Омар Жәлелұлы. Жусан

Бөлісу:

20.09.2020 5144

(Серік Ақсұңқардың Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Көкейімде – Күлтегіннің Жазуы» атты жаңа жыр кітабы туралы бірер сөз...)

Аталмыш жыр жинағында «Жусан» атты өлең бар екен. Ақын өз болмысы туралы өзі айтыпты:

Сыймайтұғын ешқандай бір өлшемге,

Жусанмын – Мен!

Көнбесең де, көнсең де;

Cары Арқада өсемін мен найқалып,

Басқа жерде өспеймін мен –

Өлсем де!

Жусан – түрік баласы үшін қасиет пен киеге ие. Туған жеріңнің, ата мекеніңнің, кіндік қаның тамған топырағыңның символы. Және жусан басқа топырақта өспейді, өзге экожүйені қаламайды, бөтен топырақты жерсінбейді. Серік ақын да сондай: туған жеріне тамырын терең жіберген, туған топырақтан нәр алған, ешкімге ұқсамайтын, ешкімге еліктемейтін дара өнер иесі. Серік Ақсұңқарұлы да жусан сияқты ащы, уытты, тиген жерін күйдіріп түседі. Соған қарамастан, міне, жарты ғасырға жуық, жаман ауруға ем, дәру болған жусан тәрізді қазақ руханиятының жел-құзына, ауру-сырқауына ем-дом, шипа болып келе жатыр.

Ақындық – тағдыр: ешкім оны таңдап алмайды; пешенеңе жазылады; ақын болып адам қалыптаспайды, ақын болып адам туады.

Ақын да ет пен сүйектен жаралған пенде. Пенде болғасын тіршілігі кейде олқы түсіп жататын тұстары да баршылық. Сонда ол пендешілікке бой алдырып: неге ақын болғанша әкім болмадым екен! - деп өкінетін кездері де болған шығар...

Сонда өкініп, талай басты шайқағам,

Енді келіп Доспамбеттей:

«Өкінбен!» - деп айта алам.

Қайта тусам, - ақын болам әдейі,

Көресінді көру үшін қайтадан.

Иә, рас, қазақта «көресіңді көрмей көрге кірмейсің!» деген сөз бар. Ақынның қарапайым пендеден айырмашылығы – көресінін, немесе, көрешегін, - Өлеңге айналдырып отырады. Ақындық өнер – адамзат үшін осынысымен құнды. Бұл – тәжірибе. Қаны ағып тұрған, кейде ақынның ғұмырын жалмайтын, - қымбат тәжірибе. Кейін қаншама ұрпақ ақын өлеңдерін оқи отырып жан жарасын жазып, көңілін демдеп, жаралы жүрегіне ем табады. Варлам Шаламовтың айтатыны бар: жазушы – саяхатшы Одиссей емес, жазушы - Орфей сынды, - жер асты әлеміне (өлілер әлеміне, бізше – тозаққа – О.Ж.) түсіп, одан жоғары көтеріліп көргенінін бәрін баяндайды. Сол себепті ақын өлең жазу үшін қалың өртті, қаптаған дауылды, тау құлататын селді басынан кешіруі керек. Егер табиғи жолмен бұл мүмкін болмай қалса, ақын оны қолдан жасайды, өртке, дауылға, селге саналы түрде барып кіреді. Соның бәрі не үшін? – Өлең үшін, ертеңіне ар отына шыжғырыла отырып, жанын жеп, кірлеген жүректі тазартып, дүние кірінен жуынып, саф, таза, мөлдір жыр тудыру үшін.

Өлеңді кәсіпке айналдырып, қолдан жасаған, схемаға салған, әдіске бағындарған, белгілі бір идеологияның сойылын соққан кезең болғанын ақын ерлікпен мойындайды:

Қалай болса, -

Солай жаза салатұғын өлеңді,

Социалистік реализм жоқ енді.

Жаза алмайсың енді өтірік сүйем деп,

«Отан үшін отқа түсіп күйем... » деп.

Өлең – киелі, қасиетті құбылыс. Өлең – жазылмайды, өлең – туады.

Ер жігіттің ішіндегі осалмын.

Сұлу деген –

Көңілдегі хошы әннің.

Жымиып бір қарады да, кетті олар,

Боздап тұрып мен өлеңге босандым...

Өлең – халықпен бірге өсіп, есейіп отырады. Өлең – көзге көрінбейтін жер асты сулары сықылды баяу, бірақ ерекше қуатпен ағып жатқан халықтың рухын терең сезінген кезде ғана өміршең болады.

Алладан жоқ басқа түк мұнда.

Алашым, сабағы ем көғіңнің.

Арыңнан өксік боп шықтым да,

Аузыңнан өлең боп төгілдім.

Халықтың рухын сезіну үшін – жаның кіршіксіз пәк, таза болуы шарт. Сонда ғана халықтың көңіл-күйін, арман-аңсарын тап басасың, халықты арманына қарай жетелеп, ой-жырадан, құлама құз-жартастардан алып өтесің. Ол үшін Өлеңді Құдайдың алдында отырғандай жазуың керек дейді ақын.

Тек Құдайға бұратұғын бетіңді,

Құпия ғой өлең деген не түрлі.

Біз онымен қаншама уақыт ойнадық,

Отпен ойнап, өлген бала секілді...

Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде ақындар екі түрлі болатынын ескертеді: иман келтіргендер мен иман келтірмегендер; иман келтірмегендердің соңынан адасқандар ереді дейді. Серік Ақсұңқарұлы – иман келтірген ақын. Сондықта ол «мен жұмаққа бармаймын ба, барам ба?» деп сұрайды. Француз ойшылы Ларошфуко: адамдар екіге бөлінеді: өзін күнәдан пәкпін деп есептейті күнәһарлардан және өзін күнәһар сезінетін пәк, таза адамдардан депті. Серік ақын әу бастан «бір иығымда сайтаным, бір иығымда періштем» деп жүрегінде жүріп жатқан майданды тап басып айта білген; ол тарапта ақында иллюзия жоқ, өзінің істеген «күнәсі» мен «кінәсін» бір адамдай саналы түрде сезіне алады. Ал енді ақынның «күнәсі» не деп сұрасаңыз, сол баяғы Адам атаны жұмақтан қудырған «құмарлығы»:

Мен жұмаққа бара алмаспын, жарқыным,

Алды шаттық бұл дүниенің, арты – мұң.

Бес сұлуға жаным Айдай албырап,

Құшағында – cары майдай балқыдым.

Ақын өмір бойы ғашық болып өтеді. Ғашықтық тоқтағанда – өлең де тоқтайды. «Ішіндегі ғашықтың жарасы» ешқашан бітпейді. Ақынның Құдайға ғашықтығы, Жаратушыны тануы осылайша, «өзінше» көрініс табады. Ол үшін ақынды сөгуге де болады, ағаш атқа мінгізіп, есекке теріс мінгізуге де болады. Еш шара табылмас. Ақындық тағдыр, ерекеше пешене. Бұғалыққа көнбейтін асау жүрек. Бірақ бұл – ғұмыр. Ақынның ешкімге ұқсамайтын өзіндік ғұмыры. Ал ақындардың атасы Абай хәкім «Ғұмыр өзі – хақиқат» депті. «Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмалат жоқ» деп қысқа қайырыпты. Серік Ақсұңқарұлы кабинетте отырып алып «күйдім, сүйдім» де өтірік өлең жазатын ақындардың қатарынан емес. Платондық махаббат оған мүлде жат. Құдайдың өлшеп берген Ғұмырын белшесінен кешіп барып, сан жығылып, сан тұрып, күйіп, өліп-өшіп сүйіп барып Өлең жазатын ақын. Сондықтан да онда кәмалат – даму, жетілу, шексіздікке ұмтылған өсу бар.

О да бір ойран кез еді.

Өртендім – күйдім.

Егілдім – cүйдім, лақылдап.

Жанымның жасын кезеңі,

Өзімнен көшіп, өлеңде қалды –

Лапылдап!

Шынайы өлеңнің дүниеге келуінің шынайы архитектоникасы осындай-ақ болар.

Ақын – ұлт рухының жоқшысы. Ол көбіне символдармен, метафоралармен сөйлейді. Ол ілкі бір жинағында асқақ үнмен «Қазақ деген - Кенесары, денесі бар, басы жоқ» деп жазып еді. Енді қазақтың өр рухының символы Кейкі батырдың басы туған жерге оралып, Торғай топырағынан мәңгілік мекен тапқанына шамырқана қуанған ақын рух шақырады, жүз елу жыл отаршылдықта еңсесі түсіп езіліп кеткен қазақтың басын көтеріп, бағзыдығы бабаларындай мұрттары көкке шаншылып, Тәңірден ғана қуат тілеуін қалайды:

Бас келеді баса көктеп ғасырды,

Әлихан мен іздеп Қаныш... Қасымды;

Қарай бермей жаутаң-жаутаң ауыңа,

Көкке қарай көтер, қазақ басыңды.

Ақын палитрасы – сан алуан: бояуы қанық, реңкі түрлі-түрлі. Алайда сол түрлі-түсті, өмірдің өзіндей қайталанбас, қайта келмес суреттердің ішінде ақын жүрегіне ыстық, аяулы бір бейне бар. Ол – Туған жер деп аталатын кішкентай ғана планета. Ақын қай құрылықта, қай ендікте ғұмыр кешпесін, ақын үшін барша барлықтың бастауы, кіндік қаны тамған, кіндігінен байланған осынау ғажайып әлемге оралады да отырады:

Туған жер!

Туған топырақ!

Қарашы менің көзіме:

Жұмыр жер жырын оқып ап,

Құсша ұшып келем өзіңе...

Тау баласы – тауға қарап өседі, орман баласы - жерге қарап өседі, ал дала баласы – Күнге қарап өседі. Ақын жырларындағы асқақтық, өрлік, барлық жер шарын, бүкіл адамзатты жүрегіне сыйғызған кеңдік, және, ең бастысы, адамдарға деген, жалпы жаратылыс иелеріне деген шексіз махаббат – бәрі-бәрі ақын шыр етіп дүниеге келген, топырағынан – тәні, ауасынан – жаны құйылған Туған жерден.

Айранын анам іш десе,

Зәмзәм суына бергісіз.

Кіндігім саған түспесе

Кім болатыным белгісіз.

Бір қызығы, Ақын өскен орта – бірыңғай жазық дала емес, далиып жатқан Сарыарқаның ұсақ шоқыларының ішіндегі ең биігі – Қызыларай тауы, найзадай көкке қадалған Ақсораң биігі, төбеңнен төніп, бұл әлемде биіктік бар екенін сәт сайын есіңе салып тұратыр Шатырша тауы. Бала Серіктің көзін арбап, таңғажайып сұлулығымен тәнті еткен, ақын жанын тербеп, тынышын алып, мазасыз, тынышсыз, азапты өлең өлкесіне қарай перзентін жолға салып жіберген де осы құтты мекен.

Дауыл сырын... сезініп, дәуір сынын,

Құстай ұшу пендеге – ауыр, шыным.

Қайда ұшсам да көзге оттай басылады,

Қызыларайда қалып қойған қауырсыным.

Табиғаты тұтас тұнған лирик ақындар бар. Серік Ақсұңқарұлы олардың қатарынан емес. Серікте сезімнің пернелерін дөп басып, жүректі елжірететін лирика да бар, атой салып, алпыс екі тамырыңды дүр сілкіндіретін азаматтық, саяси, әлеуметтік поэзия да бар. Ақиқаттың алдында барып жүгінетін болсақ, ақын өлеңдерінде соңғысы басымырақ сияқты. Бұл қасиет қанмен келген, бұрнағы жорық жырауларынан қалған, шартпа-шұрт ұрыс даласында, ердің құны екі ауыз сөзбен шешілетін қоян-қолтық кескілескен майданда туындайтын жыр-толғауларға көбірек ұқсайды. Әттең-ай, дейсің, кейде ішіңнен, заман қайтып келмейді, өгіз аттай желмейді: Серік ақын кейде терісіне сыймай, бойдағы ыстық қанын игере алмай, іштегі запыранын тыңдайтын, құлақ асатын жан таба алмай қиналғанда: Абылайдың заманында туғанда Бұқар жырау болар едім, қайтейін, құл-құтан билеген заманда тудым-ау деп, өзегін өкініш өртейтіні бар. Жақсылар аяққа тапталып, жамандар төрге шыққан, ақыл-парасат емес, ішек-қарын билеген, өзін керексіз сезінген заманды ақын шартты түрде Мұнай заманы деп атайды.

Күнім түсіп қайдағы бір жаманға, -

Өзек жалғар талшығымда табам ба?

Өмір сүрген мендей ақын бар ма екен,

Мұнай деген құдай болған заманда.

Ақын риторикалық сұрақ қойып отыр. Түсінген адамға өлең астарында ақынның жан айқайы естіледі, жеке ақындық драмасы: сөздің құнсызданып, материалдық игіліктің (мұнайдың) төрге шығуы, жанан тәннің озуы, ертең шіріп, боқтан да сасық болатын дененің мәңгі өлмейтін жанға шексіз билік жүргізуі – көрініс береді.

Көктей өтіп Көк Түріктің өр елін,

Өз елімді келді-ау, нұрға бөлегім.

Иномаркалардың маторларында,

Бензин болып жанып кетті өлеңім.

Иә, абсурдтық жағдай. Өлең ешкімге керек емес. Жұрт жаппай дүниемен дос болып, өткінші дүниенің ауруымен ауруда. Не істемек керек? Мұндай абсурдтық жағдайда қалай өмір сүруге болады? ХХ ғасырдың майталман ойшылы, жазушы Альбер Камью: өмір абсурдты болған сайын, адамның ұлылығы арта түседі депті. Әсіресе бұл сөз тұла бойы тұнған сезім ақындарға арналған секілді.

Тыныш жүрмей,

Несіне осы аһ ұрдым,

Ақтамберлідей –

Арқама аруақ шақырдым?!

Керегі жоқ мынау елге ақынның,

Керегі жоқ, ақын түгіл, батырдың!

Алпысымда ақыл кірмей мен осы,

Нені жазып, нені шатып жатырмын?

Иә, сөз жоқ, қиын жағдай. Жұртқа өлең керек жоқ екен деп өлеңнен (өзіңнен) бас тарта алмайсың. Ақын да пенде: жұрттың «бәрекелді!» дегенін жақсы көреді, өлеңін жұрт шулап оқып, жатталып, ауыздан ауызға көшкенін жаны қалап тұрады. Ешкімге керек болмай қалған ақын небір эксперименттерге барады, оқыс метафоралар арқылы өзінің жағдайын жұртқа жеткізгісі келеді. Қоғамнан опа таппаған ақын Өзін өтпей қалған Кәрі қызға теңейді. Оқып отырып еріксіз жымиясың, әрі ақынға жаның ашып, аяйсың.

Шерлімін.

Мені келіп жұбатады енді – кім?

Алпыста да сыңарына жолықпай,

Үйде отырған кәрі қызбын мен бүгін.

«ХХ ғасырдың ХХ сәтін» жазған ақын сол бетімен сол ғасырда замана көшіне ілесе алмай қалып қойған жоқ. Әлем поэзиясының жауһарларын еркін меңгеріп, тұнығынан жүзіп ішкен ақын модернге де, тіпті, керек болса, постмодерндік өрнектерге де батыл қадам жасайды. Дүние боқ қуған заманда сөзі ешкімге керексіз болып қалған ақын сабырын жоғалтпай сол заманның өз тілінде сөйлеуге үміт артады. Жұрттың бәрі кітаптан жеріп әлеуметтік желіге көшкенде, ақын да жыр көшін осы бекетке қарай бұрады. Бірақ қоғамға өтпей қалған Кәрі қыздың (поэзияның) бұл талпынысы да сәтсіз болып шығады; тауаны қайтып, маңдайы тасқа тиеді. Кәрі қыз қай жерде де Кәрі қыз болып қала беретінін жетесіне жетіп барып түсінеді.

Бұ тағдыр төсекте сан өксітті,

Көтеніме қойып қойып көпшікті.

Facebook деп аталатын Еркекке,

Тигім келген...

О да Оңбаған боп шықты!

Алайда, қанша жерден қоғамға налығанмен Ақын өз кредосына адал, үддесін (миссиясын) жақсы біледі. Сонау Күлтегін заманынан бері тартып елдің ақыл-ойы, пайымы мен парасаты болып келген, елдің басындағы бағын қызғыш құстай қорғап, көзінің қарашығындай сақтаған Ақындар табының белді өкілі, жүйрік ақыл-ой, терең сезім, кестелі, бейнелі Сөз зергерлерінің заңды мирасқоры Серік Ақсұңқарұлы өзінің Ел алдындағы міндетін, парызы мен қарызын терең сезінеді.

Дәлдүріштер миды ашытты,

Жазғандары тақпақ құр.

Өлең емес, шатпақ – бұл!

Күлтегіннің көзінің қарашығындай,

Менің жырым мынау елдің ділін,

Үнін сақтап тұр!

Серік Ақсұңқарұлы – диапазоны кең, айтары мол, парасаты терең, астарлы, сырлы жырдың иесі. Оның поэзиясын талдап тауыса алмайсың. Ең дұрысы – оқу! Оның поэзиясы оқырманды еліктіріп, қызықтырып өз әлеміне қарай жетелейді де отырады. Ең бастысы – ақын поэзиясы елдің ертеңіне бейжай қарай алмайтын, сүйіне де күйіне де білетін ойлы, парасатты оқырманды тәрбиелейді. Сол себепті ақынның бұл жаңа жыр жинағы қоғамға тигізер игі пайдасы тұрғысынан лайықты бағаланып, Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық деп есептеймін.

Бөлісу:

Көп оқылғандар