Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Рысбек Зұрғанбайұлы: ...Өлім алдындағы өтініш...

26.03.2025 1078

Рысбек Зұрғанбайұлы: ...Өлім алдындағы өтініш 12+

Рысбек Зұрғанбайұлы: ...Өлім алдындағы өтініш - adebiportal.kz

Ақын Рысбек Зұрғанбайұлы  - 1955 жылы 29-тамызда Баян-Өлгий аймақтық Ногооннуур сұмынының «Көкжота» жайлауында туған. 1990 жылдан Моңғолия  Жазушылар Одағының, Моңғолия Журналистер Одағының, 2022 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

1990-1996 жылдары аймақтық радио-телевизия орталығында тілші-редактор, 1996-1998 жылдары «Жаңа Өмір»  газетінің бас  редакторы, 1998-2002 жылдары радио-телевизия орталығында тілші-редактор, 2002-2005 жылдары «Шарапат», «Армысың Ақиқат» газеттерінің жауапты  хатшысы,  бас редакторы, 2005-2015 жылдары  Аймақтық Азаматтар Өкілдері Құрылтайының баспасөз-ақпарат  қызметкері  болып қызмет атқарды. 2021 жылдан Моңғолия Қазақ қаламгерлер кеңесінің Басқарма кеңесі төрағасы, «Шұғыла», «Қалам-Сия» журналының бас редакторы  болып қызмет етіп келеді. Ақынның 70 жылдық мерейтойы қарсаңында өлеңдерін алдарыңызға ұсынып отырмыз. 

ӨЛІМ АЛДЫНДАҒЫ ӨТІНІШ

(Төлеген мен Мұқағалидың соңғы демі)

Жалбарынам, жас төгіп:

ҒҰМЫР-АНА,

Сәл аялда, өгейсіп зымырамай!

Тіршілік нәрін тамызып таңдайыма,

Маңдайымды түзетіп құбылаға,

Сәл сабыр ет, ғаділім – Ғұмыр-Ана!

 

Тірлік нәрін тамызшы таңдайыма!

Шер ілмеші шапаным шалғайына!

Жалғыз рет қуантшы, жүрек жарып,

Мерт болайын, көкке бір самғайын да!

Тірлік нәрін тамызшы, таңдайыма!

 

Музалары тірліктің жер-көктегі,

Шарпып өтсін жанымды, тербеп, мені!

Мұрсат берші бір рет «іңгәлауға»,

Ақын – сәби емес пе, жөргектегі?!

Іңгәласа – ақ жырын селдеткені!

 

Музаларым – құндақтап, тербеп, мені,

Өмірімнің өріне өрлет, кәні!

Әуен кетсе – қаңырап мынау кеуде,

Жайлауынан шілдеде ел кеткені!

Муза кетсе Ақын да өлмек, тегі!

 

ҒҰМЫР-АНА аялда, нұр дарығыр!

Сарқа айтып алайын сырларымды,

Жазылмаған, жазайын, жырларымды!

Еске алайын өткен күн өрнектерін,

Еске алайын достарды – кіл дарынды!

 

ҒҰМЫР-АНА мұрсат бер, нұр дарығыр!

Мұнара ғып соғайын мұңдарымды,

Биіктетіп кетейін  туларымды!

Көзбен шолып жарықтық шыңдарымды,

Жалаңаяқ кешейін суларымды!

 

Тыныстап бір жұпармен таңсәріде,

Жолығайын «АРМАН-АЙ!» – Ән-серіге!

Гүл терейін даладан, жыр терейін,

Құлақ түріп ғажайып сан Сарынға!

Құшағыма құласын Аңсарым да!

 

Самал жұтып сейілдеп, сәнді қырда,

Жүрегімді жуайын Жаңбырына!

Ашық Аспан, Жұмыр Жер, Жарық Жұлдыз,

Бақұлдасып, бас иіп барлығына,

Есеп беріп қайтайын Тағдырыма!

 

Адамдай-ақ – ақсақал, дана, мықты,

Ойға алайын – балдәурен  балалықты!

Өкінейін – еске алып шалалықты, 

Махаббатқа жүгініп – ең алғашқы,

Сараптайын осы екі аралықты!

 

Көп қой әлі Өткелдер, мен өте алмақ!

Ойым да бар Лайнерге билет алмақ!

Тым құрыса достарға хат жазайын, 

Не, соңғы рет Бауырға телефондап!

Құлайыншы құрдымға, келе сала-ақ!

 

Дарын-қыран қанатын жаяд, талмай...

(Ажал бұлты, әнеки, таяп қалды-ай!).

Аялдашы аз ғана, ҒҰМАР-АНА,

Бір өлеңім қалды ғой аяқталмай!

АЯҚТАЛМАЙ!

Дариға-ай, қанат талды-ай!

 

Жанарынан жарқылдап жай атқандай,

Қарындастар – қаракөз қарақтарды-ай!

Жүрегімдегі жырларды күте-күте,

Өкінішке өртеніп, өксік іше,

Қарап қалды-ай, – Жастық жыр аяқталмай!

 

Жарық сәуле, дариға, іңкәрім-ай,

Өткенім бе осылай, сусап, ұдай?!

ҒҰМЫР-АНА, басымды бір көтеріп,

Жастық қойшы Жартастан, шынтағыма-ай!

Тым болмаса көрейін ақырғы рет,

Терезеден телміріп – нұр-сағымды-ай!

 

Тоймасам да тағдырдан сыйымды алып,

«Бергеніңе шүкір!» деп сиыналық!

Терезеге жеткізші – Тіршіліктің,

Есітейін – мәңгілік күйін, анық!

Кетейін  де, болмаса,  Күн сәулесін,

Сыйғанынша жанарға жиып алып!

 

ҒҰМЫР-АНА көтерші қабағымды,

Жарқ еткізші – жабылған  жанарымды!

Неше күндей торыған, жанымды арбап,

Қарсы алайын сабырмен АЖАЛЫМДЫ!

Тарқата бер талақ қып базарымды!

Тек, қолымнан түсірме ҚАЛАМЫМДЫ!

 

...О, дариға-ай!

Суынып  Көрік-кеуде,

Тоқтайсың-ау, Жүрегім, толып шерге!..

Бірақ... Мені, тұрып та, көміп Көрге,

Дәті бармас ешкімнің «ӨЛІК» деуге!..

Бір азамат өлгенмен...

«АҚЫН ӨЛДІ!»

деуші... лер... ге, 

Ө.. л.. е.. ң.. і.. м   ер. ік   бе... ер...ме... е!

1981 жыл. Мамыр айы. Өлгий шәрі.

 

ЖАНАР 

(Арал теңіз элегиясы)

Жанарды көрдім – оты  сөнген жалынсыз, 

Үрейге толы,

Үміттен ада,  әрі үнсіз!

Қадалған сәтте – бозмұнар  тұнған қарашық,

Қалтырап кеттім – кешкендей  бейне жаным сыз!

 

Жоқ – баяғы  қиылған сұлу қас-кірпік,

Кеткендей бәрі – көз көрмес басқа жаққа үркіп!

Көрікті әлем сыланбай Жанар-айнаға,

Тоятын іздеп торуды қойған жас бүркіт!

 

Өзегін өртеп өкінішті бір от лаулап,

Өксікке толы жанардан кермек жас саулап,

Базары тарқап, ажары солған Ару-көз,

Аяныш сыйлап...   кемерден қашық жатты аулақ!

 

Төңкеріп бей-жай қарашықтарын мұңсіңді,

Күрсінді ащы!

Әлсіздеу ғана бұлқынды.

«Қос күре тамыр суалған шақта,

Қос қара бұрым қуарған шақта, қарағым,

Тамашалауға келдің бе, сен?!»  деп, бір тынды!

 

Не уәж айтсам рауа мына сауалға?!

Іздесем бе екен Күнәһарды осы Зауалға?!

«Жоқ іздеп» жүріп кешіксем, ол да өкініш!...

Бір дәру таппай кетем бе, қайран ЖАНАРҒА?!

 

Құла құмдардан қол бұлғап: «Мен мұндалар»,

Қасиеті ерен Қағыбам еді – бұл  ЖАНАР!

Аппақ сор басқан, 

Аппақ шел басқан Басырдың,

Шырадай етіп Шырағын қайта кім жағар?!

 

Қарашығынан көшірмес шуақ-күлкіні,

Жасауылдардай сап түзеуші еді-ау Кірпігі!

 

Шапағат шашқан махаббатымның маздағын,

Табамын қайдан – қоздатар  бір тал шырпыны?!

 

Тереңнен толқып, Арымды құммен ысқылап,

Кептеліп қалды көмейге – осы  ҮШ СҰРАҚ!

ӘМУ боп,

СЫР боп, 

АРАЛ боп – көз  алдымда,

Аранға түсіп қансырап жатты ҮШ ПЫРАҚ!.. 

1988 жыл. 4-11 сәуір. Өлгей шәрі.

 

КИЕ

(Баллада)

«Киелі» деп дүйім жұрт, кінәлі істен тиылып,

Дұға оқып жанынан өтетұғын сиынып:

 

Қабырғасы қаңқиып, марғауланып маңқиып,

Ергеншегі аңқиып, төрт құлағы қалқиып,

 

Жел кеміріп, күн қақтап.. бір бүйірі құлаған,

Бозтөбеде бір Мола тұрғанына не заман!..

 

...Сол моланың жанында... еңк-еңк етіп жылаған,

Көтере алмай еңсесін... кө-өп  отырды бір Адам!...

 

Сауыс-сауыс сақалы, өрім-өрім шапаны,

Сұп-сұр жүзі қапалы... кейде ықылық атады.

 

Кірпігі әрең қыбырлап, былшық көзін сығымдап,

Үн шығарып ыңылдақ, сөйлейді ерні жыбырлап.

 

Аруаққа жылаған – медет  сұрап Моладан,

Бейнет шеккен туадан мүсәпір ме, бұл, адам?!

 

«Әлде?.. Әлде?.. Әлде?..»-леп, жорысам да әрнеге,

Жұбап таппай дәлме-дәл, кінә қойдым «кәллеме!».

 

Бір Үн шықты, жаңғырып – тұрғанымда тарығып,

Сол сарынды мәңгіріп тыңдап қалдым аңырып!

 

Аруақ па? 

 Адам ба? 

Періштеме – жаны ізгі?

Әйтеу сол «ҮН», о, Алла, бастады бір аңызды!

 

...Тағдыр пейілі тарылып – долданғандай дүлей жел,

Құба қалмақ жауығып... үрке көшіп үрейлі Ел.

 

Дүйім дүние дүрбелең... сол бір қиын  кезеңде,

Болыпты бір азамат – жауға  найза кезенген!

Басқыншымен белдесіп, жалаң қылыш сермесіп,

Жан, қанымен қорғапты – туған  жерді кең бесік.

 

Күндердің бір күнінде  жаудың мысы басыпты,

Бас сауғалап, батырдың сарбаздары қашыпты.

 

Сонда өзі жалғыз қап – қан  майданның шебінде,

Ұрыс сапты ұзақ күн – бір  қадам да шегінбей!

 

Қалжырапты, қажыпты, әлсірепті қансырап,

Бірақ, басын имепті – сауға  тілеп, жан сұрап.

 

Бір заматтар болғанда  оққа ұшып арғымақ,

Батыр жігіт бармағын шайнапты да, қан жылап,

 

Қайратымен таң қылып – жеңген жауды мастанып,

Жата кеткен жантайып – арғымағын  жастанып!

 

Төнгендерден анталап тілемей-ақ мархабат,

Екі көзі қанталап, былай депті: «Ей, зәнталақ!

 

Ел-жеріме зұлматын ала келген зұлымдар,

Айызың қансын, ал, кәне, маған найза сұғыңдар!

 

Бірақ мынау Төбеден аулақ-аулақ тұрыңдар!

Бұл – қазақтың мекені! 

Таптатпаймын, ұғыңдар!»

 

Сонда:

Текті сөзге жығылып – есті  қалмақ нояны,

Шеріктерін шұбыртып – кері  қайтқан ғой, баяғы!

 

Қырық жерден жаралы, ашулы, арлы арыстан,

Көз жұмыпты Төбеде – дақ  түсірмей намысқа!

 

Апта өткенде аңырап  Бозтөбеге ел кепті,

Арғымақ  пен Арысын ақ арулап жерлепті.

 

Сұғанақтық пиғылмен – көз  алартып ел-жерге,

Құтырынған көкжалдай кекті дұшпан келгенде,

 

Жүректері шайлығып, жандасуға қаймығып,

Берекеден айырылып, қайта қашқан қайырылып,

 

Ата ғұрпын қорлаған – қорқақтарды  жиып ап,

Жаназасыз бауыздап, арам қанын құйып ап,

 

Күзеп сақал-шаштарын, тұлдап – мінген  аттарын,

Соққан екен қамкесек – илеп  соған батпағын!

 

Бір ұлағат болсын деп, кейінгі ұрпақ, ұл-қызға,

Шейіт кеткен Ұлына, Ел,  солай, Мола тұрғызған!

 

Талай дауыл соқса да,  қанша заман өтсе де,

Сол Молаға қиянат жасамаған ештеңе!

 

Киелісі халықтың – азып-тозып, бүлінбей,

Тұлғаланып, жарықтық, тұратұғын – піріңдей!

 

Қорқақтардай, баяғы, – тастап  қашқан жауға Ұлын,

Опасыздар, о, тоба, ортамызда бар, бүгін!

 

«Көзі осы деп көненің!», 

«Басы осы деп пәленің!»,

Бір ақымақ шыққан да, салған елге әлегін!

 

Даурығумен тыншымай, буырқанған, бу атқан,

Орайлы бір түнде, әлгі  Моланы кеп құлатқан!

 

Қабырғасы Моланың күңіреніп сол уақ,

Мақұлықтың ісіне мазаланған, Аруақ!

 

Атып Мола киесі, тиіп халық қарғысы,

Ақыл-естен айырылып, зауал тапқан сол кісі!»...

 

...Аруақ па? 

Адам ба? 

Періште  ме – жаны ізгі?

Әйтеу, сол «ҮН», о, Алла, айтты осы аңызды!

 

Мінәжат қып сиынып, қастерлейтін дүйім жұрт,

Қарадым, мен, Молаға – өзекке өрт құйылып!

 

Қасиеттің бетіне ойып салған таңбадай,

Үңірейіп Мола тұр! 

О, жалған-ай! Жалған-ай!

 

Көне Мола жанында – еңк-еңк етіп жылаған,

Көтере алмай еңсесін  кө-өп отырды бір, Адам.

 

Сұп-сұр жүзін жас жуып, жалбарынып Ол отыр,

«Кеше алмаспын» дегендей, тұнжыраумен Мола тұр!

1991 жыл. 24 желтоқсан. Өлгий.

 

КҮЙ ҚҰДІРЕТІ

Толды лезде дүбірге – тыныш бөлме,

Кеңейді де тарылды – тыныс демде!

Саусақтарға біткендей бір құдірет,

Сиқырлы үн шығарды – тоғыз Перне!

 

Мың сан бұлақ қағынып, қарғып ақты,

Бір Қызғыш құс, о, тоба, Тау құлатты!

Ашық аспан кенеттен жауындатты!..

Жауындатты!

Артынша дауылдатты!

 

Қызыл құмды қырық өзен жарып ақты!..

Қасат қарлар қурайдай жанып жатты!..

Қабағынан қар жауған қайран Бабам,

Қан-өзенге жүздірді Арғымақты!..

 

Жер өртенді!..

Жалындап жанды – Аспан да!

Жарқылдады – жаналғыш Алдаспандар!..

Жазық жерге – төмпешік таулар тұрып,

Жазық болды лезде – қарлы Асқарлар!..

 

...Қиял құсым талап қып – тым алысты,

Бес ғасырдан әріге бір-ақ ұшты!

Бабам өткен... бақи кез бұлдыр етіп...

Басқыншыға күйініп... ыза қысты!..

 

Ыза қысты!

Дәл солай!

Сол мезетте,

Қабағыма қондырдым, сірә, Қысты?!

Кенет! Кенет!..

Домбыра шанағынан,

Шықты бір Үн!..

Шерлі емес...

Қуанышты!..

 

...Толды лезде дүбірге – тыныш бөлме!

Тарылды да кеңейді – тыныс демде!

...Тозақ отын сөндірген Тастүлектер,

Тура тартты – туған жер, ырысты елге!

 

Күлкі шашып мың бұлақ ыршып ақты!

Семген гүлдер қайтадан бүршік атты!

Саялы орман толықсып, сыңсып жатты!

Туған өлке түледі – нұр сымбатты!

 

Әлде бір қол сезімнің сымын басты!

Жаутаң көздер  жайнады... жымыңдасты!

Белін шешіп – ақсақал төрге шығып...

Үй сыртында...  екі жас сыбырласты!…

1979 жыл. 26 наурыз. Өлгий шәрі.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар