«Көк көлік» сыртындағы кеңістік

Бөлісу:

03.09.2020 4009

«Көк көлік» – жазушы-драматург Әлібек Байболдың «Тұрмыс парадокстары» әңгімелер циклына енген туындысы. Көлемі шағын, арқалаған жүгі ауыр, ал ішіне дендеп кірсеңіз автор айтқан беймәлім кеңістікке сіз де сіңіп бара жақандай боласыз. Мағынасыз кеңістік. Құдайсыз қоғам. Адамзат баласының бейберекет тіршілігіне миығынан күліп тұрған Уақыт. Сіз де Көк көлікке мініп алып әлдеқайда кетіп қалғыңыз келеді.

Шығарманың негізгі кейіпкерлері де санаулы: ақсақал, сыған, автор, сопы. Олар бейне бір өз-өзінен қашып бара жатқандай. Бар сенері – Көк көлік тізгінін ұстаған сопы. Бір қарағанда солай көрінеді. Уақиға Көк көліктің ішінде өрбиді, ал оның сыртында – шексіз кеңістік пен бітпейтін жол.

Егер Көк көлікті қазақ қоғамы десек, оның ішінде өтіп жатқан оқиға мен адамдардың мінез-құлқынан бүгінгі әрбірімізге таныс жағдайды байқауға болар еді. Көлікке соңғы жолаушы боп үлгеріп кірген бойда ақсақалдың: «Өз ішімдегі адамды өлтіріп алдым!» дейтіні бар. Сонда «оған бірі – мүсіркей, бірі – жақтырмай, бірі – күле қарады. Мұны Автор да аяған жоқ, тілін шығарып мазақтап, көзін алайтып, маймылша маймиғаны».

Бұл жерде ақсақал – адам, анығында өз-өзіне сұрақ қоятын, өзінен есеп алатын зиялы. Басқалардан ерекшеленгені үшін оны көбі қабылдай алмайды. Көлікке кіріп, білетін бір-екі дұғасын оқыған соң, алақан жайып қайыр сұрай бастайтын сыған бейнесі де бөтен емес. Екі күннің бірінде куә боп жүрген жайт. Сыған қатын дұға оқыған соң, баласы әкесінен: «Құдай деген кім?» деп сұрағанда «Білмеймін балам, білмеймін» деп жауап береді. Ал әркімнің қалтасына қол жүгіртіп ұрлық қылған кейіпкер бұдан сәл алдын ғана Құдайды еске сап отыр еді ғой. Бұндайда «Мұсылманшылық кімде жоқ, тілде бар да дінде жоқ» деген Махамбет өлеңі ойға оралады.

Бұл жерде айқын көрінген бір мәселе – немқұрайлылық. Немқұрайлылық бүгінгі күні де қоғамның іріп-шіруіне алып келер жеке адамның ғана емес, тұтас адамзаттың басындағы ең үлкен қасірет болып отыр. «...Алайда, сығанның есікті ашып, секіріп кеткенін бұрышта шылым шегіп тұрған Автор ғана аңғарып қалды-ау, сірә. Өлі ме, тірі ме, білмейміз, білмейміз Біз Оны...». Тіпті кісі өлсе де бәрі бір. Адамдардың ой-санасы мен жүрегіне дейін орнығып алған немқұрайлылық пен тоғышарлыққа куә боласың. Абай айтқан бес асыл істің ең негізгі екеуі – «қанағат, рахым» сынды асыл құндылықтарды кісі бойынан іздеп, таппағанда меңіреу күй кешерің хақ.

Шығарма арқылы автор Құдайдан безген адамның соңғы барар жері беймәлім екенін меңзеген сияқты. Ондай адамдар әйтеуір бір тұйыққа тіреледі. Жақсының қадірін біле алмайды. Белгісіз кейіпкердің «– Мен – Әлиханмын» дейтіні бар. Осы сәтте оған: «– Әлихан көп қой, қайсысы? – деді әлгі төрдегі ақсақал галстугын түзеп.

– Бөкейхан!

Осы сөздің айтылуы мұң екен, келесі аялдамадан «Оңай» картасын тексеруге кірген қызметкер Әлекеңнің шүйдесіне сұп-суық тапаншасын тақаған күйі Көк көліктен түсіріп тастамақшы еді, ол әбжіл қимылмен әлгі қаруды қағып жіберді... Тарс... Есік жабылды...».

Жиырма бірінші ғасырда Әлихан Бөкейханмын деген кейіпкер сөзі күлкі шақыруы мүмкін. Бірақ Әлихан болмаса да автор сол секілді бүгінгі зиялының жалпы жағдайын көрсеткісі келгендей. Қалай болғанда да Құдайды ұмытқан адамдардың баратын жері – беймәлім. Көк көліктің ішінде болған оқиға мен адамдардың мінез-құлқынан соны байқауға болады.

Адам баласы қай кезде де жақсы өмірді қалайды. Көк көліктегі жолаушылар да жақсы өмір сүргісі келеді. Бірақ мызғымас ұйқыда жатып алып, әлдеқайдан көмек күту немесе әдебіреуге үміт етіп, сену не болмаса бір-бірімен жаға жыртысып, Көк көліктің тізгініне таласу арқылы діттеген жерге жету мүмкін еместігін автор оқиғаны ойнату арқылы жеткізіп береді.

Көлік тізгініне таласқан адамдар соңында оны тасқа соғып тынады. Енді олардың барар жері, шынында да – белгісіздік. Қайда баруды тізгінде отырған сопының өзі де білмейді. Күні бойы сәт-сапар тілеген радио үні де өшкен.

Автор «Көк көлік» шығармасында оқырманға көбірек салмақ салады. Кейіпкері секілді шығармасында да автор бейтарап бағыт ұстанған сияқты. Мәтін астарында айтылмай қалған ой жатқандай. Бәлкім, оқырманның өзі толғансын дегені шығар. Әңгімені бір рет оқып түпкі мәнді түсіну қиын. Қайталап оқи отырып, «Көк көліктің» сыртындағы кеңістікке шығасыз. Шексіз кеңістік. Бітпейтін жол.

Көк көліктің ішінде біз де отырған жоқпыз ба? Бұл да ойланып, мән беретін дүние...

Нұрлайым БАТЫР,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер

институтының кіші ғылыми қызметкері

Көрнекісуркт: интернет көзінен алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар