Жұмабай Шаштайұлы. Құралайдың салқыны
Бөлісу:
(повесть)
Жылдағыдай емес, жайлау биыл төтенше жауын-шашынды. Төңiрек аспанмен бiржола тұтасып кеткендей ойлы-қырлы дүние жаһан көкала мұнар болып көлкидi. Қия-қапталды жиектей қонақтаған боз тұман жел көтерiлгенде ғана ұзыннан-ұзақ тұтылған пердедей көлбеңдейдi. Анталаса қаумалаған шыңдарға қилы-қилы қиюласқан дөң, жота, тұмсық, шат-шатқал шымырлаған осынау салқын мезгiлге бола арқасын жаза алмай, қоянжондана дөңкиiп-дөңкиiп шөгiптi. Қойнау-қойнаудағы жалғыз-жарым бұлт жер бауырлай ширатыла есiлiп, ақ шатырдай ағараңдайды. «Өстiп жайбарақат жатқанда жаз базары тарқайтын болды-ау» дегендей бұрқ-сарқ қайнап, жанұшыра аққан асау өзеннiң толассыз арқыраған сарыны мүлгiген табиғаттың тынышын алуда. Кесе-көлденең шөккен Майтөбенiң кең сөгiлген қолтығына сала-сала жамбас жалдар омыраулай ұмтылып бағады. «Сендердiң қажеттерiңе жарамаған күнiм бар ма едi, келсеңдер келiңдер» дегендей тұғырына нық орныққан Майтөбе маңғаз. Ирек сайдың кiшкене жазықтау ашық алаңқайына қонған қоңыр үй ұйытқып соққан желден қаусырыла дөңгеленiп үйiрiлсе, қарсы қапталдың тiкеден-тiк өрiне бастайтын биiк тепсеңiне орын тепкен келесi бiреуiнiң екi жапсары «алақай, күн шықты, күн шықты» деп қуанғандай үздiксiз жалпылдайды. Онысы көз ұшында қалықтап ұшқан зор қарақұстың анда-мұнда серпiген қанатына ұқсайды.
Басы сүйiрлене шошайып көкке ұмтылған шоқы бауырына қарай көсiле жазылып, пышақ қырындай иекпен тұтасып тынатын қапталға салынған қой тұнған өрiстiң көк майсасында шашылған шақпақ тастардай аппақ. Тоңазыған тұнық ауаны кернеп тұрған кереметтiң құпия сырын бiр өзi ғана бiлетiн сыңайда Демеу қойшы тың тыңдайды. Шапыраштана кең ашылатын көзiнiң аясына құтырынған ұшқын сәт сайын кәдiк ұялап, қалақайдай қағылез сопақ жүзiне қан лап етiп жүгiрiп өтедi. Делдиiңкi танауының желбезегi күн көрiнетiндей жұп-жұқа.
Көлденең жалдан кенет бес-алты кiсi дабырлап шыға келдi. Бiр-екеуi ғана еркек, қалғаны әйел: күнге шағылысып, ағараңдаған ақ жаулықтары шалқар көлдiң айдынында жүзген аққудай баяу қалықтайды. Ынтызарлыққа толы сезiм бойын билеген Демеу – оларға телмiре қараған күйi ерiксiз жұтына түстi.
– Мына шешектiң жаңбыр есiн алып, есеңгiретiп жiберген бе, аңқайып тұрысы жаман.
Саңқылдап сөйлеген әйел сықылықтап күлгенде беткейдегi пырдай болып жатқан қой тұс-тұстан елең етiстi.
Ыңыршағы шыға ырсиған жаман аты да атасы жылқы болған соң жөнi осы шығар дегендей, жалын тiкiрейте оқыранып қойды. Бұлар қайда барып, қайда қояды, оның бiрi де ойына кiрiп шықпаған Демеу осы дүрмекке iлеспесе қалып қоятындай атына тұра жүгiрдi. Жарқырап шыққан күннiң шуақты сәулесi жалғызсыраған елегзулi сезiмдi қуыс-қуысқа қуып тастап, көңiлi жадырай алып-ұшып барады. Мәстегiнiң тұсауын ағытып, айылын жанталаса тартып болғанша төпелеген көп атты тура тұсына дүсiрлетiп келiп қалды. Бұл жалт бұрылды да назарын әркiмге бiр дегбiрсiз тоқтатып өтiп:
– Саламәлик! – дедi. Жiңiшке даусының серпiндi шыққаны сонша, құз шыңыраудың құлдилаған етегiне дейiн шаңқ етiп жаңғырығып, беткейдегi жақпар тас оны тосаң сарынмен сол күйi қайталап тынды.
– Уәликiмiсалам! – деп, Тасболат деген жамағайын қойшы қоңыр үнiн әндете созды. Iшке сыр тарта бойлай алатынына сенiмi кәмiл кейiппен шегiр көзiн қадағанда – қызыл-қоңыр нұр меймiлдеп төгiле жаздайды. Қап-қара салбыраңқы мұрты қола түстес өңiне тұтасып, әлпетi кiсi дәт қылып қарай алмайтындай сұстанып кетедi. Мұртының ұшын ширатып, тесiле төнген қалпы жарқ ете қоймайтын тұнжыр. Болымсыз езу тартып, жылы ұшырағанның өзiнде көзi сыр бермес терең, тұңғиық.
– «Қатын дұшпан» дегендi қазекең тегiн айтқан ба, осы екi арада Демеуге кiнә қоятындай болып тұр ма. – Тасболат жорта қатқыл қабақ танытып, сыздана тiл қатты. Күйеуiнiң мiнезiне әбден қанық Жамал мына бiр сөз шымбайына қатты батқандай қасақана бұртия қалды. Сөйтсе де әлденеден ши шығып кетiп жүрердей қасын қылықты керiп, оған бiртүрлi сақтанып жәудiрей қарады.
– О, шiркiн, сендерге дұшпанның оңайдан табыла кететiнi-ай, осы. Билiктiң бәрi бауырыңның қолында тұрса көрермiз, – деп бүкiл салмақты Демеуге қарай аударып жiбердi.
Бұлар не деп тұр, менiң қолымда не бар екен, мұның ешқайсысы түйткiл боп көкейiне қонбай, сәл базыналық бiлдiрсе басқа шығып кетуге әзiр тұрған Демеудiң саясы аздау қалпын үн-түнсiз баққан Жамал әлденеден сынық тарта сыпайы тiл қатты.
– Қайным-ау, бiздiң шал мына Желдiбай екеуi далаға түсiп бара жатыр. Қойлы ауылдың бiраз қатын-қалашы жақсы ырым болсын деп, сендердiң үйге қарай шыққан бетiмiз. Қазақтың салтын бiлесiң бе өзiң, бiлмейсiң бе, құрсақ шашу деген болады.
– Бiл, бiле, – деп әлдененiң мәнiсiне ендi жеткендей Демеу ырсиып күлiп жiбердi.
– Бiле, бiле болса бастағын. Шешең әйтпесе үйiңнен қуып шығып жүрер.
Ат басын iркiп, иiрiлiп қалған топ қия қапталға қарай жөңкiле қозғалды. Оқ бойы озып шыққан Тасболат кеудесiн шалқақтау ұстап, ерге нығыз отыр. Жылдым жүретiн жуан сары аттың белi қайқая майысып барып түзеледi. Ат сауырына қамшыны сипай сiлтеп, жан-жағына бажайлай қарағыштанған Тасболат: – Әй, мына Демеу дегенмен өрiстiң жайын бiлiп қалыпты. Күнгейiне мал аяғы әлi тимептi, – деп сүйсiне дауыстады.
Демеу де атына Тасболатша нығыз отырып, төңiрегiндегi ақжаулықтылардың қасынан қораздана қоқиып өттi. Бас-көзiне қарамай тоқпақтап зордан желдiрген жаман аты осы кезде арқасындағы жауырын ауырсына белi майысып, дегбiр таппай қиқаңдап кеттi. Тасболаттан өзгесi бұған ду күлдi. Шамырқанып кеткен Демеу қамшыны оңды-солды сiлтегенде ғана аты құлағын жымып, қопаң-қопаң желiп барып, кiбiртiгiне қайта көштi.
– Шешек-ау, жiгiт деген бiр жақсы атты сайлап қоймай ма екен, үйде ай-күнiне жетiп отырған келiншегiң анау, түздегi малың мынау. Өзiң тағы жалғызiлiксiң. Көрмейсiң бе, бiздiң еркектi. Шал, шал да болса жiгiттей, – дедi Жамал сықылықтап күлiп.
Екi көзi шырақтай жанған Демеу Жамалдың тұсына елiре жетiп келдi.
– Мен аға тоқал әпере онда, – дедi өңештей жөнелiп.
Көкейiне әлдеқалай қонақтаған күдiк жанына қатты батқан сыңайда тосыла аңырған Жамалдың әдемi қара торы кескiнi лыпып жүгiрген қаннан күреңiте бұған көзiн төңкере тастады.
– Арманың сол болса, онда әпер. «Ағамның екi қатын алғаны жақсы болды, бiреуi маған тиедi» деп бiр жынды қуанған екен, әйтеуiр соған ұқсап жүрмесең жарады да.
Алды-артына қарайламай салып ұрып бара жатқан күйеуiнiң көк желкесiне бiр мезет қадала қарап бөгелдi де, көкшiл көзi шарасынан шыға шақшиып тұрған Демеуге назарын суық тiктi.
– Қу шешек-ау, қатын әперiп ағаңды жарылқағанша, одан да мынаны айтшы, Қадiрсiз саған әуелi қойшы тапсын ба, жоқ, әлде?
Ерге шұғыл түзелiп отырған Демеудiң жұп-жұқа қалақтай әлпетi ыңғайсыздана аңқая селтиiп барып, тез-ақ серпiле сергiген мезетте жүзiне алаңғасар ожарлық молынан үйiрiлдi. Жан-жағына алақ-жұлақ қарап қораздана қоқиған уақытта қайнылық базынасының өтiмдiлiгiн асыра түскiсi келгендей, көкшiл көзi күлiм қаға емiне төнiп түстi.
– Қадiсiн ұл тапса баға, қыз тапса өлтiре.
Нақ қазiр бiр сұмдық болатындай бағжаң ете қалған Жамал төңiрегiндегi жайрай күлгендерге бiр кезде өзi де қосылып кеткенiн сезбедi. Кенет қалт тынып, шыннан солай ма деген кейiппен Демеуге таңырқай абыржып қарады. Абайсызда бiр күпiршiлiк айтып қойдым-ау, оны жаратқанның өзi кешiрсiн, тәубеме келейiншi дегеннiң жұқанасы Демеу өңiнен сезiлмек тұрмақ, өзеурей өршеленiп, әзiл-оспаққа үйiрсектеп барады.
– Е, құрыған шешек, жетiскен екенсiң, – дегеннен басқа амалы қалмағандай Жамал селқос тiл қатты.
Атының басын еркiне қоя бере салған Тасболат денесiне ие бола алмай екi иығы селкiлдеп, ер үстiнде ырғала тербелiп барып, әзер дегенде тiзгiндi еңкейiп жиып алды. Осы қазiр ғана мүлде күлмеген жандай қалың қабағын сұстана түйiп, шегiр көзiн төңкере тұнжыр тастап:
– Әй, Қожанасырсың-ау, Демеу, – деп басын шайқағаннан басқа сөзге келмедi.
– Қыз саған бала емес пе, – деп Жамал бiр жақ шаужайынан жармасып қалмай келедi.
– Биылғыдай жауынды жазда Қадiрсiз келiн бiр Жауынбайды тауып берсе, төбең көкке екi елi ғана жетпей қалайын деп тұр-ау, Демеу батыр. Сонда да малыңа ықтиятты бол! Мұндайда ит-құс дейтiн пәленiң қағынып кететiн әдетi, – деп жүрiсiн баяулата түскен Тасболат әңгiменi дереу шаруа жайына бұрып жiбердi.
Демеу де бiр жайды парықтап, пайымдағысы келгендей назарын ойлы-қырлы өлкенiң әр тұсына жүгiрте қадады. Көзiндегi көк-жасыл ұшқын лезде сейiлiп, аяқ астынан қам көңiл бола қалған ол:
– Айдап бара көп, айдап келе көп, мен қайда бiле, – дедi бiр нүктеге ежiрейе қарап.
Тоңази маужыраған ауаны бұзып-жарған қыран-топан күлкi тұңғиық құрдымға сауылдай сiңiп, әлдебiр тұстан саңқ етiп жаңғырығып шығады да, қайтадан тына қалады. Көкала сағымға бөгiп мұнартқан тау томсара ыздиған қалпынан лезде айнып, жаңғырыққан үнге қосыла селтеңдеп кеткендей көрiндi. Ат жалын құша еңкейген Тасболаттың жота тұсы тынымсыз бүлкiлдеп барады. «Мына ноқайға бүгiн бiрдеңе көрiнгеннен сау ма, өзi?» дегендей сұқтана қалған Жамал да ақыры шыдамай күлкiге ерiк бердi.
– Бiраз күн күлмеп ек, көңiлiмiздi әжептәуiр кiр басып қалыпты. Әй, дегенмен жарайсың, Демеу, – деп Тасболат ерге жөнделiп отырды. «Бұл жарықтықтың қамсыз күнi бола ма, тәйiрi. Алдыңа салып алып қаптатып өрiске шығарасың, қаптатып әкелiп қоралайсың. Ондай уақытта «айдап бара көп, айдап келе көп, мен қайдан бiле» дегеннен басқа, шынында амалың жоқ екен-ау», деп ойлаған Тасболаттың қалың қабағы бүлк ете түстi.
Қапталдата жүрiп отырып, жал басына көтерiлген бұлар аумақты жазық тұсқа қонған үйге жақындай бере аттарынан түстi. Тiзгiндерiн еркектерге ұстата салып, жайлап басқан әйелдер жұбын жазбай ұшып келiп қонақтаған жыл құсына ұқсайды. Тек Демеу ғана алдынан кезiккен үйге сусын iшуге бұрылған жолаушыдай бәрiнен бұрын жетiп келiп:
– Кiм бар, а, кiм бар, а? – деп қатты дауыстады.
– Кiм бары несi, жын соғып кеткен бе, мынаны, – деп есiктi жұлқып ашып шыққан шешесi саңқылдай сөйлеп, сыңқылдай күлген әйелдерге маңдайын қолымен көлегейлей қойып, ұзақ түйiле қарады. Абдырап абыржыған Демеу де сол тұсқа қарай жалма-жан жалт бұрылды. Бiр-бiрiнен аумайтын көздер түйiскен заматта қара кемпiрдiң салыңқы жүзiндегi сейiлмейтiн көңiлсiздiк жер табандата ұрсатын шаққа таянғанын сездi. Үлкеннiң сес-айбатынан сескенудiң жөнi осы шығар дегендей Демеу тым бұйығы бола түстi.
– Мына жарымағырлар неғып қаптап кеткен өзi?!
Бәрiн құдды Демеу бастап келгендей, қара кемпiр шырағы әлсiреген жанарын бұған ұзақ шүйiлттi. Тасболаттың әйелi Жамал осы кезде кейiстiк бiткендi серпiлтiп тастайтын әдеттегi жайнаң қаққан мiнезiне бағып:
– Жеңеше-ау, амансыз ба, арамыздағы ескi көзден қалған сiз ғанасыз. Келiнi болса ай-күнi жақын, баласы кешке дейiн қой соңында жүр, көпшiлiкке үйренген кiсi едi, жалғызсыраған шығар, халiн бiлiп, көңiлiн кiшкене көтерiп қайтайық деп, қойлы ауылдың қатындарын ертiп келемiн. Ал мына балаңыз үйге жүр деп те айтпайды, – деді. Жамалдың ойнақы дауыс әуенiндегi сиқырлы сырға көбiрек дендегендей қара кемпiр шырайын күрт өзгертiп, көңiлi бұзыла көзiне жас алды.
– Жамал-ау, сендей келiннен садаға кетсе де болмай ма. Көңiлдегi шердi тарқатып, сөйлесең сөздi ұғатын кiсi керек. Өзiңнен өзiң таусылып, қам жеп, қапа болғанда да орнына келiп жатқан ештеңе жоқ, – деп жаулығының ұшымен көзiн сүрттi де, әйелдердiң аттарын жақсылап бекiтiп, еңiстеп бара жатқан Тасболаттарға көзiнiң қиығын қадады.
– Анау сенiң күйеуiң бе, кәрi жеңгесiне деген аманы сатулы ма, бұрылып сәлем берiп кетсе қайтер екен!
Қозғалмаған әңгiме қалмады. Демеудiң жол-жөнекей айтқан сөздерiне дейiн естерiне салып, бәрi мәз-мейрам болысты. Қара кемпiр ара-арасында шарасыз күлiп:
– Құдайдан сұрап алған деген осы, әй, қуарған қу жалғыз-ай, – дей бердi.
Еш әңгiмеге араласпаған Қадiрсiз ғана күлген жоқ. Қадiрсiз ғана көңiлсiз жүрдi.
Күн ұясына тақап, қас қараяр мезгiлде ғана әйелдер орындарынан тұрды. Оларды бiраз аралыққа дейiн шығарып салып қара кемпiр қайтып келдi. Демеу қойын қоралап, атын жiбердi. Қадiрсiз ғана сыртқа бiр шығып, iшке бiр кiрiп тыным таппай зыр қағып жүр. Манағы ырду-дырду сап басылып, бiр қолайсыз тыныштық орнағандай. Қыбыла жақтағы үйреншiктi орнына жайғасқан енесiнiң жүзi шамның жарығында әлденеше құбылып, алаулап көрiнедi. Бүгiнгiнiң бәрiн көңiл таразысына салғандай кенет ұлына жалт бұрылды.
– Аузыңды бағып неге сөйлемейсiң сен осы? Ай-күнiне жетiп отырған қатыныңа тiл-көз болады-ау деп те ойламайсың.
Қадiрсiз қалт тынып, жасаураған көзiн бiресе енесiне, бiресе күйеуiне тастап, жыламсырай үн қатты.
– Апа, өзiмнiң де қыз тапқым келiп жүрген жоқ, ол бейбақ та мен сияқты елдiң мазағына айналып сорлайтын шығар. Жамал жеңешем балаларын қорқытқанда, Қадiрсiз келе жатыр дейдi екен. – Қадiрсiз сөзiн ары қарай жалғастыра алмай солқылдап жылап жiбердi. Қара кемпiр келiнiне ұзақ шүйiлiп:
– Жамал жеңешем деп Тасболаттың жаңағы ербиген немесiн айтып отырсың ба? Жеңеше болмай жерге кiргiр, жетiле қалыпты ғой. Жыртық көйлекпен келiп едi, әй, шiркiн, бәрi ұмытылады екен ғой, – дедi өзiне-өзi сөйлегендей.
Демеу жүзiнде де қамығу бар. Күйеуiнiң мұндай қалпынан тез арылып, демде бейғамдығына көшетiнiн Қадiрсiз жақсы бiледi. Оның кейде тек әлденеге алаң бола қалатыны жанына қатты бататын сияқты. Айыбы, әр сөздiң басын шалып айтады. Әйтпесе ақыл-есi бүп-бүтiн. Ойын жеткiзе алмау да сордың зоры екен ғой, бұл. Сол үшiн де Демеу кейде қиялға ұрынып, ойқы-шойқы сөйлейтiн шығар. Бақса, бұл да бiр бала. Дегенмен жаңағы сөзiн ауыр алғаны несi? «Мұның сонда бiр мезгiл адам көңiлiн аулауды бiлмегенi ме?» дедi iштей.
Демеу көкiрегiн қақ айыра ауыр күрсiндi.
– Жаман ырым бастамай тыныш жатқын! – дедi шешесi қатқыл дауыстап.
Қадiрсiздiң ары-берi аунап, тыныш таппай дөңбекшiгенiнен Демеудiң көпке дейiн көзi iлiнбедi.
Салқын самал үздiксiз еседi. Шымырлаған шырт қараңғы түнде жаратылыс марғаулана түсiп, алаңсыз ұйқыға кете бастады.
Шыңдардың ұшар басына иек арта қылтиып шыққан күн текшелерге бұғынған көлеңкелердi iргесiнен түре қуып, тау асырып тастады. Жылы орнынан құлықсыз көтерiлген Демеу осынау жаратылыстың байыбына бара алмаған сұраулы кейiппен бiр сәт жатырқап шолды. Аспанға шапшыған шоқылар мен құлдилаған сай аңғарлардың терiскей-терiскейi ғана әлi көмескi. Қадiрсiз таңертеңгiсiн мұны ылғи түртпектеп оятатын. Бұл сонда тәттi ұйқыны қимай тырп етпестен жатып алушы едi. Сол «тұр-тұрды» бүгiн де көп күттi. Ақыры еш дыбыс болмаған соң, сыртқа сүйретiлiп шығып, жадағай қорада жатқан қойды қияға қарай қаптатып өргiздi. Бақса, әйелiнiң оятуында жанын ләззатқа кенелтетiн бiр керемет рақаты бар екен. Қадiрсiз енесiне байқатпай мұның бүйiрiнен түртiп, қытықтай бастағанда келесi қырына қарай аунап түсетiн.
– Еркелейтiн кездi тапқан екенсiң сен жаман. Тұр, қойыңды өргiз! – деген шешесiнiң даусы қатқыл шыққанда ғана апыл-ғұпыл киiнiп, сыртқа ата жөнелетiн. Өз бағасын бұлдай алмайтынына бiртүрлi ашу-ызасы қозды. Кенет көз алдына Тасболаттың салбыраңқы мұртты қара қошқыл кескiнi келе қалды. Сөзге сараң ол әйелi мен бала-шағасына да тым жайсыз. Биылдың өзiнде Жамалды сабап жатқанының үстiнен бiр-екi жолы түстi. Ашынып алса Жамалың да тiлiн тартпайтын көк сойқанның нағыз өзi. Жан дәрмен арашаға түсiп те көрдi. Болмаған соң көкiрегiн ұрғылап, айқайлап та жiбердi.
– Қадiрсiздi мен неге ұрам?!
Өзiне көзiн шақшита ежiрейiп тұрған бұған Тасболат ақырын жақындап келдi.
– Шiркiн, сен де кiсiге ақыл айтуға жараған соң, бұл дүние оңған екен, – деп езуiне ащы мысқыл үйiрiп, суық жымиып алды: – Сенiң үйiңдегi келiн бiр басқа да, бiздiң үйдегi қатын бiр басқа. Мұны анда-санда осылай сабап тұрмаса жын иектеп кетедi.
Жамалға таңырқай қараған Демеу Тасболат сөзiнiң шындығына дендей алмай селтиiп iркiлдi. Жаулығымен көзiн баса жылаған Жамал қалт тынды.
– Ағаң рас айтады, үйiңе бар да Қадiрсiздi саба, Тасболат үлкендiгiн көрсетiп, осылай iсте деп үйреттi де, шешеңе.
– Мынаның лаңын қарай гөр, – деп Тасболат тұра ұмтылғанда Жамал шыңғырып жiбердi. Балалары да шұрқырап, әкелерiнiң аяғына оратылып жатыр. Тасболаттың арқасынан қапсыра құшақтай алған Демеу оны артық қимылға барғызбады. Осы оқиға жаңа әзiрде болғандай Демеу бiртүрлi шиыршық атты. Қарсы алдындағы беткейге қойды жаппай қаптатып, үй жағына қарай көз тiктi. Күнделiктi қыбыр-жыбырына әлдеқашан кiрiсiп кететiн Қадiрсiздiң қарасы әлi көрiнбейдi. Үй жаққа жәудiреп қараған сайын көңiлi қамығып, елегзи түседi. Оразасын ашатын мезгiлдiң өтiп кеткенi де қашан. Аяңдап келдi де, есiктiң тиегiн жайлап ағытып, iшке ендi. Бұрышта тыныш таппай аласұрып жатқан Қадiрсiздi көрiп қалт тоқтады. Ал жаңадан тұрып, асып-сасып киiнуге кiрiскен шешесi нұры әлсiреген көкшiл көзiн бұған ұзақ шүйiлттi. Әлдененi шала-шарпы түсiнгендей болған Демеудiң көкiрек тұсынан бiрдеңе лап етiп тұтанды да, соның қызуы лезде тұла бойына жайылғандай ысына жөнелдi. Дегбiрi қашып:
– Апа, Қадiсiн не? – деп сұрауға шамасы әрең келдi.
– Түктi де түсiнбей тұрғаның-ай, шiркiн, – деген қара кемпiр Қадiрсiз жаққа иегiн болымсыз изедi. –Кешегi қатын-қалаштың бiрiн қалдырмай шақырып кел!
Қатты қинала арпалысқан әйелiнiң көзi кенет өзiне қадалып тұрғанын аңдады. Осы сәтте қатты абыржып, сасып-салбырап, суық қарастың уытынан iшi-бауыры қалтырап барады. Орнынан әлi қозғала қоймай қалшиып тұрған бұған шешесi кенет:
– Ойбай, сен тұрма, шап! – дедi.
Асығып атқа қонған Демеудiң ойынан анасының сұсты кейпi мен Қадiрсiздiң дөңбекши аласұрғандағы ұсқыны кетпей тұрып алды. Тiк еңiске қарай бiр үмiт, бiр қауiп дедек қақтыра құлдилатып келедi. Әшейiндегi иек астындағы омарта бiр жаққа жылыстап жоғалғандай қарасы көрiнер емес. Екi-үш үйдiң әйелдерiне мән-жайды үзiп-жұлып жеткiзiп, тез керi қайтты. Ылди-төменге бiрдей жүрiп, әбден титықтап болдырған атын борбайлата отырып, кезең үстiне шыққанда төбеде қалшиып тұрған шешесiн көрiп, шошып кеттi.
– Әлгi жүрiмi құрғырлардың келетiн түрi бар ма?
Сен көкем де қайбiр шекесiн қыздырып айттым дейсiң.
– Келе, келе, – дедi бұл сасқалақтап.
Сонау құз сайға көзiн қолымен көлегейлеп, ұзақ телмiрген анасы бұған қайта бұрылып:
– Мына төбеге шық та, қарап тұр! Ана қатындардың бiреуi көрiнсе, асықтыра түс, – дедi де үйге қарай жылдам басып жүрiп кеттi.
Осы кезде Қадiрсiздiң ащы айғайына состия аңырып барып, көлденең белге тез көтерiлдi. Күнгей мен терiскейге бiрдей көз жүгiртiп, етектегi сонау жалғыз аяқ жолға түсiп, өрге қарай тырмысқанды Жамалға жорыды. Ал қалған әйелдердiң әлi көрiнбегенiне әжептәуiр қамығып, Жамалдың сұлбасын нысанаға ала аялдап тұрды да қойды. Келесi тұмсыққа шыққанда ғана қарсы жүрдi. Көзiн өзiне төңкере ойнақы тастаған Жамалдың әлпетiндегi жайбарақаттықты байқап, тосылып қалды.
– Толғақ па, не өзi? – деген сұраққа таңырқай бағжиып қарағаннан басқа ләм деп жауап қатпады. Демеуге зейiн бұра қараған Жамал болымсыз езу тартты да, ақырын тебiнiп жүрiп кеттi. Бұлардың қарасы көрiнгеннен-ақ дүрсе қойған қара кемпiр:
– Қарағым Жамал-ау, әне келедi, мiне келедi деп екi көзiм төрт болды ғой. Көсегең көгергiр, тез жүре қойшы! Әлгi қатындарың қайда? Ойпырмай, пiрсiздер-ай, келе қалса қайтер екен, – дедi. Қара кемпiрдiң асып-сасқаны түк әсер етпеген Жамал ұстамдылығынан жаңылмай аттан түсiп, тiзгiндi мама ағашқа асықпай iлдi. Ерде шоқиып отырған Демеуге көз қиығын тастап, қулана жымиып алды да:
– Келiнiңiздiң толғағы ашты-ау, шамасы, – дедi.
– Е, кiм бiлсiн.
Қадiрсiздiң апатайлаған жалынышты даусынан Демеудiң жүрек тамырын әлдене жұлқып тартып, солқылдата ауыртып өттi.
– Құр босқа айқайлағанша «Бибi Бәтима пiрiм, қолдай көр» деп сыйынбайсың ба! – Шешесiнiң өктем даусынан сыз бiлiнедi.
– Жеңеше-ау, бiз екеумiз не бiтiремiз, ана балаңызды шақырмайсыз ба, – деп сөзге бiр жағынан Жамал килiктi.
– Ой, сен де қайдағыны айтады екенсiң!
Жаңағы өзi шақырып қайтқан әйелдер де жетiп, iшке сып берiп кiре бергенде ар жақтан аласұрған Қадiрсiздiң ащы үнi ерекше серпiндi естiлдi.
– Майды оттың қозына тақа! – деген шешесiнiң айғайы қосамжарласа шықты.
Бiр кезде жаңағы шу сап тынды. Орнай қалған үрейлi тыныштықтан қатты сескенген Демеудiң жаны мұрнының ұшына келгендей бiртүрлi қыстығып барады. Арада қанша уақыт өткенiн де бiлмедi. Күн көзi Суықтөбе шыңын иектеп үлгерiптi. Демiн iшiне ала қалшиған бұл аяқ астынан шар ете түскен ащы үндi естiген заматта төбе құйқасы шымырлай жөнелдi. Көз алдындағының бәрi сұрапыл жылдамдықпен бiр жаққа қарай заулап бара жатқан сияқтанады. Шеке тамырларына дейiн лүпiлдеп, дегбiрi қалмай ұмтыла бергiсi келiп тұрғанда ар жақтан Жамал шықты. Бұған назарын салмастан белдеуде тұрған бақанды ала салып, жердi тоқпақтаған бойы әлденеге «түс, түс» деп үйдi бiр айналып шықты. Ештеңенiң мәнiсiне бара алмай аңқайған Демеудi содан кейiн байқап, қасы-көзiн таңырқай кердi.
– Қайным-ау, сүйiншi, Қадiрсiз өзiңнен аумаған қойшы тауып бердi, – дедi күлiм қағып. Бiр ауыз сөз айтуға шамасы келмей қалшия бағжиған мұның жеңiнен Жамал тартқылаған күйi: – Қайным-ау, естiп тұрмысың, ұлды болдың, ұлды!
«Ноқай неменiң қуанғаны қандай болатынын бiлмеген соң қиын екен ғой» деп ойлап үлгерген Жамал оның өзiне жалт қараған сәттегi шақшиған көз шарасынан мөлтiлдеген жасты байқады. «Қайтсын-ай, бейшара» деген сыңайда бет-пiшiнi алабұрта құбылып, сәл болса жылап жiберетiнiнен шошынғандай Жамал iшке сып берiп кiрiп кеттi.
Андалайлаған андыз-андыз шоқыларға ерiксiз көз салды. «Мен Деме, мен ұл». Әр тепсең мен текше, сай мен өр – өрекпiген көңiлiнiң ыңғайына қарай құбылып, көзiнiң алдындағының бәрi дөңгелене үйiрiлдi. Майтөбе шыңымен деңгейлесе бiткен үшкiр шоқы – Бесқоныс. Ал онымен иықтасып келiп, өрге омыраулап ұмтылған төбе – Жүрекше. Соған қарап қатты да қалды. Тiлiнiң шолақтығы қаперiне кiрiп-шықпайтын иманжүздi болмысы мейiрбан. Осы кезде қойлы ауылдың Жамал бастаған қатын-қалашы мұның қасына топталып келiп, қоршап алды.
– Үйде Қадiрсiз, түзде сен толғатқаннан саумысың? Сүйiншiң кәнi? – дестi. Жұп-жұқа сопақ кескiнi қызыл шырайлана алабұртқан Демеу ыржиып күле бердi. Кенет бойын тiп-тiк ұстап қаздиып тұрған шешесiн көргеннен-ақ абыржып, берекесi ұшты. Әлдене айтпақ ойы бардай бұған бiр мезет сүзiле қарап, жүзiн самарқау бұрып әкеттi.
Үйге бiртүрлi жүрексiнiп кiрдi. Қадiрсiздiң қуаңдау кескiнiнен терең қиналыстың табы аңғарылады. Көз шарасында бейiлдi ұшқын жұмсақ жылтырап, монтаны кейпiне жайдарылылық үйiрiлiптi. Бұл кiрiп келгеннен-ақ Қадiрсiздiң өңiне қызыл жүгiрiп өттi. Бiраз ошарылып тұрып қалған Демеу құндақтаулы нәрестеге ебедейсiз еңкейiп, құртақандай тiршiлiк иесiн ұзақ қызықтады.
– Не болды сонша тесiлiп? – дедi Қадiрсiз зорлап жымиғысы келген рай байқатып. Маңдайындағы жiп-жiңiшке сызықтарда көлкiлдеген тер мөлтiлдеп тамып кетуге шақ қалып тұр. Шешесi бастаған әйелдер сырттан кiрiп келгенде – баласына етене жақын отырысынан жөнделiп жайғасуға үлгере алмай асып-сасып қалды.
– Мына шешектiң балажанын қарай гөр, – дедi әлдекiм.
Қарашұбар кескiнi түксиiңкi тартқан шешесiнiң суық қарағанынан сескенiп, кейiн серпiлдi.
– Елпектемей жоғал әрмен, жаман неме, иектей қалыпты ғой, маған барып!
Қойлы ауылдың тайлы-таяғы қалмай шiлдеханаға түгел жиылды. Сыртқа ұзыннан жайылған дастарқан басына жағалай жайғасқан үлкендер қызды-қыздымен тойды өздерi билеп-төстеп кеттi. Еркiндiк өздерiне тигенiне балалар мәз, ойынның қызығына түсiп, оңашалау жерде шұрқыраса шуылдап жүр. Барын аямай ортаға салған үй иелерiне ара-арасында: «ендi қайтсiн-ай, байғұстар» деп разылығын бiлдiргендер де табылып жатыр. Ет желiнiп, қымыз iшiлiп болған соң кезек өлеңге тидi. Демеудiң құтырына алақтап ұшқын атқан қой көзiнен көпшiлiкке өзiнше даусын қосып iлескiсi келетiн ниетi байқалады. Онысын жатырқаған Қадiрсiз қабағындағы жазылмаған кiрбiң молая таңырқай қарады. Әйелiнiң салқын райлы кiшiк қалпы Демеудi қанша тосырқатқанымен дуылдасқан жұртқа ырықсыз iлесiп кете беретiнiн кейде сезбей де қалады. Қадiрсiздiң терең көз шарасындағы мұң мөлтiлдеп төгiле жаздайды. Сөздiң ретiн бұзып, кейбiреу орта жолдан килiге бастады. Гуiлдегендердi әлсiн-әлi сырттарынан шолып жиырыла беретiн ене сiне, жүректегi сөзiн жеткiзе алмай әлектенген Демеуге ұрланып қарағаннан басқа ештеңеге кiрiспей оқшау жүр.
– Әй, Демеу, сен қонақ боп кеттiң бе, берi келгiн, – деген шешесiнiң әмiрлi даусынан оның қитыға қалып, қабағын шытқанына дейiн байқады. – Мен саған айтып тұрмын, келмейсiң бе, ендi. Онысы несi, түгi! Демеу қасындағы қойшының тiзесiн баса атып тұрып, шешесiнiң алдына қаңғалақтап жетiп барды. Ұлына тiптi назар салып қарамаған қара кемпiр:
– Ал, ел-жұртым, қара орманым! – деп даусын жалпыға тастап, бәрiн өзiне қаратып алды. Әлi тыныштала қоймаған бiр-екеуге нұры тайыңқы көзiн бiртүрлi түйрей қадады.
– Әй, тыңдасаңшы, сөз айтып тұр ғой, – деп Тасболат қатты жекiп тастады. Өңi сан құбылып, көңiлi босаған қара кемпiр сөздi бiрден бастап кете алмай сәл iркiлiп тұрды.
– Далда тұтып жүрген мына жаманымның алғашқы бiрдеңесiне келгендерiңе рақмет, қарақтарым! Бұл екi бейшара осындай қоқыр-соқырымен ел қатарына қосылатын шығар. «Көптiң тiлеуi көл» деген, балаға атты өздерiң қойыңдар.
Көпшiлiк арасынан ешкiм суырылып шыға қоймады. Олардың назары боп-боз қуаң жүздi Қадiрсiзге, шарасы әлсiн-әлi шақшиып, қарашықтары дегбiрсiз ойнақшыған Демеудiң түйсiгi шамалы болмысына, қаққан қазықтай қаздиып қалған қара кемпiрдiң тәкаппар тұрысына алма-кезек ауды. Демеу осы кезде «апа» деп дауыстап қалды. «Бұл не айтпақшы» дегендей шешесi жалт бұрылды.
– Бала аты Көкте бол, Көкте, – деп сөзге жасқана араласты. Кескiнi күрт өзгере сұрланып кеткен қара кемпiр:
– Өз тойында өзi билiк айтқаны несi-ай, мынаның! – дедi.
Әлдебiр әбестiкке барғандай Демеу басын төмен тұқырта қойды. Тiлегiнiң қабыл болмағанына қапаланып, көзiнiң астымен Қадiрсiздi бiр сүзiп өттi. Қара кемпiрдiң ызбарлы жүзiн баққан көпшiлiк әлi үнсiз. Тек Тасболат бiрдеңе айтардағы әдетiнше салбыраңқы мұртын ширата сипап, Демеудiң шешесiне назарын тiктедi.
– Шешей, балаңыздың сол Көктесi дұрыс, өсiп, өнiп, көктегенге не жетсiн.
Абыржи тосылған қара кемпiр шарасыз күлiп жiбердi.
– Қалай ұйғарсаңдар солай-ақ болсын, қарақтарым! Бұл жаманның да бiр бiлгенi бар шығар. Бiр жапырақ неменiң, әйтеуiр, көзге көрiнген соң аман болғаны керек те.
Демеу әйелiнiң қасынан бiр-екi мәрте қораздана ойқастап өттi. Ал шырайына лып етiп қан жүгiрген Қадiрсiз абыр-дұбырға қайта көшкен елге тiл қатқысы келетiн ниетiн аңғартты.
– Апа-ау, ондай атты нәресте көтере ала ма?! – деп өзiнен-өзi тығыла қыстығып, жылап жiбердi.
– Қуаныштың үстiнде сықсыңдап жаман ырым бастағаны несi, – деп, әлдене айтпаққа оқталған келiнiн қара кемпiр дереу тыйып тастады.
Көпшiлiк қайта тынышталды. Әйелiнiң әлпетiндегi көңiлсiздiктi неге жорырын бiлмеген Демеу бiр мезет тосырқаулы сыңайда үрпиiп, бәз-баяғы жайдақтығымен лезде табысты. Қойлы ауылдың естияры саналатын Тасболат иiкпей тiп-тiк тұрған қара кемпiрге назарын байыпты тастады.
– Нәрестелерiңiздiң жасы ұзақ болып, құдай басына тек жақсылық жазсын, – деп үлкендiк рәсiмiн жасады. Бiр-бiр ауыз ниеттерiн бiлдiрген өзгелер де осыны күткендей шеттерiнен көтерiлiп, мама ағаштың тұсына дейiн қауқылдаса әңгiмелесiп келдi. Матастыра бекiтiлген аттарды былай шығарып, жаппай мiнген олар әзiлдесе дабырласқан күйi топ-топқа жырылып, бiрi ылдиға түссе, келесiсi тiк өрдi жалдатып барады. Көпшiлiктiң соңынан сазара қарап тұрған Демеудiң ұсқыны күрт өзгердi. Көкiрек сарайын тымырсық ауа кептегендей қинала булығып, берекесi қашты. Қазан-ошақтың төңiрегiндегi төпелеме ыдысты жууға кiрiскен Қадiрсiз басын көтерiп, бұған ұзақ тесiлiп барып, кемсеңдеп жылап жiбердi.
– Саған жай ат жетпедi ме?! Не деп жауап берерiн бiлмей аңтарылған Демеу тұрып-тұрып үйге кiрдi. Төрде қаздиып отырған шешесiнiң қарашұбар суық райынан да секем алып, состия аңқайып қалды.
– Әй, сенiң ана жаман қатының не деп тантып отыр. Әруақ-құдайды алдыма салатындай ол кiм сонша! – Түктiң де мәнiсiн түсiнбеген Демеу қалшиған қалпы iркiлiп тұрды да, сыртқа сүйретiлiп шықты.
Жүресiнен отырған күйi басын жерге салып, екi иығы селкiлдеп жылаған Қадiрсiздi көрсе де бұрылмастан отқа қойылған атына қарай iлбiп басып барады. Жауырыны қушиып, еңкiш тартқан сырт бiтiмi бейбастығы үшiн оңбай таяқ жеп, өкпелеген ойын баласының кейпiне қатты келедi.
Жатса да, тұрса да аузынан тобасы түспейтiн халге ұшыраған Қадiрсiз «Киеңнен айналайын, Көктекше, пендем десең кешiре гөр», – дейдi. Керiлiп-созылып жүрiп алмай күйбеңнiң үйреншiктi қамытын тез-ақ киген Қадiрсiз әлсiн-әлi шырылдап жылаған Көктенi алуға мұршасы келмейдi. Нан жауып, тамақ iстеп, тыным таппай зыр қағып жүгiрiп жүр.
– Әй, баланы алсаңшы, iшегi қатып қалатын болды ғой, байғұстың, – деген енесiнiң сөзiн елең де қылмады. Ақыры болмаған соң алдына алғанын көрдi. Әлденелердi айтып, жұбатып отырғанына әуелi зейiн бұрмаған:
– Сенiң жаман әкеңде ақыл бар, атыңды Көкте қойып, көктейiк, өнейiк дегенi екен ғой, жазғанның.
Iстеп жатқан шаруасын кiлт доғарған Қадiрсiз: «Мына сөздi айтып отырған Демеудiң шешесi ме?» дедi. Демеуге кенет қатты жаны ашып, өзiнен басқа оған жақын адамның жоқтығын ойлады. Бiрақ ол мұның бiрiн де сезiне бермейтiнi жаман да. «Көкте құдды әкесi сияқты болып қалса қайтемiн?» Көзiнiң шұңғыл ұясынан ытқып-ытқып шыққан жасы бет ұшына iркiлiп барып, домалап-домалап түстi. Бiршама уақыт состиып тұрып, үйге кiрдi. Көктенi жұбатып отырғанынан қалт тынған қара кемпiр келiнiнiң мына сыңайынан сезiктене бағжаң ете қалды.
– Апа, балаңыздың аты Көкте емес, Көктекше. Демеудiң тiлi келмеген соң Көкте дейдi, бiлмеушi ме едiңiз?!
Бiр нүктеге ұзақ қадалған енесi назарын Қадiрсiзге тiктей қалғанда, пiшiнi күл түстене сұрланып кеттi.
– Тiлi келмесе, сен неге келтiрмедiң! Содан өзiңдi артып тұрмын деп ойлайсың-ау, бiр бала тауып бәрiмiздiң төбемiздi ойып бiтетiн болдың ғой! Ештеңе жоқ, бiз де қатын болғанбыз, бiз де бала тапқанбыз. Тапқан балаң анау мақауың ба деуден де тайынбайсың сен. Жақсысын алып, жаманын қалдырған құдайға сөзiм өте ме!
– Апа-ау, сiз не деп кеттiңiз?! – дедi Қадiрсiз шошынған сыңайда.
Тiктеле жөнделiп отырған қара кемпiр бiр шұғыл қимылға баратындай қос бүйiрiн таянып ала қойды. Нұры әлсiреген қарашықтары Қадiрсiздiң өңменiне қадала түскенде суық жанарынан бiр қабат жас бiлiндi.
– Ал айттым, тергешi, не дер екенсiң, әуселеңдi бiр байқап көрейiн! Сен менiң жаманымнан басқа кiмге керексiң. Асықпа әлi... – Шекесiмен одырая қараған қара кемпiр абдыраған келiнiнiң ұсқынсыз шырайынан жүзiн жерiне бұрып әкеттi.
Қадiрсiз селтиiп тұрып-тұрып, сыртқа атып шықты. Бiр кезде көз жасына ерiк бере жүгiрген бойда төмен қарай құлдилай жөнелдi. Демi жетпегендей ықылық ата оқтын-оқтын өксiп қалады. Құз табанындағы тақиядай дөңгеленген сонау жота шайпау енесiнiң кейпiне әлдеқалай ұқсап кетедi. Арқырап-сарқырап аққан өзеннiң дыбысынан қара кемпiрдiң шаптыққан үнi қосамжарласа естiлетiн секiлдi. Қалқиған жаужапырақтардың тамырдай тарам-тарам өзекшелерiне дейiн адырайып көрiнедi. Бұрылма кезеңнiң ойындағы қалың қорыс тiкеннiң тұсына келгенiн бiр-ақ байқады.
«Бәле бiр адамнан емес, екi адамнан бiрдей» деген сөз жадына оралып, өзiн ақтаудың еш қисынын таппай дал болды. Бейуақытта үйден безiп шығып, бiрдеңенiң шалығы тиген жанша оңашаланған мына отырысын әбес санап, өз-өзiнен қуыстанды. Кенет құмырсқаның илеуiне көзi түстi. Бiлтенiң енiндей ғана жiңiшке сызықпен ерсiлi-қарсылы ағылған кiшкентай жәндiктердiң жанкештi қыбыр-жыбырын тумысында көрiп отырғаны осы тәрiздi. Жазғандардың ауыздарында бiр-бiр түйiр дән. «Бұлардың да енесi, күйеуi, баласы болатын шығар? Бiрiнiң алдынан бiрi қия өтпейтiн не деген тәртiптi едi жарықтықтар!»
Байламы жоқ ойға берiлiп көп отырды. Күн сәулесi жоталарға көлбей құлаған шақта шыңырауларға ұйысқан көлеңкелердiң басы әжептәуiр ұзарып, күнгей қапталды ернеулей бастапты. Осы сәтте ойына Көкте түсiп, атып тұрды. Еңiске тым құлдилап кетiптi. Мана өзi сырғанап түскен тiкке тырмысып, жанұшыра өрмелей жөнелдi. Ара-арасында демi жетпей екi қолын тiзесiне тiреп, сәл аялдап алады. Көлденең кезеңге иек артқанда қарсы алдынан дөңгеленiп шыға келген киiз үйдi күтпегендей сiлейiп қатты да қалды. Мама ағаштың тұсында мүлгiп тұрған Демеудiң маңғол атының күйкi тұрқы да, төбенiң жазық аумағына орын тепкен қараша үй де, төңiректегi қаптаған жаужапырақтардың сыдырылып, жалаңаштана сойдиған жуан собықтарына дейiн бiртүрлi жадау. Енесiнiң шаңқылдаған шамшыл даусын естiп қалт тоқтады. Лүпiл қаға тынышсыз соққан жүрегi аузына тығылып, бiр мезет алқынып тұрды.
– Күң немеңдi өлiп кетсең де басыма шығартпаймын. Бала таптым, бiр кiсiлiк бағым бар деген менiкi бекер. Әйтеуiр, бiр сорлы қарды ғана ес тұтып, соның азды-көптi қызығын көрiп жүрмiн. Өз сорың өзiңе. Қадiрсiздiң iлгерi басқан аяғы керi кетiп, амалсыз бөгеле бердi. Ерегiскендей Көкте де жыламай қойған соң, аяғын әдейi тарпылдата басып, есiкке тақады. Бойын жиып ала iшке сып берiп кiрiп келдi. Бiр оянып жылаған соң жұбатып, ұйықтатқанға ұқсайды, Көктенiң қабағы түюлi. Қадiрсiздiң аяқ астынан кiрiп келгенiне енесi одырая қалса, шошайып отырған Демеудiң сопақ кескiнi сұрланып, көзiн тесiрейткен күйi атып тұрды.
– Мен жама, апа жама, сонда кiм жақсы, а?!
Қадiрсiз күйеуiнiң жат кейпiнен сескене кейiн шегiндi. Жазатайым жапа шегудiң зардабы санасында қылаң берiп өттi. Ожар қимылға барудан тайынбайтын мынаның дүлей қалпын таныған сайын енесi жаққа жаутаңдап, қайта-қайта қарағыштады. Бұл әңгiмеге еш қатысы жоқ кейiпте ыздиып ала қойған қара кемпiрге бiр мезет таңырқай қарады. Енесiнiң пиғыл-ниетiнде бiр сұмдық бардай көрiнiп кеттi. Екi көзi шарасынан шыға шақшиып, өзiне төне түскен Демеудiң ұсқыны кiсi шошырлық. Осы кезде булығып оянған Көкте шырқырап жылады. Қадiрсiз жалма-жан қолына алғанда да нәресте көпке дейiн солығын баспады.
– Жарық сәулем-ау, не болды саған, бiрдеңеден шошынып қалдың ба? – деп ренiш атаулыны есiнен тарс шығарып жiберген Қадiрсiз қысылып-қымтырылмайтын жайдары қалыпқа ендi де, баласын айналып-толғанып емiзуге кiрiстi.
– Иә, шошытатын мен ғой баяғы, басқа кiм дейсiң, – деп енесi өршiп-өршеленбей сыздана тiл қатты.
Көктенi емiзiп болып қайтадан жатқызғанымен қасынан кете алмай үйiрiлiп бiраз жүрдi. Көз ұясынан момақан нұр жылтырап, кейiпсiз кескiнiне көңiлi бiржола тыншыған бейiлдiлiк үйiрiлiптi. Енесiнiң зәрлi көкшiл көзiнiң уыты өңменiне өне бойы қадала бергенiнен қашқақтап, сыртқа беттеп бара жатып, төрге жантая жайғасқан Демеуге көз қиығын тастады. Манағы дүлей ашудан әлпетiнде жұрнақ та қалмай, назарын төменшiктеткен сыңайынан шарасыздықты анық аңғарды. Қас қараяр мезгiлдегi үй тiршiлiгiне шұғыл кiрiсiп, қыбыла жақта сазарып-безерiп отырған енесiн қаперiнен мүлде шығарып жiберген едi. Тек Демеудiң бiр жамбастап жатып, бiр жүрелеп отырып, мазасы кеткенiн байқады. Есiкке қарай еңкейе ұмсынып, арғы бетке көз жiбердi.
– Қадиси, қой қора иiрле? – дедi бiр кезде арада түк болмағандай бейғам тiл қатып.
Селт еткен енесiнiң қарашұбар кескiнi күреңiте шымырлап, ұлына түксие қарай қалғанын байқады.
Ел орынға отырар кезде үшеуi үнсiз шай iштi.
Қара кемпiр күндегi әдетiнше ерте жатты. Демеу сыртқа шығып, қойды қарады. Түн құшағындағы шыңыраудың қойнау-қойнауы үңiрейiп, сұстана суық қарауытады. Ауыр ауа аспанмен таласқан шыңдардың еңсесiн жаншып, басып тастағандай тым аласарып көрiнедi. Терiскейден жел тұрыпты. Ұйысып, тұтаса бастаған бұлттың селкеу тұстарынан ғана жұлдыздар болымсыз жылтырайды. Қоңыр салқын түннiң тұнығы шайқалып кеткендей құйындай ұйытқып үйiрiлген әлдене зорая тұлғаланып, ақырын-ақырын жақындап келiп кейiн шегiнiп кетедi. Көңiлi бiртүрлi құлазыған күйi Демеу үйге кiрдi. Шам жарығы төр жаққа еркiн жеткенiмен, босаға мен iрге қаракөлеңке. Ыдыс-аяқты жуып, орын-орнына реттеп қойып жүрген Қадiрсiз бұл дүниеде Демеу бар ма, жоқ па, ойлайтын емес. Қаперсiз ұйықтап жатқан шешесiнiң жүзiндегi жуастыққа таңырқай дағдарды. Осы кезде Көкте шошып оянды. Жанұшыра жетiп келген Қадiрсiз баланы жерден жұлып алды да, «пiсiмiллә, пiсiмiллә» дегендi үздiксiз қайталай бердi. Кейiгендей қабағын тыжырынған Көкте басын шайқап, аузын балапандай ашып, емшек iздедi. «Жарық сәулем-ау, не болды саған?!» дегендi Қадiрсiз жыламсырай сыбырлап айтты. Ұйқы үстiндегi енесiнiң тарс жұмулы көзiнiң айналасы жұп-жұмсақ тәрiздi. Мүләйiм пiшiнiне бiр мезет алданып қарады. Баланы асықпай емiзiп, орнына қайта жатқызып шоқиып отырды да қойды. Кенет иығына оратыла кеткен Демеудiң қолынан селк ете түсiп, жалт бұрылды. Демеу өзiне жақындаған сайын бiртүрлi емiнiп, тоят тiлеген ұры ойы көзiне қалқып шығыпты. Оның қолын Қадiрсiз қағып жiберiп, атып тұрды. Демеу бүк түсiп жатып қалды. Түсiнiксiз қорыну сезiмi жанына жайсыз тиiп, көкiрегiн ып-ыстық жалын қапты. Алақұйын сезiмнен арылмаған күйi көзi iлiнiп бара жатты.
Түннiң бiр уағында қойдың дүркiреп үрiккенiнен Демеу оянып кеттi. Жалма-жан киiнiп, сыртқа атып шықты да, көзге түртсе көргiсiз шырттай қараңғылықтан қорыққандай шажылдап-бажылдай жөнелдi. Желдетiп жауған жаңбырдан сәл бөгелiп, жан-жағына алақ-жұлақ қарады. Атой сала соққан жүрегi аузына тығылып, сызды ауадан тұла бойы тоңазып, тез ширады. Қабаққа шығып кеткен қойдың қарасы бұлыңғыр көрiнгенде: «Мұнысы несi?» дедi.
– Әй, шәй! – деп жанұшыра жүгiрген Демеу жаңағы тұсқа алқына жеткенде бiр уыс болып иiрiле қалған қойдың шамасын болжай алмай дағдарды. Кенет үйдiң маңындағы ойдан жосып бара жатқан бiр бөлегiн байқап, сiлейiп қатты да қалды. Ит-құс дейтiн бәледен дәл бұлай қауiптенiп көрмептi. Жосықсыз айғайлаған бойда төменге сүрiне-қабына жүгiрiп түстi. Жаңағы үрiккен қой үштi-күйлi жоқ.
– Демеу, Демеу, малың қайда, малың? – деген Қадiрсiз даусын естiп қалт тынды. «Қойдың қайда екенiн бiлсем өстiп тұрам ба!» деген бұл әйелiнiң жылы орнынан тұрғанын ойлауға мұршасы келмедi. Тек Қадiрсiздiң мұны көрiп тұрғандай сенiмдi үнiнен ешқандай сезiк алмағандықты аңдады. Шымырлаған қою қараңғылықтың iргесi сөгiлiп, дүние бiртiндеп бозаңыта бастаған шақта тiк қабақтың қапталындағы қалың қорыс тiкеннiң тұсына таман иiрiле қалған қойды көрдi. Төпей жауған жауынды елеместен өрге қайта тырмысты. Мана тура осы арадан жосыған малдың зым-зия жоғалып кеткенiн ойлаумен әлек.
Ағарып таң атқанда көрдей түннiң үлкен аумағы қойнау-қойнауға бекiнген тұманға айналып, одан бөлiнiп-жарылып қалған жұрнақтарының басы бiрiкпей, бетi ауған жаққа жер бауырлай тентiреп барады. Қырат-қапталдардағы жалғыз аяқ жолдар жерге оңды-солды түскен таңбадай ырсиып-ырсиып жатыр. Демеу сол айқыш-ұйқыш таңбалардың әрбiр шаршысындағы көзге iлiгетiн тобылғы бұтасының сағасына дейiн тiнтiп шолды. Кенет қойдың бiр бөлiгiн ғана қара тұтып тұрғанын анық сездi. Көлденең кезеңнiң тұйығына алып-ұшып жеткенде бүрсиген-бүрсиген он шақтысына тағы кезiктi.
Төбесiн бұлт, етегiн тұман тұмшалаған қия қаптал қымтанған көрпесi не басына, не аяғына жетпей ұшар шыңы шошайып кетсе, тiк құлдилаған қолтығы далиыңқы. Осы кезде жел құйғытып соғып өттi. Iргесiнен түрiлген тұман төбе-төбеге тақиядай жиектеле жиналып қалыпты. Нақ қарсы алдындағы тепсеңнiң қайқаң терiскей жонынан былай қаптаған қалың нудың орта шенiндегi алаңқай ашық жер көзге анық шалынды. Ыдыраған тұманның ширатыла қалқыған селкеу тұстарының ара-арасынан ағараңдағанға қараса – қой. Санасы жетпейтiн бiр жаманат болғанын сезiп, жүрегi су ете түстi. Жер-дүниенi алып кеткен бұл не қылған қой, түсiнсе бұйырмасын. Салбырап-салбырап тұрғандарға жанұшыра жетiп келiп қараса – алқымы қызыл жоса қан. Көзi шарасынан шыға ақшиып кеткен Демеу бiр орнында қалшиып қатты да қалды. Сонау сай кемерiндегi оқшау дөңгеленген жота беткейiнiң әр-әр жерiнде де жайраған мал. Бойын бiр түсiнiксiз шарасыздық билеп, басына ыстық қан шапты. Өзiне шүйiле қарайтын Ұрқия әпкесiнiң бiтiмi көз алдына сол күйi келiп, «Қу мақау-ау, қу мақау!» деп таусыла күйiнiп айтқан сөзi нақ қазiр құлағына шаңқ-шаңқ етiп жеткендей жан-жағына алақ-жұлақ қарады. Көкiрегiн ашу-ыза тырнап, көзiне ащы жас iркiлдi. Кенет санасында Қадiрсiздiң кейiпсiз кескiнi қылаңытқаны сол едi осы сұмдықтың бәрiне сол ғана кiнәлi сияқты аяқ астынан қозған өшпендiлiгiн тежей алмаған күйi үйiне қарай жүгiрдi. Бiр-екi дүркiн тайып құлап, қайта тұрды.
Есiктен қаны қаша сұрланып кiрген Демеуден сескенiп, Қадiрсiз кейiн шегiншектей бердi. Ұлының ұсқынынан сезiктенген қара кемпiр де қатты шошынып, аңқайып отырды да қойды.
– Қой қасқыр қыра, – дедi бұл жас баладай көзi жасаурап.
– Тек, ит-құс де! – деп баж ете түскен шеше сөзiн тыңдамаған Демеу әйелiне ақырын жақындап келдi. Пiшiнiнде үрейi ұшқаннан бөтен «мынаның есi дұрыс па?» деген таңырқау үйiрiлген Қадiрсiз күйеуiнiң шалықты да зәрлi көзiнен тiксiнiп, iргеде ұйықтап жатқан Көктеге көз қиығын тастады. Жыларман пошымда сәл бөгелiп барып, Демеу әйелiнiң бас-көзiне қарамай кенет қойып-қойып жiбердi. «Ойбай» деуге ғана шамасы жеткен Қадiрсiз ұзынынан сұлап түстi. Шатып-бұтып әлденелердi айтқан Демеу ендi аяқ жұмсауға кiрiстi. Бетiн қолымен көлегейлеген Қадiрсiздiң арық денесi тепкi тиген сайын бiр созылып, бiр жиырылады. Осы кезде оянып кеткен Көкте шырқырап жылағанда тапжылмай сiлейiп қалған қара кемпiр зағип жанша қалталаңдап орнынан әрең көтерiлдi. Үлкендiктiң жөн-жоралғысы қалай болушы едi дегендей iркiле тосылып, бiр кезде Демеудiң қарынан шап берiп ұстап, кейiн серпiп жiбердi.
– Әй, жаман, жаман, қасқырға кеткен өшiңдi қатыныңнан алайын деп пе ең?!
Демеу қалт тынды. Басын қорғаштаған күйi бүк түскен Қадiрсiзге, шырқырап шырылдаған Көктеге алма-кезек қарады. Жатқан жерiнен созалаңдап көтерiлiп, әлтiк-тәлтiк баса сыртқа беттеген әйелiн көзiмен шығарып салды.
– Сұмдық-ау, бiр заржаққа қалдым-ау, – деп Көктенi жатқан жерiнен жұлып алып, ары-берi сiлкiлеп жұбатқан шешесiнiң ұсқыны әпкесiнен аумайтынына таңдана дағдарды. Алдынан қия өтiп көрмеген бұл әпкесiнiң аяусыз төмпешiне көндiгiп өсiп, қит етсе бiттi: «қу мақау, жаныма жалау болармысың сен!» деп дүрсе қоятынын елең қылмайтын. Алғаш үйленген жылы өз-өзiне келе алмай өрекпiп, өршеленгенiн Ұрқия су сепкендей басып тастаған едi. «Сен үшiн шешем отқа да, суға да түстi. Қатын алдым, қолым аузыма жеттi деп ойлама. Тура екi көзiңдi ағызып жiберемiн!» Ендi мына жағдайды естiсе әпкесi төбе шашын жұлып, қолына ұстатудан тайынбас.
– Әй, сен бүйтiп тұра берме, әлгi Тасболатқа шап! – дедi бiр кезде шешесi жайсыз тыныштықты бұзып.
Түнде отқа қойған атын жетектеп әкелiп, ерттейiн деп жатқанда, шешесiнiң беймаза даусы тағы да жайсыз шықты.
– Жаңағы қайда кеттi ербиiп, баласын алмай!
Осының бәрiнен безе қашқысы келген Демеу атына мiне салып, тiк жалды қапталдай отырып, Тасболат үйiнiң нақ үстiнен түстi. Еңiске қарай бiршама жер құлдилап келiп, арқырап аққан судың жарлауытын кесiп өттi де, келесi тепсеңге тiк тартты. Беймезгiл уақытта жаман атының бас-көзiне қарамай тоқпақтап келе жатқан Демеуге қойының аяғын жиыстырып жүрген Тасболат таң-тамаша боп, аңыра қарады.
– Тасбол аға! – дедi даусы жыламсырап шығып.
– Иә, тыныштық па, түсiң неге қашып кеткен? – дедi Тасболат та абыржи тiл қатып.
– Қой қасқыр қыра, – деп Демеу кемсеңдеп жауап бердi.
Бастапқы қалпынан айнымаған Тасболаттың қарақошқыл шырайына кейiстiк үйiрiле күреңiтiп өттi.
– Қанша?! – «Айдап бара көп, айдап келе көп» дейтiннiң нағыз көкесi емес пе едi, бұл айтпақшы» деген тоқтамға келгендей назарын Демеуге тiктеген күйi бiршама үнсiз қалды.
– Малға кiсi жыламайды. Одан да қойыңды жиыстыра бер, төңiректегi елге хабар берiп, мен де барармын. – Әлденеге таңырқаған Тасболат басын шайқап: – Апырай, тура елдiң ортасында отырып, саған кез болғанын қарашы, – дедi.
Көктекшенiң Дәржi сайына ұласатын тепсеңiнде обадай қақшиып тұрған шешесiн Демеу қайтып келе жатып көргенде – тынышы қаша атын үстi-үстiне тебiне түстi. Басы биiк, бауыры жазық өлкенiң көлеңкелi сұрғылт бiрыңғай қоңыр реңi жүрегiн шайлықтырып жiбергендей амалсыз аспанға қарады. Түсi суық қап-қара бұлт шетсiз де шексiз тұманды теңiздiң өрiндей күншығысқа қарай астаң-кестеңi шығып жөңкiле көшiп барады. Көлденең тұмсыққа шыға келгенде, киiз үй тұрған аралықтан өрге омыраулаған қайқаңға қарай тырмысқан әйелiнiң сұлбасын көрiп қалып, ерiксiз тiзгiн тартты. Анау ағараңдаған ақ жаулық аздан кейiн көзден ғайып болатынын ойлағанда жүрегi шым ете түстi. Көкiрек сарайы қуыс қалғандай қаңырап, азынай жөнелдi. Жұқалтаң сопақ жүзi қуара, көзi жасаурап, шешесi жаққа назарын аударды. Бiр орнынан әлi тапжылмаған қара кемпiр бәрiнен осылай қағажу қалуды көздегендей көңiлiне түсiнiксiз қобалжулы түйсiк ұялататын құдды жаманат хабаршысы секiлдi көрiнiп кеттi.
Көктенi қолына ұстап, қарына кiшкене түйiншегiн iлген Қадiрсiз Көктекшенiң қиясынан Тайқоңыр тепсеңiне тiк төмен құлдилап келедi. Шодырая шыққан бет сүйектерiнiң әр-әр жерiне Демеу салған таңба қарауыта теңбiлденiп, бiлiне бастапты. «Бұларсыз да бiр күнiмдi көрермiн» дедi тiстенiп. Ертеден қара кешке дейiн жағы бiр тынбай зарлап-қақсай беретiн енемен не айтса соған мейлi күйеуiне өшпендiлiгi сәт сайын қозып, шиыршық атты. Қанша жамандыққа қимайын десе де, қараптан-қарап ұрынғаны есiне түсiп: «Жаманның әлi жапалаққа келедi» дедi тiстене. «Өшi кеткендей соққыға оңдырмай жыққаны несi?!» Аузына қышқылтым дәм келiп, запыран қысқандай жүрегi лоблыды. Бықсық шаланың жанбай қалған ащы ысындай бiр сүйкiмсiз нәрсе қолқасын қауып, көкiрегiн кептедi. Ыршып-ыршып шығып, тiзбектелген моншақ-моншақ жасы төмен саулаған бойда үзiлiп-үзiлiп түседi. Басына тартқан жаулығын ешқашан кiр шалмайтын дөңгелек жүздi аққұба әйелдiң шырайлы әлпетi көз алдына келе кеттi. Өзiне бiр ауық мүсiркей қарап: «Маңдайының бес елi соры бар қар-ау, ең құрығанда сұрың жетiсiп тұрса ше, ұрғашы деген атың бар. Айналаңа қарап, бiр мезгiл бойыңды күтсең болмай ма!» – деп едi. Саңқылдаған ашық қоңыр дауыс құлағына дәл қазiр жеткендей, естiген жылы сөзi өмiрде сол ғана сияқты көңiлi аяқ астынан қатты қобалжыды. Аспан астындағы ойқы-шойқы дүниеден бойын аулақ салып, сонау жазықта көк желекке көмкерiлген ауыл көзiне жылы ұшырады. Тас көшенiң ұзына бойындағы әр үйдiң босағасына қаршадайынан телмiрiп өссе де, Қадiрсiз балалық шағын қимастықпен күйзеле есiне алды. Ендi төркiнiм деп сағалайтын жерi сол тас көшенiң бойындағы немере ағасының қоламтасы. Көзiн төңкере тастағанда қоңыр жанарының шырағы қунақ жылтырап, ащы мысқылды езуiне үйiретiн дөңгелек жүздi шырайлы әйелдi жұрт ақ қатын дейдi. Бес биенiң сабасындай келiстi ақ қатынның сондағы бiр айтқаны есiне сап ете түстi. «Құдай әркiмге өзiнiң теңiн лайықтайды. «Тесiк моншақ жерде қалмайды» деген күнде де күйеуге тиiп, қатын болып кету қиын нәрсе. Бәрiн бақ бiледi. Ана мақау бейшараны алдап-сулап адам қылып алуың оңай. Қарашұбар мыстан құзғын болып кетпесе өлетiн шығар, өзектi жан ғой, қайда барар дейсiң. Жалмауыз қаншығы күйеуде, ол да бiр момынның сорын қайнатып отыр. Сондықтан үлкен жалмауызы басыңды жарып, көзiңдi шығарып жатса да шыдап бақ, түбi сен жеңесiң».
Демеу мұны апай-топай алып қашқанда жүрегi жарыла қуанған жоқ. Ақ қатынның айтқанының бәрi ойында, көңiлi тынышсыз сыздап, жатырқай жабырқап жаны ауыра бердi. Есiк алдында топтала жиналып қалған бiрталай кiсi: «Ау, келiн келдi, келiн келдi!» – деп шу ете түскенде, Демеудiң Ұрқия әпкесi табалдырықта сәл iркiлiп барып, бұлғаңдап басып, жақындағаны есiнде. Қолындағы ақ бөртпе шәлiнi Қадiрсiздiң басына төгiлдiре жауып, үйге қарай өзi алып жүрдi. Орамалының жақтауынан бәрiн көрiп келедi. Бiр әйел шашу шашты. Тасырлап түскен кәмпиттердi көпшiлiк жапа-тармағай бас салып, терiп алып жатыр.
– Батырекесi, құсың құтты болсын! – дестi Демеуге қаумалаған бойы бәрi.
– Айт, айт, – деген күйеуiнiң шолақ-шолақ тiл қатқаны құлағына тосаң естiлiп, құрғыр көңiлi қоңылтақ сып, құлазыды.
– Уа, жеңгей, келiнiңiздiң алдынан шығып, ақ батаңызды бермейсiз бе! – дедi сонда Тасболат.
Ендi жөндеп қараса, қара кемпiр оқшаулау жерде қаздиып тұр екен. Бойын қорқыныш билеген Қадiрсiздiң төбе құйқасы шымырлап, жүрегi аузына тығылып, көзiне ащы жас үйiрiлдi.
– Бас-басыңа шуылдап естi алғанша, бұл бейшараны табалдырықтан оң аяғымен аттатсаңдаршы! – деп едi сонда сызданған қара кемпiр.
Төпеген жауынның астында отырып: «Бұл үйге оң аяғыммен аттап едiм ғой» дедi Қадiрсiз. Алғашқы күннен-ақ бейшара дегеннен басқа сөздi қара кемпiр бұған қимаған екен, ойлап қараса. Осы үйге түскен күннiң ертесiнде-ақ, енесi мен әпкесiнiң қабақтарынан жiбiмейтiн тоң ызбарды аңдаған. Қойлы ауылға жасаған азын-аулақ тойда қара кемпiр ештеңеге кiрiспейтiн сырбаз қалпын сақтаса, әпкесi шаруаның барлығын өзi билеп-төстеп дөңгелетiп әкеттi. Жай жүретiн Демеу ме, iске жөнi жоқ шошаңдап кiрiсе берiп едi, шешесi бетiн оңдырмай қайтарып тастады.
– Бұдан гөрi жiбi түзу бiреудi алсаң төбемiздi оярсың сен. Сандалмай ғана жайыңа жүр!
– Не керек, келiнiңiз ауылдың ең сұлуы ғой, апа! Балаңыздың өз буына өзi мас болатын жөнi болып-ақ тұр. Ата-енесiнiң төрт түлiгi сай, жан-жағынан қайындары тiреп тұрса, бұл лепiрмегенде ендi кiм лепiрсiн?!
Осы сөзге екеуi әуелi айыздары қана рақаттанып күлiсiп алды. Қара кемпiр кенет түсiн суытып, ұлына назарын ызбарлана тастады.
– Бұл жаман осы айтқанның бәрiн шын көрiп, едiреңдеп елiрiп жүрер. Қазiрдiң өзiнде дес берер түрi жоқ.
Қадiрсiз сонда енесi мен Демеу әпкесiне алма-кезек тосырқап қарағанда, жүрекке тiкендей қадалатын мұншалықты ауыр сөздердi айтуға екеуiнiң дәттерi барғанына қатты абдырап, абыржыған едi. Осылайша үн-түнсiз тыңдап қана отырудан басқа шарасы жоқтығына, iштей шамырқанып қойған.
Ұясы терең көз шарасына көлкiлдеп келiп қалған жас сәл аялдаса төгiле жаздап меймiлдеген Қадiрсiздiң дүрдиiңкi ерiндерi одан сайын бұртиып, жан-жағына көз қиығын бейiлсiз қадайды. Маужыраған жаратылыста өшi бардай жарқ-жұрқ ойнаған найзағай оңды-солды осып-осып өтедi. Оны ерен санамай Қадiрсiз әуелi бейғам отырған. Бiр кезде құлақ шекесiн тұндыра тарс жарылған жойқын дыбыстан шошына бұғынып, келесi әлеметтi қапысыз баға тың тыңдады. Өне бойы қатты жауған жаңбырдан дүние бiткеннiң иiнi салбырай түсiп, тұла бойды тоңазыта шымырлатқан салқын ауа бет-жүздi әлсiн-әлi желпидi. Осы кезде жiңiшке қызыл оттың сумаңдаған өткiр тiлi көз шырағын ойдырмай түйреп-түйреп өттi. Аспанды еркiн шарлаған гүрiлдеген толассыз сарын төңiректiң бәрiн лезде қарауыта шымырлатып жiбердi. Тағы бiр жойқын үн шатыр-шұтыр сынып, күркiреп-сарқырап жөнелдi де дүниенi түгел кернеп тұрып алды. Үрейi ұша «пiссiмiллә, пiссiмiллә» деп дамылсыз сыйынған Қадiрсiз жаулығы желкесiне қарай сыпырылып, шашы ретсiз қобырап кеткенiн де сезбедi. Аяқ астынан шар ете қалған Көктенi бауырына қысып, қараса, кең астау тәрiзденген терең сай қойнауында айқыш-ұйқыш қалың жауын бұрқ-сарқ қайнаған судың аспанға атқылаған буындай тоңазыта шаңытады. Су тимесiн деп, Көктенi денесiмен қалқаламақ болып оңтайлана берген де, көк жолақтанған қызыл семсерлi от бiрiнен соң бiрi жерге сұлап-сұлап түскен мезет шықтанған шөп бiткен тұтанғалы тұрған шоқтай ағараңдады. Қарыққан жанарының iшi қызыл жалынға толып кеткендей ысынып, бiр жақ шекесiнен жан кетiп қалғандай шымырлап, салқын тартты. Дүниенi түгел бекiнiп, тау төсiн алқымдай мұнартқан сағымға ұйыған денесi шым-шым батып бара жатқандай сезiндi. Иә, алыста, иә жақында үздiксiз жарқылдаған найзағай отының өткiр ұшқындарынан одан сайын сескенiп, жапырақтарға iлiнiп қалған тамшылар кiсiнiң көз жасындай мөлтiлдеп, қалтылдайтынын әлдеқалай байқады. Со кезде көз алдына әуелi жұлдыз құрттай жыбырлап, соңынан тарамданған от сызықтары қарақұрымдана жиектелiп, көлбеңдей бердi. Қадiрсiз үздiксiз айтқан «пiссiмiлләсынан» жаңылып, Көктенi бауырына қысып алған күйi басын көтердi де, төңiрегiне алақ-жұлақ қарады. Әлдене деп тiл қатпаса бiр сұмдық болатындай үрейi ұшып: «Көкте, Көкте», – дедi. Баласының атын айтқанда тiлiнiң күрмелiп, әрең келгенiн елемей: «Жарықтық Көктекше» деген сөздiң орамын iшiнен әлденеше қайталап, «пiсәла, пiсәла» деп дауыстап жiбердi. «Пiсәла, пiсәла, пiсәла»... Қоңыртөбел бұйығы жаратылысты бiр құдiрет әбден сiлкiлеп, сiлiкпесiн шығарғанда қосақ арасына кеткендей сезiнген Қадiрсiздiң жүрегi атша тулады. «Пiсәла, пiсәла, пiсәла». Қан-сөл жоқ қараторы кескiнiне үйiрiлген абдырау қорқынышқа ұласып, сәл кешiксе өзiне-өзi ие бола алмай мағынасыз шыңғыратынынан шошыды. «Пiсәла, пiсәла, пiсәла».
Бiр кезде күншығыс жақтан кемпiрқосақ үлкен аумаққа доғадай иiлiп түстi. Бұлттардың сетiнеген жиектерi алтын жалатқандай жалтылдап, арғы қабатындағы ақшарбы ұлпасы кiршiксiз аппақ боп көрiндi. Жаратылыстың лезде момақан бола қалғанына иә таңырқап, иә налымады. Жасын тыя алмай егiлiп, «пiсәла» дегендi үздiксiз қайталай бердi. Қимыл әрекетсiз томырылып көп отырды. «Үйден қашып шығып, тапқандағың сонда осы ма» дейтiн енесiнiң суық назары өңменiне қадалып тұрғандай. Көкiрегiн қапқан ыстық жалыннан демi жетпей бiртүрлi қыстығып барады. Осы кезде шар ете түскен Көктенi ағыл-тегiл жылаған Қадiрсiз ары-берi әлдилеп тербетiп жұбатуға кiрiскенде, абыр-дұбырды естiп, өр жақтағы кезеңге жалт бұрылды. Тiк беткейден өзiне қарай салып ұрып келе жатқан екi салт аттының Тасболат пен Демеу екенiн жазбай таныды. Асып-сасқан Қадiрсiз желкесiне сыпырылып түскен орамалымен қобыраған шашын әрең жапты.
– Қарағым Қадiрсiз-ау, амансыңдар ма? Ойпыр-ой, жаңағыдай сұмдықтан шошынып қалған жоқсыңдар ма? – Аттан қарғып түскен Тасболат бұлардың қасына жетiп келдi. Қалшылдап, сүметiле дiрiлдеген Қадiрсiздiң ұсқынынан тосыла абыржыған мұның кескiнi аяқ астынан түтiгiп кеттi.
– Айтшы, қарағым, бала аман ба? Бiр ауыз сөз айтпай бағжия қараған Қадiрсiздi әуелi ақылынан ауысқан жоқ па екен деп те күдiктендi.
– Қадiрсiз қарағым, шошынып қалғансың ғой, ештеңе етпес. Ана мыстанға, мына ноқайға кiсi ренжiп бола ма, – деп даусын жұмсарта шығарды. Көңiлiн аулаған жылы сөзге солқылдап жылап жiберген Қадiрсiз:
– Аға, найза, найза, – дегендi күшпен үзiп-жұлып әрең айтты. Салбыраңқы мұртының ұшына дейiн дiрiлдеген Тасболаттың қарақошқыл кескiнi қуқыл тартып, шегiр көзiне ұялаған ызбарлы ұшқынды Демеу өңменiне тура қадады.
– Ал шекелерiң қызды ендi! – Ашуға ерiп кететiнiнен сезiк алып, сыздана безерген қалпы: «Алда жазған-ай, а! Мына ноқайдың кебiн құшқанын қарашы. Қарашұбар жыландай мыстан не деген қараниет едi!» Әуелi нәресте бiрдеңеге ұшырады ма деп қорыққан. Сөйтсе, Қадiрсiз бейшараның тiлi байланып, шалықтап қалатынына көрiнiптi ғой. Бiр орнынан тапжылмай селтиiп тұрған Демеуге оқты көзiн ата қадап:
– Алдағы атты берi жақындат! – деп қатқыл үн қатты. Тасболат қабағындағы тоңнан жаутаңдап сасқалақтаған Демеу Қадiрсiздiң алдына атын жетектеп әкелiп, көлденең тосты. Қадiрсiз дiрiлдеп қалшылдаса да, Көктенi бiреу қолынан жұлып әкететiндей тас қып ұстап, сәл артық қимылды аңғарса бiттi-тұра қашатындай сақ.
– Қадiрсiз шырағым, алдағы баланы алдыма мен алайын, – деп Тасболат Демеуге ым қақты да, өзi қолтығынан сүйеп, сәл алға жетеледi. Басын кегжитiп алған атымен әлек-шәлегi шыға арпалысқан Демеудiң сасып-салбыраған ұсқыны бiр сұмдық мүләйiм.
– Ұрғанға, соққанға келгенде пәледейсiң. Тағы бiр атқа шамаң жетпейдi. Баланы ұста, Қадiрсiз атқа мiнiп алсын!
Демеу ыңғайланам дегенше, Тасболат шамдағай қимылмен алға ұмсынып, Көктенi iлiп әкеттi. Жарау ат тiзгiн қаққаннан-ақ тiк өрге iркiлмей, қолтығын еркiн созып алшаң баса жүрдi. Тұяқтарының ақжемденген жиектерiне дейiн жылт-жылт етiп көрiнiп барады. Ал Қадiрсiздiң астындағы шабдар аттың құймышағы шодырая шығып, сан етi бөлек-салақ жиырыла-жазылып, оның соңынан iлестi.
Жылқыбай тұйығындағы қалың қорыс тiкендi бойлап, бұлар Көктекше кезеңiне апаратын жалғыз аяқ таптаурын жолға түстi.
Қараша үйдiң алдында қаздиып тұрған қара кемпiрдiң сұлбасын Тасболат алыстан-ақ байқады. Сонау құз етекте болымсыз ноқаттай қыбырлаған Демеуге қараған сайын ет жүрегi шым етiп, өз-өзiнен жиырыла қалып: «Әй, жазғанай, жазған, қатын ұрған сенiң неңдi алған екен», – дедi.
– Қарағым Қадiрсiз, шабдарға қамшыны ұра түс, әйтпесе баспайды, – деп дауыстап, тiзгiндi қағып-қағып жiбердi. «Осы баланың өзi аман ба екен?» деп құндақтың жақтауынан үңiлiп қарағанда, танауы делдие пысылдап ұйықтаған тiршiлiк иесiн көрiп, көңiлi жайланды.
Атқа ебедейсiз отырған Қадiрсiз Тасболаттың айғайын естiгенмен елең етпедi. Тоңази қалтырап, тұла бойынан сәт сайын дiрiл жүгiрiп өтедi. Асусай сайына қарай қаптаған қойдың шетi ағараңдап көрiнген замат iргесiнен құдды ит-құс тимегендей мал жарықтықтың алаңсыз қалпына қатты таңырқап, жүрегi зырқ ете түстi. Оқ бойы озып кеткен Тасболат тiптi артына қарайлар емес. Мұнысы қойшылардың өрiсте туып қалған саулықтың қозысын қоржынға салып алып, соңынан зар еңiрете жүгiртiп қоятын әрекетiне ұқсайтынын ойлады. Бiр тұмсықты айнала бергенде шетiне iлiгетiн үй Қадiрсiзге қазiр тым алыстап кеткендей, өзегi талып, жүрегi қарайды. Аттың китiң-китiң жүрiсi бiр өр, бiр ылдида дiңкесiн құртып, әл-дәрменi бiттi. Тасболаттың киiз үйге тақап қалғанын алдыңғы дөңге көтерiлгенде көрдi. Жүрегi жиi-жиi соғып, көз алды тұмандана басы айналып барады.
– Уа, берi шықпаймысыз! – Сыз аралас өктем дауыс осы маңға дейiн анық естiлдi. Қазiр шаң-шұң ұрыс болатындай көңiлi өрекпiдi.
Сыртқа әуелi паңдау шыққан қара кемпiр суық кейiптен тосыла кегжиiп, айырып танымағандай қолымен маңдайын көлегейледi.
– Сұмдығың құрымағыр қайда барыпты? Ел iшiнде жау алатын неменiң қойы тағы бiрдеңеге кез болып жүрер ме екен?! Әлгi байғұс қалды ма, тағы.
Тасболат қара кемпiрге сүзiле қараған күйi ләм деп тiл қатпады.
– Ана сорлы қырылып қалған малының орнын ендi қайтер екен? Өзiң бас-көз болып жөндеспесең, оған құдай елге түсiндiрiп айтар тiлдi де қимады, – деп қара кемпiр кемсеңдеп жылап жiбердi.
–Жан аман болса мал қайда қашар дейсiз. –Тасболат сәл еңкейе түсiп, қатқыл сыбырлады. – Баланы перiштесi қаққанға ұқсайды. Ал ана келiнiңiз шошынса керек, тiл-аузы байланып қалыпты.
Қадiрсiз жаққа жалт бұрылған қара кемпiрге ат үстiнде бүрiсiп отырған келiнiнiң бойында ешқандай өзгерiс жоқ сияқтанды. Жаман аттың қалт-құлт жүрiсiнен денесi былқ-сылқ еткен Қадiрсiздiң шарасы жасқа тола, тек өзiн бiр танып, бiр танымаған сыңайын байқағанда ғана бойы тiксiндi.
– Мына баланы алыңызшы! – дедi Тасболат. Қара кемпiр Көктеге қолын соза бергенде, Қадiрсiз шыңғырып жiбердi. Екеуi де қалт тынып, жалт бұрылса, шалқалап құлап бара жатыр екен.
– Мә, болыңыз! – деп Көктенi қара кемпiрдiң қолына ұстата салған Тасболат аттан қарғып түстi де, жүгiрiп барған күйi Қадiрсiздiң арқасынан сүйеп, аяғын үзеңгiден шығарып, ерден көтере жұлып алды. Сол бойда үйге кiргiзiп, iргеге апарып жатқызды. Кенеттен шар ете қалған Көктенiң үнi бiраз уақыт семiп барып, қайта талықсып шыққанда үлкен шешесiнiң безектеп жұбатқанына көнбей өршiп барады. – Бұл тағы не сұмдығың? – дедi шарасы таусыла жыламсырай үн қатып.
Баламен алысып жүрген қара кемпiрге шүйiлген күйi Тасболат ұзақ тұрды. Қабағындағы кiрбiңi молая сыртқа шықты да, белдеудегi байланған атына жайлап мiндi.
– Қарағым Тасболат-ау, ана сорлыға қол ұшыңды бере гөр! Одан қайтпаса құдайдан қайтар, – деп қара кемпiр шырқырап жылаған нәрестенi есiктен басын қылтитып шығарды. Ләм деп жауап қатпаған Тасболаттың құлағынан былай ұзағанда да тұншыға талықсып жылаған нәрестенiң үнi кетпей қойды. Мына мыстанға: «Ел-жұрт аман болса далада қалмаспыз» деген ой неге келмейдi осы? Әлде мұндайларға жан қайғысынан гөрi мал қайғысы қиын тие ме екен? Қақ-соқпен еш iсi жоқ жiбi түзу кiсi болса, шiркiн-ай, өзiм-ақ айтпас па ем: «Қамықпаңыз, бәрi орнына келедi» деп. Демеу бейшараның бұдан былай да талқанын тауып жеу үшiн ел елдiгiн iстемей тұрмас. Бәрiнен да Қадiрсiз жазғанға обал болған жоқ па!» – дедi.
Бiр ай шамасында бетi берi қараған Қадiрсiз үй тiршiлiгiне араласып, оны-мұны iстеуге жараған соң-ақ қара кемпiр ауылдағы қызына жиналды. Кетерiнде бiр бел асқанша Демеудi оңаша алып шықты.
– Ит-құсқа жем болған қойыңның орнын бiлдiрмей жауып жiберген ел-жұрттан айналайын. Сенiң қатыныңның кеселге ұшырап, тiл-аузының байланғанын менен көретiндер де бар екен. Жазымға кiм қарсы тұрады. Төрiмнен көрiм жуық қалғанда мұндай сөздi көтеретiн де шамам жоқ. Әйтпесе кiмнiң қойына қасқыр тимей жатыр, кiм жауынның астында қалмай жатыр?! –Сыншыл сыңайда ұлын бiр мезет барлай қараған қара кемпiр түйсiгiне ешқандай сезiк кiрiп-шықпайтын бейғам санасыздығына қабағын шытынып: – Ұрқия жазғанды ұл ғып жаратпаған құдайды айтпайсың ба. Саған сөз айт, айтпа – бәрiбiр. Жә, қайта бер! – деп қолын сiлтедi. Шешесiнiң әлденеге ренiштi аттанғанына аңыра тұрып қалған Демеу: «Тасболаттың кiсiмси қалатын еш жөнi жоқ. Қатынын күнде сабап, бала-шағасын шұрқыратып қоятын көк-сойқан, ендi келiп, ақылгөйсiп қалыпты» деп айтқан сөзi, тап осы сәтте, ойына сап ете түстi. Сол жауынның астында қалғалы берi Қадiрсiздiң өзiне әлi бiр ауыз тiл қатпағанын ойлады. Қазiр үйiне барып әйелiмен бетпе-бет жүздесуден жүрексiнетiн сезiмде сылқ етiп отыра кеттi. Құз табанындағы сонау жеке-дара қонжиған үлкен қойтасқа назары тұрақтап, оның бер жағындағы қияда тырбия өскен долана көзiне бiртүрлi жылы ұшырады. Ақыры зерiгiп кетiп, үйiне қарай жаймен беттедi. Сәл аялдап, артына бұрылды. Тiк ылди кезеңге тақаған шешесiнiң қанжығасына бөктерген заты мұны мазақтайтындай тынымсыз бұлғаң қағып барады.
Көктенi киiндiрiп жатқан әйелiне есiк маңдайшасына сүйенген қалпы жасқана қарап тұрды. Селт ете басын жұлып алған Қадiрсiздiң өңiндегi кiрбiң әлi айықпаған. Толық сақайып үлгермеген Көкте ширап, қылық шығарудың орнына босаң, болбыр тартып, тынышсыздана көп жылайды. Орнынан жайлап көтерiлген әйелi көз қиығын бұған немқұрайды тастады. Ортаға дөңгелек үстел жайып, шай қамдады. Бәрiн дайындап болған соң Көктенi алдына алып, жайғасып отырды. Есiк көзiнде манадан селтиiп тұрған Демеу лып берiп, төрге озса да, тiл қатуға батылы бармады. Көктемен әлек болып отырған Қадiрсiз кенет басын көтергенде көзiнен мөлтектеген iрi тамшылар шығыңқы бет сүйегiнен бiр-ақ ыршып, төмен қарай моншақтап домалай жөнелдi. Екi иығы селкiлдеп таусыла жылаған әйелiне басу айтпаққа оқталып, ақыры жүрелеп жылжыған күйi, Қадiрсiздiң иығына қолын еппен апарды.
– Қадиси, – даусы дiрiлдеп шықты. Жүрексiне ақырын ұмсынғанына Қадiрсiз қатты жұлқынып қалып, қолын ары серпiп жiбердi. Бұдан ары не iстерiн бiлмеген Демеу сазарған күйi көп отырды. Содан соң орнынан сүйретiле тұрып, сыртқа беттедi.
Дәл төбеде тұрған күннен көзiн қолымен қалқалап, жан-жақты шолды. Күнгей беткейде үйездеген қой, шаншылған өрдiң жон арқасын таспадай тiлген жалғыз аяқ жол, бетi жырым-жырым ақжемденген еңiстегi жарлауыт – бәрi қанша алдарқатқанымен көңiлi көншiмедi. Әйелiнiң жаңағы сәттегi күйкi отырысы мен қамыға таусылып жылағаны ойынан кетпей тұрып алды. Осы үйдiң қызығы мен қасiретiн сыртқа тiс жарып ашпай, көмбiс қалыпта қалқайып тұрған кернейi тауға, аузы далаға қараған пеш, нысанаға жападан-жалғыз iлiгетiн мама ағаш қана.
Демеулер таудан далаға түскенде бiр-ақ оралған қара кемпiр бiр жарым айдың iшiнде өзiн тосырқап қалғандарын үрпиiсе қарсы алғандарынан байқады. Үлкен шешесi алдына алғанда сәби екеш сәби Көктеге дейiн жатырқап жылап, Қадiрсiзге қарай ұмсына бердi.
– Нәсiлi жаман неменi қарай гөр, – деп қара кемпiр ұлына шүйiле төндi. Амандасуының өзiнен түсiнiксiз ұяңдықты аңдады.
– Иә, мал-жандарың аман ба? – Екiұштылау жөн сұрасуды Демеуге бағыштағанмен назарын Қадiрсiзге аударды. Аздап оңалып, өңiне шыр бiте бастаса да кiсiкиiктенген тосаңдықтан әлi арылмаған сияқты. – Әй дейтiн әже, қой дейтiн қожа жоқ, жетiсiп қалған екенсiңдер ғой.
Сөз астарын түсiнбей состиған Демеу мен Қадiрсiз қара кемпiрдiң зәрлi қарасынан назарларын төмен тұқырта бердi.
– Әй, қу жаман, қу жаман! – деп қара кемпiр түңiле басын шайқады. – Аузыңнан әпкемнiң халi қалай деген сөз шыға ма, әлде саған ешкiм керегi жоқ па?! Сенi берген құдайдың өзi-ақ алғаны жақсы едi. Әне, сенiң жамандығыңнан аналар басымызға шығып бiттi. Әпкеңдi қатын қылмаймыз деп қуып жатыр. Бұдан өткен басыну бола ма, айналайын құдай!
Көкшiл көзi құтырына шақшиып, танауы қусырылған Демеу:
– Мен бара, ата! – дедi делең қаға.
– Ойпым-ай, қырарсың, жаман!.. Төр жақта қаздиып отырған қара кемпiрге, iргеде состиып тұрған Қадiрсiзге алақ-жұлақ қарап, Демеу тiктелiп алды. Еш дыбыс болмаған соң аттап-пұттап сыртқа шыға бергенде алдын кесе-көлденеңдеген Қадiрсiзден сәл iркiлдi. Кiсi шошырлық әлпетiнен сескене кейiн шегiнген әйелi есiктiң жақтауын қарманып, тағы не пәле шақырып тұр дегендей енесi жаққа жаутаң-жаутаң қарағаны сол едi, секемшiл ұсқынынан сезiктене қалған қара кемпiр нұры қашқан көзiн шақшита қадап, сұрланып ала қойды.
– Неменеме ербиiп тұрсың? Бай менiкi деп иектей қалыпсың ғой. Тұр былай, барсын! Ең құрыды дегенде төбелерiне қамшы үйiрiп қайтсын. Жалғыз әпкесiнен аяған жаны қараң қалсын!
Осыны күткендей Демеу Қадiрсiздi ысырып жiбердi де, сыртқа жұлқынып шығып кеттi. Көкiрегiн өрге айдап, бет бақтырмайтын енесiнiң қазiргi қалпынан әлдеқалай сағы сынған пұшаймандықты аңдайтын-ақ тәрiздi.
– Атарға оғың болмай тұр, ә?
Түнеугүнi жауынның астында қалып, Демеудiң кебiн құшқалы берi енесiне әлi бiр рет те сөйлемептi. Қадiрсiз керегеге жабыса түсiп, мәмлеге шақырғандай жыламсырап тiл қатты.
– Апа, ол бара ұрса.
Қара кемпiр қас-қабағын таң-тамаша бола керiп, Қадiрсiзге бiр мезет шүйiле қадалды.
– Ал ұрыссын, төбелессiн!
Iш дүниесi сыздап ала жөнелген Қадiрсiз дел-сал күйi сыртқа шығып, ауыл шетiндегi көкөзекке көз жiбердi. Соған өкпе тұстан қосылатын жолда жын ұрғандай шапқан Демеу бiртiндеп ұзап барады. Соңынан бұрқ-бұрқ көтерiлген шаң түйдек-түйдегiмен құйындай көтерiлiп, ширатылған шүйкедей шұбатыла созылады.
Демеудiң жолын сыртта жүрiп ұзақ тосқан Қадiрсiз суға қаптаған қой жартоғанның жыра-жырасына үйездеген соң, үйге кiрдi. Көктенi емiзiп, қайта ұйықтатты да, сыртқа шығып жолды көздедi. «Бiр бәлеге ұрынбай тыныш келсе екен» дедi.
Мезгiл ұлы сәскеге ауғанда тынышы қаша бастады. «Апырау, неге кешiктi? Тұзы жеңiл сорлы қайтер екен?» Енесiнiң есiктен сидиып кiрiп келгенiнен-ақ жүрегi құрғыр бiр жаманатты сезген болатын. Бетi берi қарап, сәл оңалайын дегенде-ақ қызына тұра жөнелгенiне қатты қамыққан едi. Ең құрығанда «жақсы болып кет» деген жылы сөзiн айтып, үлкендiгiн көрсететiн жөнi. Бiраз жерге дейiн ұлын iлестiрiп апарып, қайтарғанын да көп уақыт ұмыта алмады. Бәрi жабылып әпкесiн қуып жатыр дегенге бiртүрлi сенбейдi. Бар пәле әпкесi мен енесiнде ме деп қорқады. Ал анау мұның бiрiн де ойламастан жынды көбелекше отқа өзi барып түсетiнiне күйiнедi.
Қой жыбыр-жыбыр өрiп, қаракөтермеге қарай бiрден лап бердi. Тоз-тозы шығып кетпес үшiн алды-артын жиыстыра жүрiп, екi көзi төрт болып ауыл жаққа кешке дейiн телмiрдi. Бiрақ берi қарай бет алған аттылы көрiнбедi.
Ымырт қонақтағанда барып қойды қоралап, әлi отқа қойылмай белдеуде қақиып тұрған аттан секем алып, есiктiң тиегiн жүрексiне ағытты. Iшке кiрiп келгенде төрде етпетiнен сұлап жатқан Демеуге көзi бiрден түстi. Үстiндегi киiмiнiң сау-тамтығы қалмай дал-далы шығыпты. Аңтарыла қалт тынған келiнiн жақтырмағандай Көктенi жұбатып отырған енесi бағжаң ете қалып:
– Ұрған-соққанды, төбелескендi көрмегендей неге сонша тесiлесiң?! – дедi.
Өз кейпiнiң көлеңкесiне көзi түсiп селт еткен Қадiрсiз олақтау қолдан шыққан сайқымазаққа ұқсайтын бiртұтам бойын бiр ауық жатырқап: «Мен сияқты бейшараның көлеңкесiне дейiн сорлы болады екен ғой» деп ойлап үлгердi. Көктенi алып жайғасып отыра бергенi сол едi, екi қолын таяна көтерiлмек болған Демеу әлдебiр жерiн ауырсына қайтадан сылқ түстi.
– О, қу жаман, қу жаман, шамаңды бiлмеген соң соғысып неңдi алған, – дегенде қара кемпiрдiң алакөлеңкедегi көмескi реңiн сайқымазақ суретке ұқсатты. Керегедегi ербеңдеген сұлба өзiн кенет бүрiп түсетiндей сескене қалт тынды. Келiнiнiң өне бойғы қарасынан бiртүрлi қуыстанып кеткен қара кемпiр:
– Ал менi талап, жұлып же! Осынша не жазып ем, тәңiрiм! – дедi де солқылдап жылап жiберiп, сап тыйылды. Шарасына iркiлген жасы ондық шамның жарығынан болымсыз жылтырап мөлтiлдейдi. «Апыр-ау, бұл кiсi де жылай ма, сұмдық?!» деп Қадiрсiз таңырқаған күйi аңырып қалды.
Шам жарығы үй iшiне тұтас жетпей бұрыш-бұрышты қараңғылық сағалап, қуыс-қуысқа ұйысып бекiне бастағанда, есiктiң желдiгi кенет желп ете түстi. Жұлқына кiрiп келген әлдекiмнiң тұрқына екеуi бiрдей абыржи қарады. Кiмнiң қай жерде тұрғанын әуелi анықтап алғысы келген сыңайда жаңағы iшке енген бiреудiң бөгелiсi ұзаған сайын шырықты қашыратындай.
– Мұнысы кiм?! – дедi қара кемпiр.
Құты қаша дегбiрсiзденiп, есiк жаққа жүрексiне қарағыштаған енесiнен кәдiк алған Қадiрсiз босағада состиып тұрғанды бiрден Демеудiң әпкесiне жорыды.
– Өзiңнiң ұрыстырып, қырылыстырып кеткенiң аздай ана мақауыңды жiбергенiң қай сасқаның?! Құдай сенi де тiл-аузыңнан айырса, бәрiң құп жарасып отырар едiңдер, шiркiн!
Ұрқияның ащы мысқылы Қадiрсiздiң жүрегiне шаншудай қадалды. Әр сөзiн таптап айтатын Демеу әпкесiнiң даусына араласқан шаңқыл шаптығып, өршiп кететiнiнен әйтсе де қатты сескендi. Қанына сiңдi шамшыл қасиетiнен мүлде ажыраған қара кемпiр босаға жақты қорғаншақтап шолып, сынық тiл қатты.
– Мақау, мақау да болса жалғыз бауырың. Байғұс-ау, бiр жаныңа жалау болып жүрген одан басқа кiмiң бар ?!
Осы сөз ескi жарасының аузын тырнап ашып жiбергендей Ұрқия тұрған орнынан ыршып түстi.
– Жаныма жалау болмай жерге кiрсiн, осы екi жартыкешiңнен басқа ешкiмнiң де қолына сыймайсың. Бұдан былай көзiме көрiнбей қараларыңды батырып, құрыңдар!
– Мен қыз таппаппын, тас тауыппын...
– Ана мақауыңды таптың. Бүлдiрген өз үйiңдi бүлдiр. Менде, менiң байымда, бала-шағамда шаруаң болмасын, айналайын. Ұрсамыз ба, қырылысамыз ба, өзiмiз бiлемiз, – деп жалт бұрылды да есiктi шалқайта ашып, желдiктi сiлке лақтырып тастаған күйi жөнiне кете барды. Бедiрейе безерген қара кемпiр бiрер сәт үнсiз отырып, төрде ұзынынан сұлап жатқан ұлына кенет назарын салып:
– О, қаншық! Жалғыз бауырыңды байыңның соққысына жыққызып, өзiңнiң төбемiзге әңгiртаяқ ойнатуың қалған екен. Есебiңдi тапсын, есебiңдi тапқыр! – дедi. Естiмей кетедi-ау дегендей өңешiн соза өршелене айғайлады.
Жанашыр дейтiн Ұрқия сөзiнiң сиқы «Екi жартыкеш». Өлiм ғана әшкерелейтiн ақиқаттың ойламаған жерден ашыла салғанына тарынып, торықса да сыр бермей сызданған енесi жыланды үш кессе де кесiрткелiк шамам бар дегендей қасқиып отыр. Ондық шамның көтерiңкi бiлтесiнiң тiлдей оты буылтық ләмпiнiң түтiкшесiне өрекпи шапшығанда, киiз үйдiң аядай iшi жап-жарық болып кетедi. Осы кезде оңбай сағы сынған қара кемпiрдiң кәрiлiкке бiржола мойынсұнған бейiлсiз кейпi танылды. Әлдене айтпаққа оқталған райынан тез қайтып, Қадiрсiз сүлесоқ көтерiлдi. Бұрыштан жаман шапанын тауып киiп, белiн буынды да сыртқа беттедi.
Жердiң оты қашқалы жартықұрсақ қой түн баласы тыныш таппай өрiп шығады. Белдеуде тұрған ат Қадiрсiздiң қарасы көрiнгеннен-ақ оқырана тықыршыды. Пырдай боп жатқан отардың пыс-пыс демалысынан басқа төңiректен бөгде дыбыс бiлiнбейдi. Қаракөк аспанның жұлдызды шоғырының алқызыл арнасы шашыраған қылаудай шаңытады. Бiр-бiрiне иықтаса жұптасқан тау қою түннiң құшағында қордалана қарауытады. Меңiреу түннен сескенiп, қимылсыз қалған Қадiрсiз аттың ерiн алып, аяғына тұсамыс салды да отқа жiбердi. Жердi дүңкiлдетiп шоқыта жөнелген ат кiлт төмен еңiстеп кеттi. Бiр түйiр шоқ жұлдыздың қара түндi қақ жара ағып түскенiн көрдi. Қасқағым сәт аспан кеңiстiгiнiң бiр бұрышына жарық саңылау түсiп, мезетiнде ғайып болды.
Өне бойы таудан соғатын сары желден денесi тоңазып, үй маңынан ұзамай ары-берi жүрдi де қойды. Аршылған жұмыртқадай аппақ қойға алданып қарады. Кенет оянып кеткен Көктенiң үнiнен селт ете түстi. «Маңдайының бес елi соры бар байғұс балам» деп дыбысын шығармастан егiле жылады. Құлақ шекесi шыңылдап, басы айналып, қаңыраған қуыс кеудесi шыт-шыт айрылатындай. Екi кештiң арасында үйге тепсiнiп кiрiп келген Ұрқияның сойқанды ұсқыны көз алдына ойда жоқта келдi. Iш құрылысынан бiр нәрсе төмен тартылып барып, үзiлiп кеткендей болды. Солығын әлi баса алмаған Көктеге жетiп барғысы келдi. Жым-жырт түннiң құлазыған оңашалығында жүрегiнiң дес бермей қатты-қатты соққанын сездi.
Тұңғиық терең қарауытқан үй маңындағы болымсыз жыраға жақындаса-ақ құрдымға сiңiп жоқ болатындай тұла бойы тiксiнiп, сескене бердi. Мана өзi сыпырып алған ертоқымды жастана қисайып жатты. Жанарына шымырлаған әлдене түйдегiмен келiп, бұлдырап тұрып алды. Көңiлiне орныққан мұң сызаты ұлғайып-ұлғайып, өн бойын түгел жайлағандай дел-сал күйде көзi iлiнiп бара жатыр едi. Көктекше жайлауының ұшар басындағы ескi жұрт екен дейдi. Бесқоныс шоқысының күнгей қиясына тырмыса жайылған қойдың бетi шұғыл төмен ойысты. Демеу қыста шешесi тiгiп берген сеңсең тымақты қайнаған шiлдеде милығына баса киiп, ат үстiнде қоқырайып отыр. Күн батыс жақтағы құзға телмiре қарайды. «Елден ерек бұл жазған не көрiп тұр сонша?» – деп Қадiрсiз алдындағы кезеңге шығып, ойға көз жiберсе... Сонау екiаша сайдың тұйығына орын тепкен омартаның бергi қабағындағы қапталды бұзып-жарып, жол салып жатқан тракторды көрдi. Артқа шегiнiп барып, қайта жұлқынып құлама жарға айналдырған жердiң тұмсығына күреуiшiн бойлатады да, төпелеме топырақты қопарып тастайды. Қадiрсiз қалшылдап кеттi.
– Баланың атын Көктекше қойған неңдi алған?! – «Сөйлеп тұрғаным рас па, Демеудiң әпкесi ендi жартыкеш деп көрсiн» деп ойлады. Мұны елең қылмаған Демеу сай табанындағы трактордың әрекетiн қызықтап тұра бердi. «Апырай, жердi оңдырмай жаралайтын болды-ау!» деген ойдан қатты күйзелiп, оянып кеттi. Жан-жағына алақ-жұлақ қарады. Толысқан ай шығыс сiлемдерiнен арқан бойы көтерiлiп, тұңғиық көкшiл аспанда баяу қалқиды. Еркiн төгiлген боз сәуледен қашып-пұсқан көлеңкелер жыра-жыраны сағалапты. Қырат-қапталдар сап-сары алтынның ұнтағын сеуiп тастағандай жалт-жұлт етедi. Пырдай боп жатқан қой көлбей жүзген айдың шуағына емiн-еркiн шомыла тыныстайды. Кенет қой тоз-тозы шығып дүркiреп үркiп кеткенде, Қадiрсiз атып тұрды. Қазықтай тiп-тiк шаншылған сасықкүзен жiп-жiңiшке болып қаздиып заулап барады екен. Қой тиген-тиген тұсқа тентiреп, босып кеттi.
– Әй, әй! – Қадiрсiз тынымсыз айғайлауға көштi.
– Ойбай, қой қайда, қой! – Ылғи малдың соңында жүрiп, титықтап, шаршаған адамның ренiшi тәрiздi қара кемпiр шаңқылдап шыға келдi де, қалтаң-құлтаң етiп тұрып, iшке сып берiп кiрiп кеттi.
– Мынау төрт түлiгi сай кiсiдей жатыр ғой, шалжиып. Әй, сорлы-ау, қойың тағы да жоқ. Тұр деймiн, тұр! Сенген кiсiң ана қатының ба, жоқ, сүйегiн әрең сүйретiп жүрген өлмелi кемпiр мен бе?!
Енесiнiң баласын жұлқылап оятқандағы даусынан қосамжарласып шығатын сүйкiмсiз шаңқыл одан сайын көңiлiн ортайтып, ештеңеге құлқы шаппайтын сүлесоқ халге ұрындырды. Осы кезде әлтек-тәлтек басып сыртқа шыққан Демеу, ештеңенiң мәнiсiне жете алмай әңiрейiп көп тұрды. Қойшылардың далба ғып қойған қарауылындай қимылсыз қалқиған әйелiнiң сыңайына, үйiрiнен адасып, көк жүзiн саяқ кезген ақшарбы бұлттың жерге түскен жапырақ-жапырақ көлеңкесiне кезек-кезек қарады. Қадiрсiз күйеуiнiң iзiн бағып, ұзақ селтидi. Екi иығы салбырап, ұнжырғасы түсiп кеткен оның сырт пошымына қараған сайын ашу-ызасы булығып шығып, безгек тигендей тұла бойы қалшылдап, дiрiлдей бастады. Жаңа ғана түсiнде көрген трактордың көкшiл түсi мен темiр өзегiнен қою қара түтiнiн үстi-үстiне будақтатып, арқырап-сарқырап жер қопарған ожар қимылы көз алдынан көлбеңдеп кетпей қойды. Дүние шыркөбелек айналып, санасынан бiртүрлi шатаса бастағанын сездi. «Аяқ астынан маған не болып қалды?» деген ой қылаң берiп өттi. Қылт еткен нысана тұлдыр жанарына iлiкпей, айналаның бәрi бұлдырап қарауытып барады. Буын-буыны құрып, әл-дәрменi бiтiп, әлсiрегенiнен шошына шыңғырып жiбердi де, екi бүктеле еңкейiп барып, етпетiнен құлап түстi.
Осы жаңа ғана қалқайып тұрған әйелiнiң құлап жатқанына сенбегендей Демеу қалт тоқтады.
Түнде Қадiрсiз бекiткен ат жартоғанға тақап барып, қақиып тұр екен. Толық айдың жарқыраған қозы сөнiп, ақ қаңылтырдай ақшылтым түске енiптi.
Таңғы тыныштықты бұзып, Көкте шырқырап жылады.
***
Шұрқырасқан жұрт толассыз келiп көрiсуде. Байыз таппай теңселген қара кемпiр қос бүйiрiн таяна көзiн тарс жұмып алып, боздаған сайын жиналған көпшiлiктiң сай сүйегi сырқырай түседi. Демеу жан баласына жуымай оқшау тұр. Бұрнағы күнгi соққыдан бетiне түскен таңбалар теңбiлдене қанталай бастапты. Суық әлпетi одан сайын түксиген Тасболат қара кемпiр мен Демеудi қаперiнен мүлде шығарып жiбергендей назар салып қарамай, төңiрегiндегiлерге әмiрiн шорт айтып, шалт қимылдап жүр.
– Әй, болсаңдаршы, түгi! – деген ара-арасында даусы да қатты шығады.
Жаназасы шығарылып, сүйектi көлiкке салғаннан кейiн халық сеңдей қозғалып, соңынан шұбыра жөнелдi. Даусын зарлатып шығарған қара кемпiрге өзге әйелдер жамыраса үн қосқан сәтте дүние дүрлiгiп, азан-қазан шуға айналып кеттi. Ақырын iлби жылжыған машина үстiнде шайқатылып, тербетiлген адамдардың қабақтары да салыңқы. Кiшкене төбешiктегi қаптаған молаларды жағалай жүрiп, машина жаңадан қазылған көрдiң тұсына сырғып келiп, ақырын тоқтады. Жапатармағай ырғып-ырғып түскен жiгiттер сүйек салынған зембiлдi қаумаласа ұстап, төпелеме үйiлген топырақтың үстiне қойды.
– Ақым иесi қайда?! – деп шоқша сақалды қария көпшiлiктiң iшiнен Демеудi iздедi.
Ешкiммен iсi жоқ Демеуге осы кезде бәрi аңтарыла қарасты. «Дәтi берiк неме ме, жоқ, түлей ме» дегендей жүздерiнде таңырқаушылық та жоқ емес. Тасболат қана қатулы райда:
– Ал топырақ тастаңдар! - дедi. Бiрiншi болып жерге өзi еңкейдi де қолына күрек алып, оны қаз-қатар тiзiлiп тұрған көпшiлiкке жағалата тосты. Уыс-уыстан шөкiм-шөкiм топырақ түсе бастады. Бiр орыннан әлi тапжылмаған Демеуге Тасболат осы кезде ғана көзiн сүздi. Қарақошқыл өңi қуқыл тартып, жанарына бiр түсiнiксiз ызбар ұялаған күйi ақымшылардың бiрiне күректi топырағымен бiр-ақ ұсынып, өзi Демеуге алара қарап бөгелiп тұрды. Бiр нүктеге тас қадалған оның өңiнде қан-сөл жоқ, бiртүрлi боп-боз. «Апыр-ай, мынаның қозғалатын түрi байқалмайды ғой» дедi iшiнен. Жаңа қазылған көрдi айнала қоршап алған адамдар топырақты лақтыруға кiрiскенде гүмпiлдеген толассыз дыбыс көкiректi бiр ыңғай жарып шыққан терең күрсiнiстi еске салады. Үлкен шұңқырға гүмп-гүмп түскен топырақтан бұрқ-бұрқ көтерiлген шаң сейiлмей төңiректе үйiрiлiп тұрып алды. Лезде шошайып шыға келген бейiттiң айналасын тегiстеп, шашау қалған тұсты сыпырып-сиырып жатқанда, шетте тiзiлiп отырған қариялардың арасынан бiреу сұңқылдаған дауыспен құран оқуға кiрiстi. Ол болғанша тым-тырыс қалған жұрт бiр кезде орындарынан қопарыла көтерiлiп, келген жақтарына қарай үздiк-создық шұбай бастады.
– Қадиси! – деп кенет Демеу өкiрiп шыға келгенде, жұрт жаппай қалт тоқтап, жалт қарасты. Иығы селкiлдеп, бетiн басып жылағанда сорғалаған жас тамшылары саусақтарының жiк-жiгiнен мөлтiлдеп шығып, жең ұшына қарай құйылып барады. Күйкiтұғырлана бүрiскен кейпi тым қораш. Бiр-екi адам қолтығынан сүйеп, машинаға қарай алып жүргенде де жыласынан танбаған оған сай-сүйегi сырқырап кеткен Тасболаттың кескiнi қатты бұзылды. Бұл жазғанға қайғының зардабы ендi жетiп, соның күйiгiне шыдай алмай жаны қатты күйзелгенiн бiлдi. Бiреулердiң басу айтып, жұбатқанына көнетiн сыңайы байқалмайды. «Бұл шiркiннiң шолақ ақылы егiлiп-елжiреп айтқанды қабылдай қоймас, әркiм әрқалай уанбай ма» деген тоқтамға Тасболат аяқ астынан келдi.
– Әй, Демеу! – даусын нығырлап шығарғанымен бетiн баса солқылдап жылап тұрған ол селт етпедi. Тасболат сәл iркiлiп барып: – Ендi доғар! Қадiрсiздiң өлiмiне күйiнсең де осы, күйiнбесең де осы. Мына ел айтып отыр: бәрiнен де Көктеге обал болды деп, ол аман болса елге әлi-ақ бауыр басып кетедi. Тек саған ғана Қадiрсiз жоқ, сенiң ел-жұртың Қадiрсiз едi, сол ел-жұртыңнан айрылып отырған жайың бар, – дедi.
Осы сөздi айтқанда Тасболат бiртүрлi өршеленiп кеттi. Көпшiлiктiң iшiнен: «Қой, Тасболат, өзi құрып тұрған бейшараны одан сайын тұқыртқаның не» деп тоқтау айтатын бiреу суырылып шықпады. Лезде тынши қалған Демеу әлдененi парықтағандай бiр нүктеге ұзақ қадалды. Бiр кезде төңiрегiндегiлердiң күштеп сүйреген ырқынан шыға алмай машинаға отырды. Үнсiздiктi бұзуға ешкiмнiң дәтi бармай бәрi тымырайып алды. Тек бiр кезде Тасболат қана өзiне-өзi сөйлегендей:
– О, жазған Қадiрсiз-ай, есiл өмiрiң ырың-жырыңмен өттi де кеттi, – деп ауыр күрсiндi.
Бөлісу: