» романы мен әңгімелері әлі сыншылар назарынан тыс жатыр.

Жазылғанына қаншама жылдар өтсе де әлі күнге сахналауға бір режиссердің (ішінде Мәмбетов-корифей де бар) тәуекелі жетпеген «Нұқ пайғамбардың кемесі» драмасы мүлде бітімі бөлек дүние...

Канаданың Э. Сетон-Томпсонынан да, «орыс табиғатының жыршысы» М.Пришвиннен де нұсқасы бөгде, натуралист М.Зверевтерге де сорпасы қосылмайтын, құсни жырдай оқылатын – қоршаған сұлу ғалам, табиғат жөніндегі, құстар әлемі, жыл мезгілдері жайлы танымдық мақалалары Рух-Адам-Табиғат және Ұлт тамырындағы бағзылық атты қасиеттердің жиынтығы, яки Сұлулық пен Үйлесім поэзиясы!

Есенғалидың соңғы шыққан «Амал деген айыңыз» атты жыр жинағы ерек талдауды талап етеді. Ал әдебиет пен өнердің ұлы тұлғалары, алдындағы ағалары хақындағы эсселері мен мерзімдік БАҚ беттерінде жарияланған сұқбаттарының басын құраған кітап, міне, алдымда жатыр...

Бірде классик жазушы Төлен Әбдік Есенғали ақынның Бунин туралы мақаласын оқып қатты тәнті болғанын айтқаны жадымда. Әсіресе, осы мақаладағы Чехов шығармаларын ұшалап-мүшелейтін жеріне тіпті басын шайқады. Әрине Төкеңді тәнті ету тым қиын іс. Бұл, шынында, әдебиетке айырықша дайындықпен келген, оны дүниенің үр-ағзасын, адамзаттың қан-қанасын, Ұлттың діл-санасын тазартатын Киелі Бастау деп ұғып, бастау көзді кез келген шөп-шөңге, күл-күбірден аман сақтауға ғұмырын арнаған жанкештінің ғана қолынан келер ерлікке барабар іс. Эссені оқып отырып, ақынның орыс әдебиетінің «күміс дәуіріндегі» аса ірі тұлға И.Бунинді қаншалықты сүйетінін, оның «жалғыздық» дерті мен өз бойындағы ж а л ғ ы з д ы қ арасында тым тереңнен туысатын нәзік байланыс барын сезіп қаласың.

Ал орта ғасырдағы Шығыстың ұлы суретшісі Кәмелледин Бекзат жайлы мақаланы әфсана-дастан деп атаса қасағайым келердей. Онда шығыстағы сұңғат(живопись) өнерінің тағдыры мен тұлғалануы да, іңірттегі тарихымыздың күбірткелі құпиялары да, бағзы мен бүгін арасындағы телғабыс шындықтар да, ақындық жүректің толқынысы мен толғанысы да айқұшақ қауып, тылсым әлемге айналып кеткен...

Заманында өзбек халқының «тірі ұстындарының» бірі саналған Ғафур Ғұлам жайлы эссені өз басым лирикалық поэмадай қабылдадым. Ғұламның «ебірей тегі» туралы сырды сыздықтай тартып отырып, ұлы жүректі адамның адамұлына жаттығы жоқ екенін сыбызғы үніндей сырмайлап жеткізеді.

Жоғарыда «жалғыздық» жайлы айтып қалдық. Ақын күллі болмыс-бітімі жұмбаққа толы Тәкен Әлімқұлов туралы мақаласын «Жалғыздық жыры» деп атапты.

Бірде Ақтаудың беймаза күзінің бір күнінде ол маған Бердібек Соқпақбаевтың «жалғыздық әлемін» сыр қылып айтқан. Ол кезде қасіретті қаламгер тірі. Сөз соңында елеусіз ғана: «Түбінде мен де Бердібек құсап кетпес пе екенмін?..» – деп қалды. Есенғали жалғыздығын мен бір кісідей түсінетін сияқтымын, бірақ ол туралы оның өзі айтсын, сол дұрыс: «Діні де, тілі де, тіпті ділі де басқа-басқа осы алыптарға ортақ бір жәйт – олар барып-барып Жалғыздық деген таудың етегінде табысып жататын. Алда-жалда Тәкен туралы сөз болса мен оны Жалғыздық туралы жыр деп қабылдауға дағдыланғалы қашан. Түптеп келгенде көркем әдебиет дегеніміздің өзі Жалғыздықты жырлау емес пе?..» Бұл жердегі Жалғыздық шайырдың бірде шамырқанып жазған: «Басқаны былай қоялық, өзіңді, қу қарақан басынды қорғап, ар-ожданыңды кірлетпей, жасқанбай, бүгілмей, бүгежектемей, ұрламай, ұрыға ермей, қарының сойылын соқпай, ұрыға тілемсектенбей, ұрыға сұрамсақтанбай өмір сүргің келеді», – деген ұстанымынан да гөрі шүңгілдеу. Асылы, тұлғаның жалғыздыққа берілуі – Құдай-Жалғызбен жолығуға немесе оған сіңіп кетуге (хас руханияттағы «фәна-филлаһ» мақамы) дайындық болар...

Оның күллі шығармаларының – шағын лирикаларынан бастап, эпикалық, прозалық, драмалық дүниелерінің, тіпті, эссе-мақалаларының да көкөзек-күретіні – жалғыздық. Құдайи жалғыздық. Ол жұпар жаңбырлы Сырбай мен «партия уставының емес, Ардың құлы» болып өткен – м э т р Қуан-ағаң хақында қозғасын, «Нұқ пайғамбардың жақыны» – матрос Тоқаш көкесі мен ақберен Ғафу туралы толғасын, сыршыл Сағи мен мұңшыл Тұманбай, дегдар Нұрмахан мен кербез Қалдарбек, сыпа Жұматай мен әулие Жүніс жайлы жазсын – бәрінің де өзегінде өттей тырнап Абылдың «Абылы» мен Ықыластың «Ерденінің» шер-күйігі бабаулайды да тұрады... Ол, бәлкім, енді, «келеден бөлініп қалған ақбас нар» Тахауи мен Сүлейменнің Асқары туралы жазатын болар. Ол жолы Қазанғап пен Сүгірдің күйлерін тыңдап барып қауырсын қаламға қол созатын шығар. Өйткені олардың да саз-сарындарын мәңгілікпен жалғап тұрған тін – киелі, қамырықты, қастерлі ж а л ғ ы з д ы қ емес пе?!..

Эссе жанрындағы Есенғалиды батыстың әдеби портрет шеберлері Андре Моруа, Стефан Цвейгтерімен немесе орыстың толып жатқан эссеистерімен салыстыруға әсте келмейді. Болмайды емес, келмейді! Өйткені ол барлық нәрсеге қазақтың көкей-көзімен қарайды, төл рухани дүрбісімен барлау жасайды, өз ділімен пәтуа береді немесе ө з і ң е қалдырады.

Бұл туындыларды оқыған, «аспанның асты мен болмасам бос қуыс болып қалар еді» деп батпансып жүрген талайлар бұдан кейін қоржындарының – бос, қорамсақтарының қуыс екенін сезіп айылдарын жиюлары әбден мүмкін. Ақында осындай сұс пен сес болмаса, күллі дүние күлдібадам болып кетпей ме?! Тажал таптап, Йәжуж-Мәжуж қаптап, күніне мың сан бәлекет балалап жатқан осына 1-ақырзаманда осындай ақынның болғанына да шүкір етейік...

Зайыры, егер шығармашылық иесі «ақын» деген титулды арқалап жүруге ылайықты болса, оның өз заманы жайлы, келешек кезеңдер туралы толғанбауы, ырқынан тыс болжамдар айтып қалмауы беймүмкін. Ақынның қолымыздағы эсселері ғана емес, сұқбаттарында да бұған сан қатпарлы, мың астарлы мысалдар бар. Оның бәрін тізбектеуді бұл жолы жөн көрмедік. Тек қана оның: «Әзіргінің бәрі – әлқисса, – Шиыршық атқан шымыр сөз – Шын қиссаға кірісер, – Қыл арқанды үзген күн», – дегеніне сүйеніп, біздің де бұл әңгімеміз «әлқисса» еді демекпіз...

Есенғали сонау 86-ның желтоқсан қырғынынан соң былай деп еді: «Мінген де аты қарагер ме екен, сұр ма екен, – Кешікті наурыз, кешікті менің нұр-көкем. – Алатау атам неге үндемейді, жоқ әлде соңы қайырлы боларын біліп тұр ма екен?..» Иә, бұл жолы да сол желтоқсанның 16 жұлдызында алаңға шығып теңдік сұраған қазақ қырылып қалды! Бұл жолы да... жоқ, бұл жолы жау басқа жақтан келген жоқ: өз қандастарымыз, өз мемлекетіміз қырғынға ұшыратты!.. Бұл жолы да наурыз-көкем кешігіп жатыр. Алатау да, Отпан тау да үнсіз... Соңы қайырлы болар: қазақтың қасиетті қаны тегін кетпейтін еді ғой...

Есенғали соңғы сұқбаттарының бірінде: «Маған сеніңіз, бізді Ұлы өзгерістер күтіп тұр, көп қалған жоқ, аз ғана шыдаңыз, бәрі басқаша болады!» – депті. Әрине, сенеміз. Әбіш ағасы айтқан: «Бір Тәңірге тән сақилықпен жаратылған әлемет әлемнің мәні мен әрін айнытпай жеткізе алған құдіретті ақынға», Ене құрсағында жатқанда-ақ аузына періште түкірген Пір Бекеттің жиеніне сенбегенде ше!..

12.03.2020 ж.

Қошқар-Ата – Көздіойық қонысы

Маңғыстау уәлаяты.

Бөлісу:

Көп оқылғандар