Әлішер Рахаттың «қара мысығы», символ және жалғыздық

Бөлісу:

14.08.2020 3798

Жазушы Әлішер Рахат «Қара мысықтың қожайыны» әңгімесінде қала тұрғындарының образын жасайды. Бұл – жинақталып, дараланған бейнелер. Сондықтан көп емес, небәрі екеу. Екеуіне ортақ белгілер – оқшаулану, күйзеліс, немқұрайлылық. Қоршаған ортамен әрекетке, тіл табысуға деген ұмтылыс екеуінен де байқалмайды.

Бас кейіпкердің аты жоқ, автор оны «қожайын» деп алады. Әйелімен айрылысқан қырықтарға келіп қалған жігіт. Қара мысығымен жалғыз тұрады. Жалға беріп қойған екінші пәтері де бар. Демек, ол тек қара мысықтың ғана қожайыны емес, пәтердің де қожайыны. Сондықтан, бұл заманда пәтер проблемасы шешілмеген екінің бірі бетпе-бет келетін пәтер қожайындарының жинақталып, дараланған бейнесі екенін байқау қиын емес. Бірақ «өз өмірінің қожайыны» ма? Мәселе осында...

Қалалықтардың тұрмыс салтының неғұрлым жанға жайлы, оңтайлы жағы о бастан қалыптастырылғаны белгілі, олардың негізгі ұмтылысы – өзара коммуникацияны жолға қою мен қаржылық мәселелерін шешу. Мұндағы пәтер – жабық кеңістік, бұл әңгімеде адамды оқшаулау арқылы күйзеліске, деградацияға ұшырататын бір қайтарымсыз құбылыстың метафорасы іспетті. Автор көп қабатты үй тұрғындарының барлық тұрмыс-тіршілігін сол ұядай жерге қамалған қара мысық арқылы беруді ойға алғандай:

«Қара мысықтың ермек үшін «ойнай» тұратын тышқандары жоқ. Жұмыссыз. Өмірдің бейқам бір толқынындағы жануардың жүрісі де, тұрысы да, баяу. Маңғаздана аяғын айқастыра басып екі бөлмелі пәтердің ішін аралап жүреді де, қояды. Есінеп, қалғып-мүлгіп...»;

Немесе:

«Әдеттегіше, қожайын сол есіктен шыққан сайын шырт-шырт еткен дыбыс естілді. Мысық егесін шығарып салған соң, екі-үш мәрте терезеге секіріп, жақтауына әрең ілінеді де, қалаға қарап отырды».

Сапырылысқан қала өмірі мен жетінші қабаттағы пәтерде жетімсіреген қара мысықтың параллель суреттелуінде мән бар. Қара мысық өзінің жыртқыштық болмысын ұмытқан, адамның да жоғалтқаны аз емес. Әлдеқайда асыққан нөпірді автор «анасының жатырынан қашып шығып, табытқа асыққан пенделер» деп суреттейді.

Мысығын сипалап отырған қожайынның әрекетінен үй жануарына деген мейірім байқалмайды, көбінесе өзімен-өзі. Қоршаған ортадан жетіп жататын ақпарат, дыбыстардан да өзін оқшаулап тастауға үйренген: естігісі келмегенді «естімейді», ойлағысы келмейтінді «ойламайды», немесе кейінге қалдырады. Кешкі ас кезінде ғана ойлары «құмырстадай құжынайтыны» бар.

Қайнаған қала өміріне немқұрайлы қарайтын қожайын жалға берген пәтеріне келгенде, өзгеріп сала береді. Оны пәтер жалдаушы қыздың толқытқаны сонша: «тәніне жабысып қалған қызыл халаты, үрленіп алған кеудесіндегі кішкентай екі нүкте, иығынан сәл асатын ұйысып қалған сары дымқыл шашы», тіпті «сап-сары мойнының желке тұсындағы кеуіп үлгерген майда-майда балапан шаштары» назарынан тыс қалмайды.

Алайда қыз жігітке тым немқұрайлы. Ал жігіттің бұл қызығушылығын махаббатқа жетелейтін сезіммен шатастыруға мүлдем келмейді. Оның есін алған ішкі желігі көру, естуі арқылы ғана емес, иіс сезуі арқылы да өткірленіп, тұсау салуға келмейтін сезімдерін қоздырғанда, жігітте: «бұл қыз да үйдегі қара мысығымдай меншігім болғанда ғой» деген ой жылт етіп жоғалғандай. Ол қыздың да «қожайыны» болуды бейсаналы түрде аңсайтындай.

Жуынатын бөлмедегі құбырды жөндеуге келген қожайын, әлгінің неге сынғанын қасында жатқан түйілген дымқыл сары шарфты байқағанда бірден түсінеді. Ішкі желігі маза бермей, түн ішінде ұрланып қыздың пәтеріне келгенде, есікті өз кілтімен ашпас бұрын «қыз асылып тұрған жоқ па екен» деген ой жылт етеді. Ұйқыдағы қыздың үстіне төнгенде, бойжеткен қарсылық көрсетсе, «өлтіре салып, өзі асылғандай жасауыма болады» деген ой да қылаң береді.

Автор пәтер – жабық кеңістік метафорасын ортамен қарым-қатынастан шектеліп, өз ішкі жабық кеңістігінің тұтқыны болған адам психологиясын жалаңаш күйде, шебер суреттей алған. Сонысымен мақсатына жеткен.

Жазушы пәтер қожайыны мен жалға алушы екеуінің бетпе-бет кездесуінде «көз – айна» деген метафораны қолданады. Шынында да, екеуінің жалғыздығы бір-біріне шағылысқан айнадан бір кем емес. Бірақ жан баласын жатырқау мен күйзелістің құрдымына батқаны сонша, қыз бен жігіт бірін-бірі «байқамайды».

Жігіт пен бұрынғы әйелінің өмірі есік алдында отырған кемпірлердің бір-бірімен диалогынан-ақ ашылады: «-Иә, осының әйелі. /-Әйелінің жүзі жылы, әп-әдемі еді ғой». Кешкі ас кезінде осы сөздерді есіне түсірген жігіт өткен өмірінің нақты детальдарын еске түсіруі арқылы толықтырылады.

Әңгімеде өмірге құштар жалғыз кейіпкер бар. Ол – қожайынның бұрынғы әйелі. Ана бақытын сезіну үшін күйеуінің көзіне шөп салған. Жылап тұрып қожайыннан бас бостандығын сұраған. Ал бұрынғы әйелінің бақытты болуға деген ұмтылысы қожайынға деген адалдығынан да, некеден де басым түседі. Бақытты болғысы келетін адамдардың өзі сол жолда қаншама адамды бақытсыз етеді дегенді тұспалдайтын тәрізді.

Автор эпитет ретінде «қара» түсті басқаларына қарағанда молырақ қолданады: қара мысық; «қара жемпірін, қара туфлиін киді»; «баспалдаққа қара туфлиі тиді», «санасының қара қалтасына сала салды», т.б.

Ал пәтер жалдаушы қыздың кеңістігін керісінше сары, қызыл, көк түстермен «бояйды». Бірақ бұл бойжеткенді өзіне қол салуға әрекеттенуінен арашалап ала алмайтын секілді.

Қожайын бір сәтке нәпсінің құлына айналған әрекетін «шок» алу арқылы түсінгенде, шыққан көз жасы туындайтын көп сұрақтың жауабы іспетті.

Жазушының өзіне тән жазу стилі бірден көңіл аудартады. Шығарманың көркемдік деңгейі де бағалауға тұрарлық. Әлішер Рахаттың әңгімелерінен оның болашағынан үлкен үміт күттіретін талант иесі екенін байқау қиын емес.

Анар Кабдуллина,

әдебиет сыншысы

Бөлісу:

Көп оқылғандар