Бүгінгі әдебиеттің бейнелеу тілі ескірді ме? (жалғасы)
Бөлісу:
- Бүгінгі әдебиеттің тілі әрине ол белгілі дәрежеде бүгінгі адамның жаны, болмысы. Біз осы заман адамының жан дүниесіне қаншалықты үңіліп жүрміз? Айталық, сіз қаламгер ретінде он сегіз жастағы қала қызының ішкі әлемін, арман, аңсарын қалай суреттеп берер едіңіз?
Кенжебай АХМЕТОВ,
жазушы, драматург, аудармашы
Адам – қалада да, далада да сол адам. Тек тірлік ететін ортасына, білім-тәрбиесіне, мінез-құлқына байланысты айырмашылықтар болуы мүмкін. Адамды адамнан өзгешелеп тұратын сипаттардың арғы бастауы оның ой-санасында жатады. Ішкі ойы оның тірлік үлгісінен, әрекеттерінен танылады.
Қаламгер қала адамы мен дала адамының қайсысын кейіпкер етсе де, түптеп келгенде, адамға үңіледі. Ал қала, дала дегеніміз кейіпкердің тірлік етіп жатқан ортасы ғана. Мәселен, жалпылай алар болсақ, он сегіз жасар қала қызы мен дала қызының ішкі әлемінде, түрлі сезімдерінде бір-біріне кереғар жәйттер жоқ. Тек сыртқы дүниені қабылдауы, танып-түсінуі, әсерленуі, оған жауап қайтаруында ерекшеліктер болуы мүмкін. Бірақ бұл қала мен дала адамын бір-бірінен бөлектей қарауға себеп бола алмайды. Өмір ағыны өзгерген жағдайда қала адамы дала адамына, дала адамы қала адамына айналып кетуі мүмкін. Демек, гәп адамды тануда жатса керек.
Ықылас ШАЛҒЫНБАЙ,
жазушы, драматург
Біз шытынаған айнадан, немесе лай судың бетінен өз сұлбасына қарап тұрған адамға қатты ұқсайтын секілдіміз. Бар екенімізді, өмір сүріп жатқанымызды көріп тұрмыз. Бірақ бейнемізді анық көре алмай әуреге түсіп жатқандаймыз. Ішкі жан-дүниемізде кімбіз деген сұраққа жауап таба алмай жүрміз. Осы заман адамының махаббаты, әлеуметтік мәселесі секілді тақыраптарда шығармалар жазылып жатқан шығар. Бірақ үлкен көлемді, ұлттың тарихы мен мәдениетін қамтыған, кішкентай адам туралы шығармалар жазылды деп айта алмаймын. Біз өте көп тұрақсыз кеңістікте өмір сүріп, бір қалыпты дамуды бастан кешпеген ұлт ретінде, қазіргі психологиямызға нақты мынандай деп баға айту қиын секілді. Бодандықты көп көрдік, көшпелі мәдениетімізден айырылдық, соның кесірінен әлемді қабылдау түсінігімз өзгерді, коммунистік режимді бастан кештік, одан шыға сала жабайы капиталистік үрдіске тап болдық. Осының бәрі біздің ұлттық психологиямызға әсерін тигізбей қойған жоқ. Енді осыншалық қиындықты бастан кешкен елдің бүгінгі ұрпағының жан дүниесіне үңілетін шығарма жазу үшін, әрине, көп зерттеулер мен ізденістер керек деп ойлаймын. Он сегіз жастағы қала қызының психологиясы қандай, шығарма соған қарай жазылуы керек деп ойлаймын. Негізінен қазір жаһандану үрдісіне қарай адамдардың ойлау жүйесі ұқсас болып бара жатқан секілді көріндеді. Қазір адамдарды қалада, ауылда өмір сүретіндер деп бөлмей, тек онлайн әлемде өмір сүретіндер деп қана атау керек секілді.
Қанағат ЖҮКЕШЕВ,
философ
Әлеуметтік психологияда когнитивтік күрделілік деген ұғым бар. Қазіргі жастардың когнитивтік-психологиялық мінездемесін осы категорияға сүйеніп сипаттауп беруге болады.
Біздің замандастарымыздың, солардың ішінде жастардың жаны, болмысы өте күрделі. Олардың танымы мен мінездері қарама-қарсы параметрлермен сипатталады. Мысалы, ұлтын сүйеді – тілін білмейді; ұлттық тамақты жейді – ұлттық киімді кимейді; ұлттық тарихқа көңіл аударады – әдебиетін оқымайды,..
Қаладағы қазақ жастары қатты зардап шегіп жүр. Олар, біріншіден, формациялардың ауысу дәуірінде, екіншіден үзіліссіз реформалар кезінде үшіншіден, құндылықтардың түбегейлі өзгеріп жатқан шағында өмір сүріп жатыр.
Он сегіз жастағы қала қызы – амбиваленттік тұлға. Ол ата-анасынан ауылдағы ертегіге бергісіз сыйқырлы өмір туралы естіген. Алайда оның санасын орыс тіліндегі қала өркениеті меңдеп алған. Қазақшаны шала түсінеді. Айтыс пен терме оған жат. Қала өркениетінен бас тарта алмайды. Санада гибрид бейнелер елесімен адасып жүр. Әзірше оны қазақ әдебиетінің оқырманына әкеп қосу мүмкіндігі жоқтың қасында.
Орыстілді қала жасын қазақтілді оқырманға қосу үшін бір шарт және недәуір уақыт қажет. Ол үшін алдымен қазақ тілін қала өмірін репрезентациялай алатын деңгейге жеткізу керек. Жазушылар заманауи қала адамының талғамына татитын шығармалар жазуға төселуі керек. Қала тұрғындарының бәрі қазақша еркін сөйлей алатын болуы керек. Түптеп келгенде бәрі қазақ тілінің индустриялы қоғамда мемлекеттік мәртебесіне сай қызметін мүлтіксіз атқара алуын қамтамасыз ететін, әдеби нормаланған нұсқасын жасауға тіреліп тұр. Қалада мүлтіксіз, төгіліп тұрған қазақтілді орта болмайынша іс оңалмайды.
Үй салу үшін материал керек. Көркем шығарманың материалы – тіл. Қазақ тілі аграрлы қоғамда бар, индустриялы қоғамда болмай отыр. Бар қиындық осыдан туындайды. Аграрлы қоғамның жалпақ тілімен индустриялы қоғам адамының бейнесін жасау қиын тиіп отыр.
Психолингвистикада адам өзінің сөздік қорында жоқты жүзеге асыра алмайды деген кең орныққан қағида бар. Сол қағидаға сүйене отырып, қазақ жазушыларының менталдық лексиконы олардың өздеріне аграрлы қоғамнан жырақтағы туралы ойлау мен ауылдан тысқары жатқан шынайылықты бейнелеуге мүкіндік бермеген деген қорытынды шығаруға болады. Ұлттық көркем өнердің аграрлық мазмұны қазақ жазушыларының менталдық лексиконымен, лингвемасының аграрлық сипатымен және соған сәйкес келетін ойлау тұрпатымен шарттандырылып тасталған. Шығарманың мазмұны автордың когнитивтік кеңістігінің айнадағыдай шағылуын көрсетіп береді. Санаға менталдық деңгейде сіңіп алған ауыл идеясынан арылуға жазушылардың ерік күші жетпейді. Ал өзге әрекет кеңістігінде – индустриялы қоғамда болып жатқан оқиғаларды, үдерістерді, құбылыстарды сипаттап жазу үшін жазушыда ол өмірдің қырларын аша алатын лексикалық корпус және оны индустриялы қоғам адамының лингвемасы (урбанолект) стилінде қолдана білу керек.
Бұдан қазақ жазушысы индикатор стабилизатор, карбюратор,.. дегендерді білмейді деген ұғым шықпайды. Олар да математиканы, физиканы, химияны оқыған. Өзін заманауи санайтындары ғылым мен техникада, технологияда болып жатқан жаңалықтарды да қадағалайды. Солай болса да, жемежемге келгенде, столға отырып, бірдеңе жаза бастағанда әлгі сөздерді қойқора-бауырсақ-той лексикалық түйдегі жеңіп кетіп отырады. Өйткені, балалық, жастық шақ жайлауда өткендіктен екінші топтағы лексикон менталдық деңгейде орнығып қалған. Ал урбанолект сана деңгейінде қалып қойған. Әлеуметтік психологиядан танымы жетпейтіндерге ескерте кетейін, сана бер жақта, сыртқа жақын тұрады, ал менталитет сананың ар жағындағы түкпірде, тереңде орналасқан. Сондықтан менталитетті мамандар сана қалтарысындағы құбылыс ретінде көбірек сипаттайды. Адамның сөзін де, ойын да, әрекетін де сана билемейді, менталитет билейді. Кім болса да, қандай жазушы болса да, оның шығармасының мазмұны саналылығымен айқындалмайды, менталдық лекиконымен айқындалады.
Ауыл социолекті негізінде жасалған шығармалар қала оқырманының рухани талабын қанағаттандыра алмайды, рентабельді бола алмайды. Бұл – әдебиетшілерге шығарылған үкім емес, әлеуметтік-экстралингвистикалық зерттеулерден, өмірлік практикадан туындаған қорытынды. Осы қорытындыға сүйене отырып, батыл айтуға болады: қазақ тілі индустриялы қоғамның тіліне айналмаса, ол тілде қоғам мүшелері жаппай пайдаланатын контент құрылмайды.
Кейбір жекелеген тілдік құбылыстарға қатысты мыналарды ескере кету керек. Индустриялы қоғамның талабын қанағаттандыратын лексиканы жасау орасан мол эквивалентсіз қуыстың орнын толтырудан басталады. Бұларды көне қазақ тілінің қорынан, одан табылмаса – қазаққа жақын өзге түркі халықтарының тілдерінен, одан табылмаса – араб, парсы тілдерінен, одан табылмаса – сөзжасаудың өзге амалдарын қолдана отырып, іздеп, тауып, айналысқа қосу керек. Индустриялы қоғамда іс жүргізуге қажетті ондаған мың түбір сөздерді, жүздеген мың туынды сөздерді, фразеологиялық құрылымдарды іріктеп, олардың мағыналық жүктемесін айқындап, тез арада айналысқа қосылмаса, екінші сөзбен айтқанда, қазақ тілінің нормаланған, әдеби нұсқасы іске өосылмаса, онда тілдің тоқырауы кері қайту нүктесінен асып кетуі мүмкін.
Әлішер РАХАТ,
жазушы, драматург
Қазіргі он сегіздегі қыздың жан-дүниесін суреттеу үшін, зерттеу керек. Мысалы, мен смартфонмен, компьютермен 12-13 жасымда таныстым. Олар мен үшін құрал. Ал он сегіз жасар қыз үшін ол дос болуы мүмкін. Ол оның екінші өмірі болуы ықтимал. Өйткені олар 5-7 жасынан бастап, ес білгелі осы нәрселерді қолданады. Ол қыздың жанын, сырт келбетін, сезімдерін қоймен, жылқымен, түйемен т.б. (есіме түспей тұр) ұқсатып суреттесем, оқырманға түсініксіз болар еді. Өйткені, қазір тіпті ауылдың өзінде малға деген қарым-қатынас бұрынғыша емес. Баяғыда жылқы адамның серігі болса, қазір ол байлық, ақшаның мал түрі, жыл сайын туатын, көбейетін инвестиция. Яғни, оқырман елестете, өзімен байланыстыра алатын «инструменттер» арқылы оның жан-дүниесін суреттеу керек шығар.
Санжар БЕКЖАН,
жазушы:
Адам жаны тұңғиық нәрсе ғой...
- Қазір технократтық ғасыр. Күн сайын ғылыми жаңалықтар ашылады. Әдебиет ешқашан қоғамнан, және өз заманының ғылыми жаңалықтарынан оқшау тұра алмайды. Бүгінгі ғылым мен техниканың тілі де әдеби тілдің бөлшегіне айналары сөзсіз. Айналуы керек те. Бүгінгі әдебиет техниканың тілін өз ішіне қамти алды ма? Оған бүгінгі әдеби тілдің әлеуеті жете ме?
Кенжебай АХМЕТОВ, жазушы, драматург, аудармашы:
Қандайда бір сөзді қолдану шығарма мазмұнына, сол мазмұнды құрайтын тіршілік ортасына, кейіпкерлерге байланысты. Өзгерген уақытты көрсетемін деп жаңа терминдер мен ғылыми ұғымдарды тықпалай беру орынсыз болары түсінікті. Өйткені әдеби шығарма оқырманға арналатындықтан, оған түсінікті, тартымды болуы қажет. Мәселен, кейіпкері ІТ маманы болып келетін шығармада компьютерге, бағдарламалау ісіне қатысты терминдерді өз орнымен пайдалану арқылы кейіпкерді, оның ортасын ашуға болады. Бірақ шамадан артық қолданған жағдайда автордың жазған дүниесі іш пыстыратын бірдеңе болып кетері анық. Бұл жағдайда да қаламгердің өзіне өзі сыншы көзімен қарай білуі маңызды орын алмақ.
Жалпы, өмірдегі түрлі жаңалықтар әдебиетке біртіндеп енеді. Ал қазақ әдебиетінің жаңа сөздерді сіңіріп алуға, оларды еркін қолдануға әлеуеті жете ме деген сауалға келсек, біздің тіліміздің икемділігі соншалықты, ол көне сөзді де, жаңа сөзді де орын-орнымен пайдалануға қабылетті. Бұл орайда да мәселе сол сөздерді пайдаланатын адамға келіп тіреледі.
Ықылас ШАЛҒЫНБАЙ, жазушы, драматург:
Біз жаңа пайда болған заттарға ат қоймадық. Дерліктей басқа тілдерден қалай кірді солай пайдаланып жатырмыз, не оны өзіміздің тілдік нормаға салып икемдеп те пайдаланбадық. Бүгінгі әдебиетімізде техниканың тілін негіз етіп жазған шығармаларды өз басым оқымадым. Ғылм-техникамен қатысты шығармалар жазуда тіліміздің бөтен сөбен тыныстауына, сол бөтен жұрттың бөтен тілінің дәргейіне бағынуына тура келеді. Ол айтпасада түсінікті. Техникалық құрал-жабдықтарды, заманауи ІТ саласының ішкі ирімдерін суреттей бастасаңыз, қазақ тілінің бойынан жан кете бастайды. Өйткені, біздің тіл – толық қанды ғылым тіліне айнала алмай отыр.
Қанағат ЖҮКЕШЕВ, философ:
Қазақ тілі мен әдебиетінің тағдырына тура қатысы бар, орынды сұрақ. Осы сұрақтарға берілетін жауаптар аясындағы мәселелер ареалдық лингвистика шеңберінде қарастырылуы керек. Алайда, бұл сала отандық лингвистиканың зерттеу аясынан тыс қалып келеді. Сондықтан, бір жағынан, қазақ әдебиеті контентінің мазмұны мен сапасы, екінші жағынан, оны құрушылардың өмір сүру ареалы мен шаруашылық укладтың ықпалы арасындағы байланыстардың сырларын ашу мақсат ретінде алдыңғы лекке шығуға тиіс.
Қазіргі қазақ тілінде осы уақытқа шейін сөз қолдануда ауыл социолекті үстемдігі жүріп келеді. Сөз қолданыста ауыл лингвемасының басымдығы жағдайындағы тілдің репрезентативтік мүмкінгі технократтық қала шынайылығын көркем сипаттауға жеткілікті бола алмай отыр. Қазақ әдебиеті техника тілін игеріп, көркем шығармалар тудыру бағытында белгілі қиындықтарға тап болуда.
Қазақ тілінің қолданылуының кеңістік-уақыт, тарихи-мәдени аспектілеріне тереңірек үңілген сайын біздің алдымыздан аграрлы қоғам адамы мен индустриялы қоғам адамының лингвемаларының арасындағы ұстанымды айырма көлденеңдей береді. Олардың тілді үйрену-үйрету үдерісінде де үлкен кедергілерге соқтырып отырғанын көреміз. Ареалдық сараптаманы сауатты жасай отырып, көркем өнердің, білім берудің және бұқаралық ақпараттың сапалық сипаттамаларын айқындап алудың өзектілігін түсініп алу керек.
Кеңес билігі тұсында қазақ жазушыларының алдына өндіріс тақырыбына шығармалар жазу міндеті үнемі қайталанып қойылумен болды. Солай болса да, ауылдан шыққан қазақ жазушылары өздерінің шағын отанынан ұзап кете алмады, отбасы мүшелерін бас қаһарман етіп алып, малшы өмірі, ауыл тұрмысы тақырыбын қозағаудан ары баспай қойды. Көркем әдебиет тығырыққа тірелді. Ареалды және психологиялық лингвистика қағидаларына сүйене отырып, осы сұрақтың жауабын тауып алу қиынға соқпаса керек еді. Аграрлы қоғам адамының лексиконы мен сөз қолдану ерекшелігі ауыл өмірін, малшылықпен байланысты оқиғаларды белгілі деңгейде сипаттай алғанымен, индустриялы қоғамда болып жатқан құбылыстар мен оқиғаларды жеріне жете сипаттауға мүмкіндік бере алмайды. Бар қиындық қазақ ауылының индустриялы қаладан тілінің сапасы мен мәдениеті жағынан жырақ қалуынан туындап отыр. «Бүгінгі қазақ тілінің қала шынайылығын бейнелеуге әлеуеті жете ме?» деген сұрақтың жауабын осы тұстан іздестіру керек.
Біз әлі қала технократизмін ауылдың көзілдірігімен қарап бағалап жүрміз. Гипотетикалық қазақ әдеби тілі техникалық терминдерді, ұғымдарды аясына көбірек қамтып, индустриялы қоғам өмірін сипаттауға белсене араласуы керек. Ғылым мен техникада қолданылатын ұғымдар мен терминдерді әдеби тіл өзінің құрамына тарта беруі керек. Сонда ғана заманауи қазақ қоғамының рухани дамуына даңғыл жол ашылады.
Әлішер РАХАТ, жазушы, драматург:
Әзірге қамти алған жоқ. Десе де, қаза тілінің әлеуеті жететініне сенімім мол. Жаңа ғасырда ғылым мен техниканы меңгерген авторлар жасайтын шығар деп сенемін.
Санжар БЕКЖАН, жазушы:
Жетеді. Негізі қазіргі заманның дамуына ең алдымен әдебиет ықпал еткен. Бұл күнде қолданып жүрген заттардың бәрі антиутопиялық, ғылыми-фантастикалық шығармаларда жазылған. Бейне бақылу камералары, экскалатор, банк карточкалары, метро, сымсыз құлаққап (эйрподс) т.б. көптеген адам өмірін жеңілдеткен заттардың бәрі жазушылардың болжамы ғана болған. Ал кәзір өміріміздің айнымас бөлшегі. Тілдің әлеуеті маңызды емес, еңбек пен жанкештілік маңызды.
- Еліміздегі салалық әдебиеттің дамымай жатуының әдеби тілмен қаншалықты байланысы бар деп ойлайсыз?
Кенжебай АХМЕТОВ, жазушы, драматург, аудармашы:
Салалық әдебиет дегенде, ғылым, техника, технологияға байланысты әдебиетті айтып тұрған болсақ, көркем әдебиеттен басқа салаларға тән әдебиеттер, негізінен, өз ұғымдарымен, терминдерімен жазылуы қажет. Ал әлдебір салалық әдебиет дамымай жатса, ол үшін қазақтың әдеби тілі де, сөздік қоры да кінәлі емес, тіліміздің мүмкіндігін пайдалана алмай жүрген сол саланың мамандары кінәлі.
Ықылас ШАЛҒЫНБАЙ, жазушы, драматург:
Менің ойымша салалаық әдебиеттің дамымай жатуы әдеби тілмен қатысы жоқ. Ол жеке автордың әдебиеттің қай саласына қызығушылғана байлансыты. Қазақстанда еуропа әдебиетінің негізінен ХVIII-XIX ғасырлардағы жазу мәнерін үлгі еткен классикалық әдебиет кең тараған. Ал енді әдебиеттің басқа жанрларына, бағыттарына қызығушылық байқалмайды. Мысалы, беделді жазушыларымыздың осы кездегі сұхбаттарын қарп отырсаңыз олар дерліткей ХІХ ғасырдың жазушыларын ғана атап айтады, ал ХХ ғасырдағы, әдебиетті мүлде басқа бағытқа бұрып жіберген жазушылар туралы жақ ашпайды. Әлемде қандай жаңалық болып жатқанымен шаруамыз жоқ. Жабық кеңістікте өзіміздің сиықсыз түрімізге тамсанып жата бергеннен ештеңе өзгермейді. Бізде әдебиеттің классикалық үлгілері ғана қазақ тіліне аударылған, оның өзі толық емес. Салалық әдебиеттер басқа елдерде пайда болып, дамып жатқандықтан бізде сол әдебиеттермен айналысу үшін ол туралы ақпарат болу керек ғой. Ол ақпарат қайдан келеді? Оған жауап беретін аударма саласы. Аударма саласы дамыса, әдебиеттің көп саласы қол жетімді болса, болашақ жазушы болам деген оқырман, сол әдебиеттердің ішінен өз жолын табар еді. Осыдан жирма жыл бұрын аударма саласы дамып кеткен болса, ғылыми фантастикалық, дедективты, фентези секілді жанрларда жазатын жас жазушылардың шығармасын оқып отырар ма едік? Аударма саласының дамымауы қазақ тілінде жасалатын өнер атаулының дамуын 30-40 жылға тоқыратып, артта қалдырды. ХХІ ғасырда өз мемлекетінде қазақ тілді оқырман ана тілінде әлем туралы толық ақапарат ала алмайтын, жабық кеңістікте әлі өмір сүріп жатыр. Олар әдебиеттің қандай салалық түрлері бар екенін қайдан білсін.
Қанағат ЖҮКЕШЕВ, философ:
Тура байланысы бар. Алдымен сөз жүреді. Сөз түзелмей ештеңе түзелмейді. Ой да, әрекет те сөз байыбын тапқаннан кейін оңалады.
Әлішер РАХАТ, жазушы, драматург:
Бұл әдеби тілден бұрын, кадр мәселесінің төңірегіндегі сұрақ секілді. Демек, өз саласының нақ мамандары аз болуымен байланысты шығар. Екіншіден, көптеген терминдердің, іс-әрекет атауларының аударылмай қалуынан болуы да ықтимал.
Санжар БЕКЖАН, жазушы:
Бізде сол ауылда жүрген қаламгерлер көп. Біздің әдебиеттің психологиясы регресс пен инфантилизм деген диагноздың арасында тұрған сияқты. Салалық қана емес, жанрлық жақтанда біз сол бұрынғы қотырымызды қасып жүрміз. Не заманмен бірге дамымаймыз, не жаңалықты қабылдамаймыз. Біздің әдебиетке де музыкадағы «төңкеріс» өте қажет. Оның алғашқы толқыны басталып кеткен де шығар...
Бөлісу: