Халық – менің шын атым

Бөлісу:

18.02.2021 9535

Биыл халық ақыны, айтыстың ақтаңгері, жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың туғанына 175-жыл толып отыр. Осы атаулы мерекеге орай Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде тарихи-әдеби кездесу (дөңгелек үстелі) және ҚР Ұлттық музей қорынан «Ұлы дала жыршысы - Жамбыл» атты көрме өтті.

Халық поэзиясының атасы атанған Жамбылдың айтыскерлік мұрасы, күйшілік, жыршылық өнері, ғажап шежірешілдігі мен ақын жырларының шеберлігі жайында сөз қозғап, қазақ әдебиетіне қосқан үлесі және ғылым-білім мен руханияттың биігіне сай іргелі еңбектері шара барысында жан-жақты талданды.

Жамбыл шығармашылығы жайында қоғам және мемлекет қайраткері, белгілі ғалым, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Мырзатай Жолдасбеков: «Жамбылдың құдіреті асқан шеберлігімен ғана емес, халық поэзиясының бұтақ жайған алып бәйтерегі болуымен де, халық ақындарының жаңа көшін бастаған дарабоздығымен де әлемді таң қалдырған болатын», - деп атап өткен еді. Жамбыл мұрасы тіл білімі және әдістемелік қырынан жан-жақты қарастырылып келеді.

Жиынға журналист, жазушы, филология ғылымдарының докторы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Уалихан Қалижан, филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек, режиссер, продюсер Оралбек Сарыбасов, ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Тобаяқ, жазушы-журналист Ораз Қауғабай Жамбылдың өмірі мен шығармашылығы жайлы ойларымен бөліссе, жыршы, дәстүрлі әнші Ерболат Шалдыбеков жырдан шашу шашып, Нұр-Сұлтан қаласының мектеп оқушылары әлем халықтары тілдерінде ақынның өлеңдерін оқыды.

Шара барысында «Жамбылдың жастық шағы» атты көркем фильмінен үзінділер көрсетіліп, ҚР Ұлттық музейінің қорларынан ақынның өмірі мен шығармашылығын бейнелейтін ғылыми әдебиеттер, жәдігерлер мен бейнелеу өнері туындыларынан жасақталған көрме ұсынылды.

Жиынды ашқан ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы Саялбек Гиззатов: «Биылғы жыл еліміз үшін мерейлі жыл болмақ. Ең алдымен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы десек, Исатай Тайманұлының туғанына 230 жыл, ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толып отыр. Жылдың соңына дейін жыр өнерінің шебері жайлы ауқымды шаралар жалғасын табады.

Аяулы азаттық кешегі Жамбыл бабамыздың да асқақ арманы еді. Біз бүгін сол бабаларымыз аңсаған күнге жетіп отырмыз. Осының өзі де үлкен бақыт! Тарихи санамызды түлеткен тәуелсіздік баянды болсын! Ақын өміріне үңілсек көп дүниені байқаймыз. Отаршыл империяның солақай саясатын көрді. Бір жағынан Қоқан хандығының қысымы, ішкі талас-тартыстар осының бәрі де жырау өміріне әсер етпей қоймады. Орыстың бөліп алда билей бер саясаты ұлтымызды қатты әлсіретті. Осы кездегі халықтың мұң-мұқтажын жырлай білді. Жамбыл шығармашылығымен мектеп қабырғасында танысып, бүгінге дейін оқып келеміз. Ол да болса ақын мұрасының өміршеңдігін білдіреді. Көзінің тірісінде-ақ әлем назарын өзіне аудара білді».

Сөз кезегінде филолгия ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері - Уәлихан Қалижанов ағамыз Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.ТОҚАЕВ мырзаға, ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың туғанына - 175 жыл толуына орай жазған ұсыныс хатын оқып берді. Хатта ақын мұрасы, бүгінгі ұрпаққа насихаттау, өнегелі өмір жолы мен ғибратты ғұмыры барынша қамтылған. Ғалым хатына жауап алғанын, алғы күндерде арнайы комиссия құрылатынын жеткізді.

Жамбыл мұрасын жан-жақты зерттеп жүрген ғалым Уәлихан Қалижанов ақын әлеміне кеңінен тоқталды: «Жамбыл Жабаев – ақындық суырып салма өнерінің жарық жұлдызына айналған, халқымен бірге жасайтын ірі тұлға. Тас жарған талантымен өзінің ақындық биігіне шықты.

Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,

Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға.

Жақсының әрқашанда жөні бөлек,

Жаман адам жарамас бір қымтарға,

деп жырлады. Осындай өшпес өлеңдері арқылы соңына мол мұра қалдырып кетті. Жырауға өлең жөргектен сіңіп, мәңгілік серігіне айналды.

Өлең тердім жасымнан,

Майкөт ақын, Құлмамбет,

Орын берді қасынан, –

деп өзі айтқандай, қатарынан оза шауып, алдындағы ағаларының батасын алды. Жасынан өлең бағын ашып, қоғамдық ойдың қайнаған қазанына салды, халықтың сынынан өткізді. Содан да болар жыры нәрлі, ойы қуатты, сезімі шуақты. Қазақ жырының құлагері Ілияс Жансүгіров «Жамбыл жырлары Бұғымүйіз, Бесмойнақ жайлауларының гүліндей сан түрлі. Жұпары күндік жерден аңқып тұрады. Жырларын тыңдаған сайын жадырап жайлауға шыққандай әсер аласың» деп сүйінген ғой.

Рас, Жамбыл әлемдік білім алып академия бітірмесе де, өзі академияға айналып кеткен тұлға. Ғажайып ғұмыр иесі. Жүрегіне жырдың құсын қондырған тағдыр.

Қазақ ауыз әдебиетінің энциклопедиясына айналған ақынның: «Жамбыл менің жай атым, халық менің шын атым» деуі өзін тіптен даралап тұрғандай.: «...оқымаған кісімін. Әйтсе де байқаймын, халық көп біледі. Менің білімім – сол халықтың білгендері. Мен халықтың сөзін айттым», – дейді 1940 жылдың ақпанында жазған ақынның хатшысы Ғали Ормановтың күнделігінде.

Жамбыл шаһарынан өтіп бара жатып: «Атыңнан айналайын, Әулиеата, Атымды ап қойдың деп болма қапа», – деген кісілікті сөзі неге тұрады? Бүгінде ел үшін еңбек етпеген аталарына көше, мектеп атын беріп жүргендер ақынның осындай қасиеттерінен неге үлгі алмайды екен деген ойға қаласың...

Әкесі Жамбылдың өлең жолын таңдауын қаламаған. Қатарынан қалмай мал тапса, немесе молда болса деп ойлайды. Сондықтан да молдаға апарады. Әке шешіміне көнбеген асау жүрек он бестегі бозбаланы өз қалауымен алып кетеді.

Оқығанша мен одан,

Домбыраны қолға алам.

Өлең кірген түсіне,

Жөргегінде мен болам,– деп киелі өлең жолын таңдайды.

Менің пірім – Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сыйынбай.

Сырлы, сұлу сөздері,

Маған тартқан сыйындай, –

деп, жүрегіне асыл сөзді бойтұмар етіп, өлгенше оған адал болды. Адам танитын абыздық қасиетімен өмірге деген өзінің құштарлығы арқасында заман көшіне ілескенмен, өзін бармен де, жоқпен де тең ұстады.

Жоғарыдағылар да, жақындары да оның астарлы сөзінен сескеніп жүретін-ді. Себебі, қазақы қалжың мен мысқыл, әжуасы, сынды өмірлік қағидаттарды шебер пайдаланатын. Тіл – садақ, тіл – мадақ, тіл – құдірет, тіл – мазақ. Мұны ақын жақсы білді: Елімнің азаматын таныс қылған, Ой жырым, қызыл тілім сенің арқаң, – деп бекер айтты дейсің бе? Қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезов тайға таңба басқандай етіп Жәкеңнің осындай дара қасиеттерін, жазып кетті. «Жамбыл – ақыл ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бірі әрі азаматтық әуеннің де ақын, әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны». Ұлы ғана ұлыны таниды. Мұхтар мойындап, Сәкен бас иген, Сәбит ардақтаған, Ромен Роллан сәлем салған, Ғабит еркелеген Жамбылдың ән-жыры, күйлері мен айтыстары, дастандары халқымен бірге жасайтын ұлттық құндылық. Енді егемен Қазақ елінің ұлттық бренді ретінде Жамбыл есімі жасай бермек.

Жамбыл поэзиясы – шыншыл. Өмірді өлеңмен өрнектеген ақын жырлары оның атын ерте шығарған. Ол қазақ тұрмысының, қазақ қоғамының әділетсіздігін өлеңдерімен шенеді. Ақын үшін өлең қастерлі де, қасиетті. Сондықтан да, Жамбыл өлеңдерін түсіну үшін көрер көз, тыңдар құлақ, мархаббаты жүрек керек-ақ.

Сары түнге сарылып, кірпік ілмей,

Салқын күзде бір жылы үйді білмей.

Сахарада салақтап күндіз-түні,

Бұралқы ит пен малшының күні бірдей.

Осы жолдар жанды сурет, көңілге түскен көркем бейне емес дей аламыз ба?! Хакім Абаймен үндестік жатқан жоқ па?! Сондықтан да даңғайыр ақын Сүйінбайдан жалғасқан төкпе жырдың сарқылмас бастауын байқаймыз, ақын сөзіне сенеміз.

Ақын: Сен тойғанмен біреулер аш қалып жүр, Деп ойлама түбіндетеріңді алмас,– деп шен-шекпенділерді көктен жай түскендей түйрейді. Өмір диалектикасы, дала диалектикасы, шариғат жолы осы. Әр нәрсенің сұрауы, әр нәрсенің зауалы бар. Жамбыл жай ақын емес, күрескер ақын. 1916 жылғы көтеріліс кезінде Жамбылдың шау тартып қалған шағы еді. Бірақ ақын жүрек оны үнсіз қалдырмады. Ақын дауысы зор естілгені сонша, Қастек, Қаскелең өтіп, Жетісу – бойында қаулаған өрттей дуылдады. Жырау күткен еркіндік келгенде оның өлеңі де өзгеріп, шумақтары да түрленді.

1941 жылы фашистер Ленинградты құрсауға алған кезде әйгілі «Ленинградтық өрендерім» атты жыр жолдауы жазылды. Бүгінде Жамбыл атындағы көше, ақын ескерткіші Санкт-Петербургте тұр. Ескерткіш алдында Жетісудің жеті өзеніндей су ағып жатыр. «Ленинградтық өрендерім» өлеңінің шумақтары жазылған әріптер сол сумен күнге шағылысып, көз тартап тұр. Баба ескерткішіне қашан барсаң да гүл әкелген адамдарды көресің. Жүрегі қартаймаған Жамбыл халықтың нағыз ақыны екенін осыдан-ақ түсінесің.

Қор болмаймын өлгенше, Өлеңіме-ақ сыйындым,– деп жырлағандай ақын-жүрек бәрін сезді. Сезіп қоймай өлеңмен өрді.

Қазақтың текті тұлғалары аз емес. Олар ұлттық мақтанышымыз болып қала бермек. Ұлт тарихында жазба әдебиеттің негізін қалаған хакім Абай болса, халықтық ауыз әдебиетінің энциклопедиясына айналған Жамбыл жырау мәңгілік қазақ елінің мақтанышы».

«Негізінен алғанда, Жамбыл шығармашылығындағыелдік мүдде, батырлық рухы, ұлттық-танымдық мәселелер уақыттың талап-тілектерімен телқабыс астасып жатыр. Жергілікті бай-болыс бюрократтардың «жатып-атар» іскерліктері, қарапайым халықтың әлеуметтік-кәсіптік жағдайларының төмендегі, қоғамдық татулық пен тұрақтылық, адам мен оның өмірі, еңбегі ме тұрмысы, асыл Һәм жағымсыз қасиеттері, т.т. өлең-жыр, дастан, толғау түрінде кең көлемде жырланады. Заман шындығы, уақыт бедері мәнді сипат алады.

Абайға арналған жұбату өлеңі - «Жалғызбын деп жүрмесін» деп аталады. Әбдірахман өлімінің қалың көппен бірге Абайға аса ауыр екенін сезінген Жамбыл осы өлеңін арнаған. Көлемі 12 жолдан тұратын туындыдан – қазаға қайраттылық, табандылық пен төзімділік керектігі танылады. Өлең өрнектерінде өмір тәлімі, жан-жүректен шынайы жолданған мейірім шуағы, сезім сәулесі, қысқасы көңіл толқыны жан-жақты көрініс береді. Өлең-өнердің қос жүйрігінің қатар соққан жүрек лүпілі, көңіл толқыны да айқын аңғарылады» - деп тоқталып өтті филология ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбек.

Әсерлі кештен Жамбыл әлемін тағы да тереңірек тани түскендей болдық. Мұраларын кеңінен насихаттау жыл бойы жалғаспақ. Осындай тағылымды шараны өткізген музей ұжымына алғыс айтып тарқастық.

Бөлісу:

Көп оқылғандар