Алғыс айту - адамдықтың нышаны

Бөлісу:

01.03.2021 7007

Әр жылдың қысы - өзіндік өзгешелігімен келеді. Әсіресе, Арқаның қысы алуан түрлі. Кей жылдың қаңтарында сақылдаған сары аяз бет қаратпай ықтырса, келесі бір жылда қаңтар айында сәуірге бергісіз жылылық есіп тұратыны бар. Биылғы қаңтар да дәл осылай өтті. Дегенмен, дана халқымыз «қаңтардың қарызы ақпанға» деп бекер айтпаса керек. Бет қарыған қызылшұнақ аязынан гөрі тіршілік иесінің бәріне жайлы сиыршуақ жылымықты күндері көбірек болған қаңтардан кейін оппа қарлатып, ақ түтек май борандатып, ақырып аяздатып келген ақпан да түгесіліп, көктемнің басы - наурыз айы жетті. Жылпарақтық түсінік бойынша қыс аяқталып, көктем мезгілі басталды.

Көп кешікпей көктем де келер енді,

Көгеретін тіршілік көгереді... –

деп Мұқағали ақын жырлағанындай, бұл кезде оңтүстік өлкеге, Жетісу мен Сыр бойы арасындағы жылы белдеуге көктем әлдеқашан келіп, қар астынан бәйшешек қылтиып шығып, жердің түгі көгеріштей бастаған болар. Ал "Бір келгенде асықпай алты ай жатайын", - дегендей Арқаның алып алқабына жайлана жамбастап жатып алған «кәрі құда» қыс етегін жинап, келген ізімен қайтадан кетуге асығар емес. Дегенмен, ұзарып қалған күннің лебі білінбей тұрсын ба, «Расымен де көктем айы келді ме?» - дегендей, үйдің күншуақ беті тамшылай терлеп, бусана бұрқырап жатыр. Бұл - уақытша ғана алдамшы құбылыс екенін бұл жақтағы жұрт жақсы біледі. Себебі, наурыз айында да қаңтарға бергісіз аяздар, ақпанға бергісіз ақ бұрқақ дауылдар мен оппа қар жауып, әбден әбігерге түсіретін айдың өзі - осы наурыз. Сондықтан да, «Сәуір болмай, тәуір болмас» дегендей, алты ай қыстың ызғарлы қыстың сызы Арқа мен Алтайда сәуір келмей сейілмейді. Бірақ қыстың сызы кетпегеніне, аспанды жапқан ақ айран бұлт сейілмегеніне мұндағы жұрт назар аударып жатпайды да. Тек ары-бері қатынар жол ашық, көктайғақтан аман болса болғаны. Наурыздың бірі - асыға күтетін лепелі күн.

Бірінші наурыз – көктемнің алғашқы күні. Жылпарақтағы әр күннің күллі әлем бойынша және картадағы екі жүзден астам мемлекеттің кейбірі үшін өзіндік ерекшелігі бар. Атап айтқанда, 1 наурыз - Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күні. Сондай-ақ Дүниежүзілік балалар телевидениесі мен радиохабар тарату күні. Бұл аталғандар - әлемдік маңыздағы мерекелер. Ал Қазақстан үшін де 1 наурыз - ерекше күн.

Бірінші наурыз – Қазақстан Республикасындағы Алғыс айту күні. Алғыс айту күнінің тарихи негізі 1992 жылы қаланған деуге болады. 1992 жылы, ел тәуелсіздігінің бір жылдығына орай өткен Қазақстан халқы форумында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясын құру туралы идеясын ұсынған болатын. Бұл - кейінгі нақты қадамдардың бағдары болды.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 1995 жылы 1 наурыз күні Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган болып табылатын Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Содан бергі ширек ғасырдан астам уақыт жүзінде Қазақстан халқы ассамблеясы өзінің қалыптасып даму жолын бастан өткерді. Атап айтқанда 2008 жылы 20 қазанда ҚР «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» Заңы қабылданды. Қазақстан халқы ассамблеясын құру саяси тұрғыдан және мемлекетіміздің демографиялық құрылымына қатысты полиэтностық сипатынан туындайтын, ұлтаралық татулық пен бірлікті қамтамасыз ету үшін құрылған болатын. Жылдар жүзінде Қазақстан халқы ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, еліміздегі диаспора өкілдері топтарының бірлік-берекесін нығайтуға бағытталған жұмыс бағыты айқындалып, әлеуеті арта түсті. Қазақстан халқы ассамблеясының әлеуетін арттыруға бағытталған көптеген қадамдар жасалды. Солардың бірі - Қазақстандағы Алғыс ауты күні болып табылады. Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №173 Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту күні болып жарияланды. Бұл күннің негізгі мән-мағынасы турасында Елбасы Н.Ә.Назарбаев былай деп атап көрсеткен болатын: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді». Алғыс айту күнінің туып қалыптасуының қысқаша тарихы осындай.


«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы», - деп ҚР Конституциясының бірінші сөйлемінде жазылғанындай, өз тәуелсіздігінің отыз жылдығына қадам басқан Қазақстанның демографиялық құрамы Кеңес Одағы құрамында бірге болған, қазіргі көршілес азат республикалардың қай-қайсынан болсын, күрделі болғаны белгілі. Тәуелсіздікке ие болған алғашқы жылдары Қазақстандағы мемлекет құраушы қазақ ұлтының пайыздық үлесі елудің төңірегінде ғана еді. Социалистік жоспарлы экономика күйреп, әлемнің көптеген елдерімен бұрыннан жолға қойылған сауда-әріптестік қарым-қатынастар үзіліп жатты. Қазақстанды кез келген уақытта тұтанып кететін "күкірт бөшкесі" ретінде сипаттайтыны сол тұс еді. Міне, осындай көптеген факторларды ескере отырып,тәуелсіз жас мемлекеттің ішкі бірлік-берекесін, ынтымағын нығайту, экономикасын алға бастырып дамыту үшін мұндай біріктірушілік сипаттағы мерекенің қажеттілігі айқын еді.

Мінеки, Қазақстан халқы ассамблеясы құрылып қалыптасуына байланысты белгіленген Алғыс айту күні ресми атап өтіле бастағаннан бері де бірнеше жылдың жүзі болған екен. 1 наурыз - бір замандарда сталиндік зорлық-зомбылыққа, еріксіз саяси қуғын-сүргінге ұшырап қыстың қысымшылығында бағзы бабаларынан бері қарай мекендеп келе жатқан туған жерлерінен күштеп Қазақстанға көшірілген сан түрлі ұлт өкілдерінің бүгінгі буын ұрпағының сол қиын-қыстау заманды еске алатын күні. Еске ала отырып, жүк вагондарына малша тиеліп, жолда мың-мыңдап қырылып отырып жеткенде өздеріне пана болған, қолдағы барын, бір үзім нанын бөліскен қонақжай да мейірбан қазақ халқына деген риясыз алғыс-ризашылығын білдіру - Алғыс айту күнінің түйінді идеясы.

Біреуге алғыс айту, біреуден алғыс алу, құлаққа жағымды ізгі тілек тыңдау – кез келген жеке адам үшін де, жалпы қоғам үшін де көңілге шуақ сыйлайтын әрі ешқашан артық болмаған, артық болмайтын жақсы амал. Бұл турасында айтылатын: «Алғыс алған – арымас, қарғыс алған – жарымас», "Баталы ер - арымас, батасыз ер - арымас", «Батаменен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Сілеу алма, тілеу ал», «Аздың атасы бір, көптің батасы бір» т.б. мақал-мәтелдер қаншама? Мұның өзі алғыс, ізгі тілекке біздің халқымыздың ежелден мән бергендігінің көрінісі. Демек, Алғыс айту күні - біздің қазақстандық қоғамның өзіндік ерекшелігінен туындаған мереке. Бұл күні халық бір-біріне барынша алғыс-ризашылығын білдіруге тырысады. Кіші үлкенге, дос досына, ұжым мүшесі барша ұжымдасқа дегендей, ақ нөпір тілек. Осы ретте кейде халық арасында: «Бірлік бар жерде тірлік бар», - деген дұрыс қой, бірақ та алғысты жерімізді жерлеп, суымызды сулап отырған жүздеген диаспора өкілдері қазақ халқына айтпаушы ма еді? Өзімізге өзіміз айтып жүргеніміз дұрыс па?» - деген ой-пікірлер де айтылып қалып жататыны бар. Ең бастысы, кім қашан кімге, қалай айтып жатса да, білдірілген ақ алғыстың артықтығы жоқ қой. Қай диаспора өкілі келіп алғыс айтады деп күтіп отыруға бола ма? Тіпті кейбір ауыл-аймақта өзге ұлт өкілдері тұрмаса ше? Бір-бірімізге алғыс айтқанның қандай сөкеттігі бар? Тәубашыл қазақ – алғысшыл да қазақ. «Мың шыж-быждан бір сіз-біз жақсы», - демекші, әрбір айтулы, атаулы күннің орайын сәтті пайдаланып, айналаңдағы етжақын туыстарыңа, сыйлас-сырлас, досжар жандарға шын ниеттен алғыс білдірудің қандай ерсілігі болсын? Жалпы, осы Алғцыс айту дәстүрі дүниежүзілік тәжірибеде бар ма деген сұрақтың да туындауы анық. Бұл сұраққа қатысты айтылар дерек мынау: 21 қыркүйек – Дүниежүзілік алғыс айту күні. Адамзат баласы бір-біріне ыстық ықыласын арнайтын бұл күн 1965 жылдан бері әлемнің әр түкпірінде кеңінен атап өтіліп келеді екен. «Алғыс айту күні» немесе «Ризашылық білдіру күні» деп аталатын жалпыхалықтық даталы күндер әлем мемлекеттерінің біразында бар. Америка Құрама Штатындағы Ризашылық күні - жергілікті үндістердің көмегі арқасында аман қалып, бүгінгі сән-салтанатты өмірге жеткен американдықтардың ризашылық ниетінен туындаған екен. Осы тәрізді әр елдегі әрбір алғыс, ризашылық күндерінің өзіндік туындау тарихы, рәсімдік ерекшеліктері бар. Қазақстандағы Алғыс айту күні – өзімізге ғана тән айтулы күн.

Бабаларым,

Рақмет сендерге!

Сенің бүкіл болмысыңның тағдырын,

Домбыраңның пернесінен іздедім.

Іздедім де сәттерімде түңілген,

Тастап кеткен аңызыңа жүгінгем.

Жүгінгем де, қайта туғам, тірілгем:

Тарихымды жазудамын бүгін мен,

Бабаларым, сенің Ана тіліңмен!

Жарты ғасыр бұрын ақиқық ақын Мұқағали Мақатаев асты мен үсті тұнған қазына, жұмыр жердің жұмағы іспетті осынау кең байтақ жерді аманаттап қалдырған бабаларымызға деген перзенттік ыстық алғысын жыр тілінде осылай білдірген екен. Алғыс жауған бүгін де, ертеңнен басталып осы күн қайта айналып келгенге дейінгі бір жыл ішіндегі әр күнде де алғыс-ризашылықпен күн кешсек жаман болмас. Әлемдегі экономикасы озық көптеген елдердің қатарындағы Жапония, Корея т.б. мемлекеттердің тұрғындары үшін кез келген жағдайда иіліп алғыс білдіру - әдепкі жағдай екені бекер емес. Бейбіт те берекешіл халқымыз аталар аманатына адал болып, қалдырған мұрасына ризашылық білдірсек, тату елдің келер ұрпағы бізге де алғыс айтары сөзсіз. Бүгінгі күні елімізде салтанат құрып отырған бейбіт өмірді, бірлік пен берекені баянды ете отырып, оны болашақ ұрпаққа аманттап қалдыру - барша қазақстандықтардың ізгі миссиясы болуға тиіс деп білеміз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар