Әбіш Кекілбаев

Бөлісу:

13.04.2021 6732

Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Әдебиет порталы» азаттық жылдарында мемлекетіміздің дамуына қалам қарымымен қатар ел басқаруда қажыр-қайратын жұмсаған шығармашыл тұлғалардың ғұмыр жолына шолу жасайтын «Қаламгер – қайраткер» мақалалар сериясын оқырмандар назарына ұсынып отыратын болады. Тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігінің отыз жылдық тарихында биік лауазымды әкімшілік қызметтерді абыроймен атқарған немесе ҚР Жоғарғы Кеңесі, ҚР Парламент Мәжілісі мен Сенатының кезекті шақырылымдарында депутаттық мандатқа ие болып, заңдар түзу мен бекітуге атсалысқан қаламгерлер аз емес.

Жалпы алғанда әлемдік тарихта мемлекет басқарған немесе басқару ісіне араласқан шығармашылық иелері аз емес. Атап айтқанда Ұлы Моғолдар империясының негізін салған падишахы әрі ақын Захраддин Бабыр, Әмір Темірдің немересі ақын, ғалым Ұлықбек, Иран шахиншахы, әзербайжан әдебиетінің ірі өкілі Ысмайл І, АҚШ-тың қырқыншы президенті, киноактер Рональд Рейган, Украинаның қазіргі президенті, актер, сценарийші Владимир Зеленский, Чехияның экс-президенті, жазушы Вацлав Гавел деп, бұл тізімді біразға апаруға болады. Ал ұлтымыздың әріректен берірекке дейінгі тарихында хандардың кеңесшісі ретінде әйгілі жыраулар ордада қызмет атқарған. «Еңсегей бойлы Ер Есім, Есім сені есірткен – есіл де менің кеңесім», - деп жырлаған Бөртоғашұлы Жиембеттен ілгерілі-кейінді Сыпыра, Асанқайғы, Бұқар, Тәтіқара, Нысанбай жыраулар – өзі өмір сүрген замандағы хандардың сұңғыла сұрқылтайлары болған. Бұл дәстүр ХІХ ғасырда хандық билік жойылғаннан кейінгі сұлтандар заманына дейін ұласқан. Жетісудағы бір бөлім елге билік жүргізген Тезек төренің Сүйінбаймен айтысындағы:

Тұсында Абылайдың Бұхар жырау,

Хан Әділдің кезінде Түбек тұр-ау.

«Әр заманның бар дейді сұрқылтайы»,

Сұрқылтайым менің де екен мынау, -

дейтіні – хан-сұлтандардың ел билеу ісіне көмекші, ақылшы «сұрқылтай» институты болғанының айғағы. Қазақ даласы Ресей мен Мәнж-Шың патшалықтарының бөлісіне түсіп, отарлық қамытын киген ХІХ ғасырдың екінші жартысынан кеңестік кезеңге дейінгі аралықта қазақ ортасындағы ең ірі басқару билігі – үш жылдық болыстық немесе датқалық болып қалды. Бұл тұста Абай Құнанбайұлы қатарлы шығармашылық иелері болыстық лауазымымен ел биледі.

1906 жылғы Ресейдің Бірінші Мемлекеттік Думасына депутат болып көрнекті қоғам қайраткері, журналист, оқытушы Әлихан Бөкейхан сайланды.

1917 жылғы қазан төңкерісінен кейінгі іс-әрекеттер нәтижесінде билікке келген коммунистер тұсында қазақтың жаңа буын интеллигенциясы ел басқару ісіне араласа бастады. Кеңестік дәуірде биліктің биік шыңын бағындырған ұлт қаламгерлерінің маңдай алдында сегіз қырлы бір сырлы Сәкен Сейфуллин тұр. 1922 жылы 13 маусымда Қырғыз (Қазақ) АКСР-і Халық ағарту комисарының орынбасары әрі республикалық «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып тағайындалса, осы жылдың қарашасында Халық Комиссарлар Кеңесінің Төрағасы болып сайланады. Бұл – қазіргі ұғыммен айтқанда Премьер-Министр лауазымы. Сәкен Сейфуллин халқымыздың қырғыз делініп келген жаңсақ атауын қазақ атауына көшіртумен қатар, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі мен қолданысы туралы мәселе көтерген қайраткер тұлға. Кеңестік дәуірде Ахмет Байтұрсынұлы 1919 жылы РСФСР Халық комиссарлары төрағасының орынбасары, 1920-1922 жылдары Қырғыз (Қазақ) Білім беру халық комиссары қызметін атқарды. Жазушы Ілияс Омаров 1945-1947 жылдары Қазақ КСР-і ХКК төрағасының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы партия комитетінің бірінші хатшысы, 1947-1952 жылдары Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, 1955-1959 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің хатшысы, 1959-1961 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының директоры, Қазақ КСР-і Министрлігі Кеңесінің кеңесшісі, 1961-1967 жылдары Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, 1-орынбасары, 1967-1970 жылдары Қазақ КСР-і Мәдениет министрі қызметтерін атқарды. Кеңес Одағы тұсында жоғары лауазымды қызмет атқарған қаламгерлердің бірі – ақын Кәкімбек Салық (1932-2013). Тамаша лирикалық туындылардың авторы Кәкімбек Салық Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Партия Комитетінің аппаратында инспектор, 1984 жылы Өзбекстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі, Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, одан кейін Кеңестер Одағы Жоғарғы Кеңесі экология комитетінің төрағасы, Жоғарғы Кеңестің Президиум мүшесі қызметтерін атқарды.

Кеңес дәуірінде биік жауапты қызметтер атқарып, қайраткерлігімен дараланған тағы бір қаламгер – Әнуар Әлімжанов (1930–1993). Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, республикалық тарихи ескерткіштер мен мәдениетті қорғау жөніндегі Қазақ қоғамы Орталық кеңесі президиумының төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар Кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарды. Әнуар Әлімжанов Азия және Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі комитеттің, Африка халықтарымен достықтың Қазақ Ассоциациясы Төралқасының, Африка халықтарымен достық Ассоциациясы Басқармасының мүшесі болып қызмет атқарған тұсында қазақ әдебиетін әлем жұртына таныстырып насихаттауға зор үлес қосты. Қазақ КСР және КСРО Жоғарғы Кеңестерінің депутаты болып сайланып елінің сенім жүгін арқалай білген азамат.

Мемлекеттік басқару билігі мен депутаттық мандатқа ие болып халық қалаулысы ретінде қызмет еткен қайраткер қаламгерлер тізімінің өзі бірқыдыру. Осынау қайраткерлер шоғырының арасында Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасының экс-Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбайұылының орны ерекше. Ел-жұрты, қалың оқырманы Әбш Кекілбайұлын «Шандоз», «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-Алаң» қатарлы кесек те келісті романдар, «Күй», «Бәйгеторы», «Шыңырау», «Бәсеке», «Ханша дария хикаясы», «Құс қанаты», «Бір шоқ жиде», «Шеткері үй», «Аш бөрі», «Ең бақытты күн», «Жүнді барақ», «Тасбақаның шөбі» т.б. хикаяттар мен әңгімелер жазған кемел жазушы, сыншы, аудармашы ретінде таниды. Бұл – Әбіш Кекілбай тұлғасының шығармашылық қыры.

Осы орайда белгілі жазушы, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Әнес Сарайдың мына бір айтылымын қолдана кету орынды: «Әбішті тек қана жазушы деп қабылдасақ, оның үлкен сом тұлғасына терең бойламағандық болады. Жазушылардың ішінде әлеуметтік-саяси өмірімізге белсене араласқан, кешегі тәй-тәй тұрып жатқан бетімізде еліміздің дұрыс жолға түсуіне, дұрыс саясат таңдауына, болашақтағы қандай бағытта дамуына елеулі әсер еткен қоғам қайраткері еді. Ол халық тағдырына қатысты кез келген дүниелерде ұлтымыздың мүддесін бірінші орынға қойды. Сол арқылы кейінгі өмірімізге әсер еткен қайраткер тұлға деп білемін». Әбіш Кекілбайұлының мемлекеттік қызмет жолына шолу жасай отырып, оның шығармашылық пен басқарушылық қызметті қатар алып жүрген қажырлы да өнімді ғұмырын танимыз.

1939 жылы 6 желтоқсанда қазіргі Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы Оңды аулының аумағындағы Мырзайыр деген жерде дүниеге келген Әбіш Кекілбайұлы мектеп қабырғасынан бастап әдебиетке құмар болады. 1957 жылы 5 мамырда республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің белсенді ауыл тілшісі ретінде Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің мақтау қағазымен марапатталады. Осы жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филология факультетіне оқуға түседі. Университетте әдебиет бірлестігін басқарып, талапты жастардың талантын көркейтулеріне игі ықпал жасайды. Болашақ кемел қаламгердің осы кезеңдегі аяқ алысы туралы бірге оқыған досы, қазақ әдебиетінің тағы бір көрнекті классигі Мұхтар Мағауиннің «Әбіш екеуіміз» атты көлемді эссесінде кеңінен баяндалады. Автор былай дейді: «...Әбішті алғаш рет мінберде, мағналы сөз үстінде көрдім. 1957 жыл... Әуелі Сәбеңнің өзі сөйледі... Екі, әлде үш жігіттен соң, жазушы және кітапхана басшылығы жайғасқан столмен қатарлас жұпыны мінберге шашы жалбыраған, көзі ойлы, қараторы бала шықты. Міне, нағыз шешен. Бар лепесі мағналы. «Өмір мектебінен» бастап, «Ботагөзге» түсті. Шын мәнісіндегі халық жазушысының өзіндік ерекшелігі, тіл байлығы, шынайы суреткерлігі туралы төгіліп бір сөйледі дейсің. Бұдан соң кезек тиген оншақты жастың ішінде жақсы пікірлер болды, бірақ қара баланың әуезі бәрінен мазмұнды, бәрінен астам шықты».

Мұхтар Мағауиннің аталған эссесінде әдеби бірлестік жетекшісі Әбіш Кекілбайдың мұрындық болуымен заңғар жазушы Мұхтар Әуезовпен әдеби кеш ұйымдастырылғаны туралы айтылады. Осы кештің мәнді де мағыналы болғандығы, оған қатысып отырған ұлы жазушының көңіл-күй ауаны туралы Мұхтар Мағауин өз естелігінде былай деп жазады: Өзі ақын, өзі сыншы, таланты ерте танылған Әбіштің жақсы, мазмұнды баяндамасы тұсында, жалпы бүкіл кеш барысында Мұхаң өзінің ішкі ризалығын жасыра алмай, жан толқынысын, шәкірттеріне мейірімді ыстық сезімін айқын білдіріп отырды. Бар болғаны жиырма жастағы Әбіш Кекілбаев та Мұхаң назарына осы жолы ілініп еді. Кейін бірнеше жерде, түрлі басқосуларда: «Өткенде жақсы кеш өтті; сонда Бірлестік атынан баяндама жасаған бір студент – аса талантты жігіт екен», «болайын деп тұрған бала екен», - деп Әбішті қайта-қайта есіне алып мақтапты». Бұл да болса талантты таланттың ерте тани білгендігінің айқын куәсі болса керек.

Осылайша өзінің телегей білімімен айналасына мойындалып, ұстаздарының ыстық ықыласына ие болған талантты жас Әбіш Кекілбайдың самғау жылдары басталады. Университеттің соңғы курсында оқып жүргенде «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істей бастайды. Сыншылық қарым-қабілетімен көзге түскен ол 1962-1965 жылдары «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1965-68 жылдары Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігіне қызметке шақырылады. Әбіш Кекілбайұлының Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, 1968-1970 жылдары әскери борышын өтегенге дейінгі қызметінің бағыты, айналасына тигізген шарапаты туралы да Мұхтар Мағауиннің жоғарыда аталған естелігінде көрініс тапқан: «...1964–1965 жылдар тоғысында менің Қазақ хандығы дәуірінде жасаған ақын, жыраулар туралы зерттеуімнің мәнді, салмақты негізгі бөлігі жазылып қойған. Алайда, мен жұмысымды түгелге жуық еңсеріп, енді басылымдар жайын қамдамақ болған кез – көктемге қарай Әбіш жастар газетінен кетіп, Мәдениет министрлігіне жауапты қызметке ауысты. Әбіштің орнына Жұмекен келген. ...Мен қайткенде де қараңғыда, тұйық жағдайда жұмыс істеген адаммын, ақыры, жаңалыққа толы, аса мәнді зерттеудің алғашқы көріністері жарияға шыққанда Әбіш қатты қуанды. Қадарынша көмек жасамақ. Соның әуелгі бір көрінісі – Қазақ теледидарының әдебиет бөлімімен жалғастырғаны. Бұл он бес минуттық дәйекті сөз – менің өмірімдегі ең бір сәтті, бетбұрыс оқиға болыпты. Алдымнан қытымыр, қатаң болса да, кең жол ашылған. Белгілі мөлшерде Әбіштің шарапаты дер едім. Сол күні Әбіштің сілтеуімен телеэкранға шықпасам, қармаланып жүріп әйтеуір бір нәтижеге жетер едім, бірақ дәп осылай, төтесінен емес. Мәдениет министрлігінің репертуар бөлімін басқарып отырған Әбіштің, арада екі жыл өтпей, тағы да қол жалғағаны бар...». Осы бір үзіндіден ұлтының ұпайын түгендеуге бағытталған кез келген іс-әрекеттің жанашыры, қолдаушысы болған, досқа адал, риясыз қалып аңдалып тұрғандай.

Әскери борышын өтеп оралған соң 1970-75 жылдары «Қазақфильм» студиясында бас редактор, 1975-84 жылдары Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі, 1984-86 жылдары Қазақ КСР-і Мәдениет министрінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары соңынан сексенінші жылдары ортасына дейінгі кезеңде қазақтың мүсін, бейнелеу, сәулет, кино, сурет, сөз өнерінде небір айтулы туындылар дүниеге келіп, халқымыздың әдеби, мәдени өмірі мазмұнданып, мәндене түскен дәуір болды және мұнда Әбіш Кекілбай, Камал Смайыл және т.б. көптеген қабырғалы шығармашыл тұлғалардың қол біріктіре жұмсаған жасампаздық күш-жігері жатқаны анық.

1986-88 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының екінші хатшысы, 1989-90 жылдары ҚазССР тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төралқа төрағасы, ал 1990 жылы Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінде бөлім меңгерушісі. Болып қызмет атқарады және бұл жылдар – М.С. Горбачевтің «қайта құру» дәуірінен кейінгі жылымық өз күшіне еніп, сталиндік саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт қаймақтарын халқымен қайта қауыштыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүріліп жатқан жауапты кезең еді.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялаған кезде Әбіш Кекілбайұлының ер жасы елулерден енді асқан, білімі мен білік-тәжірибесі толысқан, нағыз кемелліне келіп, кемеріне толысқан шағы екен. Әбіш Кекілбайұлы мен оның өзге де қатарластарының саналы ғұмырындағы пешенесіне осылайша Кеңестер Одағы мен Тәуелсіз Қазақстан атты екі бірдей мемлекетте қызмет атқару жазылған екен.

Әбіш Кекілбайұлы 1991 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитеттің төрағасы болып қызмет етті. Қазақ халқының сандық үлесі аз, ұлтаралық қарым-қатынас сәл ширықса сетінеу қаупі әбден мүмкін сол бір тұста сарабдал да салқынқанды, тәжірибеге бай халық қалаулысы Әбіш Кекілбайұлының мұндай жауапты міндеттің бұйдасын ұстауы әбден орынды еді. Бұдан соң 1992-93 жылдары республикалық бас газет «Егемен Қазақстанның» бас редакторы қызметін атқарады. Ал 1993-1995 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі, 1994-95 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарады. Қазақстанның заң шығарушы жоғарғы органы Жоғарғы Кеңес аталып тұрғанда екі рет, одан кейінгі ҚР Парламент Мәжілісіне бір рет баламалы негізде депутат болып сайланады. Әбіш Кекілбайұлы 1996 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы деген лауазымға ие болады. Әбіш Кекілбайұлы – Қазақстан тарихындағы тұңғыш мемлекеттік хатшы.

Әбіш Кекілбайұлының Қазақстан тәуелсіздігі жылдарындағы атқарған қызметтері туралы сол заманның ресми құжаттарында толықтай дерлік қаттаулы. Онда мемлекетшіл тұлғаның қат-қабат қызмет жолдары мен қажырлы еңбегі, шығармашылық жұмыстарының жемісі бар. Бұл туралы аз-кем тоқталып өтуді жөн санадық.

Әбіш Кекілбайұлының ел өміріндегі аса маңызды шараларға қатысып, сындарлы сәттерде оңтайлы шешім шығаруға атсалысқан тұсы - Кеңес Одағы тарамастан бұрынғы Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі шақырылымының депутаты ретінде қызмет атқарған уақыт. Тарих парақтарына үңілсек, 1990 жылы 16 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі он екінші шақырылымының ІІ сессиясының пленарлық отырысы өткен екен. Қазақ КСР-інің Президенті, Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комиетінің бірінші хатшысы Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен өткен бұл отырыста Қазақ КСР-інің тәуелсіздігі мен Одақтық келісім туралы жоба талқыға салынады. Осы отырысқа Манаш Қозыбаев, Жабайхан Әбділдин, Өмірзақ Жолдасбеков, Марат Оспанов, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев қатарлы көрнекті депутат тұлғалардың қатарында Әбіш Кекілбаев та қатысып, болашақ тәуелсіз мемлекетті жариялауға қатысты маңызды мәселелер талқыға түседі. Отырыс нәтижесінде ұсыныстар мен ескертпелерді есепке ала отырып, Республиканың тәуелсіздігі туралы декларация жобасын толықтыру жөніндегі комиссия құрылады.

1996 жылы 23 қаңтарда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ә.Кекілбаев туралы» №2796 Жарлыққа қол қояды. Мемлекеттік Хатшы ретіндегі биік лауазымды әрі аса жауапты жұмыс атқарып, ел өмірне маңызды шешімдер шығаруға араласады. Осылай шаруа ішінде жүріп, Әбіш Кекілбайұлы заман сұранысына сай патриоттық рухтағы шығармалар жазып, халыққа ұсынуға да уақыт таба білді. 1998 жылы 11 маусымда Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласын жаңа астана ретінде халықаралық таныстыру бойынша өткен мерекелік іс-шараға мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев пен халықаралық ұйымдар мен қауымдастықтан, елшіліктерден құрметті қонақтар қатысады. Осы іс-шара аясында режиссер Болат Атабаев Әбіш Кекілбайдың «Абылай хан» атты тарихи драмасын сәтті қояды.

2002 жылы 29 қаңтарда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ә.Кекілбаев туралы» №774 Жарлығына қол қойып, Ә.Кекілбаев ҚР Президентінің ішкі саясат мәселелері бойынша кеңесшісі болып қызмет етеді. Осы жылдың 22 ақпанында ҚР Президентінің №814 Жарлығымен Әбіш Кекілбаев ҚР Парламент Сенатының депутаты қызметіне тағайындалады.

2003 жылы 24 қарашада ҚР Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев зиялы қауым өкілдерін қабылдап, олармен ҚР Ұлттық Кеңесінің ІІІ отырысында қаралуы қарсаңында 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылайды. Аталған талқылауға ҚР Парламент Сенатының депутаты Ә:Кекілбай да қатысады. «Мәдени мұра» бағдарламасы – Әбіш Кекілбайұлының белсене кіріскенін, осыған қатысты жұмыстарға өзінің білімі мен білігін арнағанын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жақсы білеміз. Бұған мысалды бір облыс ауқымында алып қарастыралық:

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Маңғыстау облысында тарихи-мәдени мұралардың зерттелуін қамтамасыз етуге бағытталған «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнінде ғылыми-әдістемелік кеңес» құрылып, оның құрамына республиканың белгілі тарихшы, археолог, этнограф, мәдениеттанушы, реставратор мамандары енгізіліп, кеңес төрағасы болып Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбай сайланады. Осы кеңестің шешімі мен нұсқауы, ықпалы мен жігері нәтижесінде Маңғыстау өңірінің әр түкпіріне ғылыми экспедициялар ұйымдастырылып, қазба жұмыстары жүріледі. Халықаралық ғылыми конференциялар мен экспозициялық көрмелер ұйымдастырылады. Өлкедегі ежелгі тарихи орында «Отпантау» тарихи-мәдени кешені» мемлекеттік мекемесі құрылады. Оғыландыдағы «Бекет ата жерасты мешіті», «Бейнеу қорымы», «Шопан ата жерасты мешіті мен қорымы» қалпына келтірілді. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан «Қызылқала – ортағасырлық қалашығы» ескерткішін археологиялық зерттеу жалғасып, осы өңірден шыққан Пір Бекет, Ер Қоса», Шотан батыр т.б. айтулы тұлғалардың мерейтойлары өтіп, көптеген белгілі қайраткерлерге ескерткіш тұрғызылған. Осының барлығында да ұлтын сүйген қайраткер тұлға Әбіш Кекілбайдың еселі еңбегі, ықпалы мен қажыр-қайраты жатыр. Осы бір кезеңде ұлттық руханиятты ұлықтауда үш жүз алпыс әулиелі Маңғыстау өлкесі республикаға үлгі-өнеге боларлықтай игі қадамдар жасауының өзі – Әбіш Кекілбайдай көшелі ел азаматтарының ниет, қол біріктіре атқарған ісінің арқасы.

2004 жылы 15 желтоқсанда ҚР Тәуелсіздігің 13 жылдығына орай бір топ қазақстандық мемлекеттік наградаларға ие болады. Тұңғыш рет берілген «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті» ордені сол кездегі ҚР Парламент Сенатының депутаты Әбіш Кекілбайға тапсырылады.

Әбіш Кекілбайұлы 2006 жылдан ҚР Мемлекеттік хатшы қызметін атқарып жүрген уақытында Отанның мұрат-мүддесі сыналар тұстарда аянбай қажыр-жігер танытып жұмыс істегенені туралы әріптестерінің, журналистердің естеліктері мен жарияланымдарында жиі көрініс тапқан.

Әбіш Кекілбайұлының қайраткерлік тұлғасы оның мемлекеттік қызметімен қатар, шығармашылық әлемімен қатар өріліп жатқанын жоғарыда атап өткенбіз. Еліміздің жас астанасында бой көтерген мәдени мекемелердің аяққа тұрып, қанатын қатайтуына, репертуарлық баюына да Әбіш Кекілбайұлы үнемі назар аударып отырғанын көреміз. Мысалы, елордада 2007 жылы 5 шілдеде ашылған «Жастар» театрының шымылдығы Ә.Кекілбай мен Ш.Айтматов бірлесіп жазған «Шыңғыс хан спектаклімен ашылған болатын.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, әл-Фараби атындағы ҚазақҰУ-дің, Лев Гумилев атындағы ЕҰУ-дің, өзге де көптеген жоғары оқу орындарының құрметті профессоры Әбіш Кекілбай 2015 жылы 11 желтоқсанда елордасы Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан) жетпіс алты жасында өмірден өтіп, Қабанбай аулындағы Ұлттық пантеонға жерленді.

Бар саналы ғұмырын шығармашылығымен де, мемлекет ісі арқылы да Қазақстанның, туған халқының гүлденіп, көркеюіне арнаған Әбіш Кекілбай тұлғасын ұлықтауға бағытталған ұлылы-кішілі іс-шаралар үлкен жүрек тоқтағаннан бергі кезеңде еш толастамауының өзі – заңғар жазушысы, қажырлы қайраткерінің халқымен бірге жасай беретіндігінің айғағы. Кемел ойшыл, мемлекетшіл тұлға Әбіш Кекілбайдың қайраткерлік еңбегі туралы мақаламызды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш Кекілбайұлы ескерткішінің ашылу рәсімінде сөйлеген түйінді сөзімен аяқтауды жөн көрдік: «Әбіш Кекілбаев – ғұлама жазушы ғана емес, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Елбасының сенімді серігі ретінде Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалауға қосқан үлесі орасан зор. Еліміздегі жоғары лауазымдарда қызмет істеп, халықтың ықыласына бөленді. Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Сенатор қызметтерін абыроймен атқарды. Заңғар жазушыны Елбасымыз «Алаштың әлем алдындағы бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі» деп бағалаған. Әбіш ағамен Парламентте әріптес ретінде етене араласып, ерекше сыйластым. Әбіш Кекілбаев Тәуелсіздігімізді қорғауға және нығайтуға атсалысқан аса көрнекті қоғам қайраткері болғанына ешқандай күмән жоқ. Өйткені, ол қазақтың ой-санасын жаңғыртқан ұлы өзгерістердің басы-қасында жүрді. Көрнекті қайраткер егемен еліміздің тарихи шежіресінде өз қолтаңбасын қалдырды. Оның «Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік» деген тұжырымы баршаға ой салады».

Бөлісу:

Көп оқылғандар