Көптен бері гүл сыйламай жүргенің...

Бөлісу:

16.10.2020 4240

ЭДЕЛЬВЕЙС

(Гүл туралы аңыз)

Қазақфильмнің қарағайдай мүйізі қазақ(ша) көрермендердің көгілдір экранын көкке көтеріп тұрған шағындағы туған долана деген жеміс туралы көркем фильмді барлығымыз көргенбіз. Сондағы, еңбек демалысына шығуға жеті-ақ күн қалған есепші қарттың Алатаудың биігіне өрмелеп, қар арасынан әлгі аталған шынашақтың басындай ғана жемісті іздейтіні бар. Сосын, жаман шалының денсаулығына алаңдап, бәйек қаққан кемпіріне: «Долана адам жасын ұзартып, жасартады» дейтін еді. Айтпақшы, киноның аты да «Долана» болатын. Әрине, бүгінгі күннің желісімен түсірілген дүниенің аңызға құрылмайтыны белгілі. Сондықтан да, шал іздеп жүрген жеміс ешқандай қиялдан тумайтыны анық. Әмбе, қағаз сияқты әр жерде шашылып жатса, «алтынның» несі алтын деп те ойлайсың. Осындай жеті қат көкпен қол алысып жататын өсімдік туралы аңыз ежелгі Гректерде де бар.

Аңызды былай бастамақпыз. Жүрекке әмірлік жүргізе алмайсың. Өз жүрегіңе. Ал, сүйте тұра өзгенің жан дүниесін жаулап алу... Эдельвейс! Адал махабаттың дәлелі ретінде, бозбалалар сүйген қызына Альпі тауларының құзар шыңында ғана өсетін эдельвейс гүлін сыйлаған. Кейбір жерлерде, көне аңыздағы Прометейді шынжырлап қойғандағыдай сұр жартаста өсетіндіктен, эдельвейсті «прометей гүлі» деп те атайтын көрінеді. Және теңіз деңгейінен 1700-2300 метр биіктікте өсетін бұл гүл, сонау Порметей заманынан гүл атаулының такаппары, ханшасы саналса керек.

Бұл туралы аңызда бар. Өте ерте заманда сұлулығы жұрттан асқан, сонысына қарай арманы да асқақ бір қыз өмір сүріпті. Сол жүрегі жылудан ада ару: «Кім-де кім маған бір құшақ эдельвейс сыйласа, соған тұрмысқа шығамын»,- деп жалпақ жұртқа жар салыпты. Қиялындағы, құшағына эдельвейс букетін алған сұлудың нәзік саусақтарын еппен ғана алақандарына қондырған, қалың топты қақ жарып өтіп бара жатар бақытты сәттерін елестеткен қаншама ержүрек бозбалалар, бірінен соң бірі көз ұшында мұнартып қана көрінетін мұзарт шыңның биігіне қарай аттанып жатты. Бірінен соң бірі құр қол қайтып жатты. Тіпті, алға жылжуға күш-қайраты түгесілген, кері қайтайын десе жігіттіктің жамбасына өр намысы жебедей қадалып, талай ердің шыбын жаны жартастың арасынан көкке көтеріліп бара жатты.

Қар жамылған биігіне шыңдардың,

Сары аяздан сарай соққан өзіне.

Өсуші еді эдельвейс мыңдардың,

Арманы боп елестейтін көзіне.

Қарап қалар кезі ме?

Талай ерлер, бес қаруын сайланған.

Сыйламақ боп хас аруға сол гүлді

Кетіп жатты, өтіп жатты өмірден...

Құр қол қайта оралғаны қаншама,

Намысына нәлет айтып алайда,

Талай ерлер сонда өлді...

Хош, сонымен қыз айтқан шартынан қайтар емес. Жігіттердің де жігерлісі жетерлік. Арада асығып айлар, жылжып жылдар өткенде баяғы сұлудың қолына, мына жалған дүниеден саңыраудың тыңдағысы, соқырдың көргісі келіп өтетін, жұмбақтардың жұмбағы болып келген эдельвейстің бір букеті тиеді. Алайда, гүлді әкелген жігіт сезімдінің жүрегін жаралап; түнде ұйқысын, күндіз күлкісін иемденіп келген сұлуды әйелдікке алудан бас тартады. Өйткені, оның қарсы алдында кемсеңдеген кемпір тұр еді.

Аңыздың соңы:

...Маған өмір берілген жоқ ғасырлық –

Қас-қағым сәт сезу үшін бақытты! – деп аяқталуы да ғажап емес.

БІР ШОҚ ГҮЛДІҢ ЖҰМБАҒЫ

Біздер осы гүлдің адамдар арасындағы қасиетін бағалай аламыз ба? Әрине, сүйгеніңе, туған күн иесіне, күнтізбеде көрсетілген мереке кейіпкерлеріне гүл сыйлау – қалалық қазақтарда қалыптасқан үрдіс. Алайда, сол шоқ гүлдердің сыйлаған адам жүрегіндегі бағасы, басқа бір адамға сыйлау керек болғасын сыйлай салған сувенир деңгейінде ғана болмай ма? Бала кезде сарғайған жапырақ, әбден қурап біткен гүлдердің қаңқасын әпкелеріміздің қоңыр блокнотының арасынан талай көргенбіз. Бұл олар үшін жазылмаған сағыныш хаттары еді. Бірақ, қазіргі адамдардың, әсіресе, жастардың қияли дүниелерге бекер сене бермейтін заманында сезімдер мен сезімдердің ортасындағы дәнекер іспетті қып-қызыл розалар өз маңызын жоғалтып бара жатыр-ау деп ойлаймын. Оныншы март күні біздің студенттер жатақханасының артқы жағы қураған гүлдерден көрінбей жататын...

«Бір шоқ гүл» (орысша атауы букет) сөзі француз тілінен аударғанда, «әдемі гүлдердің жиынтығы» деген мағынаны білдіреді екен. Ал, үнділердің ұлттық танымында, гүл жер бетінде әдемілік пен қош иіс үшін емес, сүйген адамыңа махаббатың етіп сыйлау үшін жаралған делінген. Белгісіз орыс ақынының бір шумақ өлеңі бір шоқ гүлдің қасиетін былай баяндайды.

Ты как давно не даришь мне цветов,

Все время их дарить необходимо.

Букет цветов раскажет мне без слов,

Что я тобою все еще любима.

(Көптен бері гүл сыйламай жүргенің,

Басқалардың ауып маған аңсары...

Өзің сынды тіл қатпайтын ... сол, шоқ гүл,

Махаббат боп оятатын, таң сәрі!)

Адамзат баласының, әрбір заттың түр-түсіне байланысты наным-сенімдері қай замандардан басталғаны беймәлім. Әйтеуір, тым арыдан басталса керек. Алайда, солардың бірнешеуі бүгінге дейін өз маңызын жоғалтпаған. Мәселен, қызыл түс – от-жалын, бостандық пен адал махаббатың символы. Сары түс – өмір, қуаныш, неке, рахат пен кәріліктің символы болып келеді. Ал ашық-сары түс – көзге шөп салу мен қызғаныштың символы болып келеді. Тіпті, ашық-сары түс туралы көнк араб аңызы да халық ауызында әлі сақталған. Ол мынандай болатын: 612 жылы Мұхамед израильдіктерге қарсы жорыққа аттанады. Күйеуі жоқта үйде қалған әйелі Айша, жас араб жігітімен көңіл қосады-мыс. Алайда, өсекпен қоректенетін ұзын құлақтардың «әйелің көзіңе шөп салды» дегендердің сөзіне Мұхамед сене қоймапты. Бірақ, «әйеліңе қып-қызыл роза гүлін сыйлап байқа» деген ұсыныстарынан бас тарта алмайды. Сондағы қып-қызыл роза гүлдің сыйлыққа тартылғаннан кейінгі сыры мынада болса керек – егер, роза сарғайып кетсе, Айшаның адал болмағаны. Сонымен не керек, Мұхамед сыйлаған гүлді қуана қабылдаған байғұс әйел, өліп қалмасын деген ниетпен оны апарып суға салып қоймай ма. Ал, таңертең оянған Мұхамед гүлдің ашық-сарыға ауысқан түсімен қоса, әйелдің өзіне адал еместігіне көз жеткізіпті-мыс. Содан бері, ашық-сары түс адамдардың өзіне бір-біріне адал еместігінің белгісі болып қалыпты дейді. Қазақ та, ақ түс адалдықтың белгісі десе, қараны қаралы түс, жаман ниеттің белгісі деп түсінеді. Сары түс те сайтани түс болса керек, әйтеуір, оны да көп жақтыра қоймасы анық.

Көрнекісурет: Д.Синицын "Классический букет"

Бөлісу:

Көп оқылғандар