Торғынның «Арашасы»
Бөлісу:
Жас жазушы Торғын Жолдасбекқызының шығармашылығы туралы алғаш рет қаламгер Аягүл Мантайдың әлеуметтік желідегі жазбасы арқылы білдім. Арада біраз уақыт өткен соң, логотерапия ғылымын зерттеуші Санжар Керімбай инстаграм парақшасындағы сұқбатында Торғын Қалелованың өмірге құштарлығы мен шығармашылығын үлгі етті. Қызуғышылығым артып, Торғын әпкемізге «Арашаны» астанада қай жерден алуға болады деп хат жолдадым. Бір аптадан соң кітап қолыма тиді.
Торғын Жолдасбекқызы Қалелова 1985 жылы Алматы облысында дүниеге келген. «Кеш қалма», «Араша» кітаптарының авторы. Жазушының «Араша» кітабына енген «Сөз», «Қоқыс» атты туындылары Брюссельде өткен 8-ші Open Eurasian Literary Festival&Book Forum – 2019 фестивалінде «Кіші проза» бойынша 1-ші орынға ие болды.
Автордың «Араша» кітабына «Сөз» атты повесі және әңгімелері топтастырылған. «Сөз» повесінің мазмұны сөздің киесі мен құдіретіне арналады. Басты кейіпкер – Ажардың өмір жолы оқырманды бейжай қалдырмайды. Ажар ашаршылық, соғыс сияқты қиын-қыстау замандар мен тәуелсіздікке дейінгі кезеңдерді көзімен көрген, еш қиындыққа мойымаған ер мінезді әйел. Оның қайтпас қайсар рухы бүгінгі қоғамға өнеге. Халқымыз бағзыдан сөздің қасиетіне, магиясына ерекше мән берген. «Атадан қарғыс алма, алғыс ал», «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ел көгереді» деген сөздер соның айқын дәлелі. Бұл шығарманың негізгі түйіні – адам баласының жойқын қаруы сөздің қуаты мен оған деген сенімнің тағдырға әсер етуі жайында.
Торғын Жолдасбекқызының прозалық туындыларының басты құндылығы – шынайылығында. Бұның басты себебі – автор өз басынан өткен оқиғаларды, сезімдерді қағаз бетіне түсірген. Әсіресе, «Араша», «Таңдау», «Менің таңдауым», «Қоқыс», «Тағы араша жайлы» әңгімелерінің оқырманға берері көп.
Қоғам рухани дағдарыстан құтылмай, жүрек көзін ашпай алға қадам басуы мүмкін емес. Бұл орайда автордың әңгімелеріндегі мағыналы ойлар санаға төңкеріс жасайды, жігерлендіреді, ертеңгі күнге сенім сыйлайды.
«Араша» жинағындағы көркем прозаның үлгілерін оқу барасында оқырман ойланып, ішкі әлеміне үңіледі. Сол себептен бұл туындаларды қазіргі интеллектуалды әдебиеттің қатарына жатқызуға әбден болады. «Өмірде жазылмайтын тән ауруы болмайды. Өкініштісі, еш айықпас рух кеселі кездеседі» деген «Арашаның» үзіндісінен-ақ терең философиялық пайым аңғарылады.
Гүлсезім Әділбекқызы,
әдебиетші
Бөлісу: