Абсурдқа оранған ойлар

Бөлісу:

01.03.2021 4704

(Ықылас Шалғынбайдың "Қамал" пьесасы туралы)

Бұл өмірде абсурдпен күресу мүмкін емес шығар. Құдды мына әлемді мағынасыздық иектеп алғандай. Ежелгі грек мифологиясы да бұл әлем алғашында хаос еді деп баян етеді. Хаос та белгілі дәрежеде абсурд қой. Ендеше абсурд осы дүниемен бірге жаратылғандай көрінбей ме сізге? Жанымызға соншалық жақындығы содан ба екен? Камюдің «Абсурдтан құтылу мүмкін емес, сен көңілді келе жатқанда абсурд кенет белгісіз тұстан суырылып шығады да, бетіңе шапалақпен осып кетеді»,- дейтіні тегін болмаса керек. Дегенмен мағынасыздықтан мағына іздеу, мағынадан мағынасыздық тудыру ежелден адам табиғатына тән қасиет. Сондықтан абсурд өзі жеке бір құбылыс. Өзі бір ерекше әлем. Тылсымдық қуаты күшті. Оны толықтай мағынасыздандыру да, ерекше сипаттағы мағына беру де адам талабы үшін тым ауыр. Әділі абсурд адамның өзі болса керек-ті. Немесе адамның кіші аты делік. Сондықтан да абсурдпен күрес - өзіңмен күрес деу ықтималдыққа жақын. Себебі оны жоққа шығара алмайсың. Оның алдында дәрменсіз болсаң да күресесің. Ол тұтас қауым болуы да, тұтас жүйе болуы да мүмкін. Міне осылай абсурд ұғымы адамның жанын бойлап, табиғатын танып, қан тамырында ағып аяңдап әдебиетке келді. Ол адам ойының, санасының шектілігін пайдаланып өз үстемдігін жүргізді. Адамның қоғамға, жүйеге, өзі құрған кемел әлемге қашан да тәуелді екенін өз икеміне молынан пайдалана білді. Соңғы жылдары күллі жасыл шарды коронавирус індеті жаулап алғалы, абсурд қаһарына мініп тұр. Қазір бәріміз абсурдтың құрсауындамыз. Ол бірде өмір болып, бірде өлім болып, бірде күнә, бірде бейуаз кейіпке еніп, бірде жарықтың арасымен, бірде қою көлеңкелердің ішімен бізді үнсіз арбап тұр. Кім оның көзіне тік қарай алады? Әрине, ол – өнер! Адамның абсурд сезімі, үрейі, қорқынышы осы өнердің алдында ғана дәрменсіздік танытуы мүмкін. Мүмкін дейтініміз бұл жердегі басты шарт өнердің деңгейінде. Өнер қаһарлы қыста адам ішіндегі жайқалған жаз сияқты. Хакімнің «Ішінде кімнің оты бар, қар жауса да сөнер ме?»- дейтініндей кеп. Өнер кейде көктемнің құшағындағы ызғарлы қыс сияқты. Оның бағы басқа, байламы бөлек. Біздің есімізге бұл ойлардың ұшығын драматург Ықылас Шалғынбайдың «Қамал» пьесасы түсіріп отыр. Ендігі бір-екі ауыз сөз сол хақында болмақ.

Ықылас Шалғынбайдың «Қамалында» классикалық үлгідегі драмаларға тән күрделі сюжет жоқ. Оның күрделілігі болмысында. Іші қайшылыққа толы абсурд әлемінде. Пьесада бар-жоғы екі кейіпкер бар. Үшінші кейіпкердің аты бар, бірақ заты басқа. Ол өзін пьесадағы абсурдтық үрейдің қожайыны сияқты сезінеді. Көзге көрінбейді, қолға ұсталмайды, сахнаға шықпайды. Сөйте тұра сахнанмен қоса екі кейіпкерді де өзі билеп төстейді. Бірақ бәрібір біз үшін сол екі кейіпкердің маңызы айрықша. Екеуінің аты да Кеңес. Бұл жерде кейіпкер атын көкейге түйіп қойған жөн. Нысаналы есім. Екі Кеңес те бір-бірінен аумайды. Киімдері де, түр-тұлғалары да. Осы ұқсастықтан да бір құпияның емеурінін аңдау қиын болмас оқырманға. Екеуі де шекара күзетіндегі әскер. Екеуінің тұрған орыны шекаралық аймақтағы мәлім бір әскери қамал. Уақыт таң атып келе жатқаны иә, күн батып бара жатқанын айырғысыз беймезгіл шақ. Өліара мезгіл. Осы тұста екі шекараны бөліп тұрған ескі қамалдағы окоптан Кеңес есінеп оянады. Оянады да бір-бірінен қанша ұйықтағаны, сағат неше болғаны, өздерінің қайда екендігі туралы сұрап әбден абдырайды. Осылай екеуінің арасындағы диалог өрби бастайды. Әдетте абсурдтық пьесаның уақиғасын баяндап шығу тым қиын. Ең абзалы оны оқу керек. Өткенінен, кеткенінен айрылған, өздерінің кім екенін, қайда екенін ұмытқан, бірінің сөзі бірін шаршатып, әбден қара басып сандырақтаған екі кейіпкер ақыры қамалдан секіріп шығуға талпынады. Одан нәтиже шықпайды, тіпті оларға қорған терең құдық болып көрінеді. Ақыры олар болған жайды командирге мәлімдеуді ұйғарады. Осыны ойлаған бетте ол үш басты итіне талатса қайтеміз деген үрей оларды қалтыратып жібереді. Дей тұрғанмен екеуі бірігіп командирдің атын естеріне түсіре алмай әуреге түседі. Бүкіл есімді шұбырта келіп олар оның аты Айтбай екенін естеріне әзер түсіреді. Біздің жаңа баян етіп отырған жұмбақ кейіпкеріміз осы. Бірақ қанша іздегенмен окоптың барлық бөлмелерінде командир Айтбай жоқ болып шығады. Өздерінің қамауда екенін, байлауда екенін не шекара күзетінде екенін ұмытқан екі Кеңес енді бас штабқа хабарласпақ болады. Олардың терген телефоны біресе «Даму» компаниясына, біресе «Нұрбанк» бөлімшесіне, біресе «Болашақ» бизнес бастау орталығына түсіп мазалары әбден кетеді. Ал мұндай атаулар олардың түсінеде кірмейтін мүлде бейтаныс ұғымдар болатын. Олардың адасқан қоңырауы ақыры «Төтенше жағдайлардың алдын алу» орталығына келіп түседі. Екеуі жанұшыра қамалып қалғанын мәлімдеп, құтқарып алуын сұрайды. Бірақ «Төтенше жағдайлардың алдын алу» орталығы олар тұрған «Қызыл ту» ауданының солтүстігіндегі шекара қамалын картадан таба алмайды. Бұл үрдіс екі Кеңесті тіпті де сарсаңға түсіреді. Арада қаншама жан арпалысынан кейін екеуі дәрменсіз күйде тұрғанда Қамалдың ар жағынан той-тойлатып, әнге басып, думандатып жатқан адамдардың дауысын естиді. Қамалдың қуысынан олардың шаттық тойын қызықтайды. Бізді құтқарыңдар деген зар дауыстары шығады. Бірақ қарсы манаттан еш жауап болмайды. Сәлден соң бәрі де басылып, түк болмағандай жым-жырттыққа шомады. Енді олар қорғанның астын қазып шығып құтылмақшы болады. Қаза бастағанда қамал түбінен Кеңестің өткен өмірін еске түсіретін ескі сурет, арқан, кісен, кітап, киім сияқты көптеген көнетоз заттар шыға бастайды. Басында мағыналы көрінген ескі заттар бара-бара қоқысқа айналады. Қоқыс төбедей болып үйіледі. Оны Кеңес мен осы өмірімде көптеген нәрселерді тұтындым ғой деп түсіндіретіні тағы бар. Осы кезде кенет иттің үрген дауысы шығады. Екеуі елең ете қалады. Олар командирдің қайтып келгенін бірден сезіп, зәрелері зәр түбіне кетеді. Не істерлерін білмей қалшылдап үрей басады. Окоп жақтан иттің үрген дауысымен қоса командирдың аяқ дыбысы қатар шығып, жақындай бастайды. Екі Кеңес: «Біз қайда тұрмыз? Біз кімбіз? Қайда барамыз?..»- деген түсініксіз, ауыр сұрақтардың астында жаншылып бара жатады. Ал үрей шақырған аяқ дыбысы жақындай береді. Аяқ дыбысымен бірге сахна шымылдығы жабылады... Біз кімбіз? Біз қайдамыз? Неге ойлана алмаймыз? Неге қамалдан аса алмаймыз?.. Сахна сыртында осындай сұрақтардың елесі үздіксіз кезіп жүреді.

«Қамалдағы» уақиғаның ұлы жүлгесі осылай. Мұнда дәстүрлі баяндау және кәдуілгідей күрделі сюжет жоқ. Саханада алыс-жұлыс болып жататын тартыс та жоқ. Сіз ойлағандай күрделі, көркем тіл де жоқ. Біз баян еткен уақиғалардың, ондағы детальдардың ритміне қарап бұны символикалық немесе сол тәсілдердің тамаша жиынтығы деп те ауыз толтырып айта алмайсыз. Ең бастысы бұл пьесада уақыт, кеңістік ұғымдары тас-талқаны шығып қирағанын ұғыну қиын емес. Мұнда ең маңыздысы: форма мен мазмұнның жаңаша үйлесімділігі. Жаңа форманың жаңа мәнге ие болуы. Және ол бастан аяқ өз бояуын сақтағандығы. Егер сіз «Қамалды» оқу үстінде оны өз көңіл көзіңізбен сахналап шықсаңыз, қойылым біткесін түс көргендей күй кешеріңіз сөзсіз. Мұндай абсурд театрда ақыл, сана сынды суық тиіптегі ұғымдар дағдарысқа ұшырайды. Сіз сахнадан сөнген сәуленің әлсіз шуағын тамашалайсыз. Үзілген үмітіңізді арқалап құла түзде кейіпкерлермен бірге келе жатасыз. Бұл әрине абсурд театрының мұраты емес, алғашқы қадамдары ғана. Сіз сол сәтте сахнадан адасқан екі Кеңестің монологын тыңдап отырмын десеңіз қателесесіз. Бұл жерден сіз дәстүрлі театрға тән элементтердің бірін де кезіктіре алмайсыз. Сіз күткен өткір, өктем тіл де, эмоцияға толы, айғайы мен күбірі алма кезек ұласатын шешендік те жоқ. Тіл сахнада жасандылықтан ада, өз бітімімен қарапайым ғана өмір сүріп жатады. Осы жердегі тілдің өзінше, еркін, табиғи, кейіпкердің ішінде қалай бар солай шығып жатуы бағанағы құлазудың өзегі болып саналатыны шұбасыз. Абсурд театрда тілдің маңызы кейіпкердің болмысында жеке дара өмір сүріп жатуынан болса керек. Сіз мұнда өз рухани тұғырынан айрылған тілдің дауысын естисіз. Сізді құлазу мен үмітсіздіктің аралына сүйрейтін де осы дауыс. Оны сіз пьесаның басталар тұсындағы диалогтан-ақ сезіне бастайсыз. Мысал келтіріп көрелік.

Кеңес (окоптың ішіне қарап айқайлайды). Кеңес жолдас!

Кеңес (есінеп, керіліп-созылып). Қанша уақыт ұйықтағамыз?

Кеңес. Сені не қара басып жүр. Былай ұйықтасақ ел мен жерді кім қорғайды?

Кеңес (аспанға қарап). Таң атып келе ме?

Кеңес (аспанға қарап). Кеш батып бара жатқан секілді.

Кеңес. Қанша уақыт ұйықтаған болдық?

Кеңес. Сағат тоқтап қалыпты.

Міне бұл өз рухынан айныған екі кеңестің (кейіпкерлердің) алғашқы тіл қатысуы. Белгілі әдеби сыншы Ардақ Нұрғазы бұл құбылысты адамның ең әуелі тілде өмір сүретін болмысымен байланысты тәпсірлейді: «Адам құлазып, рух мекенінен айрылған шақта, алдымен тілдегі әлгі мекенінен айрылады. Ой мен тіл ажырамайтын бір нәрсе емес, қайта ой тілден, адам үннен ажырайды». Яғни бұл жерде тіл рухсыз, адасқақ әлемнің қатынас құралы ретінде қызымет атқарып тұрғаны түсінікті. Сіз сахнадан тамашалап отырған түсініксіз қарама-қайшы диалогтар мен сандырақтардың мәні осында. Пьесадағы екі Кеңестің біресе өздерін шекара күзетшісіміз, біресе тұтқындамыз, біресе байлаудамыз деп бірін-бірі тыңдамай, сөздерінің қайшылық пен мәнсіздікке ұласуы осыны аңғартады. Бұндай тіл абсурдтық пьесаның жаны. Бұл тілді меңгермей бұндай пьеса жазу мүмкін емес. Осы тіл арқылы сіз мағынасыздықты, үмітсіздікті, түсініксіздікті және кейіпкердің дағдарысы мен құлазуын көрсете аласыз. Осы тіл арқылы ғана сіз жанның ішкі қайшылығын, арпалысын, пьеса бойындағы бір іздің үстінде шашырап жатқан жасырын сюжеттің сарынын сақтай аласыз. Сол арқылы өз көрерменіңзідің ішіндегі жым-жырттыққа толы айғайды, айғайға толы үнсіздікті, адами болмысына жақындататын, күре тамырына жол сілтейтін құлазуды ұғындыра аласыз. Сол құлазу оған өмірдің ыстық демі мен күрескерлік сенім сыйлай алса абсурдтық сезімнің тиянағы да сол болмақ.

Енді бір сәт пьесаның ішкі әлеміне қайта оралып көрелік. Уақиғаның орны - шекара. Шекарадағы қамал. Яғни отанның ең маңызды, ең қасиетті орны. Уақыт - беймезгіл. Дәстүрлі уақыт бұзылған. Осы қамалды қорғап екі Кеңес тұр. Санасы сансыраған. Өткені белгісіз, болашағы күңгірт. Үмітсіздік пен үрейдің құшағындағы кеңестер. Аттас, мәндес кеңестер. Яғни кешегі совет одағымен аттас екі адам. Демек бұл - совет адамының санасы. Совет адамының бейнесі. Өткен шағы белгісіз, бүгінгі күні тұманды, келешегі күңгірт. Жоғалған бірақ ұмыт болмаған, санамыздың түкпірінде өз әмірін жүргізіп жатқан тұрлаусыз Кеңес. Қай мағынасында да осылай. Ал қорған яки қамал не? Қаусаған қамал кімге керек? Оның несі шекара? Оның несі отан? Оны адасқандар қайдан, қалай қорғап жүр? Несімен қорғап жүр? Шығарманың ұшар басындағы шындықтың нысаны осы болса керек. Көзге көрінбейтін командир кім? Ол неге үрей шақырады? Біз үшін командир бәрібір жұмбақ кейіпкер. Өйткені біз бәрібір екі Кеңестің оны сипаттаған сөздеріне толық сенбейміз. Бірақ қолына жетектеген иттің дауысы күмән тудырады. Қамалдың келесі бетіндегі зәулім үйлер мен көл-көсір дастархан, сауық-сайран ненің кепілі? Қамал түбінен табылатын ескі-құсқы қалдықтар, қоқыстар не? Біздің өткеніміз бе? Мүмкін, ол совет адамының өткені. Өйткені ол дерліктей ХХ ғасырдың қоқыстары. Кеңес неге арғы заманнан қалған өзі де ұмытып кеткен, әйтеуір беймәлім атасынан қалған асыл мұраны алқына іздейді? Өзі де білмейтін ол қандай асыл мұра? Жоғалған өзі ме? Жоғалтқан тарихы ма? Жоғалтқан санасы ма? Жұтылған жад па? Ол неге табылмайды? Пьесаның өн бойы осындай сауалдарды әркез абсурдтық ойдың астарына жасырып алдыңнан шығарып отырады. Қарап отырсаңыз қамалдың екі жағы да жетім. Екі беті де иен, кепиетсіз. Онда осы қамалды қорғау бізге не үшін керек? Неге біз оны қирата алмаймыз? Жоқ әлде, қираған қамалдың үйіндісін тамашалап жүрміз бе? Міне осындай сонардың ізіне түсе берсеңіз әр жерден абсурд жалт етіп шыға келеді.

Мейлі әлем әдебиеті болсын, мейлі қазақ әдебиеті болсын жаңа әдеби ағымдар мен тәсілдер уақыт пен заманның талабынан туындайды. Абсурд театр алғаш өткен ғасырдың бел ортасында Батыс Еуропа әдебиетінде пайда болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қираған әлемге, тастанды адамзатқа, құлазыған, күңіренген әлемге тек осы абсурдтық әдебиет қана жауап бере алатын еді. С.Беккеттің тілімен айтқанда: «Айтатыны жоқ, айтқысы да келмейтін, айта да алмайтын, айтуға дәрмені де жетпейтін, тіпті айта қою ниеті жоқ, алайда айтуға міндетті!» ұрпақтың дауысы еді бұл. Содан бері мына тұрақсыз, тиексіз әлемде абсурд өз дауысын жоғалтқан емес. Әсіресе біз секілді социалистік санадан капиталистік мінберге бірден секірген елде абсурдтың маңдайы жарқырап тұр. «Қамал» - міне сол әлемнің көрінісі. «Қамал» - әркез адамның жанын тазартуға, адамды өз ішіне үңілуге итермелейтін шығарма. «Қамал» - бүгінгі біз құрған, біз жасаған қоғамның айнымас бейнесі. Бәріміздің ішімізде бір-бір қамал бар. Оны қиратасыз ба, қайта жинайсыз ба? Өз еркіңіз. Сөз тәмам.

Көрнекі сурет: Уильям Тёрнер. Қарлы бұрқасын

Бөлісу:

Көп оқылғандар