Үрей толы үйдің құпиясы

Бөлісу:

19.11.2020 5580

Кеш те болса бүгінгі қазақ поэзиясы жаңаша түлеп, жаңаша өркендеп келе жатқан сыңайлы. Бұл ұлт мәдениетінің даму жолындағы табиғи эволюция болғанымен, ұлы дәстүрлік ұғымдар мен танымдарды тым қарабайырландырып алған біздің қоғам үшін әжептауір жетістік деп санар едік. Бүгінгі бір шоғыр алға басар жастардың шығармашылығында сөз еркін өмір сүріп, поэзия еркін тыныс тауып, ой еркін қанаттанып, өзгеше ырғақ пен бітім сомдап жүлгеленіп келеді. Олардың поэзиясы шымыр ұйқас, ұйқаспен үндесіп жататын жалған пафос, пафоспен қатар жүретін фальштен ада. Өткен шақты аласұра аңсау да, болашаққа келсін-келмес барлау жасап, қол сұғуда жоқ. Олардың өткені де, болашағы да – қазір, қазіргі уақыттың болмысы. Шын мәнінде өнерде қазіргі уақыттан күрделі ұғым болмаса керек-ті. Адам талабы өз уақытымен үндесіп, өз илеуін тапқанда ғана кеше мен бүгіннің арнасын сәтті жалғастыра алса керек. Қарапайым сөздер мен қарапайым ойлардың шынайы үйлесімділігі, үйлесім негізінде құрылған нәзік поэтика, биік эстетика қазіргі поэзияның жаны. Олар сол жанның ішінде арпалысып жүр. Олар осы уақыттың ішінде өздерін іздеп жүр. Сол арпалысты толқынның ішінен біз жас шайыр Бауыржан Майтайды да көріп қаламыз.

Жол

Жол

Сен қайда барасың?

Мен қайда барамын?

Мен сені жоғалтып алғандай сезінем,

Адасып қалғандай сезінем,

Жоғалтықым келмейді десе де.

Мен сені іздеймін адасып,

Сен нені іздейсің?

Бабам қанын төккен жол,

Мен сендемін бе?..

Бауыржанның өлеңдерін оқып отырғаныңда тарих сақынасынан сағымдай жөңкіліп көшіп бара жатқан көшпенділер әлемінің көнетоз күмбезін көргендей күй кешесің. Жабырқайсың. Жеңілген тарихыңның алдында мойынұсынасың. Ауыр. «Ертоқым» өлеңінде бұл тақырып барынша ашыққа шығады. Онда кейіпкер өзен жағасында қаңтарылған қайықтай арғы жағаға өте алмай қалған ертоқымды көреді. Кеше атандай азаматтарға патшаның тағындай болған ертоқым, арғымақ аттың үстінде болса асқар таулардан асатын ертоқым, міне, сыңар үзеңгісі салбырап өзен жағасында жатыр. Сіз оған ұзақ қарап тұрсыз. Дәрменсізсіз. Құлағыңа алыс шатқалдан кісінеген жылқылардың дүбірі келер. Дүбірмен бірге ұмытыла бастаған жылқының жұпар иісі соғар. Өлеңнің баяндау желісі қысқа да нұсқа. Артық сөз жоқ. Айтылар түйткілдің бәрі өлеңнің түп төркінінде, ішкі ағысына сіңісіп булығып жатыр. Бейне тостағаныңа толып, шараңнан төгілмей, іште тұншыққан көз жасы сияқты. Кінәсіз көз жасы. Бауыржанның өлеңдерін оқып отырғанда осы бір құрсау санаңа қыл бұрауын батыра түседі. Өлеңдеріндегі ескен желдей еркін ағыс бірте-бірте сүйегіңе сіңіп, көзге көрінбес шеңгелімен жан дүниеңді түйрей бастайды. Жағасы жоқ, арнасы жоқ кәрі өзенде малтығып жүрген жаңқа тәріздісің. Сондықтан ба оның өлеңдері жеңілген көшпенділердің, иен даласының бір пұшпағынан оқыс оянған жаңа өркениеттің көк өрім, көк өскін бүршігі сияқты елес береді. Тым налалы, тым қысасты өскін. Көзін аша сала алдынан қазан ұрып, қар жауып, көк дауыл тұрғандай. Әзірге ол бабаларынан қалған туған топыраққа, шалқар далаға діңін сүйеп, тамырын бекітіп тұр. Болашақта да солай болмақ. Оның өлеңдері өткен мен кеткеннің, бүгін мен ертеңнің, ескі мен жаңаның, қар мен жаңбыр найзаласқан қарашаның аспанындай түнеріп тұрып алатыны содан ба екен дейсің. Оның бұл тақырыбы, жырлау аясы тұтас бір кең тынысты поэмаға жүк болуы да ғажап емес. Әзірге жарық көрген бірнеше топтама өлеңдері соны меңзейтіндей. Ондағы тақырып пен мазмұн, ой мен сезім, образдар, қайталанып отыратын әдепкі шарпысулар үнемі бір-бірімен сабақтасып, салаласып, жымдасып, бірін-бірі толықтырып жатады. Сонысымен де қызық. Бұндай тылсымға шомған қуатты сарынды ақынның «Қызыл өзен», «Шеңбер», «Жеткізуші», «Жолмен сөйлесу», «Кие» сияқты өлеңдерінен барынша терең аңдауға болады. Біз тілге тиек етіп отырған ойлардың ұшқыны оның «Үрейлі үй» топтамасында тіпті айшықтала түседі. Бауыржанның «Үрейлі үйі» санаға ауыр салмақ салатын, хикімет пен құпияға толы назымдар.

Мен үйімде қорқып жатамын,

Қорқып тұрамын.

Еркін болғаныммен,

Бұғауда сияқтымын.

Үйім құлап қалатын секілді,

Қабырғасындағы сызаттар,

Едендегі жарықтар

Аяқ-қолымды байлайтындай көрінеді.

Мені тек үрей билейді.

Ақынның «Үрейлі үй» топтамасының бір қайырымы ғана бұл. Адам түйсігіне артық салмақ салатын бұндай өлеңдерді бірден талдап кету қиын. Неге үй? ол неге үрейге толы? Қабырғадағы сызаттар мен едендегі жарықтар неге қол-аяғыңды бұғаулайды? Ол үйге ұя салған қарлығаш, сайраған бұлбұл, шақырған байғұз, самғаған құстардың дауысы неге үрейлі еркіндікті шақырады? Сұрақ көп әрине. Ақын нені меңзегісі келді екен? Бұндай метафоралар мен символдық ұғымдарды ұтымды пайдалана отырып, оқырманын шытырман қиялдың құшағында қалдыру шын таланттардың кәнігі мінезі. Мұндай өлеңдер көпқырлы сюжеттерді еркін алмастыра отырып, әртүрлі ишаралар арқылы бойын жасырып, ізін суыта түсуімен ерекше. Бірақ, оқып отырып еш жатырқамайсың, ақынмен бірге үрей толы үйдің қабырғасын жағалап, дәлізін бойлап ендей бересің. Есігі мен терезесі бар екенін аңдайсың. Құтты ештеме болмағандай. Демек бұл үй өз ішіңдегі үймен үндесіп жатуы әбден мүмкін. Мүмкін бұл өткен өміріңнің шалығы, қайта соққан елесі. Бұрын бір ашқан есігің, бұрын бір қараған терезең, бұрын бір ойнаған аулаң сияқты таныс маң. Мүмкін бұл біз ұмыт қалдырған табиғи болмыстың бастауы. Түпсанадағы ескі ырғақтардың қағаз бетінен оянуы. Сол оянған жат сәулеге деген таңданыс. Сәуле ішіне жасырынған өзіңнен, қапияда қауышқан өз бейнеңнен туған үрей. Айдың солғын сәулесі түскен алакөлеңкеде, өз бөлмеңнің айнасынан өз тұлғаңды оқыс көріп қап селк ете түсетінің сияқты кеп. Ақынның өзі «Бұл үй ғасырлар бойы жел өтінде тұрды, ғасырлар бойы есік алдынан керуен көшті, сол көшкен керуенмен бірге бұл үйде аңызға толды...»,- деп еске алады. Ғасырлар бойы соққан жел бұл үйді әбден тоздырды, үй туралы аңызды да соққан жел өзімен бірге ұшырып әкетеді де, бұл үй баяғы үрей құшағында қала береді. Соққан жел мен көшкен аңыз ескі жұрттың орнында әлі байыз таппай жүр, бұл қашан тоқтайды дейді ішкі дауыс. Яғни «меннің», кейіпкердің дауысы. Бұл қайталаулар мен риторикалық сұрақтар өлеңді өмірге, бүгінгі әуенге барынша жақындата түскенімен, ақын тура осы жерден кенет бұрылыс жасайды. Үрейлі үйдің тұсынан бір атты кісі «аспаннан аңға құйылған қырандай» шауып өтеді. Біздің кейіпкерге қарап, «кейіпкердің» тілінде сөйлейді, кейіпкер қанша талпынсада түсіне алмайды. Құтты бір саңырау адамның, сөйлеушінің ерін қыбырын аңдығаны сияқты дәрменсіз кейіпте қалады. Осындай ақын да, оқушы да болжап болмайтын аңдаусыз сәттен соң атты адам кері бұрылып құйғыта шабады. Оны ешкім де көріп үлгірмейді. Бейтаныс бейне. Шаң аралас ат дүбірінен «кейіпкер» оны өзіне ұқсатады. Тура осы ұқстау, яғни, «меннің» өзімен табысуы өлеңнің ең жанды жері болуы мүмкін. Тура осы қауышу үрейге толы үйдің төрт қабырғасын қаусатып кетуі әбден. Бұндай астары қалың өлеңде бәрі мүмкін. Бірақ, бұл қауышу сананың тым алыс түкпіріндегі және тым биік нүктесіндегі бір сәттік, лездік қауышу болмақ. Осндай жылт еткен жарқылдан туған өлең ғана артына басқан ізі оттың орнындай сұрақ қалдырып кете алады. Ал лездік түйісулер қашанда мәңгілік ғұмырға жол сілтеп жатады.

Суретте: ақын Бауыржан Майтай

Ақ өлең, яки еркін өлең, ерікті өлең осындай күрделі табиғатымен ерекшеленеді. Оның қойнауы жылқының қартасындай қатпар-қатпар. Кейде бар асылын бойына бүккен иен шатқалдарды елестетеді. Шығыстың қоңыр аюлары аунаған алып шатқалдарды. Өнер осындай сиқырлы соқпағымен қызық емес пе? Бірде Стендальдың «Қызыл мен қарасын» оқып отырғанымда, шығарма ішіндегі бір дәруіштің айтқаны бар «Сөз адамға ойын жасыру үшін беріледі» деп. Осындағы Сөзді өнердің сөзі, өнердің тілі деп қабылдар едім. Айтқыштық, қарабайырлық, сорпа бетіндегі кілкіген майдай көңіл айнытар айшық өлеңнің, өнердің қадырын қашыра түспек. (Бұл жерде Жұмекеннің «Майлы сорпасының» жөні басқа). Өнерге келген әрбір жас өзіне дейінгі «нормаларды» бұзыуға талпынады. Болмаса сол «нормаларды» қалпын бұзбай жалғастырады. Алдыңғысының жолы ауыр. Бел кетер, белдік үзілер. Бірақ аз болсада тиянақты, өміршең өнер қалдыра алары сөзсіз. Омарғазы Айтанұлының «Табиғат философиясы» дастанының соңғы шумақтарында мынадай бір жол бар: «Өлең жолдары күреспен өседі». Майтайұлының поэзиясы туралы шағын ғана талдауымызды Омкеңнің осы дуалы сөзімен түйіндегенді жөн көрдік.

Өлең жолдары күреспен өседі!

Жолаушы, мына жолда күрескен іздер,

Кімнен қалғанын білмейсің,

Кімдікі екенін де дәл солай.

Олар бұрын асқақ таулардың да арқасын қажаған,

Қажаған да жара салған,

Жараға біздер жол деп ат қойдық.

(Жол деп атадық).

Көрнекісурет: Мая Данцига "Тревога"

Бөлісу:

Көп оқылғандар