Қобыз ділді жазушы

Бөлісу:

13.09.2020 3828

Кейде жарық дүниенің, күллі тіршіліктің мән-мағынасы қобыздың қуыс шанағына көшіп кеткендей көрінеді маған. Арман-мұратың, қайғы-қасіретің, қыл үстіндегі тағдырың да соның қоңыр үніне байланып тұрғандай. Көзіңді жұмып, сарынына еліткен сайын бір құдіретпен тілдескендей күй кешіп, әсерінен айығып, әлемінен шыққың келмей әуреге түсесің. Іздеген жоғың табылғандай, фәнидің бар жүгінен арылғандай жеңілдейсің де.

Тіршіліктегі бар қуанышыңмен азабыңды арқалап жүрген кеудеңдегі жетім жүректің де сол қобыздай күңіренетін сәттері болады. Дәл сол сәт шын таланттың қолына қалам алдырмай қоймасы анық. Шынайы қаламгер дегеніңіз де бейне жүрек-қобызын сөйлеткен бақсыдай. Тар шеңберге, өз қалыбына сыймай аласұрады. Шабытты күймен шалқып кеткенде өзін де, өзгені де ұмытып, сол өзі жазып отырған кезеңге, көкейдегі сомдаған кейіпкерлеріне айналады. Сол болып сөйлейді, сол болып сезінеді, сол болып қуанады, сол болып жылайды. Бір күйден екінші күйге өтеді. Бүгінгі қоғамда да жанын жегідей жеген сауалдар мен қаптаған қайшылықтарды қатар өреді. Өмір шындығын бейнелейді. Дертіңді тамыршыдай тап басып, періште кейіпке оранған пенделігіңді талқан етеді. Шынайы болмысыңмен бетпе-бет қалдырады. Жазушы Роза Мұқанованың шығармаларын оқыған сайын осындай күйге түсем. Ешқашан көңіліңді бей-жай қалдырмайды. Шығармаларының тұңғиығынан құлаққа қобыз сарыны талып жетеді. Сол үн күллі шығармашылығының галереясы іспетті. Ешкімге ұқсамайтын, болмысы бөлек, дара адамдардың тағдырын туындысына арқау ете отырып, тұтас қоғамның бейнесін ашады. Ал тағдыры талайлы, болмысы бөлек жандар жайлы жазу қиынның қиыны. Оның даралығын, жұмбақ жан әлемін ашу өте күрделі һәм азапты еңбек. Ондай тереңге сондай даралық өз бойында бар қаламгер ғана бара алса керек. Сол кейіпкеріңе айналған күрделі тұлғаның арпалысқан ішкі жан әлемін оқырман жүрегіне жеткізгенде ғана жаның жай таппақ. Сыртқы әлемге жұмбақ болмысын аша алмасаң күлкіге айналдырып, обалын арқалауың да мүмкін. Осы екі оттың ортасында отырып ұлы шығарма тудыру өзіне сенген жүректі таланттың ғана ісі.

Жазушы-драматург Роза Қажығалымқызының ішкі әлемінде қобызбен үндестік жатыр. Сол үндестік, сол тұңғиық сарын кез-келген кейіпкерінің ішкі иіріміне терең бойлауға, жарық дүниенің мағынасын іздеуге мүмкіндік беретіндей. Әбден кемеліне келген жазушы адам баласың жүрегіндегі мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді. Кейіпкерлері сол жолда күреседі. Сол жолда дүниеден баз кешеді...

Жазушының әр шығармасын оқуға, пьесаларын көруге іштей үлкен дайындық керек. Бір оқып түсіне қою, бір көріп тани қою мүмкін емес. Бірнеше мәрте үңіліп барып, тағдыр жолында мың тұрып, мың жығылып барып ұққандай боласыз. Бірақ ол ойыңыз да бекершілік болып шығады.

«Сарра», «Фариза», «Мұқағали», «Мәңгілік бала бейне» сияқты классикалық шығармалар тудырған Роза Мұқанова - Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық жазушы.

Бөлісу:

Көп оқылғандар