Мұқағали жырларына жазылған әндер

Бөлісу:

20.02.2021 7027

"Tap бесігі - кең жаһан тарылмаған,
Біреуге бар, біреуге табылмаған.-
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Ана сүті аузынан арылмаған."

Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың осы бір өлең жолдарын білмейтін қазақ кемде-кем. Әсіресе, Тұрсынғазы Рахимов әуенін жазғаннан кейін шығармашылық туындының тыңдармандары артып, ән қанатын кеңге жая бастады. Жалпы бұл ғана емес ақиық ақынның сөзіне жазылған кез-келген ән естір құлақты елітіп әкететіні жасырын емес.

Бұған "Сарыжайлау", "Дариға, домбырамды берші маған", "Есіңе мені алғайсың", "Сен көріктісің" деген сынды біраз әндер дәлел. Әннен өрнек өрген талай сазгер көзі тірісінде Мұқағалидің жырларына арқау етіп, талай ән жазып кетті. Жазып та жатыр.

Мәселен, ақынның сөзіне жазылған Әбиірбек Тінәлиевтің «Фариза» әні қазақ музыкасында өзіндік орны бар, танымал туындылардың бірі. Әннің шығу тарихына қатысты ел арасында сан түрлі қауесеттің таралып жүргені де рас. Шынтуайтында, бұл ән 1987 жылы туған. Мұзбалақ ақынға арнап Оразхан Бодықов «Жан азабы» деген пьеса жазған. Содан пьеса театрда сан мәрте сахналанып, 1987 жылы Жамбыл облыстық театры осы қойылыммен Нарынқол ауданына гастрольге барған. Қойылымның композиторы әрі басты кейіпкері болған автордың құлағына 16 күн қатарынан «Фариза» өлеңі 32 мәрте оқылғаннан кейін туынды құлаққа әбден сіңіп қалған көрінеді. Содан, ойламаған жерден ән гастрольдік сапардың соңғы күнінде дүниеге келген. Композитор Әбиірбек Тінәлиев қойылым режиссерінің туған күнінде оған телефон арқылы ән әуенін орындап, төл мерекесінде сыйға тартқан.

Сол сияқты Елена Әбдіхалықова әуенін жазған "Есіңе мені алғайсың" әні де қазақ қоғамына кеңінен таралған әндердің бірі. Композитор шығармашылық туындыны Жұбаныш Жексенұлымен бірге шырқап, талай қазақ сахнасында мыңдаған көрерменнің жүрегіне жол тартқаны айдан анық. Жас орындаушылар әлі күнге дейін әннің балама нұсқасын түрлі жанрда, түрлі бағытта орындап, әнді өзге бір қырынан көрсетуге тырысып бағуда. Бұл да болса, шығармашылық туындының өміршеңдігінің белгісі деп білген жөн.

Сәбит Оразбаев әнімен әуелеткен «Тоқта, ботам, атаң келеді артыңда» әні де көңіл құйқылжытар шығармалардың бірі. Белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі әнін жазған "Қариялар азайып бара жатыр" туындысы да өлеңге ерекше бір серпін берді.

Марқұм Махамбет Түгелбаев әуенін жазған "Сен көріктісің" әні де тыңдарманға Саят Медеуовтың орындауында жақсы таныс. Әншінің айтуынша, ырғақты ән болған соң бастапқыда оны айтуға жүрексінген. Бірақ, кейін бұл ойын өзгертіп, әнді сахнаға алып шығып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген.

Мәдина Сәдуақасова орындап жүрген "Айтатын саған сырым бұл" әні де лирикалық әндердердің қатарын толықтырған шоқтығы биік туынды болды. Әуенін Ғалымжан Секеев жазған. Сөзі мен сазы келіскен толымды шығарма туған соң әнші бірден бейнебаян түсіріп, көрермен қауымға ұсынды.

Танымал композитор Төлеген Мұхамеджанов әнмен әуелеткен "Мен деп ойла" туындысы да ел жадында Айжан Нұрмағамбетова, Қайрат Түнтеков сынды әншілердің орындауында жатталып қалғаны анық. Кейінгі кездері сахнаға енді ғана қадам басып келе жатқан бірқатар жас орындаушылар да "Мен деп ойла"-ны өзінше өңдеп, өзгеше стильде жеткізуге тырысып бағуда.

"Жапырақ жүрек жас қайың,

Жанымды айырбастайын",- деп басталатын Мұқағали Мақатаевтың "Өмір сүрейік алмасып" өлеңі, Индира Расылханның орындауындағы "Ақ қайың" әні ретінде тыңдармандарға жақсы таныс. Қайғы-мұңға толы ән болған соң бастапқыда мұны ән ретінде көпшілік бірден қабылдай алмады. Алайда, кейін уақыт өте келе туынды халықтың құлағына сіңіп, тіптен, бірқатар театр сахнасында қойылым арасында орындалып та жүрді.

"Көзіме көрінбесең, көрінбе сен" (Мейрамбек Бесбаевтың орындауында), "Сүйгісі келе берер сүйген ерін" (Ерболат Құдайбергеннің орындауында), "Сағындым" (Қанат пен Света Айтбаевтардың орындауында), "Жарығым-ай" ("Каспий" тобының орындауында), "Наурыз-думан" (Роза Рымбаеваның орындауында) сынды мұзбалақ ақынның жырларына жазылған әндер легін толассыз тізе беруге болады. Бірақ, өлеңді әнмен әуелетемін деп, кейде кейбір орындаушылар туындының түпнұсқасынан алшақтап кететіні рас. Бұл ретте әннің ғана емес, жырдың да бағасы түсіп кетеді. Тиісінше, тыңдарман "Мұқағали мынадай өлең жазған ба?" деген екіұшты ойға қалуы да бек мүмкін. Осыдан абай болу керек.

Қайрат Кенжебай

Бөлісу:

Көп оқылғандар