(Бейімбет Майлиннің «Айт күндері» шығармасы туралы)
«Айт күні қайтқаны тілеулері дұрыс болған екен бишаралардың», - деген сөз бір жағынан сырттай тілеулестік секілді көрінуі мүмкін. Яғни, тірі кезінде азап шеккен марқұмдардың жандары ақыры тыныштық тапты-ау, деген ой жатыр. Бірақ бұл нағыз шынайы тілеулестік емес, керісінше, мүсіркеудің, тіпті кекесіннің белгісі. Майлин суреттеп отырған көрініс біздің өмірімізге де айна. Кейіпкерлерінің ішкі дүниесін ашу арқылы бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге жаңа қырынан қарай аламыз.
- Өгіз өлгеннің басында «айт» болып ат шаптырғанымызда, жиылған адам қанша болса да, бөгелмей-ақ қымызға қандырып шығарып еді. Ақырында бүгін сол Бәкең қатынымен аштан өліп отыр... тұз-дәмін татқан жігіттер, ескеріңдер, еттеріңді жеген соң, жаназасын жерге тигізіңдер, сауап қой...
Бұл сырттай көңілі кең, жомарт көрінетін, бірақ шын мәнінде ішкі немқұрайлылығы басым қоғамның бейнесі.
«Ет желінді, қымыз ішілді, жұрт жиналып елдің сыртындағы белеске шығып, жалау байлап ойын қылуға айналды. Ақсақал сөзін тыңдаған жан жоқ... Ат шабыс, күрес, тоқ бәйге... аштан өлген Бәкен мен Зейнепке көптің көрсеткен құрметі «тілеулері дұрыс екен, айт күні қайтты!..» болды». Қымыз ішіліп, ат шаптырылып, той жасап жатқан адамдар қиналған жанға көмек қолын созуға келгенде тас жүрек. Жазушы мерекелердің даңғазалығы мен шынайы адамгершілік арасындағы алшақтықты көрсетіп отыр.
Шын адамгершілік – өткендегі берген қымыз емес, нағыз қиындық кезінде жәрдемдесу. Өткенде біреулер Астанадағы Евразия сауда үйі маңында бір адамның құлап жатқанын айтып желіге салды. «Өлі ме, тірі ме, қалай ойлайсыздар» деп. Оған біреулер «қасына барып білмейсің бе, нақұрыс, неменеге желіге салып тұрсың?» деп ұрсып жатты.
Бәкең мен оның әйелінің аштан өлгенін естігеннен кейін барып, “қайтқандары да дұрыс болған екен, тірідей көр болып еді”, - деп өзін жұбатуға тырысқан адамдар –жауапкершіліктен қашатын, тек сырттай мейірімді көрінетіндер. Бұл – бейғамдық, екіжүзділік, тіпті өздерінің ар-ұжданы алдында ақталудың әлсіз әрекеті. Сонда жазушы суреттеп отырған қандай қоғам? Бұл – сырт көзге жарқырап көрінетін, бірақ шын мәнінде немқұрайлы, өзара жауапкершіліктен жұрдай қоғам. Осы формалды дәстүр мен шынайы адамгершілік арасындағы қайшылықты өзімізше түсіндіріп көрейік.
Шынымен де бізде біреу қиналса немесе көшеде құлап қалса, жай қарап өте беру қалыпты көрініс болды, себебі көп адам өздерін жауапты сезінбейді. Бұған қатысты әлеуметтануда «бақылаушы эффекті» деген ұғым бар екен (Латане және Дарли теориясы). Бұл – адам көп болған сайын жеке жауапкершілік азаяды дегенді білдіреді. Яғни, біреу қиналып жатса, жанындағы адамдардың көбі оны байқаса да көмектеспейді, себебі әркім «біреу көмектесер» деп ойлайды. Біз осылай Қаңтар оқиғасына қатысты шындық айтқан журналистерімізді қорғай алмай отырмыз. Бізде кейде жол апаттарына куә болған адамдар видеосын түсіріп, оны әлеуметтік желіге жүктеуге асығады, бірақ жедел жәрдем шақыруға немесе зардап шеккен адамға көмектесуге асықпайды. Көшеде қайыр сұрап отырған адамға назар аудармау – қалыпты жағдай. Бұның бір себебі индивидуализмнің алға шығып, әлеуметтік жауапкершіліктің әлсіреуінен де. Бұған қатысты әлеуметтанушы Эмиль Дюркгейм аномия (қоғамдағы моральдық байланыстардың әлсіреуі) ұғымын енгізген. Бұл жағдайда адамдар өздерінің жеке өміріне, жетістіктеріне көбірек көңіл бөліп, өзгелердің мәселесіне азырақ алаңдайды. «Бұл – урбанизация, нарықтық экономика мен тұтынушылық мәдениеттің күшеюінің нәтижесі»,- деп түсіндіреді әлеуметтанушы.
Бүгінгі қоғаммен параллель қарасақ...
"Ауыл жақтан ақсаңдай басып орта жастағы бір еркек келеді. Киімі алым-жұлым, мойнында дорба.
Мойнындағы дорбаны алып жерге тастай берді, ішінде бірдеме бар секілді.
- Бірдеме таптың ба әлде?
- Мардымды нәрсе жоқ.
Тырдай жалаңаш алты-жеті жасар бір ұл, бір қыз бала тысқа шыға келді. Қапшықтан алып жатқан домалақ малдың терісін көріп екеуі бірдей тарпа бас салды. Таласты.
- Қойыңдар, кұрғырлар. Мә, біреуіңе жүректің құлағы бар.
- Күнімен жүргендегі әкелгенің осы ма, - деді қатыны.
- Е, қайтейін, бермеген соң... мынау текенің ені... Мынау жүректің құлағы... мұны да итке лақтырған жерінен алдым...Жұрттан қайыр кеткен ғой... құрбандарының қанын бер деп едім, Ұлбала бәйбіше айқай салды: «Былтырдан бері асырағаным жетер» деп... не бергенін қайдан білейін...
- Ай, сорлысың-ау, мана өзім барғанда ішек-қарнын аршып бірталай нәрсе әкелетін едім, аурудан шыға алмадым ғой..."
Қайыр сұрап барған адамға малдың енін ғана беріп шығарып салудың қорлау екенін ғана айтып отырған жоқ автор.
Айт – тек діни мереке ғана емес, адамдардың бір-біріне қамқорлық танытатын уақыты. Шығармада бұл мерекенің кедейлер үшін тек байдың қолынан бір-екі тілім шелпек алу сәтіне айналғаны көрсетіледі. Осы жерде қайырымдылық науқандары мен жасандылық жайында да айта кетейік. Біреулер мұқтаж адамдарға азық-түлік таратып, оны міндетті түрде камераға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялайды. Мұндай әрекеттердің бір бөлігі шынайы көмек болса, енді бір бөлігі – жай ғана пиар.
Бұрын қоғамдық-саяси газеттерде жұмыс істеп жүрген кезде бір ұйымдар, мекемелер жоқ-жітіктеу семьяға бес литр сұйық май, бес келі рожки апарып бергенін суретке түсіріп, соны газетке жариялауды сұрайтын. Өз басым мақаласын адамның намысына тимейтін қылып мұртын басып берсем де, суретті жариялаудан бас тартатын едім. Және “Мектепке жол” деген акция болатын, оның мақсаты дұрыс ау, онда да сол, арзанқолдау портфель әкеліп, соны алған баланы түсіріп сурет шығарады. Енді ойлап көріңізші, болымсыз тамақты не сыйлықты қасына қойып, жұпыны киінген адамдарды бала-шағасымен суретке түсіріп алғанда “біз осы адамдарды жарылқап жатырмыз, біз көмектеспесек бұлардың күндері не болатын еді” демекші ме? Бұл деген ұят нәрсе. Ол анау мұқтаж адамды емес, өзіңді масқаралау сияқты нәрсе екенін түсінбейтін қызықпыз осы... Бұл мәселе тек Майлин заманында ғана емес, бүгінгі таңда да өзекті.
Қазір баяғыдай аштықтан қиналатындар азайғанымен, әлеуметтік теңсіздік әлі бар. Біреулер қымбат мейрамханаларда дастархан жайып, қымбат киім киіп жүрсе, енді біреулер несиеге өмір сүріп, мерекелік көңіл күйді өзіне артық шығын ретінде сезінеді. Әрине, бай болған жақсы ғой, бірақ, жағдайы бар адамдар «өзінде бармен көзге ұрмау» этикетін біле бермейді. Көбі әлеуметтік желілерде өздерінің материалдық жетістіктерімен бөлісуге құмар, бірақ қиын жағдайдағы адамдарға көмектесуге асықпайтынын көріп жүрміз, керісінше қара халық өзіне-өзі көмектеседі. Біреу той жасап, мол дастарқан жайып жатқанда, дәл сол маңда бір отбасы тамаққа ақша таппай отыруы мүмкін. Желіні қарап отырсаң шиеттей бала-шағасы бар кедейлер баласының еміне жылап-еңіреп ақша сұрап отырады, ал біреуі шетелдердегі қымбат демалысын талмай жариялап жатады. Бұл қоғамда гедонистік мәдениет күшейгенде (яғни, өмірден ләззат алу бірінші орынға шыққанда), адамдар өз рахатын бәрінен жоғары қояды. Осыдан барып, «Ең бастысы - менің уақытым, менің өмірім, менің қуанышым, ал басқалардың мәселесі мені қызықтырмайды» деген ұстаным қалыптасқанын көрсетеді.
Ия, біз қазір біртүрлі қатыбас болып кеттік. Жаңалықтан соғыс, кедейлік, әділетсіздік туралы ести бергеннен де, етіміз үйреніп, ешқандай эмоция сезінбейтін болдық. Тіпті базарда, аялдамада тура жанымыздан біреу жанайқайын айтып жатса, көбі бұрылып кетеді. Әдеттену деген бар. Егер осылай кете берсе, қоғамда «Өз өміріңді ғана сүр, басқаларға араласпа» деген норма қалыптасса, онда адамдар қайғыға еті үйреніп, оған назар аудармайтын болады. Ал енді бұны өзгертуге бола ма? Бұл бәріміздің басымызды ауыртатын сұрақ болуы керек. Өмір онсыз да оңай емес. Оны одан сайын сүреңсіз қыла берсек не болады? Сондықтан әлеуметтік жауапкершілікті арттыру, ортақтық сезімін күшейту керек шығар. Әйтпесе, қоғам әркім өз қызығына ғана батып, жанындағының азабына немқұрайлы қарайтын, рухани құндылықтарынан айырылған ортаға айнала береді, кейін бұны жөндей алмауымыз мүмкін.
Енді әділін айтайық, о баста жүрегі жұмсақ жұрт қой, өзі басына тартса башпайы көрініп жүрген халық қаншама науқасқа, мүгедек адамға қаражат жинап, қаншама адамның баспаналы болуына тиынын қосты, бірақ, қайырым қылам деп соңында көңілі қалғандары да бар, өйткені халықтың кең пейілділігін пайдаланып кеткен қаншама блогерлер барын көріп отыр. Адамдардың сенімімен, мейірімді жүрегімен ойнауға болмайды. Бұның арты жақсы емес, кейін біреуге көмек шынымен де ауадай қажет болғанда «Бұл үкіметтің, қайырымдылық ұйымдарының жұмысы» деп ойлап, жеке әрекет етпеуі мүмкін. Осылайша, адамгершілік жауапкершілік «біреудің мойнында» деп есептеледі, ал жеке тұлға өзін кінәлі сезінбейтін болады. Және кейбір қайырымдылық қорлары ақша жинап, бірақ оның қайда кеткені белгісіз болып жатады. Бұл да қоғамның немқұрайлылығын көрсетеді.
Ұмытшақтық
Қоғам кейде белгілі бір мәселелерге уақытша назар аударады да, тез ұмытады. Су алса да, өрт шалса да шулап кетеді де, сосын сарқылдап барып басылған шәйнек секілді, 2-3 күнде ол әңгіменің лебі де байқалмайды. Талай көрдік, бірдеңе болса халық өз бетінше ұйымдасып, зардап шеккендерге азық-түлік, киім-кешек жеткізіп жатады, алғашқы көмек негізінен еріктілерден келеді, билік сосын барып қозғалады. Бізде жыл сайын түрлі мерекелік шараларға, форумдарға, саммиттерге миллиардтаған теңге бөлінеді. Бірақ дәл сол кезде кей өңірлерде тұрғындар ауыз су, жарық немесе газсыз отыруы мүмкін. Биыл Жеңістің 80 жылдығына арналған парадқа 2-3 млрд теңге бөлінбекші. Одан басқа түрлі халықаралық спорттық жарыстар, концерттер, салтанатты кештерге үлкен қаражат жұмсалады. Бірақ кейбір ауылдарда мектептер мен ауруханалар ескірген күйінде. Бізді елден қалмаймыз деген өлермендік, әсірешілдік, науқаншылдық өлтіреді.
«Терлеп-тепшіп, үйінің көлеңкесінде ақ текесін сойып жатқан Молдағалидың қасына Уәли келді.
- Айт құтты болсын.
- Айтсын...
- Немене, сен тоқтыңды саттың ба?
- Жоқ.
- Маған сатшы, әжеме құрбан шалдырайын.
- Ақша дабай.
- Күз аларсың.
- Болмайды.
Уәли кеткен соң Молдағали текенің терісін жұдырықтап жатып:
- Аштан өлейін деп жүріп, айтта несі бар екен, алдап апарып сойып бір тоймақ қой, - деп күлді...»
Рас қой. Жағдайы келсін-келмесін той жасайды, несиеден несиеге ілініп жүріп ғұмыр өткереді. Біздің билік те той тойлауды бірінші орынға қойып, әлеуметтік проблемаларды кейінге қалдырады. Бұл «Айт күндеріндегі» кейіпкерлердің қымыз ішіп, Бәкеңнің аштан өлгенін тек кейін естіп, оны тек сөз жүзінде ғана аяғанымен бірдей. Билік табиғи апаттар немесе дағдарыстар кезінде нақты шешім қабылдағаннан гөрі, жағдай реттелгеннен кейін есеп беру мен кінәлілерді іздеумен айналысады, «Айт күндері» шығармасындағы той тойлап, қымыз ішіп, бірақ қиындыққа ұшыраған көршісіне көмек бере алмаған ауыл адамдарына ұқсайды.
Имитация бар
Шығармада көмектесуден гөрі, көмектескендей болудың көрінісі бар. Билік те халыққа көмектескендей көрініп, әлеуметтік проблемаларды шешкендей кейіп танытуы мүмкін, бірақ нақты өзгеріс баяу жүреді. Мысал: «Қолжетімді баспана» бағдарламалары жасалады, бірақ іс жүзінде оны алу қиын. «Жастарды қолдау» жобалары бар, бірақ шын мәнінде жастардың көбі жұмыс таба алмай, шетелге кетуге мәжбүр. Экономикалық даму туралы есептерде цифрлар жақсы көрсетіледі, бірақ халықтың өмір сапасы соншалықты жақсарып жатқан жоқ.
Сонымен қарап тұрсақ, біз қазір мына нәрселерге сүйеніп қана тірлік кешіп жатыр екенбіз:
Декорация жасауға әуеспіз – сырттай қарағанда бәрін жақсы көрсеткіміз келеді, бірақ түпкілікті өзгеріс жоқ. Өйткені ойлауымызда өзгеріс жоқ. Рекциямыз да ондай емес, жоқ дей алмайсыз, бар ғой, бірақ уақытша, тез ұмытамыз. Және бізде жауапкершілік алу емес, өзімізді ақтау механизмі қатты жұмыс істейді. Бізде биліктен бастап бірдеңе болса кінәліні іздейміз, тек өзіміз жақсымыз. Біз түптің түбінде түбімізге «Моральдық немқұрайлық» жететінін түсінуіміз керек сияқты.
***
Бейімбет Майлин бұл шығарманы 1922 жылы жазған, суреттеп отырған кезең аштық жылдарының басталған уақыты, демек, бұл қазақ қоғамының белгілі бір кезеңдегі әлеуметтік құлдыраған кезеңі. Ашық дереккөзге қарағанда, сол замандағы Республиканың Денсаулық сақтау халық комиссариатының деректері бойынша Орынбор, Орал, Ақмола және Ақтөбе губернияларында 1921 жылдың 1 қарашасы мен 1922 жылдың 1 шілдесі арасында 37 657 адам ашаршылық құрбаны болған екен. Міне осы жағдайлар да қазақтың мінезін өзгертті. Яғни қазақ қоғамы дәстүрлі түрде қайырымды, бір-біріне көмектесетін қауымдастық болып саналып келгенімен, белгілі бір кезеңдерде бұл мінезі өзгеріске ұшырады. Бұған патшалық Ресейдің отарлау саясатының қазақ қоғамын ыдыратып, байлар мен кедейлердің арасы алшақтаған әсерін, кеңес үкіметінің бастауында ұжымдастыру, ашаршылық, тәркілеу қазақтың рухани дүниесіне ауыр соққы болғанын, осы бастан өткерген ашаршылық, қуғын-сүргін, саяси қысым қазақтың бұрынғы қайырымдылық дәстүрін әлсіреткенін түсінеміз.
Сонымен біз Жүсіпбекті, Бейімбетті не үшін оқуымыз керек? Олар ұлтын сол күйі көріп, жақсысын да, жаманын да танып, барын бар, жоғын жоқ күйінде жаза алған, жеткізе алған суреткерлер. Егер Майлин тек кеңестік саясатты ұстанса, ол қазақтардың өткенін тек қаралап, жаңа заманның артықшылығын көрсетуге тырысар еді. Бірақ ол өз шығармаларында қазақ қоғамындағы кемшіліктерді ғана емес, адамдардың шынайы бейнесін де ашып, трагедиясын көрсетті.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.