6. «Бассүйектер»
Ол жақынын жатқа сатпайтын, ал, кілт теріс қарап кетуі әбден мүмкін еді. Күндіз-түні өзінің бауырына басып, өзі де бауырына кіріп, барын беріп, бергенін алып, есепсіз араласқан адамдармен, қалай тез табысса, солай тез суысатын, олармен кәдімгі суық бауыр таныс-білістің біріне айналатын ғадеті де бар еді. Бұл, енді, бірде сыртын, бірде бетін берген тіршіліктің әдеткі әдетінің бірі әрі тез күйіп, шорт басылатын ақындық ұшпа мінездің әсері болса керек. Ал Мұрат, Мұхтар, Ақан, Гүлшар, Күләнда, Жанат, Жанар, Ғұсни атты бауыр-қарындастарына ыстық құшағын суытып көрген емес. Солардың қамын ойлап, толық білім алуы үшін үшінші курстың басында сонау Шұбартаудың иен даласын мекендейтін әке-шешесін, жеті-сегіз бауыр-қарындасын бір түнде Аякөзден жүк көлігін жалдап, жасырын көшіріп әкеп, Алматыға жақындатып, Ұзынағашқа алып келді. Иен қалған бір отар қойдың дау-дамайына да өзі төтеп беріп, артын тыныштандырды. Оған да місе тұтпай, ақыры Алматының бүйіріндегі Тұздыбастауға тұрақтатты. Бірақ, әке-шешесі малдан қол үзбеді. Кең даласыз, жайлау мен қыстаусыз олардың өкпесі тарылып кететін. Ақыры, сонау Бозойда қыстап, жазда Алатау асып, қырғыздың Көкайрағын жайлап, жандары жай тапты. Соның арқасында біздің де шыңның түбінен еріп аққан шым бұлақтың мұздай салқын суын қымызбен «жылытып» ішкен күндеріміз де болды. Құм-шөлейтті басып, асқар асудан асып, шыңға барып тірелетін екі жүз шақырымнан асатын көш жолының рахаты мен машақаты да мол еді. Жол бойы торуылшылар мен күзетшілер ашық та, ұрлап та «нәпақасын айырып отыратын». Несіпбек мені қояр да қоймай Алматының Сайын көшесін жарып өтетін «қойдың көшіне» ілестіріп бір жолы «журналистік зерттеу» де жүргізді. Оның ақыры «Тар жолдағы талапай» («Жетісу» газеті) атты фельетон жазумен аяқталғаны бар. Мұндай «машақатты» ұйымдастыруға келгенде, Несіпбек, алдына жан салмайтын. Көрінеу қиянатты көрсе, «көкдолысы» ұстап, жанын сала жанығатын және ол істің шешімін шығармай тынбайтын. Сондайда өкпесі қысылғанда екінші тынысын ашатын бауыры Мұрат пен келіні Нахия еді.
Кейіндеу екеуі де жол апатынан жусап қалғандағы оның аңырап қалған кеудесінің озаны жан жаназасындай азынап шықты. Оның өз өмірінде басынан кешкен ең қаралы да жаралы сәті сол шығар.
...Ұйқыдан қу сүйекті оята алмай,
Ақыры ішін тартып жылайды көр.
Көр іші – қара қобыз күңіренген,
Ешқашан тілдесе алмас тірілермен.
Тылсымның жұмбақ сырын қайдан ұқсын,
Қара құрт қара жердің түбін емген, –
деп күңіренген тұсы да сол кез.
Мұрат әкесіне тартқан төртбақ, мығым, қайсар, адал жанды, бауырмал еді. «Ағалап» жағалап, алдымыздан кесе өтпейтін. Мұратты әскерге шығарып салғаннан кейін үш-төрт күннен соң жұмысқа келгенде («Балдырған» журналында): «Түс көрдім. Кейін айтамын», – деді. Он күн өткенде «Бассүйектер» атты дастанын оқытты. «Мұратты қимай, елегізіп жүргенімде Янның «Шыңғыс хан» романын оқып, өзімді алдарқатып ем. Соның әсері ме, білмеймін, түсімде, қылыштың өткір жүзі кесіп түскенде, мойнынан ұшып бара жатқан басты көрдім. Пәлесін Мұраттан аулақ әкетсін, – дедім де, – бассүйектердің өзін кейіпкерге айналдырып жібердім. Мұраттың ұшығы сонымен кетсін», – деп мұңая сырын шақты. Мұндағы бассүйектерді қолына алып сөйлетіп, оларды «ұшықтап» отырған лирикалық кейіпкер, яғни археолог – ақынның өзі еді. Заманалар мен тағдырлардың, патшалар мен пақырлардың, қаһарман мен қарақшының, жендет пен жетімнің шарпысуына құрылған сол «Бассүйектер» дастаны республикалық бас бәйгені жеңіп алды және дүйім қалайыққа Несіпбекті ақын ретінде біржолата мойындатты. Сөйтіп қимас бауырының аманатты жолын өлеңмен ұшықтады. Мұрат та әскерден аман-есен келіп, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасадық. Ендігі қамқорлықты, Несіпбек Мұраттан көрді. Тек жетпіске жеткенде бір өкпесі азынап бос қалып, кеудесін мұң қарыды. Оның «Мұңға да еркіндік берейік» деген өлеңі сол бір өзегін күйдірген өкініштен туып еді. Ал әулет тұрғысынан алғанда, Тұрысбектің тұқымы ең бақытты да бақуатты, сүйекті тұқым болды. Әдетте, «жеті ата» дегенде, есте жоқ ескі заманды елестетеміз Шынтуайттап келгенде, «жеті ата» дегенің бір тұтам ғана өмір екен. Мысалы, Тұрысбек әкеміз, алты үрімін: 1) атасы Бәгейді, 2) әкесі Айтты, 3) өзі бар, 4) ұлы Несіпбекті, 5) немересі Қалқаманды, 6) шөбересі Ерасылды, 7) шөпшегі Ерәлиді көрді, тура жеті ата. Ал Несіпбек те алты ұрпақтың жалғасып, өсіп-өнгеніне көзайым болды. Жалғасты ғұмырды олардың үрім-бұтақтарына нәсіп еткей.
«Бассүйектерден» кейін Несіпбектің тынысы ашылды. «Коммунистік-колонизаторлыққа» қарсы «Үндістер, үзілмеңдер!» атты дастанындағы: «Тағдыр бізге жер бергенше, Берсе нетті көктемір» деген емеурін сөздерді сол жылдары түрмеге қамалған үндістердің көсемі Минстің толғауы арқылы астарлап жеткізіп, ұлт азаттығын ұрандатты. Ал 87 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде шыққан Әлішер Науаидің «Ескендір қорғанындағы» жазықсыз халықты қырғынға ұшыратқан жауыз патша туралы тарауы, өзге түгіл, Бас редактор Шер-ағаңның – Шерхан Мұртазаның басын шайқатып еді. Желтоқсан оқиғасындағы қам-қасіретті тура сол кезде дәл осы дастандағы емеуріндей жеткізе қоятын шығарманың басыла қоюы екіталай еді. Несіпбек дер кезінде аударды, Шер-ағаң тоқтатпай жариялап үлгерді. Екеуінікі де ерлік еді.
Сол заманның ырқымен мен де тәуелсіздік рухты аңсаған «Аза», «Керуен қоңырауының үні», «Хиросима қасіреті» атты реквиемдер жазып ем. Ішкі бостандық аңсарын шет елдік патриоттардың тағдыры арқылы сыртқа шығарудан басқа өзге әдеби әдіс жоқ еді ол кезде. Әрине «Өткізу үшін шындықты, Өтірік қостым аздаған» деп Қадыр ақын айтқандай, шындықтың бетін көлегейлеген бірнеше поэма да ықтиярсыз жазғаны бар. Оларға да салауат. Қалайда өлеңдерін жинақ етіп шығару үшін, ондай «баспаққа» бармаған шығармашылық иесі кемде-кем. Бірақ жалаң «жасасындатқан» жоқ.
7. Орынсыз ескерту
Ал енді Несіпбектің ән әуеніне лайықталған мәтіндерінің бәрі де, кейінгі кездегі тақырыптық бір-екі дүниеден басқасы, менің көз алдымда жазылды. Өйткені әннің әуенін естіп, соған елжірей еліктеп отырып жазатын әдеті бар еді. Ол үшін, ән иелері, не Мейраш аға (Мейрамбек Жанболатов), не Ақселеу, не Жәнібек, не Тұрсынжан, не Секен қасында болуы тиіс. Ал оларға не қақпайлап, не тамсанып, не тыжырынып отыратын бір тыңдаушы қажет-ақ қой. Әрине, ол «бақырауық теке» («козел провокатор») мен болдым. Бұл дәстүр былай басталды. Өткен ғасырдың аяғында, жаңылыспасам, жетпіс тоғызыншы жылдың қарашасында Абай ауданының сол кездегі идеология жөніндегі хатшысы, Жәнібек екеуміздің өнер жолындағы тілеушіміз Мейрамбек Жанболатов аға Сәуле жеңешеміз екеуі Алматыға демалысқа келе қалды. Редакцияға соғып, демалыс күні Жәнібек екеумізді «Алатау» санаториіне шақырды, Жәнібекті қадап тапсырып, жаңа бір әндері барын айтып, соның сөзін мен жазып, әнін Жәнібек орындауы керек екен. Ал, менің көз алдымда: Орда тауының Шілікті кезеңінен аса қалғанда бүкіл Сарыарқаның көгілдір шымылдығындай боп мұнартып көрінетін Шыңғыстау елестеп тұруы тиіс. Мұндайға Несіпбек ұшқыр екенін айтып ем: «Ертсең, ертіп кел. Бірақ сөзді сен жазасың», – деді қадап тұрып. Үш-төрт күн әурелендім, ештеңе шықпады. Жәнібекке: «Қалайда Несіпбекті алып кел!» – деп тапсырдым. Қаланың сыртында тұратындықтан уәделі сәттен жарты сағаттай кешігіп бардым. Бөлмеге кірсем, Мейраш, Жәнібек, Несіпбек үшеуінің менің сәлемімді алуға мұршасы келмей, бірі домбырасын шертіп, бірі қағаз бетін шимайлап, бірі екеуіне кезек қарап, шүйіркелесе қапты. Бір кезде Несіпбек: – Міне, шықты, қане тартшы, Жәже, былай, – деп қарлығыңқы дауысымен ыңылдай жөнелді. Әсіресе, Жәнібектің кең дауысымен мамырлай келіп:
...Көрінер өзге түгіл ыстық маған,
Аядай ақ бұлтыңның көлеңкесі,
Ахау, Арқа,
Ахау, Арқа,
Желпіндір.
Кең далада еркін шалқып,
Еркелейік еркін бір!
деп желпіне лықсығанда, бәрімізде мамырлай тербелдік.
Соның ішінде: «...Көрінер өзге түгіл ыстық маған, Аядай ақ бұлтыңның көлеңкесі, Ахау, Арқа» – деген теңеу қандай ғажап! Нағыз ақынның ойына оралатын көрініс. Әнді Жәнібек жеке айтып, қосылып айтып, Сәуле жеңешем де демеп, әптігіміз басылған соң, Мейраш аға: «Мына бір әуен де мазалап жүр. Сөзі келіссе, жөнге келетін сияқты», – деп домбырасының құлақ күйін келтіріп, ыңылдай бастады. Жәнібек қайталап шертті. Буыны мен ырғағы көрсетілді. Сонымен Несіпбек пен Жәнібек жарты сағаттан астам уақыт «құрдың ойнағы» құсап құрқылдасып, күңкілдесіп, бірі ыңылдап, бірі күбірлеп, ақыры домбыраның тұрақты қағысына ұласты. Жәнібек барған сайын қағысын жылдамтып, бәсеңсітіп барып, өзінің майпаз дауысымен:
...Қоңыр күзде қоңыр әнге басайын.
Сал домбыра,
Жан, домбыра,
Бүлкілдесін көмейің.
Қоңыр қазым,
Көңіл сазым,
Енді саған не дейін! –
деп еркелете аяқтағанда, бәріміздің дыбысымыз шықпай қалды.
Ғажап! Қандай сазды, қандай назды, қандай мағыналы ерке үйлесім. Ән де, әнннің сөзі де, орындаушы да, тыңдаушыны сондай бір мамыражай күйге түсіреді. Міне, кейін бүкіл қазақ даласын мамырлатқан «Ән-домбыра» атты ән осылай өмірге келіп еді. Осы екі әнмен қатар әуеліде «Еңліктің», кейін «Тоғжанның Шымылдықсаймен қоштасуы» деген атпен жария болған үш ән қазақ радиосының таспасына жазылып, кең аудиторияға таралды. Бір жылдан соң Мейраш аға үшеумізді Шыңғыстауға шақырды. «Еңлік-Кебектің» мұнарасының қасына бүкіл «Қаламқас» ансамблі жиналып, өзінің бұрынғы мүшесі Жәнібекті билеп тұрып қарсы алды. Шыңғыстың сырты мен ішін армансыз аралатты. Сол жолы, қазір Бақыт Шағатаева ғана орындайтын «Ақ бесік» әнінің сөзін Несіпбек Қарауылда, Мейраштың үйінде жазды. Қайран, Мейраш аға, басымыздан құс ұшырмады-ау, заманында. Ол да бір қайырылып келмейтін, айтып жеткізе алмайтын дәурен-еді ау, шіркін!
Отызды алқымдап, ой түсе бастаған сексенінші жылдардың басында, бәрімізде, алғашқы демігуімізді басып, өнер жолымыздың дербес сүрлеуіне бет бұрдық. Сол жылдары цирк пен «Қазақконцертті» басқарған бір сумақай Жәнібекті сахнадан шеттетіп, саяқ қалдырғын кез болатын. Ол енді ағысқа қарсы жүзіп, қалам қарымын сынады, Манарбектің таспадағы дауысын тауып, әуелі «Кемпірбай мен Әсеттің қоштасуын», «Сырғақтыны» «Бесқарагерді», «Шәмси-Хамарды», сосын Абайдың немересі Мәкен Тұрағұлқызынан Абайдың нотаға түспеген әндері мен мен Майбасардың Мұхамеджанының «Қайран жастығын» оңашада дауысы мен ырғағына салмақ түсіре «ащылап» айтып, өзінше орындауға көшті. Оның бұл «әндері бұрынғы әннен өзгерек» еді. Сондайда қарындасымнан кейін қамкөңіл боп жүрген, ауылда жайдақ үйде тұратын (қазіргі «Әлмерек» ауылы) маған Рымғали аға, Жәнібек, Несіпбек, Құныпия төртеуі басу айтып, жиі келіп, таң атқанша еркін ән шырқайтын.
Сол кезде Қарағандының облыстық газетінен Ақселеу Сейдімбек ағамыз «Социалистік Қазақстанға» (қазіргі «Егемен Қазақстан») әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі боп ауысып келе қалды. Содан бастап, бұрын «кірген із бар, шыққан із жоқ» сықиған үшінші қабатқа «жан бітті». Қақпақыл (теннис) қойылды. Қилы өнер адамдары жиілеп келе бастады. Ақыры домбыраның да үні естілді. Жәнібек те қылаң берді. Несіпбек екеумізді ертіп алады. Енді сағат кешкі бестен кейін үшеуміз Ақаңның бөлмесінен табылатын болдық. Әрине, әнсіз кештің сәні келе ме. Содан Жәнібек «Кемпірбайдың Әсетпен қоштасуын» және «Қайран жастықты» айтты. Ақаң қатты толқыды. Жәнібекті ертең үйіне келуге шақырды. Екі-үш күннен кейін кешке бөлмесіне кірсем, Жәнібектің қабағы түйіліп, алдындағы жазуға төне қарап отыр. Ара-арасында домбырасын қағып қояды. Ақаңның сұқ саусағы шошайып барып, түсе қалады. Жазған құлда шаршау бар ма. Несіпбек екеуміз мүттәйімбіз.
Кенет Жәнібек домбырасын ары-күңгірлетіп, бері күңгірлетіп, бір қомданып алды да, ащы дауысымен барынша шарықтата: «А-аай, Күлдір-күлдір кісентіп, Күреңді мінер ме екенбіз. ...Күдеріден бау тағып, Қоңыраулы найза қолға алып, Жауға да шығар ма екенбіз», – деп асқақтата аршындағанда дымымыз шықпай қалды. Мұндай құдіретті әнді бұрын естіп көрмеппіз. Оны місе тұтпаған Ақаң арасында саусағын көкке шошайта қояды. Жәнібек айғайын одан әрі үстеп, дауысын созады. Толғау аяқталған кезде: «Ақа, екі күннен бері тұншықтырып өлтірдіңіз ғой!» – деді Жәнібек тыныс алып. «Ән енді бабына келді. Ертең қайта тыңдаймыз», – деді Ақаң. Сөйтсек, Ақтанберді жыраудың толғауын «Ыңғайтөкпе» күйінің әуеніне түсіріп, үйінде екі күн пысықтаған екен.
Жәнібектің «жаттығуы» мұнымен аяқталмады. Келесі жолы барсам, енді Ақаңның алдына, қашанғы өлең жазғандағы әдетімен «шашын бір талдап жұлып» Несіпбек отыр. Жәнібек желкесінен төніп тұр. Ара-арасында домбырасын қағып қойып, әлде бір ширыққан әуенді шертеді. Ақаңның да қолында қалам. Сөйтсем, үшеуі бірігіп, «Аспандап алатын, асқақ қанатын» талдырып, «Дәурен-ай» әнін шығарып отыр екен. Мен де бірдеңе деп міңгірлеген болдым. Ал Жәнібек орындаған кезде жаңағы әнді мүлдем танымай қалдық. Келесі жаттығудың толғағы, тіпті, ауыр болды. Домбыра біреу емес, екеу бопты. Жәнібек өзінің қалақбас қолдомбырасын ала келіпті. Үшеуі де шүйліге шүйіркелеседі. «Мына сөз келіспейді, мына ара пәсең айтылды. «А-ааай»» дегенде иесіз далаға қарай есі кете айғайлай шапқан қазақтың өлермен дауысы сияқты, асаудың басына лақтырған бұғалықтай шұбатыла шырқалуы керек», – деп Ақаң да өзеуреп болмайды. Несіпбек те жазуын бір өшіріп, бір көшіреді. Ақыры тоғыздан кете «Аңыз дала, қобыз дала, Сарыарқа!» деген жолдар қағазға түскен соң дауыстары саябырсыды. Жәнібек ыңылдай жаттығып барып, бар дауысымен айтқанда, тоғыз қабатты ғимарат күңіреніп кеткендей болды. Әні мен сөзі, орындаушысы бір-біріне келіскен мұндай туынды сирек қой, шіркін! Ән әсерімен, ондағы арманды-өкініштің сарынын ыңылдап отырып, өзімше көсемсіп: «Қайырмасын»:
Кермиығым,
Шер-күйігім,
Сөз түйінім, Сарыарқа! –
деп айтса, мазмұны, тіпті, тереңдеп кетер еді. «Жез киігім» – деген сөз әнді жеңілдетіп жіберетін сияқты. «Жезөкшем» дегендей де әсер береді. Ал «Шер-күйігім» деген салмақты, ойға жетелейді, – деп қалғаным.
Бүл сөзім орынды болды ма, жоқ па, білмеймін, бірақ дегенім рас. Әуеліде, үшеуі де дуылдаса қостағанымен, Ақаң да, Жәнібек те, тіпті, Несіпбектің өзі де кейін кібіртіктеп: «Қырын көз (цензура) «Қайдағы шер-күйік бұл» деп пәле салар», – деп жүрексінетінін айтты. Сонымен бұл мәтін еркін отырыстарда «шер-күйігім» деп, таспаға жазғанда және сахнада «жез киігім» деп орындалып жүрді. Қазір әркім әр қалай айтады. Мейлі. Менің парызым – әннің шығу тарихын жеткізу. Ал Секеннің «Айқай, дүние», Тұрсынжанның «Дариға-жүрек» әндері Несіпбектің «Қазақфильмдегі» үйінде жазылды. Бір жолы аса сыйлас, бауыр басқан ағаларымызбен қонақта болған Жәнібек пен Несіпбек түнгі он бір мөлшерінде мені шақырып ап, ағаларымыздың араздасып тарасқан мінездеріне өкініштерін айтты. Татуластырудың бір амалын әнмен жеткізейік дестік. Сонымен не отырыс, Несіпбек дереу «шашын бір талдап жұлуға» кірісті, Жәнібек домбырасын алып, басын шайқап қойып, ыңылдай күңіренуге көшті. «Ағалар-ай» атты ән сөйтіп түн жарымында өмірге келді. Ол әнді сахнаға шығарып үлгермей, Жәнібектің өзі дидарғайыптың дүниесіне аттанды. Арада бір жыл өткен соң шәкірті Рамазан Стамғазиев ол әнді екінші рет өмірге қайта әкелді. Шіркін, Несіпбектің әнге жазған сөздері әуенмен қоса ауа боп көкірегіңе құйылушы еді-ау. Енді ондай үштік үйлесім қайдан табылсын! Ол үйлесімдердің жермен-жексен боп келмеске кеткені, өкінішті. Айтпақшы, Қазақстанның соңғы Әнұранының мәтінін ырқынан тыс өңдеп, жалаулатқан да Несіпбек. Оның қолжазба нұсқасы жеке қорында сақтаулы тұр.
8. «Эпицентріміз – емеурін»
Бұдан кейінгі өміріміз қамшының өріміндей тең өріліп өтсе де, өмір арнасы өз арнасымен тиісті жерінде дегеніне қарай бұрып әкетіп отырды. Алайда, іргеміз де, өрісіміз де, ниетіміз де ажыраған жоқ. Жәнібек пен Құныпия қосылған соң, тіпті бұрынғыдан бетер тарамысымыз жымдасып, дымымыз да, деміміз де бір шығатын болды. О, ол жылдардың бір сәті бір ғұмырға тең дәурен еді-ау! Несін айтасың, қайсыбірін қаперге алайын. «Мен өмір сүрдім!» деуге татитын нағыз сайран да қайран жылдар еді-ау, шіркін. Әрине, көңілге уайым салған жайлар да болды. Әсіресе, менің жалғыз қарындасым Төлеу университеттің үшінші курсында ақ қаннан қайтыс болғаннан, іле ұлым Алмас суға кеткеннен кейінгі күйзелісті шақтарда жабыққан жанымды сергіткен де солар болды. «Түнде ұшқан тырналар» сияқты бірнеше өлең де жазды. Ал, Төлеудің жылында дастархан басында көзінен жасы мөлтілдеп отырып бір жапырақ қағазға «Жұртбай баласы Тұрсынға» деп жазған мына өлеңі:
Зулайды, зымырайды мына күндер,
Кідірте алар дейсің, сірә, кімдер?
Осынау кең дүниеден сіз бен бізге
Түбінде бұйырары бір адым жер.
Жаз өтер, жарқын күнің күзге айналар,
Біртіндеп көкірекке мұз байланар.
Ойласаң өткенің мен кеткеніңді,
Шым етіп, қайран жүрек, сыздай қалар.
Дүние ескіреді, жаңарады,
Тіршілік жан береді, жан алады.
Тұрамыз толқын мүжіп бітіргенше
Жаралы жартас құсап жағадағы.
Мұңданба, болсын бізден мұң ауаша,
Жылама, саған біреу жыламаса.
Табандап жатып алар жайымыз жоқ,
Кетеміз өмір «кет» деп қуаласа.
Өтеміз қысқа жолды қас-қағымда,
Сыр қалар әр сағаттың астарында.
Жас төгер мағынасыз бұлттар ғана,
Жабырқау жаңа түскен жас қабырға...
Несіпбек. 8.ХІ.1980. –
сол бір қаралы да жаралы күндерімізде ортақ уайымды бөліскен жүрек жұбатуы сияқты.
Сондайда ұстаз-ағамыз Рымғали Нұрғалиев: «Қалада тұншығып қаласыңдар. Уайымға оратылмай сергіңдер!» – деп үшеумізді «Ақбұзауына» (Р-ағаңның «Жигулиіне» Несіпбектің қойған аты), бірде саяжайына, бірде Бозойдағы Тұрысбек әкеміздің қыстағына, ал жазда Шалкөде, Хантәңірі, Қарқара, Жіңішке, Қоңырөлең, Сарқан, Басқан, Шыбарағаштатып, тау-тасты кезетінбіз. Жол бойы Жәнібек пен Құныпияға ән айтқызады, Несіпбек қара өлеңге басады, ішіндегі «өнерсізі» менмін. Кейде Жәнібек пен Несіпбекті айтыстырып, қыза-қыза келе, жауап таба алмаған Несіпбектің Көксудағы көпірден секіріп кеткені бар. Қалжыңымыздың қаттылығы сондай, былайғы жұрттың қасақана әрекетке де балаған кездері болды. Олар не десе де, өзімізге бәрі де орынды сияқты көрінетін. Алакөлдегі, Шыңғыстаудағы, Алатау сағасындағы бізбен кездескен ауыл адамдары: «Ән тыңдаймыз. Сөз тыңдаймыз», – десіп, келесі ауылға ілесіп баратын. Әзіл-оспақты былай қойғанда, таңды таңға қосып айтатын Жәнібек пен Құныпияның әні, бір түндік ұйқыны қиюға толық татитын. Тіпті кей азаматтар Алматыға келгенде, үшеумізің басымызды қосуға ұмтылушы еді. Әрине, дала сахнасындай болмағанымен, бір бөлмені басына көтеруге жарайтынбыз. Соның бәрін маржандай тізіп айтқым кеп, көмекейім бүлкілдеп отырғанымен де, оның сабақтауы басқа ине-жіп екенін білгендіктен де, жоғарыда жолай ескертумен, бір жолы Несіпбекті бес киіндіріп, бес шешіндірген «хикаяны» еске салумен шектелгім келеді. Әдетте күнді түнге, түнді таңға жалғайтын, кейде апталап созылатын «сахналық қойылымның» режиссері Жәнібек болатын. Құныпия: «Боптысынан» аспайды. Мен ара-арасында отқа тамызық тастап отырамын. Жәнібек дүниеден өткен соң, сахна жабылды. Ал, Несіпбек пен Құныпия өмірден озған соң, мынау азан-қазан дүние, дыбыстан сап тыйылып, иесіз меңіреу жалғанның мылқау сахнасы ғана қалған сияқты. Сіздерге қайдам, әйтеуір маған солай сияқты көрінеді.
Несіпбек екеуміз тізгін қағыстыра елу бес жыл дос-жаран немесе өзі айтқандай «дос емес, бауыр боп» өмір сүріппіз. Домбыраның қос ішегі – бірі қатаң, бірі босаң бұраласа да, үндесе үн шығарады емес пе. Ал біздің жарастығымыз қалай үндесті, оған, Абай айтқандай, «Мен тентек пе, түбінде кім жазалы, Қайғыны жіберуші өзі сынай» жатар. Сыралғы тартқанымыз сондай, оңашада болмаса, қандай шешуі қиын істерді екі-үш астарлы тіркеспен шешіп, іле қалжыңға көшетінбіз. Дос-жарандар: «Осы екеуің қалай сөйлесесіңдер. Түк түсінбейміз», – дейтін. Ал біз үшін бәрі анық, толық түсінікті, жеріне жеткізіліп айтылған болатын. Өйткені емеурін мен ежіктеу сөздерді, астарлы тіркестерді түсінбеуге Несіпбектің еш шарасы жоқ-тын, оған қарсы жасаған айла-амалы да жүрмейтін. Біріншіден, оның өзі де тәмсіл тіркестердің тінін жақсы біліп өсті. Екіншіден, Шыңғыстаудағы үш түрлі сөйлеу мәнерімен: сырт шешендерінің, ой шешендерінің және қу сөзді қуған жалаң шешендердің үрдісінен ежеқабыл хабары болды. Ал оған Шәкір Әбенов, Қабыш Кәрімқұлов, Жұмакүлбай Базарбаев, Қайым Мұхаметханов, Ниязбек Алдажаров, Бекен Исабаев сияқты Абай үлгісіндегі ділмарлармен сөйлесуге тура келген соң, олар аздай Жәнібек екеуміз қосылып екі бүйірінен қадалғанда, «Дымбілместің өзі дым біліп кетпегенде» несі қалады.
Бірде, біздің үйде, Қайым (Мұхамедханов) аға, Жәнібек, Несіпбек, Құныпия бесеуміз бас қостық. Жөн сұралды, ән айтылды, жалпы тақырыптан жалқыға көштік. Қайым аға екеуміз алаш пен түрме хикаясына ауыстық. Тым тереңдеп кеттік пе, әлде «неғылайынымыз» көбейіп кетті ме, әлде Қайым аға екеуміз түрменің шартты тілімен ежіктеп кеттік пе, білмедім. Бір әредікте қарсы алдымдағы Жәнібекке қарасам: домбырасын алдына көлденең қойып, бір қолымен біресе шекесін ұстап, біресе екінші шекесін ұстап, біресе жағын таянып, біресе басын шайқап отыр. Түсіне қойдым, біздің сөзімізді түсінбеген соң, «Не сөйлеп отырсыңдар, ей?» – деп мені мазақ қылғаны. Ал Қайым аға екеумізге бәрі де ұғынықты. Кәдімгідей арқа-жарқа сұқбаттасып отырмыз. Несіпбектің екі көзі бағжаң қағып жыпылықтайды, Құныпия үнсіз. Олардың Қайым ағаның сөзін бөлуге дәрмендері қайдан жетсін. Жәнібекке «тыныш отыр» дегендей белгі бердім. Соны байқап қалған Қайым аға лезде сергіп: «Ә, Жәжә (Жәнібекті еркелетіп солай атайтынбыз), әңгімеміз түсініксіз боп кетті ме, бұл өзі сондай құлаққа оғаш естілетін тақыс терминдер ғой. Қой, әңгіменің тақырыбын ауыстырайық», – деді маған. Сол кезде Жәнібек өзінің майда тілімен мәйпездеп, Қайым ағамыздың мәртебесін көтере: «Жоқ, мен сіздің әр сөзіңіздің астарын мұқият ажыратып, өте жақсы түсініп отырмын. Қандай тереңсіз, қандай терең мағыналы сөздер. Әй, данышпансыз ғой. Тек, сіз мына Жұртбаевтың тілін қалай ұғып отырсыз, соған таң қаламын. Түгін ұқпадым», – деп «жорғалата» жөнелді. Аңғарсыз адам Қайым емес, оның мына «әдепті әдебіне» орай бір күліп алды да: «Оның түк құпиясы жоқ. Тұрсынның сөзінің эпицентрін тапсаң болды, ар жағы өз-өзінен түсінікті боп шыға келеді. Әбден қайталана айтылып, жауыр болған жаргон терминдер ғой. Жә, енді әніңді айт», – деп өзге күйге көшті. Содан бастап: «Әуелі сөздің эпицентрін анықтап алайық», – деген өзара тұрақты термин қалыптасты. Бара-бара, үйреншікті әдіске айналды. Сыры ортақ адамдар үшін бұл да бір таптырмайтын тәсіл. Қашан да ым-жымың бір, айтпай түсінесің, өзгенің назарына да ілінбейсің. Ащылы-тұщылы, батымды-батымсыз, кейде жөнді-жөнсіз қалжыңдарымызға да сол «жаргондарды» қосып, тұздықтап жіберетінбіз. Бөгделерге бөтен, мағынасы жат, әңгімеге қатыссыз көрінгенімен де, сол айтылған сөздің ішіндегі «таңба басылған» бір сөз арқылы не деп жауап береміз, немесе, осыдан кейін қайда барамыз, ана мәселені қалай шешу керек – соның барлығын тілсіз түсіне қоятынбыз. Мұның өзі алыс-жақынның, ықыласты-ықылассыздардың арасында орайлы-орайсыз, орынды-орынсыз кілтипанды сыпсың тудыра бастады. Десін. Ондайларды бір-бірімізге айтып, күліп қойып паң-шұңсыз жүре беретінбіз.
9. «Қиясбайлық» пен «жұманқырттықтың» тегі
Ел-жұрт Астанаға ауған соң, ол Алматыда өзін жалғыз қалғандай сезініп, әдеттегісінше, шұғыл шешім қабылдап, «ақ тайыншасына» тоңазытқышын тиеп, Майнанын қасына отырғызып ап, әй-шәйға қарамай тартып берді. Сәске кезінде кеңсе бөлмесінің есігін ашып: «Ей, досыңды алып келдім. Сені сыртта күтіп тұр. Біржолата келдім», – деді. Сенер-сенбесімді білмедім. Шықсам, күлімдеп «досым» Майнан (Манат) тұр. «Мынау болмады. Тәуекел деп, етегіне жабысып келіп қалдым», – деді. Сөйтіп «Астанада күн ұзақ» деп торығып жүрген басым бұлт бір сәтте ашылды да кетті. «Бәйтерек» дастаны бір айда жазылды. Дер кезінде рухты көтерген шығарма болды. Енді Несіпбектің аты даңққа бөлене бастады. Қаймана жұрт қалжыңдағансып, екеуміздің арамызға сөз тасып, айтпағанды «айтты» дегізіп, оны өзара қалжыңымызға жатқызғансып өршітіп жеткізе бастады. Сес көрсеткендер де (сол кездерде де, тіпті қазір де) болды. Қалжыңы жарасқан құрдасымның бірі: «Екеуіңның бір араздасқаныңды көрмей, тынбаймын. Екеуің де сақтаныңдар», – деп әзіл-шынын араластыра айтқаны да бар. «Ақ патшам» мен «Альфонс» туралы «хикаяттың» тарағаны сол тұста еді. Соны аңғарып қап, ол қалжыңымыздың өсектің өртін қаулататынын сезіп, тәубәме келіп, «Қылаусыз қалжыңымды күнәға жатқыза көрме» деп ішімнен Жаратқаннан кешу сұрадым. Бірде Несіпбектің өзімен жеке қалғанда: «Енді қалжыңды доғарайық. Екі ортада дәметіп жүрген үмітті дүниеңе кесірі тиіп, етегіңе оралып, аяғыңнан шалып тынар. Мен Жаратқаннан кешірім сұрадым», – деп ем, ол да кесіп тастағандай: «Ей, соны байқап мен де кешу сұрадым. Бірақ, ойлап қарасам, сен екеуміз дос емеспіз, өкпе-бауыры бірге езілген бауыр екенбіз. Енді оны өзге түгіл, сен де, мен де ажырата алмаймыз. Ал, ажыратсақ – екеуміз де өмір сүре алмай қаламыз. Одан да мен Қиясбайлығымнан жазбайын, сен Жұман атаңның жолымен жүре бер», – деп бәтуа айтты. Сол бәтуаның ырқымен қалған өмір өтті. Оған бойымыз әбден үйреніп алды, тіпті сол «қиясбайлық» пен «жұманқырттық» өміріміздің дәнекеріне айналды. Қандай қиянпұрыс қалжың болсын, екі қайырымнан соң бәрі де орнына келетін.
Сондай әдеттің бірі, екеуміздің түн ортасында бір-бірімізге шалатын қоңырауларымыз еді. Таңғы үш-төрттегі мезгілсіз қоңыраулардың өзі де кілт басталып, кілт үзілетін. Бұл, әдетте, оның не менің кезекті шығармамыздың аяқталғанын білдіретін. Бәйгеден озып келген жүйріктің басын бір жұлқып тартып, тізгінін азулай алға ытырынып барып тоқтайтынын еске салатын: «Менің жаным азаптан құтылғанда, сен қалай тыныш жатасың? Мұндайда сенің түн ұйқыңның шырқын бұзбасам, тұншығып кетемін!» – дейтінбіз. Шындығында да ол шабыты буған шақта бусанып, шабынып, шашы түйтеленіп, көзіне жылтыраған шық тұнып, қасқа маңдайы жиырылып, ішінен зікір қайырған бақсыдай ыңылдап, қара өлеңнің әуенімен сұңқылдап, ақыры күбірлеп тынатын. Әбден сілесі қатып, бес-он күндік (ал мен екі-үш айға созылған) салбурыннан соң, шығарма біткеннен кейін айналамызды тыныштық басып, жыны қағылған бақсыдай момақан тартып, сілеміз қатып қалатын. Ондайда моншаға барып, барлыға буланып, шамырқана шабынып, емен-жарқын әңгімелесіп, буырқанып-бусанудан артық екеумізге бейіш табылмайтын. Ондағы көзтаныстар қазір де жүгіріп кеп амандасып, буды баптап, сыпыртқысына жүгіріп, бәйек қағады. Алайда Несіпбектің әзіл-әжуасы жетпей тұрғаны сезіле бастағанда баяғы көңіл пәс тартып, жабырқасып тараймыз.
Ол өзін тумысынан өлеңге ұя басқан қаршыға сезінетін. Әншейінде құндақтап, жүрегіне басып, қара өлеңнің әуенімен әлдилеп жүретін ырғақты өлең шумақтарын, балапандарын ұясынан лақтырып жіберіп, жерге соғыла бергенде қағып алып, ұшуға баулыған түз құсы сияқты, шашып жіберетін. Тоят тапқаннан кейінгі тастүлектің талқаны шыққан ұясы сияқты айналасы да ретсіздене қобырап, кенет дауылы басылған дала сияқты, тыныштық орнайтын. Жан-жағына аңтарыла қараған сондай шақта, есіне мен түсетін болуым керек. Бұл елу жылдың ішінде бір реткі емес, жиырма-жиырма бес мәрте қайталанған жай. Әсіресе, «Бассүйектер» мен (онда күндіз), «Бәйтерек» пен «Тудың» тұсында (түнде) жиі қайталанды. Содан соң барып солығын басып, тынығуға бет алатын. Бұл тыныштық аптаға, кейде айға созылатын. Анда-санда өлеңінің не дастанының жолдарын жатқа айтып, қанатын қомдап қоятын. Кейінгі жылдары жазылған он-он бестен астам дастан-толғаулардың толғағы жеңіл болды ма, әлде әбден ысылып қалды ма, білмеймін, әйтеуір, мезгілсіз қоңырау сиреді. Ақыры мүлдем үзіліп тынды.
Иә, енді менің түн ұйқымды Жалғыздың өзінен басқа ешкімде бұза алмайды. Несіпбек өлең-дастанын оқымайды, тіпті түсіме кірген күннің өзінде де оның дауысы да естілмейді. Тылсым үнсіздік. Оған да мойынсұнамыз.
Ол өзінің дидарғайып жалғанға бет алып бара жатқанын сезді. Жасынан жүйкесін шүйкелеген басының сақинасы кейде дендеп, кейде меңдеп барып басылатын. Әншейінде елгезек мінезді Несіпбек дуа иелеріне бір түрлі самарқау қарады. Қызылжардан бірге қайтқан сапарда оны маған емеурін ретінде ескертті де. Дегенмен де, емханаға жатып, тұрақты емделуден сылтауын тауып сытыла берді.
Сөйте жүріп: атасы Айт жондырған жарық астауды қырық жылдан кейін көріп:
Басынан ұшып кетсе ғанибет күн,
Қалмайды осы астаудай зар илеп кім?
Түбіне қырық жамау қарап тұрып,
Өзімнің тағдырымды тани кеттім, –
деп жазғанындай, өзінің «қырық жамау» дидарғайып ғұмырының түпкі тылсымын, жарық дүниенің соңғы саңлауын көріп тұрғанын сезді.
10. «Ей, Тұрсын, бір жүреміз енді қанша?»
Ауруханаға түскен күннің ертесінде Ғабиден арқылы бейнетаспамен сөйлестік. Зеңіп жатыр екен. Мен жылап жібердім. Ол езу тартқансып, өзінің үйреншікті «сәлемін» жолдады. Булығып тұрып, мен де есесін қайырған сыңай таныттым. Кейде дегбірі қашқанда қолды-аққа тұрмай, дегеніне көндірмей қоймайтын. Сол ғадетіне басып, кешке қояр да қоймай, есеңгіреген күйі үйге шығып кетіпті. Ертесі қайта жан сақтау бөліміне түсті. Әлдекімдер «ал кетті» деп «Ант мезгілінен» бұрын алашапқанымен, сол бетінде тура үш айға жуық дел-сал күйінде жатты. Кіру шектеулі.
Бір күні Майнан (Манат): «Кірпігі кейде қатты жыпылықтап, саусақтары жыбырлап кетеді. Көзін аша алмай қиналып жатыр-ау деймін. Сенен басқа ешкімнің қолынан келмейді. Бір амалын тапшы», – деді. Шынында да солай екен. Бар «қаһарымды» ішіме тартып, дауыстай өзімсіп: «Несіне еркелеп жатырсың. Өлең жазғандағы әулие-әмбиелеріңді шақырып, атаңның әруағына сыйынып, қуатыңды жи. Не жатыс бұл! Қаншама сүрлеп, сақтаған сөздерім айтылмай, ішқұста боп жүрмін. Жи, қане, есіңді!» – дедім жорта домбытып. Әрине, сыртым дүрдей болғанмен, ішім жылап тұр. Бір кезде тыпырлаңқырап барып, кірпігін тездете жыпылқтатып, көзін ашып алды. Баяғы тік қадалатын ұшқыр жанар жасаураған, манаурай қимылдайды. Қайсымызды таныды, кім білсін. Соның өзін үлкен жұбаныш көріп, серги тарастық.
Несіпбек көзін сол ашқаннан қашан дүниеден озғанша жапқан жоқ. Әйтеуір, жалғанның жарығын, жарын, балаларын бір көріп, көзайым болғаны қаншалық. Сонау жетпісінші жылдардың соңында менің қарындасымның қазасына қайғырып жүрген қамкөңіл кезімде:
Ей, Тұрсын, бір жүреміз енді қанша?
Сұм ажал ысқырады кер жыланша.
Бойға құт – бұйырғаны тіршіліктің,
Әйтеуір артымызда белгі қалса.
...Қамалып қатар өстік қабырғамен,
Тістесіп тарпа бас сап талағанмен.
Жазылмас жара құрғыр, былай шығып,
Қыңсылап қызыл тілмен жалағанмен, –
деп жұбатқаны бар еді.
Иә, «артымызда қандай белгі қалды», білмеймін. Әйтеуір, «бойға құт боп қонған тіршілікті» – бір ғұмырды бірге өткіздік. «Ысқырынған сұм ажал» сені менен айырып, «жазылмас жара» қалдырды. Ол «жараның уыты» енді қанша дауалағанмен де жазылмайды. Тек осындай бір оңаша сәттерде өздеріңді еске алып, құмыға отырып өзіңді-өзің жұбатудан басқа не шара қалды дейсің.
Сенің, Нарқызылдың даңқына бөленген поэзияң туған тіліңмен бірге мәңгілік жасайды. Тек «Ол да, кәдімгі пенделердің қатарында өмір сүріпті» дегенге иландыратын жұпыны тіршіліктің күнделікті күйбең көріністерін ғана әсіресіз, әшиесіз алдыға тарттым. Несіпбек айтқандай, «Енді біз де қанша жүреміз!» дейсің. Сөздің шындығы сол.
Жетінші қараша, 2024 жыл.
Алматы, Бағанашыл.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.