Жақсылық Қазымұратұлы. Айна
Бөлісу:
(Әңгіме)
– Ажар, ана жігіт саған қайта-қайта жалтақтап, қарағыштап өтті, – деді, бет-ауызы ісініп, көзінің асты көкжілімденген Қалман әбден кір сіңіп майланған ескі күрткесіндегі жаңбыр тамшыларын қағып жатып.
Жапырайған қарағаштың астында жауыннан тасаланып тұрған Ажар аяғын сылтып басып, жанына таяп қалған Қалманға сүлесоқ қарады да:
– Қалман аға, ол жігіт қызық үшін ғана көз қиығын тастап өте шықты. Келетін адамды мен де қапы жібермей танимын, – деді.
Ажар Қалманның денесінен мүңкіген қолқаны қабатын ащы иістен тыжырына қалды, іле онысын білдірмеуге тырысып, жаураған кейіп танытып, пальтосының жағасын көтеріп, танауын жапты.
– Жоқ, ол жігіт біраз уақыттан бері осы төңіректі айналсоқтап жүр. Әне, саған қайрылып қарап тұр, тез жүгір, – деді Қалман қуана дауыстап.
Ажар аяғын имене басып, қолшатыр ұстаған жігітке жақындап келді. Алдымен пальтосының түймесін ағытып, қып-қызыл юбкасының қара санына әрең ілініп тұрған қысқа етегін ақырын тартып қойды. Одан кейін жауын айғыздаған бетін алақанымен сүртіп, маңдайына жабысқан кекілін түзеді. Бар күлкісін жүзіне жиып, дауысын сәл жұмсартып:
– Жігіт, демалуға қыз керек пе? – деді, сөйтті де талдырмаш денесін жеңіл қозғап, қолшатырдың астына лып етіп кіріп, қолтығынан ақырын демеді. Жігіт қызға обырлана қарады, жүзі сәл күреңіткендей болды, ақырын жұтынды да:
– Иә, – деді күмілжіген кейіппен басын изеп.
***
Таң алакеуімдеп атып келеді. Перде арасынан ұрлана сығалаған сынық сәулелер, бөлме ішіне дендеп жайыла алмай, қабырғаны ғана жарықтандырып тұр.
Ажар төсегінің аяқ жағына ілінген айнаның алдына келіп отырды да, бетіне баттастырылып жағылған косметиканы сүрте бастады. Ол әр жолы «қонағын» шығарып салған соң айнаның алдына келіп сәл үнсіз отырады. Жұп-жұмыр мойынын ары-бері қозғап, бетіне үңіліп қарайды. Қасын кереді, көзінің астына түскен ұсақ-ұсақ әжімдерін сипайды. Содан соң шиедей еріндерінен бастап бір-бірлеп сүртеді. Тамағына дейін жағылған косметиканы түгін қалдырмай тазалайды. Әр жолы бет-ауызын сүртіп болған соң бойын болмашы үрей билейді. Кейде дірілдеген саусақтарымен ақырын алқымын ұстап, жеңіл жұтынады, көмейінен бүлк ете түскен болмашы ағысты қуалап қолы төмен сырғиды, уысы толатын қос омырауын жейдесінің сыртынан сипайды, кеудесін тіктеп айнаға қарайды. Кенет айнадан өзінің жалаңаш денесін көреді, селт етіп сәл шегіншектейді. Әлгінде көмейінен құлдай аққан болмашы бүлкіл енді кеудесін жарып жіберердей жоғары қарай ытқиды. Орнынан атып тұрып, жанұшыра ваннаға жүгіреді. Суық суды сарылдата ағызып ұзақ жуынады. Бетіне сіңіп қалған косметиканың иісінен бе, жүрегі айнығандай болып, бір-екі рет лоқсып, қылқынады.
Көзі қып-қызыл болып айнаның алдына келеді де, қолы дірілдеп асығыс бояна бастайды. Ажар мұндай түсініксіз сезімді жиі кешеді. Кейде айнадан әлдебіреу өзіне жымия қарап тұрғандай сезіледі, құлағына сықылықтап күлген кішкентай қыздың дауысы естіледі. Ондайда асығыс киінеді де, бөлмеден шыға жөнеледі. Сықылықтаған жұмсақ күлкі подъездің есігін қатты жапқанда сілтідей тынады. Көшеге шыға бере бойын билеген үрейден құлан таза айығады. Ештеңе болмағандай жапырайған қарағаштың қалқасында тұрып, өткен-кеткен еркектің қимылын бағады...
Бетін сүртіп тазалаған соң айнаға қарап сәл бөгелді. Кенет ойына «алғаш рет айнаға қашан қарадым екен?» деген сұрақ сап ете қалды. Ақырын жымиды, тағы да құлағының түбінен сықылықтап күлген кішкентай қыздың дауысы естілді. Бірақ бұл жолы еш үрейленбеді, әлгі қыздың бейнесін көргісі келгендей айнаға үңіле түсті.
***
Ажар жатын бөлмедегі үлкен айнаның алдында асыр салып жүр. Жайраңдап күліп айнаға жақындап келеді, сәл бұйра, ұзын сары шашын асығыс өреді, қайта асығыс тарқатады, сықылықтап күледі. Шашын төбесіне түйіп айнаға қайта қарайды, онысы өзіне ұнамай бұртия қалады.
Сәлден соң, айна алдында тұрған кішкентай қобдишаны ашып, қара қарындаш алып шықты. Қабағын ақырын түйіп қасын бояй бастады, құйрық жағы қалыңдау сезілді, сұқ саусағын түкірігімен дымдап, сүртіп еді, қара бояу айналасына жайылып кетті. Бұртиып айнаның алдына отыра қалды. Содан соң есіне бірдеңе түскендай орнынан атып тұрды да, төсектің астынан өкшесі біздей қызыл туфли алып шықты. Екі-үш рет қисалаңдап, жығылып жүріп әрең киді. Кібіртіктеп, ілгері-кейін ырғалып айнаның алдына келді. Ары-бері бұрылып қарап, сықылықтап мәз болып күлді. Шкафты ашып әпкесінің сары ала көйлегін алып киді де, екі мықынынан уыстап ұстап, сүйретілген етегін көтерді. Айнаның алдында шыр көбелек айналды. Тынбай сықылықтап күлді. Біраздан кейін, кеудесін қолымен басып, ентіккен күйі айнаға келіп сүйенді. Іле-шала денесі дір етіп, бойын ыстық жалын шарпыды. Бұлтиған анарын ақырын сипап тұрғанын сонда ғана сезіп, басын айнадан жұлып алды. Бетінің ұшында болмашы қызыл лып етіп сөнді. Сары қобдишаны қайта ашып, жүзіне баттастырып бояу жақты. Иісінен сәл тыжырынды. Енді ерінін бояйын деп айнаға үңіле бергенде, сырттан:
– Ажар, қайдасың? Тауық біткен огородта жайылып жүр, түгін қалдырмады деші, – деген шешесінің айғайы шықты. Тауықтардың қыт-қыттаған дауысы, тынымсыз сабаланған қанаттарының сусылы естілді. Ажар ерін бояғышты қалтасына салып, есіктің артына тығыла қалды. Шешесі әр бөлмеге үңіліп басын сұқты да, қайта сыртқа беттеді. Ажар да бөлмені асығыс жиыстырып тысқа шықты. Шешесі қызының айғыздалған бетін, толық сүртілмеген ерінін көріп жеңіл күрсінді, Ажар қып-қызыл болып жерге қарады. Іле шала екеуі де жеңіл жымиды.
***
Айнаның алдында сілейіп қанша уақыт отырғанын өзі де білмейді. Қалың перденің айналасынан анталап құйылған ащы жарық аядай бөлмені жарқыратып тұр. Қайтадан боянуға еш құлқы болмады. Неге екені белгісіз, осы бір ұялшақ жігітті шығарып салған соң, көшеге беттегісі келмейді. Жұқа халатының алдын түймелеп балконға шықты. Ауа сәл шытқыл екен. Бір тал темекі тұтандырды. Балконға төне түскен теректің сарғылт жапырақтарының арасынан саулаған күн сәулесінде ешбір жылу жоқ. Көшедегі жым-жырттықты аула сыпырған қарт әйелдің сыртылы ғана бұзады. Анадай жердегі қоқыс шелегінің басынан үш-төрт қаңғыбастың айғаласқан дауысы естілді. Бір-бірінің жағасынан ұстасқан күйі екеуі орындарынан сүріне-қабына түрегелді. Ажар олардың біреуі Қалман екенін таныды да көзін тайдырып әкетті. Темекінің ақшыл күлін ақырын үрлеп, құшырлана тартты, жіптей жіңішке түтін ауаға сіңіп жоқ болғанша көз алмай қарап тұрды. Жақын маңдағы мешіттен азан дауысы естілді. Ажар селк ете қалды, етегін қымтады. Болымсыз ыстық ағыс бойын шарпыды. Біраздан соң айналаны жаңғырықтырған азан баяулап барып үзілді. Ажар алақанын жайып, күбірледі де, онысынан өзі ыңғайсызданып қалды. Не істерін білмей сәл бөгелді. Ауыр бір затты уыстағандай қолды дірілдеп етіп бетін әрең сипады. Ішкі жақтан безілдеген телефонның дауысы естілді. Сіңлісі Айгүл екен.
– Неге телефон алмайсың? Үш қайыра хабарластым, – деді, дауысы қатқылдана. «Балконда тұрғам, естімей қалыппын» деп айтқысы келді де:
– Сонша не бүлінді, таң атпай іздейтіндей? – деді.
– Бүлінейін деп тұр, бүгін оқуымның қалған ақшасын төлемесем, емтиханға кіргізбейді, – деді ентігіп.
– Пәтерге келіп алып кет, – Ажар бұл сөзді соншалық сүлесоқ айтты, «қанша ақша керек?» деп те сұрамады. Айгүлдің сөзінің аяғын күтпей телефонды үзе салды.
Қалың пердені айқара ысырып, балконның есігін ашты. Көше жақтан көліктердің мазасыз сигналы, адамдардың дабыры анық естіліп тұр. Ыбырсып жатқан төсегінің үстін жинап, етегі қысқа белдемшелері мен биік өкшелі туфлилерін шкафқа салды. Айнаның алдына келіп қайта отырды. Көзінің астындағы әжімдері әрі көбейіп, әрі тереңдеп кеткендей сезілді. Ойына әлгі ұялшақ жігіт қайта оралды. Аты – Аманат, бұрын еш жерден естімеген өзгеше есім. Әр жексенбі сайын таңертең ерте келеді. Алғашқы күні Ажар бөлмені ішінен іліп, шешіне бастағанда өз-өзінен ыңғайсызданып тыпыршыды. Әлсіз шырақ астында анық көрінбеген әйелдің жалаңаш денесіне, жұп-жұмыр балтырына, жіп-жіңішке беліне, жинақы, дөңестеу бөксесіне, қаздиған омырауына имене қарап ақырын жұтынып қойды. Артық сөзі жоқ, ақшасын төлейді де, асығыс киініп бөлмеден шығып кетеді. Бір аптадан соң қайта келеді. Ажар Аманатты ақырын суыртпақтап сөзге де тарып көрді. Екі жыл бұрын Өзбекстаннан көшіп келіпті, қазір құрылыс компаниясында жалданып жұмыс істейді. Аманат көп сөйлемеген сайын, әр жолы көзін жалаңаш денеден алып-қашып қысылған сайын, Ажар ол туралы көп ойлайтын болып алды. Миын шеңбектеген ауыр ойдан құтылу үшін айнаға қайта үңілді. Әу баста беліне түскен бұйра сары, онан соң бұйрасы жазылып қараға боялған, кейін сары, ақыр соңында қиыла-қиыла қысқарып иығына жеткен қоңыр шашын артына қайырды, маңдайына жіңішке әжім түсіпті.
Сүйретіліп орнынан тұрып, ақ-сұр матамен айнаның бетін бүркеп жапты. Бала кезінде әжесі жарықтық немерелері ұйықтаған соң бөлмеге ақырын кіріп, қабырғадағы үлкен айнаны «бисмилла» деп матамен қымтап жабатын. Ажар әжесі шығып кеткен соң көрпеден басын қылтитып айналасына ұрлана қарайтын. Төр жақта, терезенің алдындағы әпкесі Айымның төсегі көбіне бос тұратын. Сол жақ қабырғаға тақап қойылған төсекте сіңлісі Айгүл қамсыз ұйықтап жататын. Төсегінің аяқ жағындағы беті бүркеулі айна қарауытып, зорайып көрінетін. Мұндайда Ажардың ұйқысы шайдай ашылады. «Ұйықтағанда айнаның бетін ашып қойса не болады?» деп ойлайды. Кейде айнаның бетіндегі матаны жұлып алғысы келеді, бірақ батылы жетпейді. Кенет матаның бір шеті желп етіп қозғалғандай сезіледі. Жүрегі дір етіп, көрпесіне бұғына түседі. Сәлден соң қайта басын көтереді, бәрі қаз қалпында. Терезенің сыртынан тықыр естіледі. Айымның күлкісін жазбай таниды. Клубтан не қыдырыстан қайтқан беті. Жалғыз емес. Қыздың күлкісіне жігіттің күбірі қосылады. Ажар ештеңе естігісі келмей, тас бүркеніп жатып қалады. Бірақ ұйықтай алмай ұзақ тыпыршыды, бұлтиған анарын ақырын сипайды, денесі дір етеді, қолын тартып ала қояды, біраз уақытқа дейін алақаны шоқ қарығандай ұйып жатады. Таңертең әлде әжесі алып тастайды, әлде өзі сусып түсіп қалады, айнаның беті жарқырап ашық тұратын...
Әдетте, Ажар түнімен діңкесі құрып, әбден шаршайтын да, жерге жарық түсе бере ұйқыға бас қоятын. Бүгін тынышы кетіп ұйықтай алмады. Ары-бері аунап түсті, терезенің пердесін қымтап жапты. Бөлменің іші алакөлеңкеленді, сонда да дөңбекшіп ұзақ жатты да, көзі түске таяу ғана ілінді.
***
Ажар мектеп бітіретін жылы жазда үлкен әпкесі Айым күйеуімен ажырасып, қызы Айқаракөзді ертіп үйге қайтып келді. Шешесі: «күнде таяқ жегенше, ажырасқаның жөн болды» деп қызының әлі ісігі қайтпаған қабағына күйіне қарап күбірледі. Әкесі ештеңе айтпады.
Айым ұзақ күнге айнаның алдында отырып боянатынды тапты. Онсыз да қою қасын бір-бірлеп жұлып, жіңішкертіп, қарайтып бояйды. Ерінін роза гүліндей етіп қызартады. Ақшыл жүзін қағаздай етіп ағартады. Ешкімге сөйлемейді, қабағы ашылып күлмейді. Кішкентай қызы шырылдап жылап жатса да, былқ етпей боянып отыра береді. Айқаракөзге көбінесе Ажар қарайтын. Айым ыдыс та жумайды, үй де жинамайды, айнаның алдында боянады да отырады.
Бір күні кешке әкесі үйге мас келді. Айымның бөлмесінің есігін сарт еткізіп ашты да, қызына ежірейе қарады. Айым әкесіне көз қиығын да салмады. Жұқа орамалдың ұшын тіліне тигізіп, қасының астын баппен сүртіп отыра берді. Әкесі табалдырықта сәл теңселіп тұрып, бір екі рет жұтынды да:
– Айым, сені күйеуіңнен мен ажырастырып алып келгем жоқ, институттағы оқуыңды бітірмей өзің қашып кеттің, өзің келдің. Енді, міне, айнаның алдынан аттап шықпайсың, бұл кімге көрсеткен қырың? – деді, осы сөзді бөгеліп, булығып, бөліп-бөліп әрең айтты. Айым орамалының ұшын тіліне тағы тигізіп, айнаға төне түсті де:
– Осылай отырғанды жаным қалайды, онда сіздің шаруаңыз болмасын, – деді. Әкесі жүзі қарауытып, тұтығып сөйлей алмай қалды. Тұқыжыңдап ескі туфлиін шешіп алды да, қызын көздеп жіберіп қалды. Айым еңкейіп үлгерді, туфли айнаға барып тиді. Сарт еткен дыбыс шығып, айнаның беті шытынап сынып, саудырап төгілді. Анадай жерде Айқаракөзді құшақтап, үрпиіп тұрған Ажар селт етіп, көзін жұмып ала қойды. Айым босағада қалшылдап тұрған әкесіне долдана ұмтылды, шешесі екеуін әрең ажыратып алды.
Түнде ұйықтар алдында, әжесі күндегі әдеті бойынша бөлмеге кірді де, «ой, әдірә қалғыр-ай» деп бұрылып, бүкшеңдеп шығып кетті. Дауысы соншалық қамығыңқы естілді. Ажар сол түні ұйықтай алмады. Ертесі Айым Айқаракөзге «дүкенге барып келемін» деп үйден шықты да, қайтып оралмады.
***
Ажар есікті төпештеп ұрған қатты дауыстан шошып оянды. Сүйретіліп барып ілгекті ағытты. Айгүл самбырлап сөйлеп, кимелеп ішке кірді:
– Не телефон алмайсың, не есікті ашпайсың, жарты сағат әурелендім, соғұрлы ештеңе сезбей ұйықтаған бар ма? – деді, аяқ киімін шешіп жатып. Ажар ештеңе айтпады, аузын жыбырлатып амандасты да, балконға беттеді. Бір тал темекі тұтандырды, ауада шұбалған ақшыл түтінді қызықтап сәл үнсіз тұрды. Ағаш бұтақтарының арасынан мешіттің сарғыш күмбезі күнге шағылысып жарқырап көрінеді. Аздан соң тоңазытқыштан жарты бөтелке кола, екі суық самса алып Айгүл қасына келді. Самсаны қарпып тістеді де, коладан бір жұтып:
– Оқуға 75 мың теңге төлеуім керек, – деді. Ажар Айгүлдің қобалжып тұрған өңіне баппен қарап, жеңіл жымиып, басын изеді. Апалы-сіңлі екеуі бірін-бірі енді көргендей жылы шыраймен құшақтасты.
– Газға су қойып қойдым, жүр шай ішейік, – деді Айгүл.
– Ештеңеге тәбетім тартпай тұр, өзің іше берші, – деді Ажар, сөйтті де бұрылып жүріп бара жатқан Айгүлдің артынан: – суық самса асқазаныңды ауыртады, ысытып же, – деді дауысын соза. Айгүл ішке кіріп келе жатып, шифонердің есігінен шеті шығып тұрған қызыл юбкаға тыжырына қарады, денесі құмырсқа қаптағандай жыбырлап кетті. Әпкесінің сөзі ойын бөліп жіберді, артына бұрылып жылы жымиып, басын изеді.
Ажар тағы бір тал темекі тұтатты. Мешіт жақтан азанның дауысы естілді. Селт ете қалды. Жартылай шегілген темекісін сыртқа лақтырды да, лып етіп ішке кірді. Балконда ұзақ тұрып жаурап қалды ма, бойы біраз уақытқа дейін болымсыз дірілдеп, шымырлап ұйып тұрды.
Айгүл 80 мың теңгесін алған соң, кетуге ыңғайланды. Есіктен шығып бара жатып:
– Ертең маманың кредитінің соңғы күні, – деді. Айтарын айтып алса да, бетінің ұшы қызара қалды. Ажар жеңіл жымиып, басын изеді.
Балконға шығып тағы бір тал темекі тұтатты. Айгүлді сыртта бір жігіт күтіп тұрыпты. Екеуі қол ұстасып жолдың арғы бетіне өтті де такси ұстады. Ажар олардың қарасы үзілгенше соңдарынан қарап тұрды.
Көзі қайтадан мешіт күмбезіне түсті... Бала кезінде әжесі жұма күні әдеттегіден де ерте оянатын, күйбеңдеп жүріп, жеті шелпек пісіріп шай дайындайтын. Дастарқанға ыстық шелпекті қойып жатып, оң жақ босағада ұйқылы-ояу отырған ұлына қарап: «түнде түсіме аруақтар кірді, әкеңді де көрдім, дұға дәметіп жүрген сияқты. Бүгін жұма, әдейі жеті шелпек пісірдім. Кәне, құран оқы» дейтін. Әкесі әжесінің сөзі аяқтай бере «Ықылас» сүресін бастай жөнелетін де, үш қайырып, «әмин» деп қолын жаятын. Әжелері естілер-естілмес дауыспен ұзақ күбірлеп дұға жасайды. Айым, Ажар, Айгүл бәрі қатар отырып әжелерін ұйып тыңдап, беттерін сипайды. Әкелері де ұйқысы ашылмаған күйі ісінген бетін сүлесоқ сипап ырымын жасайды.
Ажар қазір де арагідік жұма күні жеті шелпек пісіреді. Ешкімге құран бағыштамайды, шелпектен де татпайды. Кешке көшеге шығып бара жатқанда Қалманға апарып береді. Қалман мұны көріп кәдімгідей қуанып қалады. Кір-кір қолын шалбарына сүртіп «биссмилла» деп шелпектің шетінен сындырып аузына салады да, басын изектетіп Ажарға алғысын жаудырады....
Қолы ара шағып алғандай дыз ете түсті. Тартылмаған темекі өз-өзінен жанып таусылып, сұқ саусағын күйдіріп барады екен. Болмашы дірілден темекінің ақшыл күлі жан-жаққа жамырай ұшты. Қатты қағылған естіктің дауысынан Ажардың миындағы мың сан ой да тозаңға айналып ғайып болды.
Пәтер иесі семіз қара кемпір екен. Ауыр денесін әрең қозғап бөлмеге кірді, іштен лап еткен тымырсық ауаны арамсынғандай тыжырына дем алып:
– Есікті ашпағаныңа қарап сені ұйықтап жатыр екен десем, – деді. Ажар үндемеді. Қара кемпір босағада тұрған ағаш орындықты ойбайлатып отыра кетті де, аяғын жазып ентіге дем алды. Сәлден соң мойнына асынған сөмкесінен кішкентай блокнот алып, ары-бері ақтарыстырды да:
– Бір ай болды, пәтерге де, полицияға да ақша төлемедің?! – деді. Ажар сәл бөгеліп барып:
– Тәте, бір-екі күн күте тұрыңызшы, дәл қазір ақша болмай тұр, – деді төмен қарап. Қара кемпір орнынан ұшып тұрды, көзі шатынап кетіпті:
– Әй, айналайын, еркелейтін адамыңды тапқан екенсің. Мен мұнда ерігіп жүрген жоқпын, сендердің әрқайсыларың үшін күніне полицияға 3 мың теңге төлеймін. Пәтерді де біреуден жалдап аламын. Басқа қыздар қалтасына қарап 2-3-тен бірге тұрып жатыр. Ал сен жағыз тұрамын деп жаныңа жан жуытпайсың, – деп бір тыныстап алды да, оқтаулы мылтықтай сұп-суық көзін Ажардан алмай сөзін жалғады: – Сен қайта Қазақстан азаматы болған соң, полициялар кешіріммен қарап, үш-ақ мың теңге сұрап отыр. Ал анау Өзбекстан, Қырғызстаннан келген қыздардың күні күн емес, тәулігіне бақандай бес мың теңге төлейді. Әрі екі күннің бірінде құжаттарын тексереді. Полициялардың да араны әбден ашылып алған, алдында көрдің ғой, қарсы бөлмедегі үш қызды жарты түнде шырылдатып саунаға алып кетті. Өздері удай мас. Қара кемпір демігіп барып, аузы көпіршіп әрең тоқтады.
– Тәте, бәрін түсінем. Екі күн күте тұрыңызшы, ақшаңызды толығымен төлеймін, – Ажардың дауысы естілер-естілместей ақырын шықты.
– Жарайды, екі күн күтейін, одан кешіксең не болатынын жақсы білесің, – деді түйілген қабағын жазбай. Ажар ақырын басын изеді, қара кемпір шығып бара жатып:
– Кешке көшеге шыққанда абай болыңдар, «рейд жүріп жатыр» дейді. Егер полицияға ұсталып қалсаңдар маған хабарласыңдар, олармен ерегесіп ештеңе таппайсыңдар, – деді, дауысы зілді шықты. Ажар үнсіз басын изеді.
«Рейд жүріп жатқанын қара кемпір қайдан біледі?» деп Ажар бастапқы кезде таңғалатын. Сөйтсе бәрінің ымы бір екенін кейін түсінді.
«Рейд» дегені аты суық естілгенімен, қара кемпір зілденіп айтқандай қорқынышты дүние емес. Дәл сол күні айналаңа сақтана қарап, көшенің қалтарыс, қараңғылау жерлерінде жүрсең болғаны. Полициялар көшені өрлі-қырлы кезіп ырымын жасайды да, қолдарына ілінген қыздарды ұстап полиция бөлімшесіне алып кетеді. Бірақ кейде тінтіп іздеп, тықсырып қуып ұстайтын да кездері болады. Ажар да екі-үш рет ұсталды. Полиция бөлімшесіне апарып, екі сағаттан соң түсініктеме жаздыртып босатады. Тек, ертесі қара кемпір «түсініктемеңді жыртқыздым» деп он мың теңге артық алады. Ақырын-ақырын бұған да Ажардың бойы үйренді. Дегенмен мына бір оқиға есінен кетпейді.
Түн ауып қалған шақ еді. Көше бойында тұрған үш қыздың жанына полиция көлігі ағызып келіп тоқтай қалды. Қыздар бытырай қашты. Бір қыз туфлиінің сыңарын шешіп алып «албасты» деп полиция көлігіне қарай лақтырып қалды. Полицейлер көліктен секіріп түсіп бұларды қуа жөнелді. Әлгі туфли лақтырған қызды көп ұзатпай қуып жетіп, шашынан бас салып машинаға сүйреді. Ажар да туфлиін тастай салып жалаңаяқ қашты. Полиция қыр соңынан қалар емес, өкшелеп келеді. Алдындағы қараңғы көшені қиып өтіп, мешітке бет алды. Полицияның «тоқта» деген айғайы жақыннан естілді. Ажар жанұшырып жүгіріп келеді, өксіп жылап келеді. Мешіттің ауласы ашық екен, іркілмей ішке ұмтылды. Полиция Ажардың мешітке кіргенін көріп, ауланың сыртына келіп тоқтады. Қолындағы шаңырақтай кепкісін басына киіп, ентігін басты. Ешбір дыбыс білінбеген соң кері қайтты.
Ажар мешітке кірді де аяқ киім шешетін жерге жете бере сұлап түсті. Аз уақыт қыбырсыз жатты. Денесі дір-дір етеді. Бір кезде есін жиды, тұла бойын суық тер жауып кетіпті. Әлі ешкім байқамаған секілді, айнала тып-тыныш. Бетін басып қыстыға жылады. Полициядан неге сонша қашқанын, неге жан ұшырып мешітке кіргенін өзі де анық білмейді. Әлде, полиция бастығынан қорықты ма екен? Өткенде бір-екі рет қисынсыз талап қойып, заңды көлденең тартып сес көрсетіп, қорқытып әбден ығырын шығарып еді. Әлде... Басы шеңбектеп ауырып барады. Не істерін білмей бұрышта бүрісіп біраз отырды. Мешіттің ішкі жақтағы есігінен жіптей болып созылған сарғыш сәуле тынымсыз дірілдеген денесіне жығылып жетіп, сыздықтап төгіліп тұр.
Бойжеткен кезіндегідей қос омырауын уыстап ұстап, қатты қысты, боп-бос, сұп-суық, ештеңе сезбейді, өз денесі емес секілді. Сыртқа атып шықты да, мешітке қашып келе жатқандағыдан бетер тездетіп пәтеріне қарай жүгірді. Кішкентай қыз сықылықтап күліп соңынан қуып келе жатқандай, артына бұрылып қарай алмады, іші-бауыры өртеніп, езіліп барады. Полиция бастығын іздеп барып, айтқанына көніп, айызын қандырып, өзі де бір жеңілдеп алғысы келді де, ол ойынан тез айныды.
Сүйретіліп айнаның алдына келді. Бетін бүркеген мата әлі алынбапты. Ақырын қолын созды, айнаның жүзі жарқырап көрінді. Жөнді ұйықтай алмағандікі ме, бет-ауызы сәл ісініп тұр екен. Сағатына қарады, ымырт үйірілгенге әлі біраз уақыт бар. Ажар сонда да айнаға қарап бояна бастады. Миының бір түкпірінен: «Аманат, шынымен де сирек ұшырасатын есім» деген ой жылт етті, айнаға қарап ақырын жымиды.
***
Айым үйден кетіп қалған соң әкесінің ішуі жиіледі, анасының күрсінісі күшейді. Кейде Айқаракөз дүкен жаққа қарап уанбай жылайтынды тапты.
Ақыры жазда Ажар оқуға түсе алмай қалды. Енді оған келгіштейтін жігіттер де көбейеді. Әсіресе, мектепте балалардың бәрі «Тайсын» деп атайтын Құрал дейтін жігіт жиі келеді. Бойы құрықтай ұзын, түрі шымқай қара, спорт академиясына оқуға тапсырып түсе алмай қалыпты, қазір қолы бос, ауыл көшесінің шаңын шығарып ескі сайтан арбасымен өрді-қырды шапқылап жүреді. Ажар онша ұнатпаса да, торуылдап қасынан кетпейді. Тауыққа жем шашқалы шықса да, дүкенге барса да, сап етіп шыға келеді бір бүйірден. Кейде тіпті жарты түнде келіп терезесін қағады. Жаздың жарық түнінде әйнектің арғы жағында тісі ғана ағарып, ыржия күліп қарап тұрады. Ажар бұған бұлқан-талқан болып ашуланады. Терезені жұлқып ашады да: «Құтпан, Құтпан, кәә, кәә», – деп айғай салады. Қора жақтан Құтпанның арсылдай үрген дауысы мен табанының дүрсілі естіледі. «Тайсын» тайраңдап қаша жөнеледі. Құтпан тықсырып қуып едәуір жерге дейін апарып тастайды. Ажар рақаттанып сықылықтап күледі, іле жеңіл күрсінеді. «Тайсын» екі-үш күн жоғалып кетеді де, қайта пайда болады. Айтақтай-айтақтай Ажар да шаршады, қуалай-қуалай Құтпан да жалықты. Ақыры күзге қарай Ажар керек-жарағын буынып-түйінді де, көзін тас жұмып Алматыға тартып кетті. «Біраз уақыт жұмыс істей тұрып, келер жылы оқуға қайта тапсырамын» деп ойлады...
Пойыз Алматыға таңға таяу келіп жетті. Құшақ-құшақ көкшіл түтіні бозамық аспанда көшкен бұлттай шұбалып, озандаған дауысы таңғы ауаны тітірентіп «Алматы-1» вокзалына келіп ентіге тоқтады.
Вокзалдың айналасы абыр-сабыр, Ажар аңтарылып аз кідірді. Күзгі шытқыл ауа шыт көйлегінен өтіп, тұла бойын мұздатып барады. Анадай жерде темекі тартып тұрған екі жігіттің қасына тыртиған арық қара әйел жақындап келіп: «жігіттер, қыздар бар, демалмайсыңдар ма?» – деді. Ажар мұны анық естіді. Ақырын көзінің қиығын тастады, екі жігіт сәл тартыншақтап, айналасына қарағыштады. Арық әйел оларды алды-артына қаратпады, құлақтарына бірдеңе деп сыбырлап, сықылықтап күлді де, екеуін қолтықтаған күйі жол шетіндегі подъезге қарай ала жөнелді. Жолай полиция пунктінің алдында, керіліп-созылып, есінеп тұрған полициядан екі жігіт ығысып өтті. Полиция оларға көз қырын да салған жоқ, кеудесін керіп, ауызын үлкен қып ашқан күйі есіней түсті.
Ажар мұның байыбына бара алмады. Сәл бөгеліп тұрды да, аялдамаға қарай беттеді. Сәл жүрген соң тыртиған қара әйел алдынан шыға келді, жіті басып қасынан жанап өтті, Ажардың денесі дір ете қалды.
***
Ашық балконнан анық естілген азанның дауысынан селт етті. Айнаның алдында тағы да ұзақ отырған секілді, косметиканы екі-үш қайтара баттастырып жағып тастапты. Қара көлеңкелеу айнадан қарашығының ақырын шымырлағаны анық сезілді. Бетінің косметикасын жанталасып сүрте бастады...
Тыртиған қара әйелді екінші рет өзіне клиент ертіп келгенде көрді. Есікті жұлқып ашып кіріп келді де: – Жаңадан келген қыз сен бе? – деді. Ажар бойын билеген үрейден денесі қалш-қалш етіп, ақырын басын изеді. Арық әйел: – Ештеңе етпейді, уайымдама, ақырындап бұл жұмысқа да бойың үйренеді, ақшаға бір құнығып алсаң, басқа жұмысқа зауқың соқпайтын болады әлі, – деді өп-өтірік ыржиып. Күлгенде ап-арық беті умаждалған қағаздай бір уыс болып жиырылып, лезде жып-жылмағай бола қалады екен.
Тыртиған қара келіншекпен Ажар бұдан кейін де жиі жолығып тұрды. Клиент ертіп келіп еншілі ақысын алып жүрді. Тек соңғы уақыттарда оның орнын семіз қара кемпір басты. Дәл осы күңгірт пәтерде өткен екі жыл ішінде Ажар талай еркекпен ұшырасты. Жасы бар, жасамысы бар, күн демей, түн демей сабылысып келіп жатады.
Бір жолы түн ортасында аласа бойлы, арық, сары жігіт келді. Едәуір мас екен, аяғын шалыс басып ішке әрең кірді, босағаға сүйеніп ықылық атып біраз тұрды. Ажар аяқ киімін шешіп, қолтығынан демеп төсекке алып жүрді. Төсекке жете бергенде Ажардың қолын қағып жіберіп, қаздиып тұра қалды, қызға тесіле қарап сәл бөгеліп барып, аш қасқырдай тап берді.
Кететін кезінде мастығынан сауыққан секілді. Төсектің аяқ жағында басы салбырап отырған қалпы едәуір аялдады. Содан соң оң қолын тік көтеріп: «жоқ», – деп айғай салды. Сөзінің аяғын ықылығы жұтып алды. Кеудесін басып бір-екі рет ықылық атты да: – Жоқ, сенің мұның мүлде дұрыс емес, неге қазақтың қыздары тәнін жалдап, арын саудалайды, намыс қайда, ұят қайда?! – деді, оқыс артына бұрылып, Ажарға төне түсіп. – Қазақтың қызы ешкімге етегін көтертпеген, – ышқына ықылық атып, – ал сен! – деді Ажарға міне түсетіндей тебініп келіп. Алакеуім жарық астында Ажардың қан-сөлсіз сұрланған жүзі анық көрінді. Жігіт қыздың түрінен сәл тіксініп шегіншектеді, сөйткенше болған жоқ Ажар оны шапалақпен салып қалды, төсектің бұрышына қонақтап, ырғалып отырған жігіт күтпеген соққыдан еденге құлап түсті. «Әкеңді, қу салдақы» деп орнынан ұшып түрегеліп, Ажарға ұмтылды. Ащы айғайды естіген көрші бөлмедегі қыздар келіп, екеуін ажыратып алды. Жігіттің қарысқан қолында Ажардың бір уыс шашы қалды.
Тағы бір жолы, таңға жақын сып-сидам киінген, иегінде андыздап өскен сақалы бар, ұзын бойлы қара жігіт келді. Келерін келіп алса да, сәл мазасы кетті, Ажардың қайта-қайта балконға шығып темекі тартқанына жақтырмай қарады. Ажар уақыттың өтіп бара жатқанын ескертіп, шешіне бастады...
Маужырап жатып екеуі де ұйықтап кетіпті. Азанның дауысынан жігіт шошып оянды. Оянды да: «бисмилла, бисмилла, субханаллах, субханаллах» деп ойбай салды. Құлағының түбінен естілген қатты айғайдан Ажар да шошып оянды. Жігіт оның алан-ашық кеудесін көрді де: «субханаллах, шайтан» деп тағы айғай салды. Сөйтті де, жастықты жұлып алып: «кет, шайтан кет» деп Ажарды екі-үш рет жеңіл ұрды. Бұрылып есікке қарай қаша жөнелді. Ажар жастықты жұлып алып жігіттің артынан жіберіп қалды. Жастық жон арқасына тиді де, қобырап шашылды. Жігіт ауада қалықтап ұшқан мамықтардың арасында «субханаллах, субханаллах» деп жанталаса қашып бара жатты...
Әлгі бір бұйығы мінез бала да Ажардың әлі есінде. Әр жолы тартыншақтап ішке әрең кіреді. Ажар жымия күліп жақындаса, көзін одан алып қашып күмілжиді. Алдымен үстел үстіндегі шырақтың жарығына келіп, қалтасынан сыңар уыс тиын алып шығып бір-бірлеп санайды. Жетпей қалса, қабағын сәл шытып, қалта-қалтасын ақтарыстырып қалған-құтқан тиынын қосады. Содан соң сыңар уыс тиынды Ажарға ұсынып, ақырын жымияды...
***
Орнынан марғау қозғалды. Қысқа белдемшесін, біз өкшелі туфлиін киіп сыртқа беттеді. Көше әлі жарық, көз байлана қоймапты. Қарағаштың түбінен Қалман шыға келіп:
– Ажар, әлгі жігіт сені анда күтіп тұр, – деді көше жақты нұсқап. Ажар жеңіл жымиып Қалманның қасынан өте беріп еді:
– Ажар, қарашы, бүгін жуындым, көптен бері су тимеген беті-қолым әбден күстеніпті, – деді, тарбиған қолымен бетінің ұшын сипап, ыржия күліп. Ажар бұрылып қарады. Шынымен де көзінің асты көкшіл тартып тұрғаны болмаса, бет-ауызы тап-таза. Өсіп кеткен шашын да сумен дымдап, қайырып қойыпты.
– О, Қалман аға, өстіп жуынып жүрсеңізші, шашыңыз да жарасып тұр – деді сықылықтап күліп. Қалман иығын қозғап, қуанып қалды:
– Міне, қоқыстан айна тауып алдым, соған қарап сүртінгенім ғой, – деді Ажарға таяй түсіп. Алақанының түбінде түйенін көзіндей ғана айнаның сынығы жылтырайды. Ажар жеңіл жымиды да, асығыс жүріп кетті. «Ажар, абайла, айналада полиция қаптап жүр» деген Қалманның дауысы желке тұсынан естілді.
Көшеге шыға бере Аманатпен ұшырасты.
– Сен қайдан жүрсің? – деді, не айтарын білмей сасқалақтап.
.
– Сені іздеп келдім.
– Мұндай уақытта келмейтін едің ғой?
– Үйде тыншып жата алмадым, – Аманаттың дауысы батыл естілді.
Ажар бұрылып пәтерге беттеді. Аманат соңынан ерді.
***
Есік қатты қағылды. Ажар орнынан жылдам тұрды да, қасында қамсыз жатқан Аманатқа:
– Тез киін де, балконға жасырын, полиция келді, – деді шошына. Есік тіпті де қатты қағылды. Ажар сілейіп тұрған Аманатқа: – Тез, тығыл деймін балконға, – деп сыбырлай ұрысты. Аманат екі аттап барып есікті ашты. Сырттан ентелеп екі полиция кірді. Кірген бойда:
– О, міне, «қонағымен» қоса ұстадық, – деді қарқылдап күліп.
Аманат есіктің көзінде қаққан қазықтай қаздиып тұр. Жүзі сұрланып алыпты. Ажар төсектің аяқ жағында бетін қолымен қалқалап, теріс қарап отыр. Полицияның біреуі Аманатты итеріп жіберіп, төрге озды. «Қайда барасың?» – деді Аманат тістене сөйлеп. Полиция мұндай сұрақты күтпеген секілді, «шынымен сен айтып тұрсың ба?» дегендей Аманатқа жақындап келді де:
– Қайда баратынымды сенен сұрамаймын, полицияға бұлай сөйлеме, – деді, кеудесінен нұқып, содан соң тамағын қырнап, дауысын нығыздап: – Біз қоғамның тыныштығын бұзған, көшенің, көршілердің мазасын кетірген қыздарды іздеп жүрміз, әрі тапқан сияқтымыз, – деді Ажар жаққа бетін бұрып, босағадағы екінші полиция оны қостағандай ыржиып күлді. Полиция үзілген сөзін жалғап:
– Ал сен, полицияның жұмысына кедергі келтірмей, осы тойғаныңа шүкір деп, табаныңды жалтырат. Болмаса, қазір сені де полиция бөлімшесіне алып кетеміз, – деді, сөйтті де, Ажарға қарай беттеді. Аманат полицияның алдын кескестеп, сұрланған жүзін сәл жібітіп:
– Сіздер мұнда шатасып келген сияқтысыздар. Ажар – менің қалыңдығым, біз осында пәтер жалдап тұрамыз, – деді. Полиция таңырқаған күйі бөгеліп қалды. Одан соң Аманатты ары-бері ырғап көріп еді, сөзінен танбады. Жүзін суытпады да, жылытпады. Ақыры іштері сезіп тұрса да мысы құрып, жолдарына түсті, кетерлерінде Ажарға көздерімен ішіп-жеп бір-бір қарап алды.
Есік жабылды, Ажар орнынан ұшып тұрып Аманатты құшақтады. Көзінен, ернінен шөпілдетіп сүйіп жатыр. Жанарынан ыршыған жасты да сезбеді. Көптен бері еркек атаулыны дәл бұлай сүйсініп сүймеп еді.
***
Ажар Аманатқа бәрін айтып ағынан жарылды. Алматыға келген соң әр жерде жұмыс істегенін, сөйтіп жүріп бір жігітпен танысқанын, кейіннен көңілдері жарасып үйленгенін, бірақ үш жылдан соң ажырасқанын, одан кейінгі қым-қиғаш тағдырын жіпке тізгендей етіп баяндады. Аманат та бір рет төсек жаңғыртыпты, келіншегі бала көтермеген соң бір жыл бұрын ажырасқан екен. Екеуі қайта құшақтасты. Сәлден соң Ажар ыстық құшақтан сытылып шығып айнаның алдына келді. Етек-жеңін түзеп сықылықтап күлді. Күнде кеш батса қарауға қорқатын айнадан бүгін алыстап кете алмай ұзақ жүрді. Айнаның арғы жағынан өзінен де ажарлы Ажар күле қарағандай сезілді.
Біраздан кейін қара кемпірге хабарласып енді мұнда жұмыс істемейтінін, таңертең пәтерден көшетінін ескертті. Арғы жақтан құлақты жұлып әкетердей естілген айғайдың аяғын күтпей тұтқаны үзді, телефонды өшірді. Қара кемпірдің қарызын Аманат қайтаратын болды.
Түні бойы хабарласа алмай ділгірген, таңға дейін екі-үш рет келіп есікті аштыра алмаған қара кемпір таңертең ерте жетті. Үшінші қабатқа ентігіп әрең көтерілді. Есік ашық тұр, жанұшыра ішке кіріп еді, ешкім жоқ. Киім шкафта етегі қысқа үш юбка мен екі өкшесі биік туфли тұр. Өзі алып келген қабырғадағы айнаны алып кетіпті. Қалған дүние қаз-қалпында. Қарсы бөлмедегі қырғыз қыз есіктен сығалап, Ажар қалдырған кілт пен ақшаны берді. Қара кемпір ішке кіріп босағадағы ескі ағаш орындықты ойбайлатып отыра кетті. Төңкеріле біткен қалың ернін тістелеп, құдықтың түбінде жылтыраған су секілді жіңішке көзін ары-бері тоңкеріп аз ойланды, сөйтті де жақын маңдағы полиция бөлімшесіне қарай жүгірді. Бұрында бір-екі-рет қашқан қыздардың соңына полиция салып, қайырып алып келген болатын.
***
Ажар мен Аманат «Алматы-1» вокзалына жақын жерде, жұпыны жер үйдің бір бөлмесін жалдап тұрып жатты. Аманат бұрынғы жұмысында істейді. Ажар жақын маңдағы дүкенде сатушы.
Ажар таяуда аяғының ауыр екенін білді. Бұрынғы күйеуімен ажырасуының бір себебі пұшпағы қанамағанынан екенін Ааманатқа айтпаған еді. Соны ойлап іштей уайымдап жүретін, енді жүрегі орнына түсті. Мұны Аманат естіп мәз болып қуанды. Ажар енді әр күні таңертең жұмысқа барарда айнаның алдына келіп, әлі біліне қоймаған қарынын аялай сипайды. Бұрынғыдай ойнақ салмайды, ары-бері жеңіл ырғалады. Жүзі бал-бұл жанып мәз болып күледі.
Қайбір күні үйіне Айгүл келді. Жұпыны пәтерін, қарабайырлау жұмысын онша жақтыра қоймады. «Жұмысымды ауыстырдым» деген әпкесінің сөзіне сенімсіздеу ғана басын изеді. Ажар сыртқа шығып кеткенде шифонерді ашып, етегі қысқа қызыл юбканы, биік өкшелі туфлиді іздеді, әпкесінің өтірігінің үстінен түсетіндей, бір кездері жиіркене қарайтын қызыл юбка енді сөніп бара жатқан үмітіндей жылт етіп бір жерден шыға келетіндей шифонерді ары-бері ақтарды, іздегенін таппады.
Дастарқан басында мардымды әңгіме де болған жоқ, Айгүл бір-ақ кесе шай ішіп, кетуге ыңғайланды. Ажар: «жақыннан бері әжем жиі түсіме кіріп жүр, жұма күні үйге кел, жеті шелпек пісіріп, Аманатқа Құран оқыттырайық», – деді, Айгүл «жарайды» деді нараулау.
Жұма күні Ажар жұмысынан сұранып, жеті шелпек пісіріп, өзі істейтін дүкеннен керек-жарақ әкеліп дастарқан дайындады, Аманат түске қарай келді, Ажар Айгүлдің келмейтінін сезсе де, ұзақ күтті, ақыры күйеуінің жұмысқа баратын уақыты таяған соң екеуі аруақтарға Құран бағыштап, дұға жасады. Бір-біріне жып-жылы жымиып шүйіркелесіп шай ішті.
Айнала қарауытып кеш батты. Сырттағы қою қараңғылық тар бөлменің әлсіз жарығын жұтып жейтіндей терезеден төне қарап тұр. Аманат әлі келмеді. Күнде бұлай кешікпейтін, телефоны да сөндірулі. Ажардың бойын сұп-суық үрей биледі. Көптен бері жабылмаған айнаның бетін бүркеді. Бір орында байыз тауып отыра алмай, мазасы кете бастады. Бір кезде телефоны шырылдады, бейтаныс нөмір, сәл ойланып телефонның қабылдау түймесін басты. Арғы жақтан Аманаттың ентіккен дауысы естілді:
– Ажар, тездетіп полиция бөлімшесіне кел, – деп, үзіп-үзіп мекен-жайды айтты, телефон үзілді.
Ажар жанұшыра полиция бөлімшесіне жетті. Есіктің алдына келіп таксиден түскенде жүрегі атқалақтай жөнелді. Санасында көмескілене бастаған үрейлі сәттер көз алдынан жарқ етіп өте шықты. Басы айналғандай теңселіп барып, бойын әрең түзеді. Баспалдақтың жақтауынан ұстап көтерілді. Кірген бойда кезекші полиция қарсыдағы кабинетті нұсқады. Бұл кабинет те Ажарға таныс, көзі қарауытып кетті, құлағы шыңылдап дарақы күлкі, ашынған айғай естілгендей болды.
– Ажар келдің бе? – гүр еткен дауыстан селт етіп есін жиды. Қарсы алдындағы креслода түрі өзіне таныс, беті-ауызын май басқан полиция бастығы миығынан күліп отыр. Ажар қорқынышын білдірмеуге тырысып, өп-өтірік жымиды. Екеуі ұзақ әңгімелесті. Көбіне полиция бастығы сөйлеп, Ажар үнсіз тыңдады, полиция бастығы алыстан орағытып келіп Ажардың тамырын басып көрді. Бірақ Ажар не айтса да жалтарып, жанына жуытпады. Ақыры полиция бастығы ашуға мінді:
– Ажар, жұмсақтықты, жақсылықты білмейді екенсің. Бұрын да бірнеше рет босатып едім, – деп сәл кідірді. Бір тал темекі тұтатып, құшырлана сорды да, үстелдің тартпасын ашып, бір парақ қағаз алып шығып:
– Міне, үстіңнен арыз да жазылған, – деді қара кемпірдің аты-жөнін атап:
– Пәтерін жалға алыпсың да, ақысын төлемей, пәтерді тонап қашып кетіпсің, бұл арыздың да уақытын созып келемін, – деді сұрланған жүзін сәл жұмсартып. Қинала дем алып еді, түймедей мұрнының екі етегін жел кеулеп делдиіп кетті. Сөзін қайта жалғады:
– Бұрындары айласын тауып сытылып кетіп жүрдің, бірақ бұл жолы бұлтара алмайсың. Күйеуің Аманат жарты жылдан бері Қазақстанда тіркеусіз жүрген, – деді, үстелдің үстінде жатқан паспортты қолына алып Ажарға көрсетіп:
– Қазір-ақ қара печать басам да, қайтып Қазақстанға келе алмайтындай етіп шекарадан шығартып жіберем. Сөйтіп, күйеуіңмен біржола қоштасасың, ал олай болмасын десең, менің айтқаныма көнесің, – айтарым осы дегендей Ажарға қарап суық жымиды. Үстел үстінде жақтан қара кемпірдің арызына темекісін тық еткізіп тигізіп күлін түсірді.
Ажар денесі дүршігіп, полиция бастығына шошына қарады. Көмейіне тығылған ашудан тілі байланып:
– Ай-уа-н, – деген сөзді бөліп-бөліп әрең айтты. Полиция бастығы ештеңе естімеген адамдай орнынан ақырын тұрып:
– Қаласаң, сыртта машина тұр, болмаса осы жер де жарайды, – деді, иығы селкілдеп егіліп жылап тұрған Ажардан жауап күтпестен, есікті ілді де, жарықты сөндірді.
***
Бір сағаттан соң Ажар мен Аманат көше бойлап үнсіз келе жатты. Суық жауын сібірлеп тұр. Емен, теректің қураған жапырақтары бір-бірін қуалап келіп, табан астына құлап жатыр. Көше шырағының жарығымен зорайып жолға түскен екеуінің ұзын көлеңкелерін тынымсыз сабылған көліктер бірінен кейін бірі басып өтеді. Мұны олар байқаған жоқ, өз ойларымен әлек.
Полициядан қайтып келген соң Аманат Ажарға бірдеңе айтқысы келген сыңай танытып күмілжіп жүрді. «Екі күн демалыс алдым» деп жұмысына да бармады. Үйге кіреді, шығады, дүкенге Ажардың қасына барады, көп аялдамай қайтады. Сөйтіп жүрді де, үшінші күні жұмысқа кетіп қайтып оралмады. Телефоны сөндірулі, Ажар түнімен бастырылып ұйықтай алмай шықты.
Таңертең ерте полиция бөлімшесіне келді, бірақ оған ешкім мардымды жауап бермеді. Кезекші полиция «күйеуім жоғалды» деп арыз жазыңыз, сосын іздестіреміз» деп арыздың үлгісін ұсынды. Содан соң Ажардың қуарған, әбден шаршаған түріне қарап сәл жаны ашыған кейіп танытып:
– Болмаса, сағат 15:00-17:00 аралығында бастыққа кіріп көріңіз. Бір көмегі тиер, ол кісі өте жақсы адам, – деді. Ажар ызадан жарылып кетуге шақ қалды. Соқталдай жігітті жоғалды деп емес, осылардың тырнағына қайта ілініп кетпеді ме деп іздеп келгенін кезекші полицияға айтқысы келмеді. Үш сағат тапжылмай бастықты күтті.
Полиция бастығының қабағы қатулы, үш күннің алдындағы ыржалақтаған кейіптен белгі білінбейді. Ажарды мүлде танымайтын адамдай көзінің астымен суық қарап:
– Күйеуіңіздің аты кім? – деді. Ажар ашуын барынша іркіп:
– Аманат Таңатаров, – деді. Полиция бастығы алдындағы компьютерді ары-бері шұқылады да:
– Таңатаров Аманат, 1985 жылы, 11 ақпанда дүниеге келген, Өзбекстан азаматы, сіздің күйеуіңіз осы жігіт пе? – деді де, үстелге бір қырынан қисайған қалпы жағын таянып Ажарға қарады.
– Иә, дәл өзі.
– Сонда сіз де Өзбекстан азаматысыз ба? – деді, қайтадан кеудесін жазып.
– Жоқ, Қазақстан азаматымын. Бөлмеде ауыр тыныштық орнады. Полиция бастығы компьютерді тағы біраз шұқылап отырды да:
– Сіздің күйеуіңіз ұзақ уақыт Қазақстанда тіркеусіз жүргені себепті үш күн бұрын осында әкелінген екен. Біз Аманатқа қазақ болғаны үшін кешіріммен қарап, ешқандай айыппұл салмай, тек «үш күн ішінде Қазақстан аумағынан шығарылсын» деп паспортына печать басыппыз. Мұнда бәрі жазулы тұр. Бұл туралы күйеуіңіз сізге неге айтпады екен? – деп Ажарға сұраулы көзбен таңдана қарады. Өңменінен өтердей суық жанардан Ажардың денесі мұздап кетті. Тісін-тісіне басып, екі ұмтылып орнынан әрең тұрды. Ештеңе айтпай бұрылып, жүріп кетті.
Сыртқа шыға бере басы айналып, жүрегі айныды. Теректің түбіне барып лоқсып еді, қап-қара жылымшы су құсты, екінші рет ышқынғанда қолқа жүрегі жұлынып кетердей ауырды. Іші түйіліп барады. Теректің түбінде сәл бүгіліп отырып, жедел жәрдем шақыруға әрең шамасы жетті.
***
Ажар есін қас қарайғанда жинады. Аурухананың тар төсегінде жатыр екен. Белінен төмен ұйып ауырып, көтерткізбейді. Ақырын қозғалып көріп еді сүйек-сүйегі сытырлап сынардай солқылдап қақсады. Жедел жәрдем шақырғаны, ауруханаға келгені еміс-еміс есіне оралды. Көз алды буалдыр тартып, қайтадан талықсып кетті.
Ауруханадан үш күннен кейін шықты. Кетерінде дәрігер:
– Қатты қиналғансың, мұнда келгенде тіпті есіңді де білмедің, балаң түсіп қалды, енді өзің жақсы күтін, – деді. Ажар ештеңе естімегендей дәрігерге меңірейіп қарады.
Пәтерге келді де бүк түсіп жатты. Ұйқылы-ояу бір күнді өткізді. Кешке қарай басын көтерді. Шекесі солқылдап ауырып тұр. Көзін жұмды, қайтадан ашты, құлағына сықылықтап күлген кішкентай қыздың дауысы естілгендей болды. Алакөлеңкеде қабырғадағы айнаның беті ағарып көрінді. Айнаның алдынан біреу жүгіріп өткендай болды. Ауыр қозғалған кірпіктерінің арасынан айнаға ұзақ тесіле қарап жатты. Бір кезде айнаның беті шытынап сынып бара жатқандай сезілді.
***
Сібірлеп жауын жауып тұр. Ілби басып подъездің алдына келген Ажар ісініп қызарған көзін алақанымен сүртті.
– Ажар, қайтып келдің бе? – қарағаштың түбінен Қалманның қарасы көрінді. Ажар ештеңе айтпады. Жеңіл күрсінді де, ішке беттеді. Қалман жауын айғыздаған бетін күс-күс алақанымен сүртіп, еріні дірілдеп:
– Ажар қайтып келді, – деді.
Таңғы тұнық ауаны қақ жарып азан шақырылды. Ажар селт еткен жоқ.
ақпан, 2020 жыл, Алматы.
Көрнекісурет: Эдвард Мунк "Меланхолия"
Бөлісу: