Жан-Поль Сартр. Жабық есіктің ар жағында (жалғасы)
Бөлісу:
Эстель. Ах иә, өз ішіңде... Бірақ ол бұлдыраған түсініксіз нәрсе. (Пауза.) Жатын бөлмемде алты айна бар. Мен оларды көремін, көрем оларды. Бірақ өзімді көрмеймін. Айнадан төсек, кілем, терезе көрінеді... Өз бейнең жоқ айнадан бос не бар екен? Біреумен сөйлескен кезде, солардың бірінен көрінетін жерге отыратынмын. Сөйлеп отырып, өзімнің қалай сөйлейтінімді көрем. Бірақ өзімді басқаның көзімен көремін де, ол менің көңілімді көтеретін. (Үмітсіз.) Ерін бояйтын помадам! Мен, шамасы, қисық бояған шығармын. Айнасыз қалай күн кешпекпін!
Инэс. Қажетсінсеңіз, сіздің айнаңыз мен болайын? Сізді өзіме шақырамын. Менің диваныма келіп отырыңыз.
Эстель (Гарсэнді нұсқап). Бірақ... Инэс. Мынаған назар аудармай-ақ қояйық.
Эстель. Өзімізге жаман болар – өзіңіз солай дегенсіз.
Инэс. Сіз шынымен мені өзіңізге қастық ойлайды деп қорқасыз ба?
Эстель. Кім біледі...
Инэс. Жамандық маған мына сенен келеді. Болса болсын. Егер шынымен азап шегу керек болса, сен-ақ соған себепші бол. Отыр. Жақынырақ. Тағы да тая. Көзіме қара: өзіңді көрдің бе?
Эстель. Тарыдай ғанамын. Өзімді әрең көріп отырмын.
Инэс. Мен сені көріп тұрмын. Тұла бойыңды түгелімен. Қоя бер сұрақтарыңды. Кез келген айнадан адал боламын.
Эстель, қысылыңқырап, көмек сұраған кісіше Гарсэнге бұрылады.
Эстель. Мырза! Мылжыңдап кедергі келтіріп отырған жоқпыз ба?
Гарсэн жауап қатпайды.
Инэс. Жайына қалдыр оны. Ол енді жоқ, екеуміз ғана қалдық деп ойла. Қане, сұра.
Эстель. Ернімді дұрыс боядым ба?
Инэс. Тоқта... Дұрыс болмай қалыпты.
Эстель. Өзім де біліп ем. Құдайға шүкір, ешкім... (Гарсэнге жалт қарайды) ...көрген жоқ. Қайта боянайын.
Инэс. Енді жақсы болды. Жоқ. Ерніңнің жиегін айналдыра. Маған қара. Иә, сөйтіп, солай. Дұрыс.
Эстель. Бағана кіріп келгенімдей тартымды болды ма?
Инэс. Асып түсті: қанық әрі дөрекілеу. Нағыз тозақтың ерні болып шықты.
Эстель. Гм! Жарасып тұр ма? Өзім көре алмайтыным өкінішті. Әдемі екеніне сөз беріңіз.
Инэс. Сізден сенге көшсек қайтеді?
Эстель. Әдемі екеніне сөз бер.
Инэс. Сен сұлусың.
Эстель. Ал сізде талғам бар ма? Тап мендегідей талғам бар ма? Бұл бір ақымақтық болды...
Инэс. Сенде бар талғам менде де бар, өйткені сен маған ұнайсың. Жақсылап қара маған. Күлші. Мен де сүрепетсіз емеспін ғой. Айнадан артық емессің деші қане?
Эстель. Әйелге сен деуге батылсызбын.
Инэс. Әсіресе пошта қызметкеріне, аңғарғанымдай. Маңдайыңдағы не? Бұл не қылған қызыл дақ?
Эстель. Қызыл дақ? Масқара! Қайда?
Инэс. Иә! Мен суық торғайлардың айнасымын: менің кішкентай суық торғайым, торыма түстің! Қызарған ештеңе жоқ. Титімдей де. Айна өтірік айтқысы келсе не болады екен? Немесе көзімді тарс жұмып, саған қараудан бас тартсам: өз сұлулығыңмен не істер едің? Қорықпа: көзімді бадырайтып ашып қарауым керек, саған. Және айтқаныңнан шықпаймын. Бірақ сен мені сен деуің керек.
Пауза.
Эстель. Мен саған ұнаймын ба?
Инэс. Өте!
Пауза.
Эстель (Гарсэн жақты иегімен нұсқап). Ананың да маған қарағанын қалаймын.
Инэс. Иә, әрине, өйткені ол еркек қой. (Гарсэнге.) Сіз жеңдіңіз.
Гарсэн тіл қатпайды.
Қарасаңызшы мынаған.
Гарсэн үнсіз.
Ақымақ болмаңыз: сіз бағанадан айтылған сөздің бірде бірін бос жіберген жоқсыз.
Гарсэн (кенет басын көтеріп). Иә, әрине, бірде бірін: құлағымды бекер бітедім, бағанадан бергі былшылдарыңыз ойымнан шығар емес. Жайыма қалдырыңыздаршы. Сіздерде еш жұмысым жоқ.
Инэс. Сонда сұлуға да мойын бұрмайсыз ба? Әдісіңіз белгілі болды: керги түссем, өзі-ақ назар аударады деп ойлайсыз.
Гарсэн. Жаңа ғана өтіндім ғой, жайыма қалдырыңыздаршы. Редакцияда мен туралы айтып жатыр, соны тыңдағым келеді. Сосын андағы сұлуыңыз, ұмытпаңыз, мені титімдей де қызықтырмайды.
Эстель. Рахмет.
Гарсэн. Сізді өкпелеткім келген жоқ...
Эстель. Маңызды емес!
Пауза. Олар бір біріне қарсы қарап тұрады.
Гарсэн. Былай ғой! (Пауза.) Үндерің шықпасын деп өтіндім.
Эстель. Мынау ғой бастаған. Мен бұдан ештеңе сұрағам жоқ, айнасымен бірге жабысты да қалды.
Инэс. Иә, сен ештеңе сұраған жоқсың. Тек мынаны өзіңе қарату үшін қылмыңдадың да қалдың.
Эстель. Сөйтсе не бопты?
Гарсэн. Естеріңіз дұрыс па? Мына түрімізбен қай жерге дейін барарымызды бір құдай білсін. Өшіріңіздерші үндеріңізді. (Пауза.) Қане шәй деспей өз-өз орнымызға барып, көзімізді жұмып, мұнда өзімізде басқа біреудің барын ұмытуға тырысайық.
Пауза. Ол отырады. Қалғандар сенімсіз басып өз-өз орындарына барады. Кенет Инэс жалт қарап.
Инэс. Ұмыту? Баланың тірлігі! Сіз тап ішімде отырғандайсыз. Үнсіздігіңіз ащы айқайдай құлақты жарып барады. Мейлі аузыңызды жабыңыз, тіпті тіліңізді кесіп тастаңыз, бірақ ол сіздің осында болуыңызға кетергі келтіре ала ма? Ойыңызды тежепп көріңізші қане? Бәрі бір сағат секілді тықылдап басымда тұр, білем, менікін де сіз солай сезіп отырсыз. Диваныңызда қаққан қазықтай қата қалғаныңыз бекер, сіз – барлық жердесіз; тіпті дыбыстар да анық келіп тұрған жоқ, өйткені оны сіз де тыңдап отырсыз. Тіпті бет-жүзімді де ұрлап алдыңыз: оны сіз көресіз, өзім көре алмаймын. Ал анау? Сіз менен оны да ұрлап алдыңыз: егер екеуміз ғана оңаша қалған болсақ, ол менімен тап осылай дөрекі сөйлесе алар ма еді? Әрине, жоқ! Бетіңізді бүркемеңіз, бәрі бір сізге тыныштық бермеймін, армандамай-ақ та қойыңыз. Сіз мұнда сезімсіз, мүлгіген Буддаға айналсаңыз да, мен жұмулы көзбен-ақ оның сізге әлсіз дыбыс беріп, тіпті көйлегінің сусылымен арбап, сіз көрмейтін жымиыс жолдап отырғанын сеземін... Олай болмайды! Өз тозағымды өзім таңдауға еріктімін: мен сіздерді көзден таса қылмай, ашық күресемін.
Гарсэн. Жарайды. Бұған нүкте қоятынымызды біліп едім. Олар бізді бала сияқты көрген екен. Егер мені еркектердің ортасына қосқанда... еркетер үнсіз қала алады. Бірақ көп нәрсе талап етудің не мәнісі бар? (Эстельдің жанына жетіп барып, иегінен шап береді.) Ал қане, сұлуым, мен саған ұнаймын ба? Сен маған көз сүзді дейді ғой?
Эстель. Жоламаңыз баған.
Гарсэн. Ба! Бәрін өз-өз орнына қояйық. Білесің бе, мен әйелдерді өте жақсы көрдім. Олар да менен кетәрі емес еді. Өзің ойлашы, аянар ештеңеміз қалған жоқ. Көлгірсудің не керегі бар? Арамызда бөтен ешкім жоқ. Кешікпей шылаушындай жалаңаш кейіпке енеміз.
Эстель. Жайыма қалдырыңыз.
Гарсэн. Шылаушын секілді! Ал мен сіздерге ескерткем. Сіздерден бейбітшілік пен үнсіздіктен басқа ештеңе сұрағам жоқ. Құлағымды бітеп алдым. Гомес редакцияның ортасына шығып алып сөйлеп жатты, басқа журналист-достарым құлақ түрді. Бәрі де пиджаксыз. Мен олардың не айтып жатқанын білгім келген, бірақ оңай болмады: жердегі оқиғалар өте тез өтеді. Сіздер үндеріңізді өшірмедіңіздер. Енді әрине, бәрі бітті, ол екінші қайтара сөйлемейді: оның мен жайлы не ойлайтыны өз ішінде қалды. Сондықтан, соңына жетуіміз керек. Жалаңаш шылаушындай: кімдердің қасында отырғанымды білгім келеді.
Инэс. Сіз оны білесіз, Гарсэн. Енді білесіз.
Гарсэн. Әрқайсымыз не үшін сотқа тартылғанымызды мойындамайынша, ештеңе біле алмаймыз. Блондинкадан бастайық. Не үшін? Айтшы, бізге, не үшін; сенің шынайылығың бізді апаттан сақтамақ. Қане, сөйле!
Эстель. Айттым ғой, сіздерге, ештеңе білмеймін. Олар маған ештеңе айтқысы келмеді.
Гарсэн. Түсінікті. Олар маған да жауап бергісі келмеген. Бірақ мен өзімді білемін. Сен алдыман айтуға қорқасың ба? Жарайды. Мен бастайын. (Пауза.) Мен анау айтқандай момақан емеспін.
Инэс. Түсінікті нәрсе. Білеміз, дезертирлік жасағаныңызды.
Гарсэн. Әңгіме онда емес. Оны ұмытыңыз. Әйелімді азаптағаным үшін осында жіберді. Бар болғаны сол. Бес жыл бойы. Әрине, ол қазір де қиналыс үстінде. Әне ол: өзі туралы айта бастасам, бірден көзіме көрінеді. Мені Гомес қызықтырғанымен, көретінім анау. Гомес қайда? Бақандай бес жыл. Осындай жағдай – олар әйеліме менің заттарымды қайтарып берді; ол болса менің пиджагымды алдына алып, терезенің алдында отыр. Он екі тесігі бар пиджакты. Қан іздері тат секілді. Жыртықтың айналасында қатып қалған. Ха! Музейдегі жәдігер, тарихи пиджак. Сосын оны мен кидім! Ол жылар ма екен? Сен жылайсың ба? Шылқа мас келдім, құдды батпаққа аунаған шошқа секілді, үстімнен шарап пен әйел исі мүңкіп тұрды. Ол мен түні бойы күтті; жылаған жоқ. Және бір ауыз тіл қатпады, әрине. Тек көздері... Тана көздері... Мен еш өкінбеймін. Анда қар жауып жатыр. Ақыры жыларсың, мүмкін? Азап тарту бұл әйелдің артықшылығы.
Инэс (жұмсақ үнмен). Сіз неге оны азапқа салдыңыз?
Гарсэн. Өйткені ол бір болмашы ғана әрекет. Оның көңіл-күйін бұзуға бір ауыз сөз жеткілікті-тін – өте сезімтал еді. Бірақ сені ешқашан сөкпейді. Мен деген барып тұрған күйдіргімін. Күттім, әр жолы күттім. Жоқ, не бір тамшы жас, не бір ауыз сөгіс жоқ. Мен оны өзеннен алып шықтым, түсінесіз бе? Ол далаға қараған күйі пиджакты сипалап отыр. Саусақтары соқыр қимылмен тесіктерді іздейді. Нені күтіп отырсың? Неден үміттісің? Айттым ғой, еш өкінбеймін деп. Былай ғой: ол маған өте таң қалуда. Сізге бұл, әрине, түсінікті шығар?
Инэс. Жоқ. Маған таңқалған емес.
Гарсэн. Тіпті жақсы. Сізге жақсы болған. Текке назарыңызды аударған болуым мүмкін. Мен сізге бір қызық оқиға айтайын: бір мулатканы қасыма тұрғызып алдым. Қандай түндер еді! Бірінші қабаттағы әйелім бізді естіп жататын болуы керек. Ол ерте тұратын – ал біз түске дейін жатамыз – сөйтіп бізге таңғы асты төсегімізге әкеліп беретін.
Инэс. Оңбаған!
Гарсэн. Иә-иә, оңбаған, бірақ сүйікті. (Шеттетілген кісіше.) Жоқ. Гомес қой ол, бірақ ол мен туралы айтып тұрған жоқ... Сіз «оңбаған» дедіңіз. Сайтан алғыр, ондай болмасам бұл жерде не қылып отырмын? Өзіңіз ше?
Инэс. Мен, әлгі не деуші еді, қарғыс атқан әйелмін. Біліп қойыңыз, сол кезде-ақ қарғыс атқан еді. Сондықтан аса таңқалғаным жоқ.
Гарсэн. Сол-ақ па?
Инэс. Жоқ а, Флоранспен арадағы оқиға және бар. Бірақ ол өлілер туралы оқиға. Үш өлік туралы. Әуелі ол, сосын ана екеуіміз. Ол жерде енді ешкім қалған жоқ, көңілім тыныш – бөлме ғана. Мен оны кейде көремін. Пердесі жабулы бос бөлме. А! Мөрді алды-ау ақыры. Жалға бермекші... Есікке хабарландыру жапсырған. Бұл... күлкілі.
Гарсэн. Үшеуміз? Сіз үшеуміз дедіңіз бе?
Инэс. Үшеуміз.
Гарсэн. Бір еркек, екі әйел?
Инэс. Иә.
Гарсэн. Солай деңіз! (Пауза.) Ол өзіне қол салды ма?
Инэс. Ол ма? Өйту оның қолынан да келмейді. Оның үстіне өз кінәсінан жапа шеккен жоқ. Жоқ, трамвайдың астына түсіп өлді. Қандай күлкілі! Мен олармен бірге тұрдым, туысқан ағайым еді.
Гарсэн. Флоранс блондинка ма еді?
Инэс. Блондинка? (Эстель жаққа жалт қарайды.) Білесіз бе, ештеңеге өкінбеймін, бірақ осының бәрін сіздерге айтып отыру маған оңай емес.
Гарсэн. Содан, ары қарай? Ол сіздерді әбден мезі қылды ма?
Инэс. Иә, біртіндеп. Бірде анау, бірде мынау... Мәселен, қатты ішетін – стақанға түкіретін. Болмашы бірдеңелер. Жолы болмаған бір осал адам еді. Неге күлесіз?
Гарсэн. Өйткені өзім ондай емеспін.
Инэс. Көрерміз. Мен Флорансты дұғалап тастадым: ол анаған менің көзіммен қарайтын болды. Сөйтіп ақыр соңында менің қолымда қалды. Біз қаланың келесі бір шетінен бөлме жалдадық.
Гарсэн. Содан соң?
Инэс. Содан соң әлгі трамвай... Екеулеп оның көзін құртқанымызды үнемі шегелеп айтып отырдым. (Үнсіздік.) Зығырданым қайнап тұр.
Гарсэн. Иә. Мен де.
Инэс. Жо-жоқ. Сіз ашулы емессіз. Бұл мүлдем басқа жайт.
Гарсэн. Нақты не сонда?
Инэс. Оны сізге артынан айтамын. Ал ашуланатын себебім: өмір сүруім үшін басқаның азаптанғаны керек. Алау. Жүректегі алау. Жалғыз қалсам, сөне бастаймын. Оның жүрегінде алты ай алауладым: ондағының бәрін өртеп тауыстым. Бірде ол түн ішінде тұрып, газды ашып тастаған екен, оның сөйтеріне күмәнім жоқ-ты. Сөйтті де қайта келіп қасыма жатты. Бітті, сонымен.
Гарсэн. Хм!
Инэс. Не?
Гарсэн. Ештеңе. Күмәнді іс.
Инэс. Күмәнді, тағы не?
Гарсэн. Иә, сіздікі жөн. (Эстельге.) Кезек сенікі. Сен не істедің?
Эстель. Айттым ғой, мен ештеңе білмеймін.
Гарсэн. Жарайды, көмектесейік саған. Анау бет-аузының мылжа-мылжасы шыққан кім?
Эстель. Қайсы?
Инэс. Өзің біліп тұрсың. Осында келгенде алдымнан шығар ма екен деп қатты қорыққан кісің.
Эстель. Бір танысым.
Инэс. Одан неге қорқасың?
Эстель. Мені тергеуге еш құқықтарыңыз жоқ.
Инэс. Ол сенің кесіріңнен өзіне қол салды ғой?
Эстель. Жоқ, есіңіз дұрыс па сіздің!
Гарсэн. Онда неге одан қорқасың? Ол не, өзін-өзі самайдан атты ма? Содан ғой түрі адам танығысыз болып қалғаны?
Эстель. Доғарыңыз, доғарыңдар!
Гарсэн. Саған бола, сенің кесірің!
Инэс. Сенің кесіріңнен атылып өлді!
Эстель. Жайыма қалдырыңыздар! Мен сіздерден қорқамын. Менің бұл арадан кеткім келеді. Кеткім келеді!
Жүгіріп есікке барып, тұтқаны жұлқылай бастайды.
Гарсэн. Кет. Өзім де соны армандап тұрмын. Бірақ есік сыртынан құлыптаулы.
Эстель қоңырауды басады. Қоңырау соғылмайды. Инэс пен Гарсэн қосыла күледі. Эстель оларға бұрылып, есікке жабысып тұрып қалады.
Эстель (баяу әрі сыбырлай сөйлеп). Сіздер нашар адамсыздар.
Инэс. Әрине, нашармыз. Оның сенің кесіріңнен атылып өлгенін анықтадық қой. Ол сенің көңілдесің бе еді?
Гарсэн. Түсінікті ғой, көңілдесі екені. Және ол бұның тек өзіне ғана тиесілі болғанын қалады. Солай ма?
Инэс. Ол тангоны кәсібилерше билейтін, бірақ, шамасы, кедей болды ә?
Гарсэн. Сенен ол кедей ме еді деп сұрап тұр.
Эстель. Иә, кедей еді.
Гарсэн. Сәйкесінше сен өзіңнің бет-беделіңді сақтауың керек болды. Бірде ол саған жалбарынғанда, сен онысын күлкіге айналдырдың.
Инэс. Солай ғой? Мазақ қылдың ғой? Ол содан кейін өзіне қол салды ғой?
Эстель. Сен Флорансқа осындай көзбен қарадың ба?
Инэс. Иә.
Пауза. Эстель күледі.
Эстель. Бәрі бір таппадыңдар. (Есікке сүйенген күйі екеуіне қарап тұр. Сүлесоқ әрі оқшырая) Ол менен бала сүйгісі келді. Разысыңдар ма?
Гарсэн. Ал сен бас тарттың.
Эстель. Иә, сөйттім. Бала бәрі бір дүниеге келді. Бес айға Швецарияға кеттім. Ешкім ештеңе білген жоқ. Қыз таптым. Ол туғанда Роже қасымда еді. Ол қызды аңсаған. Ал маған керегі жоқ еді.
Гарсэн. Ары қарай?
Эстель. Балконымыз көлге қарайтын. Мен үлкен бір тасты алдым. Ол: «Эстель, өтінем, жалбарынам», - деп айғайлады. Мен оны жек көріп тұрдым. Ол бәрін көрді. Балконнан су бетіндегі сақиналарды көрді.
Гарсэн. Ары қарай.
Эстель. Бары сол. Мен Парижге қайттым. Ал ол ойына алған нәрсені істеді.
Гарсэн. Атылып өлді?
Эстель. Әрине. Бірақ өйтудің еш мәнісі жоқ-ты: күйеуім ештеңеден күдіктенген жоқ. (Пауза.) Мен сендерді жек көрем. (Көзінен жас шықпай жылайды.)
Гарсэн. Әуре болма. Мұнда көзден жыс шықпайды.
Эстель. Мен сұмыраймын. (Пауза.) Сендерді қалай жек көретінімді білсеңдер ғой!
Инэс (оны құшағына қысып). Байғұсым-ау! (Гарсэнге.) Тергеу аяқталды. Жендетсімей доғар.
Гарсэн. Жендетсімей... (Жан жағына қарағыштап.) Айнаға бір рет қарау үшін қандай құн болса да төлер едім! (Пауза.) Ыстығын-ай! (Әдеттегідей пиджагын шешіп тастайды.) Ах, кешіріңіз. (Қайта кие бастайды.)
Эстель. Пиджаксыз отыра беріңіз. Ендігісі...
Гарсэн. Иә. (Пиджакты диванға тастай салады.) Эстель, маған ашуланба.
Эстель. Мен сізге ашуланғам жоқ.
Инэс. Ал маған ше? Маған ашулысың ба?
Эстель. Иә.
Үнсіздік.
Инэс. Міне, Гарсэн, енді нағыз тыржалаңаш шылаушынға айналдық. Жеңілдеп қалған шығарсыз?
Гарсэн. Білмеймін. Аздап солай болған да шығар. (Батылсыздау.) Бір-бірімізге көмектесуге тырысып көрсек қайтеді?
Инэс. Мен көмекке зәру емеспін.
Гарсэн. Инэс, бәрі шырмауықтай шырматылып жатыр. Әнтек иек қақсаңыз болды, Эстель екеуміз бірдеңенің екпінін сезсек жеткілікті. Әрқайсымыз жеке-жеке тыпырлағаннан қайыр жоқ: не бірге жеңіліп, не бірге жеңуіміз керек. Таңдаңыз. (Пауза.) Не болып қалды?
Инэс. Олар ақыры өткізді. Терезенің пердесі ашылған, менің төсегімде бір еркек отыр. Олар өткізді, жалға берді! Кіріңіздер, кіріңіздер, қысылмаңыздар. Мына әйел. Бұл ананың қасына барып, иығына қолын артты... Жарықты неге жақпайды, баса ештеңе көрінбей қалды: олар не, сүйіспек пе? Менің бөлмем ғой! Менікі! Жарықты неге жақпайды? Мен оларды көре алмай тұрмын. Не деп сыбырласып жатыр? Шынымен ана әйелді менің төсегімде аймаламақшы ма? Әйел еркекке қазір талтүс екенін, күн шақырайып тұрғанын айтып жатыр. Демек мен соқыр болып қалғам. (Пауза.) Бітті. Ары қарай ештеңе естілмейді де, көрінбейді. Менің басқа дәлелім қалмады. (Қалтырап кетті.) Бос қалғанымды сеземін. Міне, енді мүлдем өліге айналдым. Мен барыммен осындамын. (Пауза.) Бірдеңе дедіңіздер ме? Маған көмектеспекші едіңіздер ғой?
Гарсэн. Иә.
Инэс. Қалай?
Гарсэн. Олардың жоспарын күл-талқан етуге.
Инэс. Оны немен өтеймін?
Гарсэн. Сіз маған көмектесесіз. Сізден көп нәрсе талап етілмейді, Инэс: аздаған ізгі ниет білдірсеңіз жеткілікті.
Инэс. Ізгі ниет?.. Оны қайдан алам? Мен бұзылғанмын.
Гарсэн. Мен ше? (Пауза.) Сонда да талпынып көрсек қайтеді?
Инэс. Мен семіп қалғам. Бере де алмаймын, ала да алмаймын – сізге қалай көмектеспекпін? Қураған бұтақ жылытпайды. (Пауза, бетін басып тұрған Эстельге қарайды.) Флоранс блондинка болатын.
Гарсэн. Мына балақай сіздің жендетіңіз болатынын білесіз бе?
Инэс. Мүмкін, бірақ күмәнім бар.
Гарсэн. Бұл оларға сізді ұстап беруге көмектеседі. Ал маған келсек, мен... мен... мен бұған назар аудармаймын да. Тек бұның тарапынан...
Инэс. Не?
Гарсэн. Бұл тұзақ. Ол сіздің тұзаққа түсер сәтіңізді күтуде.
Инэс. Білем. Сіз де – тұзақсыз. Қалай ойлайсыз, олар сіздің сөзіңізді қайта тәпсірлемеді ме екен? Мүмкін, біз күдіктенбеген тұзақ сонда жатқан шығар. Айнала – тұзақ. Бірақ оған қарайлар жайым жоқ. Мен де тұзақпын. Мынаған құрылған. Мүмкін, алдымен мен түсірермін.
Гарсэн. Сіз ешкімді құрықтамайсыз. Қанша шапқыласақ та, карусельдің аттары секілді біз бір-бірімізді қуып жете алмаймыз. Сеніңіз – олар бүге-шігесіне дейін ойластырған. Қоя қойыңыз, Инэс. Қажеті жоқ. Әйтпесе сіз үшеумізге де бақытсыздық әкелесіз.
Инэс. Мен сонда жемін уысынан шығарып алатын адамға ұқсаймын ба? Өзімді не күтіп тұрғанын білемін. Мен өртенем, әлден өртеніп барам, білем, бұның әрі соңы жоқ; мен бәрін білем – ал сіз мені шынымен де қарсылықсыз беріле салады деп ойлайсыз ба? Ол мендік, ол сізге, Флоранс секілді, менің көзімен қарайды әлі... Бақытсыздық жайлы не айттыңыз? Қайталап айтам: мен бәріне дайынмын, ол үшін тіпті өзімді де аямаймын. Тұзақ! Әрине, мен тұзаққа түстім. Одан келіп-кетер не бар? Оларға керегі осы.
Гарсэн (оны иығынан қапсыра ұстап). Мен сізді аяр едім. Бері қараңызшы. Біз жалаңашпыз. Сүйегімізге дейін жалаңаштандық, мен сіздің жүрегіңізді көріп тұрмын. Біз бір-бірімізге шырмап байланғанбыз: шынымен мені өзіңізге қастық жасайды деп ойлайсыз ба? Ештеңеге өкінбеймін де, шағымданбаймын да; мен де семіп қалғанмын. Бірақ сізді аяуға қауқарым бар.
Инэс (сөзін бөлмеген күйі басын көтеріп). Жоламаңыз маған. Өзіме қол тигізгендерді жек көрем. Өзіңізді-ақ аяй беріңіз. Гарсэн, бұл бөлмеде сізге де тұзақ жетеді. Сізге құрылған! Нақ сізге дайындалған! Сондықтан өз қамыңызды ойлағаныңыз абзал. (Пауза.) Егер қыз екеумізді жайымызға қалдырсаңыз, мен де сізге залалымды тигізбеуге тырысамын.
Гарсэн (оған қарап тұрады да, иығын қиқаң еткізеді). Жарайды.
Эстель (басын көтеріп). Маған көмектесіңізші, Гарсэн.
Гарсэн. Менен сізге не керек?
Эстель (орнынан тұрып, қасына жақын барады). Сіз маған көмектесе аласыз.
Гарсэн. Анадан сұраңыз.
Инэс Эстельдің ту сыртынан жақын келіп, жанаспай, бірақ тым жақын тұрады. Келесі сөздерді ол оның құлағына сыбырлап айтады. Бірақ Гарсэнге қарсы қарап тұрған Эстель тап сұрақты сол қойып тұрғандай жауап береді.
Эстель. Өтінем сізден, Гарсэн, уәде беріп едіңіз ғой! Тезірек, тезірек, менің жалғыз қалғым келмейді. Ольга оны биге жетелеп шықты.
Инэс. Кімді?
Эстель. Пьерді. Олар билеп жүр.
Инэс. Пьер деген кім?
Эстель. Жүрген бір ақымақ. Ол мені жанды суымсың деп еркелететін. Мені сүйді. Ал Ольга оны биге ертіп шықты.
Инэс. Сен оны сүйесің бе?
Эстель. Олар орындарына барып отырды. Ольга алқынып тұр. Несіне билейді екен? Арықтау үшін шығар. Жоқ, әрине. Жоқ, мен оны сүйгем жоқ: ол он сегізде, ал мен кісі жегіш емеспін.
Инэс. Онда ұмыт. Не шаруаң бар?
Эстель. Ол мені сүйді.
Инэс. Саған енді жердегі еш нәрсе тиесілі емес.
Эстель. Ол менікі болатын.
Инэс. Иә, болған... Қане қол тигізіп көрші. Ал Ольга оны құшақтай алады. Рас қой? Рас па? Ол оның қолынан ұстап, тізесінен сипай алады.
Эстель. Ол өзінің толық омырауымен мойнына асылып, бетін бетіне тақап тыныстайды. Балақай-шалақай, байғұс балақай-шалақай, сен неге күлмейсің? Ах, мен жәй ғана жалт қарағанда, Ольга мынаның бірін де істей алмас еді... Ал енді не мынау, мен енді етеңе емеспін бе?
Инэс. Ештеңе. Жерде сенен ештеңе қалған жоқ: бар керегің осында. Қағаз кесетін пышақ керек пе? Әлде қола мүсін? Көкшіл диван да сенікі. Мен де, мен де мәңгі сенікімін, аруым.
Эстель. Солай ма? Мынаның бәрі менікі ме? Ал екеуіңіздің қайсыңыздың мені жанды суым деуге батылыңыз барар екен? Екеуіңіз де маған бола адаспассыздар, білесіздер, менің қоқыс екенімді. Мені ойлашы, Пьер, тек мені ғана ойла, мені қораға: менің жанды суым, менің жаннан артық жанды суым, мен тек жартылай кінәлімін, мен анда, төменде, сенің қасыңдағы жанды сумын. Ол қызанақ секілді қып-қызыл. Бұлай болуы мүмкін емес: екеуміз оның сыртынан талай күлмеп пе едік. Бұл не музыка? Менің жақсы көретін әуенім. А, СанЛуи блюз. Билеңдер, билеңдер. Гарсэн, егер сіз оларды көрсеңіз дарға асылып қалған болар ма едіңіз? Мен оны көріп тұрғанымды ешқашан білмейді. Мен сені көріп тұрмын, Ольга, сенің дудыраған шашыңды, сүйкімсіз күлкіңді, оның аяғын қайта-қайта баса бергеніңді. Күлкіден өлуге болар! Қане жылдамырақ, одан да жылдам! Ол оны тартқылайды, итереді. Әдепсіздік. Тезірек! Ол маған: – Сіз мамықтай жеңілсіз. Қане, қане, - дегені бар. (Сөйлеп жүріп, билеп жүр.) Айтып тұрмын ғой, көріп тұрмын сені. Ал оған бәрі бір, менің қадалған жанарымды аңғармаған күйі билей береді. Біздің сүйкімді Эстель! Не – біздің сүйкімді Эстель? Ах, үнін өшірді. Сен тіпті мені жерлегенде жылаған да жоқсың. «Біздің сүйкімді Эстель» деуін. Онымен мен жайлы сөйлесуге батылы жетіп тұр. Әрненің шегі бар емес пе: билеп жүріп сөйлеу деген қайда оған! Бірақ мынау не?.. Жоқ, жоқ, айтпа оған! Саған оны бердім, көз көрмеске әкет, білгеніңді істе, тек оған айта көрме. (Биін доғарады.) Бітті. Енді ол сенікі. Ол оған бәрін жайып салды, Гарсэн: Роже жайлы, Швейцария сапарын, бала туралы – бәрін жайып салды. Мұңая басын шайқап тұр, бірақ жаңалық селт еткізді дей алмайсың. Енді оны өзіңмен ертіп кетуіңе болады. Кірпіктері найзадай, қызға ұқсайды... Біз енді бақталас емеспіз... Ол мені жанды суым, кристалым деуші еді. Сенің кристалыңның күл паршасы шықты. «Біздің сүйікті Эстель». Сендер-ақ билеңдер! Музыка. Қане, бір-екі. (Билей жөнеледі.) Қас қағым сәтке ғана жерге оралып, бір минут қана билеу үшін барымды берер едім. (Билейді; пауза.) Олардың үні естілмей барады. Тангоға бола жарықты өшірді – сурдинка неге ойнап тұр? Қаттырақ! Қандай алыс! Мен... мен ары қарай ештеңе ести алмай қалдым. Жер менімен қоштасты. Гарсэн, қарашы маған, құшақташы мен.
Эстельдің ту сыртында тұрған Инэс ары тұр деген белгі береді.
Бөлісу: