Науаи мен Абай

Бөлісу:

22.06.2020 6712

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

тарихшы, Халықаралық түркі академиясының президенті, "Егемен Қазақстан" республикалық газеті" акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы

Адамзат ақыл-ой қазынасының інжу-маржаны болып саналатын түркі даналарының мәңгілік мұралары алыс ғасырлар қойнауынан желі тартқан тоғанақты керуеннің қоңырау үнін біздің заманымызға еміс-еміс жеткізуімен ұрпақ жадысын оятып жаңғырта түсетіндей. Тоныкөк, Йолығтегін жыраудан кейін сан ғасырдан соң қайсар рухты жауынгер жұрттың жорық жырларын сол замандағы озық араб-парсы өлеңінің лирикалық иірімімен жарыстырып, мазмұн мен түрін байытып, нәзік бедер сіңіріп, түркінің жаңа дәуірдегі классикалық поэзиясы етіп жаңаша жасақтап, тарихта бұрын-соңды болмаған көркемдік белеске шығарған дарабоз ақын – Әлішер Науаи.

ТҮРКІ ТІЛІН ТҰҒЫРЫНА ҚОНДЫРҒАН ТҰЛҒА

Әлемге әйгілі шайыр, өзбек халқы­ның сүйікті перзенті, ғұлама ойшыл Әлішер Науаи түркі тілінің орасан бай мүмкіндігін әдебиеттің түрлі жанрларында толық жарқыратып ашуымен руханиятта нақышты қолтаңбасымен ерекшеленеді. Оның шығармашылығы арқылы түркі тілінің абыройы аспандап, әлемдік өнер мен білім бұлағына айналған іргелі тілдермен иық тірестіріп, жаңа тынысы ашылып, классикалық әдебиеттің таңғажайып жауһар бай мұрасын тудыруға мүмкіндік табады.

Әлішер Науаи сөз өнерінің біртуар шебері ғана емес, дана билеуші, сая­си қайраткер, ғұлама ғалым, ұлы ойшыл, қылқалам шебері, дарынды музыкант болды. Әмір Сұлтан Хұсейін Байқараның сарайында мөр сақтаушы (мухрдар) лауазымына бекітілген ол уәзір лауазымында жүргенде Гират өлкесін абаттандырып, ғажайып ғимараттар, мешіт-медреселер, кітапханалар, аурухана, бау-бақшалар салдырып, құснихат өнерімен шайырлардың жауһар жырларын жазып таратуға, ілім-білімді серпінді дамытуға ерекше мән беріп, өзін білікті мемлекет қайраткері ретінде танытады. Байқараға қарсы шыққан бүлікшілерді дипломатиялық жолдармен бағындырып, қарсыласқан кейбір жауларды қарумен ойсырата жеңіп отырады. Бұл қырынан қарағанда, ол Білге қағанға кеңесшілік еткен дана Тоныкөк пен Қорқыт атаға ұқсас сырлы тұлға. Оның Қорқыт ата туралы тебірене баға беруі сондықтан болар. Данышпанның "Хамсаны", әсіресе сол циклге енетін "Ескендір қорғаны" поэмасын Әмір Темір әулетіне үлгі ету үшін жазып, әді­летті билеушінің бейнесін сомдап, кейінгі буынға ғибрат аларлық нұс­қаулық ретінде жырлағаны анық.

Әлішер Науаидың ұстаз пірі һәм досы ұлы шайыр Жәми оның "Хамса" жазып жатқанынан хабардар болып, шабытына дем беріп, былай деп бағалап батасын береді:

Өзіңмен еселесіп, теңдесер кім,

Биікке түркі тілін сен көтердің.

Аузыңа қаратасың парсы, арабты,

Аралар атақ-даңқың шартарапты.

Сол заманда әлемдік әдебиетте же­тек­ші орында болған араб-парсы тілі­нің ықпалынан түркі тілін құт­­қарып, оны ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің құралы ету жо­лын­­дағы күрес ұзақ ғасырларға жал­­ғасады. Ежелгі түр­кі әдебиетінің көрнекті өкілдерінің біразы соңына араб-парсы тілінде мұра қалдырса, ке­лесі топтағылар қостілді қаламгерлер бол­ған. Ал данышпан Әлішер Науаи ана тілін шексіз сүйген, оны бөтен тіл­дер­дің әсерінен қызғыштай қорғаған, тіл тазалығы жолында аянбай майдан аш­қан табанды күрескер, теңдессіз ұлы тұлға болғандықтан оның рухы­на бүгінгі барша түркі халықтары қарыз­дар деп білеміз.

Ғұлама өзінің "Мухәкәмәтул-луғә­­тәи" ("Екі тіл туралы пікір") де­ген әй­гілі шығармасында: "Мен түркі сөз­дері жайында ойлануға қол жеткіз­ге­німде, менің көз алдыма он сегіз мың ғаламнан артық дүние көрінді... Өнерсіз түркінің әлсіз жігіттері оңайлыққа бола, парсы тілінде өлең жазуға бой алдырыпты. Ал ақиқатында, егер адам жақ­сылап ой таразысына салып қараса, түркі тілінде соншалықты мүмкіндік, сөз әлемінде көркемдік табылады, сондықтан да мұнымен ой жеткізу, шешен сөйлеу, өлең жасау, ұйқас құрастырудың оңай әрі тиімді болары анық. Ендеше түркі тілінің мүмкіншілігі осыншалықты дәлелдермен белгілі болды. Енді осы халық ішінен пайда болған құрметті жандары өз ойларын өз тілдері бола тұра өзге тілде айтпаса болар еді және іске асырмаса игі еді. Және басқа тіл­мен айтуға қабілеттері болса да, өз тіл­дерімен көбірек айтып, басқа тілмен азырақ айтса еді. Егер әсірелеп айтса, екі тілмен бірдей айтса болар еді" (Аударма Т.Қыдырдікі) деп жазған асыл аманаты қазір де күн тәртібінен түскен жоқ.

Негізінен Құлағудан Шахрухқа дейінгі билеушілер заманында әлем­ге әйгілі болып гүлденген парсы поэ­зиясының қуатты ықпалынан түркі тілді поэзия біртіндеп арылудың оң жолына түсе бастайды. Саккаки, Хайдар, Хорезми, Атаи, Мукими, Якини, Эмири, Гедаи сынды ақындар шығып, ана тілінде жырлар жазғанымен оларды парсы классиктерімен теңестіруге әлі ертерек еді. Әлішер Науаидың пікірінше, түркі тілін ұстарту бағытында Лутфи мен сұлтан Захираддин Мұхаммед Бабурдың үлесі елеулі зор болған.

Дарабоз данышпан Әлішер Науаи ана тілінің жауһарларын өзі­нің шығар­маларында жарқыратып қолда­нып, түрк тілін ғылым мен білімнің, классикалық әдебиет пен өнердің тіліне айналдыруға берік іргетас қалап, тарихи-рухани соны бетбұрыс жасаған аймаңдай тұлға болады. Бұл алғы шарттың қоғамдық-саяси негізін сол дәуірде билікке келген Сұлтан Хұсейін Байқара түбегейлі қалыптастырып, "түрк ақындар өз ана тілінде өлең жазуға" шайырларға шабыт сыйлап, жігерлендіріп талап етеді. Осы жайында Әлішер Науаи "Мен түрк халқының сөз өнерінің ше­берлері парсы тілінің сөз тіркестері мен қалыптасқан тілдік қолданысының орын­сыз шабулынан құтылып, өз ана тілінің қазынасы мен сөз өрнектерін еркін қолдануға ұлы хақысы бар екенін дәлелдедім", – деп жазады. Ол өзі бас­таған рухани күрестің түбегейлі жеңіс­ке жететінін көрегендікпен сезініп "Ес­кендірдің қорғаны" атты әйгілі хамсасында "Тө­гілді жыр тасқыны тартып арна, мұхиттай түркі сөзі таусылар ма" деп шаттана жыр толғайды.

Түркі тілін төрге оздырған шоқтығы биік шайырдың мұрасы тамырлас жұрт­тан шыққан ойшылдар мен қалам­герлердің баршасына айрықша ықпал етті. Түрк тілін тұғырына қондыруға талап қылып, "тілде бірлік" деп ұран көтерген Исмаил Гаспыралы шайыр­дың шығармаларын Қырым татарлары тіліне тәржімалап, жариялады. Науаидің "Му­хә­кәмәтул-луғәтәин" ("Екі тіл туралы пі­кір") атты еңбегін 1882 жылы Бах­ша­сарайда бастырып шығарды. Ол 1895 жылы жариялаған "Түркістан ғұламасы" атты еңбегінде де Науаиға айрықша тоқталды. "Тәржіман" газе­тінің 1908 жылы жарық көрген 5 санында "Біздің көне әдеби тіліміздің бір ұшы Әлішер Науаидің көркем тілі болса, бүкіл диалектілеріміздің жиынтығынан құралған қазіргі тіліміз де екінші ұшы болып саналды" деп, ортақ түркі тілінің бастауын Науаиға апарып тіреді.

Шығыстың жарық жұлдызы атанған Шоқан Уәлиханов Науаи еңбектеріне алғаш баға бергендердің қатарында. Ол 1857 жылы Қашғария жайлы жазған очеркінде "Қара түнекті халықтың жал­ғыз сәулесі Әлішер Науаидің шығар­ма­лары болды" деп жазды. Сол сияқты қа­зақ даласына білім нәрін сепкен көр­некті ағартушы Ыбырайдың да Науаи жырларымен сусындап өскенін байқаймыз:

Сәуірде көтерілер рахмет туы,

Көрінер көк жүзінде қаз бен қуы.

Көктен жаңбыр, таулардан

сулар жүріп,

Жайылар жер жүзіне қардың суы...

Сәуірде сорғалайды нөсер көктен,

Дүние жасанады жас өрнекпен.

Жетеді түйдек бұлттар топ-тобымен,

Дамылсыз дабыл қағып көк төрінен...

Алғашқы шумақтың авторы Ыбырай Алтынсарин болса, келесі жолдардың иесі Әлішер Науаи. Тамшыдай ұқсас таңсық көріністер, сезім қылын шер­тетін жауһар өрнектер. Ғасырлар мен кеңістіктер бөліп тұрғанымен ұлы Науаи­дың дәстүрі кейінгі буынға үзі­ліп қалмай жалғасқанының бұл да бір белгісі тәрізді. Шығыс әдебиетінің біл­гірі академик М.Әуезовтің "ХІХ ға­сырдағы қазақ әдебиетінің Абай, Шәң­герей, Шәді, Шортанбай, Ақан сияқты ірі ақын­дарын еске алсақ – бәрінен де Әлішер ғазалдарының, дас­тандарының айқын сарындарын сезіп отырамыз", деп шиыратыны сондық­тан. Бұл орайда, әлбетте Науаиды пір тұтып, ұлымен үндесіп, оны жаңа ға­сырдың үнімен жаңаша сөйлеткен Абай екені баршаға белгілі.

НАУАИ МЕН АБАЙ ҮНДЕСТІГІ

Алыстан мұнартып көрінген заңғар таулардың асқар беліне көтеріліп көз жүгірткен жан алып таулардың сілемі бір-бірімен иық тірестіре тіз­бек­теліп, біртұтас тау жоталарының жүйе­­­сін құрағанын байқай алады. Шы­ғыс жұлдыздарының өнернамалық тағылым да сол алып таулардың құж-құж тарау салалары секілді іліктес дүние. Бұл тұрғыдан келгенде Науаи мен Абай әлемі өмір сүрген дәуірі мен дәурені алшақ болғанымен мазмұны мәндес, арқауы ажырамас, еншілес егіз ұғымдарға айналып кеткен деу­ге толық негіз бар. XIX ғасырдың екін­ші жартысында өмір сүрген ұлы ақын Абайға әсіресе ғұлама Науаи шығармашылығының ықпалы мол бол­ға­нын зерттеушілер көрсетеді. Ол туралы кемеңгер Мұхтар Әуезов "Оған тіл­дері түсінікті болған соң Низа­ми, Науаи көп әсер етті... Өзіне ең жақын ұстаз етіп классик Науаи шығар­мала­рынан үлгі іздейді", деп топшылауы көп сырды аңғартқандай. Бұл жөнінде кезінде профессор Ғ.Сағдидің зерт­теу­лерінде нақты салыстырулар арқы­лы тереңірек жазылды.

Шығыс жұлдыздарымен дәстүрдегі сабақтастық, сарындастық, ұқсас көр­кем бейнелеу машығы, ішкі иірімдер, орайлас ой-толқындар қоры Абай шығар­­­маларының алтын өзегі екендігін зерт­­теушілер пайымдаған. Әсіресе Әлі­шер Науаидың адам портретін шебер кескіндеуі, сұлу қыздың ажарын айшықты мүсіндеуі, кісінің ішкі иіріміндегі нәзік құбылыстарды аңға­рымпаздықпен аша білуі, адам көңіл-күйіндегі өзгерістерді табиғат кө­ріністерімен өре суреттеуі ақын Абайға бала кезінен сіңісті болғаны анық. Науаи – нәзік лирик, адам жанының шы­тырман жықпылы мен табиғат ана сұлулығының шебер жыршысы. Айта­лық, жылдың төрт мезгілін ерекше бояу­мен, айрықша әуезбен Науаидай жырлай алған ақын сирек. Абайдың да жыл мезгілдерін жандандырып, әр­бір мезгілдің бояу-нілін сезіммен өрнек­теп, құлпыртып жырлауы қазақ поэ­зиясында қайталанбайтын жауһар құбылысқа саналады.

Табиғаттың көктемде бусанып оянуын ақындар адам жанының жасаруымен, тіршіліктің қайта түлеуімен шендестіріп ыстық сезіммен жырлай­тыны белгілі. Көктемгі гүлге қонған шық, аспан өрнегі кемпірқосақ, сыл­дыраған балбұлақ, қауыз жарған жау­қазын, жыл құстарының сазды әуені жү­ректі тебірентіп, шабытқа түрткі болатыны аян.

Таңғы шық мөлдіресе меруерттей,

Қызғалдақ қаптап шығар

жанып өрттей.

Құстар да келіп-қайтқан жаз қонағы,

Бірге ұшып, бірге қонып

мәз болады.

Мұндайда шалқымайтын жан

бола ма,

Халық та сайран салар кең далада.

Көрнекті ақын Н.Айтұлы аударып, Халықаралық Түркі академиясы та­рапынан жарияланған Әлішер Науаи­­­дың "Хамса" жинағындағы осы шумақтар оқырманға Абайдың "Жаз­­ғытұры қалмайды қыстың сызы" өле­­ңін еске түсірері хақ. Ұлы Абайдың "Жазғытұры", "Желсіз түнде жарық ай", "Күз", "Қыс" секілді табиғат лирикалары даладағы жыл маусымының пейзаж өрнектерін нәзік нақыспен сурет­теуімен аса бағалы. "Ақ киімді, денелі, ақсақалды, соқыр мылқау, танымас, тірі жанды", деп Абай жырлаған "кәрі құданың" суретін Науаи былайша салады:

Сең жүріп,

судың беті құрсанды мұз,

Түспейді таспен оны ұрсаң бір із...

Түстікке қыс патшасы ашты жорық,

Шүйілді боран – әскер тас түнеріп.

Көзіңді аштырмайды қылау батып,

Сояудай кірпігіңе қырау қатып.

Ұлылар үндестігі туралы сөз қоз­ғап, Науаи мен Абай мұрасындағы сабақтастықты салыстыра қарағанда біз Ескендір тақырыбына тоқтамай өте алмаймыз. Бұл ретте түркі ақындарынан Низами, Науаи, кейіннен Абай "Ес­кен­дірнаме" тақырыбына қалам қуа­тын сынағаны мәлім. Әлбетте, бұл тақырыпта үш ақынның да ерекшелігі, өзіндік көзқарасы, көркем шешімі бол­ған. Әзербайжанның көрнекті ақыны Низами Генжауи тарихтан сыр шертіп Ескендірді Иранның патша әулетінің аристократиялық тарихынан ажыратып, "Иунан (грек) жері Файлақусқа мекен болып, Македония нағыз отаны болған" екенін айғақтап, мұсылмандар арасында аңыз-лақапқа айналған өмір­баянын бұлтартпас деректерге сүйе­ніп шындыққа жақындатқан болса, Әлішер Науаи түрік тілінде жазған шығармасында:

"Низами айтып кеткен

түп-тамырын,

Жәми де солай дейді жұртқа бүгін.

Файлақұс Ескендірді ұлым деді,

Мысқалдай өгейлігі білінбеді" -

деп оның тегі туралы түрлі дабыралы лақап­­тарға нүкте қойғандай болады. Абай да осы дәстүрге иек артады.

Бұл орайда айрықша айта кетерлік жайт, ұлы шайырлардың жырларына арқау болған Ескендір мен Құранда айтылатын Ескендір Зұлқарнайын – екі басқа адам. Тәпсіртанушы ғұла­малар мен ислам тарихшылары Зұлқар­найнды "Қос мүйізді" деген мағынаға келетін, шығыс пен батысқа үкім жүргізген, Қызырға шәкірт болған, Ибраһим пайғамбар дәуірінде өмір сүрген тақуа тұлға деп санайды. Ал македониялық Ескендірдің Қызырға емес, Аристотельге шәкірт болған жау­лаушы екені һәм пайғамбар сипатты тақуа тұлға болмағаны баршаға белгілі. Сондықтан Низами, Науаи жырлаған "Ескендір" – Құран кейіпкері емес, бар болғаны халық аңсаған әділетті патша бейнесі. Кезінде әл-Фараби "Қайырымды қала тұрғындары" трак­татында елді дана хакім, философ билесе әділет орнайды деген тұжы­рымдаманы ұсынған болса, Әлішер Науаи жырлаған Ескендір де ғалым­дарды қасынан бір елі тастамайтын, өзі де даналықтың биігіне жеткен патша. Ақын былай дейді: "Оң жақта Платон мен тұр Сократ, сол жақта Арасту мен Гиппократ".

Ұлы ақындардың мұрасын жалғаған Абайдың көркемдік мұраты – шығыс ақындары жырлағандай әділетті пат­ша бейнесін жарқыратып сомдап жұртқа үлгі ету емес, керісінше, іші тар, мақтан сүйгіш, көрсеқызар, араны ашылған қанішер билеушінің бояма­сыз кейіп-кеспірін көрсетіп, жұрт­ты атаққұмарлық, қызғаншақтық, даң­­­ғой­лық нәпсіден жиіркендіру ар­қылы оқырманға ой салу. Ақын көзқа­ра­сының тобықтай түйіні былай: "Мық­тымын деп мақтанба, ақыл білсең, Мықты болсаң, өзіңнің нәп­сіңді жең!" Әйткенмен тойымсыз, тежеусіз, жеміт патшаның жанына ерген ақылшысы алдыңғы ұстаздары жырлағандай хакім Аристотель болуы Абай поэмасының көркемдік шешімі түбірімен өзгеріске ұшырағанымен, ақын дәстүр аясынан тым ұзап кетпегенін тағы да танытады: "Жолдасы Аристотель ақылы мол, лақтырған сүйекті алады сол... Сол күнде Аристотель жеке дара, ақыл сө­зін тыңдамай бар ма шара?" Ақын өзі­нің аяулы әкесі Құнанбай қажыны "Ескендір, Темір, Шыңғыстай, мұсыл­ман­да атақты", деп жырлауы да шы­ғыс­тық дәстүрге Абайдың беріктігін көр­сеткендей.

Әу баста шағатай әдебиетінің әсері­мен қолына қалам ұстаған Абай уақыт өте келе өзі медет сұраған шоқтығы биік шығыс шайырларының шоғырына барып қосылды. Сол арқылы Науаи тұ­­ғы­рына қондырған түркі тілі де түр­лене түсті. Ұлылар үндестігі де осында болса керек.

Бөлісу:

Көп оқылғандар