Өлмес өмірдің жыры

Бөлісу:

03.07.2021 4468

(О. Бөкейдің «Сайтан көпір» повесі жайында)

Мейлі қандай бір әдеби шығарма болсын, ол осал шығарма немесе төрткүл дүниені дүбірлеткен ұлы шығарма болсын, бәрі бір сол шығармаға арқау болатын, сол шығармада жырланатын, айналып келгенде адамның, кәдімгі жер басып жүрген өзіміздің тағдырымыз екендігіне ешқандай дау болмаса керек. Мейлі ғарыш адамдары туралы жаз немесе аруақтар туралы жаз, тіпті ғажайып деп айтсақ та соны байқап зерделесек, тағы да айналып келіп өз өміріміз бен көңіл-күйімізге, тірелетіні шындық. Сондықтан да бұл күнде екінің бірі жеңіл айта салатын «жазушы адам жанының инженері» деген сөзді тағы бір рет жаңғыртпасқа болмас. Деседе, осы сөздің мағынасын толық ұғына бермейміз.

Жаңа қандай да бір шығарманың өзегі – реал өмір дедік қой. Ендеше шығарманы шығарма ететін де сол реал өмірдегі адам тағдыры, Яғни өлмес образдар. Өзіңмен сырласып, мұңдаса алатын түрлі мінездегі-қилы тағдыры бар көркем шығармадағы адамдар. Мынау өмірдегі қуаныш, қайғы, бақ пен сор, трагедия деген ұғымдарды бәріміз де жүрекпен түсінеміз. Сондықтан да бұлар туралы ойланамыз, көбіне-көп сау денелі, бақытты болуды, алаңсыз өмір өткізуді армандаймыз. Рас жер бетіндегі адамдардың бәрінің ойлайтыны да тыныш өмір сүру ғой. Алайда адамдардың бәрі сау денелі, одан соң бақытты өмір көреді десек, онда бұл өмір логикасына симас еді. Әрбір адамда тарам-тарам тағдыр бар. Өкінерлігі осы тағдырлардың бәрі бірдей емес. Әр алуан күйде болады. Осыны әдетте пенде баласы бір ауыз сөзбен «маңдайға жазылған жазмыш» деп тұрақтандыра салады.

Ойлап отырсақ расында маңдайға берген тағдырға әрқашан да мойынсал болмасқа шараң жоқ. Бұл өзі бір құпиялық, адам баласы ұғып болмайтын жұмбақ құбылыс сияқты. Ендеше біздің жұмбақ тағдырымыздың тереңіне бойлай алатын, онда да өмірдегі бақыттың, шаттықтың тек қайғы мен мұңнан трагедияға толы күндерден кейін барлыққа келетінін нағыз жазушы ғана бейнелеп бере алатындығына өз басым күмәнсіз сенемін. Әдетте өмірдің трагедиялы жағы көркем шығармада көбірек суреттеледі. Себебі, мұңның, азаптың дәмін татпаған, тым құрыса өзгенің қайғысын сезінбеген адам шаттықтың нарқын қайдан сезе алсын. Ендеше адам жанының инженері іспетті рух әлемімізді қайсарлыққа, пәк тазалыққа қарай жетелей алатын ақиық жазушының аруағы разы болсын дейік, жасасын жазушы ағаның асқақ рухы!

Бізді осы мақаланы жазуға себепкер қылған, қазақтың маңдайына біткен азғантай қаламгерлердің біреуі, біреуі болғанда да бір егейі, такаппар да асқақ Алтайдың қыраны, күллі қазақ даласына танымал аруақты жазушы Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпір» повесті еді. Я, Оралхандай жазушысы бар халық бақытты шығар. Олай болса кеше күні Алтайдың «Кербұғысы» атанған жазушының даңсалы шығармасы туралы, ондағы образдар жайлы шама-шарқымыздың жеткен жеріне дейін былайғы оқырман қауыммен ой ортақтастырып көрейік. Әдетте нені жазу керек болғанын шығармашылықпен шұғылданғандардың бірталайы түсінеді. Мәселе тек қалай жазуға, халыққа қалай жеткізуге келгенде әр жазушының шын дарынды яки емес екендігі белгілі болады. Бұл өзі қаламгердің көкірегіндегі қазынасы мен шеберлік шанағын, тереңдік мөлшерін өлшейтін бірден-бір таразы. Олай болса осы сыннан өткен қаламгер дұйым жұртты таң қалдырар шығарманы дүниеге әкелуі шүбәсіз. Бүгінде Жазушылардың бір талайы мүгедек адамдар туралы толғанып, бір қыдыру шығарма жазғанын оқырман білетін болу керек. Ал, өзіміз білетін Омарғазы Айтанұлының «Аң шадырын оқ табар» романындағы Ақтағыс шал образы. Мұнда да екі тізеден төмен жан жоқ мүгедек Ақтағыстың алуан толғаныстары беріліп, болжам жасалады. Ал, шал өзінің өлім қаупін тек қоңыр аңдарды қырғындағаннан болды деп есептейді. Бұл қазақ ұғымында сәуегейлік делінеді. Ақтағыс жалпы өзін күнәкар пенде ретінде қарап, тәубасіне келетіні айтылады. Ақтағыстыкі былай қарағанда өмірлік философия. Жер бетіндегі нәрселердің бәрі тегін жаратылмаған сондай-ақ адам күнәкар дейді. Алайда адамның жазымышында болатын біздің жоғарыдағы айтқанымыздай маңдайға жазылған дейтін адам өміріндегі құпияны әлі де болса ешкім шешпеген жұмбақтай болады да тұрады. Ал, «Сайтан көпірде» Аспан шалдың рухы асқақ адамдық қасиетімен көрінеді, ол біздің жігерімізді қайрап асқан қайсарлыққа, ерлікке баулиды. Оған қарағанда Ақтағыс образы философиялық ойымен дараланады, оқырманды ойландырады. Бірақ Ақтағыстың қасіретті көңіл күйін қалай түсінуге болады, қоңыр аңды қырып тастаған кәрі малғұн өзіңе де осы керек дейміз бе? Жоқ, жер ортасы көк төбеге келгенде сүйретіліп иен тауда қалғанына жаныңыз аши ма? біле алмайсың.

Енді аспан шал образына қайта оралсақ, әрине, тілеулестік жанашырлық сезіммен, отан соғысының елім деп еңіреген ері. Ауылдың жылқысын баққан азамат бас жылқышының қасіретіне рас кімнің қабырғасы қайыспайды дейсің. Оқырманға айтарымыз, бүгінгі күні бақилық болған екі жазушыны салыстыру мақсатымыз жоқ. Біздікі тек, адам жазмышының ашылмаған жұмбағы жөнінде пікір қозғаумен, мүгедек образдар және олардың өмірде ұстаған орны, адамдардың оларға қаратқан көзқарастарының қалай болатындығы жайлы, сондай-ақ сом образ жарату тек өмір өзегінен өрілген өз жанымыздағы реал адамдардан болғанда ғана шығарманың құны артатындығы туралы болмақ. Әрқашан да зәредей болса да шындыққа арқа сүйемеген автор табысқа жете алмайды. Себебі, шығарма өмірдің көлеңкесі емес, өзі ғой. Мұнда айтпақшы болғанымыз тақырып біреу (мүгедектік) ал сол тақырыпты меңгеру, иін қандырып айту оқырманды әсерлендіру тағы да талантқа байланысты дер едік. Әрбір оқырманда алдымен ыстық эмоциялық әсер болмай тұрып, сол шығарма туралы ойлану мүмкін емес. Сондықтан алдымен оқырманның сезімін желпіндіріп, белгілі дәрежеде әсерлендіру туғызған, шығарманың аңыс қозғауы әбден мүмкін.

Жазушы Оралхан Бөкей бұл жағында үлкен табысқа жеткен қаламгер. Неге? Өйткені біз осы шығармадағы тек ғана аспан образына тоқталар болсақ, аспан шалдың қилы тағдыры, махаббаты мен ғадауаты майдандасқан өмір кезеңдері, оның мүгедек халы, ішкі сезім бұлқыныстары буырқанған. Кей сәттері жан дүниесі құлазып көз жасы көлдеген тұманды күндері әрине, сезімі бар, дұрыс ойлай алатын адам баласын ойландырмай қоймайды. Шығармадағы аспан шал образы сом тұлғалы күрделі де жұмбақ ғажайып адам. Оның бір басында бірнеше адамның ерекшелігі топталған образ, олай дейтініміз, ол алдымен отан соғысының дүниені дүр сілкіндірген дүние жүзілік екінші соғыстың батыры. Елім, жерім деп еңіреген ер. Одан соң дала серісі жібек жал, болат тұяқ жылқы жануарды тақымында ойнатып, қарына қайың құрық ілген бас жылқышы қандай ғаламат қазақ. Ал осынау өзі көрген өмірде солқылдаған жастық шағында да Аспан бір беткей ірі мінезді бір туар тұлға ретінде ақиқатын айтып өткені мәлім. Аспан десе дегендей, аспан астында Аспан сияқты, қарағайға қарсы біткен бұтақтай пенделер тым аз шығар деген ойға келесің. Сонымен өзіңнің кәдімгі қоңыз, су жүрек, әлжуәз тірлігіңді онымен салыстырасың да, тісіңді тісіңе басып оқығаныңды білмей қаласың.

Шығармада негізінен коргілыгі көп адам баласының көлеңкелі жақтары дерлік ашылады. Сондай-ақ адам тағдыры, жазымыш, табиғат әлемінің долы дауылы, көшкінді мезгілдері де баса суреттеліп, адам трагедиясы, қасыреті төңірегінде айналсоқтап, оған себеп болар жағдайларды қарастырады. Әрине, адам баласы қуаныш пен бақттың себебін көп іздемейді. Үйткені ондай бақтты кезде адамда ес болмайды. Көбінесе қасыреттің, қайғы-мұңның себебін іздейді.

«Бөліп жарған қайсы бір қуаныштан,

Ойландырған оңаша мұңым артық»-деп Мұқағали ақын тегін айтпаған. Сондықтан да адам сол туралы ойланады, толғанады, ақыры «өзекті жанға бір өлім» дегендей тәңірінің жазмыш деген бұйрығына мойнсал болады. Өлімнің себебі, қандай құпия болса, сол өлімді келтіріп шығаратын қасірет те сондай тылсым.

Былай қарасақ Аспан шал да сондай қарапайым, қатардағы адамдардың бірі. Алайда, оны бізге асқақ көрсетіп тұрған не нәрсе? Ол тек оның жарық жалғанға құштарлығы, бақытты болуға талпынатын тәтті адамдық қасиеті мен қайсар да өлмес өршіл рухы ғана. Егер аспан шалдың рухы жер бетіндегі адамның бәрінде болған болса, онда әлем әлдеқашан зор дамушылыққа, рухани толсыу дәуріне өтіп кеткен болар еді. Егер жер бетіндегілердің бәрі Аспан сияқты гуманист болса, егер жер бетіндегілер түгел Аспан сияқты өмірге бетпе-бет келетін ақиқатшыл болса... Мінеки осылай ойлай бересің, ойлай бересің. Ойлаған сайын Аспан образы көз алдыңда асқақтап биіктеп бара жатқанын көресің. Рас-ау Аспан екі аяқтан бірдей неге айырылып жер бауырлап қалды деші? Не үшін? Тәңірден көреміз бе, әлде адамнан көреміз бе? Міне бұл шығармадағы ең толғақты мәселе, сондай-ақ осы шығарманың адамды ойландыратын күрделі кезеңі. Қар көшкіні басып қалған Аспанның екі аяғының қара санынан шорт кесіліп қалуы ғана біздерді алуан түрлі ой мен қиялға итермелейді. Жылқышының дәл сайтан көпірден енді ғана өте бергенде қар көшкіні құлап, қас қағым сәтте оны басып қалуы ғажайып-ақ!

Шынында біз әдетте өмірде осындай қысылтаяң шақтармен оқыс оқиғаларды көп естиміз. Бұл адам жаратылысының болжап білуге болмайтын жазымышы деп есептейміз. Жазушы енді осы туралы да терең толғаныстар жасайды. Шығармада әрқандай бір пенденің өмірге келгесін өтетін бір сайтан көпірі бар деп ескертеді. Өмірдегі қиын өткелдің әрине бар болатыны шүбәсіз. Оны әрқайсымыз тек сол өлім хәлінде немесе орасан қасірет үстінде ғана түсініп жетіп, е, өмір дегенің осы екен-ау деп отырармыз мүмкін. Ал одан бұрын түсіне қою екіталай. Ендеше жазушы жылқышы образы арқылы сол өмірге өзі барып келгендей етіп күңірене, күйіктене жазады. Әрі бізге де өзіндік міндет жүктейді. Сонымен қатар болашаққа да сыбаға қалдырып, терең оймен адам өмірі жайында түйіншек тастайды. Міне, бұл шығарманың өміршеңдік қуатының жоғарылығы болса керек. Енді өмірлік мүгедек болып айқайдың құрбаны болған жылқышыға келсек, оның екі аяғы тек басқалардың бақытты күндер өткізуінің бодауына кетті деген ақиқатқа жүгінеміз. Олай дейтін себеп, Алтайдағы аштан қырылып жатқан халықтың малын айдап әкелу жолында Аспан мәңгілік бақытсыздыққа мойын ұсынды емес пе, мұны қалай деуге болады. Ал, жылқышының өзі болса, мұны ешкімнен де көріп қыңқ етіп дыбыс шығармайды. Қайта қателікті өзінен іздестіре бастайды. Жылқышының Отан соғысы кезінде абайсызда атып алған бейуаз ана туралы ойлағанда жүрегі түршігеді. Міне, осы жерде жазушы көмескі бір ақиқатты түсінуге адамдарға ишара жасайды, неге? Кешегі алапат соғыстардың нағыз шындығы әлі әшкере болған жоқ, біз жалған тарихты малданып өмір сүріп жатқан адамдармыз. Ал жазушы неміс кемпірге былайша айтқанда біздің пролетариаттардың жауларына, фашисттың шешесіне неге жаны ашып отыр. Жазушы ашық айтпағанмен осы жерде бізді ойға жетелеп отыр ғой, ол не ой? Ол қазір Германия Совет одағына шапқыншылық жасау ниеті болған жоқ, тек қол астындағы аз ұлттарды орыс құлданып болмағасын соған теңдік әперу тұрғысында орысқа соғыс қозғаған деп отыр. Егер сол жолы неміс жеңген болса, онда қазақ елі егемендік алғанына елу де алпыс жыл болуы да мүмкін еді. Оны кешегі Алаш ардақтыларының бүгінгі табылған естелігі растап отыр. Сондықтан осы зорекер елдер бізді жалған тарихқа сендіріп, шама бар құлданып, үніңді шығармай ұстауға әбден дағдыланып алған болып отыр. Бірақ осыған тек Гитлер күнәлі деп тұжырымдайды. Өйтетіні бұл жылқышының ғана ойымен беріліп отырған диалог, қысқасы жылқышыға жарасатын ойлау көлемі деген сөз. Ал жазушының ішкі ойы айтылмай сұрақ тастаумен өтіп кетті. Сонымен өмірінде біреудің жағасынан алып, қатты дауысы шығып көрмеген момын жылқышы өзін ақтайды. Әрине, осындай, ауылдың қарапайым азаматының бақытты семиясын үрейге бөлеп, қолына жауыздықтың қаруын ұстатып, бейне өз анасы сияқты бейуаз ананың көкірегін қанға бояған кім, кімдер? ! «-кеш,- деп күбірледі жылқышы, -мен емес едім кінәлі, жазығымыз жаңғырықта» дейді. Ендеше бейуаз да бейбіт сан мың адамды бір-біріне айдап салып, олардың өмірін ойыншық етіп, өлімін театр көріп отырғандай тамашалайтындар әрине, қанқұйлы қара жүректер екендігі айтылады. Айналып келгенде аспан өз басының мүшкіл хәлін ешкімнен де көрмеді, зарланып қарғанбады. Аппақ кебінге көміліп жатып таза да такаппар қалпында үнсіз ұзақ ұйқыға бекінеді. Су ішерлігімен ажалдан аман қалып, қара жердің бетінде, көрелігі біткенше көрге кірмеген мүгедек болған да бар айтқаны: «Жер бауырлатып еңбектеткенше өлтіріп-ақ тастауың керек еді» дейді шипагерге, бұл да ерлерше өлгісі келетін, өмірге дәті берік адамның ғана ауызынан шығатын сөз болса керек.

Әрқандай шығармада орнымен қолданылған сондай-ақ шығарманың шырайын арттыратын шындықтың детальдары іспетті сөз-сөйлемдер болғанда ғана шығарманың құны артады. Айталық, екі аяғын қара саннан алып тастағанын есеңгіреп жатқан жылқышы еш сезбестен көңіл баяғыдай әйеліне: «Қамқа-ау, Қамқа, башпайымның ұшын уқалап жіберші» дейді. Осы кезде амалы таусылған өмірлік жанжолдасы өзін-өзі тоқтата алмай солқылдап, дауыс салып жылайды. Шығарманың осы жеріне келгенде бейуаз байқұстардың қасіретіне қалай ортақтасарыңды білмей күрсінп кетесің!

– Иә кімге нәлет жаудырасың, тағдырға ма? жоқ адамға ма?

Әкесінң адам танып болмайтын өң-әлпеті, тоғыз жасар ұлдың жүрегін тас төбесіне шығарады. Сәбидің жүрегін үрей билеп, жалма-жан шешесіне тығылады. Осы кезде Аспан енді мені мәңгі танымайтын шығар деген ауыр күдіктен арыла алмай, ет жүрегі езіліп жатады. Қандай қасірет, бұл қандай трагедия. Осыны оқып отырып толқымай, тебіренбей, азаптанбай, жыламай көр, мүмкін емес.

Иә, Аспан оның әйелі Қамқа және кішкене ұлы амандар біздің ауылдасымыз, тағдырлас адамдардарымыз емес пе? Сондықтан да бұларды күні кеше өз ортамызда жүргендей сезінеміз. Олар көрген тағдырдың шет-жағасын өз ауылдастарымызың да көргенін жасырып қайтеміз. Өмірмен біте қайнасқан шығарма сол өмірді айна-қатесіз алдымызға жайып салып, өмірдің қайғы-қасіретін айтып күрсіндірген жазушыға алғыстан, мадақтан басқа айтар не бар дейсің. Ешбір жанға зәбірі жоқ, ың-жыңсыз тыныш тірлікті, тұнық сахараны сүйетін қой мінезді, қоңыр тірлігіміздің картинасын жазушы қалай сызғанына оқып отырып тәнті боласың. Сондай-ақ, асқар Алтайдың барлық тамаша табиғаты түгелдей қаламгердің қуатты ойы мен ғажайып суреткерлігінің арқасында көз алдымызда сайрап жатады. Қайталай оқысаң тіпті неше қайтара оқысаң да шыт-жаңа оқығандай сезімге кенелесің. Иә өмір дегеніңіз де бір тамаша көркем шығарма ғана екен ғой деп ойлайсың.

Екі аяқтан айырылған соң есіркеушінің де, сәлемшінің де көбейе бастағанын қайсар жылқышы ептеп сезеді. Сезеді де жаны жабырқайды. Осы бір адам көңілінің құлазыған тамұх түндей бейнесін суреттеуге келгенде жазушының шеберлігіне еріксіз сүйінесің әрі күйінесің. Сүйіндіріп, күйіндіріп, көңіліңді толқыта жазу тағы да майталман жазушы Оралханға ғана тыйесілі енші екен-ау дейсің. Сезіміңді от алдырып, жан-жүйеңді сілкімеген шығарма шығарма болама? өйте алмаған сөздің не қадыры бар тәйір-ай...

Енді екі аяқтан мүрдем қалған түбірдей ғана жылқышының ешкімге көз сатып, жан баласына мүсіркетпей, ақиық қырандай шаңқылдап, ұрпағы, келер бақыты үшін алға ұмтылғанын көргенде қайран қаласың. Өмір болғасын теріскей беті бар, мүмкін бәзбір білместердің, ондай адамға: «Жүрегің сал, аяғың жоқ, аурусың» деп ауруды алладан тілеп алғандай шаян тілдерін қадауы да болған шығар. Осындағы Аспанның рухы недеген өлмес рух деші! Осы рухпен тұрғанда әлем аясында ол бағындырмайтын қиыншылық, оған бас имейтін жан пендесі болмаса керек. Ол шалғы тартқанда шалғын өздігінен жапырылған сияқты көрінеді. Ол өзінің қамкөңілді ұлын қайсарлыққа, еңбекке, ерлікке, махаббатқа осылай тәрбиелейді. Сонымен қатар бізді де асқақ ар-ұжданмен, өршіл рухымен жебейді.

Бір ғажабы осы жылқышың мүгедек болғаннан кейін де әйелі өмірге екі қыз әкеледі. Ол туралы зоотехник жігіт Ерік: «Апыр-ай екі аяғы жоқ адамнан осындай қыз туады екен-ау тәңірім»,- деп Аспан шалдың ай мен күндей қызы Мәликеге өлгенше ғашық болатындығы адамды қатты таңдандырады. Өмірге іңкәр жүректен әрине сұлулық туындаса, оның өзі де шексіз бақыт емей не?! Аспанның нағыз бақыты қасіретінің ішіне жасырынғанына еріксіз мойын ұсынасың.

Иә, нағыз бақыт дегеніңіз – өмірге шынайы құштарлық пен шексіз қайсарлықтың арқасында ғана келеді екен-ау деп ойлайсыз. Мінеки бұл жазушының көрегендігі мен өмірдің өзінен алып жазғандығының белгісі. Шығарманы оқып отырғанда алаңдататын бір жайт Аспан шалдың ұлы Аманның «Сайтан көпірге» сапар шегу барысында, өте алмай қала ма деген әкесінің тағдыры бұйырса қайтеді дейтін екі-ұшты ой әр оқырманда болады. Бірақ, сәтіне салғанда ол әйтеу әкесінің кесілген екі аяғының жол бастауында аман-есен өтіп кетеді. Міне шығарманың осы жерінде де жай көзге түсе бермейтін терең ой ирімі бар. Бұл да болса осы дәуірдің, одан қалса келергі дәуірлердегі ұрпақтың еншісіне қалатын түйіншек болар деп ойлаймыз. Ал, біздің мақаламызда ең негізгі айтарымыз Аспан шал образының айналасында болмақ.

Қорытып келгенде өмірге тереңдей алмаған жазушының болашағы бұлдыр, қоғамдық өмірге араласа алмаған шығарма өлі шығарма. Сондықтан да нағыз шығарма өмірдің өзегіне өріліп, қаламгердің басынан кешкен алуан тағдырдың көркемдік ұялауы мен терең түсінігінің арқасында ақ қағаздың бетіне өміршең қалпында түсіріліп, ғасырлар бойы адамзат керуенімен бірге алға тартатыны хақ. Ақиық қалагер Оралханның қаламынан туған «Сайтан көпір» повесті өлмес өмірдің жыры екендігіне әлі күллі дүние куәлік берер кезде алыс емес шығар деген ойдамыз.

Тұрдыхан Айдарханұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар