Ғабдолла Тоқай және қазақ әдебиеті

Бөлісу:

26.04.2021 7723

Татар әдебиетінің классигі Ғабдолла Тоқайдың туғанына 135 жыл толып отыр. 1886 жылы дүние есігін ашып, 1913 жылы 27 жасында өмрден өткен Ғабдолла Тоқай жиырма жеті жылдық қысқа ғана ғұмырында тұтас бір халықтың жаңа заман әдебиетін жаңа сатыға шығарып кеткен аса талантты тұлға.

Татарлар – ХХ ғасырдың басында түркі халықтары арасындағы білім, ғылым, мәдениет, экономикалық жетістіктер т.б. тұрғысында көшбасшылық орында болды. Ресей империясы құрамындағы қазақ және басқа да түркі, мұсылман халықтары үшін Қазан қаласы руханияттың ірі орталығы болды. Орта Азия мен Қазақстанға Кавказ бен Қырымдағы түркі, мұсылман жұртын көркем әдеби өнімдермен қамтамасыз етуді негізінен татар баспагерлері жүзеге асырып отырды. Қырым татары Ысмайыл Ғаспыралы негізін қалаған жәдидшілдік те Еділ бойындағы татар интеллигенциясы ортасында айқын көрініс тауып, өзге өңірлерге таралып жатты. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр тоғысында орыс және еуропалық әдебиеттерінің даму тенденциясынан белгілі дәрежеде қуат алған татар әдебиеті де жаңа белеске шығып, мықты қаламгерлер ортасы қалыптасты. Солардың ортасынан татарлардың арман-мүддесін, мұң-зарын барынша терең сезіне отырып жырлай білген шынайы халықшылдығымен ерекшеленіп, ұлт жүрегінен ерекше орын алған жас ақын Ғабдолла Тоқайдың таланты айрықша ілтипатқа ие болды.

Әр халықтың әдебиеті мен мәдениеті дамуына айрықша ықпал еткен тұлғалар болады және сол халықтың ақыл-ой биігі, әдебиеті сондай талантты жандардың есімімен байланысты болатыны бар. Мысалы, қазақ әдебиетіндегі Абайдың, орыс әдебиетіндегі Пушкиннің, венгер әдебиетінде Петефидің орны қандай болса, татар әдебиетіндегі Ғабдолла Тоқайдың орны да дәл сондай. Осы ойды қатысты академик Рақманқұл Бердібайдың мынадай пікірімен дәйектеп өту ләзім: «Әрбір халықтың көркемдік даналығын, рухын неғұрлым толық таныта алатын ақындар болады. Мәселен, өзбектер Науаи, түрікмендер Мақтымқұлы, қазақтар Абай, қарақалпақтар Бердақ, қырғыздар Тоқтағұл есімі мен еңбегін ерекше қастерлеп, ардақ тұтатыны белгілі. Ал туысқан татар халқы өзінің сан ғасырлық әдебиет тарихындағы әйгілі ақын-жазушыларының ішінен біріншілік тәжін Ғабдолла Тоқайға береді. Өмірден қиыншылық қыспағын көріп, небәрі жиырма жеті-ақ жыл жасаған ақынның мұншама биік мәртебеге ие болуы – сирек құбылыс.»

Расымен де сан ғасырлық ауызша, жазбаша бай тарихы бар, еуропа, орыс әдебиеті дәстүрлерінен де молынан хабардар татар әдеби қауымы арасында оқ бойы озып шығып, анық бас ақын деңгейінде талассыз мойындалу бақыты – Ғабдолла Тоқайға тиесілі болуы ғажап. Мойындалып қана қоймай, өзге түркі халықтарынан туып шығып келе жатқан таланттар үшін үлгі-өнеге аларлық ұстаз деңгейіне көтеріледі. Татар әдебиетін мазмұндық және формалық тұрғыда тың сатыға көтеру арқылы Ғабдолла Тоқайдың жазу мәнері, барша түркі халықтары қаламгерлеріне, соның ішінде осы тұста қолына қалам ұстап талаптанып жүрген қазақ ақын-жазушыларына үлкен әсер еткені сондай, «Тоқайша жазу», «Тоқайша жырлау» деген үлгі, еліктеу сол дәуірдің ақындары арасында дәстүр болады. Олардың алдыңғы сапында Сәбит Дөнентаев, Әкрам Ғалымов, Бернияз Күлеев, Тайыр Жомартбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров қатарлы қазақ ақындары болады. Тоқайдың ақындық мектебінен үлгі алған жастардың бірі болған, кейіннен қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері атанған академик жазушы Сәбит Мұқанов былай деп жазады: «Ғабдолла Тоқай, Ғалымжан Ибраһимов, Мәжит Ғафури, Ғалиасқар Камал, Фатиз Әмірхан, Ғафур Құлахметов сияқты үлкен жазушылар идея және көркемдік шеберлік жағынан қазақ ақын-жазушыларының бүкіл бір буынына әсерін тигізді.» Жоғарыда есімдері аталған қаламгерлердің қай-қайсысы да татар әдебиетінің көрнекті өкілдері қатарынан берік орын алған тұлғалар. Бірақ Ғабдолла Тоқайдың бәрінен де десі басым.

Ғабдолла Тоқайды қазақ оқырмандары ерте таныды. Оның да өзіндік себебі бар еді. Жастайынан жетімдік пен жоқшылықтың, аурудың ащы зардабын тартқан Ғабдолла Тоқай ғұмырының жартысына жуығы қазақ жерінде өтті. Осыған қатысты ақынның өмір жолынан аздаған дерек бере кетелік. Ғабдолла Тоқай 1886 жылы 26 сәуірде Ресей патшалығы Қазан губерниясы, Қазан уезі, Ұлы Меңгер болыстығының Құшлауыш аулында, ауыл имамы Мұхаммедғариф Мүтәлимов пен пен Мәмуда Зинетуллақызының отбасында дүниеге келеді. Бес айлығында әкесі Мұхамедғариф өмірден өткен соң анасы тұрмысқа шығып, әжесінің тәрбиесінде қалдырады. Кейіннен өз қолына алады. Төрт жасында анасынан айрылған Ғабдолланың бұдан кейінгі балалық шағының біраз бөлігі нағашы атасы Зинетулланың қолында өтеді. Көп балалы отбасында жадау-жүдеу өскен Ғабдолла ақыры тоғыз жасында әкесінің Оралда тұратын қарындасы Ғазизаның қолына келеді. Қазақ даласының батысында жатқан бұл қалада татар қауымы көптеп мекендейтін еді. Осындағы «Мүтиғия» медресесіне оқуға түседі. Медресе жанындағы орыс мектебінде дүниауи пәндер негізін оқып, орыс және әлем әдебиеті жауһарларымен сусындауы арқасында ақындық таланты таныла бастайды.

Сондықтан да Ғабдолла Тоқай үшін қазақ даласы мен халқы бала жасынан етене болды. Қазіргі Батыс Қазақстан облысының орталығы, тарихы бай Орал қаласында өмір сүрген Ғабдолла Тоқайдың азамат ретіндегі, ақын ретіндегі қалыптасуы туралы өзінің «Ғабдолла Тоқай» атты мақаласында әдебиеттанушы ғалым Қайым Мұхаметханов былай деп атап көрсетеді: «Ғабдолла Тоқай тоғыз жасынан бастап, 22 жасқа аяқ басқанша Қазақстанда өмір сүрді. Оның азаматтық саналы өмірінің жартысынан көбі Қазақстанда өтті. Ұлы ақын тұңғыш ақындық қадамын да қазақ даласында бастады. Тоқай қазақ елін, қазақ жерін жан-тәнімен шексіз сүйген ақын. Ол қазақтың ұшан-теңіз бай ауыз әдебиетін жоғары бағалады. Қазақстан – Тоқайдың екінші Отаны.» міне, осы себептен де Жайық бойы, Орал қаласы – Ғабдолла Тоқайдың екінші отаны аталуы заңдылық. Қазақ даласында балалық шағының базарлы жылдарын, бозбалалық дәуренін өткізіп, барша татар жұртының кіндік қаласы, туып өскен Қазанға оралған Ғабдолла Тоқай мұндағы әдебиет майданының қайнаған өміріне бірден араласып кетеді.

1905 жылғы Бірінші орыс төңкерісінен кейін татар халқының рухани өмірінде де зор сілкініс болады. Татар халқын ғылым мен білімге шақырған, болашақта азат ел болуға үндеген жаңашыл жастар шоғыры қалыптаса бастайды. Солардың алдыңғы сапында өзінің отты жырларымен Ғабдолла Тоқай болады.

Ғылым бағын аралайық, қыр көрсетіп мыңдарға,

Мына бізге қарап қалсын, періште де, жындар да!

Татар даңқы көтерілсін алты қабат аспанға,

Құдай өзі бақыт берсін ол ілгері басқанда!

Қалғудай-ақ қалғыдық біз қарап кейін, керіге,

Енді бізге шығу керек өркениет өріне! –

деп туған халқын оятуға үндеген Ғабдолла Тоқайдың бұл сарыны осы дәуірдегі қазақ ақындарында да жиі ұшырасады. Әсіресе, Міржақып Дулаттың «Оян, қазағы», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың елдік сарындағы өлеңдерінен Ғабдолла Тоқай жырларындағы елшілдік сарын анық аңғарылады. Бұл – қазақ ақындары Ғабдолла Тоқай үлгісі бойынша жазды дегендік емес. Дегенмен, сол дәуірдегі көптеген қаламгерлер өздерінің Тоқайға еліктегенін анық жазады.

Ғабдолла Тоқай өлеңдерін қазақ тіліне аудару да тым ерте басталғанын көреміз. Олардың алғашқы легінде Міржақып Дулатұлы, Жақан Сыздықұлы, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқановтар тұр. Бұдан соң Төкен Әбдірахманов, Сырбай Мәуленов, Қадыр Мырза Әлі т.б. көптеген қазақ қаламгерлері әр дәуірде Ғабдолла Тоқайды қазақша сөйлеткен екен. Барлығы де туыстас тілдің өкілі Ғабдолла Тоқай өлеңдерін өз талант талғамы деңгейінде тамаша аударғанын көреміз. Дегенмен, осы бір шоғыр арасынан Жақан Сыздықұлы аудармалары біршама сәтті екенін атап өткен жөн. Тоқай өлеңдернің қазақ тіліне аударылуы – бұл да болашақ зерттеудің қызықты да тың тақырыбы екендігі анық. Татар тілі – түркі тілдері арасында қазақ тіліне өте жақын тілдердің бірі болғанымен, оның өзіндік оралым ерекшелігі, сонымен қатар татар халқы отырықшылық өмір салтын ежелден ұстанып келген жұрт болғандықтан, эстетикалық поэтика әлемі көшпелі тұрмыс-тіршіліктегі қазақтардан анағұрлым бөлек екендігін ескерген жөн. Мысалы, қазақ шалқар кең даланы, ашық аспанды, ботаның көзін, арғымақтың жалын т.б. өлең-жырында тамсана жырласа, татар өлеңдерінде сандуғаш құс, мөлдір бұлақтар, ауыл арасындағы соқпақ жолдар, тал-қайыңдар көбірек арқау болатынын көреміз. Ғабдолла Тоқайдың «Туған жеріме» деген өлеңінен үзіндіні ана тілінде мысал етіп алайықшы: тілінде

Жөмләтән изге икен ич: инешең, чишмәң, кырың,

Юлларың, авыл, әвен, кибәннәрең дә ындырың.

Һәр фосулы әрбәгъәң: язың, көзең, жәй, кыш көнең,

Барча, барча ак оек, киндер, чабата, ыштырың!

Һәм көтүчең, этләрең, үгез, сыер, сарыкларың,

Барчасы яхшы: бүре, жен, шүрәле, сарикъларың.

Аударманың ішінде қара сөзді бір тілден екінші тілге тәржімалаудан поэзиялық туындыны тәржімалау қиын әрі қызықты дейтін ұғым бар. Аударудың өзінде мағынасына қарай неғұрлым еркін немесе негізгі ойдан, формадан алыстамай, түпнұсқаға жуық аудару бар. Бұл да аудармашы ақынның таланты мен талғам көкжиегін сынайтын өлшем. Ең бастысы – аударылатын туынды сол аударылған тілдің тұтынушы, қолданушы өкілінің таным-түсінігі ауқымында болуы. Осы тұрғыдан алғанда жоғардағы Тоқай өлеңінің қазақ тіліндегі Жақан Сыздықұлы тәржімасы мынадай қалыпта құйылып түскен екен:

Аулым, жүрген жолым, жасыл құрақ,

Кең далаң, сылдыр қаққан күміс бұлақ.

Көктемің, жазың, күзің, қыс күндерің,

Мен сенде шабатамды сүйреткенмін!

Үрген ит, маңыраған қой, сиырларың,

Жезтырнақ, бөріңді де сүйем бәрін!

Крыловтан, Пушкиннен, Лермонтовтан аударған дүниелерді бойындағы нәрін кемітпестен, керісінше әрін кіргізе отырып қазақ оқырманының танымына, талғамына еш алғаусыз лайықтап ұсынған Абайдың сара дәстүрі кейінгі аудармашыларға жұғысты болғандай.

Ғабдолла Тоқайдың рухани, шығармашылық ықпалы анық сезілетін, тіпті қысқа ғана ғұмыр жолына дейін ұқсастық бар қазақ ақыны – Сұлтанмахмұт Торайғыров. Жастай жетімдік, ауыл молдасынан сауат ашу, медресе, әркімнің қолында, әр өңірде тіршілік етіп ержету, орыс және басқа тілдерді меңгеру, газет ісіне араласу, ұлттық идеологияға араласу, жасынан меңдеткен көкірек аурумен арпалыса жүріп жанкешті өмір сүре жүріп небәрі жиырма жеті жасында соңында өлмес туындыларын қалдырып фәниден бақиға аттану. Бұл – Ғабдолла Тоқай мен Сұлтанмахмұт Торайғыров ғұмырындағы ұқсастықтардың бір парасы ғана.

Отаршылық езгіде қорлық көріп жатқан туған халқының бостандығы, жарқын болашағы үшін бастарын бәйгеге тігіп, оны оятуды, жігерлендіруді өзінің қастерлі борышы санаған екі ақынның азаматтық сарындағы лирикалық жырларында қатты ұқсастық бар. Ғабдолла Тоқай шығрмашылығында ұлттық, мемлекетшілдік сарындағы өлеңдер көп. Солардың бірі – «Мақсат» атты өлеңінде ақын былай деп жырлайды:

Мeн eлімді eл қылмасам, eл қылмасам кім бoлам?!

Аспандағы күнің eмeс, көңілдeгі күн бoлам! –

Бұл өмірдe күліп-oйнап жігіт өтeр, қыз өтeр,

Сoның бәрі маған қарап сағаттарын түзeтeр!

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың дәл осы сарындағы «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» атты өлеңінде мынадай жолдар бар:

Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып, күн болам!

Қараңғылықтың кегіне,

Күн болмағанда, кім болам?

Қай ұлт болмасын, әсіресе, бодандық күйін кешкен ұлттар үшін туған тілін сақтап, дамыту, оны ұрпақтан ұрпаққа нәр-қуатын кемітпей аманаттап қалдыру – басты алаңдайтын жағдайлардың бірі болып келген. Бұл үрдіс қазіргі қазақ пен татар үшін тіпті өзекті болып отыр. Сонау ХХ ғасырдың басында татар классигі былай деп жырлаған екен:

Туған тілім, тумай жатып табысқан,

Сeн арқылы әкe-шeшeм танысқан.

Туған тілдe анам сырын шeртeді,

Oсы тілдe әжeм айтар eртeгі.

Сoнау, сoнау бeсіктeгі кeзімнeн

Сeн арқылы қайғы-мұңды сeзінгeм.

Ана тілдe жалбарынам: «Құдайым,

Ата-анама саулық бeр!» - дeп ұдайы.

Аталған шумақтардағы ана тіл жайындағы ой-толғамдарды қазақ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің «Сүйемін, туған тілді, анам тілін» өлеңінде қазақ оқырмандарына мынадай түрде ұсынғанын көреміз және мұны өзге ақыннан ой қайталау емес, бір тақырыпты жырлаудағы өзіне тән дербес үні деп айта аламыз:

Сүйемін туған тілді анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан,

Құлағыма сіңірген таныс үнім.

Сол тілмен шешем мені әлдилеген,

Еркелеткен, құлыным, жаным деген.

Сол тілменен ойнадым далада еркін.

Сол тілменен бірінші сыртқа шыққам,

Өмірден, ен даладан ұққам көркін.

Сұлтанмахмұт Торайғыров Ғабдолла Тоқай шығармашылығына ден қоя отырып, «Тоқайша жазуды» өзінің ақындық белесінде мақсұт тұтты және Тоқайдың «Екі тышқан» т.б. туындыларын қазақ тіліне тәржімалады. Мазмұн мен формадағы, идеядағы мұндай ұқсастықтарды Сұлтанмахмұт Торайғыровтан өзге де көптеген қазақ ақындары шығармашылығынан табуға болады. Мұның барлығы да Ғабдолла Тоқай шығармашылығының туыстас халық әдебиетіне жасаған игі ықпалы болып саналады. Ғабдолла Тоқай орнықтырған туған ұлтына деген шексіз сүйіспеншілік, оның тағдырына деген алаңдаушылық сарыны қазақтың көзі ашық, оқыған азаматтарына зор әсер еткені анық.

Тіл дегенде кірпік ілмес ұлыңмын,

Тілеймін мен мәртебесін тілімнің.

Іштей бақыт тілеймін мен татарға,

Татарларым қосылса екен, қатарға!

Татар үшін жан беремін кезінде,

Мен татармын, шын татармын өзім де!

Парыздармын, қарыздармын халқыма,

Үміттерін ақтамасам, сол күнә! –

деп өмірден өтер-өткенше жырлаудан танбаған ұлы жүректі ақынның өмірден өткеніне де бір ғасырға жуықтап қалса да татар халқы Ғабдолла Тоқай есімін әрқашан биікке ұстап, жаңа ғасырда ұлт ретінде өмір сүру жолындағы айқын бағдарының бірі – Ғабдолла Тоқай туындыларындағы ұлы мұраттар деп біледі. Татар халқының ұлы ақыны тек Татарстан ауқымында ғана емес, Ресей Федерация мен бұрынғы кеңестік, қазіргі тәуелсіз республикалар халқына да танымал. Қазақстандықтар, қазақ халқы үшін Ғабдолла Тоқай әрдайым етене болып келген және солай болып қала берері сөзсіз. Ақынның 135 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан астанасының бір көшесі Ғабдолла Тоқай есімімен аталатын болғаны туралы жағымды жаңалық жар салынуда. Бұл да болса үлкен құрмет және Ғабдолла Тоқай бұл құрметке әбден лайықты ұлы классик.

Бөлісу:

Көп оқылғандар