Мұқағалиды татар тілінде сөйлеткен
Бөлісу:
(Роберт Миннулиннің рухына)
Он жыл көлемінде ғылыми конференецияларда кездесіп, жақын сыйласып кеткен филология ғылымдарының докторы, Ғалымжан Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институтының директоры Ким Миннулинге Мағжанның 125 жылдығын Қазанда атап өту жайында ұсыныс білдірдік. Алаш ақынының көзі тірісінде үш кітабы ғана жарық көрсе, оның екеуі Қазанда басылғанын, алғашқы «Шолпан» жинағын құрастырып баспадан шығарған ұстазы Ғалымжан Ибрагимов екенін білетін Ким Мугалимович біздің ұсынысымызды қолдайтынын білдірді. Сөйтіп, түркі дүниесінің әр өңірінде аталып жатқан қазақ халқының көрнекті шайыры Мағжан Жұмабайұлының 125 жылдығы 2018 жылдың күзінде Қазан қаласында да салтанатпен өткізілетін болды.
Көрікті Қазан қаласына бізді осылайша, Мағжан аруағы жетелеп, сонымен бірге, Татарстанның халық ақыны Роберт Миннулиннің мерейтойы алып келді. Осы сапарымызға дейін татар халқының көрнекті ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері Роберт Миннулинмен жүздеспедік, оның шығармашылығы туралы көп білмедік. Филология ғылымдарының докторы, профессор, қазақ пен татар достығының нығаюына зор үлес қосып жүрген татардың айтулы әдебиеттанушы ғалымы Хатип Миннегулов бізге Роберт Миннулин туралы айтып еді. Ким Мугалимовичтің туған ағасы, мемлекет қайраткері, татар халқына сыйлы азамат деп таныстырған болатын. Алайда әдеби байланыстың болмауынан, біз Роберт ақынның туындыларын қазақ тілінде оқи алмадық.
«Көптілді мемлекет жағдайында туған тілдерді сақтау мен дамыту: бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық форум аясында Татарстанның халық ақыны Роберт Миннулиннің 70 жылдығына арналған «Шығыс пен Батыс ықпалдастығы аясындағы әдебиет пен өнер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысуға Қазақ елінен бірнеше адам қатыстық: Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Астана мәдениеті» республикалық ғылыми-танымдық журналының редакторы, өнер зерттеушісі Серік Оспан; Қазақстан Республикасы ҰҒА А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.д. Орынай Жұбаева; осы инститиуттың ғылыми қызметкері, докторант, ақын Әділет Ахмет; Қ.Сəтбаев атындағы ҚазҰТУ қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Алмас Үдербаев; Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Филология факультетінің деканы, ф.ғ.к., профессор Шолпан Жарқынбекова.
Қазан федералдық университетінде 11 қазанда Роберт Миннулиннің оқырмандарымен кездесуі өтті. Осы жерде ақынның әр жылдарда жарық көрген кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды. Жиында Татарстан, Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Черногория, Қарақалпақстан, Башқұртстан, Мари Эл, Чувашиядан келген ғалымдар, өнер зерттеушілері Роберт Миннулиннің шығармашылығы, татар әдебиетінің дамуына қосқан үлесі жайында пікір айтты.
Келесі күні университеттің салтанат залында халықаралық конференцияның жұмысы басталды. Ғалымдар Роберт Миннулиннің ақындық жолына, шығармаларының жанрлық сипатына, тақырыптық-идеялық мазмұнына, көркемдік қырына талдау жасап, мерейтой иесінің татар балалар әдебиетінің дамуына қосқан үлесіне тоқталды. Түркі елдерінен келген мамандар, Роберт ағаның сыйлас достары түркілік деңгейде осындай жан-жақты мәдени-рухани ықпалдастықтың арта беруіне тілектестігін білдірді. Жасалған баяндамалар арасында филология ғылымдарының докторы, Қазан федералдық университетінің профессоры Ляйля Мингазованың сөзі көптің көңілінен шықты. Ғалым туған татар тілінде Роберт ақын шығармашылығының елеулі кезеңдерін қамтыды.
Роберт Миннуллин – татарға ғана емес, күллі түркі жұртына, соның ішінде қазақ баласына да қадірлі шайыр екенін білдік. Ол ұлтымыздың ұлы перзенті Мұқағали Мақатаевтың ғажап жырларын татаршаға тәржімалап, жеке кітап етіп шығарған. Сондай-ақ, Роберт аға қазақ халқының көрнекті ақыны Нұрлан Оразалиннің де өлеңдерін аударып, жинақ ретінде татар оқырмандарына тарту еткен.
«Шығыс және батыс ықпалдастығы аясындағы әдебиет пен өнер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция «ХХІ ғасырдағы филология және өнертану» атты жастардың ІІ ғылыми мектебінің жұмысымен жалғасты. Бұл ғылыми-танымдық халықаралық жиын алаш ақыны Мағжан Жұмабайұлының 125 жылдығына арналды. Тағылымды шараны Ғ.Ибрағимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институты ұйымдастырды. Татарстан Ғылым академиясының салтанат залында институт директоры Ким Миннулин кіріспе сөзінде Мағжанның жырлары татар халқына, күллі түркі қауымына қадірлі, қазақ ақынының татар шайырларымен шығармашылық байланыста болғаны жайында айтты. Жиын басында Қазақстан Республикасының Қазандағы генералды консулы Е.Тукумов құттықтауын білдіріп, екі халықтың достығын нығайтатын осындай рухани шаралардың маңызы зор екенін жеткізді. Қазақ, татар, башқұрт, қарақалпақ, әзірбайжан ғалымдары Мағжанның шығармаларын талдап, қилы тағдыры жайлы баяндама жасады. Мағжанның кітабын татар тіліне аударып, жеке жинақ ретінде шығарған Татарстанның халық ақыны Радиф Гаташ, әзірбайжан тіліне тәржімалаған профессор, белгілі түркітанушы Рамиз Әскер тамаша әдеби салыстырулар жасап, қазақ шайырының поэзиясын биік бағалады.
Суретте: М.Мақатаевтің Қазан қаласынан шыққан татар тіліндегі өлеңдер жинағы
Конфернцияда арнайы шығарылған «Татар-қазақ әдеби байланыстары және Мағжан Жұмабайұлы шығармашылығы» атты кітаптың тұсаукесері өтіп, жинақ қатысқан қауымға таратылды. Қазақ халқының үлкен досы, профессор Хатип Миннегулов екі әдебиет арасындағы байланыстың тереңде жатқаны жайлы ой бөлісіп, Мағжан позиясының құдыретіне тоқталды. Алаштанушы Орынай Жұбаева Мағжанның лингвистикалық және педагогикалық мұрасын терең талдады. Өнер зерттеушісі Серік Оспан ақын лирикасы жайлы айтып, қазақ халқының ықыласын «Сүй, жан сәулем», «Жұлдызды жүзік, айды алқа ғып берейін» сынды Мағжан сөзіне жазылған әсем әндермен жеткізді. Жас ғалым Әділет Ахмет көңілдегі сөзін жалынды жырымен білдірді. Шараға Қазан қаласында оқып жатқан қазақстандық студенттер мен магистранттар да қатысты.
Алаш ақынын ардақтаған, аруағын қастерлеген, қазақ-татар әдеби байланысты, жалпы түркілік рухани ынтымақтасты дәріптеген ғылыми-тағылымдық жиында екі күн бұрын ғана жетпіс жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өткен Роберт Миннулин мазмұнды сөз сөйлеп, жырларын оқыды. Сол арқылы ол өз құрметін қазақ ақынына білдіруге келді. ХХ ғасырдың басында дәл осылайша Ғабдолла Тоқай, Ғалымжан Ибрағимов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы сынды екі туысқан халықтың асыл ұлдары бір-біріне жыр арнап, мақала жазып, тілектестігін танытып, қалың жұртқа ықыласын, құрметін білдірген шығар деген ойға келдік. Татарстанның халық ақыны, қазақ шайырларының өлеңін тәржімалап, татар тілінде шығарған Роберт аға Мағжанға арналған салтанатты жиында өзі аударған Мұқағалидың «Фаризаға» атты өлеңін тебіреніп оқыды. Қазір осы әйгілі жырды қайта парақтасақ, онда мына шумақ қазақ пен татардың ортақ тағдырын, туған тіл туралы ортақ мұңын Роберт ақын дәл жеткізгенін байқаймыз. ХХ ғасыр басында «Туған тіл» деп жырлаған татар халқының ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың әдебиеттегі ізбасары, қазақтың көрнекті шайыры Мұқағали Мақатаевтың Роберт Миннулин оқыған аудармасында мынадай жолдар бар:
Қасиетін сезем деп Ана тілдің,
Қауырсыны қалмады қанатымның.
Қу тірлікке құл болып, аяң басып,
Құлашымды жая алмай баратырмын.
Ақын өлеңі – туған халқының арман-тілегі, лүпілдеп соққан жүрегінің дүрсілі. Туған тілдің тағдырына қайғырып, қасиетті күрес жолында құлашын жая алмай кетіп бара жатқанын айтқан Мұқағалидің отты өлеңімен идея сабақтастығын, екі туысқан халық шайырларының шығармаларындағы аңсар бірлігін Роберт Миннулин туған татар тілінде тамаша аудармамен жеткізді.
Мағжан Жұмабайұлының 125, Роберт Миннулиннің 70 жылдық мерейтойларының салтанатына барған сапарымыздың қайтар күні Хатип Миннегулов пен Радиф Гаташ ағалар Қазан қаласындағы мұсылмандар зиратына апарып келді. «Тірінің қадірін біл, өлгеннің қабірін біл» деген жазу кіре берісінде ілінген үлкен қабырстанда татар халқының көрнекті ұл-қыздары мәңгілік тыныштық тапқан екен. Солардың ішінде Шихабудин Маржани, Салих Сайдашев, Ғабдолла Тоқай, Шихаб Ахмеров сынды тұлғалардың басына арнайы барып құран оқыдық.
Қонақжай Қазан шаһарымен, меймандос татар бауырлармен қимас сезіммен, риясыз көңілмен қоштастық. Қазақстанға оралған соң, Ким ағаға мынадай мазмұнда хат жолдадық.
Ким Мұғалимович!
Астанаға аман-есен жеттік. Бұл жолы Қазанды бек жараттым, бек жүрегіме жақын орнаттым. Бұл жолы талантты татар халқын жаңаша таныдым, қазақ туғандарына деген риясыз сезімін, адал көңілін жаңаша аңладым. Керемет сезім сыйлаған сіздерге бек зор рахмет айтамыз. Есен болыңыздар, көбейе беріңіздер, көркейе беріңіздер. Апаста алдымыздан шығып татарша жырлаған, татарша билеген балапандар үлкен азамат болсын. Татар байрағы жығылмасын, матур татар тілі өлмесін, меймандос татар халқы жасай берсін!
Осы күнде татар халқының асыл ұлдарының бірі, көрнекті ақын, журналист, аудармашы, ұзақ жыл Татарстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болған мемлекет және қоғам қайраткері Роберт Миннулин фәниден бақиға көшті. Туған тілім, туған татарым деп өткен Ғабдолла Тоқайлардың мәңгілік мекеніне Роберт ақын да аттаныпты. Үш-төрт күн бірге қасында болғанымызда ардақты ағаның қадірі татар жұртына жоғары екенін байқадық. Түрлі кездесулерде, ғылыми конференцияда, Карим Тинчурин атындағы театрдағы салтанатты кеште, Апас ауданында өткен мерейтойылық іс-шараларда, Мағжанға арналған жиында Роберт ағаның өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әндер шырқалды. Риза көңілді оқырманның ықыласы мен жүзінен мейірім нұры төгілген ақынның арасындағы шығармашылық байланыстың куәсі болдық. Ақын болсаң, Роберт ағадай ұлтыңа адал қызмет істе, ақынды қастерлесең, татар ағайындардай төбеңе көтер деген ой түйдік. Роберт ақын біздің есімізде шығармашылық еңбегінің ләззәтін көрген, соның қуанышы мен бақытын татқан адам күйінде сақталады.
Қазақ бауырларының атынан Роберт ағаның топырағы жеңіл, тұрағы пейіш, иманы жолдас болсын деп Ким Мұғалимовичке, туысқан татар халқына көңіл айтамыз. Туған халқын жанындай жақсы көрген, туған тілінің қадірін асқақтатқан, абыройын биіктеткен ардақты Роберт ағаның аяулы есімі татар жұртымен бірге мәңгі жасайды деп сенеміз.
Қайырбек КЕМЕҢГЕР,
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті
Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі
Бөлісу: