Ашық, әділ, кәсіби тұрғыдан сын есту сиреп барады...
Бөлісу:
Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы елордадағы "Жазушылар үйінде" игі бастама қолға алынды. Енді қаламгерлер кітап баспаға кетпей тұрып оны талқылауға жиналып отырмақ. Ол үшін әрбір секцияға арнайы комиссия құрылатын болады. Бұл жолы кәсіби журналист, аудармашы, жазушы Сырым Бақтыгереевтің "Құйын" повесті талқыланды. Кітаптың талқысына Мәди Айымбетов, Серік Негимов, Қуаныш Жиенбай, Дәулеткерей Кәпұлы сынды белгілі қаламгерлермен қатар Олжас Қасым, Бақытбек Қадыр, Алпамыс Файзолла сынды жастар да қатысып, өз пікірлерін білдірді. Орайы келгенде жеке ұсыныстар да айтылды. Бұл игі дәстүр алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ. Сол талқылаудан соң жазушыны сұхбатқа тартқан едік.
- Мұхит мектебінің ірі өкілдерінің бірі – Қызыл әншінің тағдыры жайлы «Құйын» повесін жазып шықтыңыз. Есімі бүгінде көп айтыла бермейтін, өмірі жұмбақ өнер саңлағы жайлы жазуға не түрткі болды?
- Рухты адамдардың қандай қайғылы күй кешкендері белгілі ғой. Соның ішінде руханиат әлемінің табиғи болмысымен, әсіресе, өнер адамдарының ескерусіз, ізсіз жоғалғанының мысалы жетіп артылады. Соның бірі, өзіңіз айтқан Мұхит мектебінің ірі өкілдерінің бірі – Қызыл Тұрдалыұлы. Академик Ахмет Жұбанов өткен ғасырдың отызыншы жылдарының орта тұсында еліміздің батыс өңірін аралаған тарихи сапарында Ойыл өңірінде де болып, жергілікті ән, күй тарихын қағазға түсірді. Академик “Замана бұлбұлдары” атты еңбегінде Мұхит шәкірттеріне тоқтала келіп, Қызылға да ішкі ыстық ықылас күйін арнады. Алайда, ол күйді “қызыл империяның” қартүнек ниеті басудай-ақ басты. Қызыл құрдымға кетуге шақ қалды. Ән құдыреті мен әнші талантының табиғи тұтастығы ғана оған жол бермеді. Ойыл өңірін елестей кезді. Қызыл әнінің қуаты ызыңды күйге түскенмен, сол күйімен-ақ ән құмар тыңдаушыны бір ғасыр бойы қызығушылық құшағында ұстай алды. Соның арқасында, ол бүгінгі күнге жетті. Қазақтың тума таланттары, дәстүрлі әндердің “қанатты қарлығаштары” С. Жанпейісова, Қ.Кәкімов, А. Қосанова, Ы. Сүлейменова, С. Мырзабаева сияқты бұлбұл әншілер Қызылдың әндерін қайта түлетті. Құдайға шүкір, қазір ел ішінде тыңдаушылары көбейді, қазақ радиосынан жиі орындалады. Тек, бір өкініштісі, теледидар арқылы насихатталмай жүр. Оның да күні келер деп ойлаймын.
Енді, “Құйын” повесіне қатысты. Оны жазуға не түрткі болды. Мен жазушы емеспін, кәсіби журналистпін. Асыраушым да, рухтанушым да – журналистік қызметім, сондықтан басқа кәсіпке ауысуды онша қажетсінбедім. Ендеше, “Құйынға” неге отырдым. Ол аудандық газетте журналистік қызметке алғаш араласқан кездегі ұлт болмысын тануға ұмтылған арманшыл сәттегі кәсіби кейіпкерім. Әні де, тағдыры да, тіпті тағдыр тәлкегіне ұшыраған кесек мінезді қайсар адамның оғаш мінезі де ерекше қызықтырды. Заман талабына салсаң, ондай “қисық бұтақтардың” насихат құралына қажеті шамалы. Дегенмен, қайран жиырма бес не істетпейді, аудандық газеттің редакторы, алғашқы ұстазым Нұрымжан Жұмағалиевтің қолдауымен осыдан жарты ғасырдан астам бұрын Қызылдың өмірбаянын іздестіре бастадым. Әншіні көрген, онымен тағдырлас, тіпті серіктес болған бірен-саран адамдар арамызда әлі де кездесетін. Журналистік материалдар аудандық газеттен соң, 2001-жылғы “Түлеген Ойыл өңірі” атты деректі хикаятымда жарияланды. “Фолиант” баспасының “Менің Отаным – Қазақстан” атты сериялы кітаптарының құрамында 2009-жылы жазылған «Ойыл» атты кітап-альбомымда біршама кең насихатталды. Ол журналистік материал еді, ал оның көркем шығармаға айналуына себепші, турасын айтқанда дем берушісі қарымды қаламгер, марқұм Қажығали Мұханбетқалиұлы екенін әрі жоқтау, әрі сүйсіну сезімімен ылғи да еске алып отырамын. Өзі де мінезді, кейіпкерлері де ерекше мінезге құрылатын қаламгер Қызылдың тағдырына, дәлірек айтқанда әншілігіне, ер үстіндегі шалт қайратына, досқа қайрымдылығына, ең бастысы түкті жүректілігіне үнемі қайран қалып, көркем шығармаға сұранып-ақ тұр дейтін. Қызыл жайындағы жарты ғасыр бұрын толтырылған, сарғайған дәптерімді сұрап алып, оқып та шыққан-ды. Жиеналы хазіреттің қасындағы Рсалы деген ауыл азаматын “біздің жақындарымыз, Қызыл туралы алғаш сол кісіден естіп едім” деп отырушы еді Қажекең. “Неге жазбайсың?” дегеніме “көп жәйі белгісіз ғой” дегеннен әріге бармайтын. “Сен Қызылды жақсы білесің ғой, көркем шығарма жазсайшы” деуші еді. Жәй күлетінмін де қоятынмын. Бәйтерек дүниенің аса қажетті бір бұтағы опырылып, жүрек шіркін жетімсіреп қалды ғой. Осы жинақты әзірлеп жүріп, әңгімелеріме пікір айтуын өтінгенмін, үлкен қаламгердің онсыз да жетпей жататын уақытын бөліп, ол ол ма, соншалықты жауапкершілікпен мұқият талдағанына қайран қалдым. Турашыл қаламгерден “әңгімелерің жақсы” деген сөзді есту үлкен жетістік, ал ашық, әділ, кәсіби тұрғыдан өте құнды сын есту, өкінішке орай, сиреп бара жатқан қуаныш. Қажекең: “Сыңар аққудың сұңқылын” жақсы бағалады және пайдалы, өткір сын айтты. “Жалғыздық мәңгілік тақырып, әңгімеңде махаббаттың жетімсіреуіне қатты назар аударыпсың, көп жазылғандықтан салқын қабылданады және соңындағы махаббат мұңының сағымға сіңіп, белгісіз трагедияға айналуы онша қызықтырмайды, меніңше сыңар аққудың эмоциялық, психологиялық емес, романтикалық әлеуметтік жүгі тереңірек ашылса дұрыс болар еді” деді Қажекең. Солай еттім де, қалай шыққанын, жарияланып жатса, оқырман айтар. Сондай-ақ, И.Тургеневтің “Қара сөзбен жазылған жырларын” түгел (83 жыр) аударып, оны да жинаққа кіргізген едім. Отыз төрт жыл бұрын аудара бастап, кейін тоқтап қалған өзіме ыстық дүниелер еді, “Фолиант” баспасының жанындағы, белгілі жазушы, аудармашы К.Юсупов, кейін танымал қаламгер Д.Рамазан басқарған “Әлем әдебиеті” журналында толық жарық көрді, екеуі де оң пікір білдірген-ді. Қажекеңнің аударманы өте мұқият оқығанын, ондағы түзетулерден көріп, сүйсіндім, “Эгоист” атты прозалық жырдың жанына: “Міне, осылай аудару керек!” деп жаза келіп, аудармаға нақты сыни ұсыныстар да айтты. “Алғашқы көркем туындың, аударманы жинаққа қоспай, өз шығармаларыңмен танылғаның жөн” деді. Жинақтан аударманы алып тастадым. Оның орнына Қажекең қайтыс болғаннан кейін жазылған жаңағы “Құйын” повесін кіргізген едім.
- Шығарманың кейіпкеріне айналған Жұбаналыны көрдім дедіңіз. Ақын Қайыр Тоқтаров жайлы айтып қалдыңыз. Осы адамдардың шығармаңызды жазуға тигізген әсері қандай болды?
- Жұбаналы Қызылдың жортуылда бірге болған ең жақын серігі. Түр тұлғасы да, ойлау, сөйлеу мәнері де қайран қалдырды. Мен жиырма бестегі талдырмаш жігітпін, ол тоқсанның үстіне шығып кеткен, еті қайтқанмен, сүйекті ірі денесі сесті өзгеше жаратылыс. Кірген бетте, табалдырық алдында тырп ете алмай тұрып қалдым. Үрей билегені рас. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында Алматыда, Панфилов саябағында чешен Ақтаевты алғаш көргенде (ұмытпасам бойы – 2 м. 13 см.) осындай сезімде болғанмын. Жұбаналы қарттың үстінде кең ақ көйлек, бұтында ақ дамбал, жылқы жақтас шодырайған сүйек үрей шақырады. Құдды, тірі әруақ дерсің! Зәремді ала түсейін дегендей, әңгіме арасында денесіндегі қаптаған тыртықтарды ашып, сипалап қойып: «Қызылдың қай қасиетін сұрайсың, сөзге де, қайратқа да, өнерге де арамыздан айқын дараланған жан еді ғой, шіркін!» деп барып, бір тоқтады. Барымташылар екенін естігенмін, «Жылқы ұрлауға шыққанда …» дей беріп едім, шүңірек көзі ұясына симай, аларып, от шашып шыға келді. «Тәйт әрі, біз сол ұрлығыңмен шайқасып өтпедік пе. Біз бастан өткізген тірліктің жүректі қалай ауыртып, жанды қалай жаралағанын сезсең бұлай сұрақ қоймас едің. Бізді кім басынбады, кім малымызға бұғып келіп құрық салмады. Намыс қысқанда, әділеттің қандай болатынын ұқпасақ ұқпаған шығармыз, тосын намысқа шапсақ шапқан шығармыз, бірақ сол намысты ұрлыққа тәуелді етіп қумағанымыз анық».
- Шығарманың тарихи шындығы басым ба, көркемдік шындығы басым ба?
- Басын ашып айтайын, көркемдік шындықтың басымдығымен келісе алмаймын. Мүмкін, журналистік тәжірибемнің “ауруынан” болар, әйтеуір, егер көркемдік бояу басып кетсе, өмір шындығы деген ұғымның қадірі кете бастайтындай көрінеді. “Құйындағы” кейіпкерлердің бәрі дерлік, Ербол мен Жаппардан басқасы, түгел өмірде болған адамдар. Оқиға да солардың өмірінен алынды және авторлық көзқарасым көбіне-көп солардың көзқарастарына бағынышты болды, демек тарихи шындық пен көркемдік шындықтың аражігін, қолымнан келгенше, ажыратпауға тырыстым. Айталық, Жұбаналының атасы Қаныбеттің Тілеуліні бауыздап өлтіруі, Қаныбеттің анасының да, ана бола тұра, бауыздалған адам қанын жұтуға еш шімірекпеуі, тіпті: “Қайтейін, құлыным, шөлім енді қанды ғой” дейтіні Жұбаналымен оның тірі кезінде кездесіп, сырласқанда оның өз аузынан естіген жаным шошыған әрекеттер. Қызылдың да, Есқали мен Жиеналының да тағдырына қатысты өмір шындығы еш бұрмаланған жоқ. Көркемдік бояу көркемдік талап деңгейінде ғана жағылды. Әңгімелер де түгелдей дерлік өз басыма немесе кейіпкерлерімнің өмірін зерделеуге қатысты деректер аясында орындалған күнделікті тірліктің шындығы. Менің мұндай ұстанымым кәсіби қаламгерлердің шығармашылық ұстанамына сәйкес келмеуі, яғни таза көркемдік шарттарға толық жауап бере алмауы мүмкін, қалай болғанда да, туындыларымда шындықтың осылай көрінуіне разымын.
Ал, Қайыр Тоқтаровпен де сол 1967 жылғы сапарымда кездестім. Ол кезінде ұжымдық шаруашылықты ұзақ жыл басқарған, ауылдастары арасында өнегелі істерімен құрмет-беделге ие азаматтардың бірі еді. Ескі әңгімелерді жақсы білетін және әсерлі әңгімелейтін. Қызылды он екі-он үш жас шамасы кезінде, барымтадағы адам өліміне байланысты құн даулаушылар келген кезде көріпті. Бір ауылдан, әншінің соңғы тағдыры жайлы жақсы біледі екен. Қайыр ағаның ақындығы да бар, сол жолы оның қырықшақты өлеңін қағазға түсіріп алған болатынмын, олар менде әлі де сақтаулы. Жариялаудың сәті түспеді. Ал, ағаның әңгімесі жазба материалдарымда әлденеше рет қайталанды.
Соңғы жылдары Қызыл әнші туралы біраз деректі дүниелер жазылды. Солардың ішінде ақын, кезінде ақындардың облыстық, республикалық жарыстарында жүлде алған, бірнеше деректі шығармалардың авторы Нұрлыбек Қалауовтың 2008 жылы жарық көрген “Ғасырдан асып жеткен ән” атты еңбегінің орны бөлек. Автордың аталған еңбегінде Қызыл әншіге қатысты тарихи деректер көп, ізденген, өз әкесі Амандәулеттің, жазушы Т.Меңдіғалиевтің әкесі, Қызылды көрген Меңдіғалидың естелігін және басқа да ауызша деректерді кәсіби пайыммен сәтті пайдаланған. Өзі де ақын, әнші, өнертанушы, бұрын да Кіші жүздің Қызыл тектес айтулы әншілерінің бірі Батақтың Сарысы туралы да сүбелі еңбек жазып, жариялаған Нұрлыбектің қолынан туған “Ғасырдан асып жеткен әннің” сүйсінтер тұстары жеткілікті. Ең бастысы, автор еңбегінде, Қызылды әсіре суреттеуге, тіпті саясатқа араласьтырып жіберуге тырысқан естеліктердегі әсіре бояуларға сақтықпен назар аударған. Деректі дүниедегі мұндай ұстаным, көркем шығармаға да тән болуы тиіс, әйтпесе өнер адамынан саяси, қоғамдық қайраткер жасауға, тарих шындықтан жасанды көркемдік шындық тудыруға бой алдыру сияқты қателікке ұрынуымыз әбден мүмкін.
- Жазылу барысында қандай қиындықтар кездесті? Сол қиындықтармен қалай күрестіңіз?
- Тәуекел. Біз, ешқайсымыз кәдімгі қарапайым шындықтан қашып құтыла алмаймыз. “Жас келіп, базар тарқағанда топқа түсу есті адамға онша жараса бермейді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін, қол бос, уақытын өткізу үшін әйтеуір бірдеңемен шұғылдану керек қой. Қазір екінің бірі қалам ұстаушы, том-том шежірелер мен естеліктер, ғұмырнамалық жазбалар қаптап кетті. Осы жұрт ерігеді-ау деймін”. Бұл екі күннің бірінде естіп жүрген қағытпаларымыз. Оны теріс дей алмаймын, сонымен бірге құптамаймын да. Бірақ, көкейден өмірі кетпей қойған “өлі” арманға “өліксің” дей алмайды екенсің. Қанша қиналсаң да, алға емес, артқа жалтақтауың қинап, жібермесе де, бәрібір арманның аты арман, арпалысып, бәрібір өз табиғатына тартпай қоймайды. Ал, “тәуекел деп, тас жұтуға”, жоғарыда айтылғандай, еріккеннің ермегінен емес, айналамдағы зиялы адамдардың, шынайы сырлас, парасат пайымын алға тартқан кейбір әріптестерімнің жүрегінен шыққан ескертпелері басты демеп-жебеуші болды. Қалай күрестім? Басқалар сияқты, бір тұрып, бір құлап келемін.
- Қазақстан Жазушылар Одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының "Жазушылар үйінде" кітапты жарыққа шығармай тұрып талқыға салдыңыз. Бүгінде бұл үрдіс сиреп кетіп еді. Кеңестен не күтіп едіңіз? Соңында қандай ой түйіп қайттыңыз?
- Бұған жауап жоғарыдағы сұрақтан туындайды. Бұл менің үлкен жеңісім, яғни жоғарыда Сіз сұраған қиындықтарды еңсеру үшін тәуекел етудің басы болды бұл. Ардагер журналистен арынды қаламгер шығаруға ешбір мерзімдік басылым құлықты емес. Болашағымыз, жас толқынымыз желкілдеп өсіп келеді. Үміт етуіміз де, үкілеп, ақ жол тілеуіміз де, әбден орынды. Дегенмен, тәуекел етіп, сол аламан бәйгеге түстім бе, ендеше, кері жол жоқ, шешімімнің дұрыстығын дәлелдеу үшін, жекелеген адамдардың, тіпті өзімнің де жеке түсінігім жеткіліксіз. Көпшілік, яғни зиялы көпшілік қана әділ баға бере алады. Біз сілікпесін шығарып, сынап жүрген өткен кезеңдердегі әдеби ағымда көбіне-көп пайдалы жағымен бағаланған тәжірибені қазір мойындамайтын, әлде “өзгерістер революциясымен былыққан” көзқарастың талай мысалын келтіруге болады. Бірақ, одан ештеңе ұтпаймыз. Тиімді тәжірибе қай кезде де, қай ортада да тиімді. Әсіресе, “әдебиет ардың ісі” деп ұрандағанымызбен, арымызды аршып алудан шаршамайтын жүрегі ыстық жазушылар шығармасынан бөлек, оларға кереғар, “мен” мен “менікіні” жалау етіп, нарық заңының көлеңкелі жақтарын, намыстының зомбылық жақтарын арашалауға икемшіл туындылар көбейіп бара жатқан кезде, ұрпағымыздың алдында жүзімізді жарқын ұстауға насихаттайтын туындыларды көп былық-шылық арасынан сүзіп алу үшін, әсіресе, керек. Несіне намыстанамыз, көп білсек сабыр сақталық, талқыдан классиктеріміздің де көп нәрсені үйренгенін ұмытуға бола ма, аз білсек үйренуден неге қысыламыз, көкірегіміз кеңіп қалмай ма?! Өзімді бір сынап көру үшін, мен де тәуекел еттім. Пайдасын көрдім деп ойлаймын. Жеке талқыда қарымды қаламгер Қ.Мұханбетқалиұлының шығармаға жанашырлық тамаша қасиетінің куәгері болғаным жайлы жоғарыда айттым. Кейін дүниеге келген “Құйын” атты повесімді Мәскеуде тұратын жерлесіміз, Еуромиссияның бөлім меңгерушісі, филология ғылымының докторы, белгілі бейімбеттанушы Серікқали Байменше де сол қолжазбадан оқып, білдірген пікірі көп пайдасын тигізді. Шығарманың “Ғайнижамал” және “Түлжансары” атты әндерге қатысты суреттеулерде көркемдік бояудан журналистік баяндаулардың басымдығын дәлелдеді, ойдан ой туып, ол стильдік редакцияға ғана емес, архитектукалық өзгерістерге де әсер етті. Пайдасы тиді деп ойлаймын.
Филиалдағы талқылауда белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымының докторы Серік Негимов повесть атауының дұрыс таңдалғанына сенімімді нығайты. Ондағы кейіпкерлердің мінез, сөйлеу мәдениетіне қатысты құнды пікірлер айтты. Шығарманың тарихи, философиялық, психологиялық мазмұнына кәсіби тұрғыда баға берді. Ғалымның “Кіндік шешеге”, “Қара тон, көк көрпеге”, “Рухтар съезіне”, “Қасқырдың киесіне”, “Сыңар аққудың сұңқылына” қатысты пікірлері де ой салды, шынында да кейіпкерлердің трагедиялық тағдырларын сомдауда шендестіру тәсілін, шынында да неге батылырақ қолданбасқа.
Психолог жазушы, “Алаш” сыйлығының иегері Мәди Айымбетов “Құйынды” бала Ерболдың көрінісімен емес, Қызылдың өзінің драмалық-трагедиялық тағдырының бір сәтімен бастаған дұрыс сияқты деген ой тастады. Қызылдың әр әні өмір жайлы сыр, адамның эмоциялық-психологиялық мінез-қылықтарымен шендесіп жататын өнер туындысы. Демек, әннің өмірбаяны арқылы Қызылды тартысты, қызықты оқиғаларға батыл араластыруға болар еді. Мәдидің пікіріне орай, шынында да ойланған жөн.
Қарымды қаламгер, “Алаш” сыйлығының иегері Қуаныш Жиенбайдың Қызылды басқа кейіпкерлерден әлі де даралай түсу керек, ол басқаларынан шоқтығы биік тарихи тұлға, шығарманың жетекші желісі осы тұлғаның төңірегінде көбірек ширыққаны жөн дегені де кәсіби пікір деп ойлаймын.
Белгілі ақын, филиал директоры Дәулеткерей Кәпұлының “жүгенді бос жіберді” емес, “тізгінді бос жіберді”, жекпе-жек қанын қыздырған тұста Қызылды шалт қимылдан сақтау үшін Жұбаналының “жүгенге жабысуын” “сулыққа жабысуын” деп өзгерткен дұрыс” деген сияқты ескертпелері де шығарманы ширата түсетін көмек.
Жас қаламгер Бақытбек Қадырдың повесті “Құйын” деп емес, “Қызыл құйын” деп атасақ қайтеді дегені де елең еткізді. Жас жігіттің құйынды жәй құйынмен емес, қызыл террорды еске түсіретін құйынмен шендестіріп отырғаны, шынында да, ойлантып тастап еді. Бірақ, Қызыл 1921 жылғы аштықта бұратылып, аштан өлген трагедиялық тұлға. Саяси қуғын-сүргін зобалаңына тікелей қатысы жоқ. Әнші тағдырын “қызыл террормен” байланыстыру шындыққа көп жанаспайды. Сондықтан “Қызыл құйын” деп өзгертудің қажеті бола қояр ма екен?! Талқылаудан кейін Мәди үйге телефон соғып, “Тағдыры құйын сияқты ұйтқып өткен тұлға ғой, мүмкін “Құйын-тағдыр” деп атасақ қайтеді?” деген ұсыныс айтты. Достық тілекті ықыласпен қабыл алдым, онда да мән бар-ау!
- Аударма саласында да өнімді еңбек етіп келесіз. Сол аудармаларыңыз жайында айтып өтсеңіз? Шығарманы қалай таңдайсыз?
- Жоғарыда атап кеткенмін, И.Тургеневтің 1987 жылы Мәскеуде “Правда” баспасында жарық көрген “Литературные и житейские воспоминания” атты еңбегіндегі қарасөзбен жазылған жырлары қатты қызықтырып, үш-төртеуін аударғанмын. Ширек ғасырдан кейін соған қайта оралып, сексен үш жырды түгел аударып, “Әлем әдебиеті” журналына ұсындым. Толық жарияланды. Бұған дейін қоғамдық жанрдағы еңбектер мен орта арнаулы және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарды мемлекеттік тілге аударған едім. Олардың ішінде белгілі заңгер, заң ғылымының докторы Ғайрат Сапарғалиевтің жоғары оқу орындары студенттеріне арналған “Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы” атты оқулығы менің аударуыммен төрт қайтара жарық көрді. Республиканың ең танымал заңгерлерінің қатысуымен Республика Конституциясын талдаған академиялық ғылыми түсініктемені “Жеті жарғы” баспасының тапсырмасымен тәржімеледім. Энергетика, халықаралық саясат және экономика саласындағы танымал қайраткер, Пулитцер сыйлығының иегері Дэниел Ергиннің 2016 жылы 2017 жылғы халықаралық көрме аясында жарық көрген «Энергия» атты көлемді еңбегін аударуға қатыстым.
Соңғы жылдары көркем аудармаға ауыса бастадым. Оған «Фолиант» баспасының ұсынысы да себепші болды. Баспаның тақырыптық жоспарына сай әйгілі дат жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің «Су перісі», «Ұсқынсыз балапан», «Қайтпас қайсар қалайы солдат», «Бүрге мен профессор», «Күміс тиын», «Он екі жолаушы», «Түймедақ», «Тебен ине», «Зығыр» атты, белгілі белорусь жазушысы Валерий Кастрючиннің «Ержүрек құмырсқа», «Желаяқ қоян және оның достары» атты ертегілерін, И.Чандештің «Ескі шатырдағы ертегілер» атты танымал туындысын аудару туралы ұсыныс түсті. Балалар тілін меңгеру өте қиын. Өзің көтеріңкі күйде болғанмен, оны балаларға сыйлау тіпті де оңай емес. Балалар әдебиетін дамытуға баспа тарапынан да, қаламгерлер тарапынан да үлкен тәуекел, жауапкершілік керек екенін сонда сездім. Қиын, бірақ керек. Белгілі швед балалар жазушысы Свен Нурдкистің Финдус деген мысықтың өмірі жайлы сериялы әңгімелері бар. Балаларға арналған өте қызықты шығармалар. Біреуін аударып көрдім. Қоржынымда. Әзірге оған еш жерден ұсыныс түскен жоқ. Оны әрі қарай жалғастыра аударуға батылым жетпей жүр.
Ал, қазіргі испан әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі, оншақты детективті романдардың, киносценарийлердің авторы, әлемнің отты ошақтарында айтулы телехабарлар жүргізген, еліне екі қайтара із-түссіз жоғалды деген қаралы хабар жөнелтілген тележурналист, жанкешті саяхатшы Артуро Перес-Ревертенің “Құрсау немесе өлім үстіндегі ойын” атты көлемді романы шытырман оқиғаларымен, философиялық терең танымдық толғанысымен ерекше қызықтырды. Қоғамды өзгертуге ұмтылған саяси текетірестер, сегіз бірдей он алты жасар қыздың бірдей тәсілмен өлтірілген жантүршіктірер қылмысты аша алмай басы қатқан испан полициясының комиссары Рохелио Тисонның дұшпаны, француз қаруын жетілдіру үшін отбасылық қызығынан айрылып, ғылыми жұмысқа жегілген профессор Симон Дефоссёмен жасырын кездесіп, испан қаласы Кадиске зеңбіректен оқ атуға көндіруі, яғни өздерінің құпия қылмысқа баруы, теңіз қарақшылары ойқастаған оқиғалар аясындағы нәзік махаббаттың романтикалық жүрек лүпілі, испандықтардың ауыр тұрмысы, бәрі-бәрі бір-бірінен ажырамас тұтастықта шебер өрілуі ерекше қызықтырды. Аудармаға бір жылдай уақытымды арнадым. Романды “Фолиант” баспасы қазақ тілінде жарыққа шығарды.
- Әсерлі әңгімеңізге рахмет!
Бөлісу: