Әлия Бөпежанова. Қобыз күйдің сарынына елітіп...
Бөлісу:
Гүлманат Әуелхан жырлары туралы
«Қазақтың екінің бірі ақын» дейтін ауызекі мәтел бар. Бұл бекер де емес. Өйткені, жалпы қазақ баласы қара сөзге, қара өлеңге, поэзияға құмар, жаны сұлулыққа жақын. Сондықтан да болар, бүгінгі таңда әдебиетпен айналысу, оның ішінде жыр жазу – тіршілік көзі бола алмайтынына қарамастан кейінгі буындарда да, жастардың арасында жыр әлемімен тыныстайтындар жетерлік. Мерзімді баспасөз болсын, ғаламторда болсын жарияланатын өлеңдер де көп. Тәуелсіздік кезеңінің өзінде ақындардың жинағы көп жарық көрді. Егер статистикалық зерттеулер жүргізілсе, бұл пікіріміз шындыққа шығарына кәмілміз. «Алуан түрлі жүйрік бар, әрқайсысы әліне қарай шабады», демекші, солардың бірі - Гүлманат Әуелхан. Оның жырларын республикалық баспасөз және ұжымдық жыр жинақтарынан оқыған едім. Ал, оның шығармашылығын толығырақ қарастырғанда ақын әлемімен танысқандай болдым.
Гүлманат 1980 жылы Қытай Халық республикасының Тарбағатай аймағы, Толы ауданында дүниеге келіпті. Атажұртқа 2004 жылы оралған. Республикалық, халықаралық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. 2010 жылдарға дейін белсенді жарияланғанға ұқсайды. Қазіргі кезде еркін шығармашылықпен айналысады екен.
Ақын өмір-тағдыры оның жырында болары белгілі. Гүлманат ақынның да лирикалық кейіпкерінің өмір-тағдыры жырларында тұр. Оның шығармашылығында туған жерге деген махаббат, сағыныш және, әсіресе, ақын жүрегіне салмақ түсіретін, қарама-қайшылықты ойлар да тудыратын жазылмайтын жарасы - туған жер мен туған ел арасында екіұдай тіршілік кешуінен туындайтын жырлар маңызды орын алады.
«Туған ел мен туған жердің арасы,
Жүрегімнің жазылмайтын жарасы.
Сенбесеңдер жанарымның ішінде,
Тұнып жатқан айдын көлге қарашы...»
деген алапат сағыныш ақынның «Мен Алтай шыңында өскен шынар едім», «Тарбағатай», «Ер Оспанның рухы өр Алтайды кезіп жүр», «Мен кім едім?», «Кіндігім қаны төгілген», «Біздің ауыл», «Әже сені сағындым», «Тағы да сағыныш», «Ғаппардың соңғы монологы», т.б. жырларында көркем жырланады. «Бейбарыстың мұңы немесе жусан жұпары» атты көлемді жыры да осы рухтас. Бұлар туған жерге деген сағынышпен қатар сол өлкеде туған, ел үшін етігімен су кешкен батырлары туралы, елдік рух туралы көркем жырлар. Онда ақынның ғана емес, халқымыздың құрамдас тарих-тағдыры да жатыр.
Кей шақтар ұялап бір жаныма мұң,
Сан ойдың жүлгесімен сабыламын.
Айрылдық біз өзіңнен жеті мәрте,
Қарт Алтай -- қасиетті шаңырағым.
Гүлманат жырлары ақын атаулы үшін маңызды компоненттердің бірі - ұлттық топырағы құнарлылығы, бейнелі ойлау, өмір-ғаламды образбен тани білуімен ерекшеленеді. Оның қай жырында да мына дүние-ғаламның әр сәті бейнелі көрініске айналады. Лирикалық кейіпкердің сабырлы болмысы, жан дүниесі ашылады. Ақын жырларының басым көпшілігі махаббат тақырыбында – құр «күйдім-сүйдім» емес, ақындық дүниетанымы, қуаныш-мұңы, қайғысы, жарқылы, қысқасы, арман-мұраты мөлдіреп тұрған жырлар. Ақынның көне түркілік бастауларға тартатын жырлары – қуатты поэтикасын танытады. Мысалы, ғасырлар көшіндегі Жыраулар поэзиясының рухы бар «Махамбет мақамымен» жазылған мына бір жырында күтпеген тұстан, өзгеше түйін жасайды.
Қара шашымды жайылтып,
Қара көзімді жұмылтып.
Қыпша белімді бүгілтіп,
Аузымнан жалын төгілтіп.
Ақ моншағымды үзілтіп.
Сенің мені құша алмасың белгілі...
Жалпы Гүлманат жырларының поэтикалық қуаты мол. Күтпеген теңеулер. Бұл ретте «Құрдымына құла мұңның құладың», «Ақылымда шөгіп жатыр нарқайғы», «Алтыннан шапан жамылып, Теректер тұрды теңселіп», «Ақ жауын жауса сіркіреп, Көк пенен жердің сүйісі», т.б. мысалдарды молынан келтіре беруге болады. Бейнелілік аясы кең, қаныққан ұйқастар, шумақтар.
«Қыңсылайды кеудемде күшік қайғы,
Ал сәулелер жанымды ұшықтайды.
Көкке ұшып жоғалған өр рухым,
Жерден алған тәлімін пысықтайды.»
«Сабырсыз сайтан ойым желігеді,
Ит тірлік сүйегімді кеміреді.
Қобыз күйдің сарынына елітіп,
Күңіреніп түн іштім...»
Көрнекті жазушы-драматург А.Сүлейменовтің «Адасқақ» циклында «Түн ақты» дейтін контексті керемет бай теңеуі бар. «Түн іштім» дейтін ақын Гүлманатта «түн» сөз-ұғымына байланысты бұдан басқа да қаншама теңеу, мағыналық құбылтулар бар. «Тұлпарын түннің тағалап» дейді ол. Тағы оқысақ, «Төгілтіп қара шашын түн келеді», «Тұмшалап қара көрпеге, Тұтқындап алды – қара түн»,» «Жанарыма қамалды да дара түн», «Қыстың ұзақ қап-қара табыт түні», т.б.
Ақын жырларында «сағыныш» сезім-ұғымы да ерекше орын алады. «Маңдайымды төседім самал желге, Сағынышқа малынған сананы өпкен», «Ләйлі жүрек сарғайды сағынудан», «Дала жатты сағыныштан жүдеген, Төркініне жете алмаған қызға ұқсап», «...Сағынышыма малынып...», т.б.
Ақын шығармашылығынан шыққан-өскен топырағының құнары, қазақтың көкжиегі кең де салиқалы дүниетанымы, табиғатпен егіздігі ең бастысы өзі Табиғат-құдыреттің бір бөлшегі екені анық танылады. Оның, мысалы, «Даланың әні» сияқты жырлары оқырманын Ә.Қастеевтің, Қ.Телжановтың, М.Кенбаевтың туған ел, туған жер табиғаты мен тынысын беретін картиналарын көргендей, Н.Тілендиевтің сазды да мұңлы әндерін тыңдағандай сезімге бөлейді. Өмір туралы, өмірдің өткіншілігі, бәлкім, табиғаттың мәңгілігі, ізгілік пен зұлымдықтың бітіспес тайталасы туралы ойларға қалдырады.
Тыраулап ұшып тырналар көкте барады,
Қия алмай сыңсып қамысты көлі қалады.
Бұрқырап көкте қарасұр бұлтың жұлқысқан,
Отымен жайдың сабалап кейде алады.
Гүлманат ақын жырларын сүйсіне оқыдық, қуандық. Және де «... өмір құнын сезімімен өлшеген...», «...жанымды өлтірмейтін өлеңімді, келемін жаныма әйтеуір қуат қылып» дейтін оның болашағына үлкен самғау тіледік. Ал, алдағы уақытта ақынның ізденіс аясын бұдан да кеңейте түсуіне, өмірдің өткен мен бүгінді болашаққа жалғайтын сөзсіз жасампаздығына үңіле түсуіне тілек қосар едік. Мүмкін болса жан дүниесіндегі қайшылықтардың тұтқынында қалып кетпеуіне, өмірдің қым-қиғаш құбылыстарына тереңірек үңіле түсіп, жаңа бір кезеңіне шығуына да...
Алматы
қараша, 2020
Бөлісу: