Бейсенбінің күй хикаялары
Бөлісу:
«ТӨРТ БИДІҢ КЕҢЕСІ» КҮЙІ
Бейсенбі ХІХ ғасырдағы Алтайдағы керейдің атақты төрт биінің бірі болған адам. Ол билік басына мұрагерлік жолымен емес, өз ақыл-парасатымен, әділдігімен, ел-жұртты айрандай ұйытқан шешен, шежірелілігімен келген адам. Сондықтан да оны бүгінгі күні ХІХ ғасырдағы мемлекет және қоғам қайраткері деп ұлықтап келеміз. ХVIII ғасырдың соңына ала керей руын Әбілпейіз ханның тұқымы Көгедай төре билеп келгені белгілі. Көгедай өмірден озған соң орнына Ажы төре билік құрады. Бұл тұста керейдің малы да жан бас саны да өсіп төменгі Алтайдан өр Алтайға дейін ен жайлап, еркін қоныстана бастаған. Сол кездегі санаққа негізделсек Алтай тауларын мекендеген керей руының жалпы саны отыз мың түтінге жеткен екен. Баба салтымен керей жұрты төрелерді ел билеуге әкелген соң, төренің отбасылық қажеттіліктері мен әлеуметтік мәселелерін қамтамасыз ету үшін оларға отыз неше түтін қосып береді. Олар төре әулетінің мал-жанына қарасады. Олар үнемі төре маңында, төңірегінде жүргендіктен жұрт оларды «Төренің төлеңгіттері» атап кеткен. Ажы төре әкесі Көгедайға қарағанда елге тізесін батырғыш, алым-салықты көп алғыш болған. Олар төлеңгіттерді малшы, жалшы орнына істеткенімен қоймай, ұлдарын құл, қыздарын күң етіп қорлай бастаған. Сонымен ел арасында Ажы төренің астамшылығына деген наразылық ұлғая бастайды. Бұл тұста жалпы қазақ даласында хандық билік жойылып, болыстардың тарихи сақынаға шыға бастауы да төре тұқымының билік күшін әлсірете бастаған. Осындай тұста Ажы төре ел басқаруға, ел ішіндегі даушарларды шешуге біртіндеп қауқарсыздана бастайды. Мұның төренің айналасына шоғырланған билер де, төренің өзі де анық аңғара бастайды. Ғасырлар бойына жалғасқан аумалы-төкпелі өмірден, үркін-қорқыннан әбден қажып, енді берекелі өмірге бет түзеп келе жатқан елдің тыныштығын ойлаған ел ағалары төре билігінен тыс ел ішінен қара қылды қақ жарған, ел істерін басқаруға төреден тыс бірнеше би сайлауды қолға алады. Алдындағы жұрт ісіне ие бола алмай отырған Ажы төреде бұл ұсынысқа келісе кетеді. Және осы сайланған билердің күші арқылы өз үстемдігін сақтап қалғысы келеді.
Би – қазақ қауымы үшін елмен етене біткен билік жүйесі болып саналған. Оларды халық ішінен өздері тауып, өздері сайлап, әділ шешімдеріне мейлінше көнген. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дегендей әр дәуірге өз ізін қалдырған би-шешендер тарихта көп болған. Билер ертедегі рулық жүйеге құрылған сахаралық хандық билік тұсындағы әлеуметтік ортаның туындысы. Билердің бәрі де әділетті бола бермейтіні белгілі. Олардан ағаттық байқалғанда, халық арасынан тапқыр адамдар суырылып шығып билік айтып, әділдік туын желбірететін болған. Ел бұндай билерді «қара би» деп те атаған. Онысы қарадан шыққан би деген ұғым берсе керек. Керейдің төрт биінің бірі болған дәулескер күйші, шешен, дегдар Бейсенбі би де елдің асыл құрсағы тудырған қара билердің қатарына жатады.
1836 жылы Алтай аймағының қазіргі Буыршын ауданының Үштас жайлауында салтанатты сайлау жиналысы өтеді. Абақ елі жиналысқа Алтайдағы алты арыс ұраңқай мен торғауыт елінің уаңын, іргелес наймандардан Қожамбет, Назар би бастаған адамдар тобын, Зайсан жағын мекендеген керейлердің төбе биі Шұлғаубай бастаған ел ардақтыларын шақырады. Алтай елінің өз тарабынан Маман би, Шәу жырау, Шегетай би, Көбеш батыр бастаған ел ардақтылары бас болып қатысқан салтанатты жиналыс өтеді. Сайланушы билерге қойылатын талап осы уақытқа дейін елдің келелі істері мен игілікті бастамаларында топ жарған, жұрт көзіне түсіп, қалың қазақтың алқауына бөленген, қабырғалы жұртын ойлайтын, тілге шешен, сөзге бай, әділдіктен аттап пара алмайтын әлуетті болуы керек деген қатаң талаптар қойылады. Осылай ұзақ уақыт жата жастанып келелі кеңес құрған игі-жақсылар бір байламға тоқайласып ақыры төрт биді сайлап шығады. Аға сұлтан Құнанбай келгенде топ жарып сөз бастаған, талай дау-шардың шешім табуына түйткіл болған Бейсенбі Дүненбайұлын, атақты Қуандық батырдың ұрпағы Құлбек Жантеліұлын, ел басқарудың қыры менм сырын ерте меңгеріп, жастай ел көзіне түскен Көкен Мамытұлын, айбыны айналасын жасқап, жалғандыққа дес бермейтін Тобан Сақатайұлын Алтай жұртының төрт биі етіп сайлап шығады. Содан бастап Алтай елі ішіндегі көптеген елдік мәселелерді осы бүгінге аңыз боп айтылып келген төрт бидің төрелігімен шешім тауып отырады. Ал төре Төбе би рөлін атқарады. Оларды жұрт сөз ыңғайына қарай «Төрт би төре» деп атап кетеді. «Бір кезде бұл керейді төре білген, Ел-жұрты айтқанына көне білген, Жәдік пен жәнтекейден төрт би шығып, Билігін төрелердің бөле білген» деп Күдері ақынның жырға қосатыны да осы тарихи жағыдайға байланысты екен деседі. Бұл билік жүйесі 1836-1883 жылға дейін жалғасады. Алғашқы төрт бидің бірі болып сайланғанда Бейсенбі сол жылы 33 жаста еді. Төрт би ақ сарбас қойдың қанына қолын батырып ант етеді. Атақты Маман би: «...Келіннен ұлыңды артық көрмейтін, Балаңнан еліңді кем көрмейтін, Ақылмен ой тербейтін, Бақытқа қол сермейтін, Ардақты қатарың бар, Қазақтық атағың бар, Дуалы бата алыңдар, Әділ би атаныңдар» деп ағыл-тегіл бата береді.
Төрт бидің сайлануы бүкіл Алтай даласына жаңа жолдың, жаңа низамның шуағын төгіп, ел іші жаңа сипат ала бастайды. Биден төртеу сайлануының да өзіндік жөн-жобасы бар еді. Әуелі дүниеде төрт бағыт бар. Құдайдың түсірген кітабы да төртеу, негізгі періштесі де төртеу. Пайғампарымыздың да төрт шаһары болған, төрт мазһап бар, тұтас жаратылыста көбіне төрттік негізге жұмыла өлшем болған деген бағзылық қағидаларды негіз етіп алады. Сонымен Үштастың бусанған марқа жайлауында даланың төрт мұнарасындай төрт би төбе көтереді. Ақ қымыз сапырылып, ақ сарбас аталып, ақ бата беріледі. Осыншама салтанат күйшінің көріктей кеудесін кернеп кетеді. Осы салтанатты жиналыстың мойынға артқан жауапкершілігі мен ел ықыласы Бежеңнің бал бармағынан шамырқана күй боп бебеулей жөнелді. Бұл күнде «Төрт бидің кеңесі» деп тартылып бізге жеткен Бежең күйлерінің бір парасы осы тарихи сәттің жалғыз тірі куәгері екен деседі баба тарих.
АРҚАЛЫҚТЫҢ АЖАЛЫ НЕМЕСЕ «ЖЫЛЫП ӨТКЕН ДҮНИЕ-АЙ»
Бұл күндері Бейсенбі ауыр ойдың соңында еді. Ақыл-ойы толысқан, өмірдің ыстық-суығын бір кісідей көрген, әрнәрсенің түп мәніне үңілетін кемел шағы. Ой азабы меңдетіп тұнжырай береді. Асыл азаматтың қапыда қолды болған күйігі, жесір әйел мен жетім баланың обал-сауабы, өзінің солардың алдындағы дәрменсіздігі күйшінің еңсесін езе берген тұғын. Мұндай Бежеңді ой мұжыған шақта ауыл-аймағы, бала-шағасы ұсақ-түйек тірлікке бола мазаламайтын. Күйші оңашаланып өзімен-өзі ұзақ кеңесетін. Әнтек домбырасын қолына алып ұзақ күй жосылтатын. Бұндай да жалғыз серігі осы қос ішекті қу ағаш. Бейсенбі бидің бұл жолғы шамырқанысының жөні бөлек. Ол ауыр қаза үстінде. Аруақты ер Арқалық батырды жоқтап күңіреніп отыр. Өкініші ұлан-асыр... Жәнібек батырдан кейін атағы мұқым Алтайға жайылған, ел қорғаны Арқалы осыдан біршама уақыт қапияда көз жұмған. Құдайдың ажалы емес, көпе-көрнеу Ажы төренің аярлығынан, ұждансыздығынан. Батырдың әкесі Бөрібай да жалғыз ұлдың күйігіне шыдамай ол да о дүниеге аттанып кете берген. Ажы төре халық алқауына бөленген арыстай азаматты қатерге жұмсап, отты соның қолымен көсеп, артынан өзіне тықыр таяғанда батырды бас салып өлімге ұстап беруі сүйекке таңба, арына күйе басқандай ел үшін өзі ұялып отырған кебі еді. Уақиға былай болған екен.
Қобда жағынан келген ұраңқай жортуылшылары Ажы төренің өрістен жүрген алпыстан аса жылқысын алып кеткен. Төренің жылқышыларының барымташыларға шамасы жетпейді. Артынан Ажы: «Жылқыларымды қайтарып берсін» деп кісі салса олар беттетпей қояды. Ажы төре атқа мініп қаһарлана «Бұлар бүйтіп басына берсе ертең тұтас керейдің малын тонайды, ел-жұрттың ар-намысын жоқтайтын бір азамат табылмағаны ма? Төресін елге тонатып қойып отыра бересіңдер ме?» деп бұлан-талан болады. Түнелетіп Жеменейдің Шалшықай ауылында отырған Арқалық батырға қосар атпен кісі жібереді. Арқалық батыр келгесін төрт қара көздің алдында батырға шағынады. Еруліге қарулы деген. Менің намысым елдің намысы. Елдің намысы ердің намысы. Ұраңқайға кеткен есемді қайтарып бер. Сенде анаңнан ер боп туған, атадан асып туған боздақ едің ғой деп күш сала сөйлейді. Арқалық сөздің жүйесіне жығылады. Елдің есесін қайтармаққа ниет етіп кеудесін кек кернейді. Сонда Ажы төреге айтқан батырдың дәті екен дейді. «Төре, айтқаның орынды. Төренің жылқысын алған жау ертең бәрімізге ауыз салары анық. Келісімге келмесе, бізде жылқысын барымталайық. Мен оған әзірмін. Бірақ ел-жұрттың алдында менің де айтар уәжім бар. Әуелі астыма жүйрік, белді ат мінгізіңіз. Сосын барымта-қарымтадан кейінгі дау-шардан алыс бола алмаймыз, тіпті ертең қан төгілуі де мүмкін. Осы артқы шаруаларына ие бола аламын десеңіз біздің ерлер дайын, ал егер ие бола алмасаңыз мен әлсіз атадан шыққан адаммын, артымдағы ел бұл даудың бетін қайтара алмайды» деп қайырады. Бұған келгенде Ажы төре оңай көнеді. «Ат-көлігің менен болсын, үлкен ұлымның жүйрік көк атын мінсін. Басқа да жігіттерге де таңдаулы тұлпар беріңдер. Өз қолымды өзім кеспеймін. Мына отырған ұлымды жауға берсем де, сендерге араша боламын, Құдай куә» деп байламға келіп, уәделі сөзін кесіп айтады. Сүйтіп ант-су ішкен Ажы төре сөзінде тұрған жоқ. Бейсенбіге батып отырғаны осы. Елге тұтқа болады деп алыстан әдейі қалап әкелген төренің түрі мынау. Ел сүйінген азаматты орға жыққанда, қарпайым халыққа қалай пана болмақшы. Ажының әкесі Көгедай тап бермеде бопсаға шыдаған, алысты көрген адам еді. Жас болса да түйе мініп сонау Ежен ханға барып шен алып, шекпен киіп, қара көк тас алып елінің мерейін үстем етіп қайтып еді. Мына ұл әкесіне тарпаған жасық болды. Елдің бұйдасына ие бола алмай, айдың-күнінің аманында алпамсадай ерді оққа байлап беріп отыр. Бежеңнің мұңына мұң қосып, қайғысына қайғы жамағаны да осындай көргенсіздіктің кесірі еді.
Ұраңқайлар жерінен жаралы қашып келген Арқалық батыр жыл уағына жетпей көз жұмады. Ауылы Сауырда, елден ауаша отырған Ажы төре ұраңқайлар жағынан келіп ереуілдеген аз ғана адамнан ығысып, бас сауғалап, шырғамен Арқалық батырды ұстап беріп жолға салғанда, Қаба жерінде жатқан Бейсенбі би оның хабарын кешеуілдеп естіген. Айналасымен ақылдасып батырды құтқарып алуға қомақты қосын жіберген. Олар алыстан қарманып жеткенше, барымташылар Алтай шекарасынан өтіп кеткендіктен жер сипап қалған. Қаны қызып, намыс буған азаматтар соңына дейін қуғын барып, батырды құтқарып әкелмек болады. Әйтсе, оның арты екі елдің жаугершілігін онан ары ұлғайта түсіп, адам шығындалып, іс тіпті де насырға шаба ма деп ойлаған Бежең ерлерді әрең тоқтатады. Арқалық батырдың бұл дүмпуы сол заманда екі елдің арасында да, қазақ жұрты ішінде де ең көп таралып, жыр-дастандарға арқау болған еді. Ескінің ақыны Отарбай Дүйсенбіұлы өз өлеңінде: «Алдаумен аңғал батыр торға ілініп, Арқалық бүгін түсті тірі көрге, ел батырын ұранқайға ұстап беріп, Жау көзбен көріндің-ау өз еліңе» деп Ажының аярлығын жырға қосқан болатын. Арқалық батыр оқиғасы мен ерлігі ел арасындағы аңыз-әңгімелермен қатар өлең, дастан, тарихи романдар мен сақыналық шығармаларға да арқау болып күні бүгінге дейін ел есінен шықпай келеді.
Арқалық батырдың өмірі мен ажалы Бейсенбінің жүрегін де айналып өтпеген. Оның азалы уақиғасы сай сүйегін сырқыратып, елдің қайғы-қасірет, мұң-наласымен ұштасып күмбірлі күй болып төгіледі. Уақыт желі қанша азынап соқсада сол заманнан осы аруақты күй бүгінге жетіп, бүгінгі ұрпақтардың домбырасынан кешегі тарихтың куасындай, ертеңгі елдігіміздің арқауындай болып кәрі шанақтардан әлі де бебеулеп келеді. Сондағы кәрі шанақтан, құтты саусақтан өрілген асқақ күйдің бізге жеткен нысаныасы «Жылып өткен дүние-ай» екен.
ЖАЛАЛЫ ЖӘЙІР УАҚИҒАСЫНАН ТУҒАН «ТАНСАҢШЫ» КҮЙІ
Сауыр тауымен жапсарлас Қобықсары өңірінде айналасына абыройлы Жәйір есімді әнші, күйші, сал жігіт болыпты. Атадан асып туған есті азамат бүйтіп ауыл-аймақты айналсоқтап жүре бермей ел көріп, жер таниын. Өнерімді жұртқа пәш етейін, өзімнен асқақ дәулескерлермен дәмдес болып өнер ауысайын деген байламға келіп, Ертіс өзенінен өтіп, Алтай бетіне серілік құра келеді. Ертіс жағалай Қаба, Буыршын жерлерін аралап, елді әнге бөлеп, күйге көмкеріп жүріп бір байдың ауылына түседі. Бейсауат жалғыз атты Жәйірдің жүрісі қыршаңқы байға ұнамаса керек. Ептеп көзін құртып, ауылдан аластамаққа бекиді де, жоғалған малын Жәйір ұрлады дегізіп жалалы етіп байлап тастайды. «Мен ұры емеспін, ел аралаған өнерпазбын» деген Жәйірдің зарына пысқырып та қарамайды. Ақыры күні-түні қыл арқанмен таңыулы жатқан жарлы Жәйір байдан үмітін үзіп қашып шығуға бекиді. Сәті түскен бір түні қашып шығып ауыл шетіндегі бір керікті міне шабады. Сүйте ол қойшылардың қойға мінер шабан-шардақ аты екен. Жөні келсе жолдан тәуір ат тауып мінермін деген үмітпен жүре-жүре талай белден асып, бір қырқадан асса етекте ақ шағаладай ауыл ай жарығына шомылып маужырап жатыр екен дейді. Жақындап барса бардам ауыл екені көзге көрініп тұр, кермеде кілең сүйріктей жылқылар байлаулы тұр екен дейді. Жәйір бірден жолым оңға басайын деп тұр екен деп, мысық табанмен кермедегі жылқыларға жақындай бастайды. Есіл дерті бір жылқыны жайдақ мініп, бір жылқыны қосарға алып еліне дін аман жетіп алу ғой.
Түн ортасы, үркер ауып бара жатқан тұс. Ауылдың шәбелеңдеген үрген иттер де тып-тыныш. Ауыл мүлгіп тұр. Аттар да бейғам жусап тұрғандай. Жәйір сал мына құпияны енді аңғарғандай. Үй ішінен күмбірлеп күй төгіліп тұр екен. Мына бір жаймашуақ тыныштықтың сырын енді аңғарғандай. Күй күріп-күріп етіп күбі піскендей. Айдың сүт сәулесімен сорғалап сүйегін балқытып бара жатты. Күй тіліне аңырып ат үстінде тұрып қалғанын, өзінің қашып-пысып жансауғалап жүргенін Жәйір бірден есінен шығарады. Күйдің қайырмаларын көкейіне тоқып, кей тұстарын да саусақтары қоса жыбырлап, әсем сазға әбден елтиді. Кенет «Түс, аттан!» деген бұйрықты естігенде селт етіп ес жиады. Екі жігіт екі жағынан алып сүйрей жөнеледі. Жігіттердің бірі күй боздап жатқан ақ үйге кіріп Бейсенбіге: «Ауыл іргесінен мал ұрлауға келген» бір ұрыны ұстап алдық» деп мәлімдейді. Оп-оңай ұстала салатын недеген ұры деп ойлаған Бейсенбі ұрыны дереу алдына әкелуді тапсырады. Жігіттер Жәйірді үйге кіргізген соң, Бейсенбі би: «Жігітім, сөз шынына, пышақ қынына тоқтайды деген. Түн жарымында ауыл іргесін торуылдап неғып жүрген жансың?» деп қабақ шытады. Жәйір сұрау салып тұрған адамның тегін емес екенін аңдайды да, ағынан ақтарылады. «Ел көріп, жер таниын деген оймен Ертіс өтіп осы өңірге келіп едім. Тұрағым – Қобықсары» деп басынан өткізген барлық хикаясын баян етіп шығады. Қашып шыққан ауылымнан мінген атым қойшының шабаны екен, жүрісім бір мандымады. Содан жол-жөнекей осы ауылға жолығып, кермедегі аттарды көріп, бірін мініп, бірін жетекке алмаққа ниеттеніп баспалап келіп ем, кенет күйдің күмбірлі құпия дауысын естіп арбалдым да қалдым. Күйдің қуатты әуезі буыныма түсіп, шырмауына шатылдым да тұрып қалдым. Мына жігіттер кеп бас салғанда барып ес жиып, опындым. Өнерге құмарлықтың пайдасы да, зияны да болады екен. Енді міне алдарыңызда айыпты болып отырмын деп шын сырын айтады. Бежең жөн сұрасып, Жәйірдің жай адам емес екенін біледі де, қолына домбыра ұстатып, күй тартқызады. Тізерлеп отырған Жәйір домбыраның құлақ күйін сәл ғана ыңғайлап, бағана өзі үй сыртында тұрып тыңдаған күйді қайыра шертіп береді. Бежең Жәйірдің сұңғыла қағысына айрықша сүйініп, азаматтың алтын басын бағалап, бағанадан бергі айтқан әңгімесіне иланады. Дастарханға шақырып, ас тартады.
Әңгіме қызып, арнасынан аса келе Бежең Жәйірдің асқан домбырашы екенін танып, жас күйшінің жасқанғанына қарамастан күй шертіп жарысуға шақырады. Егер мені жеңсең күнәңді кешіп, астыңа ат мінгізіп, иығыңа шапан жауып құрметтеп шығарып саламын деп қолқалайды. Қапияда тоғысқан екі дүлдүл күйдің көрігін қыздырып, ұзаққа шабады. Талай тентек күйшіні көрген Бежең Жәйірдің өзінен бір мысқал кем емес дәулескер екенін сезіп, мойынсұнып жолын беріп, жеңіс ырымын соған байлайды. Кәделі сияпатын атап, құрметпен жолға шығарып тастайды.
Сүйтіп күндер өте келе Қобықта жүрген Жәйір сал аяқ асты пәлеге ұшырайды. Сауырды жайлаған моңғолдың бір лауазымды төресі жоғалып кеткен бір үйір жылқысын Жәйір ұрлады деп нақақ жала жабады. Әсілі Жәйір әділетсіз зорлыққа жаны қас, обал мен сауапты таразылай білетін, әлсізді басынғандарға есесін жібермейтін өткір, өр азамат еді. Моңғолдың төресіне Жәйірдің мұндай бірбеткей қайсарлығы ұнай бермейтін. Жылқымды ұрлады деп қасақана жығынды етіп, кісендеп ұстап, қатты қинайды. Жан аяусыз тән жазасына төтеп бере алмаған Жәйір амалсыздан «жылқыны алдым» деп өтірік мойындайды. «Ақы иең кім?» деп сұрағанда, жаны қысылған Жәйір «Бейсенбі би» деп жауап береді. Сонымен сөзі қысқа қайырған даугер жас күйшіні алдына салып Бейсенбі бидің алдына әкеледі. Бежең бір көргеннен өзімен күй жарыстырған Жәйірді тани қояды. Моңғолдың төресі Бежеңе: «Мына керейдің жігіті жылқымды ұрлады, алғанын өзі де мойындап отыр. Төлем төлеп берерлік дәулеті жоқ. Ақы иесі болсаңыз жылқымды өндіріп беріңіз» деп қолқалайды.
Бейсенбі оларға асыпғып ештеңе демейді. Оның ойында арлы күйшінің біреудің малын ұрлауы мүмкін емес еді. Даугер мен айыпкерді бірден сұраққа тартпас бұрын, би әдетінше домбырасын қолына алып сырлы да, жұмбақ бір күй толғайды. Құлағы түрік Жәйір домбыра үніне құлақ салса, күйдің сарынынан «тансаңшы, тансаңшы» деген емеурін сарын үзбей қайталанып тұр екен дейді. Бежең күйін шертіп болып Жәйірға «Ұқтың ба?» дегендей иек қағады. Жәйірда күйшінің ым тілін ұғып, екі иығын қомдап, сақал-мұртын сипап «білдім» деген сыңай танытады. Би Жәйірдің күй тілін түсінгенін шамалап, асықпай жауап ала бастайды. «Жәйір, моңғол төресінің жылқысын алғаның рас па?» деп шүйліге сқрағанда, іштей берік сенімге келген Жәйір «Оның жылқысын ұрлаған емеспін!» деп келте қайырады. Моңғол жақтың адамдары әуелде мойныңа алғансың, би алдында жалтармай шыныңды айт деп күш көрсете бастайды. Сонда Жәйір: «Моңғолдар мені зорлықпен қамап, тәнімді азаптап, жанымды көзіме көрсеткен де алдым деп амалсыз мойындағаным рас. Алмадым деп қасарыса берсем өміріме қауып төнер еді. Енді ақ-қараны ажырата алар әділ бидің алдында шынымды айтпасам азаматтығыма сын. Мен өмір бойына адал ақы, маңдай теріммен еңбек етіп келе жатқан адаммын. Осы жасыма дейін қылдай қиянат етіп, көлденең жатқан кеселге қол сұққан емеспін. Егер жылқымды алды десең, осы жерде айғақ-дәлеліңді көрсет, болмаса төре басыңмен аққа күйе жақпа!» деп батыл тойтарыс береді. Осы кезде моңғол елінің айғақшылары да қолға қойғандай дәлелдер көрсете алмай сасады. Осы әлсіз тұсты сәтті пайдаланған Бейсенбі би: «Нақты дәлелдеріңіз жоқ екен. Бар айыптарыңыз күмән ғана. Күмән ешуақытта айғақ бола алмайды. Қайта дәлелсіз жазықсыз жанды айыптағаныңыз үшін өзіңіз істі болайын деп тұрсыз. Мұныңыз жолсыздық. Төре басыңызбен мұндай әккілікке басып, азаматтың абыройын жықсаңыз, ел-жұртты қалай билеп отырсыз. Ниетіңізден қайтыңыз» деп аптыққан азулы төрені орнына қояды. Жылқы өндіріп алуды былай қойғанда өз басына от тұтана бастағанын сезген төре дереу дауды доғарып өз жайына кеткен екен дейді. Бейсенбі би осылайша күй тілі арқылы Жәйірдай асыл азаматты пәледен құтқарған екен. Сол жолы билік айту үстінде шерткен күйі ел арасына «Тансаңшы» деген атпен таралып, күні бүгінге дейінгі ұрпақтарға жеткен екен.
«КӨКШҰБАР АТ»
Бейсенбі би Алтайдағы төрт бидің бірі болып, іс жүргізген жылдардың бірінде, қазақ ортасында ашылған бір сиезге өзінің үйірлі жылқысының ішінен таңдаулы көкшұбар атын мініп шығады. Аттың сыртқы тұлғасына, келісті бітіміне, жайлы жүрісіне қызыққан екі жортуылшы оңашада бөгенайлап көреді. Сүйтсе көкшұбар аттың тілінің астында дөңгелек қалы, ауыздығының тыртығы барлығын байқайды. Дәл осы белгілерді куә етіп, атқа таласу ойына келген жолаушылар шідерде тұрған аттың мойнына асыла кетіп жылайды. «Қайран, жануарым-ай, қапыда айырлған от тұяқтым-ай, дөненінде өзім үйретіп едім, сонда езуін ауыздық қиған еді. Алты жасарында жоғалған еді. Қапияда кез болған-ай» деп зар еңіреп жылайды. Жиналысқа жиналған ел, бұл Бежеңнің баптап мінген өз аты еді, бұл қалай болғаны деп аңтарылады. Бежең өзінің қолтума малы екенін қанша айтса да ана екеуі ұғарға болмайды. Атымызды танып тұрмыз, біздің нақ ерекше белгіміз бар деп бой бермейді. Сонымен екі жақтан да сұралып аттың ерекше белгісі сарапқа салынады. Бежең аттың сыртқы тұлғасын басып айтқанымен, ішкі нәзік белгілерін тап басып айта алмайды. Ал қарсы жақ аттың тілінің астындағы қара қалын, құстай қондырып, оқтай төндіріп, қолмен қойғандай, айналасын нандырып, сендіріп айтып береді. Ат тілінің астындағы қара қалы бойынша ұрыларға тәуелді болады. Өз басының жалаға ұшырап, әділетті істің әділетсіздік алдында дәрменсіз қалғанына, әрі астындағы жылқысының ерекше белгілерін толық танып білмегеніне қатты қынжылады. Атты ұрыларға жетектетіп беріп жатып, жанаттың шұбарын жегеннің жаны күйсін деп аса бір налалы сөз айтады. Бұл аңызды бізге жеткізушілердің сөзіне илансақ, аталмыш сиез аяқталмай жатып ұрылардың бірі аяқ асты қаза тауыпты. Ол өлер алдында бидің атын жалған жаламен алдым, мені абыздың наласы ұрды, атты о дүниеге алып кетпеспін, иесіне қайтарып беріңдер деп өсиет айтқан екен деседі. Қайтқан малда қайыр мен береке бар ғой. Астындағы ат өз аяғымен алдына келген де Бежең алабұртқан күй кешеді. Өткен оқиғалар санасына ұзақ уақыт салмақ салады. Ақыры ол күйшінің алтын саусағынан күй болып төгіледі. Бізге жеткен Бежеңнің сан тараулы күйлерінің бір парасы осы «Көкшұбар ат» күйі осылай туған деседі ескі тауарих. Бейсенбі өмір сүрген Алтайдың Буыршын деген жерін де «Жанаттың көк шұбарын жегеннің жаны желінер» деген қанатты сөз күні бүгінге ел ішінде тәмсіл ретінде айтылады. Мұндағы жанат Бейсенбіге қатысты рудың аты. Әдетте «Сегіз жанат» деп аталады.
«АЖАР»
Бейсенбі өз тұсында шешендік тапқырлығымен айшықты сазды қоңыр кеңес күйлерімен атағы алашқа жайылады. Осындай өмірдің мамыражай бір тұсында Бежең керей төресінің бірі Қожамжармен бірге наймандағы қаратай руының айдынгер биі Маметек ауылына сапарлай барады. Жол бойы Қалжыр өзенінің жағасына аялдап, өзеннің ақ өркештенген ағысына, жағаны ұрған тентек айдынына назар салады. Көрмеген жердің, таныспаған елдің айрықша сипаты домбыра шанағына таң сәулесіндей төгіліп, көңілін қатты толқытады. Жолаушылар Маметек ауылына жеткен соң арнаулы үйде күтіледі. Алыс жол басып келген жолаушыларына Маметек би екі үш күнге дейін көріспейді. Қожамжар төре амандасуға барайын десе, Бежең сабырлыққа шақырып төре қадамын тоқтатады. Сонымен жас шамасы ұлғайған Маметек би қонақтарына өзі амандаса келе, Қожамжарға: «Сен ұлдан тусаң, мен қыздан туғам. Тереземіз тең еді. Жасым үлкен, сәлем жолы сіздердікі, неғып жатып алдыңыздар» деп назын айтады. Қожамжар төре сөзге жығылып, тұқылжып қалғанда Бежең сөзді іле кетеді. «Алтында сары, жезде сары, екеуінің құны тең бе? Айда жарық, күнде жарық екеуінің нұры тең бе? Сізді жез демейік, алтын дейік, ай демейік, күн дейік, қайсысы боларсыз, оны біз білмейміз, сонда да мына бір аталы сөз есте шғар, ауылға алты жасар бала келсе, алпыстағы қарт амандасар жол бар, алыс сапар жол жүріп ауылыңызға келдік ақсақал» деп түйдектете жөнелген екен. Бежеңнің алымдылығын, сөзге ұста, жөнге жүйріктігін бағамдаған Маметек би дән ыриза болыпты. Ел мен жердің пейіліне малынған қонақтар жарым ай шамасында ән мен күйдің қазанын сапырады. Осы сапарында Бежең «Долы Қалжыр» деген күйін шығарып, алғаш Маметек би ауылында тартып, сонымен қабат інісі Сүйіндікке Маметектің бір қызын айттырып қайтқанға ұқсайды.
Қазақ дәстүрінде ауылдың алты ауызын айтып, қонақ кәдесін беретіндігі, қадырлы қонағына күй тарттырып, ән айтқызатыны бұлжымас салт-сана. Маметек ауылынан Ажар есімді өнерлі қыз Бежеңдердің құрметіне арнап ән салыпты. Ұяң мінезді әнші қыздың тамылжыған әні, әдепті, биазы, жібектей мінезі бәрі-бәрі жарасымын тауып Бежеңе қатты ұнаған көрінеді. Сондай айтулы кештің үстінде би Ажар сұлуға қарымта ретінде назы мен сазы бөлек, ерекше қылықты бір күй тартады. Сол күй сол мезетте ел ішіне «Ажар» күйі деген атпен кең тарап кетеді. Осы күй туралы енді бір айтушылардың назарына сүйенсек, қаратай ауылындағы осы әрі әнші әрі ақын Ажар қыз кейінірек екі көзден айырылып соқыр болып қалыпты деседі. Осы хабар Алтай бетінде жатқан Бейсенбіге жеткенде, күйші өнерлі қыздың ауыр тағдырына назаланып, қатты қамығып осы «Ажар» күйін шығарған екен деседі. Бағамдай білсек екі әңгіменің де ауаны бір. Ең бастысы қазақ күй өнерінің ажарын ашатындай осындай текті сарындар бізге жетіп отыр.
Бөлісу: