Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мырзағали Тоқтаубайұлы. "Омарғазыша өлең" құрылыс...

06.04.2025 805

Мырзағали Тоқтаубайұлы. "Омарғазыша өлең" құрылысы қалай қалыптасты? (жалғасы) 12+

Мырзағали Тоқтаубайұлы. "Омарғазыша  өлең" құрылысы қалай қалыптасты? (жалғасы) - adebiportal.kz

Ақын Омарғазы Айтанұлы шығармашылығы туралы талдау мақаланың жалғасты соңғы бөлігін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

ІІІ. ОМАРҒАЗЫ ИІРІМДЕРІ

1. Қалыптасқан өлең құрлысы

Омарғазы Айтанұлы өлеңдерін дәстүрлі (классикалық) және жаңаша үлгіде де (еркін өлең) жазды, салыстыра айтқанда еркін өлеңдерінің салмағы басым. Оның еркін өлеңдерінің ұзынды-қысқалы қанаттасып келетін екі тармақтан жасалып, егіз ұйқасқа құрылатынын да айттық. Бірақ, ақынның осы өлеңдерінің құрылым ерекшеліктері қалай тұлғаланып тұр? дейтін сұрауға да тап боламыз. Мысалы: 

Алып кет мені, // бауырым, // ()

Қара арғымағыңды// жетелеп// (9)

Қалаға келіп,// (5)

Есіме// түсірейін мен //өзімнің // (11)

Кім екенімді //алты таспа //бұзау тіс // (12)

Тобылғы сапты //қамшыңды көріп.// (10) («Қара арғымағыңды алып кел»)

 

Тозақ пен //жұмақтың //екі арасы,// (10)

Жер дейді ғой //қоңыржай.// (7)

Тұрады дейді //мұнда// (6)

Ақындар ыңғай.// (5)

 

Салқын самал //баяу еседі,// (9)

Жағалай отырып,// (6)

Тынбай //гулеседі.// (5) («Абай және ақындар»)

 

Тау патшасы - //тау тәңірі,// (8)

Жыр тәңірісің ғой //сен менің //өзімнің.// (12)

Қайсысын арнасам //болар екен саған// (12)

Құпия мінәжаттай //дұға мен сезімнің?!// (13)

 

Суреттей алмаймын //мен енді //мұнан ары,// (13)

Мас болайын одан да, //Хан Тәңірі,// сенің осы// (15)

«Хан Тәңірі» маркалы //таза ауаңды// (12)

Тойғанша сіміріп.// (6)

Бар арманым сол: //жүгіріп //жүрсем екен деймін// (14)

Мәңгілік //балаң болып,// (7)

Сапалы сай - //жыраларыңның // (9)

Жасыл нілін //табаныма //сіңдіріп!// (11) («Тәңір тауына тағзым»)

Біз жоғарыда Омыкеңнің өлеңдерінен 5 шумақ алып отырмыз, тұспалдай айтқанда әр шумақ өлең егіз ұйқас түрінде келген. Бірақ, олардың құрылымы бір-біріне мүлде ұқсамайды. Ретімен айтқанда, бірінші шумақ – 22 сөз, 6 тармақ, 13 бунақтан; екінші шумақ – 14 сөз (қосымшаларын қоса есептегенде), 4 тармақ, 8 бунақтан; үшінші шумақ – 8 сөз, 3 тармақ, 5 бунақтан; төртінші шумақ – 20 сөз (қосымшаларын қоса есептегенде), 4 тармақ, 9 бунақтан; бесінші шумақ – 35 сөз, 8 тармақ, 19 бунақтан құралған. 

Біз Омыкеңнің жаңаша өлеңдерінің (ақ өлең немесе еркін өлең) құрлысын талдау үшін осы 5 шумақ өлеңді нұсқа етіп отырмыз. Іс жүзінде ақынның еркін өлеңдерінің шумақтары алуан түрлі. Бұл жөнінде біз жоғары да айттық та. Мына нұсқаларға қарап отырып талдасаңыздар төмендегідей қортынды шығады:

Алдымен, көріп отырғандарыңыздай, әр шумақтағы тармақтардың, әр тармақтың буындарының санында бір ізділік жоқ. Олардың әр шумағында қамтылған сөздер мен бунақтардың саны да әр түрлі. 

Енді бірі, бұл шумақтарда дәстүрлі өлеңдердегідей параллел жүріп отыратын әр тармақтағы бір ыңғай ырғақтық-интонация жоқ. Әр тармақ өздерінше қызмет етеді. 

Онан соң, әр бунақтың саны да тұрақты емес, ақын өзінің екпініне, ырғағына қарай бунақ қалыптастырған, дәстүрлі өлеңдердегідей 2, 3, 4 буыннан емес, кейде тіпті 6, 7 буыннан бір бунақ жасап отырған. Мүнда «Омарғазыша» ырғаққа бой ұрған ақын сөздердің синтаксистік құрылымына да бағына бермеген. Ергер ақын өлеңінің бұл шумақтарында бунақтарды өзінің ішкі ой жүйесіне, ырғағына қарай орнанастырмаса, онда бұл өлеңдердің құрлысы бұзылар еді. 

Және бірі, түйдекті ойды жалғастырған ұзын сөйлемдерді (өлең үлгісіндегі) күштеп тармақтарға бөлу бар. Мәселен: 

Қайсысын арнасам //болар екен саған// (12)

Құпия мінәжаттай //дұға мен сезімнің?!// (13)

Бар арманым сол: //жүгіріп //жүрсем екен деймін// (14)

Мәңгілік //балаң болып,// (7) – бұл әр екі тармақтың біріншілерінің ойы аяқталмаған, солайда екінші тармақтар жасалған. Егер бұларды күрделі тармақтарға өзгертсек мынадай болып шығар еді:

«Қайсысын арнасам болар екен саған құпия мінәжаттай дұға мен сезімнің?!»

«Бар арманым сол: жүгіріп жүрсем екен деймін мәңгілік балаң болып». – Бірақ, өлең жолдарында айтылатын ой бұзылып кетпегенмен, өлеңнің ырғақтық-интонациялық қалпы бұзылар еді. Әрі оқырманның тармақтарда тыныстау мүмкіндігі де қалмай, өлеңнің ырғақтық мәнерінен айырылар еді. Соңғы бірі, біз жоғарыдағы өлең тармақтарынан: 7-8 буынды, 11 буынды, 14-15 буынды өлең тармақтарын кездестіріп қаламыз. Алайда, бұл тармақтар 7-8 буынды жыраулық өлең үлгісіндегі тармаққа; 11 буынды қара өлең үлгісіндегі тармаққа; 14-15 буынды қазіргі заман Қазақ өлеңдерінің үлгісіндегі тармақтарға ұқсамайды. Олардың тармақ құрлысы дәстүрлік үлгіге, көкейімізге жатталып қалған, біз әбден бауыр басып қалған үлгілерге ұқсамайды. Омыкең өлеңдерінде бұл тармақтар басқаша бунақтарға бөлінеді немесе басқаша түйдекпен келеді. Мәселен, қара өлеңше болғанда мына 11 буынды өлең жолы:

Есіме// түсірейін //мен өзімнің // (3+4+4) үлгісіндегі бунаққа бөлінер еді, бірақ Омыкеңше: Есіме// түсірейін мен //өзімнің // (3+5+3) үлгісіндегі бунаққа бағынған. Бұдан біз бұл тармақтың бүкіл өлең құрлысына қарай икемделгенін көреміз. Егер біз бұл тармақты оқығында қара өлең ырғағына салсақ, онда ойды да, өлең үлгісін де бұзып аламыз. 

1. Өлеңнің ұйқасы туралы

Омыкең өлеңдеріне қанықпаған оқырман жоғардағы әр шумақта ұйқас жоқтай сезімге келеді. Іс жүзінде шумақтар кейде әлсіздеу болса да ұйқастарға құрылған, мәселен: келіп, көріп; қоңыржай, ыңғай; еседі, гулеседі; өзімнің, сезімнің; сіміріп, сіңдіріп. Бұл ұйқастардан мынаны да байқауға болады, ұйқасатын екі бунақтың буын саны бірдей болмай да келе береді, мысалы: жаңағы «қоңыржай» мен «ыңғай», «еседі» мен «гулеседі». Тіпті кей өлеңдерінде 4 буын мен 2 буынды жәй ғана ұйқастырып қоятын кездері де кездеседі.

Жоғарда да емексітіп айқанбыз, ұйқасқа келгенде біз Омыкеңді тым ақтап ала алмаймыз. Ендеше, Омыкең ұйқас білмейтін ақын ба? Жоқ, мүлде олай емес. Оның дәстүрлі өлең үлгісімен жазған өлеңдері, негізінен, ұйқасқа тұнып тұр, оның «Құстар қайғысы» атты дәстүрлі өлең үлгісімен жазылған, ең ұзақ дастанын оқысаңыз да оның ұйқасқа шебер ақын екенін білесіз. Алайда ақынның еркін өлеңдерінде неге әлсіз ұйқастар кезігеді? Бұның негізгі себебі де бізше мына неше жақтан болуы мүмкін: Бірі, Омыкең қиялдың, еркін ойдың, ерекше ішкі сезімнің адамы, ақын қиялмен қанаттанып, ойдың тереңіне қармақ салғанда шыққан түйдек-түйдек тармақтар шебер ұйқасты мүмкіндігінен айырады. Өйткені, ақынның бейсаналы әрекеттері тек қана ішкі қопарылыстармен, ішкі ұйқастармен қоянқолтық келіп, сыртқы қабық көбінде ескерусіз қалуы мүмкін. Енді бірі, өз еркінше ырғақ жасаған тармақтардың ыңғайы соған мәжбүрлейді. Мысалға: Біздің көкейімізде қара өлең ырғағы әбден қалыптасқан, бізді ұйқас бунағына да тез жетелеп апарады, немесе қара өлең өз формаламызға айналып кеткен. Құдды сол сияқты ұзақ жылдардың жемісі болған Омыкеңнің еркін өлеңдерінің ырғағы мен ұйқасы да оның өзінің көкейінен сондай орын алған. Және бірі, өзі айтқандай «Ескі өлең ұйқастарына, жаңа өлең симайды». Немесе әлемдік үрдіске айналған жаңаша өлеңдердің табиғаты соны белгілеген.

1. Өлеңдердің оқылуы туралы

Біздің Омыкеңнің жаңаша өлеңдерін қалай оқу туралы да аздап аял жасағанымыз жөн сияқты. 

Нұр шалып //алтын сәуле //оң жағының

Түсіріп //шаңырақтан //мол жарығын.

Тік тұрып //босағада //талдырды екен

Сол күні //қайсы сұлу //қол қарымын. («Құстар қайғысы» дастаны)

Ғасырлар сүрдегінде //жоғалған //бір тайлақ

тұрды екен //қайсы жылғада //түйе боп //үлкейіп?!

Сарбалақ өскен //адырларда //күйіс қайтарып,

қайсы бұлақтан //су ішті екен //еңкейіп?! («Түйелер»)

Біз ақынның дәстүрлі өлең мен жаңаша өлең үлгісінде жазылған мына екі шумақ өлеңін оқысақ мынадай парықты байқаймыз: Алдыңғы шумақтағы тармақтардың ырғағы тұрақты, әр тармақ 3+4+4 үлгісімен келген. Оқырман оқығанда ырғаққа тез түседі әрі интонациясын өз қалауынша шапшаң таңдап ала алады. Ал кейінгі шумақта мына бунақтар күшейтіліп басталып тұр: «Ғасырлар сүрдегінде», «қайсы жылғада», «қайсы бұлақтан». Бұл бунақтардың әсіресе алдыңғы «ғасырлар», «қайсы», «қайсы» деген сөздеріне екпін түсірілген. Былайша айтқанда, бұл шумақтағы күшейте айтылған осы екпіндер бүкіл шумақты өз тынысына әкелді деуге болады. Бірақ, Омыкеңнің бұл үлгідегі өлеңдерінің әр шумағын бір қалыпқа тұрақтандыра алмаймыз. ӨйткенІ, әр өлеңіндегі әр шумақтар тұрақты емес.

Оқудың енді бір ескерілетін түйіні кейде ойды үзбеу үшін тек пауза жасап, тармақтан тармаққа өту. 

Аспан періштесі ме екен олар?

Аппақ таза қанаттармен 

қалқып жүрген жер бетіне қонып.

Аққу құс па әлде

көкпеңбек аспанда жүзіп жүрген

ақша бұлт болып. («Таң періштелері»)

Бұндағы әр үш жол тармақтарға бөлінгені болмаса, бір күрделі өлеңдік сөйлем. «Аспан періштесі ме екен олар аппақ таза қанаттармен қалқып жүрген жер бетіне қонып» немесе «Аққу құс па әлде көкпеңбек аспанда жүзіп жүрген ақша бұлт болып» тұтастырылғанда ғана бұл сөйлемдегі ой ашылады. Оқығанда тек сұраулы тіркестерге (аспан періштелері ме екен, құспа әлде) ғана екпін түсіріп, аталмыш тармақтар ара сәл кідіріс жасап, сөйлемді үзбей жәй жалғастыруға болады.

1. Өлеңнің музыкалылығы туралы

Француздың символист ақыны Паул Валери алғаш рет өлеңнің музыкалылығын дәріптегенде: «поэзия тегі жағынан алғанда, тілдік өнердің музыкалануы, музыкалылық тілдің ырғағы, ұйқасы және құрлысы арқылы оқырманның ішкі жан дүниесімен тұтасып кетеді» деген еді. Біздің енді бір тоқтала кететін мазмұнымыз Омарғазы өлеңдерінің музыкалылығы.

Дауыс толқынының жоғары төмендігі – сезімнің ығына қарай ырғақ жасап, музикалық әуенге ұласады. Сөздердің неше буын, қандай тіркес болып келуін, осы екпін, ырғақ, әуендер белгілейді десек те болады, ал бұлар ойдың толқынына қарай қызмет етеді.

Дәстүрлі өлеңдерде келесі шумақтағы ырғақтар мен әуендердің түзілісі алғашқы қалып негізінде жүріліп отырады. Ал еркін өлеңдерде сезім ерекше селдегенде, өлеңнің ырғағы құдды толқын сияқты іркес-тіркес қосыла береді, бұл әуенге байланысты. Бір шумақтағы бунақтар мен екінші шумақтағы бунақ санының ұқсас болмауының тағы бір себебі сол. Америкалық ақын және сыншы Эзра Паунд кезінде дәстүрлі поэтикалық формалардың «механикалық» ырғағын жоққа шығарған еді. Осылайша ол поэтикалық формалардағы өзінің өлеңнің «музыкалылық» принципін ортаға қойған. Яғни «музыкалылығы бар сөздер тізбегінің негізінде жасампаздық жүргізу». Мұнан Паунд дәстүрлі поэтикалық формадан бас тартқанымен поэзияның бойында жатқан «музыкалылықтан» бас тартпағанын көруге болады. Ақын және сыншы Элиот та өз тәжірибесіне незделіп: «Поэзия музыкасы, былайша айтқанда, сол кезеңдегі қарапайым тілде жасырылған бір түрлі музыка» деп қорытынды шығарған. Біз әдетте Омыкеңнің өлеңдерін оқып отырғанда, оның құрлысының күрделілігі, атап айтқанда, бір-біріне ұқсай бермейтін шумақтар, ұзынды-қысқалы тармақтар, әлденеше буын-бунақтардан тұратын тіркестер, тез аңғарып бола бермейтін ұйқастарға кезігеміз. Бірақ, белгілі әуенмен жеңіл оқып кете береміз. Біздің айтып отырған музыкалылығымыз осы. 

Орман ба мүлгіген

Жоқ, сенің өзің бе?

Қайсы қоюлық ол \

Қиял ма, сезім бе?

Сүзіп алғандай табиғат,

Көрсең егер кешкі бояуын.

Бұйығып тоңғандай күндізгі азабынан,

Жасырады өз бойында ормандар қаяуын.

(«Ормандар ұйқысы»). 

Өлеңде бунақтар әр келкі болса да немесе әр тармақта бунақтар саны азды көпті кезіксе де, паузалар арқылы толқын жасаған бір әуеннің бар екенін байқаймыз. Бірақ, бұл әуен дәстүрлі өлеңдегідей тұрақты емес, туындаған түрде жүріліп отырған.

Дәстүрлі поэзияның формалды ерекшеліктері де поэзияның ырғағын, ұйқасын, екпінін және басқа да музикалық қасиеттерін бойына сіңірген. Шығармадағы бұл ерекшеліктер оқырманды желпіндіріп, сезімін оятып, өлеңге жан-тәнімен ынталандырып, оларды өлең арқылы жасалған көркем дүниеге алып бара алады. Алайда еркін өлеңдер онда сақталған «механикалық» форманы бұзып, мазмұнды тіпті де мол қамтиды. Бірақ өлеңнің ырғағынан, музикалылығынан, ұйқасынан бір жолата бас тартпайды. 1. Өлеңдерінің жалпы мәнері туралы

Бұл сәл күрделілеу тақырып. Омарғазы өлеңдерінің ерекше бір хикіметі – өлең шумақтары мен тармақтарында символ, имаг (мәндік бейне), метафора, баяндау және көркемдік концепциялар (тұжырымдама) араласып, жымдасып кеткен. Бір өлеңнің өзі бір үлкен образды бейне болып қалыптасады. Ескеретін бір жәйт бұл әдіс-амалдар барлық өлеңдерінде тұтасымен жүреді деуден аулақпыз. Кей өлеңдерінде оның бір-екеуі ғана кезігуі мүмкін. Біз біршама толық қанды өлең есебінде «Осы тауларым – менің тауларым» өлеңін аздап талдап көрейік:

Атамыздан қалған ақ сауыттай

Осы таулар менің тауларым.

Жантайып жатамын кейде

Жатқандай бір жолаушы басына жастап

Алтын-күміс асыл қазыналарын.

 

Осы таулар – менің тауларым,

Майлы сүрі жамбас секілді

Бір ұқыпты қол мейіздей баптаған.

Көктемде – сый қонағына арнап

Тарих-кемпір кебежесінде сақтаған.

 

Әр рет қарағанымда мен осы тауларыма,

Ақша бұлттай желпініп сол тау басындағы,

Есіме түсіремін: әлде кімдердің бір

Қитұрқы сандырағын өткен ғасырдағы.

 

Мазақтап күлген екен олар онда

Осы таулар – деп - сендерді мешеу қалдырған.

Есіріп тұрған кезі ғой бұл –

Ұзын-ұзын жолдарымен

Тегістігі түп-түзу тартылған.

 

Көргендерің бар шығар

Ашылаған бір өгізді

Тұрғанында шілдеде

Атан түйенің сортаң тірсегін жалап.

Ұқсайды осыған сол мырзалар

Сілекейін шұбыртқанда қомағайлана қарап.

 

Құдайға шүкіршілік, өкінбеймін кенже қалғаныма,

Жетіледі кенже қозы сүтпенен.

Не тарығу бар маған

Қабат-қабат осы тауларым тұрғанда

Ешкімнің маңдайына бітпеген.

 

Көкшіл мұнар емес алқаптарда жатқан,

Қаймағы ғой қою мұнайдың.

Құз жартастардың жақпар сынығына үңіліп,

Көмір жатқан қырқаларды топырағынан-ақ сынаймын.

 

Күн нұрымен шағылысып сарғыш бу көтерілсе,

Лебі тигендей сезінемін денеме

Таза алтынның.

Көргендей боламын

Қып-қызыл керіштер арасынан

Әлде бір кен тасының құпия жарқылын.

 

Асығы не игіліктің, қазанда болған соң

Ілінеді шөмішке ақыр бір күні.

Қылдай сызық – тарыдай нөкерлерге жан бітіріп

Қайтарамыз біз де әлі күлкіге күлкіні.

 

Біз өлең біршама ұзақ болғандықтан негізгі жүлгесін қысқартып алдық. Өлеңнің жалпы мазмұны осы шумақтардан-ақ аңғарылады. Өлеңде ақынның осы тауларды (ата мекенін) меншіктеу бар, ол тауларды жан-тәнімен сүйеді. Ұлтының өркениеттен қалғанына, байлықтың игілігін көре алмай, тек малданып қана қалғанына налыған өкініштер де жоқ емес, бұл мекенге көзі тұнғандар да жетеді. Байлық сарқылуда, бірақ әлі де мұнайдың, көмірдің, алтын-күмістің елесі бар сияқты болып, автор өзін сабырға келтіріп, қанағатқа шақырады. Үміт те жоқ емес. Бұл – бір ұлттың өткен тарихы мен бүгінгі күйінің астары. Ендеше автор осы мазмұндарды сабақтап жеткізу үшін қандай әдістерді қолданды?

Алдымен ақын өлеңдегі тақырыпты әр қадам сайын бекемдеп, бекітіп отыру үшін қайталауларды жақсы пайдаланған. Мұнысы өлеңді құрылымдық жақтан толықтырып, орнықтыру міндетін атқарады. Енді бір жағынан оқырманның ойын эмоционалды түрде жинақтап, құмарлана ұмтылыс жасауына жетектейді. Мәселен өлеңде: «Менің тауларым», «осы таулар», «таулар» сияқты қайталаулар үнемі кездесіп отырады. Бірақ бұлар жәй қайталаулар емес, осы баса дәріптеулер арқылы оқырманның сезімін оятады, ойын ұштап мазмұнға шоғырландырады. Осы қайталаулар арқылы таулардың қадам сайын мәнін ашып, тарихқа, байлыққа, мадаққа тұнған ерекшеліктерін көрсете біледі. Өлең тақырыбын тереңдете түседі. Шеберлікпен қолданылған қайталаулар оқырманды мезі етпейтіні белгілі, қайта өлеңнің мәнерін ашып, бүкіл өлеңнің әр тұсынан оқырманға мейізді дәм татырған.

Омыкең әрқандай өлеңдерінде заттардың қасиетін жақсы ұстай білетін еді. Оны тек жәйімен атап немесе баяндап қана қоя салмайды, сол арқылы ойын тереңдеп жеткізеді, әрі оқырманды өз мақсатына жетелейді. Мына бір шумаққа қарап көрейікші:

Осы таулар – менің тауларым,

Майлы сүрі жамбас секілді

Бір ұқыпты қол мейіздей баптаған.

Көктемде – сый қонағына арнап

Тарих – кемпір кебежесінде сақтаған. 

Шумақта тілді айшықтау құралы есебінде көзге көрініп тұрған бір метафора бар ол – «тарих – кемпір». Бірақ, әсілгі шумақтағы (тұтас өлеңді десек те болады) кіндік сөз «тау», оны көркем деңгейге көтеріп, айқындап беру үшін алынған балама кіндік сөз «жамбас». Олай болса осы шумақ жасырып тұрған және бір метафора бар, ол – «тау – жамбас». «Тау» да, «Жамбас» та зат, бірақ болмысы жағынан екеуі мүлде ұқсамайды. тау жансыз материя, жамбас тірі организмнің өлі қалдығы. Екеуінің жасалу жолы да ұқсамайды, алайда екеуіне ортақ бір нәрсе – адамның оған деген қажеті. Оларда бейне де, мазмұн да бар. Біз оларды көру арқылы немесе елестету арқылы оның ерекшеліктерін түсінеміз. Немесе бір зат арқылы оның мәніне ой жүгіртеміз. Бұл имагизмнің ережесі бойынша айтқанда эмоцияны (сезімді) затпен жеткізу десек те болады. Автор таудың (ақынның тауы) қасиетін ашып беру үшін, қазаққа ең түсінікті зат «жамбасты» (малдың) алған. Енді біз «жамбасты» сипаттап көрейікші: жамбас майлы, оның үстіне тұзбен сүріленген. Оны бір шебер қол мейіздей етіп кептірген, әрі оны көктем келгенше (аш өзек, ұзын сары келгенше) сабырлы кемпір (тарих) меншікті кебежесінде сақтаған. Көз алдыңызға келді ме, қымбаты білінді ме? Ендеше ақынның ата-бабасы тарихтан бері меншіктеп, аялап, сақтап, қорғаштап келген «таулары» өзіне қымбат емес пе? Түптеп келгенде мәселе «тау» мен «жамбасқа» ғана тірелмейді, оның мәні терең, оның таулары – ақынның атамекені, отаны. Бұл автор емексітіп отырған – символ. Ал «тау» мен «жамбас» – имаг (мәнді бейне). Ақын бұл символға метофоралар, имагтар арқылы жетіп отыр. Мына бір шумаққа да зер салсақ:

Көргендерің бар шығар

Ащылаған бір өгізді

Тұрғанында шілдеде

Атан түйенің сортаң тірсегін жалап.

Ұқсайды осыған сол мырзалар

Сілекейін шұбыртқанда қомағайлана қарап. 

Алғашқы 4 тармақтағы (іс жүзінде тұтас бір тармақ, өлеңдік құрылым, ырғақ пен интонация ескеріліп ұсақ тармақтарға бөлінген) кіндік сөз «өгіз». Осы тармақтарды оқығанда көшпенді және малшылық өмірді басынан өткерген жандар көз алдына дереу келтіреді: Өгіз – ашылаған, шілдеде атан түйенің денесін тер басып, тірсегі сортаңданып тұр. Ащығын басу үшін кимелеген өгіз атан түйенің сортаң тірсегін баяу жалайды. Бұны бәріміз білеміз әрі кермек тұздың дәмі біздің де аузымызға келеді. Бұл тармақтардан біз бір суретті, бірнеше заттарды, бір қарапайым уақиғаны (көріністе уақиғаның сорабы бар) көз алдымыздан экран етіп өткіземіз. Ендігі кезекте автор өгіздің баламасы ретінде «мырзалардың» кейпін алады. Тармақты «Ұқсайды соған сол мырзалар» десе де автордың ойы жетер еді, бірақ, қоса берілген тармақ шумақты көркем обыразға көтере білген. Сілекейін шұбыртып қомағайлана қарап тұрған «ашкөз мырзаларды» тіпті де айқындап тұр. Бұл не? Бұл – автордың жасап отырған көркемдік концепциясы, сезімдік тұжырымдамасы. Осындай көптеген концепциялар арқылы оқырман автордың айтпақ ойына жақындай түседі. Яғни, автордың ата мекеніне ашкөздер сұғын қадап тұр.

Омыкең өлеңдеріндегі символистік тәсіл көптеген өлеңдерінде, өлең шумақтарында кездеседі. «Сызықтар», «Үш мың жылдық ұйқы», «Қамаудағы жындар», «Шеңберлер», «Жоғалған көлеңке», «Жалғыз ағаш» т.б. өлеңдері мұның мысалы.

Автор «Сызықтар» деген өлеңінде: «Құдай мен менің арамда бір сызық бар, ...Патшалар мен патшаларды да соғыстыратын осы сызықтар, ... Өшіргім-ақ келеді, ... Өш те емеспін сызықтарға, ... Сызар едім дәл осындай бір үлкен сызықты құдай тұрған жерге дейін кеңейтіп» деген жолдар бар. Бұл сызық жәй сызық емес, бұл – мемлекеттер ара сызылған шекара сызығы; адамдардың «құдайдың жерін» меншіктеу сызығы; достық пен жаулықтың сызығы; нәпсі мен тыйымның сызығы; өлім мен өмірдің сызығы. Автордың идеясы бойынша бұл керек, бірақ адамдар бұған қанағат етпей сызықтарын кеңейткісі келе береді. Ақын мұны шешкісі келеді, шеше алмайды. Қорытып айтқанда, бұл сызық адамдар арасындағы шешілмейтін түйіншек.

Діттей келгенде, біз Омарғазы Айтанұлын модернизмнің топырағынан алыс туса да, оның бүршіктерін көкірегінде өндіре білген ақын деген қортындыға келеміз. Символика оның шығармаларының және бір арқауы.

Автор туралы

Мырзағали Тоқтаубайұлы 1961 жылы Қытайдың ШУАР Үрімжі толы деген жерінде дүниеге келген. 1983 жылы Үрімжі қаласының Тяньшань фермасының орта мектебін бітірген, 1983-1988 жыл аралығында Шинжаң Университетінің әдебиет факутетінен оқу тауысқан. 1988 жылдан жалғасты сол факультетте аспирантура оқып, 1991 жылы шілдеде «Қытай қазіргі заман әдебиеті» тақырыбында диссертациялық еңбек қорғаған. 1991 жылдан бастап Шинжаң оқу-ағарту институтының әдебиет факультетінде сабақ берген. 1995 жылы қазанда Атамекенге көшіп келген.

Сабақ беріп жүргенде бірнеше оқулықтар жазған, мақалалары мен өлеңдері түрлі басылымдарда жарық көрген. Ақын, әдебиеттанушы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар