Күрескер ақын, қайраткер тұлға

Бөлісу:

09.07.2021 6177

Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,

Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,

Үлкен болып қалу үшін ғаламда,

Үлкен арман керек екен адамға!

Алаштың аса аяулы перзенті, мемлекет қайраткері, қазақ поэзиясының кең тынысты ақыны Мұхтар Шаханов жырларын оқымаған, жаттап өспеген қазақ баласы жоқтың қасы шығар. Ана тілінің уызына жарып өскен кезкелген жеткіншекті орнынан тұрғызып сұрасаң, көзін жұмып тұрып айтып берері анық. Содан бері Шаханов поэзиясының қуатымен өскен ұл-қыздардың алды әже мен ата болып та үлгірді. Қаншама ұрпақ Мұхтардың өр рухты өлеңдерімен жігерін жанып өсті. Қаншама ұрпақ Шахановтың шағаладай шарқ ұрған жырларымен намысын қайрап өсті. Мұның сыры мен құпиясы неде болуы мүмкін? Менің ше бұл сұрақтың жауабын Мұхтар Шаханов поэзиясының парасат мәйегінен іздеген жөн. Ол өз өлеңдеріне мәңгілік тақырыптарды арқау еткен ақын. Оның өлеңдерінің өзегі – әділдікке, адалдыққа, махаббатқа, достыққа, ізгілікке, сенім мен қайсарлыққа құрылған. Осы өміршең ұғымдарды қазақтың күрделі де қарапайым қара өлең үлгісімен, ұлт жанына, адам мейіріміне, сана-сезіміне күретамырдай жақын суреткерлікпен әспеттейді. Бұл Шаханов шығармашылығының, көп қаламгерге бұйырмаған, өз тұлғасына жарасымды Эверест шыңы дер едік.

Оңашада Жұмекеннің жұмбақ жырларын ойға шомған, тыныш күйде отырып оқығанды ұнататын оқырмандар, сахнадан Шахановтың жырларын тыңдауға кетары емес. Оқырманның жанқалауы әрқалай. Оған ешкімнің қолқасы жүрмейді. Бұл тұрғыдан келгенде, интеллектуальды поэзия мен эстрадалық жырларды параллель қойып салыстыру да әбестік болар еді. Эстрадалық сарынға әдетте жастардың жаны жақын. Сондықтан да, Шаханов поэзиясы мәңгілік жастықтың өшпес бояулары, жарқын сәттері. Әр жаңа ұрпақ Шаханов жырын мойнына тұмардай тағып, бауырында ұзақ шайқап жүретіні содан. Шаханов жырларында жоғарыда баян еткеніміздей достық, махаббат, ізгілік сынды адам бойындағы ең ізгі қасиеттер, өз бітімімен үйлесімді ырғаққа бой түзеп, азаматтық, адамдық, адамзаттық ұстындардың жүлгесін бойлап, Отан деген опалы ұғымға жетелейді. Бұл жалаң ұран, қара дүрсін тәрбие, жаттанды жолдардан емес, поэзияның биік мұраттарын бағындырған қасиетімен өзгеше образға ене түседі. Бұралаң, шытырман жолдан арып-шаршап әрең келе жатқан жолаушының алдынан, кенет көлжазиралы кең дала, абат жайлау ашыла түскеніндей кеп. 1985 жылы жазушы, сыншы Тұрсынжан Шапай, Мұхтар Шаханов поэзиясы жайлы «Күретамырды іздеу» атты мақала жазады. Бұл Шаханов поэзиясы хақында жазылған касіби деңгейдегі алғашқы сын-сарап деп атасақ артық болмас еді. Т.Шапай, біздің көкейдегі сөзімізді дөп басқандай былай дейді: «Шын сұлулық адам жанының ізгі пернелері мен аңсарларын оятып, толқытса, тебірентсе, әсемдік мұратына құштар етсе, шақырса керек. Мұхтар өлеңінің сыртқы сынынан көрінбеген сұлулық – оның өзегінде, лирикалық кейіпкер жанының тазалығында, жастық рухында, ұмтылыс жігерінде, мұратының асқақтығында». Содан бері Мұхтар Шаханов поэзиясындағы осы асқақ мұрат еш аласарған емес. Қайта, ақынның күрескер өмірімен, аласұрған мінезімен бірге биіктей түсті. Мұхтар ақынның өмірі мен өнері бөлежаруға келмейтін, біртұтас кейіпке, алынбас қамалға ұласып кетті. Шаханов өлең мен өмірді, ақындық пен қайраткерлікті, мінез бен болмысты, болмыс пен ұстанымды бір-бірінен бөлек қараған жоқ. Содан да ақын еліміздегі үлкенді-кішілі саяси қозғалыстарға, қоғамдық, ұлттық мәселелерге бел шеше кірісіп, бел ортасында ат ойнатып жүрді.

Мұхтар Шаханов шығармашылығының соңғы кезеңдері тіпті де аласапыранға толы. Оның кейінгі жылдары жазылған «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» сынды романдары ЮНЕСКО көлемінде талқыланып, әлем оқырмандары мен ғалымдарының назарын аударып отыр. Осындай адамзаттық санадағы еңбектері үшін Шаханов әлемнің алпыстан аса еклінен, жүз жиырмаға жуық марапат пен сыйлықтар еншілеген. Бұл ақын шығармашылығын, оның өзгеше ойлау жүйесі мен ерекше танымын шын түсінген қауымның берген бағасы екендігі анық. Бұл Шахановтің жеке басының құрметтелуі ғана емес, ұлт әдебиетінің, ұлт мәдениетінің абыройы болса керек-ті. 2002 жылы Мұхтар Шахановқа Эйнштейн атындағы алтын медал тапсырылады. Ақынның өзінің айтуынша, Шахановқа дейін бұл сыйлықты дүниежүзінде он сегіз адам ғана алған. Шаханов есімі бұл күнде БҰҰ-ның алтын кітабына кірген. АҚШ, Англия, Франция, Германия, Жапония сынды әлемдегі ең үздік бірнеше өркениетті елдің құрметті азаматы атанған. Солай бола тұра, табиғаты баладай аңғал Шаханов атақ пен даңықтың, дақпырттың артынан өзі жүгірмеген. Кезінде «Халық қаһарманы» сынды еліміздегі ең жоғары мәртебелі атақтан өз еркімен бас тартқаны да содан болса керек. Ол қазақ пен қырғыздың төл баласындай болып өсті. Қырғыз елінің Халық ақыны атағы да, Қазақ елінің Халық жазушысы атағы да 90 жылдардың бел ортасында бұйырған. Түркияның «Түрік дүниесіне қызыметі үшін» сыйлығы да исі түркі жұртының ортақ ұлы екенін айғақтап тұрғандай. Шахановтің талас пен тартсқа толы өмірінде, шығармашылық жолында жеткен жетістіктерін жіпке тізеберсең осылай жалғасып кете береді. Біз әрине, бұны өзіміздің мақтанышымыз үшін ғана жазып отырмыз. Өмірдегі, өнердегі адал досы, қырғыз-қазақтың тел ұлы Шыңғыс Айтматов, Шаханов туралы бір жазбасында, Шаханов бүгінгі дәуірдің жаңаша ойлау үлгісіндегі өресі биік ақын, мұндай кемел мазмұндағы ақын күллі Азия құрлығындағы әдебиетте болған жоқ деп баяндай келе: «Бұған көз жеткізгіңіз келсе, оның поэмалардан құралған «Жазагер жады космоформуласы» атты алып тынысты романын оқыңыз. Нақ осындай заңғар деңгейдегі ақын ХХ ғасыр мен ХХІ ғасыр аралығында бой көрсетуі керек-ақ еді. Ол ақынның Мұхтар Шаханов екені даусыз»,- деп үлкен бағасын береді. Адамзаттың Айтматовы атанған қаламгердің бұл дуалы сөзіне, біздің еш алып-қосарымыз жоқ. Қырғыз халқы Шахановты қырғыз поэзиясының Айтматовы деп, өлеңдерін мектеп оқулықтарына кіргізіп, өз ана тілінің әдебиетіне, асыл қазынасын айналдырып үлгіргені де содан екені даусыз.

Кім шындығын жоғалтып алса, ақты ақ, қараны қара деп айта алмаса, жантамырын ақиқатпен суара білмесе, екі жүзділік пен енжарлыққа бүйрегін бұрып, жалғандыққа қарсы тұра алмаса, ол мейлі кім болсын, ғалым, ақын, иә жазушы болсын бәрібір өзін жоғалтқан, өз құндылығынан айрылған адам деген пренципті темірқазықтай берік ұстанған ақын Мұхтар Шахановтың ел тәуелсіздігі жолындағы қайраткерлік қызыметі өз алдына бір төбе. Мұхтар Шаханов кейде өткір тілді өлеңімен, кейде өжет мінезімен, кейде саяси әдіс-тәсілдерімен, реті келсе тізеге басып та ұлт жолындағы, ел алдындағы барлық мәселелерге ойланбастан ат салысқан тұлға. Оның тұтас өмірі тек қана күрестен тұратындай. Қарапайым халық ортасында да, биік мінберде де, лауазымды қызыметте де Шаханов екі иығымен іреп жол ашып, және сол арпалысынан үнемі ел мерейін асыратын нәтиже шығарып отырды. Қазақтың тілі, ділі, діні, жері, намысы додаға түскен топта, Шаханов бейжай қарап отырған емес.

Жас Шаханов алғашқы еңбек жолын «Оңтүстік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінен бастаған қаламгер, кейін «Жалын» альманағының бас редакторы, «Жалын» журналының бас редакторы сынды қызыметтік жолдардан өтті. Оның қоғам қайраткері ретіндегі қажырлы күш-қуаты Арал теңізі мен Балқаш көлінің экологиялық мәселелерін қолға алған тұста айрықша көріне бастады. Арал мен Балқашты қорғау комитетінің төрағасы ретінде, көптеген елдермен ортақ мүде орнатып, Аралды әлемдік экологиялық жылынудың салдарынан туған, жалпы жербетіндік ортақ мәселе ретінде көрсетіп, оның біржола құрып, құрдымға бет алуының алдын ала білді. Дегенмен бұл мәселе ешуақытта күнтәртібінен түспесі анық. Кешегі «Желтоқсан оқиғасы» кезінде де Мұхтар Шаханов өзінің ел алдындағы борышын адал атқара білді. Желтоқсанның қанды алаңында империялық күштің тепкісі астында қалған, қазақтың өрімдей ұл-қыздарына араша түсіп, ащы шындықты Мәскеудің төрінде тұрып айта білді. 1988 жылғы наурыз тойы күллі қазақтың есінде болса игі. Шаханов осы жылдары алпыс жылдан астам уақыт, Совет үкіметі кезінде, діни сарындағы мереке деп тұншықтырылып келегн наурыз тойының жаппай мерекеленуіне мұрындық болды. Сол тұстағы компартияның бірінші хатшысы Колбинге хат жазып, ұлттық мереке наурызды қайта жаңғыртуды, оның ғасырлар бойы ел өмірімен, салт-санасымен бірге жасасып келе жатқан қарапайым ғана дәстүр екенін айғақтап, дәлелдеп көрсетеді. Сол сәтте биік мінберден айтылған Шахановтың ұсынысын, Өзбекәлі Жәнібеков пен Нұрсұлтан Назарбаев қана қолдаған екен. Соған қарамастан ұлт жадысынан өшіп бара жатқан ұлттық мереке өзгеше түс алып, қайта түлеп, рухымыздың өміршең үлгісіне айналғанына бүгінгі тарих куә. Мұхтар Шаханов 1989 жылы КСРО Жоғарғы кеңесінің, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан Жоғары кеңесінің депутаты болды. Осы депутаттық мінберде біз тілге тиек еткен өткір, күрделі, елдік мәселелерді үнемі көтеріп отырды. Бұл үрдіс 2004-2007 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты болуы сынды мандатпен ақырласса да, Шаханов өзінің шындық биігінен, әділдікті ту еткен ақ жолынан айныған емес. Ақын Олжас Сүлейменовпен бірге құрған «Халық конгресі» партиясында да, кешегі «Ел рухы» партиясында да елдік, ұлттық, мемлекеттік мүдені бәрінен биік қойды. Ақшаға, абыройға, жалған мәнсапқа жегілу ойына кіріп шықпады. Ақынның осындай парасат биігін бағалап, көзбен көріп, айрықша сүйінген орыстың ұлы ақыны Евгений Евтушенко: «Әсіре ұлтшылдық кезкелген ұлтты азып-тозуға бастайтын жол. Ал, Мұхтар, сен үшін мен бақыттымын, себебі, сен кең құлашты дархан тұлғасың. Сен Қазақстанғада, Ресейгеде, және бүкіл адамзатқа бірдей ұлтжандылық ете аласың! Сен – қара қылды қақ жарған әділеттің адамысың және болашақтың қазағысың!»,- деп айрықша сүйіне жүрекжарды сөзін айтады.

Руханият – қашан да ел өмірінің өзегі, ұлт мәдениетінің көрсеткіші. Ал, руханияттың адал ұлдары, қаһарман жауынгерлері сол өркениеттің жоқшысы. Егеменді ел атанғанымызға отыз жыл толған бүгінгі таңда, ел өмірінің елеулі беттерін, жарқын сәттерін Мұхтар Шаханов сынды қайраткер қаламгерлердің өмірі мен шығармашылық жолынан бөле қарау мүмкін емес. Мұхтар Шаханов Тәуелсіз отанымен бірге от кешіп, мұз жарып келе жатқан титан тұлға. Асау толқындар тулаған теңіз үстіндегі алып кеме. Айналасына айбар. Ұлтына мерей. Еліне қамқор. Елінің көз қуанышына айналған ақ кеменің жалауы жығылмасын деп тілейміз қашанда.

Бөлісу:

Көп оқылғандар