Постмодернизм және біз (жалғасы)
Бөлісу:
Басы мына жерде
Осыдан біршама уақыт бұрын модернизм, постмодернизм деген сөздер естілсе зиялы қауымның өзі үрке қарайтын. Енді міне біз қаласақ та, қаламасақ та бұл ұғымдар еркімізден тыс өмірімізге дендеп араласып, әдебиетімізге бойлап кіріп, мәдениетімізге сіңісті болып бара жатыр. Өйткені қазіргі уақытта өзімен-өзі оқшауланып, жеке дара өмір сүріп жатқан бірде-бір әдебиет, бірде-бір мәдениет жоқ. Нарықтық, ғылым-техникалық, постиндустриалды өркениеттер бір-бірімен қалай тоғысып, жымдасып, бір-бірін толықтырып, жетілдіріп жатса, әдебиет пен мәдениетке де жойқын ақпараттар дәуірі өз дегенін жасауда. Постмодернизм қашанда өміршең сананың жемісі. Ол қоғамды алға жетелеп, сананы сілкіндіруге жұмыс жасайды. Ол ескі мәннен жаңа пайым, өткен әлемнен жаңа әлем жасап шығуға құмар. Ол әдебиетте, мәдениетте, философияда, қоғамдық формацияның барлық өндіргіш күштерінде өмір сүріп келе жатыр. Одан қағыс қалған қалтарыс жоқтың қасы. Сонымен, бүгінгі талқымыздың тақырыбы "Постмодернизм және біз" деп аталады.
– Постмодернизм дегеніміз не? Ол қандай құбылыс? Постмодернизм біздің ұлттық мәдениетімізге не әкелді? Қазақ қоғамы, қазақ санасы осы кезеңді қалай қабылдап, қалай басынан өткеруде?
Гүлмира СӘУЛЕМБЕК, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызыметкері:
Постмодернизм иерархияға, абсолюттілікке, бинарлық оппозицияға қарсылығымен ерекшеленетін және нәтижесі күмән мен ойыннан тұратын бүгінде түрлі салаларды қамтитын бағыт.
Постмодернизм біздің ұлттық мәдениетімізге не алып келді дегенге келетін болсақ, элитарлық мәдениеттің орнына бұқаралық мәдениетті әкелді. Ұлттық мәдениетімізді құрайтын әдебиет, дін, өнер, этнографиямыз әртарапты даму жолына түсіп, бұрынғы иерархия жойылып келеді. Әдебиет пен өнерде ойды жеткізудің эстетикалық тұрғыдан жаңа модельдерімен қызықты болғанымен, ұжымдық санамен өмір сүретін және ежелден монотеистік халық болғандықтан, сонымен қатар дәстүр-діліміз айтарлықтай соққы алған халық болғандықтан постмодернизм ұсынған плюралистік, нигилистік ұстанымдар мәдениетіміз үшін қауіпті деуге болады.
Қазақ қоғамы қадам басқан постмодерн кезеңінің алғашқы сатысы біздің еліміздің нарықтық және ақпараттық қоғамға енуімен басталды. Бұқаралық ақпарат құралдары, теледидар, кейінгі жылдары жылдам қарқынмен дамыған әлеуметтік желілер постмодерн дәуіріне тән ерекшеліктерді әкелді. Ол қалай жүзеге асты дегенге келер болсақ, постмодерн дәуірінің келуімен ақпараттық кеңістіктің қызметі де өзгере бастады, осыған байланысты құндылықтарға өзгеше көзқарас қалыптасты. Ақпараттық саланың тек қана ақпаратты жеткізумен шектелетін қызметі енді ақпараттық ойын және ақпараттық соғыс алаңына айналды. Ақпараттық "шу", қаптаған симулякрлар соның нәтижесіндегі "кімге сенеміз?" дейтін әр қазақтың көкейіндегі күмән осы постмодерннің қалдырған ізі. Тіпті кез-келген саладағы иерархияны жоюға ұмтылыс та осы кезеңнің жемісі. Қолында ғаламторға шығатын құралы бар кез-келген адам ойын жеткізе алатын, соның нәтижесінде оң немесе теріс өзгерістер орын алатын қоғам қалыптасып келеді. Сананың еркіндігі мен ашықтығы тұрғысынан қоғамға келтірер пайдасы қанша болса, зияны да соншалықты. Пайдасы – қоғамға қажетсіз стереотиптерден біртіндеп арылуға көмектессе, таразының екінші басында сан ғасырлар бойы ұлтты тәрбиелеген «ұят болады» мен «обал боладының» ажалы тұр.
Сонымен бірге осы ақпараттар ағыны жылы жүрегімізді қатайтуға әкелетін "клиптік сананы" да қалыптастырып келеді. Бастапқыда жан-жүрегіңмен қабылдаған ақпарат, бірнеше рет қайталана келе алғашқы әсерді жойып қоймай, көбінде оған бей-жай қарауға алып келетін немқұрайдылықты дарытып келеді.
Нарыққа негізделген жарнамалық дәуір құйтырқы маркетингтік қадамдар арқылы қоғамды жай ғана тұтынушы қоғамға айналдырды.
Абзал СҮЛЕЙМЕН, ақын:
Постмодернизм әдебиетте, өнерде ХХ ғасырдың екінші жартысында пайда болғанын бәріміз білетін болармыз. Модернизмнің күні батып, жаңа кезең өнер тариxының саxнасына шықты. Модернизмнің кейінгі дәуір саналғанымен, сол ағымның жалғасы емес, бөлек түсінікке құралған. Бұны әдебиеттің айналасындағы барлық адам білетін шығар, сондықтан оған ұзақ бөгелудің қажеті жоқ деп ойлаймыз. Постмодернизмнің біздің әдебиетке әсері мен оның берері туралы қазір ештеңе айта алмаймыз. Себебі бізде модернизм, содан кейінгі постмодернизм тариxы жоқ. Ал ол болуы үшін кемі жарты ғасыр уақыт керек шығар. Басқаша айтсақ, Кеңес әдебиетінен шыға алмай қалғандықтан, модернизмді аттап, бірден постмодерн қоғамға түсіп кеттік. Ендігі дамудың қай бағытта жүретінін дөп басып айта алмайтын шығармыз. Жоғарыда айтқанымыздай, оны тек уақыт көрсетеді.
Қоғамның қабылдауы мен түсінігі – басқа әңгіме. Бізде қазір оны қате түсіну мен көзге оғаш көрінгеннің бәрін постмодернизмге тели салу қаламгерлердің арасында да, әдебиеттің айналасында жүрген адамдардың арасында да «сәнге» айналған секілді көрінеді. Кеңес әдебиетінен кейін шекаралар бұзылып, батыс әдебиетінің лебін сезе бастағанда, оған қоса, ғаламтор алыстағыны жақындатып, қоғам түгел өзгере бастағанда «түсініксіз» әдебиет оқырманға үрейлі көрінді. Содан кейін түсініксіздің бәрін біз үрейлі әрі жаңа деп көруді әдет қылғандаймыз. Қоғам немесе оқырман, тіпті кейбір әдебиетшілердің өзі соның бәрін постмодернизмге, кейде модернизмге итере берді. Бұл, біріншіден, біздегі постмодернизм, модернизм түсініктерінің қалыптаспағандығынан, екіншіден, жаппай сауатсыздықтан, үшіншіден, бұрынырақ айтқанымыздай, арзан атаққа ұмтылып, «ұлттың қамын» жейтін кейбір қаламгерлердің білімсіздігінен. Ұлттық әдебиетті тар шеңберге қамай беруден көрі, әдебиет туралы білімнің шекарасын кеңейткеніміз ұлтқа да, ұрпаққа да тиімді болмақ. Егер олай болмаса, бізде әр сұxбатында бір измнің басын шалып, википедиялық ақпараттарды айтудан жалықпайтын, «аңқау xалыққа арамза молдалардың» саны арта береді де, содан кейін не әдебиет, не оқырманның санасында өнер туралы заманына сай түсінік қалыптаспайды. Оқырман басқа тілде де оқып, өзіне қажеттіні таба алады. Ал оқылмайтын әдебиет қашанда жетім. Бірақ әлгіндей қате түсініктерді өз пайдасына асырып кеткісі келетін, үрейленген xалықтың одан әрі зәресін алуға құмар қаламгерлердің де бары өкінішті. Білімді шектеуден аулақ болып, кеңістікті кеңінен ашуға жол бастай алмаса, аға буын болашақ ұрпаққа, қазақ әдебиетінің болашағына ауыр жүк артып қояды.
Айман ҚОДАР, әдебиеттанушы, «Тамыр» журналының бас редакторы:
Постмодернизм – әдебиеттің ғана емес, сонымен қатар кескіндеме, мүсін өнері, кино, архитектураның да құндылықтары мен стандарттарын қиратып, соған деңдей енген жаһандық мәдени құбылыс. «Постмодернизм» сөзінің өзі екі түрлі еуропалық тілден алынған морфемадан тұрады. Постмодерн латын тілінде post – «кейін» және французша moderne – «жаңа», «заманауи» деген мағынаны білдіреді, осылайша «Постмодернизм» ХХ ғасырдың екінші жартысында әлемнің қоғамдық өмірі мен мәдениетіндегі құрылымдық жағынан ұқсас құбылыстарды білдіретін термин. Бұл құбылыстардың мәні неде? Осы мәселе бізге аталған терминнің қолданылу тарихын түсінуге көмектеседі. И.Голованова атап өткендей, алғаш рет «постмодернизм» термині 1914 жылы Р.Панвицтің «Еуропа мәдениетіндегі дағдарыс» еңбегінде қолданылған. 1934 жылы өзінің «Испан және латын америка поэзиясының антологиясы» атты еңбегінде Ф. де Онис постмодернизмді модернизмге деген реакцияны білдіру үшін қолданады. Ал әдебиетке келер болсақ, И.Голованованың сөзінше бұл терминді алғаш рет америкалық ғалым Ихаб Хассан 1971 жылы қолданған. И.Хассанның ойынша, постмодернизм – «үнсіздік өнері, бостық, өлім, түсініксіздік, қос мағына, сөз ойыны» (АҚШ-та да постмодернизмнің отаны саналады). И.Хассан сондай-ақ постмодернизм белгілерінің қызықты әрі сенімді жіктелімін жасап шыққан, бұл туралы кейін талқылаймыз. Постмодернизмнің пайда болуының кейбір философиялық алғышарттары және оның негізгі белгілері француз ғалымы Ж.Ф.Лиотардың 1979 жылы жарияланған «Постмодерн жағдайы» атты еңбегінде жазылған. С.С.Аверницев Ж.Ф.Лиотарды саралай келе оның «постмодернизмнің басты ерекшелігі мәдениеттің нөлдік дәрежесі ретінде есептелуі тиіс электизм» деген көзқарасын алға тартады. Көркем постмодернизм алдыңғы кезеңдердің элементтерін жөн-жосықсыз келтіре берумен шектелмейді. Оның басты ерекшелігі – таңдау ойыны, «Кант түсінігіндегі жоғары эстетика», мүмкін еместі елестету, мүмкін еместі бейнелеу. Өнерге деген тұтынушылық көзқарасқа Ж.Ф.Лиотардың ойынша информатика, бұқаралық медиа ықпал етеді. Бұл жағдайда бір ғана перспектива – «тілдік сананың жалған табиғатын» түсінуге және кез келген әңгімеде ұйымдастырушы орталықтың жоқтын анықтауға мүмкіндік беретін «тіл ойындары саясатының» деконструкциясы мүмкін болады.
Біржан АХМЕР, ақын:
Бір-екілі теориялық ұстанымдар болмаса, постмодернизмнің негізгі анықтамасы жоқ. Бәлкім, сондықтан да бұл әдеби ағым қаламгер мен оқырманға қызықты болар. Адам үшін не нәрсе жұмбақ, не нәрсе күңгірт болса, ол соғұрлым ішкі жан дүниені қозғап, ерекше қызығушылық тудырады. Ағымның сұр түсті құбылысы осылайша адам санасында өрнектеліп, осылайша сіңіп кетті. Шыны керек, постмодернизм – жоқтан пайда болған теория емес, керісінше есте жоқ ескі заманда шырқалған дауыстың жаңғырығы. Бұл тұрғыда Антикалық мәдениеттің жоғары эстетикалық өнер туындыларына назар салғанымыз жөн. Сократ, Платон, Аристотель секілді ойшылдарды постмодернизмнің қайнарынан сусындаған қаламгерлерге жатқызар едім. Себебі олар ғаламға тобырдың көзімен емес, көкіректегі «меннің» көзімен қарады. Осылайша, ойдың ішінде адасу процесі адам баласын одан әрмен тереңдете түсті. Түнектен түскен сәулені көрсе, табына бас ұратын жандар емес, түнектің өзінен сұлулық іздейтін мезеттер болғанын аңғарамыз. Осыдан мифология мен философияның таңғажайып иірімдері қосылған әуелгі әдеби кеңістік қайта түрленіп, жаңаша сипат алды. Сол «еркінсінуді» біз постмодернизм деп жүрміз.
– Бізде постмодернистік әдебиет бар ма? Постмодернистік шығарманың басты ерекшелігі не? Біздің қаламгерлер мен сыншылар санасында постмодернистік ұғымның өлшемі қандай?
Гүлмира СӘУЛЕМБЕК, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызыметкері:
Постмодернизм бағытының қазақ әдебиетіндегі көрінісі тенденциялық әрі модернизмнен еншісін толықтай ала қоймаған аралық сипатта. Олай болуы заңды да. Бізге постмодернизмнен бұрын оның елесі алдымен келді ғой деймін. Себебі қоғам постмодерн дәуірінің мәнін сезінбей тұрып алдымен әдебиетте көркем шығармалар жазылды.
Постмодернистік шығармалардың басты шарттарына автордың «Меніне» күмәнмен қарау, автордан мәтінді жоғары қою (Р.Барт «Смерть автора», М.Фуко «Что такое автор»), аласапыран (хаос) дүниеден мән-мағына іздеуден бас тарту және мән-мағына іздеуге пародия жасау, шығарманы ойын түрінде беру т.б. жатады. Ал постмодернистік мәтін тудырудағы басты құралдар ретінде интертекстуалдылық, стильдік көпқабаттылық, метапроза, ирония, оқырманмен ойын, диалогтылық, көркемдік тұтастықтың болмауы т.б. секілді ұғымдарды атай аламыз.
Жалпы постмодернизм жайлы жазылған еңбектерді сараласақ, әркімнің өз постмодернизмі бар, постмодернизм жайлы түсініктері де әрқилы. Постмодернизмнің отандық әдебиетке қадам басуынан-ақ, әлемдік әдеби мұралармен таныс оқырман мен әдебиет сыншыларының пікірі екіге жарылды. Қазақстанда осы бағыт туралы алғашқы зерттеулерге мұрындық болған және өзі де осы бағытты зерттеумен айналысқан Б.Майтанов, сонымен қатар Ә.Бөпежанова, Л.Сафронова сынды зерттеушілер легі бұл бағыттың әдебиетімізге енуін қолдап бірнеше уәж айтады. Негізгілері тек бір бағыттың шылауында қалмай, әлемдік әдеби үдеріске ілесіп отыру қажеттігіне саяды. Тиісінше ондағы тәжірибелерді әдебиетіміздің материалында сынау тоқырап қалған әдебиеттің тамырына қан жүгіртеді дегенді айтады. Сондай-ақ ұшқыр ғаламтор заманында оқырманды тартудың әдіс-айласын қарастыру керектігін және оның постмодернизмнен табылатындығын алға тартады. Профессор Б.Майтанов оның эстетикасын сүзгіден өткізе қабылдауды ұсынды. Расымен де постмодернизам бұқаралық пен элитарлық әдебиет арасына теңдік қойғанымен, өзінің көпқабатты стилистикасы арқылы, интертекске негізделген табиғаты арқылы терең білімді талап ететін интелектуалды әдебиет. Мәтіннің қабаттарын айқындай алу, мәтіннің берерін сарқа түсіну, түйсіну үшін терең білім де қажет. Осы ерекшелікті Умберто Эко, Харуки Мураками прозасын талдау арқылы көз жеткізген ғалым, бұл әдебиет ұлттық әдебиетіміздің бір бөлшегі ретінде өмір сүруге лайықты деген қорытындыға келеді. Әдебиеттанушылар тарапынан Д.Ысқақ, Г.Пірәлі, Қ.Жанұзақова сынды ғалымдар, Д.Исабеков, Н.Ақыш секілді т.б. жазушылар бастаған екінші тараптың да байсалды уәжі бар. Оған себеп осы тәжірибелердің түбі қауіпті ойынға айналады деген қорқыныш болса керек. Таразының бұл басындағылар постмодернизмді әдебиеттің ғасырлар бойғы жинақтаған көркемдік тәжірибелерін мансұқ ететін, діліміз бен дінімізді жоққа шығарушы, рухани құндылықтарды аяқасты ететін, ұлт ретінде жойылуға апаратын бірден-бір ғаламданудың құрған «қақпаны» деп біледі.
Абзал СҮЛЕЙМЕН, ақын:
Толыққанды постмодернистік шығарма бар ма, жоқ па білмеймін. Ал жалпы әдебиетімізге ол кірігіп үлгермеді. Постмодернистік қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін де оның элементтері шығармаларда кездесіп жататыны заңдылық. Дегенмен міндетті түрде постмодернистік шығарма жазылуы шарт емес. Поэзиямыздағы өзгерістер әдебиетімізді дамуға итермелейді деп сенеміз. Ондағы элементтер жүйелене түсіп, көлемді дүниелерге айналса, ұлттық әдебиетіміздің де салмағы арта түспек. Бұл жерде әдебиетіміз бен мәдениетімізге оның еш зияны тимесі анық. Постмодернизм - ол жазу тәсілі емес, эстетика мен танымның өзгеруі. Соған сай формалық, жүйелік жаңа кеңістікке бет алу деп түсінгеміз дұрыс секілді. Әдебиеттің түрлене түсуі, айтар ойдың да тереңдеуіне, жеткізу тәсілдерінің де сан алуандығына сеп болмақ. Оны өз әдебиетімізде қолдану, төл өнеріміздің тариxын кеңейте түседі. Сондықтан одан үркудің еш себебі жоқ. Қазіргі сын мен ұғымға келсек, зерттеулер мен ғылыми еңбектердің аздығына қынжыламыз. Бар болса да, көзге көрінбейді, мардымсыз. Бұл ағымның толыққанды, жан-жақты зерттелуі біздің әдебиеттің жаңа бір деңгейге шығуына қозғаушы күш болар еді. Қаламгерлер мен сыншылардың санасындағы ұғымның өлшемі қандай деген сұраққа төбеден түскендей жауап бере салуға болмас. Әр адамның ой деңгейін өлшеуден аулақпыз. Әдебиетке ортақ түсініктерді әр әдебиетші білуі тиіс деп ойлаймын.
Айман ҚОДАР, әдебиеттанушы, «Тамыр» журналының бас редакторы:
Әрине, бізде постмодернистік әдебиет бар. Бірақ ол бірден пайда болмағанын түсіну үшін және оны жасау үшін алдымен аталған ағымның пайда болуына түрткі болған философтардың негізгі философиялық еңбектерімен танысу керек. Бізге постмодернизм осы мәтіндермен хабары бар адамдар мен осы жанрда қалам тартқан авторлар арқылы жетті. Филолог Людмила Сафронованың қазақ және орыс әдебиетіндегі постмодернизм тақырыбында көптеген еңбектері бар. Егер біз авторлар туралы айтатын болсақ, онда біз поэзия мен прозаны ажыратуға тиіспіз. Дегенмен, бәрібірде, әлдене оларды жақындата түсері сөзсіз. Мысалы, мен үшін Әуезхан Қодар мен Орал Арукенова постмодернистік проза, ал Ануар Дуйсенбинов, Рамиль Ниязов, Тілек Ырысбек постмодеристік поэзия жазады. Біздің қоғам орыс тілді және қазақ тілді болып екіге бөлінгенін ескеретін болсақ осы тұрғыда Әуезхан Қодар секілді түрлі жанрда, екі тілде қатар қалам тербеген авторлардың аз екенін түсінгеніміз дұрыс. Дегенмен бізде постмодернизм бар, оның біздің қоғамда жаңа ағым ретінде атала бастауының өзі оны бар етеді. Егер бұрындары біздің қоғамда постмодернизмге үрке қарап, үлкен өнер деп есептемеген болса, қазір керісінше, верлибр рифмалық және ұйқасты өлеңдерге қарағанда танымал бола бастады. Ал модернистік мәтіндер постмодернистердің мәтіндерінен гөрі интеллектуалды болып саналмайды. Осылайша, постмодернизм жоғары интеллектуалдық элитаризм мен сөзшеңдікті біріктіреді, әрі бұл оны «кең таралған және қол жетімді» етеді. Модернистік әдебиеттер тек зияткер ортаға түсінікті болса, ал постмодернизм қарапайымды күрделендіріп және күрделі мәтіндерді тудыратын барлық кедергілерді жеңілдетеді. Белгілеудің үлкен семантикалық спектрі постмодернизм мәтінін көп деңгейлі кодтық құрылымға айналдырып, постмодернизм өнерінің «екі адрестік» табиғатын анықтайтын көптеген түсіндірулердің көптігін болжайды, және әрбір оқырман өзінің «интеллектуалды барымтаға» байланысты белгілі бір белгілерді оқи алады. Тек көпшілік оқырман өз бетінше жүрсе, ал белгілі бір мәдени және тарихи кодтарды білетін адам осы ойыннан нағыз зияткерлік ләззат ала алады.
Біржан АХМЕР, ақын:
Жалпы, өлеңнің табиғатында форма, стиль, ұйқас ұғымдары белгілі бір орын алады десек те, шын мәнінде, бұлар – тек ішкі бұлқынысты, шексіз идеяны жеткізудің бір жолы ғана. Ал басты гәп – туындының «өлең» немесе «өлең емесінде». Кейде мен қара өлеңнен де модерндік оқшау ойларды байқаймын. Бұл бояулар мені таңырқатпай қоймайды. Мәселен, мына жолдарға назар салып көрейік: «Сұм өмір – абақты ғой саналыға» (М.Жұмабайұлы), «...Қаңбақ-күндер келмеске домалаған» (Т.Әбдікәкімұлы), «Сан мың жұлдыз кезіп жүр Түнгі Ми ішін» (С.Рахметұлы) т.с.с. ұзағынан жалғастыруға болады. Өн-бойына ілкі сезімдерді жасырып, оқырманды өзінің тылсым «тұманына» жетелейтін шығармалар – түс пен өң арасындағы беймәлім сәт. Оны толық сезінуге ой азаттығы мен тыныштық керек..
Меніңше, шын өнерде ұлт жоқ. Философ А.Шопенгауэр, жазушы Х.Л.Борхес, суретші С.Далидің және ақын Ш.Құдайбердіұлының мен үшін айырмашылығы шамалы. Мұндағы мәселе – ұлттық әдебиеттің әлемдегі орнында емес, жоғары эстетиканың қалайша жарық көруінде.
– Постмодернизм, постмодерн, постмодернитидің басты айырмашылықтары неде? Әдебиеттегі структурализм мен постструктуралистік әдеби тәсілдерге қазақ әдебиетінде қандай шығармалардан қандай мысалдарды келтіре аласыз? Қазақ әдебиеті, қазақ қаламгері бұл ағымдармен қаншалықты таныс?
Гүлмира СӘУЛЕМБЕК, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызыметкері:
Адамзат тарихы бірінен соң бірі алмасып келіп отыратын біршама мәдени дәуірлерді бастан кешіргені мәлім. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін келіп, күні бүгінге дейін ұласып отырған сол кезеңдердің бір толқыны постмодерн немесе постмодернити деген атауға ие болды. Постмодерн – өзіне дейінгі мәдениеттер ұсынған «ұлы идеялардың» күйреуінен жалыққан, тоталитаризмге, белгілі бір идеологияның басымдығына түбегейлі қарсы шыққан мәдениет. Қалыптасқан постмодерндік мәдениеттен жекелеген салалардағы бағыт атауын қамтыған постмодернизм ұғымы пайда болды. Жаһандық «мәдениеттің соңы» деп қарастырылатын постмодернизм өнер салаларының барлығында (әдебиетте, музыкада, көркемсурет, сәулет, мүсін және т.б.) көрініс беріп отырған құбылыс.
Структурализм және постструктурализм әдебиеттің тәсілі емес, әдебиетті зерттеудің әдісі. Сұрақ сәл басқаша қойылуы керек пе еді...
Қазақ әдебиетінде, зерттеушілер, қаламгерлер, оқырмандар арасында әлі күнге қызу талқыға түсіп жатқанына қарамастан бұл ағым-бағыттарды толықтай пайымдап, зерттеу әдістерін толық меңгергендер көп дей алмаймыз. "Толық" дегенді бекерге айтып отырған жоқпыз. Себебі постмодернизм әдебиетке қадам басқанда манифесін айта келген бағыт емес-тін. Постмодерндік ахуалды кім қалай сезінді, солай жазды. Бірі интертексті, бірі шизофрениялық дискурсты, бірі иронияны, пастишті постмодернизм деді. Осылардың бәрін жинақтай келгенде барлығына ортақ нәрсе – құрылымның бұзылуы мен қайта құрылымдау. Қазақ әдебиетінде бұл бағытта көркемдік тұтастықтың болмайтыны, "автордың өлімі" концепциясына сүйенетіні т.б. секілді постмодернизм эстетикасына қатысты біршама түсінік қалыптасты деуге болады. Бірақ осы әрбір терминнің сыртында философия, лингвистика, психология, өнер т.б. салаларымен шектесетін үлкен тұжырымдамалар тұр. Мұны әрі әдебиеттанушылықты, әрі жазушылықты қатар алып жүрген бірді-екілі қаламгерлер ғана толықтай пайымдай алуы мүмкін.
Абзал СҮЛЕЙМЕН, ақын:
Постмодернизм – постмодерн қоғамның өнерде көрініс беруі, ағым теориясы. Постмодерн – кезең, постмодернити – постмодернистік қоғам. Структурализм мен постструктурализмді тәсіл дегеннен көрі, көзқарас пен таным өзгерісі деп айтуға болатын шығар. Бірі құрылым арқылы түсінік беруге тырысса, екіншісі оған сын ретінде пайда болған ағымдар. Әдебиеттегі көрінісіне келсек, оны жоғарыда айтып өткен сияқтымын. Терминдер мен теорияларға анықтама жазу – құдды емтиxанда отырғандай күйге түсіреді екен.
Айман ҚОДАР, әдебиеттанушы, «Тамыр» журналының бас редакторы:
Лиотарша постмодернизм бұл модерннің орнын басатын жаңа стиль емес, сезімталдықтың белгілі бір түрі, ал заманауи әдебиетшілердің ойынша, постмодернизм – өзінің нигилистік ерекшелігіне байланысты әр күн сайын әр шығармада өз-өзін жейтін суидцидтік жанр. Біз ғалымдар көптеген жылдар бойы постмодернизм құбылысына бей-жай қарамайтынын және екіұшты ойда екендерін байқаймыз, сондықтан ғылымда екі қарама-қайшы көзқарас бар. Біріншісін постмодернизмді мәдениет пен өркениеттің дағдарысы салдарынан дамуға серпін беруде ХХ ғасырдың ортасында пайда болған тарихи құбылыс ретінде қарастыратын көпшілік ұстанады, басқалары – оны транстарихи яғни кез келген дағдарыс дәуірінде туатын құбылыс деп есептейді (бұл жағдайда дағдарыстан шығудың әмбебап факторы ретінде постмодернизмнің типологиялық параметрлерімен мәдениет қалыптасады). Соңғы көзқарасты У.Эко «Қызыл Раушан жазбалары» атты еңбегінде жазып, кез келген дәуірдің өз постмодернизмі бар деп түйіндейді. Бірақ У.Эконың пікірінше де постмодернизм тарихтан тыс бола алмайды, иә ол тарихтың кезеңдеріне, стиліне, философиясына тарихтан тыс қатынас жасайтындай көрінеді, десе де оларды шынайы қабылдамай, белгілі бір көзқарас сезініп, тәжірибе жасап, араластырып, күлкіге айналдырады. Бірақ классикалық әдебиеттануда У.Эконың тұжырымына қарамастан, постмодернизм транстарихи құбылыс емес, тарихи құбылыс ретінде қарастырылады. Голованова «Постмодерн дәуірінің философиясы тоталитаризмге қарсы, әлбетте тоталитарлық жүйе құндылықтарының ұзақ уақыт салтанат құруына табиғи реакция саналады. Постмодерн мәдениеті кез келген жағымды ақиқатқа күмәнданудан жасақталды. Оған адам білімінің табиғаты туралы позитивті ойларды жою, білімнің әртүрлі салалары арасындағы шекараларды бұзу тән. Әлемнің шексіздігі талқылаулардың шексіз жалғасы іспетті дей келе постмодерн көпжақты интерпретация принципін жариялайды» деп тұжырымдайды.
Егер постмодернизм жанрындағы шығармалар туралы айтатын болсақ, олардың саны көбей бастады. Мәселен, Әуезхан Қодардың «Порог Невозврата» атты шығармасы – бұл қазақ постмодернизмінің бесігі. Онда мінез-құлық, терең интертекс, және (өзіндік) пародия, ирония, өткен мәдениеттің элементтерін қайта қарастыру, мәтінді көп деңгейде ұйымдастыру, Кэролл заманынан белгілі ойын техникалары, әрі оқырманмен ортақ шығармашылық принципі, сондай-ақ белгісіздік, қателіктер, фрагмент культі, монтаж принципі (тамыр принципі), жанрлық және стильдік синкретизм, театрлық, бұқарамен жұмыс, «екі ретті кодтау» әдісі, тіпті «автор бетпердесі» құбылысы бар. Сонымен қатар бірқатар кейіпкерлерінде Ж.Лиотар анықтаған постмодернизмдік сезім байқалады, ол ақиқатқа байланысты эпистемологиялық сенімсіздікке, көпжақты интерпретацияға құрылған. Дәл осы жанрда шығармашылық жасаған жалғыз Әуезхан Қодар ғана емес, тағы басқа жазушылар, ақындар, суретшілер, мүсіншілер бар. Бұл сипаттарды табу үшін олардың шығармашылығына терең сүңгу керек.
Біржан АХМЕР, ақын:
Қысқасы, постмодернизм де ескірді.
– Постмодернизм ағымын жаппай терістеудің немесе оны түсіндіруге тырысудың түпкі мәні оны түсінбеуден туады, ал оны түсіну постфилософиялық сауал деген пікірге көзқарасыңыз қандай?
Гүлмира СӘУЛЕМБЕК, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызыметкері:
Постмодернизм бағытын жаппай терістеу де, оны түсіндіруге тырысу да оның мәнін түсінбеуден туады деп біржақты айтуға болмайды. Постмодернизмнің мәнін барынша түсініп талдап, барынша қолдайтындар да, мүлде қабылдамайтындар да бар. Мұндай шоғыр азшылық екенін мойындаймыз. Керісінше, оның пайда-зарарының неде екенінен бейхабар, үстірт аннан-мұннан оқығанын, естігенін құрап пікір айтушылар көп.
Абзал СҮЛЕЙМЕН, ақын:
Постмодернизмді түсіндіруге болмайды деп кесіп айтуға болмайтын секілді. Егер ол түсініксіз, бар жоғы белгісіз, ауада қалқып қана жүрген болса, ол туралы ғылыми еңбектер, мақалалар мен зерттеулердің барлығы дерлік қоқыс жәшігіне тасталуы тиіс дегенге сай келетін еді. Түсіндіруге болады. Бірақ оны жік-жігімен ажыратып, қоғамдағы, поп-мәдениеттегі, өнердегі көрінісін анықтап беру керек. Модернизм – руxани өзгеріске ұшыраған, «жоғалған» әлемнен мән іздеуге тырысса, постмодернизм – сол әлемнің мәнсіздігін көрсетеді. Модерн қоғам өмірі аяқталғанда пайда болған заманауи қоғамның сипатты жоқ деп айту - өзімізді жоққа шығарумен тең.
Айман ҚОДАР, әдебиеттанушы, «Тамыр» журналының бас редакторы:
Менің ойымша, авангардтың аяқталуы стильдің аяқталуын ғана емес, сонымен бірге бүкіл дәуірдің аяқталуын және жаңа технологиялардың арқасында күн сайын күрделене түсетін әлемді жаңа түсіндіруді қажет ететін жаңа – постиндустриалды немесе ақпараттық дәуірдің басталуын білдіреді. Сондықтан подстмодернизмнің мәнін С.С.Аверинцев революциядан кейінгі 50-жылдардың аяғында мәдени ландшафтың тым танымал белгілеріне айналған стандарттау, бірігу, еліктеу, ұғынықсыздық негізінде постмодернизмнен кейінгі идеологиялық және эстетикалық плюрализмнің пайда болғандығын ескере отырып анықтайды. Әрине, бұл әмбебап нормалар жоқ, салыстырмалы жауап болды. Сонымен қатар, мұндай реакция жалпы ХХ ғасырға тән ойлау дағдарысының, қауіпті сезінудің, адамзаттың өзін-өзі құртудың, әмбебаптылық пен әлемдік үстемдікті талап ететін моноцентрлік идеялардың сипаттамаларының нәтижесі болды.
Постмодернистік ойлау бұған дейінгі дүниетанымдық жүйелерге принципті түрде антиирархиялық болып табылады және дүниетаным тұтастығы идеясына қарсы келеді. Постмодернизм өнердің қабілеттілігін мен абсолютті ақиқатты білдірудің негізгі қабілетін жоққа шығарады.
С.С. Аверинцев атап өткендей, көптеген зерттеушілердің пікірі постмодернизмнің плюрализм, алогизм, адогматизм, алғашқы символдың жоқтығы, өткен мәдени құндылықтарға деген шексіз ирония сынды дефиницияларында бір ортада түйіседі. Постмодернизмде орталық пен шеткері, әдемі және жағымсыз, жоғары және төмен, элиталық және бұқаралық мәдениет арасындағы қарама-қайшылық өзінің мағынасын жоғалтады. Яғни бір-бірінсіз мүмкін болмайтын, бір-бірін жасап, бір-бірінде еритін бинарлы қарама-қайшылықтар бүтіннің ажырамас бөліктері ретінде қабылданады.
Біржан АХМЕР, ақын:
Бәйгеден қара үзіп келетін сәйгүлікті алдын-ала болжау үшін біз сұңғыла сыншылдық пен сол табиғатқа, жануарға, тұтастай дала мәдениетіне жақын болуымыз шарт. Сол секілді шын өлеңді сезіну үшін де бізге аса жоғары талғам қажет. Сіздің сауалыңыздағы түйткіл – осы мәселенің атмосферасын байқатады. Егер оқырман ең алдымен сөздің табиғатын аңғара білсе, сыншыл түйсігі болса, онда ешкімге ештеңені түсіндірудің мәні болмайды.
– Белгілі философ Бекет Нұржановтың «Постмодернизмді түсіндіруге талпынған кез келген әрекет оны модернизмге айналдырады» деген пікірімен келісер ме едіңіз?
Гүлмира СӘУЛЕМБЕК, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызыметкері:
Белгілі дәрежеде бұл пікірмен келісуге болады. Себебі жоғарыда айтқанымдай, бізге постмодернизмнің пәлсапасынан бұрын эстетикасы жетті. Көпшілік зерттеушілер постмодерн дәуірінің барлық сипатын бастан кешірмеген, пәлсапасын меңгермеген, басқа кеңістік пен басқа уақытта өмір сүрген ғалымдар болды. Бұл посткеңестік кеңістіктегі, Қазақстандағы зерттеулерге қатысты айтылған пікір. Ал жалпы постмодернизм жайлы пікір айтып, еңбек арнаған ғалымдардың көпшілігі өздерін постмодернист санамайды. Б.Нұржанов мұны айқын аңғарып, дұрыс баға берген. Ғалымдардың арақашықтық ұстап, сырттай баға беруге тырысқандығы зерттеудің нәтижесіне үлкен әсерін тигізген. Мысалы, «Русский постмодернизм» деген еңбек жазып, әдебиеттегі постмодернизмді түсіндіруге тырысқан М.Липовецкий «Парология» деген еңбегінде «мүмкін постмодернизм әлі де жалғасып жатқан модернизмнің бір тармағы шығар» деген қызық тұжырымға келеді.
Ал осы ойдың дәлелін көркемдік тұрғыдан қарастырсақ Төлен Әбдіктің «Парасат майданын» атауға болады. Бұл шығарма постмодернизмді пайымдауға арналған модернистік шығарма дер едім.
Абзал СҮЛЕЙМЕН, ақын:
Бекет Нұржановтың «Модерн. Постмодерн. Мәдениет» кітабымен таныспын. Біздегі санаулы еңбектің бірі. Қазіргі біздің жағдайымызда бұл кітап құрметке лайық әрі осы секілді еңбектер керек. Жоғарыда айтқанымыздай, постмодернизм – модернизмнің жалғасы емес, жаңа бағыт, жаңа ағым. Ол модернизм танымын, түсінігін қолдамайды. Мәнсіздік, жанрлардың қосылуы, қара юмор, ирония – осы қоғамдағы барлық нәрседен мән іздеуден көрі, өзіне күлу, өзін мазақ қылудан тұрады.
Айман ҚОДАР, әдебиеттанушы, «Тамыр» журналының бас редакторы:
Бұл өте қызық мәтін. Бекет Нұржанов – Қазақстандағы постмодернизмнің негізін қалаушы. Ол және оның постмодерндік үйірмесі біздің мәдениетіміздің дамуына үлкен үлес қосты. Бекет Нұржанов Бодрийар, Делөз, Дерриданың еңбектерін аударды. Бұл уақытылы және қажет шағында аударылды, себебі белгілі бір жанрда жұмыс жасау үшін оның философиялық негізін түсіну қажет қой. Оның тек аудармада ғана емес, сонымен қатар постмодерндік мәтіндерге пікір беруінде, олардың герменевтикалық талдауларын жасауының арқасында бұл құбылысқа қатысты көзқарасымыз пайда болды. Постмодернизмді бір сөзбен я сөйлеммен түсіндіру мүмкін емес. Бұл ағысқа еніп, сол сезімді ұзақ бастан кешіру де керек, оның өзінде постмодернизмге тән барлық қасиеттерді толық ашасыз дегенге кепілдік жоқ. Осы себепті мен Бекет Ғалымжанұлымен келісемін.
Біржан АХМЕР, ақын:
Постмодернизм ағымының дәуірі XX ғасырдың соңында шырқау шегіне жетті. Ол туралы өнердің әр саласынан көптеген модернист қаламгерлер, суретшілер, мүсіншілер мен сәулет өнерінің майталмандары айтып, жазып, артына өшпес мұра қалдырды. Сөйте тұра, бізде бұл үрдіс жаңа пайда болған идея секілді көрінеді. Ал қазіргі таңда Еуропа елдері мәдениет пен әдебиеттің өзге, жаңа толқындарын сіңіруде.
Бөлісу: