Иранбек Оразбаев. Ақын адам еместей...

Бөлісу:

27.01.2021 5687

Ақын Кеңшілік Мырзабеков бұл күнде қазақ әдебиетінің ең жарық жұлдыздарының қатарында тұр. Бүгіні әдеби орта мен жалпы оқырман қауым оны ұлт ақыны ретінде әлдеқашан мойындаған. Уақыттың қатал сынынан өткен ақынның ақжарма жырлары жұрт жүрегінде. Оның атақты «Боз бие немесе тың жыртқан жыл», «Қарлығаш-дәурен» сынды қазақ поэзиясының қуатын көрсететін өлеңдері жыр сүйер жұрттың мерейін тасытқан, жастар әлі де таласып жатқа оқып келе жатқан өлеңдер. Кеңшілік Мырзабеков қазақ поэзиясындағы баллада жанрының үздік өкілі және дамытушысы. Кеңшілік поэзиясынның арғы аңсарынан үнемі ұлттың азаттығы мен елдің тәуелсіздігіне деген құлшыныс пен тарпаң мінез есіп тұрады. Енді міне оның жасампаз жырлары сол Тәуелсіз отанының ұл-қыздарымен бірге өмір сүріп жатыр. Ақынның ең ұлы мұраты осы болса керек-ті. Жуықта ғана еліміздің бас қаласынан ақын Кеңшілік Мырзабековке көше атауы берілетіні туралы қауанышты хабар келіп жетті. Бұл тұтас қазақ әдебиетінің қуанышы деген ойдамыз. Әрі қазақ руханиятының осындай әйгілі тұлғаларын ұлықтауға ықылас таныту әлбетте жақсылықтың нышаны. Осы орайда біз барша оқырмандарды, әдебиетшілерді осы жаңалықпен құттықтай отырып, ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран-Ғайыптың Кеңшілік Мырзабек шығармашылығын пайымдаған мақаласын арнайы ұсынып отырмыз.

...Бәрі – заңдылық. Адам туады – заңдылық. Адам өледі – заңдылық. Жаратылыс заңы – Ұлы заң – ең қатал, қайырымсыз, қатыгез заң. Тумауыңа қалай шараң жоқ болса, өлмеуіңе де солай дәрменсізсің. «Адам басы – Алланың добы»! Хақ бұйрығына қарсы тұра алмайсың!.. Амалдың да, айланың да қолынан түк келмейді. Жалынуың да, жалбарынуың да далбаса!

Алайда, неліктен әлі күн «жазмыштың жазуы осы екен» деп, Адамзат баласы екі қолын төбесіне қойып, тыныс-тіршілігінен безініп баз кешпейді өмірден?! Санасы жетпей ме?! Нендей себептен осы уақытқа дейін беймәлім тылсымға тәуелді тағдырынан түңіліп – күйіс қайырып, хайуан кебін киіп кетпейді?! Ит тірлігін қимай ма?! Жоқ! Қайта аталмыш заңдылықтың құбылыс құрдымын сілкіне саралап, бұл қалай болды өзі, мұны шығарған кім, неткен күш, қандай құдірет деп зерттей қарап, зерделей түсіп келеді...

Міне, ғажап!

Айыбы – жерде, дәрмені шектеулі демесең, байыбына барғанға Адам да құдды Құдай, «мини» Тәңір! Жаратылыс заңына – Ұлы заңға жүгіне, хақ бұйрығына мойынұсына отырып, бұл да – жаратады, жарылқайды, жоқ етеді... - өз заңын шығарады!

Жоқ еткенін айтпалық – артының жақсылыққа апармасын сезіне бастадық қой... Әйтпесе, Адам құдіреті Құдай құдіретінен бір кем емес. Бүгінде – жұмыр жерді жоқ қылуға әбден жарап жатыр... Жер жоқ болса – Галактика жоқ – онсыз Құдайдың өзі де құралақан қалатын шығар – бар қазынасынан жұрдай боп – жалғызынан айрылған абыздай!

Жаратқаны, жарылқағаны емес пе – кешегі тас үңгірде абыройын жаба алмай жаураған Адам ата мен Хауа ананың бүгінгі кең сарайда кемелденген ұрпақтары жердің бетін түгендеп болып, әмісе момын Байқоңырды миллион жылғы өлі ұйқысынан оятып, ғарыш кемелерімен Айға, Айдан да әріге күн-түн демей кісі жөнелтіп жатса!..

Жаратқаны, жарылқағаны емей не – шөлді көлге, тасты гүлге, даланы қалаға, қаланы «жұмақ жайына» айналдырып бітірсе?!

...Жаратқаны, жарылқағаны емей не дерсіз - өзі өліп жатып өлшеулі өмірін мәңгі өлмес өлең-жырының арқауы етсе?! Бұдан артық Адамнан не талап етуге болады?! Қанша «құдай» еді дегенмен, Адамның аты – Адам – Пенде ғой, әрі кетсе – Ақын...

Ал, Ақынды «құдай» емес деп көріңіз?!

«Табаным талай шоқ басып,

Қып-қызыл отқа күйді ерін.

Тарпаң ем, тағдыр ноқтасын

Салғызбай басқа сүйредім.

Салғызбай қайда барайын,

Артық деп едің мен кімнен.

Кең еді дүние сарайым,

Қор болмасына сендім мен...».

Ия, оның дүние сарайы кең еді...

Аты да Кеңшілік-тін...

Әдетте, Адам жер бетіндегі кеудесінде жаны бар бітім-болмыстың күллісі тәрізді, қай кезде, қайсы нәубеттен өлетінін білмейді. Ажал – Ғайып, Өлім – тылсым... Дей тұрғанмен, Ақын қашан, қалай дүние салатынын білетін сыңайлы. Дәл қай күні екенін тап басып айытпаса да, алдын ала ақырының келер жағын сезетін сияқты. Ақын – Адам еместей бейне. Сенбейсіз бе?.. Онда Ақынның жырларына жүгінелік.

«Пендеге біткен дүние,

Байлық па, бақ па, бәрібір,

Көзіңнен бір күн ұшады –

Тағдырдың берік заңы бұл...»

Ақын алдын ала, өмірін бастамай жатып, әлденеден секем алады. Бұл Кеңшіліктің жиырма жасында жазған өлеңі. Хош деңіз!

«Өлімнің бәрі бірдей ме?

Жо-жо-жоқ, оған қарсымын.

Мен өлсем ертең гүлдейді

Тамырым мен менің талшығым...»

Бұл жыр да сол жылдардағы...

«Менің бір тұтам өмірім,

Тартсам созылар тарамыс болсашы...».

Бұл ақынның отызындағы ойламы...

«Мертіге жаздап, мерт бола жаздап кенеттен

Қаламын аман – қалтылдап құйттай себеппен.

Соққанда дауыл солқылдап басын жерге ұрып,

Айрылмай қалған айыр бұтақтай теректен.

Қаламын аман,

қорқамын жаман соңынан

Бір күні бірде «шарт сынам-ау» деп торығам.

Сақ болып біраз, сақтанып біраз жүрем де,

Сап етіп тағы кездейсоқ кепке жолығам...».

Бұл отыздан асқандағы байлам.

«Дүние зыр-зыр

Көзден бұл-бұл

Дем арасы ұшар ма?

Қағып шылбыр

Уақыт құрғыр

Келмей ме екен тұсауға?..».

Бұл қырыққа жақындағандағы күдік. Қорқыныш емес! Пенделік қорқыныш Ақын күдігінің қолына су құюға жарамайтынын естен шығарып алмайық!

«Бәрі өлшеулі,

Деміңе дейін өлшеулі.

Тағдырдың салдар-себебіне дейін өлшеулі.

Жаялық-құндақ, тал бесігіңе дейін өлшенген,

Жастанар құйттай жеріңе дейін өлшеулі...».

Бұл қырықтағы таным. Қылшылдаған қылыштың сөзі... қынабынан суырылған» Ол – қайта салынбасын біледі! Иә басқа шабылады, иә тасқа шабылады – екінің бірі. Осыны сезгендіктен да Ақын қырық жастан асар-аспастан өзінің өмір картасына соңғы белгілерінің бояуын қанық, айшығын анық етіп түсіреді:

«Он жеті жастан, он сегіз жастан сүйгенмін,

Жиырма бес ерек...

Отызда бөлек күйге ендім,

Отыз бесте де, қырық бесте де сүйгенмін,

Сүйе беремін қурап қалғанша сүйегім.

Сүйгеннен ернім жұқарса, мейлі, жұқарсын,

Сүйгеннен жүйкем жұқарса, мейлі, жұқарсын,

Сүйгеннен көңілім мұқалса, мейлі, мұқалсын,

Сүйгеннен өмірім қысқарса, мейлі, қысқарсын.

Тек сүйсем болды –

минут па, әлде мәңгі ме.

Ұзағында ма, қысқасында ма – әңгіме.

Дәнінде емес пе, дәмінде емес пе – әңгіме,

Мәңгі есте қалар мәнінде емес пе – әңгіме.

Машақаты мен мұңында емес пе – сыры, ізі,

Буынға түскен уында емес пе уызы.

Мұңнан да рақат, удан да уыз ұюы,

Сол емес пе екен – Адамды адам сүюі.

Сондықтан сүйем,

сол үшін сүйем, сонша көп,

Мұңнан да рақат, удан да уыз тамса деп.

Сүйе алмай налып болғаным да бар сонша әлек,

Сүйіп те қалып, күйіп те қалдым қанша рет.

Сонда да сүйем,

сонда да сүйе беремін,

Бәріңді сүйем... бәріңді иеленемін.

Сүйе беремін,

сүйе де сүйе шаршасам,

Махаббатыма маңдайды сүйеп өлемін.».

Бұл Өлең емес, Өмір! Тауан емес, Тағдыр! Шер емес, Шешім! Көсем сөйлеу емес, Көрегендік! Ғұмырының соңы немен тынарын күні бұрын біліп отырған Ақын жүрегінің аяулы да аянышты лүпілі... Құлақ салып көріңізші:

«Басымды салдың-ау сарсаңға,

Жүрегім айналды шаршауға.

Жүйкем де жұқарып барады

Не істейін, не істейін мен сонда?.

Жанымды жедің-ау жегідей,

Дел-салмын.

Жын соққан перідей.

Алдамай, арбамай билейсің,

Сенікі не құдірет, не дүлей...»

Бұл – жантәсілім – шаршағандық емес, ширыққандық! Шошығандық емес, ширыққандық! Шошынғандық емес, шегіне жеткендік, шайыр тартқандық! Ол шошынбайды. Шындықтың бетіне тура қарайды. Ажалдан шындық асқан ба?! Өліп тынды емес пе, ақыры...

Осы жырлардан соң – ақын байғұсқа өлмегенде не қалсын?! Қалай шыдасын жарылып кетпей ғазиз жүрегі?!

Осыдан кейін Ақынды қалайша жай пенденің біріне жатқызарсыз көзіңіз қиып?..

* * *

Адамзат баласының бір бақыты – ұмытшақтығы. Бәрін ұмытамыз. Туғанымызды. Өлгенімізді... Өйткені, біздер – Адамбыз. Бақытты болғымыз келеді... Өтірік пе?.. Ең арғысы, біздер кешегі кеңес халқының басына төнген зілзалалы нәубеттің қара бұлты – қасіретті Ұлы Отан оғысы жылдарын да ұмытып барамыз ғой. Қара жамылған ана, зар илеген бала, оққа ұшқан қыршын, от құшқан қыран – бәрі-бәрі ертегі-аңызға айналып бара жатыр емес пе?! Ұмытшақтығымыз соншалық – екі Германияның қосылу тойына Жеңіс күніне бір күн қалғанда Берлин түбінде қаңғыған оқтан өлген әкеміз тірліп келгендей қуана қол соқтық қой! Әрине, құдай қосқанды адам ажырата алмайды. Тек артын қайыр қылғай деңіз...

Біздер – Адамдар – Пенделер бәрін ұмытамыз... Мүмкін, кейде Адам атымызды да!

«- Әй, бала, ештеме жоқ жасқанатын,

Сенен кем бе басқа ұл, басқа қатын.

Бар, күркеңді тіге бер қосқа барып,

Сендейінде жігіттер тас жаратын.

Жеңгеңменен екеуміз қыстауға анау,

Тұқым жинап қайтамыз кешке жақын!...»

...Жан-жағымда иен қыр дала жатыр,

Жеңгем маған жәудіреп қарады ақыр.

Ала өгізді атты адам жетекке алып,

Иесіз жатқан қыстауға бара жатыр.

Күйеуі соғысқа кеткен жас келіншекпен әкесі мен ағасының қосын бағып қалған кәмелетке жетпеген баланың кеудемсоқ басқарма алдындағы өмір бақи ұмытылмас дәрменсіз халін осылайша Ақын – туа бітті Талант қана жеткізе алмас па! Қазіргі балалар, әсіресе қалада өскендері жеңгесін жаттан қызғанбақ түгілі, «қайны» дегеннің не екенін біле ме, екен әуелі?!

«Қырық тоғызыншы жылы қырманға барғаным есімде,

Тайынша жетектеп тырбаңдағаным есімде

Қайрағым да жоқ, орағым да жоқ қолымда,

Күн құлап кеткен бесінде.

Құрдан-құр барғаным есімде.

Кешке жақын дала салқын,

Орып алған егістік – қарабарқын.

Жанымда Хайролла бар

Хайролла қара нар-тын.»

Соғыстан соңғы жылдар суреті өтеді көз алдыңыздан. Аш-арық тұрмыс... Ауру-сырқау тіршілік... Бір қолын екі ете алмаған кәріп тағдыр...

Бүгін біздер ішпей мас, жемей тоқпыз. Қайыршылықты қалап, жоқшылықты сұрап алып, құдайдың бергені – қолда барымыздың өзін ұқсата алмаймыз. Ол кезде жұрт тоңып секірсе, бүгінде – еңбек деген ерейменнің әз бояуын аздырып, оңып секіреді.

Қысқасы, ендігісін Кеңшілік ақынның өзі айтсын:

«Мылтық атып, мылтық оқтап көрмедім,

Құс құлатып, гүлді таптап көрмедім.

Соғыстан соң... көрдім күллі зардабын,

Балалығым жоқ дейтінім – сол менің».

... Тың жырттық. Кең байтақ Қазақстанның көделі ойы мен жусанды қырын ту-талақай етіп тоқырау түренін салдық. Қыр арқамызды қысастықтың желі мен құзы жайлап, қары мен мұзы қарыды. Қапыл ниеттің құзғыны қанды тырнағын батырды. Қасірет атаулы қаптап келді. Қара жамылдық... Тігерге тұяқ қоймадық. Бұл кеше – 1954 жыл-тын. Мұны да ұмыттық. Түк те болмаған сияқты. Жауыннан соңғы жел өтіндегі қақтай жылтыраймыз – аз-кем уақыт өткен соң көнеміз кеуіп, қу тақырға айналатынымызды сезбейміз – егер ақынның өлеңі болмаса!..

Нағашы ауылымның арасы бізден бір-ақ қыр,

Қозы-лағымыз қосылған шүйгін қырат бұл.

Тың жыртқан жылы төбенің түбіт көдесін

Тарап әкетті тарақ табанды трактор.

Айызы қанып айбалта – темір тілгілеп,

Сақталған сүрдей шым топырақтарын сүргілеп.

Құрым іңірде қылт ете қалып құйрығы

«ХТЗ»-лар қытықтап қырды жүрді көп…

Қуанды қарттар жанардан жасы мөлдіреп,

«Көде өскен жерге көк бидай шығар болды» - деп.

Боз бие біздің түн жамылып кеп сол жерден

Көденің тамырын кірш-кірш шайнады соңғы рет...»

Бәрін ұмыттық. Ақында «бас» барын - өлеңінің астарын ұмыттық. «Қуанған қарттар неге «жылады»? Боз бие жарықтық түн жамылып барып неліктен көденің тамырын кірш-кірш шайнады – онда мүлдем шаруамыз болған жоқ – жаманшылық әлеметі жасалып жатыр-ау еліміз бен жерімізге дегенді атымен ойламадық!

Айтты не, айтпады не, шынында да мәңгірт болдық қой кезінде! Санамызды улады... Бәрін ұмыттық! Ұмыттырды Заман! Екі инімізден қара албастыдай басып, ұнжарғамызды түсірді Уақыт! Барға да, жоққа да бірдей қарадық. Боз бие демекші, «байтал тұрмақ, бас қайғы» деп арыстарымыз Шәкәрім, Ахмет, Жүсіпбек, Мағжандардың өзін атаусыз қалдырып келдік. Ел екенімізді де есімізден шығара жаздадық... Құдайға шүкір, ақыры жақсы болды. Қайта құру мен жариялылықтың арқасында түгенделе бастағандаймыз. Ұмытшақтық ауруымыздан да айығамыз ба деген үмітіміз бар... Әй, бірақ көп жыртықтың бірін жамасаң, екіншісінен жел улейді, үшіншісінен ызғар еседі – енді Кеңшілік ақынды, күні кеше көз жұмғанына қарамастан, ұмыта бастағандаймыз. Қалай ұмытпассыз – жырын жаттап, өлеңін оқымасаңыз?! Қалай оқисыз, кітабы қолыңызға түспесе?! Рас, Кеңшіліктің «Іңкәр дүние» атты бір томдығы жарық көрді дүние салғаннан кейін. Мың да бір рахмет баспа қызметкерлеріне – ақын шығармаларын жерде қалдырмай, саралай түптеп санатқа қосқаны үшін. Алайда, осы кітаптың тиражы өте аз. Екі мың дана! Сәл ойланыңызшы! Қайтіп көктейміз, көгереміз?.. Обал ғой! Екі мың дана кітап кімге жетеді?!

* * *

Көзі тірісінде Кең-кем айтатын: «Біздер – соғыстан соң туғандар – маңдайымыз тайқы, киесіз ұрпақпыз, өмір-бақи жарымай-жалшымай өтеміз. Бізге келгенде бәрі де қурап, тоқырайды да қалады... Біз отыздан асқанда, алдымыздағы ағаларымыз қырық жылдығын дүркіретіп тойлайтын еді, енді біз қырыққа келгенде ол той тыйылып, елу жасты атайтын болды. Біз елуге аяқ баса бастап ек, енді елу деген де елеусіз датаға айналып, алпысты әспеттейтінді шығарды. Өкпеміз өткен күндердің өкпегінен шұрық тесік – алпысқа жетеміз бе, жетпейміз бе?..» - деп. Ақын досымның сол айтқаны, неге екенін қайдам, соңғы кезде есіме жиі-жиі орала береді...

Кеше, Кеңшілік дүние салды... Зейнолла... Артынша – Жұматай... Енді... Өмір заңы!

Иә, бізді кім елеп-ескеріп жатыр дейсіз. Бейне, Ақын – Адам еместей. Бізде ешкімнің шаруасы жоқ. Және де біз оған өкпелемейміз, әрі кіна да артпаймыз. Тек кейде қара шаңырағымыз – Қазақстан Жазушылар одағының табалдырығын да аттай алмай, сырттан, ұлы арманда кете барамыз ба деген де уайым меңдейтінін несіне жасырайық?!

Жүрмейді өкпе, досым, саған, маған да,

Тағар айып жоқ артыңда, жоқ алдыңда –

Тағдырымыз соқыр, мылқау, таскерең,

Душар етті тоқырап тозған заманға.

Аңдысқанға – амалсызбыз, аңсызбыз,

Қыстан бетер қалтыратты қамсыз күз.

Бір атылмай, ғұмыр бойы көзделіп,

Ұңғыдан ұйқы қапқан оқтай – жансызбыз.

Жиырмада озып, отызда өнер ашпадық,

Ес жимадық – ез қатарлы ел басқарып.

Мезгілінен ерте туып, кеш қалып,

Жанбай жатып өшіп-өле бастадық.

Көшкен жұртта қозған шоқпыз, Кеңшілік,

Бүгін – бармыз, ертең – жоқпыз, Кеңшілік.

Абай дана айтып кеткен күн бұрын –

Қыс тоңына артқан иіс-қоңысын,

Аузын буған бір қап боқпыз, Кеңшілік.

Бөлісу:

Көп оқылғандар