Көз жасымен құм илеп

Бөлісу:

13.11.2020 4931

Күншығыстың мұқитында арал бар,

Құм жағаны жалғыз кезіп бойлаймын.

Көзден тамып құм үстіне маржандар,

Құйттай ғана

Шаянменен ойнаймын.

Жапонияның алыс аралдарынан Токиоға арман арқалап келген ақынның маржан жырларының бір парасы осылай өрбиді. Бұл жапон халқының ұлттық әніне айналып кеткен жыр. Жапон поэзиясының інжуі – танка үлгісі. Өзімізге икемдесек «бестаған» деп атар едік. Жыр иесі – жапон поэзиясының жарық жұлдызы, азалы ақыны Исикава Такубоку. Бұл күнде Такубокудың қабірі басында да осы жыр қашап жазылған-ды. Исикава қарапайым тәсілмен күрделі образ жасауға, аз сөзбен көп ой айтуға қол жеткізген талант. Оның жазғандарынан әркім өзін тауып отырар еді. Исикава өлеңдерінің басты ерекшелігі де осы. Оның бітімі бөлек танкалары менің де жандүниеме соншалық жақын. Сырлы, аса нәзік, нәзіктігінің ағысында жойқын қуат пен жарылыс бұғып жататын өлеңдерін оқығанда, алыс таулардың арғы жағында, алып өзендер бойында қалған балалығымды еске аламын. Көзінің маржаны құмға төгіліп, теңіз жағасында шаянмен ойнап отырған бала Такубокумен ортақ бір нәзіктік табамын. Теңіз толқынының жартасқа соғылған дауысынан қарлыққан, бастыққан жалғыздықты сезінемін. Шер көкірек Исикава өзі айтқандай «Көз жасымен құм илеп» өткен ақын. Құм жағасындағы жалғыздық оның жұмбақ жырларының бір кілті тәрізді. Оның атағын алысқа шығарған да осы – «Бір уыс құм». Осы топтама да ол анасының суретін құм бетіне салғанын жазады, «Оның жүзі қайғылыға ұқсады, Мен ұқсадым жетімге» деп түйінделетін соңғы үш тармақ оның ауыр тұрмысынан дерек береді. Ол осылай бір уыс құмнан тұтас өмір галереясын сомдайды. Өлі құм. Сұрғылт әлем. Көз жасы. Жаралы ана. Қайғылы әке. Қорғансыз бала. Құм – мола. Құмнан дестелеп қазып алған тот басқан пистолет. Және үнемі қайталанып отыратын құмды қорғасындай қайнатқан ыстық көз жасы. Міне сәбидің саусағынан сусыған құмдай төгілген маржан жырда, Такубокудың өмірі мен шығармашылығын алма кезек өріліп отырады.

Исикава Такубокудың өмірі туралы сөз болғанда көз алдыңа Сұлтанмахмұт Торайғыровтың тағдыры елестейді. Екеуін де жоқшылық діңкелеткен. Екеуі де қорғансыз, дәрменсіз. Кедейліктің кесірінен тауып алған құрт ауруы да екеуінің өміріне нүкте қояды. Өмірге деген құштарлықтары мен ғылымға деген адалдықтары, гуманисшыл ұстанымдары да екеуін бір жерден тоғыстырады. Исикава 1886 жылы 20 ақпанда Жапонияның қиыр солтүстігіндегі Хаккаидо аралының шағын ауылында дүниеге келген. Оның әкесі буддисттік діни қызметкер. Мэйджи дәуірінде буддистердің канондарына алғаш рет ресми түрде үйленуге және балалы болуға рұқсат етілген, бірақ сол дәуірдің адамдары бұл жаңалықты қабылдай алмаған еді. Сондықтан да ол көп уақытқа дейін әкесінің заңсыз ұлындай күй кешіп жүрген. Ол әулетінің жалғыз ұлы болатын. Әкесі оған Хадзиме (Тұңғыш) деген ат қояды. Такубоку оның алғаш рет 1903 жылы қолданған әдеби бүркеншік аты. Ол әлем әдебиеті тарихында осы есіммен қалды. Ол Сибутаимидегі бастауыш мектепте, содан кейін Мориокадағы орта мектепте білім алды. Бала күнінде жиі ауырып қалатын әлжуаздығы болғанымен, еңселі, ер мінезді болған деседі, мектепті де керемет оқыиды. Әдебиетті жақсы көреді. Алғашқы танкаларын мектеп партасында жаза бастайды. Ауыл тұрғындары оны «Құдай айрықша сый барген бала» деп әспеттейтін. 1901 жылы мектептің санасына сия бермейтін қағидаларынан тіксініп қалған ол, оқуын тастайды да, 16 жасында Токиоға жол алады. Онда оны арпалысты күндер күтіп тұрған еді.

Былай қарасаң бәрі де сәтті басталған сияқты. Токиода «Жаңа поэзия қоғамы» журналына қызыметке тұрады. Алғашқы өлеңдері «Таңғы жұлдыз» (Шолпан) журналына басылып, әдеби ортаға таныла бастайды. 1905 жылы оның «Күту» жинағы шыққанымен, шығармашылық әлемінде үлкен із қалдыра алмайды. Оның үстіне жұмысын жаңа бастаған, табысы аз таланытты тіршілік тәлкек қылғанын қоймайды. Күйсіз тұрмыс денсаулығын мұжып, аштықпен арпалыса жүріп ауруға шалдығады. Амалсыз еліне қайтқан ол, өзінің он бес жылдан бері жақсы көретін көршінің қызына үйленіп, бала сүйеді. Мектепте сабақ береді. Роман жаза бастайды. Дегенмен тіршіліктегі жетіспеушілік қыр соңынан қалмайды. Өмір сүру қиындай береді. Отбасын артық шығыннан құтқару үшін әкесі үйінен кетіп қалады. Бұл Такубокуға қатты ауыр тиген еді.

1908 жылы Токиоға қайта оралған Такубоку өмірге қайта келгендей шығармашылық тұрғыдан жаңаша түлей бастайды. Повестер, көптеген әдеби-сын, публицистикалық мақалалар, жүздеген өлеңдер жазады. Еңбектену, өсіп-жетілу жолын жалғастыра отырып, әлеуметтік-саяси мәселелерге де араласа бастайды. Өлеңдері де бұрынғы Такубокудыкі емес еді. Өскен, өркендеген жаңа поэзия болатын. Орыс классиктері Толстой, Тургенев, Достоевский ақынның ашқан жаңа әлемі. Батыс әдебиетін де ерекше ынтамен қабылдаған. Жапон танкасын адам талабы бойлай алмас биіктік пен тереңдікке көтере бастауы осы жылдары еді. Оның бойындағы бұл бұлқыныстың қуатын ешкім тауып айта алмас, дегенмен, оның қиыр солтүстіктегі алып теңіз жағасындағы жалғыздығының, іриәсіз, боямасыз тазалығының бояуы әрдайым шығармашылығына сәуле төгіп тұрғаны анық.

1910 жылы «Бір уыс құмы» жарыққа шыққасын, материялдық жағыдайы жақсара бастайды. Көп ұзамай ауылдан отбасын, әке-шешесін қасына алдырады. Бірақ соңынан көлеңкедей ербеңдеп қалмаған жоқшылық, қайырылып алдынан шығады да отырады. Ауыр тұрмыс кеудесіндегі ескі дертті асқындыра түседі. Сүйтіп бүкіл отбасына туберкулез тарай бастайды. Алдымен кішкентай ұлы, содан кейін анасы қайтыс болады. Анасының өлімінен кейін бір айға жуық шамада, 1912 жылы 13 сәуір күні, 26 жасында Ишикава Такубокуда осы өкпе дертінен өмірден озады. Екінші қызы ақын қайтыс болғаннан кейін екі айдан кейін өмір есігін ашқаныменен, жыл өтпей ол да тұл жетім қалады. 1913 жылы мамыр айында Такубокудың жары Сетсукода дүниеден өткен еді. Жапондар күні бүгінге дейін сәуір айын Такубоку айы деп атайды. Ақынның қайтқан күні атаусыз қалған емес. Сәуір көктемнің құлпырған шағы. Жылдың басы. Такубокуде Жапонияның демократиялық әдебиетінің бастауы. Жаңа әдебиеттің көктемі болып қастерленеді.

Өлді сәби, сүйдім қолын

Өз қолымды кесе алмай,

Жатқандай ол

Жалғыз өзі

Мың жұмбақты шеше алмай.

Бұл күнде ақынның туған жері Мориоканың маңында Иват тауының төбеcінде Такубокуға арналған мемориалдық кешен орналасқан, ол елге «Такубоку бо: ке: но ока» деген атпен белгілі. Яғни, «Такубокуды еске алу төбесі» (啄木の望郷の丘). Төбе теңіз деңгейінен 350 метр биіктікте. Онда ақынның Иват тауынан өзінің туған өлкесі Мориоканың сұлу келбетіне мұңдана қарап тұрған еңселі ескерткіші қойылған. Ескерткіш маңындағы он тасқа ақынның туған жер туралы танкалары ойылып жазылған. Мориока станциясы ғимаратының төбесіндегі қала аты да Исикава Такубокудың қолтаңбасымен бедерленген. Ғимарат алдындағы алып тасқа ақынның өлеңдері бәдізделген. Ақынның туған үйі, жұмыс істеген мектебі мемориялық мұражайға айналған.

Төрт күн бұрын осыдан

Ұйықтап жатып, жылаймын.

Жылаймын да, түсімде –

Керіседі екенмін

Өзіменен құдайдың.

Танка – жапон тілінен тікелей аударғанда қысқа өлең деген мағына береді. Жапон ойшылы Сураюки (IX-Xғ.) танкаға «Адам жүрегінің түп тамы» деп баға берген. Бұндай қас-қағым сәтте жүректің жан тамырын дүп басатын сиқырлы поэзияның қуатын сезіну үшін, өмірге жапон болып қана келу керек шығар. Әйткенмен танканың еркін табиғаты қазақ шүңетінен алыс та емес. Адам сезімі шырқау шыңға көтерілгенде, адам қиялы мен ақылы оны бейнелеуге дәрменсіз қалады, ондайда таным тек үнсіздікті ғана талғажу етеді. Міне осындай бір сәттік ерекше күйден туған ауыр үнсіздіктің демінен танка булығып шығады. Дәстүрлі жапон танкалары 5 тармақтан, 31 буыннан құралады. Өлең ешуақытта 5-7-5-7-7 үлгісінен айнымауы шарыт. Ал хайку осы жанрдың алғашқы үш тармағынан (5-7-5) бөлініп шығып, жеке жанр ретінде дамыған поэзия үлгісі. Жапон әдебиетінде Исикава Такубоку танка жанрын жетілдірген, дамытқан тұлға ретінде бағаланады. Ол өзінің «Бір уыс құм» жинағында танкаға формалық өзгеріс енгізеді. 5 тармақ, 31 буындық классикалық танка үлгісін, 3 тармақ, 21 буынға дейін қысқартады. Мазмұндық жақтан ол жапонның көне танкасын жаңа заманғы жапон тұрмысымен астастырып, танканың өрісін кеңейтеді. Осы ерлігі үшін де ол жапон танкасынң атасы саналатын тұлға. 1910 жылы жапонның сотциялистік идеядағы зиялы қауымы, үкіметке қарсы астыртын ұйым құрып, билікті тартып алып, жаңаша үкімет жасақтамақшы болады. Бұл іс әшкере болып барлығы тұтқындалады. Жапония тарихындағы мұндай үлкен саяси қозғалыс ақынның шығармашылығына да қатты әсер еткен. Ол осыдан соң өзінің танкаларына саяси бедер, әлеуметтік астар енгізе бастайды. Бұл да жапон поэзиясындағы айтулы жаңалық болып саналады. Осы уақытқа дейін бірде бір жапон шайыры Такубокудың шынайы шеберлігіне қол жеткізе алған емес. Ол замандастарының өлең туралы қатып-семген, өзгермейтін көзқарастарына қарсы тұрды. Танка туралы тұжырымында: «Мен поэзия классикалық нормаларға сай болуы керек деген пікірді ұстанбаймын. Бүгінде күнделікті тіліміз тым қарабайыр, әлсіз, поэзия тілі бола алатындай дәрежеге көтерілмеген деген пікірлер бар. Олардың дәлелдері де салмақты, бірақ мұндай тұжырымдар өзінің қате пайым екенін әлі-ақ көрсетеді. Біздің ақындар өлеңді қымбат әшекей бұйым ретінде, ал өздерін қатардағы адамдардан ерекше жаратылған тіршілік иесіндей сезінеді. Содан кеп жапондықтардың сезімі жұтаң, тілін нәрсіз санайды. Бұл өзіңді өзің қорлаумен тең ғой. Біздің өлеңдеріміздің формасы «Манъёсю» заманынан бері сақталып келеді. Бірақ бұл форма өзгермейді деген сөз емес. Біздің бүгінгі танкаларымыз бүгінгі өмірдің тынысы болуы керек. Сонда ғана ол ертеңгі ұрпақпен бірге жасай алады». Осындай батыл ойларынан кейін ол дәстүрлі танка жанрынан бас тартады. Оның танкаға қойған жаңаша талабы. Дәлдік. Тұнықтық. Ықшамдылық. Халықтық, тұрмыстық жапон тілінің орынымен шебер қолдану. Осының бәрін гүлдей нәзіктік пен қылыштай өткір поэтиканың үйлесімділігіне бағындыра білу.

Жоғарыда баян еткен «Бір уыс құм» оның осы көзқарастарының дәлелі. Және ол жапон танкасын биік бір белеске көтерген жинақ. Оған ақынның 551 өлеңі кірген. Жинақ бес бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі «Өзіме деген махаббат жырлары». Оған ақынның өз өмір-тіршілігі туралы 151 өлеңі кірген. Екінші бөлім «Түтін» балалық шақ естеліктері мен туған жер сағынышы туралы өлеңдері топтастырылған. Үшінші бөлім «Күзгі жел әуендері» табиғат туралы және достары туралы жырлары жинақталған. Төртінші бөлім «Ұмтылыс» негізінен Хаккайдо сапарынан жазылған өлеңдерін қамтиды. Соңғы бөлігі «Қолғапты шешу» Токиодағы өмірінен жазылған өлеңдер. Қайтыс болғаннан кейін 1912 жылы шыққан «Қаралы ойыншықтар» жинағы өмірінің соңғы жылдарында жазылған мұңлы, қасіретті, жан жарасы жазылмаған өлеңдері. Оған 194 өлең кірген. Ол өзінің бір эссесінде соңғы өлеңдерін тағдырымен ойнаған «қаралы ойыншықтарға» теңейді. Ақынның кітабы осы негізде қойылған.

Ұмыта алман мұңлық қызды,

Ұмытпаймын

Мұңым көп.

Ойнаушы еді ол үңгіп құмды

Көз жасымен құм илеп.

Жапонияның алыс аралдарынан Токиоға арман арқалап келген ақынның маржан жырларының ақырғы парағы осылай жабылады. Бұл жапон халқының ұлттық әніне айналып кеткен азалы жыр. Киелі ұғым.

Исикава Такубоку өлеңдерін аударған Өтежан Нұрғалиев.

Көрнекісурет: еркін ақпарат көзінен алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар