Мәлік Ғабдуллин хаттарындағы ұлттық руханият мәселелері

Бөлісу:

09.05.2021 4543

ІІ Дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең ауқымды да алапат қырғын. 1939 жылдың 1 қыркүйегінде басталып, 1945 жылдың 2 қыркүйегінде аяқталған бұл соғысқа сол кезеңде Жер шарында өмір сүріп жатқан жетпіс төрт мемлекеттің алпыс екі, яғни барша адамзаттың сексен пайызы қатысқан екен. Аталған соғыстың ең қызулы фазасы Фашистік Германия мен Кеңес Одағы арасында болған бөлігі. Кеңестік, Ресейлік тарихнамада «Ұлы Отан соғысы» аталып, 1418 күнге ұласқан қанды қасап майданға Кеңес Одағы құрамындағы одақтас республика Қазақстаннан бір миллион екі жүз мыңнан астам адам аттанса, солардың тең жартысы туған жерінен жырақта, майдан даласында қаза тапты, хабарсыз кетті. Соғыс кезінде Қазақстанда он екі атқыштар дивизиясы, төрт атты әскер дивизиясы, жиырмадан астам атқыштар және атты әскерлер бригадалары, әуе күштерінің, зеңбірекшілер полктері, әр түрлі соғыс салаларының ондаған батальондары құрылған. Бұларға қоса, өзге республикалар аумағында жасақталған әлденеше әскери құраламаларға да қазақстандықтар енгізілген. Соғыс жылдары тікелей майданға аттанғандар мен тыл жұмыстарына кеткендердің жалпы саны бір миллион сегіз жүз мыңнан асады.

Бұл соғыс – бір мемлекеттің адамы деп саналғанымен, бұған дейін әрқайсысы өз аумағында томаға-тұйық өмір сүріп жатқан кеңес халқын мидай араластырып, бір-бірін тани түсуіне ықпал етті. Бұрын әскери қызметке жаппай алынбаған қазақ халқы туралы да өзге республикалар тұрғындарының ақпараттық түсінігі аздау болғаны анық. Кеңестік пропаганда соғыс басталғаннан-ақ саяси үгіт-насихатқа мән берді. Әр халықтан шыққан батырлардың ерлігін майдан мен тылдағы халыққа танытып дәріптеуге, олардың рухын жанып, жігерлендіруге аса мән берді. Саны мол ұлттардың, соның ішінде қазақ тілінде майдандық газеттер үздіксіз шығарылып, таратылып жатты. Оларда кейіннен өз халқының көрнекті майдангер жазушылары атанған небір талантты журналистер қызмет атқарды. Әрине, мұндағы материалдардың бәрі де соғыс майданының өзіндік талаптарына, коммунистік идеологияның қырағы бақылауына сай болды, абайсызда қия басқандарды аяған жоқ. Жауынгерлер мен еңбеккерлердің майдан мен тылдағы жанқиярлық ерлігі мен ересен еңбегін насихаттау, халықтың отаншылдық рухын көтеру – соғыс өтіндегі, елдегі қаламгерлерге жүктелген парыз болды. Сондықтан да, соғыс жылдарында броньмен қалдырылған немесе жарамсыз, жасы асқан ақын-жазушылар да майданға сапарлап барып, жауынгерлермен жүздесіп, олар туралы туындылар жазды. Осындай іс-әрекеттердің нәтижесінде қазақты, қазақтан шыққан батырларды кеңес халқы танып біле бастады.

Әлем бұрын білді ме?

Қазақ деген ел барын.

Жауға қарсы баратын,

Оған ойран салатын,

Жауынан кек алатын,

Бауыржандай ер барын?

Бүгін білді бар әлем,

Қазақ деген ел барын,

Қазақ деген ер барын.

Сәлем беріп бас иіп,

Саған созад қолдарын!

Кеңес Одағының батыры, академик ғалым Мәлік Ғабдуллин қазақ халқының батыр ұлы Бауыржан Момышұлының есімі мәшһүр болуы турасында осылайша толғанған екен. Осы соғысқа дейінгі ширек ғасыр жүзінде тәркілеу мен нәубет аштықты, жазықсыз қуғын-сүргін мен атып-асуды бастан өткерген халық өкілінің «Мен – қазақпын», - деп батыл үн қатуының өзі мұң болып, жігері жасып қалған тұс еді.

Ұлтының намысын ойлаған азаматтар мұны жақсы түсіне отырып, қазақ халқының бойындағы өр рухты оятуды, ана тілінің қолдану аясын кеңейтуді, әдебиетінің биік болуын мақсат етті. Мұны біз Мәлік Ғабдуллиннің соғыс жылдарында Бауыржан Момышұлына, Ғабит Мүсіреповке т.б. жазған хаттарындағы ой-пікірлері мысалында қарастыратын боламыз.

***

1943 жылы 16 тамызда Бауыржан Момышұлына жазған хатында осы айдың 21-інде қазақ халқы туралы баяндама жасайтынын, оның көлемі отыз бес бет болатынын жаза отырып, мынадай мәселелерге тоқталатын атап өткен екен:

1. Кәзіргі Отан соғысы майданында жүрген айтулы батыр қазақтардың ерлігі, батырлығы, отанды, ел жұртты сүйсіндірді және олардың ар-намыс, абырой дегенді жаумен жауынгерлене соғысуы. Бұларына нақтысы – нақтылы дәлелдер көрсеттім. Осы сияқты ерлік жасаушылықтар бүгін ғана пайда болды ма? «Жоқ, ол халық жасағаннан бері келе жатқан салт, дәстүр», - дедім де тарихқа қарай қол создым.

2. Қазақ халқының батырлары Едіге, Қобыланды, Ер Тарғын тағы басқаларының халық үшін, халықтың бостандығы, бақыты үшін соғыстары. Бұл батырлар біздің мақтанышымыз.

3. Қазақтың халық батырлары Есім хан, Қасым, Тәуке, Сырым Датов, Исатай, Махамбет, Кенесары, Есет, Бекет, Аманкелділердің ерлік істері. Олардың соғыстары, батырлықтары. Сол кездердегі әлеуметтік хал-жағдайлары, ел тұрмысы. Қысқасы жағалай шабыс құба қалмақ заманынан бастап Октябрьге дейінгі, кәзіргі ерлік істер. Бұлардың бәріне көптеген тарихи фактылар, дәлелдемелер келтірілді, жырлардан үзінді енгіздім және олардың істеген істеріне өзінше түйінді қорытындылар жасаған болдым. Шоқан Уәлиханов пен Абай туралы да айттым. Қысқасы аузымды толтыра қазақ баласы, қазақ елі батыр ел, ол сандаған жауын жеңген, керемет мықты ел деп көрсетуге тырыстым. Бұрын кейбір баяндамашылар баяндама жасай қалса, біз өткенде нашар едік, мүсәпір едік дейтін еді ғой. Мен осы сөзден қаштым, қайта оған қарама қарсы – біз батыр елміз деген баса айттым.

4. Қазақстан совет дәуірінде дегенге қысқа ғана тоқталдым», - дей отырып, Бауыржан Момышұлына өзі туралы жазғанын және бұл ешқандай әсіре мақтау емес екенін ескертіп өтеді. Бұл хатын ол былайша аяқтайды: «...Шынында мен тарихшы (историк) адам емеспін ғой. Сондықтан, кемшілігі де болар. Тарихымызды, батырларымыз жайында тарихшылар жазғанша көп заман бар, сондықтан, олардың жазғанына дейін өзіміздің де іс істей бергеніміз жақсы емес пе?»

***

Осы жылы 27 қыркүйекте Бауыржан Момышұлына жазған келесі хатында Мәлік Ғабдуллин Мәскеудегі жиында қазақ халқы туралы баяндамасын қойғанын, өзі ойынша сәтті шыққанын, майдандағы қазақ жігіттерінің батырлығы – ертедегі ата-бабаларының жалғасы, жаңа замандағы созындысы дегенді айтқанын, баяндаманың бір данасын реті келсе салып жіберетінін айтады. Осы хаттағы тағы бір назар аударатын мәселе: Мәлік Ғабдоллаұлының қазақ тілін қолдануға қатысты көзқарасы. Баукеңнің Алматыдағы отбасында болғанын, жары Жамалдың жақсылап қонағасы бергенін жаза отырып, батырдың кішкентай ұлы Бақытжан туралы былай дейді: «...Сіздің үйде көп адам болдық. Бахыт оңды өсіп келеді, аздап сөйлейді. «Ағаға, мамаға» деген сөздерді айтады. Маған ұнаған жері сол – Жамал Бахытты қазақша сөйлеуге үйретуде, онысы орынды және дұрыс. Жас бала орысшаны қашан да болса тез үйренеді, ана тілін білмесе ол ұят болады ғой».

1944 жылы 26 сәуірде жазған келесі бір хатында Мәлік батыр Бауыржан Момышұлының Алматы қаласына сапарлап барған жолында қазақ халқының атақ-абыройын көтеру жолында көп еңбек істегенін естіп қуанып қалғанын айта келе былай деп өкініш білдіреді: « Шынында да халыққа қызмет етуден артық не бар? Бірақ осы қызмет ету дегенді теріс ұғынатын дорақтар да жоқ емес. Олар көп, ондайлардың ойынша қара қарның қампайса, қара басыңның бабы келіссе, үсті-басың дұрыс болса, – бұл халыққа қызмет еткенің болады деп қарайды. Нағыз мещандық осы ғой. Құдай сақтасын, мұндайлар ел басқармасын, елді де, ерді де ондайлар езеді. Езбесе езуге тырысады. Ондайлардың кейбіреуін сіз кездестірген боларсыз. Мұндай адамдар ұлт дегенді теріс ұғынады, одан қашады, тіпті қорқады Айта берсек, пәле жауып сені ұлтшыл етіп көрсетуге тырысады. Национальная гордость дегенге теріс қарайды».

Хаттың бұдан кейінгі мазмұнына қарағанда, бұл ойды бекер жазбағанын көреміз. Мәлік Ғабдуллиннің «Қазақ – батыр халық, бүгінгі батырлардың ерлігі – ата-бабалар жолының жалғасы, Бауыржан Момышұлы – қазақ халқынан шыққан даңқты қолбасшы т.б.» деген сарындағы сөздері көп адамдарға ұнамаған екен: «...Бұдан былай «біз бұрын кедей едік, жарлы-жақыбай едік деп қырту керек емес, бұрын да батыр болғанбыз, кәзір де сондаймыз деп айтамыз. Амал не, осы сөзіміз кейбір жамандарға жақпайтын көрінеді. ... Солар бүлдіріп жүр. Былтыр мен ел жаққа барғанда қазақпыз дегенді баса айтым. Бауыржанды «на щит славы» көтердім. Осыным кейбір қыртылдарға ұнамаса керек. Мұнысына мен қарағам жоқ. «На зло всем чертом» дегендей әңгімені баса-баса айттым», - деп мұңын шағады.

1944 жылы 2 маусымда жазған хатында Мәлік Ғабдуллин өзіне Алматыдан Ғабит Мүсірепов хат жазғанын, хатында қазақ тілі мамандарының қазақша термин жасау мәселесін көтеріп жатқандығын жазыпты дей отырып, қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесінде қолданылуы турасындағы өз ұстанымын білдіреді: «...Ол дұрыс әңгіме, бірақ әңгіме терминде тұрған жоқ. Ең бастысы, қазақ тілін өркендету туралы болу керек емес пе? Мен былай деп ойлаймын. Союздық республика болу тұрасында Сталин жолдастың анық определениесі бар. Ол кісінің айтуынша халықтың саны, жері, әдет-ғұрпы ұлттық тілі, экономикасы болу шарт. Бұл шарттар бізде молынан бар. Олар болса, Союздық республика дәрежесіне жеткен халықтың ұлттық, мемлекеттік тілі болсын. Орысша қазақша тіл бірдей жүрсін, кеңселерде де қазақ тілі қолданылсын дегім келеді. Сонда ғана, біз термин мәселесін дұрыс шеше алатын боламыз. Сонда ғана қазақ тілі өркендейді, көркейіп өседі. Осыған байланысты, кейбір жақсы әдет-ғұрпымызды қайтадан қабылдап қалпына келтіруіміз керек». Мұнда аталған түйткілді мәселелердің қалай шешілгені, қазақ тілінің қолданысы Одақ құрамында болған кезеңде қандай деңгейде болғаны, ал бүгінгі жағдайымыз қай дәрежеде екені – анық тарих.

Мәлік Ғабдуллинің қазақ халқынан туып шыққан батырларды дәріптеуге тырысуы көптеген адамдарға ұнамағанын өзі Бауыржан Момышұлына жазған бірнеше хатында жазады. Өзінің жалаң ұлтшыл емес екенін, тек қазақ жігіттерін ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің де ерліктерін танытуға атсалысқанын айтады. Осы тұрғыдағы ұстанған бағыттарының қазақ жауынгерлеріне қатысты тұстарын төменде қазақша өз жазуында және орыс тілінен аударып беріп отырмыз: «Майданда ерлік жасаған батыр жігіттердің ерлік істерін айтып жазғанымды тылда жүрген кейбір адамдар жек көретін секілді, ондайлар мені айыптап өсек тарататын көрінеді және ондайлар маған шыл деген атақ жапсыратын көрінеді. Мұнын бәрі жаңға бататын жалақорлық, дей келіп бір неше дәлелдерді көрсеттім:

а) соғысқа дейін қазақтың офицер кадрлары қандай күйде еді, ал кәзір қандай? Кәзір біздің ұлт кадрларымыз, офицерлеріміз көбейіп отыр. Бұған қалай мақтанбасын? Бұл өте қуаныш емес пе, дегенді жаздым.

б) майданда қазақ жігіттері қатардан қалыспай жаумен батырлық жасап соғыста, намысты бермей соғысты. Жеке жігіттеріміз өзінің абырой атағын, награда алуды ойлаған жоқ, олар халқының абыройлы болуын көкседі, халқының намысын көтерді дедім де екі үш характерный фактылар (эпизодтар) келтірдім: а) наградталуы бойынша қазақтар одақ бойынша бесінші орынды иеленеді, б) амбразураны денесімен жапқан қазақ в) неміс танкысымен күресіп (өзін танк астына тастауға мәжбүрлеп) ерлік жасаған қазақ. в) майдандағы орыс генералдары мен командирлері қазақтардың жауынгерлік ерліктеріне жоғары баға беруде, мұның бәрімен қалай мақтанбасқа? Қазақтар шайқаста өзінің аға досы орыстармен тең дәрежеде болды – мұнымен неге мақтанбасқа?

Майданда жүрген жігіттер тылдағы еңбекшілердің ерлік істеріне мақтанып отырады. Мәселен, Қалпе Бердібеков деген қазақ фронт қорғанысы үшін бір миллион 36 мың сом құйған екен. Мұның өзі мақтанарлық іс емес пе?

Осыдан кейін, мен өзімді неліктен «мен қазақпын» деймін деген мәселеге толығынан тоқтадым. «Мен қазақпын» деген сөз менің түсінігімде былай: өзінің халқыңа (ұлтыңа) деген махаббат, өз халқыңның ерлік дәстүрлеріне деген құрмет, оның сан ғасырлық мәдениетіне, әдебиеті мен өнеріне деген сүйіспеншілік, ұлтың өзге ұлттардан кейін ақлып қоймауы үшін оған абыроймен адал қызмет ету, қамқорлық жасау, халықтар достығын жан-жақты нығайту, тату халықтарға барынша көмек пен жәрдем жасау, қажет болған жағдайда онымен бірге ортақ жаумен шайқасу.

«Мен қазақпын» деген сөзді айтқан кезде мен ешқашан өз ұлтымды соншалықты артық бағалай көтермелеп, өзгеден барынша аспандатып отырған емеспін. «Қазақпын» деген сөз мені түсінігімде менің қай ұлт өкілі екенімді білдіреді. Осы арқылы мен өз ұлтыма деген сезімімді білдіремін; бұл сөз қасық қаным қалғанша соған қызмет етуге тиіс ұлттың ұлы екенміді білдіреді...», - деп атап көрсете келе, өзін ұлтшыл деп қаралап жүргендерден қорықпайтынын, оларға есеп беруге міндетті емес екенін айтады.

***

Мәлік Ғабдуллиннің 1944 жылы 30 сәуірде Ғабит Мүсіреповке жазған хатына жоғарыдағы Бауыржан Момышұлына жолдаған хатындағы қазақ тілінің мәселесі өзек болғанын көреміз. Хаттан үзінді келтірелік: «Қазақ тілі туралы мәселе көтерілу орынды ақ. Оны «емлә, атау» дегендерден кеңірек етіп, аумақты әңгіме ретінде айтса жақсы болар еді деймін. Меніңше, қазақ тілі – ұлт тілі, одақтас республика халқының тілі, демек, мемлекет тілі деп мәселені қойған жөн, - дей отырып, емлеге ғана қадалып қалмай, тілдің қолданысына мән беру керектігін айтады: «...Сөздің шыны былай ғой, менің байқауымша, Сіздер қазақ тіліне мән бермей, оның қадырын түсіріп жүрсіздер. Кеңселердегі жазу-сызу, мәжілістеріңіз қай тілде жүретінін мен айтпай-ақ қояйын. Ал, осыларыңыз дұрыс па? Сіздер шығармаларыңызда кім оқыйды деп жазасыздар? Кейде не қазақшаны, не басқа тілді дұрыс білмейтін балалар кездеседі. Олардың бұл дәрежеде болуына кім айыпты? Неге ұрсып, сықақтап, шаншып-түйреп жазбайсыздар? Сталин жолдас ұлт туралы берген анықтамасында ұлт болу үшін бес шарт (условие) керек екенін айтты. Мұны ұмытуға болмайтын шығар. Бізді неліктен Қазақ Республикасы деп атайды? Халқымыз үшін емес пе? Ендеше, сол халықтын тілін дұрыстау қажет. Шала молда дін бұзады, шала тілші (языковед деген мағынада) тіл бұзады. Тегі біздің тілшілеріміз осы аурудан аман ба екен?» - деп сұрақ қояды. Расымен де, Мәлік Ғабдуллин айтып отырған Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан өткен ғасырдың қырқыншы жылдарындағы тілбұзар «шала тілшілердің» қатары бүгіндері көбейе түспесе, азаймағаны анық қой.

Осы хатында Мәлік Ғабдоллаұлы Ғабеңе тіл мен әдебиет мәселесіне келгенде, өз ұлтын сүйетін адам үндемей, шегіншектеп қарап тұрмауы керектігі жөніндегі ойын былай жеткізген екен: «...Әдебиет мәселесі және не туралы жазу керек? (Сіз ойларсыз, «осы солдатқа не жоқ, көтін қысса болмай ма. Өзінің соғыс ісін біліп қана тыныш отырғаны жөн емес пе?» деп. Не десеңіз де, ерік Сізде, бірақ, мен үндемей отыра алатын емеспін. Өз ұлтын сүйетін адам оның мәдени өсуіне де жаны ашуы керек).

Ғабит Мүсіреповке жазған бұл хатында Мәлік Ғабдоллаұлы аударма мәселесіне, оның сапасына мән береді. Аударманың сапасы терминге қатысты емес деген ойды айта келе, әр кезеңдегі аударма еңбектердің неліктен сапалы немесе сапасыз болған себебін ашып көрсетеді: «26-жылдары шыққан аударма кітапшалардың тілі жатық, халыққа ұғымды болуын – сол кітаптарды аударушылар (Ғабит т.б.) ең алдымен халыққа қызмет етуді, мәдениет беруді ойлады, олар қарабасының емес халықтың мүддесін ойлады деп қарау керек. Ал, осы күнгі кейбір переводчиктар «аударылса болды, іс бітті» деп қарайды, бұған біз төзіп отыра береміз. Міне, мәселенің түйіні осындай. Қазақ тілін өркендету деген сөз халықтың болуын, өмір сүруін, көп жасауын ойлау болмақ қой. Айтпақшы, тілді өркендетуде бірнеше рет алынған алфавитымыз қаншалық пайда келтірді? 26-жылдары, 36-жылдары шыққан (қазақ тілінде шыққан) шығармаларды осы күнгі балалар оқый ала ма? Егер, сол кітаптардан (одан бұрынғы хисса т.б.) кәзіргі жастар тіл пайдалана ала ма? Осы жөнде де бір нәрсе ойлау керек болар». Осы арада біздің пайымдауымызша, Мәлік Ғабдоллаұлының «26-жылдардаға аударма», «Ғабит т.б.» деп отыруының мәні – сол жылдары Қазақстан Үкіметінің басында Сәкен Сейфуллин отырғаны, дәл осы жылдары Сәкен Сейфуллин қазаққа «қазақ» деген атауын қайтартқызып, ана тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қолданысына мән беріп, аудармамәселесінде ілгерілеушіліктер жасалып, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған «Алаш» ардагерлері де осы тұста өнімді еңбек еткенін меңзеп отырғаны күмәнсіз. Бұл хат жазылған уақытта Сәкен Сейфуллиннің де аты аталмайтын заман болатын.

***

Мәлік Ғабдуллиннің мына бір хатын оқығанда, қазіргі күні қазақ тілді телеөнімнің астына орыс тілінде жүгіртпелеп қоятын үрдіс еске түсетіндей. 1945 жылы 4 ақпанда «Қызыл Армия» газеті бас редакторының орынбасары Үміт Балқашевке жазған хатында Мәлік Ғабдоллаұлы майдандық қазақ газетінің ұлт тілінде таза шығарылуына қатысты өзінің сыни ойын былайша жеткізеді: «Сізге разы болмай отырған нәрсем мынау. Сіз газетіңіздің соңына (осы тұстан бастап айтар ойын орысша жеткізгенін қазақ тіліне аударып беріп отырмыз – А.Б.) «Номердің мазмұны» деп орысша мазмұндама беруді қоймай келесіз. Бұл кімге қажет деп сұрамай ма? Сіз газетті қазақ тілінде шығарып отырған жоқсыз ба? Ендеше олай болса, сіз не үшін газет бетіне қазақ тілінде енгізілген материалдарға санамалау жасайсыз? Мұндай санамалауды газет қай тілде жазылса, сол тілде берген дұрыс болмаушы ма еді? Оның есесіне сіз, журналист әрі бұрынғы журналистика институтының директоры ретінде, полиграфияның қарапайым грамматикасын бұзып отырсыз. Мүмкін мен қателескен болуым да мүмкін. Бірақ Сіздің бұл әрекетіңізді мен өз басыңызды қорғау деп санаймын. мен сізден өзіңіздің бас редакторыңыз, жолдас Потаповқа қазақша газет номерінің соңында ондағы енгіңзілген материалдардың тізбесін міндетті түрде газет қай тілде жарық көрсе сол тілде беру қажеттігін айтуыңызды өтініп сұраймын. Әйтпесе бұл нағыз ботқа, былық болмақ. Мысалы, жауынгер қазақ Сіздің қазақша газетіңізді алып отырып, оның соңындағы орысша мамзұнды оқыды делік. Бұл неге керек? сіздер онанда мұндай санамалаудың орнына орысша-қазақша сөздік берсеңіздер тамаша болмас па еді? Ал мұның пайдасы өте көп.

Мінеки, өз редакторыңызға осы жөнінде айтыңыз. Егер Сіз өзіңіз, түкке қажетсіз жағдайда өз басыңызды қорғау үшін менің өтініш-ұсынысымды жеткізбейтін болсаңыз, онда Сіздің бас редакторыңыз Потапов жолдасқа өзім жазып жолдайтын боламын. Амандықпен көріселік. Жолдастарға көп сәлем. Хатыңызды күттім. Мәлік.»

1944 жылы 6 қарашада Сәбит Мұқановқа жазған хатында, соңғы жолы майдан даласына іссапарға шыққанда (бұл жерде ескерерлігі: Мәлік Ғабдуллин Кеңес Одағының батыры атағын алғаннан кейін Мәскеудегі Саяси Бас Басқармаға қызметке шақырылып, үгіт-насихат бойынша сонда жұмыс істеген және осы мекемеде жүріп көптеген қазақ жауынгерлерінің лайықты атақ-наградаларға ие болуына, құжаттарын ретттеуіне көмегі тиген еді) көп материал жинағанын айта келе, ана тілінің рухани маңызы туралы былай деп толғанады: «...Байқауымша, адамға ана тілі, поэзиясы көп әсер етеді екен. Атакаға аттанар алдында өлеңмен жолдастарын ұрысқа шақырған жігіттерді көрдім. Кейбіреулерінің өлеңдерін жазып та алдым. Әрине, көркемдік жағы оларда кем болса да, мазмұны, идеясы күшті-ақ».

Мәлік Ғабдуллиннің ұлттық патриотизмді есте ұстау, оның ішінде тіл мен әддебиет, мәдениет, өнер саласында көрініс табу тұрғысында қаламгерлердің рөлін айта келе, ақын-жазушылардың тақырыпты дұрыс түсінбестен, босқа қағаз шимайлайтын әдеті барын да атап өткен жері бар. Мұндай ойды 1943 жылы 7 мамырда Әбділда Тәжібаевқа жазған хатынан көреміз: «...Әскер қызметін, соғыс, майдан әдет-ғұрпының маңыздарына толық түсіне алмай, колхоз дәуірінің сарынымен айғайға басып, қазақ өміріндегі соғыс тарихындағы жаңалықтарды көре алмастан, терең түсінбестен, кейбіреулердің қол жетпеске қол созып, өзі әуреленуі былай тұрсын, елді, жұртты, баспаны, қағазды, қаламды да әурелегені; Қазақ елінің әскери тарихын, жауынгерлік, намысын көрсетіп, қасиеті салт-санасын, олардың (салт) осы кездегі майдандағы нәтижесін таба біліп, көрсете біліп, халық мақтанышы ете алмағандығы. Тек «ура» мен «жасасын» ауруынан осы уақытқа дейін айықпағандығы; кейбір авторлардың үйренуге, білуге тырыспастан (тақырып жөнінде) қаракөкірекке салғандығы».

Екінші дүниежүзілік соғыстың ұзаққа ұласқан тұсында, қан майданның өтінде, елден алыста жүрсе де, туған ел мен жердегі руханият ісіне жанашырлық танытып, өз халқының атақ-абыройы биік болуын әрқашан есте ұстаған, осы жолда нақты іс-әрекет жасаған арда азаматтардың бірі, Кеңес Одағының батыры, филология ғылымдарының докторы, академик жазушы Мәлік Ғабдуллиннің эпистолярлық мұраларындағы ұлттық рух, елдік сана туралы жазбаларға көз жүгіртіп назарға ұсындық. Ұлы тұлғалардың ұлт руханияты жолындағы алаң көңілі ұрпақтан ұрпаққа жұғысты болғай! (Пайдаланылған материалдар Мәлік Ғабдуллин музейі қорынан алынды).

Бөлісу:

Көп оқылғандар