Құдайдан «әр адамның, жалпылай алғанда, оқыған немесе оқып жатқан дүниесінің жұпары құдды қанттың суды құшырлана жұтқандығына ұқсап кемірсін рухын» деп тілеймін...
Бір күні
Қоштасу - ең сүйікті ісіне айналуы үшін
неше рет қоштасуы керек адам..
Жалғыздық ең сүйікті күйіне айналуы үшін
қанша өмір жалғыз қалуы керек адам..
Табытымызды-кеме, кебінімізді-желкен қылып
жағалаудан аттанудың аты -
қоштасу емес, қашу болатын…
алайда
тәрк етудің, тәрк етілуден әлдеқайда ауыр екеніне
сенеміз біз..
Адам рухы – алып бір құмыра. Парша-парша болып күйреген, сынған, бірақ ештеңеге қарамастан қайта құрастырылған құмыра. Әр бөлігі қайта жапсырылған құмыраға сұйықтықты өлшеп, үркіп, қорқақтай отырып құяды адам... Әдебиеттегі әр туынды осы құмыраның бірер сынығының хикаясын баяндайды бізге. Әр сынықтың өз оқиғасы, өз естелігі бар. Әр сынықтың қауышқан, қоштасқан, еске алған тіпті ұмытқан сәті бар. Енді қайтып еске алмауға ант ішкен мыңдаған минуты мен сан мың секунды өз алдына бөлек әңгіме...
Осындай хикаялардың бірі – Мұхтар Мағауиннің «Әйел махаббаты» атты туындысы. Әйел махаббаты – сөзсіз, алып бір қауышу мен қоштасу хикаясы. Қауышудан басталып, қоштасумен аяқталатын, еске алумен жалғасын тауып, ұмыта алмаудың ең сұлу мүсінін қашап беретін бір өмірдің мұңды баяны... Бірақ қоштасу сәті кейіпкердің сүйгеніне соңғы рет хат жазып қалдырып, кетіп қалған сәтінде емес, жылдар өткен соң жындыхана ауласынан өтіп бара жатқан қызды көріп қалған сәтінде орын алады. Бас кейіпкер Төлегеннің нағыз қоштасқан сәтін автор шығарма соңында жындыханадағы дәрігердің аузымен былай айшықтайды: «Қапа болмаңыз, – деді тағы да дәрігер, мені бекіте түскісі келіп, – бұл фәниге кімдер келіп, кімдер кетпеген, бәріміз де өлеміз. Бірақ байғұс соңғы үш күн ішінде қатты азаптанды. Әлдекімдерді атап шақырып, әлде-біреулермен күбірлеп сөйлесумен болды. Көптен бері қойып кеткен ескі әдетіне басып, ыңылдап әлденедей бір мелодияларға салды»...
Ал Колумбиялық қаламгер Габриэль Гарсиа Маркестің «El amor en los tiempos del cólera» (Тырысқақ кезіндегі махаббат) атты туындысы,керісінше, қоштасудан басталып, қауышумен аяқталатын бір өмірдің хикаясын баяндайды.
Шығармада Доктор Урбиноға тұрмысқа шығып кеткен Ферминамен қауышу үшін күндердің күнінде оның күйеуінің өлгенін қиялдаумен өмірін өткізген Флорентино жарты ғасырлық өмірін жесір әйелдерге арнайды. Ал өзі көп күткен сол сәт туған кезде: «Фермина, саған деген шексіз адалдығым мен мәңгілік махаббатым туралы антымды тағы бір рет айту үшін осы сәтті жарты ғасыр күттім», - деп ақтарылады кейіпкеріміз.
Шығармадағы қауышу мен қоштасу хикаясын баяндайтын тағы бір сәт Херемия де Сент-Амур атты кейіпкердің оқиғасымен басталады. Өз-өзіне берген сөзінде тұрып, алпысқа толған кезінде өмірін қиған Херемия де Сент-Амур ғашығына «бір раушанмен еске алып жүр мені» деп өсиет қалдырады. Ғашығының өлетінін сезгеніне қарамастан әлгі әйел оны жалғыз қалдырып, таңдауына құрметпен қарап, бар болғаны «кеше түнде оны жалғыз қалдырған сәтімде оның ендігі бұл әлемге тиесілі емес екенін ұқтым» деп ақталады.
Ел ішін тырысқақ ауруы жайлаған сәтте аты әлемге танылған дәрігер Урбино болса, қоштасу сәтінен кейін өлімнің себебін анықтап, диагнозын қоюмен айналысады. Және оның дәрігерлік өміріндегі мына бір қағидасы да қызық: «Кім болса да, әркім өз өлімінің жалғыз иесі; қоштасар сәт келгенде біз, яғни дәрігерлер жасай алатын жалғыз нәрсе – адамдардың қорықпай әрі ауыртпалықсыз өлуін қамтамасыз ету»...
Шығарманың алғашқы сөйлемі тым қызық-ақ...: «Ащы бадамның иісі үнемі доктор Урбиноның есіне бақытсыз махаббат хикаяларын түсіретін». Бұл – еске алудың бір баяны болса керек. Адам қызық жаратылыс. Еске алғысы келетін дүниелерді кеудесіне көмеді де, ұмытқысы келетін дүниелерді өшіреді. Сонсоң көмулі дүние адам ішіндегі алып бір мазарға айналады да, бір күні осылай ащы бадамның иісімен қайта жаңғырып отырады. Қайта жаңғырған мазардың құлпытасындағы жазуларды тағы бір рет жаттап, фатихасын оқиды адам... Мұны жасайтын тек Маркестің кейіпкері ғана емес. Әлем классиктерінің ішінде ең «ұлы қайғыға» негізделген, ең сұлу еске алу мен ұмыту хикаясын баяндайтын туындылар қалдырған тағы бір қаламгер – Марсель Пруст.
Еске алу мен ұмыту тақырыбы жеке адамның өмірлік болмысы мен өткен өмірі арасындағы байланысын зерделейді. Осы тұрғыдан да әдебиеттегі ең маңызды тақырыптардың бірі. Марсель Прусттың «À la recherche du temps perdu» (Жоғалған уақыттың ізінде) атты шығармалар топтамасы бұл мәселеде әлем әдебиетінің маңызды туындыларының бірі болып саналады. Пруст адам жадының ассоциацияларға толы табиғатын және өткенді қайтадан қозғау процесін талдайды. Әсіресе мадлен тоқашы туралы ойдан басталатын көрініс еске алудың қозғаушы факторларын әдебиет тарихына қашап қалдырмақ. Бұл көрініс адамның естеліктерін қайтадан бастан кешіруі мен адам жадының өткенді қайта жаңғырту қабілеті туралы бір метафора бола алады. Мадлен тоқашының иісі кейіпкердің балалық шағын, балалық шақтағы сансыз хикаяларды қайтадан көз алдына әкелуіне көмектеседі. Осылайша ол өз санасының ішіндегі үлкен сапарға аттанады. Бұл – естеліктер сапары. Сол сәтті қаламгер былай суреттейді:
«...Сәлден соң осы бір сұрғылт күннің және көңілсіз ертеңнің үмітсіздігіне шырмалған күйде, өз әрекетіме назар аудармастан, жұмсаруы үшін ішіне бір үзім мадлен тоқашын тастаған шайымнан бір ұрттап аузыма апардым. Бірақ шайдың ішіндегі тоқаштың үгіндісі таңдайыма тиген сәтте, селт етіп, ішімде болып жатқан ғажайып жағдайға бар назарымды аудардым. Себебін түсінуге шамам жетпейтін, абстрактілі, таңғажайып бір ләззат бойымды билеп алды. Сол мезетте бұл сезім өмірдің қиындықтарын маңызсыз, тосын апаттарын зиянсыз, ал қысқалығын тіптен мәнсіз етіп көрсетті. Құдды махаббат әдісіне ұқсас жолмен жан дүниемді ерекше бір мәнге толықтырып жіберді. Дәлірек айтқанда, бұл мән менің тұла бойымда болып жатқан бір нәрсені емес, тұла бойымның өзін сезіндірді. Енді мен өзімді қалыпты, кәдімгі және өлімге бейім жай адамдардың бірі ретінде сезінбедім. Бұл терең бақыт сезімі маған қайдан келген еді? Оның шай мен тоқаштың дәмімен байланысы барын түсінсем де, бұл сезімнің жай дәмнен әлдеқайда терең, мүлде өзгеше сипатқа ие екенін аңғардым».
Осылайша мадлен қосылған шайдың әсерімен кейіпкер бала күніндегі тәтесі берген тоқашты, Свандардың бақшасы мен сол бақшадағы гүлдерге дейін құдды дәл қазір көргендей болып есіне алып, баяндап шығады.
Жоғарыдағы ащы бадам мен мадленнің иісі бұл тұрғыдан алғанда – ұқсас метод, бәлкім, тіпті, көшіру мен қайталау...
Марсель Пруст шығармада мұны: «...Тым алыста қалған өткен өмірімізден естелік боларлық ештеңе қалмағанда, адамдар қайтыс болып, заттар жойылғаннан кейін, тек бір нәрсе ғана сақталады. Ол – барлық дүниеден, тіршілік атаулыдан әлдеқайда нәзік, бірақ ұзақ ғұмырға ие, материалға жатпайтын, тұрақты және бізге әрқашан адал болатын хош иіс пен сезген дәміміз ғана. Олар жойылған барлық нәрсенің қирандыларының үстінде отырған рухтар сияқты, еске алу, күту, үміттену үшін мүлдем қауқарсыз, білінбейтін нәзік тамшылардың үстінде иіліп-бүгілсе де еш нәрсеге мойынсұнбастан, естеліктің ұлы сұлбасын арқалауды жалғастырады»...
Ал енді жоғарыдағы Маркестің шығармасының соңында Ферминаға қауышқан Флорентино ғашығын алып, теңіз саяхатына аттанған сәтінің куәсі боламыз. Бұл – қауышудың таң-тамаша сәті болса керек.
Қауышудың тағы бір ерекше түрін шығыс ақындарынан кездестіруге болады. Физулидің «Destan-i Leyla ile Mecnun» (Ләйлі мен Мәжнүн дастаны) шығармасында Ләйлінің өлгенін естіген Мәжнүн сүйіктісіне қауышу үшін өлімді шексіз аңсағанын көреміз:
Ey can men-i hasteden vedâ’et
Bir haste ile yeter nizâ’et
Müştâkınem ey ecel kerem kıl
Def-i elem eyle ref-i gam kıl
Kurtar beni ıztırâb-ı gamdan
Ver müjde vücuduma ademden.
Ref’et ne ise arada hâil
Eyle beni ol nigâra vâsıl.
[...Ей, рух, науқас жанымды тастап кеткейсің,
Ауруға шалдыққан көңілмен алысасың қашанғы?
Ей, өлім, өтінемін, кел...сені сағындым
Мұңнан арылт, қайғыдан құтқар мені.
Құтқар мені бұл ауыр азаптан,
Денемді «жоғалумен» сүйіншіле..
Арамыздағы барлық кедергілерді аластап,
Ғашық жарға қауыштыр мені...]
Соңында Ләйлінің мазарында соңғы «шарабын» (у) ішіп барып, сүйіктісіне қауышады. Ал бұл жердегі Ләйліге қауышуды ғашыққа қауышу десеңіз де, жаратқанға қауышу десеңіз де өз еркіңіз...
Қоштасудың тағы бір өзгеше алып хикаясын Иоганн Вольфганг вон Гётенің «Die Leiden des jungen Werther» (Жас Вертердің қасіреті) туындысынан табасыз. Шығармада жазмышына жазылған қауышуға қауқарсыз махаббат хикаясы жас Вертердің жан азабына айналады. Кейінгі зерттеушілердің пікірінше, 25 жасында қатты торығып, өмірден түңілген Гёте шығармасында Вертерді өлтіру арқылы өз жанын аман алып қалған деседі. Ал туындыдағы Вертердің азапты қоштасу сәті мына соңғы хаты арқылы адам жанының тұңғиығындағы бар мұңын қайта тірілткендей:
«Сен үшін өлу бақытына ие болар едім, Лотте! Сен үшін жан беруге дайынмын... Егер сенің өміріңе қайтадан тыныштық пен қуаныш сыйлай алатын болсам, бар батылдығымды жиып, қуана-қуана жанымды қия аламын. Бірақ, аһ... Сүйіктісі үшін қанын төгіп, өз өлімі арқылы достарына жүз рет жаңа өмір ұшқынын сыйлау тек аз ғана асыл жандарға бұйырған. Осы киіміммен, Лотте, жерленгім келеді. Өйткені оған сенің қолың тиген, сол үшін де қасиетті. Бұл туралы әкеңе де айттым. Рухым табыттың үстінде қалықтап тұр. Қалтамды тінтпеңдер. Сені алғаш рет балаларыңның ортасында көргенімде көкірегіңе тағулы тұрған сол бозғылт қызыл орамалды жанқалтама салдым... – аһ, балаларды мен үшін мың рет сүйіп, оларға бейшара достарының тағдырын айтып бер. Сүйкімділер! Менің айналамда шуылдасып жүруші еді. Аһ, саған қалай көзсіз байландым! Алғашқы сәттен-ақ сені тастай алмадым! – Бұл орамал менімен бірге жерленсін. Оны маған туған күнімде сыйлағансың! Барлығын жүрегіме тоқыдым. – Аһ, бұл жолдың түбі мені осы тұсқа әкелерін ойламаппын... Сағат он екі болып жатыр.. Демек, бәрі бітті... Лотте! Лотте, қош бол...».
Вертердің бұл қоштасуы – мүлдем «қауышуға» қолы жетпеген қоштасу. Осы тұрғыдан алғанда өзіне дейінгі барлық қоштасулардан ерекшеленбек.
Ал ұмыту жайлы ойлаған сәтте есімізге екі шығарма қатар оралды. Бірі – Дидар Амантайдың «Пұт-кітап» хикаяты, екіншісі – Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығы». Бұл екі шығарманың ұқсас тұстары көп деуге болады немесе Умберто Экоша айтқанда, кітаптар әрдайым басқа кітаптарды еске салады яки әр хикая кейде бұрын айтылған бір хикаяны баяндамақ... (бұл жайлы жақында басқа бір жазба жарияланады).
Сонымен ұмытуға қайта оралар болсақ, Дидар Амантайдың «Пұт-кітабындағы» Жаманқаралардың (кейіпкерлері) тұңғыш рет соғысқа қатысып, Тәңір туын көтеріп, байрақтарына кітаптан бір үзінді жазып алып, бұл жазудың бұрынғы мәнін ұмытып, таңбаларына жаңаша ат қойып, оны «Біз тәңірдің баласымыз» деп оқыған сәті бірден еске оралады. Яки Дидардың кейіпкерлерінің бұл қылығы Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығындағы» ұмытшақтық ауруына шалдығып, бәрін ұмытудан қорыққан кейіпкерлерінің негізгі көшеге «Құдай бар» деген тақтайшаны жазып, іліп қоятын еркін, әпербақан қылықтарын еске түсіріп, оқырманды Маркестің Макондосына алып кеткендей болады. Қалай болғанда да, ұмытудан қорыққан бұл шығармалардың ортақ тұсы – құдайды ұмытудан қорқу екенін көреміз.
Осы тұста Құдай жайлы неміс ақыны Райнер Мариа Рилькенің «Die Aufzeichnungen des Malte Laurids Brigge» (Мальте Лауридс Бриггенің жазбалары) атты туындысындағы мына жолдар еске түседі:
«Құдай дейтін және Құдайды ортақ бір нәрсе деп санайтын адамдардың пайда болуы мүмкін бе бір күні? Мектеп жасындағы екі баланы елестетейік: Біреуі бір бәкі сатып алсын, досы да дәл сол күні, дәл сондай бәкі сатып алады делік. Бір апта өткеннен кейін екі оқушы бәкілерін бір-біріне көрсетсін; ендігі бәкілер арасында бір-бірінен тым алыс аздаған ұқсастық қана қалған болып шығады. Екі бөлек адамның қолында жүрген бәкілер қаншалықты өзгергенін көресіз ғой. (Балалардың бірінің анасы тіпті былай дейді: «Сендерге не шақ келеді?») Иә, иә: Адамның Құдайы болса, оны пайдаланбауы мүмкін бе..? Мүмкін бе адамдардың бір-бірінікімен бірдей әрі ортақ құдайларының болуы..?»
Бұл жердегі «пайдалану» деген ұғымды еске алу деп қарайтын болсақ, еске алынбаған Құдай бір күні ескіреді немесе естен шығады. Ал естен шығармау үшін үнемі еске алынған Құдай үнемі өзгеріске ұшырайды, адам қиялымен, санасымен, естеліктерімен, түрлі сәттердегі сезімдерімен бірге түрлі сипатқа еніп отырады деген ойға келеміз. Ал жоғарыдағы екі шығармада немесе адамзаттың тұтас тарихында Құдайды ұмытпау үшін жасалған істерді немесе жазылған көптеген өнер туындыларын кездестіруге болады. Дегенмен Рильке айтқандай немесе «Жүз жылдық жалғыздық» пен «Пұт-кітап» шығармасында айтылғандай «қолданылмаған Құдай», «еске алынбаған естеліктер» ескіретіні анық...
Ал ескірген немесе ұмытылған дүниелер қайта орала ма..? Бұл сұраққа әзербайжан ақыны Емин Пиридің мына өлең жолдарымен жауап бергіміз келеді:
«..Ұмыту –
Қай жерге орналастырғаның есіңде қалмаған жарылғыш секілді
Бір күні аяқтарыңды үзеді өмірден
күтпеген кезіңде..»
Яғни ештеңе де түбегейлі ұмытылмайды. Адам санасындағы ұмытылған дүниелер бір күні күтпеген кезеңде есіңе түсер болса, жарылғышқа ұқсап жан-дүниеңді талқандайды... Қызығы сол: ол жарылғышқа аяғың қай кезде тап келерін өзің де өмір бойы білмей өтесің.
Ұмыту – кейде адамға берілетін ең үлкен марапат, кейде ең үлкен жаза болуы әбден мүмкін...
«Бәрін түсіну (білу) – бәрін кешіру деген сөз» дейді Лев Толстой (Война и мир).
Ұмытудың немесе көп білмеудің адам өміріндегі маңызы туралы Достоевский ұстаздың «Запи́ски из подпо́лья» (Жерастынан жазбалар) атты шығармасындағы иронияға толы мына сөздері кейде ақиқат деуге келетіндей деңгейде қуатты болып көрінеді. Өйткені адам өміріндегі естеліктерінің бәрі де жоғарыдағы Марсель Пруст кейіпкерінің бала күнгі естеліктеріндей үнемі таңғажайып бола беруі мүмкін емес қой?! Кей естеліктер адам жанын жегідей жегендіктен «ұмыту» бұл жағдайда адамға берілетін ең үлкен марапат:
«Мұны толықтай байсалдылықпен суыққанды түрде айтып тұрмын: мен жәндік болуды көп армандадым. Өкінішке қарай, оған да лайық бола алмадым. Мырзалар, ант етемін, бәрін тым терең түсіну, білу – бұл ауру; нағыз, тура мағынадағы ауру, яғни науқастық. Адамға күнделікті өмірін жалғастыру үшін қажетті ақпараттың жартысы, тіпті төрттен бірі де жеткілікті болар еді. Он тоғызыншы ғасырдың ең соры қалың, тағдырдың қатал сынағына ұшыраған интеллигенциясының басына түскен Петербург сияқты жердің ең күрделі, ең қырсық қаласында өмір сүру үшін осы да жеткілікті болар еді...».
Бәрін ұмыту немесе ештеңе білмеу үшін бір жәндік болуды армандаған Достоевскийдің қаншалықты жан азабына ұшырағанын осы сөйлемдерден-ақ сезуге болады. Ал Достоевскийден кейінгі кезеңде өмір сүрген Австро-Венгриялық қаламгер Франц Кафканың «Die Verwandlung» (Құбылу) шығармасындағыең атақты кейіпкерінің неге бір таңда «жәндік (қоңыз)» болып оянғанын да осы шығармамен байланыстырып қарай аламыз. Яғни Кафка сол шығармасы арқылы Достоевскийге жауап берді ме немесе Достоевскийден шабыт алды ма деген сұрақтарға тап келуге болады. Ал бас кейіпкер Грегордың жәндікке айналуы – адамның заманауи қоғамға деген жатсыну сезімін бейнелейді. Жұмыс пен отбасының ауыртпалығынан қажыған Грегор өзін, өз адамгершілігін, жеке тұлға ретіндегі қабілеттерін жоғалтқандай сезінеді. Оның жәндікке айналуы – шын мәнінде қоғамның оны тек құрал ретінде қабылдауының, жеке тұлғалығын елемеуінің метафорасы. Яғни осы тұста қоғам тарапынан ұмытылған адам факторын көреміз және «Ұмыту/ұмытылу – бір адамға берілетін ең үлкен жаза» деген басқа бір ойдың ұшқыны қылаң береді. Яғни бір адамды ұмыту, оның бұл әлемде бар екенін естен шығару – оны жазалаумен тең. Популизм басты қоғамдық құндылыққа айналып отырған ХХІ ғасырда бұл ой өзекті болып қала бермек. Өйткені қазіргі адам не жасаса да, қайда барса да түбі ұмытылмауды, жасанды кейіп арқылы болса да ел есінде қалуды шексіз армандайды. Бұл – әсіресе, кеңестік кезеңнен, тобырлық/ұжымдық тіршіліктен енді шығып келе жатқан, жеке тұлғалық болмысқа енді қауышқан біздің қоғам үшін маңызға ие болып отыр. «Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады» мәтелінің де әлі ескірмеуі осының салдары болса керек. Бір адамның өзінен пұт жасауы, атаққұмарлық, қоғамда бірөлшемді сана қалыптастыру, центристік ойлау жүйесі, талғамның біржақтылығы жалғауға тырысу – осының бәрі «ұмытылмауға» шексіз құмарлық танытқан адам табиғатының қоғамға қалдырған әсері.
Сонымен адамзаттың ең үлкен үрейі – құдайды ұмытудан қорқу екенін, шексіз қасіретке ұшырағандықтан ұмытуды аңсау жайлы, қоғам тарапынан ұмытылғандықтан дүбәрә күй кешу мен шексіз атаққұмарлық дертіне шалдыққандықтан ұмытылмауды аңсау туралы біраз әңгіме қозғадық. Ал енді Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» атты шығармасындағы кейіпкеріміз «ұмытпауды» аңсайтынын көреміз:
«...Менiң өмiрiмде үлкен бiр өзгерiс болған секiлдi. Не өзгерiс екенiн өзiм де анық бiлмеймiн. Бәлкiм, Ол баяғыда болып, Оны өзiм тек қазiр ғана байқап отырған шығармын. Бәрi де мүмкiн... Бiлетiнiм - жүйкем бiршама тозған. Сол себептi бұрынғыдай емес, ойлаған ойларымды тез ұмытамын. Мәселен, күнделiгiмде 3 наурыз күнгi жазбаларым бар да, 4,5,6 наурыз мүлде жоқ, одан кейiн 7 наурыздан бастап жазбаларым әрi қарай жалғасады. Ал жазылмаған күндерде не iстедiм, қайда болдым - есiмде жоқ. Адамның жадынан өшiп қалатын сәттердiң болатынын бұрында да естiгенмiн. Бiрақ, ол неге байланысты - ол жағы маған беймәлiм...».
Осылайша «Ұмытпау» үшін күнделік жаза бастаған кейіпкеріміз өз санасының ішіне үңіле келе жанының екіге бөлінгенін аңғарады. Мұны – адам санасындағы қарама-қайшы ойлардың қақтығысы ретінде көрсеңіз де, адамның екіге бөлінуі (психикалық ауытқу) деп қабылдасаңыз да өз еркіңіз.
Сонымен «Қауышу мен қоштасу немесе еске алу мен ұмыту жайлы» деп аталатын бұл жазбамыз арқылы әдебиет әлеміне жасалған сапарымызда біршама кейіпкелермен, сан түрлі ойлармен бетпе-бет келдік. Жазбамыздың соңын Ван Гогтің хаттары секілді À Dieu! (фр. Құдаймен бірге, Құдайға тапсырдым, аманаттадым (С Богом!) деп аяқтағымыз келеді...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.