Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Асқар Алтай. Жан әлемің жайдақтанбасын...

09.04.2025 1332

Асқар Алтай. Жан әлемің жайдақтанбасын 12+

Асқар Алтай. Жан әлемің жайдақтанбасын - adebiportal.kz

Кез келген жазушы үшін қоғам мен заман ағымы оған әсер ететіні ақиқат. Әлем үнемі өзгеріп, құбылып отыратыны белгілі, демек, әдебиет пен автор да өзгеріске бейім болары хақ. Өзгермесіне қоймасы анық, Абай айтқандай, ақын-жазушыны да заманы «билемек, илемек, күйлемек» болатыны сөзсіз. Бұл әңгіме де осы бір мәңгілік сұрақтан туындап еді. Марқұм, ақын Әмірхан Балқыбекпен осы төңіректе сұхбат құрғанмын. Одан бері де құрық салдырмастан құр аттай желіп қанша жылдар жылжыды.

 Қазақтың рухы өлмей, сөзі өлмейді

– «Сөз өнері – дертпен тең». Қазір осы сөздің қадірі қашып, «әдебиет өледі» деген алып-қашпа әңгіме шығып жүр.

 – Иә, «Сөз өнері – дерт» екені де, серт екені де шын. Абай айтқан «дерттен» гөрі «сертке» айналып бара жатқандай. «Сөз өнері – серт» болатын себебі де бар, өйткені қазір қолына қалам алған адам – әсіресе, жазушы немесе ақын өз-өзіне ғана емес, өз сөзіне серт беріп кірісуі тиіс. Бұл баяғы Әуезовтің «Абайды мен жазбасам, кім жазады?..» деп, жүріп жатқан дүниежүзілік соғысқа қарамастан қалам сермеп, ой тербеуге кіріскен уақыты секілді мезгіл. Ұлы Абай айтпақшы, сөз демекші, қазір қаламгер алдында сезінген адамға үлкен жауапкершілік күтіп тұр. Өйткені ендігі уақытта: «Сөз салмағы – қорғасындай ауыр болар, сөз нәрі – қауырсындай жеңіл болар», - деп ойлаймын. Бәлкім, сөз серті осыған саяр.

Көктен түскен төрт кітаптың бірі және ең алғашқысы «Інжілде» жазылғандай, әлемде ең алдымен «Сөз» пайда болғаны ақиқат болса, онда ғарыштық кеңістікті кезген де «сөз» атты «жан» мен «рух» тербелісі болып шықпай ма? Демек, «жан» мен «рух» мәңгілік болса, «сөз» де мәңгілік. «Сөз» мәңгілік болса, біз «әдебиет» деп айдар тағып жүрген, ал ұлы Ахаң (Байтұрсынұлы) «асыл сөз» деп өте дәл тауып қойған көркемдік әлемі рух әлеміндей мәңгілік жасай берері даусыз. Олай болса, ұлттың рухы өлмей, сөзі де өлмейді. Қазақ рухы өлген күні ғана қазақ әдебиеті өледі.

«Әдебиет өледі» деген әлдекімдердің әңгімесі – бос байбалам. Менімше, заман толқынына, уақыт ағысына сай әдебиет те бір сападан екенші бір сапаға өтуге тиіс. Ендігі жерде адамзат атаулы прагматикалық санаға бой ұрып отырғанда, көркем әдебиет те абстрактылықтан гөрі нақты, деректі жазу стиліне көше бастайды. Поэзиядан гөрі прозаға, әсіресе, құрғақ ділмарсудан аулақ, нақты, қатал прозаға бой ұрады. Бұл арада қаламгер атаулы бір мәселені қатты ескеруі керек: ол – тас жолдай тақ-тақ еткен қара мақала сияқты «деректі проза» емес, деректі шындық көркемдік астар қабаттарында жұтылып, жігін айыра алмастай етіп жазылған көркем шығармаларға жол ашылмақ. Әрине, оған талант бойында табиғи терең интуиция мен білім-білігі жетерлік «есепті» (Э.Хеммингуэй) шеберлік керек. Жазушылар бірақ дәл осы «есеп» пен интуицияға келгенде тағасыз аттай тасырқайды.

 Абай айтқан «сөз өнері» мен Ахаң айтқан «асыл сөз» сиқыры санасын жаулап, сезімін тербеп, жүрегін қозғаған жандар қай уақытта да ұлтымыздан туған... Әлі де туары хақ!

Сондықтан да бүгінгідей алмағайып кезеңде де уақыт тауып, сана-сезімін сарп етіп, шығармашылықпен айналысып жүрген жұрт бар. Көбі – көкөрім жастар. Оған дәлел – күні бүгін мемлекет мұрындық болып, «Отырар кітапханасы» атты айдармен үкілеп шығарылып жатқан 100 кітап авторларының дені – алды 30-дың, арты 20-ның ішіндегі буын. Демек, ұлттың «сөзі» де, «рухы» да сына қойған жоқ.

Тек оған билікте де ұлт рухын жоқтар, мерейін асырар, творчество азабын түсінер азаматтар керек. Олардың ішінде қызыл сөзден көркем сөзді айыратын, бағалайтын санаткер тұлғалар болуы тиіс. Сонда ғана топан сөзден алтыны жарқырай танылады. Сонда ғана ұлт рухы сорламасы хақ!

 Кешегі қаһарлы Совет заманында ұлтқа қалтқысыз қызмет еткен алашшыл А.Байтұрсынұлынан бастап, Т.Жүргенов, Қ.Сәтбаев, І.Омаров, К.Қазыбаев, Ө.Жәнібековтер қандай қажет болса, бүгін мен болашақта да осындай азаматтар қажет-ақ. Олар бүгінгі таланттарға қол ұшын беру үшін ғана емес, қазақ атты аз ғана ұлтының өнері, мәдениеті, әдебиеті, ғылымы дамуы үшін жауапты... Зор жауапты! Сол үшін де ол азаматтарға сенім артып, «ат үстіне» ат-әбзелін жарастыра мінгізген-ді . Өйткені уақыт-сынап – бәріне де төреші... Ертең-ақ бұл азаматтардың еңбегі еленіп жатса – ұлтынан алғыс арқалайтыны, електеп сау етіп төгіліп жатса – халқының қарғысына қалатыны тағы шындық. Ал бүгінгідей ұлттың еркіндікке қолы енді жеткен бұлғақ кезеңде, ұлт ұйысуына адал қызмет еткен ердің ертең атаусыз қалмасы анық.

– Қазіргі қалам ұстағандардың ішінде «ұлт қайраткерлері» дейтіндей тұлғалар бар ма? Бар болса, олар ұлты үшін құрбан бола ала ма? Неге көрінбейді?

Әмірхан, жазушы мен ақын әлі де ұлты үшін құрбан бола алады... Бірақ оның бетін Алла-тағала аулақ қылсын! Қажет болса, қаламгер атаулының қай-қайсысы да қаламын қаруға айырбастай алады. Өйткені олар ұлтының ұлылығын да, кемшілігін де кім-кімнен болсын артық біледі. Сондықтан да елінің басына қара бұлт туғандай жағдайда, жанын аямасына мен кепіл... Бірақ та олар ұлт мүддесі, ел үдесі тұрғысынан келетін қажетті, қасиетті істе ғана көкбөрідей жанын жалдап, жонын жондап шығады. Кез келген «көше көсемдерінше» (О.Бөкей) аузындағы сөзін аспанға шашып, ақезу-көкезу бола қоймайды. Ұрысқақ қатындай көсеуін ала жүгірмесі белгілі. Сол үшін де олар дәл бүгінгідей елі «іштен тынған» кезде ерге тән мінезбен сабыр сақтаулы. Ол үшін оларды кінәлай қою қалай болар екен?!

Әйтпесе, арғы уақыттағы арыстар мен алыптар ғибратына бармай-ақ қоялық, кешегі 1986-ның ызғарында бет қаратпас үскірікке кімдер қарсы келіп еді? Кімдер қаймықпастан шындықтың шымырлаған тереңіне батып, сойқанды зорлықтың бетін әшкерелеп еді? Әрине, сол баяғы рухани әлемнің өкілдері болатын. Олжас, Жұбан, Сафуан... дегендей.

Ал 1960 жылдары қаламын қанына малған Ілияс Есенберлин («Қаһар») мен Мұхтар Мағауин («Алдаспан», «Қобыз сарыны») ше?! Бұлардың алдында, Мағжанша айтсақ, «елі мен белі» қарыздар! Кейінгі буын борыштар! Бұлар Қазақ Елінің рухани еңсесін тіктеген: бірі ұлтының тарихымен, бірі ұлтының жырауымен (рухымен)!

 Сен «ұлт қайраткері» дедің... Ұлт қайраткері, менімше, ұрандап жүрмей-ақ іс бітіретін адам! Ондай адам ұлт мүддесі таразыға түскен сәтте ұлты үшін құрбан да бола алады. Міне, нағыз ұлт қайраткерінің келбеті. Оған арғыда — Ахаңдар лайық. Ал бергіде — Қаныш Сәтбаев.

 Жалпы, ондай рухы биік адамдар санаулы... Әр кезеңдерде қадау-қадау. Қазір тіптен сирек. Кешегі совет шеңберінде шектеліп, кеңес шекпенін жамылған жандарға өкпе де жоқ.

Дәл бүгін қарапайым жұрт қарынның қамыменен, қолы аузына жеткен ат төбеліндей топ құлқынның қамыменен кетіп барады. Бұлай бола берсе, қоғамның іргетасына қауіп... Баяғы «кедейі бай болсам, бай құдай болсам» деген пиғылда жүрміз. Жалпы жұрт тұсақ қойдай рухани ашынып, ниеті тарылып, пиғылы бұзылып барады. Ендігі уақытта рухани аштықтың алдын алуды ойластыруға тиіспіз. Оған лауазымды қызметтегі азаматтар жеделдетіп араласпаса, бұл мәселе оңайшылықпен шешілмейді.

 Ал қалам иелерінің қолында қайран жоқ. Олардың ақ-адал сөзіне құлақ аса қояр пенде де шамалы. Санасы – салғырт, ойы – күңгірт.

Әдебиет «асыранды» болған емес...

 – Алашшылдар әдебиетінен кейінгі кезеңде Кеңес әдебиеті «асыранды» болды дегенге қалай қарайсыз?

«Асыранды» әдебиет болудан Алла сақтасын! Қазақ әдебиеті ешқашанда «асыранды» болған емес... Асыранды немесе жалдамалы болса, адам болған шығар, бірақ бүкіл бір ұлт әдебиеті асыранды болған емес. Қазақ қанша бұғауда ұсталып, босағада булығып келе жатса да, Қазақ әдебиеті бұққан емес! Махамбет пен Дулат, Абай мен Мағжан, Жүсіпбек пен Мұхтарлар биік күйінде қалса, олардан кейінгі толқын да өр кеудесін бастырмады, тік жалын жыққан жоқ. Тіпті, «советшіл» Сәбеңнің өзі «Халық мұрасындай» мұңды еңбек жазды.

 Әдебиет «асыранды» емес, хас қаламгер сырттай «асыранды», іштей шерменде күй кешуі мүмкін. Сондықтан Мұқағали:

...Айтарын ашып айтқан Абайламай,

Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай!!! -

деуі заңды. Өйткені заманның перзенті заманының күйіне күйініп, өткендерге сүйініп айтып тұр. «Кеңес әдебиеті» дегеннен гөрі Совет заманындағы Қазақ әдебиеті шерлі күй, қаламгерлері шерменде күй кешті деген дұрыс болар. Соған қарамастан хас суреткерлері сыналап соқпақ салды. Түспалдап, символмен, кейде ашып та айтты ғой. Оған қалай көз жұмамыз? Әбіш, Әкім, Марал, Қабдештердің әңгіме-повестеріндегі астарлы ойлар, Оралхан мен Мұхтардың «Бурасы» мен «Тазының өлімі», Әбіш пен Қалиханның «Шыңырауы» мен «Қоңыр күз едісі», Дулат пен Қадірбектің «Сүйекшісі» мен «Біз қалада тұрамызы» совет қоғамының шынайы бет-әлпетін, кесірлі кескінін ашып берген. Төленінің өз-өзін буындыратын «Оң қолы ше?! Ал поэзия бір төбе...

 Менімше, Совет заманындағы мол әдеби-рухани мұраның ендігі уақытта астарына үңіліп, терең таныммен саралап оқуымыз керек. Әлі әдебиет сыны мен ғылымы ұлттық әдебиеттің мән-маңызына бойлайтын қат-қабат қатпарлары баршылық. Мұндай мұраға байыппен, салмақпен зер салмау – барып тұрған надандық, ұшқарылық. Әрі-беріден соң, келешек ұлттық әдебиеттің көкжиегі мен кеңістігі осы әдеби мұра арқылы ашылмақ.

 Кейде әдебиет өңіріне енді аяқ бассам деген жас буын ішінен: «Біздің әдебиетте Камю, Сартр, Кафка, Джоис... жоқ» деп өзеурегендер шығып қалады. Мен айтар едім: «Жоқ болса — жаз! Бар қыл! Өзің ұқсатып бақ!». Өкінішке қарай, «көрмес – түйені де көрместің» кері. Әйтпесе қазіргі Батыс әдебиеті мен бүгінгі орыс әдебиетінің тап 60-жылдардан 2000 жылға дейінгі қазақ прозасының көркемдік әлемінен де, тіпті Аймауытов пен Әуезов әлемінен де асып кеткені шамалы. Ішінара ғана шығармалар болмаса... Ондай туындылар бізде де бар. Тек көрегін көз, сезетін саңлау, зерек сана керек. Ауызды қу шөппен сүртпейік!

 Ең бастысы – бүгінгі заман талабына сай сын жоқ, терең де толғамды әдеби зерттеу жоқ. Сондықтан да құнды дүниені тану мен оқырманға таныту тоқыраған. Басқа-басқа, біз Аймауытовтың «Ақбілегін» мен «Елесін» әлі күнге психологиялық аспектіде, постмодерндік тұрғыдан да толықтай талдамай отырмыз. Әуезовтің 20-жылдардағы әңгімелері де жан-дүние, интимдік астар тұрғысынан зерделенбеген. 

Бар дүниенің болмысын таптық танымға теліп, көркем дүниенің мазмұнын айтып берумен ғана шектеліп келгеніміз шындық. Ал 1960 – 2000 жылдар аралығындағы кең арналы, астарлы әдеби процесс те осы ыңғайда сөз болып, көркемдік әлемі жазушы жан-дүниесінің жұмбақ күйімен шендестіріле қарастырылмай келе жатқаны да ақиқат. Бүгінгі әдебиет әлемінде бұл жай күрделі проблема болып қала берері де белгілі...

 Бұл жағынан келгенде поэзия – бақытты. Лирикада терең таңдаулар да, мағыналы зерттеулер де бар. Кеше ғана қапастан шыққан Мағжан, Шәкерім, Ғұмар, Бернияздар, бүгінгі Қасым, Мұқағали, Жұмекен, Қадыр, Тұманбай, Сәкен, Нұрлан, Темірхан, Иранбек, Жұматай, Кеңшілік, Жарасқан, Жәркен, Есенғали, Ұлықбек, Нұрлан Мәукенұлы, Ғалым, Тыныштықбек, Бауыржан Жақып, Светқали, Қазыбек, Қайрат, Кәдірбек, Гүлнәр өлеңі салыстырыла зерттеліп жатыр. Тиіп-қашты болса да сыншы С.Жұмабекұлы, Қ.Ергөбек, Т.Шапай, Ә.Меңдеке, А.Кеңшілікұлы айтып келеді.

 – Өз буыныңыздағы жазушылар туралы не дер едіңіз? Олардың аяқ алысы қалай?

 – Жалпы, әдебиет, творчество – интимдік іс. Көркем дүниенің қуаттылығы да сонда, нағыз шынайы шығармашы болмысы  жаныңнан жаныңды үзіп беру… Ал жан әлеміне Құдайдан басқа ешкім де қол сұға алмасы хақ. Сондықтан да біздің буын жігіттерінің жан-дүниесінде қандай «дауыл күйіп» жатқанын білмеймін, бірақ олардан зор үміт күтемін. Оларға сенемін! Поэзияда да, прозада да... Әдебиеттің ендігі ауыр жүгін көтеретін де осылар болар деп ойлаймын.

 1990 жылдары әдеби процеске араласқан біздің буын – тәуелсіздік тұсындағы буын. Олар туралы әлі жарытып ешкім де айта қойған жоқ, ауызекі әңгімеде болмаса... Бәлкім, айтылар да. Ал айтуға тұрарлық буын.

 Бұл буын баяғы ақын-жазушылардай мыңдаған тиражбен тараған том-том кітаптарымен емес, мерзімді баспасөзде жиі жарияланған жақсы шығармалары арқылы танылды. Олардың алды 2-3 кітап, кейбіреуі «тұңғышын» жинақ етті. Сондықтан болар, аз жазған, бірақ саз жазған буын. Нұрғали әңгімелері мен Талаптан әңгіме-повестеріндегі, Сайын Мұратбеков ағамыздың шығармаларындағыдай нәзік лиризм, Жүсіпбек әңгімелері мен Жаңабек әңгіме-повестеріндегі реализм мен сатира, Роза әңгімелері мен Толымбек Әбдірайым әңгімелеріндегі кейіпкердің ішкі иірімдері, сондай-ақ Ермек Аманшаевтың сыны, Есжан Айнабеков, Құлтөлеу Мұқаш, Талғат Кеңесбай, Гүлзат Шойбекова шығармалары оқырманын әлдеқашан тапқан. Бұған енді Бауыржан Омарұлы, Дихан Қамзабекұлы, Сұлтанхан Аққұлы, Амантай Шәріптің зерттеулерін қосыңыз. Демек, бұл буын туралы айтылар әңгіме, салмақты сөз алда... Оған да уақыт – төреші.

 Тәуелсіздік тұсындағы буынның өзінің алдындағы асыл текті Алаш суреткерлері, кейінгі совет қаламгерлері мен бүгінгі Дидахмет Әшімхаұлы, Тұрсын Жұртбай, Әлібек Асқар, Тұрысбек Сәукетай, Жұмабай Шаштайұлы, Мереке Құлкенов, Талас Әсемқұловқа дейінгі аға буын өкілдерінен басты айырмашылығы – олар көрген цензуралық құқайды көзбен көрген жоқ, булыққан ойды бастан кешкен жоқ. Содан да біздің буын қайғы-қасіретті айқын да анық, бояуы қанық суреттеуге тырысып келеді. Талаптанның «Тозақ оты», Жүсіпбектің «Жансебілі», Розаның «Мәңгілік бала бейнесі...» дегендей.

Бәрі де «Бөлтіріктен» басталған...

 – Абай ат. ҚазПИ-дің IV курсында жазған «Алтай элегиясы» (Қызыл бөлтірік) повесіңіз арада 17 жылдан кейін жақында шыққан «Алтай новелласы» жинағыңызда жарық көрді. Тұңғыш романыңыз «Алтай балладасына» (Алтайдың алқызыл модағайы) дейінгі аралықта бұл шығарма баспасөзде көзге түсе қоймапты. Есесіне «Қыр мен қала» хикаяттары жинағына енген «Қара бура», «Қаладағы құтпандар» повестеріңіз бен әңгімелеріңіз оқырманға ерте жол тапты. Бәрі де дерлік мерзімді баспасөз арқылы танылды... Осының сырын айта кетсеңіз!

 – Әмірхан, әр шығарманың өзіне тән «тағдыры» болады екен. «Қызыл бөлтірікті» институтты бітірер көктемде «диплом жұмысын» жазуға берген екі айдың бір айында жаздым. Бірақ жариялауға асықпадым. Институтты бітіре сала әскерге кеттім. Келген соң да ешқайда ұсына қоймадым. Бауыржан Омаров досым 1998 жылғы «Жалын» баспасының жабық бәйгесіне ұсындырғаны бар. Шығарма финалға дейін жетіп құлады. Сол кезде баспада істейтін жазушы Жаңабек Шағатаев бір жүлдеге ілігеді деп «сүйінші» де сұрап қойған. Кейін сол жолғы бәйге қорытындысы туралы сыншы Құлбек Ергөбеков әділетсіздеу болды деп, менің де атымды шолуында атап «Лениншіл жасқа» жазды да... Жалпы, шығармашылығым сол «бөлтіріктен» басталды. Повесть-притча «Бәрі де қиялдағы қызыл бөлтіріктен басталды...» деп басталған-ды. Шынында бәрі де «бөлтіріктен» бастау алады.

«Алтай балладасы» романыммен творчестволық кезеңімнің бірінші «шеңбері» тұйықталады. Сондықтан жинаққа роман-миф, «Қызыл бөлтірік» повесть-притча, «Алтай новелласы» (Кержақтың монологы) атты новелла енгізілді. Өзектecе, бір-бірін уақыт-заман толқынына орай толықтырып, Алтай циклын құрайды. Осы шығармалардың аралығында 1998 жылы «Санат» баспасынан шыққан «Қыр ман қала хткаялары» жинағымда екі повесть, әңгімелерім жарық көрді.

 Ең алғаш рет қайда жарияландыңыз?

– 1989 жылғы «Жұлдыз» журналының 5-санында жарияланған «Балақ бау» және «Тасбақаның тақыры» әңгімелерім... Мұхтар Мағауин журналдың бір санын жастарға арнап еді. Менің тұсауымды «Жұлдыз» кесті.

– Қай кезде жазасыз?

– Жылдың күз, қыс, көктем мезгілінде жазуды ұнатамын. Жазда жаза қоймаймын. Кейде болмаса, онда да жанымды жегідей жеген жайлар жазбасқа қоймағанда... Жалпы, ой-санам мен сезімімде пісіп жетілмеген дүниеге қалам жарыстырмаймын. Жазсам деген дүние жүрегімді тербетіп, ұзақ айлар мен жылдар толғантып жүреді. Ал бәрі де ойымда, көз алдымда бүге-шігесіне сайрап келгенде үстелге отыруға – қалай да уақыт табуға, әсіресе сенбі-жексенбіні пайдаланып қалуға қатты көңіл бөлем. Ол кезде үйдегілер де ық жағымнан шығуға жағдай жасайды...

 Ал кейіпкерлеріме төбесінен төне қарап, ала қағаздың бетіне айнытпай салуға бар жан-тәніммен кірісемін. Қызынған қан, толқыған жан еркінде емен-ерен жазуға тырысам. Жазу үстінде аса бір бап пен күй тілей қоймаймын. Ойымды бөлмесе, мазамды алмаса болды. Телефонды да көтермей, айырып тастайтыным бар. 

 Қазір не жазып жүрсіз? Бүгінгі күн туралы жазбайсыз ба? «Лайбаран», «Түсік» секілді...

 – Әдебиетшілерді қазіргі уақыт туралы қомақты дүние жазбайсыңдар деп жазғырушылар көп. Тіпті, жоғарыдағы шенеуніктерден төмендегі «етікшілерге» дейін... Өкінішке қарай, ондай шығармалар жазылып та, жарияланып та жүр, бірақ мән беріп оқып жатқандар жоқтың қасы. «Қазақ әдебиетін» қадағалап оқыған болса, басы Шерхан Мұртазадан бастап, кейінгі жас толқынға дейін қазіргі қилы уақытты қозғаған әңгімелер шығып келеді. Ал уақыт тынысын тап басып, өткен 60-80 жылдар кезеңімен ұштастыра отырып жазылған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парызын» неге айтпасқа?! Мұқадес Есламғалидың «Тұман ішіндегі көші» мен Тұрысбек Сәукетайдың «Айқараңғысы» романдары ше?! Бізде шығарма бар, оның асылы мен жасығын талдап-таразылап, дер шағында жеткізетін ұшқыр сын жоқ. Баспасөз осы әдеби сынды жандандырса, жаңа шығарма да, бүгінгі заман шырайы да тез танылар еді. Ұйымдастыру әлсіз, немқұрайдылық пен тайсақтау басым.

 Өзіме келсем, «Ноқталы арман» (кейін «Сират») атты романның «Қайың сауған, Ел ауған» деген бірінші бөлімін бітірдім. Келешекте әдеби журналдарға да белгілі бір тарауларын ұсынбақпын. Ал екінші кітабы 2000 жылға дейінгі бүгінгі кезеңді қамтымақ. Биыл қара күзден үстелге отырмақпын. Алла жар болсын! Әрине, көңіл көгі мен ой түбінде бұдан басқа да ірілі-уақты дүниелер толқиды. Оны уақыт көрсетер.

 – Қиялыңыз самғасын! Қаламыңыз талмасын! 

Сұхбаттасқан – Әмірхан Балқыбек.

«Қазақ әдебиеті» газеті, 9 қараша 2001жыл.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар