Түнекке түскен шырақ сәулесі

Бөлісу:

22.07.2021 8052

Әбікей Сәтбаевтың туғанына 140 жыл

Түнекте қалған халқының ұстаздықпен көкірегін оятып, көзін ашып, шамшырақ бола білген Әбікей Сәтбаевтай тұлға тарихта некен-саяқ. Заманында қызыл жылан арбаған ұрпақты ойлап, шырылдаған бозторғайдай жағы талмай, жаны қалмай еңбек етті. Қыл бұраумен абақты сүйретсе де, қалың өрттей қамаған қасіретке тістеніп тас лақтырды. Еліме еңбек етсем деп талаптанған қазақтың жас азаматтарының қиялына қанат бітіріп, армандарын алысқа бағыштады. Әр ізін аңдыған тыңшыларға қарамай, темір қапас торға түсерін білсе де ар жолынан айнымады. Алдағы атар азаттық таңының жолында, тіпті өзін де құрбандыққа шалды. Қанша қорласа да жаныштауға көнбей, ұлтының жарқын болашағы үшін ақтық демі таусылғанша айқасты. Өзіне дұшпаны азғындықпен күйе жақса да, қаншама мөлдір бұлақтың көзін ашты. Қаһарлы заманның ызғарында қалған жас өскінді үсік шалмасын деп асқар таудай панасына алды. Ұрпағына ұлағатын мұра етіп, зердесіне даналықтың дәнін септі. Ол дән бодандықтың көз жасына суарылып өсті. Сондықтан да болар, олар сынға салса сынбайтын, қайтпайтын қайсар, тамырын тереңге жайған ұлтының бір-бір алып бәйтерегіне айналды. Оларды қайраған ұлттық намыс еді. Қызыл құйын тозақтың отын кешіп жүріп, елінің ақ таңы үшін күресіп, ақыры Алаштың ақ жолында мерт болды.

Әбікей Сәтбаев есімі баянауылдық жұртшылыққа ғана емес, күллі қазаққа әйгілі. Белсенді қайраткер Әбікей Зейінұлы Семейдегі қазақ педагогикалық колледжінің алғашқы директоры. Семейде 1903 жылғы 23 қыркүйекте мұғалімдер семинариясы ашылғанда, Әбікей Сәтбаев та қазақ зиялылары Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Қазы Нұрмұхаметов, Биахмет Сәрсенов сияқты сол семинарияның түлегі болған. Кейіннен сол кезде танымал тұлғалар Нұрғали, Нәзипа Құлжановтар, ағайынды Белослюдовтар, И.М.Малахов, В.Н.Поповпен бірге оқу ордасында ұстаздық қызмет атқарған.


Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде халық ағарту ісінің көрнекті қайраткері Әбікей Сәтбаевтың 140 жылдығына орай салтанатты іс-шаралар өтті. Мерейтойлық мерекенің Семей қаласында өтуінің бірден-бір себебі – Әбікей Зейінұлы оқу орнының семинария тұсындағы түлегі (1907 жыл), әрі Семейде ашылған қазақ педагогикалық техникумының тұңғыш директоры (1922-1927 жылдар) болғандығы.



Алаш қайраткері, ағартушы-педагог Әбікей Зейінұлы мұғалімдер семинариясын аяқтағаннан кейін Баянауылдағы орыс-қазақ мектебінде мұғалім, Павлодардағы екі кластық орыс-қазақ училищесінің мұғалімі, директоры болған. Одан кейін Семей қаласына қайта оралып, облыстық Земство басқармасының оқу бөлімінің, губерниялық оқу бөліміндегі қазақ мектептері бөлімін басқарып, мұғалімдер семинариясында сабақ берген. 1922-1927 жылдары Семейде тұңғыш ашылған Қазақ педагогикалық техникумының (қазіргі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж) директоры болды. Ал, 1928-1931 жылдары Омбы қаласындағы жұмысшы факультетінің мұғалімі, кейін Бішкек қаласындағы педагогикалық институтта оқытушы болды. 1937 жылы «Халық жауы» деген жаламен ұсталып, атылды.



Әбікей Сәтбаев өз заманында жаңа құрыла бастаған қазақ мектебінің оқу-тәрбие жұмыстарын бір жүйеге түсіруге бар білім, тәжірибесін сарқа жұмсап, өз еңбектерінде мұғалім еңбегінің мәні, оқушыларды еңбекке баулу сияқты мәселелерді көтерген. Ол Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сынды ұлтымыздың ұлы тұлғаларын оқытқан. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше мысал келтірейік: «...алған білімім үшін немере ағам, ескі интеллигент Әбікей Сәтбаевқа өзімді өмір бойы борыштымын деп санаймын», - деген екен академик Қаныш Сәтбаев. Ал, академик Әлкей Марғұлан: «Революциядан бұрынғы қыр қазақтары арасында Сәтбаевтардан көп оқыған ауыл болған емес. Олардың ішінде Қаныштың ағасы Әбікей Сәтбаев Семей семинариясын бітіріп, сол кездің өзінде орыс тілі мен әдебиетінің бірінші маманы болып шығады. Бүгінгі Шығыс Қазақстан, Семей, Павлодар облыстарынан шыққан жастардың Әбікейден оқымағаны кемде-кем болуы керек», - деген екен.

Ә.З.Сәтбаевқа өзі оқыған, оқытушылық һәм директорлық қызмет атқарған оқу орнының қабырғасына ескерткіш тақтасын орнату идеясының бастамшысы, халық қалаулысы Алтынбек Нұхұлы Халықаралық Қ.И.Сәтбаев қоры Қамқоршылар Кеңесінің төрағасы ретінде құрметті қонақтарды "Қаныш Сәтбаев" төсбелгісімен марапаттады.



Салтанатты іс-шараларға Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаттары Нұржан Нұрсипатов пен Алтынбек Нухұлы, тарих және құқық институтының директоры, профессор, Әбікей Сәтбаевтың ұрпағы Әділ Жүнісов, Қазақстанның Еңбек Ері Рышат Әміренов пен жұбайы, Әбікей Сәтбаевтың туысы Қарашаш Жәмінова, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жұмағали Қоғабай мен жұбайы, Әбікей Сәтбаевтың туысы Райхан Қоғабай, «Біріккен ЭнергоСервистік компания» акционерлік қоғамының өкілі Марат Ізбастин, Қазақстан Жазушылар Одағының Павлодар облыстық филиалының директоры, ақын Жарқынбек Амантайұлы, Баянауыл аудандық "Баянтау" газетінің бас редакторы, ақын Еламан Қабділәшім, Шадыра мектебінің директоры Төлеген Ахаев және доктарант Әділет Құлбековтер қатысты.

Семей қаласы әкімінің орынбасары Садырбаев Айдар Серікқазыұлы, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Филология ғылымдарының кандидаты, М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің директоры Шағангүл Алдамжарқызы, ғалым-педагог, еңбек ардагері Бағила Сайлаубайқызы Сайлаубаева, Семей қаласының құрметті азаматы Омаров Нұрлан Сраилұлы, ф.ғ.д.,профессор, ҚР білім беру жүйесі менеджері, "Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті" КеАҚ-ның Басқарма Төрағасы-ректоры Ердембеков Бауыржан Амангелдіұлы, "Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті" КеАҚ-ның әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Берікхан Иісбекұлы, ақын, ҚР "Дарын" Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының Семей қалалық филиалының директоры Мерей Қарт қатысты.



Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж – көп жылғы тарихы бар оқу орны. Бұл колледжде қазақтың ұлт зиялылары, ақындары, академиктері, журналистері, ағартушылары, жазушылары, ғалымдары алғашқы қадамдарын бастады. Осы орайда, республикамыздағы терең тарихы және бай дәстүрі бар іргелі оқу орнының тарихына қысқаша тоқталсақ. Оқу орны 1903 жылы 1 шілдеде мұғалімдер семинариясы үш негізгі класс және бір дайындық класы ретінде құрылады. 1904 жылы бес кластық жүйеге ауысып төрт класс негізгі, бір класс дайындық тобы болды. 1920 жылы халыққа білім беру институты болып өзгерді. 1922 жылы осы оқу орнының негізінде екі педагогикалық техникум (қазақ, орыс) ашылды. 1937 жылы педагогикалық техникум базасында екі педагогикалық училище құрылады. 1953 жылы екі педагогикалық училище біріктіріліп, К.Д.Ушинский атындағы педагогикалық училище ашылады. Оқу орны 1957 жылы жабылып, 1963 жылы қайта ашылады. 1967 жылы оқу орнына заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың есімі беріледі. 1992 жылы 22 мамырда педагогикалық училище – педагогикалық колледж болып құрылды.



Педегогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева бізді оқу орнының тарихымен таныстырды, музейге саяхат жасатты, дәрісханаларды аралатты. Студенттер білім алатын дәрісханалар ұлы тұлғалардың есімімен аталады екен. Бұл бастама туралы Шағангүл Алдамжарқызы: «Бізге кабинеттерді тұлғалар атымен атау туралы ешқандай нұсқаулық, бұйрық келген жоқ. Бұл біздің – идеямыз», - дейді. Біз Қаныш Сәтбаев, Шәкен Айманов, Әбікей Сәтбаев атындағы дәрісханаларды қызыға араладық. Әр дәрісханада есімі берілген тұлғаның портреті ілінген және ол туралы деректер, кітаптар жинақталып, көрме ұйымдастырылған. Студенттер, қай мамандықты таңдаса да, үш немесе төрт жылдық оқу мерзімінде өзі оқыған аудитория есімін иеленген тұлғаны зерттеумен айналысады екен. «Бұл дәрісханалар – кіші ғылыми зерттеу орталықтары. Оқу орны тек маман даярлаумен шектелмейді. Студенттер тұлғатанумен айналысады», - дейді Шағангүл апай.

Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждегі атаулы кабинеттердің бірі – оқу орнының түлегі, қазақ әдебиетінің классигі, Алаш қайраткері, ұлттық театр негізін қалаушы, драматург, публицист, аудармашы, психолог, педагог Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы қазақ әдебиеті және оны оқыту әдістемесі кабинеті.


Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен ғылыми жұмыстарын зерттеп, білім алушылар мен келер ұрпақ иелігіне баға жетпес мұра қалдыруға қол жеткізу үшін ұлы тұлғаны ұлықтау мақсатында М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры Шағангүл Жанаеваның қолдауымен Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы арнайы дәрісхана ашылып, Қ.И.Сәтбаев атындағы кіші ғылыми зерттеу орталығы құрылыпты.



Қаныш Имантайұлы Семей семинариясында оқып жүрген кезінде (1914-1918), бұл семинарияда Мұхтар Әуезов те оқитын. Қаныштың айтуынша, Мұхтар, Жекей деген бала үшеуі бір пәтерде тұрып, бір кезде бітіріп шығады. Оқумен қатар, олар география қоғамына үздіксіз барып, онда қазақ тарихы, Абай, Шоқан, Ф.М.Достаевский туралы оқыған лекцияларын тыңдайды. Екінші жағынан география қоғамымен бірігіп, қалалық театрларда қазақша сауық-кешін өткізеді. Сондай үлкен кештің бірін 1915 жылы 13 ақпан күні өткізген. Оны бастап қоюшы – семинарияның оқытушысы Нәзипа Құлжанова. Бұл кеште Қаныш аз роль ойнамаған. Ол сайыста біріншіден Қобыланды батыр болып шықса, қалған екі бөлімдегі әннің көбін орындап шығады. Оның ішінде Жарылғапбердінің әні, Мұстафаның әні, «Топайкөк», «Баянауыл», «Көзімнің қарасы», т.б. әндерді шебер орындап шыққан. Қаныш Сәтбаевтың әнге деген құштарлығының дәлелі ретінде Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде дәріс берген, екі жыл Қаныш Сәтбаевтың хатшысы болған Сіламхан Жаппархановтың сөздерінен мысал келтіргім келеді: «Қанекең сегіз қырлы, бір сырлы болатын. Павлодар, Семей жақтың әндерін керемет орындайтын. Қаныш Имантайұлының әнге әуестігі де атаның қанымен берілген қасиет болса керек».



Бұдан ары оқу орнының музейін тамашаладық. Шағангүл Алдамжарқызы, алдымен, оқу орнын Әбікей Зейінұлы басқарған жылдардағы педагогикалық техникум кезеңіне арналған көрініске ерекше назар аудартты. Онда Семей қазақ педагогикалық техникумының 1924-1925 жылдардағы түлектері бейнеленген ескі фотосуретті көрсетті. Ортада Әбікей Сәтбаевтың, айналасында шәкірттердің суреті бейнеленген. Ескі суреттен Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан секілді тұлғаларды таныдық. Бұл да жоғарыдығы сөзімізге ерекше дәлел болмақ. Сонымен бірге, Жүсіпбек Аймауытовтың, Қаныш Сәтбаевтың жеке көрмелері ұйымдастырылыпты. Музей қорындағы құнды жәдігерлердің бірі – Әбікей Сәтбаев өзі жазған өмірбаянының көшірмесі екен.



Колледждің тағы бір ерекше әрі құнды дүниесі – 1903 жылы салынған ескі ғимараттағы бірінші және екінші қабатты жалғастыратын баспалдақ. «Бұл баспалдақта ұлт ертеңін, ел келешегін ойлаған арыстарымыздың табан ізі қалған. Олар баспалдақ жақтауына сүйеніп, болашақ жайлы толғанып, терең ойға батқан. Сол жақтауларда олардың саусақ іздері қалған. Ұлылардың рухын сезіне отырып, біз баспалдақтың ескі көрінісін бұзбау үшін, кішігірім рестоврация жасадық. Баспалдақтың тасы, ағашы, темірі толықтай сақталды», - деді Шағангүл Алдамжарқызы. Біз де, Ертіс-Баян өңірінен келген делегациямен бабалар рухын сезіну үшін баспалдақпен бір түсіп, бір көтерілдік, жақтауына сүйене қалып, естелік суретке түстік.



Бұдан кейін колледж ұстаздарының қатысуымен шағын концерт ұйымдастырылды. Сахна төрінде Әбікей ұстаздың ұлағатты нақылдары және ұлттың ұлы тұлғаларының ұстазы жайлы айтқан аталы сөздері оқылды, рухты әндер шырқалды. Қонақтар атынан әнші Төлеген Ахаев «Кереку-Баян жұлдыздары» толғауын орындады.



Мерейтойлық іс-шара педагогикалық колледждің 1903 жылы салынған ғимаратының қабырғасына Әбікей Зейінұлының құрметіне орнатылған ескерткіш тақтаның ашылуымен қорытындыланды. Көрнекті ескерткіш тақтаны Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі, химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, инженерлік ғылымдар халықаралық академиясының академигі, әбікейтанушы Алтынбек Нұхұлы өз қаржысына арнайы тапсырыспен жасатқан. Жиын соңында оқу орынның директоры Шағангүл Жанаева Әбікей Сәтбаев оқыған, оқытушылық һәм директорлық қызмет атқарған оқу орнының қабырғасына ескерткіш тақта орнату идеясының бастамшысы Алтынбек Нухұлына оқу орнының қалыптасуы мен өркендеуіне қосқан қажырлы еңбегі үшін «Мұхтар Әуезов» төсбелгісін табыстады.

«Күллі тарихқа көз салсақ өзінің ел-жұрты үшін түн ұйқысын төрт бөліп, әзиз жандарын құрбан еткен, халық тағдыры үшін ғұмырын сарп етіп, жастығын берген тұлғалар аз емес. Енді халқымыздың сан ғасырлық даму жолы мен жүріп өткен соқпағын бір сәт зерделеп көріңіз. Ел тағдырын бір ауыз сөзбен шешкен шешеннің, найзасының ұшымен ел ұйқысын күзеткен батырдың тағдырлы жолына тап боласыз. Ұлыс үшін әулетімен жер құшқан Тоғымдай хандар, белі қатысымен берен асынып, ат үстінде алдаспанын қолынан тастамай өткен Қабанбайдай батырлар, арман-мұратын алдаспан сөзіне серт еткен Қазыбектей билер... Міне, осындай қастерлі тұлғалардың ел мен жері, жұрты үшін атқарған қисапсыз істері тарих болып бүгін ортамызға оралып жатыр...Одан соң, Абай, Шоқан, Әлихандар... Он тоғызыншы ғасырдың аяғы мен жиырмасыншы ғасырдың басынан бастап күрескерліктің, қайраткерліктің сипаты өзгерді. Тарих сахнасына ағартушы, зиялы тұлғалар көтерілді. Бұлар сол уақыттағы әлемдік дамудың бағытын өте жақсы ұғынған жандар еді.

Әбікей Сәтбаев осындай үркердей аз топтың қатарынан табылды. Елдің болашағы тек қана білім мен ғылымның дамуында екендігін түсінген олар жанталасып халықты оқытуға кірісті. Болашақ үшін талас пен күресте оңбай жеңілмес үшін бір күн де дамыл тапқан жоқ. Қазақ тарихындағы осындай күрделі кезеңдердің бірінде өмірге келіп, қараша жұртын ағартушылық жолға бастаған тұлғалардың бірі – Әбікей Сәтбаев есімі бүгіндері қазақ аспанында таңшолпандай жарқырап тұр. Заманында қуғын көріп, жазықсыз жапа шеккен Әбікей Сәтбаевтың есімінің ұрпаққа сәл кешірек танылып жатқаны, әрине, өкінішті. Дегенмен, осы кітап өз заманында ағартушы, қайраткер жайлы көптеген зерттеулер мен естеліктерді, пайымдауларды бір арнаға түйістіріп, оқырман қауымға ұсынып отыр. Сондықтан да Әбікей Сәтбаев секілді бірегей тұлғаның өмірі мен қызметі жайлы деректер бүгінгі ұрпаққа жол сілтер, жарық жұлдыз болар деп ойлаймын.

Бүгінде егеменді ел атанып, еңсемізді көтеріп жатырмыз. Ұлт ретінде қалыптасу жолында жасалатын игілікті істердің бірі – талқандалған тарихымызды қайтадан түгендеп, бар-жоғымызды таразылау. Бұған пафоспен қарап, әсірелеумен, түрлі түсті бояумен қараудың қажеті жоқ. Нақты, әділ бағасын беру мақсаты алға қойылу қажет. Кеңестік саясаттың түсінігіне жат саналып, есімдері ұмытылуға айналған тарихи тұлғаларымызға лайықты бағасын беру маңызды. Ол кезде ел ардақтысы атанған талай жанның аттарын атауға саясат тиым салғанымен, олардың есімдерін ел мен жұрт өз жүректерінде сақтап, бүгінге жеткізіп отыр. Заманында халқына қалтқысыз қызмет қылып, қараша жұртын қараңғылықтың құрсауынан алып шығам деп әрекет қылған Әбікей Сәтбаев шын мәніндегі Ұлт қайраткері еді» - дейді ҚР ұлттық ғылым Академиясының академигі Ғарифолла Есім.

«Әбікей Зейінұлы 1881 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Айрық елді мекенінде (қазіргі Теңдік ауылының қасында) дүниеге келді. Атасы Сәтбай зерек немересінің болашағынан көп үміт күтті. Ақсақалдың үміті алдамады. Семей мұғалімдер семинариясын тәмамдаған немересі өзін педагогика майданында үлкен абыроймен көрсете білді. Ол оқытушылықтан бастап, Қазақстандағы тұңғыш педагогикалық техникумның бірінші директорына дейінгі жемісті жолдан өтті. Оның кемел шаққа аяқ басуы Қазақ даласындағы жағдайдың күрделене түскен кезіне дөп келді. Екі жақты – ұлттық және отаршылдық – қыспақтан шаршаған халық қазақ жігіттерінің әскерге алуына қарсылық білдіре бастаған болатын. 1916 жылы Қазақстанда Әбікей Сәтбаев мүше болған «Алаш» партиясының бастауымен тәуелсіз ел болудың алғашқы бағдарламасы жасалды. Әбікей Сәтбаев «Алаш» партиясының құрылтай жиынына Ақмола және Семей облыстары атынан қатысты.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Қ. Сәтбаева өзінің «Әбікей Сәтбаев» атты кітабында оның өмірі мен қызметін жан-жақты зерттеп, көптеген қызықты фактілер келтіреді. Әбікей Зейінұлы Қазақстанның саяси өміріне белсене араласып қана қойған жоқ, сонымен қатар, Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне де делегат болды. Түркістан автономиясын құру идеясы өріс алып тұрған кезде, 1917 жылы Ташкентте «Шураи-Ислам» (Ислам Кеңесі) құрылды. Аталмыш Кеңес түркі халықтарын біріктірудің алғы шарты – Орталық және Орта Азия халықтарының мәдени және діни тұтастығында деп есептеді.

Саяси қызмет Әбікей Сәтбаев үшін өмірлік іс болып қалмаса да, сол арқылы оның мақсатшыл, ымырашыл мінезі қалыптасты. Ол қай жерде еңбек етсе де, билік тізгінін ұстаған өкімет алдында өз көзқарасынан айнымай тұра білді. Оның Семей земство басқармасының жұмысына қатысқаны жөніндегі құжаттар да сақталған. Солардың бірі – «Сарыарқа» газетінің қызметкері І.Әлімбековты босату талабымен Кеңес өкіметі органдарына жазылған хат. Хатта: «Жетісудағы қырғыз (қазақ) тұрғындары адамшылыққа жатпайтын қуғын-сүргінге және жаппай қырғынға ұшырап жатқаны бізге жақсы мәлім. Осыны көре тұра, бізге заң және тұрғындар жүктеген жұмысымызды тыныш жалғастыруға мүмкіндік болмай отыр. Біз азаптар мен қуғындарды бастан кешірудеміз», – деп жазылған. Әбікей Сәтбаев – осы батыл хатқа қол қойған үшеудің бірі болды.

Ағартушылық – Әбікей Зейінұлының жанын сала атқарған қызметі. Ол өзін мектептен тыс елестете алмады. Халықты бостандық пен еркіндікке жеткізудің бірден бір жолы – ағарту ісі деп таныды. «Біздің заманда біз халықтың қызметшісі және сұраушысы болуымыз керек. Өйткені біздің еңбегіміз нәтиже әкеле қойған жоқ. Егер біз өз еңбегімізбен пайда әкеліп, халыққа тәрбие, терең білім дәнін ексек, өмірге көзін ашсақ, мақсатқа жету жолындағы барлық кедергілер жойылатын болады», – деп атап көрсетті Ә. Сәтбаев. Әбікей Сәтбаевтың істері арқылы ұлы Абайдың халыққа рухани көмек беруге ұмтыла білетін ағартушы іздеген армандары жүзеге асты. Абайдың атамекені – Семей өңірінде Әбікей Зейінұлының ең белсенді еңбек жылдары өтті. 1920-1921 ж.ж. ол Губерниялық халыққа білім беру бөлімін басқарды, одан соң, 1922 жылдан бастап республикадағы тұңғыш педагогикалық техникумға директор болып тағайындалды.

Оның директорлық қызметі туралы замандастары жоғары баға береді. Ш.Қ. Сәтбаева өз кітабында Әбікей Зейінұлының директорлық қызметі жөнінде замандастары айтқан пікірлерді айрықша келтірген. Сондай бір пікірді техникум ашылғаннан кейін, үш айдан соң ірі мемлекет және қоғам қайраткері, облыстық партия ұйымының хатшысы, кейін Қазақстан халық ағарту басқармасында қызмет еткен А.А. Асылбеков білдіреді. Ол: «...Семей қаласында мұғалімдер даярлайтын оқу орны бар. Мұнда жүзге жуық қазақ балалары оқып жатыр. Оның жетекшісі Ә. Сәтбаев жолдастың тыңғылықты еңбегі және сүйіспеншілікпен атқарып жатқан жұмыстарының арқасында бұл мекемені Қазақ Республикасындағы ең озық оқу орны деп есептеуге әбден болады», – дейді өз пікірінде. А.А. Асылбековтың осы мақаласынан соң, іле бес күннен кейін 1923 жылы 1 сәуірде «Қазақ тілі» газетінде «Үлгілі жолдас» деген тақырыппен мақала жарияланады. Онда білім беру ісінің жағдайларына талдау жасала келіп, соңында Әбікей Зейінұлының қызметі аталып өтіледі. Мақалада: «Бұл жолдас 1920 жылдан бері ағарту жүйесінде үздіксіз еңбектеніп келеді. Адамдар бүгінгі ағарту ісінің қиындықтарын жақсы біледі. Әбікей аға болса, қалыптасқан қиыншылықтарға қайыспай, бәз біреулер сияқты жалқауланған емес. Ол үлкен отбасы ұстап отырса да, шыдамдылық танытты. Өзінің азаматтық борышын абыроймен орындады. Бұл оқу орны оның тынымсыз еңбегінің арқасында ашылды. Әбікей аға секілді ағартушылықта көп еңбек сіңірген адамдар аз», – деп жазылды. Мақала авторы Әбікей Зейінұлының еңбегі тарихқа абыроймен еніп, өз орнын алады деген үміт білдіреді. Өкінішке орай, бұл үміт ондаған жылдар өткен соң ғана іске асады. Ал, сол уақытта Ә. Сәтбаев НКВД органдарының қудалауымен Омбыға көшуге мәжбүр болады. Омбыда ол жұмысшылар факультетінде педагогикалық қызметін жалғастыра түседі. Алайда, ол жерде де «Алашордашы» және ауқатты отбасынан шыққан деген айыпқа тап болады. Тағы да қудалауға ұшыраған Әбікей Сәтбаев өзінің үлкен отбасымен Қазақстаннан кетіп, Фрунзеге (қазіргі Бішкек) қоныс аударуға мәжбүр болады. Мұнда ол пединститутта жұмыс істей бастайды. Жат жерде өткізген бұл жылдар қазақтардың сталиндік коллективтендірудің ащы жемісін татқан кезеңімен сәйкес келді. Сол кезде үш жыл ішінде – 1929 жылдан 1932 жылға дейін – жергілікті халықтың 34 пайызы қырылған еді. Қазір сол қырғынның мақсатты түрде ұйымдастырылғаны ашық айтылып жүр. Әбікей Зейінұлының тұтқындалуы мен қаза болуы да сот органдарының кездейсоқ қателіктері емес. Бұл – қудалаудан кейінгі азапты өлім және де органдар өз құрбандарының денесін тығып тастайтын нағыз кісі өлтірушілер секілді Ә. Сәтбаевтың денесін іс-түссіз тығып тастаған. Ш.Қ. Сәтбаева өз кітабында оның жер бетінде қабірі жоқ екенін көкірегі қайыса отырып жазады. Қазақ зиялыларының көзге түсер бір өкілінің көзін жойған өкімет ол туралы деректерді де құртуға, оның есімін дақпыртқа айналдыруға, қаралауға күш салады. Алайда, тұлғалы ұстаздың жарқын бейнесін шәкірттері, замандастары сақтап қалды. Ол өз шәкірттерінің ісінде өмір сүруде.

Ә.З. Сәтбаевтың өмірі ізсіз кетпеді. Оның сара жолын Қ.И. Сәтбаев, Ә.Х. Марғұлан, М. Ақынжанов, А. Айманов және тағы да басқа шәкірттері жалғастыра отырып, өмір бойы ұстазға деген жүректеріндегі махаббаттарын өшірген жоқ. Ол құрған педагогикалық техникумда әр жылдары генерал Ш. Қалыбаев (кейін Ішкі істер министрі болды», тілші-ғалым Ж. Досқараев, көрнекті ғалымдар шыққан Жұматовтар отбасының отағасы, Ғ. Сармұрзин, Қ. Барманқұлов, М. Бегалин сияқты журналистер және тағы басқа танымал түлектер білім алды.

ЖАЛҒАСЫ БАР. Даналық дәнін сепкен ұстаз

Бөлісу:

Көп оқылғандар