Ізгілік елшісі
Бөлісу:
Ұйықтап кетсе оның түсіне тау кіреді. Бүкіл жердегі тіршілікті ұмытып күннің нұры ғана сүйетін аппақ шыңдарды өрмелеп бара жатады. Сол биіктен ешқашан түспеуге бел буған. Бұл оның ұстанымы. Тәңірінің нұры құйылып тұрған жердің кіндігіндей көрінетін сол шыңдардай тазалыққа, табиғи саф сұлулыққа жаны құштар. Сондай тау баласы ғана жазықта жетімдікті сезінсе керек. Оны Тау-анадан басқа кім ұғып, кім жұбатсын? Тіпті сол шыңға шығып бара жатқан минуттарда ғана болатын тылсым да тұңғиық ғажайып сезімге толы сәттер үшін бүкіл тіршілікті тәрк етуге бар. Бұл менің жазушының жанына үңілген сайын түйген сырым. Сол тауларға, сол тазалыққа, сол сұлулыққа деген құрметінен пенделігін де ұмытып нағыз ізгіліктің елшісіне айналған. Дүниеге қылдай қиянат жасаудан қорқады. Тап-таза табиғаттың өзіне айналғандай.
Бұл сөз асқақ Алтайда туып, алаштың көрнекті қаламгер-қайраткеріне айналған тұлға, жазушы - Әлібек Асқаров турасында айтылып отыр. Әсілі, әрбір адам туған жеріне, топырағына тартып туады. Таулы өңірде туған жандардың болмыс-бітімі, мінезі-құлқы, дүниетанымы, табиғаты басқалардан ерекшеленіп тұратыны да сондықтан. Өзіндік стихиясы бар. Олар биік таулардай маңғаз, шың-құздарындай қатал, өзендеріндей өр, ақ бұлттарындай арманшыл келеді. Мұны өз алдына жатқан жеке бір ғылым десе де болады.
Туған жерге деген тартылыс, ұлы махаббат әрбір адамның кеудесінде мәңгілік маздап тұрады. Жүрек түкпірінде жатқан ол сезімді жеткізуге бәрі де асық. Бәлкім бұл табиғи инстинкт болар. Әркім өз қарым-қабілетіне сай сол сезімін жеткізеді де. Ал Әлібек ағаның қолына қылқаламды да, сыр қаламды да ұстатқан меніңше, осы алапат күш болса керек. Жаратылысынан суреткер болып туған жанның басқа қандай таңдауы бар? Оның қолындағы құдіретті қалам туған жерінің қасиетін мөлдірете жеткізді. Бүкіл оқырманын ғашық етті. Тіпті ол өңірді білмейтін жанның өзін бір көруге асық етті. Шынайы қаламгер бақыты осы болса керек.
Жалпы адамға әсер етпеген дүниені әдебиет деуден аулақпыз. Жаныңды тебірентіп, жүрегіңді қозғап, санаңды сілкінтпеген шығарма – өлі шығарма. Оның тіршілік етуге ешқандай хақысы жоқ. Әлібек ағаның шығармашылығы эмоцияға толы тірі дүние. Бей-жай қалдырмайды. Сапардан алған әсерден туған әсерлі туындылары қандай?! Бірге жүргендей, сол оқиғаларды өз басыңнан кешкендей боласың. Жазушы тайпалған жорғадай өз жүрісінен жаңылмайды. Нені жазса да тереңнен толғап жазады. Бұл оның дағдысына айналған. Тақырыпқа жүрдім-бардым қарап, үстінен сылдырап судай ағып өту табиғатына жат. Тарихпен, болашақпен астасып, тамыршыдай тап басып отырады. Көп сөзден ада қылып тұрған суретшілік дәлдік болса керек. Оқиғалардың басым бөлігі шындыққа негізделген, демек шығарманың деректік сипаты да басым.
Қаламгердің әдеби келбетін осы жерден сәл доғара тұрып, енді қайраткелік қырына тоқталсақ дейміз. Әлібек аға республикалық «Өнер» баспасында отырған жерінен мемлекеттік қызметке жетектеп әкелген сыйлас досы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов жөнінде де, сол қызметке қабылдаған мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков жөнінде де төгілдіре жазды.
Биыл еліміздің мерейлі мерекесі, қасиетті Тәуелсіздіктің 30-жылына қадам бастық. Еңселі елордамыз Тәуелсіздіктің символы іспетті. Елбасының шешімімен Алатаудан Арқаға көшуі тарихи оқиға болып жадымызда қалды. Сол ұлы көштің басында болып, елеулі еңбек сіңірген ағаларымыздың бірі мемлекет қайраткері, жазушы Әлібек Асқаров еді. Әлібек аға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Елордамен бірге небір айтулы оқиғаларды, тағдырлы белестерді басынан өткеріп, басы-қасында болды. Сол тарихтың тірі куәгері. Ел болып етек жинаған кезеңдегі: Қазақстан халықтары форумы, Ордабасыдағы Төле, Әйтеке, Қазыбек билерді еске алу күндері, Ұлттық валютамызды енгізген қуаныш, Орбұлақ басындағы аламан жиын, Абай тойы, Жамбыл тойы, Құрманғазы тойы, ел тарихын екшеген, барымызды бағалап, жоғымызды түгендеген «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру, т.б. Тізе берсек өмірінің 22 жылын мемлекеттік қызметте өткізген қайраткердің жүріп өткен жолы, халқымыздың тағдырымен тұтасып жатыр. Осылардың ішіндегі шоқтығы биік екі оқиғаға ғана тоқталсақ та жеткілікті сияқты.
Оның бірі Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы. 1992 жылдың қыркүйегінде Елбасының тікелей бастамасымен өткен болатын. Бұл егемендігін енді ғана алған елдің әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашыраған қазақтың басын қосқан ұлы тойы, алғашқы құрылтайы еді. Аласапыран кезеңдерде ақбөкендей ауып кеткен қандастарымыздың тәуелсіздікке тәу еткен, жүрекжарды қуанышы еді.
Әлібек Асылбайұлы Президент аппараты мен Министрлер кабинетінің жауапты қызметкері ретінде сол құрылтайдың басынан аяғына дейін қызмет етіп, еңбегі сіңген тұлға. Жанары жасқа толып, елім деп кеше еңіреп кетіп, бүгін еміреніп келген қазақты «Елім-ай» әнімен қарсы алу идеясын да ойлап тауып, бекіткен адам тағы да осы Әлібек аға.
Алматыдан Ақмолаға көшкен ең алғашқы мемлекеттік орган – Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігі еді. Сол министрліктің екінші басшысы ретінде Әлібек аға 1997 жылғы 2 маусымда Ақмолаға келді. Сөйтіп, 1997 жылдың 3 маусымында түстен кейін бала-шағасымен, бұрын көрмеген Ақмола келіп түседі. Осылайша бұл қаланың аяқтан тік тұруына бір адамдай ықпал етеді. Тарихының тірі куәгеріне айналады. Бұрынғы облыс орталығы қалай мемлекет астанасы болды, қалай өсіп-өнді, қалай көркейді барлығы да көз алдында. Қазақ елінің жаңа тарихының парағын ашты. «Күйреген империяның қалдығынан Тәуелсіз мемлекет құра отырып, оған жаңа астана таңдау – тікелей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегі» -дейді қаламгер.
Еліміз тәуелсіздік алған тұстан баспа ісін жолға қойып, өзгелерде құлдырап кеткен шақта бізде өз жұмысын тоқтатпай жалғастыруына тікелей ықпал еткендігі тағы бар. Бұл ұлттың тұтас руханиятын жарыққа шығаруға, сақтап қалуға жол ашты деген сөз. Жазушының еншісіне жазылған ұлы миссия сынды.
Жазушы шығармаларында табиғат пен философияны қатар өреді. Адам мен табиғаттың құпиясын ашуға талпынады. Адам жанының құпиясын ашатын кілтті табиғи жаратылыстан іздейді. Осы ізденіс жазушыны философиялық толғанысқа жетелеп келгендей. Адамзаттың Алтайға деген мәңгілік сағынышын оятқысы келгендей. Қолы қалт етсе жыл сайын туған елге, ару Алтайға барып тыныстайды. «Алтайдың аяулы табиғатын сезінген адамның ақын-жазушы ғана емес, ізгілік елшісі деген атқа лайық үлкен жүректі азамат болмауына хақысы жоқ» - дейді өзі. Алтын құрсақты Алтайда туып, Алтайды жырлаған асыл ағаларын пір тұтады. Елінің ертеңіне, халқының тағдырына алаңдайды. Жас ұрпақтың көкірегі рух нұрымен сәулеленсе дейді. Қолына қалам алдырғанда осы қасиетті парыз болса керек.
Бөлісу: