Күй атасы – Құрманғазы

Бөлісу:

03.07.2020 14852

«Ұлттық домбыра күні» қарсаңында дәулескер домбырашы, ұлы күйші Құрманғазы бабамыздың өмір жолынан тізбектелген деректі оқиғаларды әдеби баяндау тәсілімен ұсынып отырмыз.

Алыстан ойнаған домбыраның талықсып жеткен үні. Күн батып ақшам жамыраған алагеуім сәт. Жаз мезгілі. Сән салтанатты киіз үйдің іші. Бірнеше жерден шам қойылған. Оюлы ағаш төсекте шалқасынан қарт Құрманғазы жатыр. Жантәсілім етпек сәт. Маңында жары Әуес пен шәкірттері. Бірі ұстазының құлағына шаһадат (Лә иллаһа иль Аллаһ, Мұхаммед Расул Аллаһ) айтып отырса, енді бірі қолын уқалап әлек. Жарының маңдайынан шыпшып шыққан терін Әуес орамалмен сүртіп отыр. Көкірекке кептелген ақырғы дем.

Күйші сандырақтай бастайды: Домбыра... Мен... Мен...

«АМАНДАСАР»

Тамылжыған жаз мезгілі. Сәске түс. Сыртта аққудың сұңқылдаған үні естіледі. Далада біршама адам ошақта ет қайнатып бәйек болып жатыр. Киіз үй іші. Ортада дастархан жайылған. Дәулескер күйші Ұзақ салалы саусақтарымен күрпілдетіп «Салкүрең» күйін шертіп отыр. Үй ішіндегі бір топ адамның ішінде күйшінің дәл қарама - қарсысында күйдің әр дыбысына елтіп, беті алаулап, саусағы күйшімен бірге қозғалақтап отырған бала Құрманғазы. Күй тоқталды. Ақсақал бір жөткірініп алып керімсал дауысымен әріден бір әңгімені бастайды.

«Ертеде бір аңшы жігіт болыпты дейді. Сол аңшы жігіт биік таудағы қалың қарағай арасындағы аңдарды аулап өмір сүріпті. Бірде сәті түсіп, бір маралды атып алыпты да, ішек қарынын түгелдей дерлік алып тастапты. Содан арада айлар өткенде аңшы жігіт аң атуға ең ұрымтал жер осы еді ғой деп баяғы теңбіл маралды атқан жерге келсе, құлағына ызыңдаған бір дауыс шалынады. Барлап қараса баяғыда өзі атқан маралдың ішегін қарға құзғын іліп алып ұшқан болса керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалған ішекті көреді. Ызыңдаған дыбыс сол ішектен шығып тұрғандығын аңғарады. Ол өзі бірде уілдеп бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылаған болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге түсіріпті. Сол жерде аңшы жігіт «қой, мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амалын жасайын» деп ішекті үйге алып келіпті де, бір ағашты ойып соған қос ішекті тағады. Содан тартып көрсе, шынында да қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя беріпті. Бұл үн жалғыз аңшы жігіттің ғана жанын жадыратып қоймай, тыңдаған жанның түгелін елітіпті. Осылайша домбыра есімді аспап дүниеген келген екен...» дейді қария салалы саусақтарымен сақалын сипап. Осы сәтте далада бірнеше оюлы ағаш астауға буы бұрқырап ет тартылып жатады.

Бала Құрманғазы қолына құман мен елеген, иығына сүлгі іліп үй ішіндегі қонақтардың қолына су құяды. Төрдегі ақсақалға келгенде Ұзақ: «Тәңір жарылқасын» дейді.

Өнер атаулы Құрманғазыға өз аталарынан дарыса керек. Күйшінің бесінші атасы Балтабай домбыраға тіл бітірген өнерпаз болса, жетінші атасы Ерші от тілді, орақ ауызды жан баласына сөз бермеген шешен адам болған деседі. Ел ішіндегі «Ершінің еркегін қойып, әуелі әйелімен айтысып ал» деген сөз осыдан қаласа керек. Ал Ахмет Жұбанов болса «Құрманғазының анасы Алқаның да ағалары төкпе ақын, аңыраған әнші, бармағынан бал тамған күйші, топтан жүлде алған палуан болған» деген дерек келтіреді.

Көктем. Иен түз. Таяқты ат қып мінген бала Құрманғазы. Алаңсыз ойнап жүрген бала ауылдан алыстап, жан жағына қарады. Оралдың құла-толқын даласы. Бала далаға құлағын тосты. Мамыражай аспан айныпты. Жел тұрғаны байқалады. Селеу шөптің басы әрі-бері тербеліп желден үн естіліп жапырақ сыбдырлайды. Жайықтың толқыған суы мен құстардың шуы... Қоғаның қоңыр әуезі... Аспанды қамшымен тартып жібергендей, шатыр-шұтыр найзағай ойнады. Бала әр дыбысқа зер салып тыңдап тұрып қалыпты. Сіркіреп жаңбыр төкті. Баланың денесі суға малшынды. Көз алды да сора-сора... Бала «атына» қамшы басты. Ауылға қарай бет түзеді.

Сам жамырап ақшам түсті. Қараңғы. Бала түні бойы терлеп сандырақтап, (домбыра... мен...мен...) деп ұйқысырап шықты.

Анасы Алқа:

– Жарығым-ау, не болды саған? Бірнеше күн бойы ұйқысырап, сандырақтап шықтың ғой тегі. Жаратқан Алла бәле қалаңнан сақтай гөр өзі...

Бала:

– Шеше түс көрдім. Түсімде домбыра мен кешегі біздің үйге келіп күй шалған ақсақалды көрдім.

Алқа Сағырбайға ат ерттеткізіп кішкентай Құрманғазыны әкесінің артына мінгестіріп екеуін аттандырып салады. Күн екінтіден ауған шақ. Әкелі бала екеуі Ұзақ күйшінің ауылына келіп жетеді. Ауылдың кіреберіс шетіндегі үйдің өресінде құрт жайып жатқан келіншектің қасына келіп тоқтап.

- Есенсіз бе, күйшінің үйі қайда екен? Көрсетіп жібермейсіз бе?

- Амансыз ба, анау тұрған шеткіректегі үлкен үй ғой. Бергі жағындағы тігілген үй атаның шеберханасы.

Тыста қызыл қарағайды ойып домбыра жасап жатқан бірі жас, енді бірі мосқыл тартқан адамның қасында отырған Ұзақ ақсақалды көреді.

- Ассалаумағалайкум, ата. Есенсіз бе?

- Уағалайкумассалам, амансыңдар ма, шырақтарым.

- Ақсақал, өзіңізді іздеп арнайы келіп едік. Бір бұйымтайымыз бар еді.

- Ал, айта отырыңдар бұйымтайларыңды.

- Бұйымтайымыз сол, мына бір бала бірнеше күн бойына сіз кетісімен дөңбекшіп аласұрып шықты. «Домбыра» дейді ұйқысырап...

Ұзақ баланың бетіне біраз бажайлай қарап:

- Түсінікті болды. Балаға күй қонған екен. Ең әуелі мұның іштегі алапатын сыртына шығару үшін бұған бір сөйлейтін домбыра қажет болды ғой, - деп шеберге бұрылады.

Шебер:

– Ее, он сегіз мың ғаламды жаратқан ұлы Жаратушы ғана жалғыз ғой. Қалған дүниелердің өз жұбы бар емес пе. Міне, мынау ұрғашы қарағайдың ағашы. Кәнігі шеберлер домбыра жасау үшін осы бір ағашты әдейі таңдап алады. Өзіңз білесіз «ұрғашы қарағай» таудың теріскей қапталына қарап өскен беті. Онда бұтақ болмайды, шайыры аз болғандықтан, дыбыс шығаруы ғаламат болады. Сіздің аттай қалап іздеп отырған домбыраңыз мінекей, осы ғой ақсақал.

Құлаққа «Амандасар» күйі келеді. Күн қарайып, кеш батқан шақ. Мал өрістен қайтқан кез. Ошақтың қасында, киіз үй сыртында Ұзақ, шебер және Сағырбай мен баласы отыр. Шебер домбыраны алып сұңқылдатып отыр.

Жаз. Иен түз. Жалғыз тал. Астында тайы бар бала Құрманғазы бір топ қозы жайып қаннен-қаперсіз келе жатқан-ды. Кенет алдынан бір түйге арба жеккен бейсауат адамды көреді.

Күнге жүзі әбден тотыққан жүргінші арбасының дөңгелегін жөндеп бүкшеңдеп әлек. Қасында матаулы түйе тұр.

– Ассалаумағалайкум!

– Әликсәләм.

Бала қозы жаюға алған жанторсығын алып жолауышға ұсынды. Тағы да құрт пен ірімшігін жолаушыға ұсынды. Жолаушы аузы-аузына тимей жалап-жұқтап жеп, шөлін басып барып тілге келді. Терін сүртіп жатып:

– Бәтір-әу, көктен түстің бе (көке қарап), жерден шықтың ба (жерге қарап) құдай айдап қайдан келдің? деп балаға бір, жанторсыққа бір қарайды мәз болып.

– Айтпақшы, атың кім, ел қайда?

– Сағырбайдың баласы Құрманғазы боламын, – деді бала көзін сығырайта жымиып.

- Әп-бәрекелде-е, болсаң-боларсың дейді жолаушы.

Сол кезде Құрманғазы:

– Қоспақ өркеш сары атан,

Қом жасамас майдан соң,

Дөңгелек арба жүре алмас

Ортасынан сыңған соң, – дегенде жолаушы балаға жалт қарайды.

Бала жан-жағына қарап:

– Қап, қозы жамырады-ау. Бүгін әкем Сағырбай мен анам Алқаның алақанына май шелпек жейтін болдым ғой, – дейді бала мысқылдай. Сөйтіп тайына қамшы басып тұра шабады. Аулақтау бір дөңеске шығады да тайдың тізгінін кері бұрып, жолаушыға дауыстап:

– Мына төбенің астында біздің ел отыр, – деп қамшысымен нұсқайды.

– Құдайы қонағымыз болыңыз – дейді де таймен шауып ұзап кете берді.

«КІШКЕНТАЙ»

XIX ғасырда кіші жүз топырағында бірінен-бірі асып түскен екі көтеріліс болды. Бірі, байбақты руынан шыққан Сырым Датұлы бастаған халық көтерілісі болса, екіншісі, беріш руынан шыққан Исатай мен Махамет көтерлісі. Бұл екеуі де ақ патшаның зорлықшыл саясатынан туындаған қозғалыс еді. Осы сәттегі халықтың аяққа тапталған асыл арманы бозбала Құрманғазының көкірегінен «Кішкентай» күйі болып лықсып сыртқа шықты.

Иен түз. Жалғыз ағаштың түбі. Соққан желден шөптің уілі мен ағаш жапырағы сыбдырлайды. Құрманғазы осы үнге құлақ түреді. Сонда желден шапқан ат пен жылаған баланың дауысы естіледі. Көз тостағы жасқа толып домбырасын қолына алады. «Кішкентай» күйінің алғашқы иірім-қайырымдары домбыра шанағына ілінеді. Бірақ көңілі елегізіп, күй шанаққа қонбай, қожырай береді.

Осы кезде алыстан «Жұмыр-Қылыш» күйінің көмескі әуені жетеді. Осы күй әуенімен бірге Бектай құмына жортып бара жатқан қазақ жасағы. Сол топқара бейнесі бұлдырап жақындай береді. Әбден тақап келгенде:

- Армысыз, аға!-деп амандасады.

- Бар бол! Уа, бұл қай бала?- дейді жасақ басшысы.

- Есімім Құрманғазы. Рұхсат етсеңіздер өздеріңізбен біргі ілессем деймін!

- Уа, бәрекелді. Өркенің өссін! Талабың биік екен. Бірақ қарғам, жассың ғой, кішкентайсың ғой әлі. Біздің жол өлімнің ғана жолы, сен қал, сен өс! Қолыңдағы домбыраға қарасам екі ішекті серік еткен жанға ұқсайсың. Домбыра иесіз қалмасын. Менің аманатым, менің ақ тілегім осы!

Осыны айтып, топ жасақ жүріп кетеді. Құрманғазы үнсіз қалады да, домбыраны қолына алады. Бұлдырап, алыстап бара жатқан жасақтың бейнесіне қарап отырып «Кішкентай, кішкентаймын ғой, әттең, әттең...» деп күбірлейді. Келесі сәтте домбыра шанағында «Кішкентай» күйі үйіріліп, әуелде ақырын, баяу басталып, кейін екпіндей жөнеледі.

Көтерілістің басталуы. Зеңбірекпен қаруланған патша әскеріне шиті мылтық әм қылышпен қарсы күрескен қазақтың атты әскер жасағы. Майдан өтінде тұтқындалған бірнеше сарбазды қазақ жасағының сағын сындырып рухын таптау үшін зеңбірек ауызына байлап арнайы атады. Аспан күп-күрең қанға боялып кетеді.

Сол сәтте қос көзінен жас парлап қамырық халге түскен жас жігіт Құрманғазының бейнесі көрсетіледі.

Дала төсі соғыста өлген қазақ көтерілісшілерінің сүйегі. Жемтікке қонып ұшқан қарғаның қарқылы мен зарлап жылап, баласын жоқтаған кәрі аналардың зары. Майдан даласында жас Құрманғазы осының бәрін көзімен көріп, жаны күйзеліп, қасіреттене айналасына қарайды. Әлде бір өліктің қолында шанағы сынып, жартылай өртенген домбыраны көзі шалады. Домбыраға қарап:

– Сынған, күйреген сен емес, алаштың рухы мен намысы ғой, намысы ғой дейді қапаланып. Сосын, айқайлап атымен айдалаға шаба жөнеледі.

Көтеріліс кесірінен қазақ даласы қанға бөкті. Осы кезден бастап патша әкімшілігі халықты билеп төстеудің ең тиімді тәсілі ретінде елдің еңсе көтерер азаматтарын әр қилы тәсілдермен қылмысқа тартып, түрмеге тоғытып жатты. Бұл оқиға Құрманғазы өміріне аса үлкен соққы болады. Замана желі ел ішінде «ақ жүрек» атанған асыл азаматтың мінезін өзгертті. Сүйегін жасытып, жүрегін берішке айналалдырады. Жан дүниесіне жарақат салады.

"ТҮРМЕДЕН ҚАШҚАН"

Екі солдат қолында домбырасы бар Құрманғазыны айдап түрме дәлізінде түкпірге жақын камераға қарай кетіп бара жатады. Осы кезде қарсы келе жатқан солдаттың артқы жағынан баяндаушы кейіпкер келе жатады. Ол төмендегі тексті баяндайды. Арғы жақта кілттің шылдыры мен ашылған камера есігінің дауысы.

Бірде орал-казак әскерінің бір топ жылқысы жоғалды деген желеумен қаруланған топ Қызылқұрт руының малын тәркілейді. Бұған күйінген ауыл азаматтыры түгелдей дерлік атқа қонады. Осыны ұйымдастырды деген жаламен Құрманғазы Сағырбайұлы түрмеге қамалады.

Құрманғазының қос көзінде ызамен мойынсұнбауға деген батылдық бар. Төсекте отырған толықша (славяндық ұлт) адамға көзі түсіп сәл басын изеп амандық ишара жасайды. Сосын оған қарама-қарсы орналасқан ескі ағаш төсекке домбырасын сүйеп, көзін қарсы бетіндегі тас қабырғаға салып, бежірейіп отырып қалады.

- Әй, мынауың не дейді Лавочкин домбыраны нұсқап.

- «Қазақ» дейді Құрманғазы қасарсып.

- Ее... жалғыз сен ғана ма десем күллі қазақ түрмеге түсті десеңші дейді Лавочкин. Құрманғазы мына бір сөзге селік ете қалады. Сосын:

- Сен де қазақпысың? - дейді Құрманғазы таңдана қарап.

- Жоға... орыспын. Атым Алексей болады. Ақ патшаға тіл тигіздің деп ұстап отыр. Бірдеңе десем деген шығармын, сөз көтермейді бұлар,- деп күліп қояды.

Құрманғазы сынай қарайды да, үн қатпай отыра береді.

Ағаш бұтағына ілініп, созылған ішектен желдің тербеуімен әлде бір әуен ызыңдайды. Әуен күшейе келе анасының әлди дауысына ауысады. Шаңырақтан түскен күн нұрына бөленіп бесік тербеген Құрманғазының анасының бейнесі көрінеді. Арғы жағынан аялы, үлкен шаңырақ көрінеді... Әлде бір тәтті домбыра үні («Қайран шешем» күйінен үзінді) естіле беріп, кенет кадр қарая бастайды да, салдыр еткен дыбыстан Құрманғазы шошып оянады.

Түрме күзетшісі салдыр еткізіп тамақ салынған тәрелкені тастай салып, кетіп бара жатты.

Қарсы қабырғаға арқасын сүйеп отырған Алексей Лавочкин Құрманғазыға қарап:

- Түрме сонысымен түрме ғой,- деп тәрелкені қолына алып жатады.

Құрманғазы тәрелкеге делсал ғана қарап қойып, оңалып отырып, асықпай Алексейге қарап:

- Өзің сөзшең көрінесің ғой, тіліңнің уы бар екен,-деп сәл жымиған болады.

- Сенікі жақсы-ау, бар сөзіңді қу ағашқа беріп қойған...

Құрманғазы қабырғаға сүйеулі домбырасын алып, ақырын тыңқылдатып тарта бастайды. Шанақта баяу «Қайран шешем» күйі бастала береді де, баяу күрсініп қояды. Өңіне уайым ұялайды. (бұл жерде күйдің өте қысқа, болар-болмас нобайы ғана баяу орындалады)

Осы кезде түрме күзетшісі есікті тарсылдатып:

– Сағырбаев, анаңыз Алқа келіп тұр,-дейді.

Қолына кісен салынған Құрманғазыны түрме күзетшісі анасына шиті мылтықпен айдап барады. Осы сәтте көзіне жас алып, ұнжырғасы түсіп кеткен ұлын көрген анасы:

- Ее.., мен ер тудым ба десем жаман, жасық ез туған екенмін ғой. Кімнің алдында көз жасыңды көрсетіп тұрсың! - деп ұлын шапалақпен тартып-тартып жібереді.

Құрманғазы сол мезетте салбырап кеткен денесін тіктеп ала қояды. Алқа арнайы пісіріліп әкелген нан ішінде жасырылған егеуді көзімен емеурін етеді. Осы сәтте «Қайран шешем» күйі ойналады.

Түрме іші. Алексей қолына түскен егеумен түрме терезесін егей бастағанда оның дауысын естіртпеу үшін Құрманғазы әдейі «Түрмеден қашқан» күйін тартады. Мұны келесі бөлмеде бастан аяқ түрме бастығы мен күзетшісі ұйып тыңдап отырады. Түрме бастығы күзетшіге бұрылып:

– «Мынаның күй тартысы жаман. Кетемін деп отыр ғой. Домбырасы солай деп сұңқылдап тұр. Тегінде қашып кетіп жүрмесін. Әйтеуір, қырағы болыңдар» деп күзетшісіне арнайы тапсырма береді.

Екеуі түнде егеумен қолдарындағы кісен мен терезенің тор темірін қиып түрмеден қашып шығады.

Басынан бұлт айықпай қайта-қайта түрмеге түскен Құрманғазы, есімі елге мәлім Мақаш правительден тағдырына араша сұрап, арнайы хат жаздыртады.

Бөрене ағаштан салынған Мақаш правительдің жұмыс бөлмесі. Көмекшісі:

– Сіздің атыңызға Құрманғазы Сағырбайұлынан арнайы хат келіпті, - дейді.

Хатты оқып, ұзақ ойланып отырған Мақаш бейнесі.

Мұндай өнерпаз адамның көрген қиянатының ел алдындағы беделіне нұқсан екендігін түсіндірген Мақаш, Астрахан губернаторынан Құрманғазыға бұдан кейін ел ішінде емін-еркін жүріп тұруына арналған «ақ билетті» арнайы жасатқызып береді. Дәл осы сәттен бастап күйшінің басынан бұлт айығып, енді еркін күндерінің салтанаты басталды.

«ҚАЗИЖАН»

Салт атқа мінген Құрманғазы бір кезеңнен аса қалғанда алдынан көрінген ауылға ұзақ қарап, ойланып сәл тұрады да атын тебініп солай тартады.

Құрманғазы қиыр қонып, оңаша отырған Игілік ауылына келіп ат басын тірейді.

Құрманғазы шеткері отырған қараша үйдің алдына келіп жөн сұрайды. Үй иесі сыртта тұр екен.

- Ассалаумағалейкум!

- Уағалейкумассалам! Жол болсын!

- Әлей болсын! Бұл кімнің ауылы?

- Игіліктің ауылы. Анау тұрған ақ үй Игілік ақсақалдың үйі.

Құрманғазы атын тебініп солай тартады. Үй иесі домбыра ұстаған бейтаныс жүргіншіге таңдана қарап тұра береді.

Құрманғазы Игіліктің үйінің тұсындағы ат ағашқа атын байлап, үйге дауысын көтере сәлем беріп кіреді.

- Ассалаумағалейкум!

- Уағалейкумассалам! Төрлет.

Құрманғазы сол жақ төргі керегеге арқасын беріп асықпай жайғасады. Босаға жақта қырықтар шамасындағы әйел адам дастархан жайына кірісіп кетеді. Игілік бүкіл өн бойымен Құрманғазыға бұрыла тіл қатады.

- Жөніңді айта отыр, шырағым. Осы ат төбеліндей аз ғана ауыл беріш деген рудан боламыз.

- Жоқ іздеп жүрмін, алыстан келемін,-деп Құрманғазы қысқа қайырады.

Игілік Құрманғазының өңіне ұзақ қарап, сәл ойланады да:

- Қара домбыраны бекерге серік етпеген шығарсың, қарағым, өзің айтқың келмесе, жайыңды домбыра сөйлесін...

Құрманғазы Игілікке ойлы қарайды. Осы кезде Игіліктің тоқалы бір шара қымыз көтеріп Құрманғазыға ұсынады. Құрманғазы «ілтипатыңызға рахмет!» деп қымызды алып, алған бойда бірақ төңкерді. Сосын шөлі қанғандай боп, езуін қолымен сипайды да, домбыраны қолға алады.

«Қайран шешем», «Түрмеден қашқан» күйлерін орындайды. Күмбірлеген күй үніне құлақ түріп, үкілі камшат, бүрме көйлек киген 19-20 жастардағы жас қыз ақырын басып үйге жақындап келе жатады. Босағадан қарап аз тұрады да, үйге кіріп, ақырын шешесінің жанына келіп отырады. Бастапқыда екі көзі домбыра мен күйшіде болады да, кейін әнтек ұялып, төмен қарап отырып тыңдайды.

Күй біткен кезде Игілік сәл ойланып, ауыр бір күрсініп алады да:

- Шырағым, күйіңнің жігері мен жалынынан танып отырмын, дәу де болсаң Құрманғазы боларсың. Ат-атағыңа қанық едім, бүгін міне Құдай айдап өз отымның басына келіп түскен екенсің. Қандай халмен, не күймен келгеніңді түсініп отырмын. Енді менің қонағымсың. Бұтаны қорғалаған торғай да аман қалады деген, бұта ғұрлы болмас дейсің бе!? Мына жұртты өнеріңмен сусындатып, жайланып жатып кет,-деп сөзін түйіндейді.

Құрманғазының Игілікке бек риза болып бас изейді. Сосын үй сыртына ауылдың бүкіл кәрі-жасы жинала бастағаны көрсетіледі.

Құрманғазы Игіліктің қызы Әуеспен осылай танысып, кейін айттырып, өзіне жар етіп алған екен.

Құрманғазының екі баласы болған деседі. Бірі Қазижан болса, енді бірі бауыры Байғазыдан алып бауырына басқан Құбаш есімді ұлы.

Бірде Қазижан қатты ауырып төсек тартып жатып қалыпты.

Сонда күйші:

«Сұрасаң менің атым Құрманғазы,

Құтқармас қашса қоян құмнан тазы.

Үйіңе досың келіп құры аттанар,

Қайтейін кедейшілік малдың азы.

Күреңнің тобығынан тарттым таңба,

Бай менен бас имедім биге, ханға.

Арықтап сары аурудан тұрғанында,

Ас тауып бере алмадым Қазижанға...», – деп өлең шығарған екен.

Кейін осы бір қамырық хәл домбыра шанағынан күй болып төгіліп, ол халық арасында «Қазижан» күйі атанып кеткен екен.

«БҰЛБҰЛДЫҢ ҚҰРҒЫРЫ»

Күйші өміріндегі ең елеулі оқиғаның бірі оның Дәулеткереймен жолығуы. Бұл шамамен 1860 жылдардың басында болған деседі жылнама. Құрманғазы жер дауына байланысты сол кездегі Бөкей Ордасының билеушісі Дәулеткерей Шығайұлының алдына келіпті.

Биік дуалмен қоршалған хан ордасы. Дәулеткерей Шығайұлының салтанатты сарайы. Самсай ілінген музыка аспаптары. Алыстан талығып домбыраның үні естіледі. Сарай іші. Екі тарапқа бөлініп алған билер қолдарындағы қамшыны білеп, ежірейе қарап, бір-біріне теңдік бермей жатады. Төрде Дәулеткерей, екі тарапқа кезек қарап, қабағы қарс түйіліп, үнсіз отыр. Бір жақ тұста Дәулеткерейге сынай қарап Құрманғазы отырады. Құрманғазының тұсындағы бір би қарсы беттегі биге қамшысын білеп:

- Төремен жақын екенмін деп асқынба! Тура биде туған жоқ деген, әділетін айтпаса тұрысатын жеріңді көрсет!

Осы кезде Дәулеткерей қолын көтереді. Екі жақ та тына қалады.

- Екі жағыңдыкі де жөн. Енді төрелікке көшейік. Бір-ақ ғана шартым бар. Бұл даудың түйінін тек күймен шессек қайтеді?,-деп Құрманғазыға бұрылады. Құрманғазы үнсіз келіскендік білдіреді. Билер дабырласып кетеді.

- Сонда қалай?

- Қара домбыраға билік бермек пе?

- Мейлі, өнермен сынасам десе сынассын.

- Жөн сөз!

- Қызықтың көкесі енді болады десеңші...

Бар дауысты басып Дәулеткерей сөзін қайта жалғайды.

- Сіз қонақсыз ғой, әуелі күйді мен бастайын,- деп төре домбырасын қолға алып, «Бұлбұл» күйін сұңқылдатады. Отырғандар тағы дабырласып:

- Апырау, қалай ғажап сайрайды ә?

- Таразыны басып кетті-ау!

- Апырай, мынауыңыз бұрын естімеген бір ғажайып сарын екен.

- Мұныңыз не күй болды?-дейді таңырқай.

- Күйдің аты «Бұлбұл» ,-дейді Дәулеткерей.

- Әп, бәрекелді!

- Күй деп осыны айт!

- Құрманғазы не айтар екен?-деп дабырлайды жұрт.

Ендігі кезек Құрманғазыға келеді. Жұрт тына қалып күйге құлақ түреді. Бірде қорғасындай ауыр, бірде қауырсындай жеңіл жүрдек қағыс. Жұрттың «пай-пайлап» қошаметтеген үнін Дәулеткерей бөліп:

– Пай-пай, не деген алапат күй еді, тым сайрап-ақ тұр екен.

– Бұл күйдің де аты «Бұлбұл»,- дейді Құрманғазы сәл жымиып.

- Жоқ, мынауыңыз «Бұлбұл» емес, нағыз «Бұлбұлдың құрғыры» екен, – дейді Дәулеткерей дән риза болып.

Осылайша Дәулеткерей мен Құрманғазы екі рулы елдің өршіген дауын күймен шешіп, екі жақты да риза еткен екен деседі көне аңыз.

Құрманғазының шау тартқан шағы. Сары күз. Иен түз. Ат үстінде Құрманғазы келеді. Жүзінде қажып, шаршағандық бар.

– Ер заман өтіп, кер заман келіпті-ау, алмаған жауың, шешпеген дауың қалмады деуші едім. Татар кермегің әлі де таусымапты алашым....

Басынан баяны ауған есіл елдің көкірегін қарыған наз бен наласын қасиеті қос ішек тек сен ғана айта аласың. Сенде не жазық... Әттең... ести алмайды әбілет басқан мына жұрт...

«САРЫАРҚА»

Құрманғазының соңынан еріп тәлім алған шәкірттерінің саны қырыққа жуық болған. Солардың ең таңдаулысы Дина Нұрпейісова болған дейді. Ол небары тоғыз жасында-ақ Дәулеткерей мен Түркештің, Байжұма мен Баламайсаңның күйін нақышына келтіріп тартатын болғандықтан, ел ішінде «домбырашы қыз» атанады. Динаның осы даңқын естіп, Құрманғазы арнайы іздеп келеді. Дина тоғыз жасынан он тоғыз жасқа келіп ұзатылғанша Құрманғазының қарамағында болған. Осыбір қаршадай қыздың болашағынан зор үміт етеді. Құрманғазы өзінің күй мұрасын соңынан жеткізе білетін Динадай шәкіртті дөп басып тануының өзі әулиелікке пара-пар жағдай еді. Оның домбыра тартысына дән риза болған ұстазы: «Егер менің сол қолым мен Динаның оң қолын бір адамға берсе, онда одан асқан домбырашы болмас еді», – деп айтқан екен.

Домбыра тартып отырған жас ару. Құрманғазы қолындағы домбырасын Динаға табыстайды. Содан кейін бүй деп батасын береді:

Домбырам мұрам, ал балам,

Мүлкім осы қалдырған.

Ұсынамын қолыммен,

Иелік ет балдырған.

Құрманғазы кім десе,

Өмірін отқа шалдырған.

Күйімді тарт күңірентіп,

Тыңдаушысын қандырған.

Домбырам менің ырғайды

Екі ішегі тынбайды,

Аман болсаң, Динажан

Сенімен бірге жырлайды

Серігің болсын домбырам,

Аманат болған күйімді

Ұрпағым сенен тыңдайды.

«Құрманғазы, әлбетте, тастақ жерге өнсе де, тақыр жерден өскен жоқ. Бір ғана Әбілқайыр әулетінен Дәулеткерей, Сейтек, Мұхит, Дина, Науша, Лұқпан, Жантөре, Түркештер шықты. Осындай алапаты артақан күй күркірінің ортасынан андағайлап, оқшау тұруы – Тәңірдің мұғжизасы еді. Тау жығардай таусыла шайқалар, теңізді төңкерердей теңселе күйзелер, нөсерлете себелейтін нөпір үн мен қырда ойнаған киіктің қырық құйқылжыған дүсіріндей құбылмалы ырғақ тек Құрманғазға ғана тән», – дейді кемеңгер-жазушы Кекілбаев .

Күйші 1880 жылы Астрахан түбіндегі Сахма елді мекеніне қоныс аударады. Ғұмырының соңына дейін осы мекенде өмір сүрген Құрманғазы Сағырбайұлы жетпіс бір жасқа келгенде ауыр науқастан төсек тартып жатып қалады.

Күн батып ақшам жамыраған алагеуім сәт. Жаз мезгілі. Сән салтанатты киіз үйдің іші. Бірнеше жерден шам қойылған. Оюлы ағаш төсекте шалқасынан қарт Құрманғазы жатыр. Жантәсілім етпек сәт. Маңында жары Әуес пен шәкірттері. Бірі ұстазының құлағына шаһадат (Лә иллаһа иль Аллаһ, Мұхаммед Расул Аллаһ) айтып отырса енді бірі қолын уқалап әлек. Жарының маңдайынан шыпшып шыққан терін Әуес орамалмен сүртіп отыр. Көкірекке кептелген ақырғы дем. Күйші сандырақтай бастады.

Құрманғазы:

- Домбыра... Мен... МЕН ЕЛІМНІҢ ЕРКІНДІГІ МЕН БОСТАНДЫҒЫН СҮЙМЕСЕМ «САРЫАРҚА» ДҮНИЕГЕ КЕЛМЕС ЕДІ...

Бөлісу:

Көп оқылғандар