Айқын Нұрқатов - әуезовтанушы

Бөлісу:

09.08.2021 5378

Қазақ әдебиеттануы – өзіндік қалыптасу, жетілу жолы бар, әлемдік әдебиеттану ғылымының әдіснамалық бағыттарымен үндестікте даму үстіндегі іргелі ғылым. Қазақ әдебиеттану ғылымның бастауы ретінде Шоқан Уәлиханов еңбектеріндегі әдеби жанрлар туралы қысқаша пайымдауларды қарастырамыз. ХХ ғасырдың басында қазақ тіл білімі мен әдебиеттануын негіздеп, жүйелеген, терминологиясын қалыптап түзген ғалым – Ахмет Байтұрсынов болды. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары өзіндік даму жолына түскен қазақ әдебиеттану ғылымының одан әрі дамуына Кеңес Одағында қалыптасқан идеологиялық саяси ахуал кері сипатта әсер етті. 20 жылдардан басталып, қырқыншы жылдарға дейін үздіксіз жалғасқан саяси қуғын-сүргін, репрессия қазақ қаламгерлерінің, соның ішінде әдебиеттанушылар қатарын сиретіп кетті. Ахмет Байтұрсынов бастаған алдыңғы буын ғалымдар жазықсыз жазалауға ұшырады. Жан беруден аман қалғандары ғылыми қызметтен шеттетілді, түрмелерге тоғытылды, еңбекпен түзету лагерьлеріне жіберілді. Осылайша, қазақ әдебиеттану ғылымы өткен ғасырдың қырқыншы жылдары жалтаң үрейлі күй кешіп жатты. Дегенмен, әдебиет бір орнында тоқтап қалған жоқ. Қазақ қаламгерлері әр түрлі жанрлардағы тың туындылар жазды. Әдеби үдеріс заман ағымына сай жүріліп жатты. Дәл осы кезеңде қазақ әдебиетіндегі тұңғыш эпопея «Абай жолы», сондай-ақ «Қазақ батыры» («Қазақ солдаты»), «Сырдария», «Шығанақ» қатарлы, өз дәуірінің елеулі әдеби туындылары жазылып, оқырмандарына жол тартты.

Жоғарыда аталған және өзге де көлемді-шағын туындыларға әдеби теориялық талдау жасау, сыни еңбектер жазу – оңай болмады. Себеп – білімнің, біліктің жетпеуінен емес, қылышынан қан тамған қызыл империяның идеологиясы, қырағы цензура – қаламды көсіле тербеуге еш мүмкіндік бермейтін. Дегенмен, осы аталған мақсатты орындау – жаңа буынның, өртеңге шыққан жас көктей, көкөкім әдебиеттанушылардың үлесіне тиген екен. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары соңында қазақ әдебиеттану ғылымына бір топ жас буын ғалымдар, қаламгерлер келген еді. Олар: Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов, Тұрсынбек Кәкішев, Рахманқұл Бердібаев, Мырзабек Дүйсенов, Баламер Сахариев, Нығмет Ғабдуллиндер еді. Бұл жастар жетімсіреп тұрған әдебиеттану ғылымының тамырына қан жүгіртті. Осы жас таланттардың қатарында жоғарыда аталған Нығмет Ғабдуллиннің жерлесі, ауылдасы, өнімді жұмыс атқарып өмірден ерте озған талантты ғалым Айқын Нұрқатов та бар еді. «Қия бассаң қиып түседі» дейтін саяси ахуалы күрделі заманда әдебиеттану ғылымының мәселелерімен шұғылданып, соңына іргелі, толымды зерттеу еңбектер жазып қалдырған көрнекті ғалым Айқын Нұрқатовтың өмір жолы туралы қысқаша тоқталып өту дұрыс болмақ.

Әдебиеттанушы ғалым Айқын Нұрқатов 1928 жылы 4 қарашада бұрынғы Ақмола облысының Көкшетау уезі, Рузаев ауданының (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданы) Шұқыркөл аулында туған. Бір заманда Хан Абылай ханның, оның баласы Уәли ханның ордасы көшіп қонған өлке, қазақ даласының жер жаннаты, орманды нулы өңірі Шұқыркөл-Жаңасу атырабынан дүйім қазаққа аты мәшһүр небір асыл азаматтар туып өскенін осы ретте атап өтпеуге болмайды. Ұзақ жылдар Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметін атқарған мемлекет қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Бәйкен Әшімов, министрлікті, бірнеше облыстарды басқарған білікті басшы, Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбеков, академик, көрнекті қоғам қайраткері Сұлтан Досмағамбетов, көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, жазушы Нығмет Ғабдуллин және басқа да айтулы тұлғалар – осы өңірдің тумалары. Айқын Нұрқатов туған ауылындағы орта мектепті бітірген соң, 1946 жылы Алматы қаласына білім іздеп аттанады. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түседі. Жоғарыда есімдері аталған, қазақ әдебиеттану ғылымының болашақ ірі тұлғаларымен танысып, бірге білім алып, пікірлесе жүріп сыншылық қырымен танылады, ұстаздарының, ғалымдардың, жазушылардың назарын ерте аудартады. Досы, академик Серік Қирабаев Айқын Нұрқатов талантының ерте танылғандығы турасында мынадай естелік айтқан екен: «Ұстазымыз, әрі жазушылар басқармасының хатшысы, «Әдебиет және искусство» журналының редакторы Қайнекей Жармағамбетов оны журналдың сын бөліміне меңгеруші етіп алды. Кейін мен де журналға қызметке бардым. Айқынның сыншылық таланты осында, жазушылар ортасында есейді». Осылайша әдеби, шығармашылық ортаға ерте енген Айқын Нұрқатов қазақ әдебиеті тарихындағы әр кезең өкілдері туралы ғылыми зерттеу еңбектерін жаза бастайды. 1950 жылы ҚазПИ-ді ойдағыдай бітіріп шыққан талантты да білімді түлек Айқын Нұрқатов аталған оқу орны ұстаздарының ұйғарымымен бірден аспирантураға қалдырылды. Журналда қызмет істей жүріп, өзінің ғылыми жұмысын әзірлеп, жаза бастайды. Сөйтіп ол 1954 жылы «Қазақ әдебиетіндегі Маяковский дәстүрі» деген тақырыпта диссертациялық жұмысын қорғайды. Бұдан кейін ол ғылыми жұмыспен бірыңғай шұғылдануға бет бұрады. В.И.Сталин өмірден өткен соң басталған «хрущевтік жылымық» дәуірі – Кеңес Одағындағы қоғамдық ғылымдардың зерттеу ауқымына біршама тыныс ашқаны рас. Осыған орай 1930-40 жылдары жүргізілген солақай саясаттың кесірінен есімін атауға тыйым салып, әдебиет тарихынан сызылып қалған шығармашылық иелері мен туындыларды қайта оралту, халқымен қауыштыру, оларды мектеп, арнаулы, жоғары оқу орындары бағдарламасына енгізу, қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шеккен аға буынның, еңбегін насихаттау миссиясы тұрды. Айқын Нұрқатов осы маңызды міндетті атқарушылардың алдыңғы сапында болды. Әсіресе, Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов шығармашылығы туралы іргелі еңбектер жазды.

Әдебиеттанушы ғалым Айқын Нұрқатов 1957-1965 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет істеп, өнімді еңбек етеді. Осы жылдары ол «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты алты томдық академиялық еңбекті жазуға қатысып, ХҮІІІ-ХІХ ғасыр әдебиетіне арналған бөлімнің жауапты шығарушысы болады. Ш.Уәлиханов және Ақан сері Қорамсаұлы туралы тарауларды жазады. Ерекше атап өтерлігі: Шоқан Уәлихановтың әдебиеттану теориясы бойынша орнын алғаш талдаған ғалымдардың бірі – Айқын Нұрқатов. Бірнеше мектеп оқулығын жазуға атсалысты. Талантты ғалым Айқын Нұрқатов 1965 жылы 16 сәуірде Алматы қаласында машина апатынан небәрі отыз жеті жасында мезгілсіз қаза болады. Осылайша, қазақ әдебиеттану ғылымын алға сүйреп, сүбелі туындылар жазатын айтулы ғалымның ғұмыры қапияда үзіледі. Академик Серік Қирабаев аяулы досы туралы былай деген екен: «Айқын өмірден ерте кетті. Бар болса, бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымының, біз қатарлы ақсақалдарының бірі болары даусыз еді. Еңбекке шын берілген адамның ғылым жолына арналған өмірі де жаңа еңбектермен толығары да талассыз болатын. Өкініштісі – осы. Бүгін ол қатардағы ерте қайтқан жастың бірі болып қалып отыр. Алайда, туған елі, халқы Айқынды ұмытқан жоқ, оның атында мектеп бар, оның мұрасын оқып үйренер ұрпақ өсіп келеді. Ал, онымен бірге өскен қаламдастары, достары Айқынды ешқашан ұмытпайды». Иә, Айқын Нұрқатов есімі еш ұмытылмақ емес. Айқын Нұрқатовтың қысқа ғұмырында жазып үлгерген мол мұрасы – қазақ филологиясы мамандығымен оқитын студенттердің теориялық көмекші құралы ретінде қызмет етіп келе жатыр. Ғалымның ұлы Айдар Нұрқатов пен бауыры Арнұр Нұрқатовтың демеушілігі арқылы 1910 жылы Алматы қаласындағы «Искандер» баспасынан ғалымның ғылыми мұралары төрт кітап болып жарық көрген болатын. Олар: «Мұхтар Әуезов», «Абайдың ақындық дәстүрі», «Идея және образ», «Жалғасқан дәстүр».

Айқын Нұрқатовтың ғылым жолындағы ғұмыры құбылмалы дәуірге тап келгені жоғарыда айтылды. Бұл – нені қалай жазу керек деген тұрғыда, екі шоқып бір қарауды қажет ететін заман еді. Заман ағымына тым жығыла берсе, зерттеген, жазған еңбегінің құны татымсыз, мәні мағынасыз болатынын жас ғалым Айқын Нұрқатов сезінбеді деп айта алмаймыз. Сондықтан да ғалымның саналы ғұмыры «жаңбыр-жаңбырдың арасымен жүріп», ертеңгі күнге елеулі, толымды дүние жазудың мол қажыр-қайратты талап ететін сындарлы жолымен өткендігі анық. Мұны жоғарыда аталған төрт кітапта қамтылған көлемді, цикльді, шағын еңбектерден аңғаруға болады.

Елуінші жылдардың басынан бастап, алғашқылардың бірі болып Айқын Нұрқатов Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жолын зерттеуге кірісті. Бұл – сыншыдан үлкен теориялық білімді, білікті қажет ететіні айтпаса да түсінікті еді. Тынымсыз ізденіс нәтижесіңде ол 1957 жылы «Мұхтар Әуезов» атты творчестволық очерк жариялады. Аталған еңбек 1958 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне баратын еңбектердің тізіміне кіріп, сол жылы орыс тілінде жарияланады. Осы материалдары негізге ала отырып Айқын Нұрқатов «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» атты біріккен авторлардың академиялық жинағына Мұхтар Әуезов туралы тарау жазып шығады. Бұл – бұған дейін әрқилы сынға ұшырап, кешенді түрдегі байсалды зерттеу нысанасы болмаған жазушының шығармашылық жолы туралы алғашқы көлемді еңбек болады. Айқын Нұрқатовтың «Абайдың ақындық дәстүрі» атты көлемді монографиясы өзі өмірден өткеннен кейін жарияланды. Бұл – ғалымның болашақта қорғамақ докторлық диссертациясының қолжазбасы еді. Ол Абай шығармашылығын тар шеңберде қарастырып келген стереотиптерге сүйенбей, зерттеу ауқымын кеңейтуге талаптанды.

Академик жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы – қазақ әдебиетінің ірі табысы, қазақ тілінде жазылған тұңғыш эпопеялық туынды ретінде бағаланып, отандық, кеңестік, әлемдік оқырмандар тарапынан ыстық ықыласқа ие болды. Мұхтар Әуезов шығармашылығы жайындағы тұңғыш көлемді монографиялық зерттеу еңбек жазған әдебиеттанушы ғалым – Айқын Нұрқатов. «Кез келген көркем шығарма үшін ең үлкен әрі қатал сыншы – халық пен уақыт. М.Әуезовтың «Абай» романы осы сынның екеуіне де толық жауап берді. Ол уақыт сынынан мүдірмей өтті. Сөйтіп халықтың сүйіп оқитын қалаулы шығармаларының біріне айналды», - деп баға берген ғалым Мұхтар Әуезов пен Абайдың шығармашылық лабораториясын ұштастыра, өзара байланыста зерттеуді қолға алады. Айқын Нұрқатовтың көлемді «Мұхтар Әуезов» монографиялық очеркіндегі талдауларға бүгінгі күннің, азат елдің оқырманы көзқарасымен қарағанда, идеялық ұстаным тұрғысында, әрине, үлкен өзгешеліктер бар болуы заңдылықты. Себебі, пролетариат табына тән деп белгіленген социалистік реализм әдісі бойынша, лениндік-сталиндік коммунистік партияның идеологиялық нұсқамасы аясында қатаң бақылаудан өткен ғылыми еңбек – өз дәуірінің сұранысын өтеген туынды. Алайда аталған еңбектегі теориялық талдаулар мен пайымдаулар күні бүгінге дейін өз құнын жойған жоқ. Әдебиеттану теориясы мен сыны бойынша орыс, еуропалық белгілі ғалымдардың еңбектерін жеткілікті деңгейде оқыған білікті ғалым ғана кесек туынды жайындағы өз тұжырымдарын жасай алады. Айқын Нұрқатовтың «Мұхтар Әуезов» еңбегінен біз осы біліктілікті танығандаймыз.

Айқын Нұрқатов Мұхтар Әуезовтың шығармашылық лабораториясын тереңнен түсініп барып, оның ең басты әрі көлемді туындысын «Абай жолы» эпопеясын талдауға барғанын ғалымның өзін теориялық тұрғыдан шыңдау жолы деуімізге болады. Ол бұған дейін М.Әуезовтың шағын әңгімелері мен драмалық туындылары жайында шағын сыни зерттеу мақалалар жазып жариялатып отырды. Содан кейін ғана «Мұхтар Әуезов» монографиясын қолға алып, лайықты еңбек жасап шығарды. Аталған туындыда романның идеясы, тақырыбы, мазмұны, кейіпкерлер әлеміне молынан талдау жасайды. Мұнда біз үшін ғалымның эпопеяны әдеби теориялық тұрғыда талдаулары маңызды. «Абай жолы» романында автордың диалогтарды қолдану ерекшелігі жайында ғалым Айқын Нұрқатов былай деп атап көрсетеді: «М.Әуезов өзінің прозалық шығармаларында диалогты онша көп қолданбайды. бірақ жоғарыда келтірілген мысалдардан драматург Әуезовтың қаламына тән, шебер берілген диалогті көреміз. Әуезов кейіпкерлерінің сөздерінен олардың өздерін қоршаған адамдарға және айналада болып жатқан оқиғаларға деген қатынасы шынайы көрінеді. Кейіпкерлердің диалогтарынан олардың бар тұлғасын танимыз, олардың дауысын естігендей боламыз».

Кез келген прозалық немесе эпикалық поэзиялық туындыларда табиғат суреттерін оқырманның қиял әлемі арқылы анық та, қонымды бейнелеп жазу – қаламгерге үлкен шеберлікті қажет етеді. М.Әуезов – бұл жағынан мейлінше ұтымды да, өнімді еңбек еткен суреткер. Бұл турасында ғалым Айқын Нұрқатов былай деп атап көрсетеді: «М.Әуезов табиғат суретін беруде де өзін үлкен суретші ретінде көрсетеді. «Абай» және «Абай жолы» романдарынан қазақ кеңес әдебиетіндегі пейзаждық классиканың үлгілері болып табылатын тамаша табиғат суреттерін кездестіреміз. М.Әуезовтың қолдануында пейзаж оқиғаның болған орны мен мерзімін дәл көрсетіп қана қоймайды, сонымен бірге ол әрқашан адамдардың характерлерінің типтік сипаттары мен олардың өзара қатынастарын мейлінше мол ашуға да қызмет етеді».

Өз туындысында пейзажды, яғни табиғаттың алуан түрлі қалпын жазушы бекерден-бекер алмайтыны белгілі. Табиғаттың тамылжыған таңғажайып немесе сұсты, сүркей қалпы шығармадағы оқиғалардың ауанымен байланысты болып келетіні туралы ғалым өз зертету еңбегінде көбірек тоқталып, оны «Абай жолы» романында кездесетін мысалдар арқылы дәлелдеп, дәйектейді: «Абай туралы романдарда пейзаж шығарманың оқиғаларын дамытуға септігін тигізеді және оларды өзара тұтастырып, мотивировкалық қызмет те атқарады. Бұған «Абай» романының екінші кітабындағы ақтүтек, дүлей боран суреттелетін эпизод айқын дәлел бола алады. Бұл сурет бір жағынан, кейіпкерлер характерінің кейбір сипаттарын айқындай түседі және оқиғаны өрбітеді, оның себебін айқындайды. Дүлей боранда адасқан Абайлар күтпеген жерден Тоғжан аулын кездестіреді... Ақтүтек, алай-дүлей боран суреттелетін жерлерді оқығанда сол мылқау күшке бейне өзің тап болғандай сезінесің».

Айқын Нұрқатов Абай туралы төрт томдық туындының сюжеттік өрімі мен композициялық құрылысы туралы тоқталады. Жазушы Мұхтар Әуезовтың роман оқиғасын қиюластырып бере білудегі өзіндік тәсілдерін ашып көрсетеді. және де жазушының бұған не себепті барғандығын ашып көрсетуге ұмтылады. Осы арқылы оқырманды М.Әуезов шеберлігінің қыр-сырына қанықтыра отырып, Абай туралы туындының қалтарыс-бұлтарыстарын тануға бағыт сілтейді: «Абай туралы романдар өздерінің сюжеттік өрбуімен, композициялық құрылысының шебер тартылуымен де ерекшеленеді. Тарихи тақырыпқа арналған шығармада сюжет ең басты мақсатқа, яғни тарихи және көркемдік шындықты терең ашуға қызмет етуге тиіс. Әуезов романдарында сюжет осындай қызмет атқарады да. Тарихи адам туралы романда оның бүкіл өмірінің кезеңдері мен оқиғаларын егжей-тегжейіне дейін көрсете беру мүмкін де емес және мұның қажеті де жоқ. Әуезов Абай өмірінің шығарма идеясын ашуға аса қажетті типтік кезеңдері мен оқиғаларын таңдап алады. Романның әр кітаптарындағы емес, тіпті жекелеген тарауларындағы оқиғалардың арасына талай жылдар түсіп кетіп отырады. Бірақ бұдан роман тарихи хроникаға айналып кетпейді, оның көркемдік қасиеті кемімейді. Романның кейіпкерлері әрбір тарауда өсіп, жетіле түсіп, өздерінің жаңа қасиеттерін ашып отырады».

Ғалымның жоғарыдағы біз келтірген пікірлеріне қарап, «Абай жолы» романы туралы монографиялық еңбек М.Әуезов шығармашылығының тек бірыңғай жақсы қырларын тізбектеп танытуға құрылмағандығын да ескертіп өткен дұрыс болады. Әдебиеттанушы сыншы қажет жерінде өзі байқаған кемшіліктерді де көрсетіп отырады.

Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы – қазақ тілінің орасан қуатын, бай сөздік қорын танытатын туынды екендігі айтылып та, жазылып та жүр. Бұл – мәтінтанушы, тілші ғалымдардың құзіретіндегі бағыт болса да, талантты зерттеуші ғалым Айқын Нұрқатов осы мәселеге алғаш көңіл бөліп, ерекшелеп атап, М.Әуезов тілінің синтаксистік құрылысына айрықша мән берген ғалым. Бұл турасында ғалым былай дейді: «М.Әуезов тілінің синтаксистік құрылысы күрделі, алуан түрлі болып келеді. Ол білдіретін ойының кеңдігіне, қарай сөйлем құрылысын да құбылтып, өзгертіп отырады. Жазушы күрделі синтаксиске, құрмалас сөйлемге көп ұмтылады. Бұл оның өмір шындығын, құбылысты, кейіпкерлердің психологиясын терең, толық күйінде суреттеп беру тілегінен туады».

Ғалым Айқын Нұрқатов М.Әуезовтің роман жазуда өз кейіпкерлерінің өмір сүрген дәуіріне сай сөз саптауына, дүниетанымына, ой-өрісі мен әрқайсысының өзіне тән характеріне сай сөздер мен оралымдарды бере білу шеберлігіне тоқталады: «Абай туралы романдарда кейіпкерлердің тілі мен сол кездегі дәуірдің тілі қалай берілгендігі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Әуезов кейіпкерлерінің тілі, олардың өздерінің дүниетануларына, ой өрістеріне, характерлеріне қарай алуан түрлі, әр нақышты болып келеді. Құнанбай, Бөжей, Қаратай сияқты билердің тілінде астарлы мағыналы, тұспал сөздер мол. Мысалы, Бөжеймен ұстасып жүргенде Құнанбай оны қаймықтырмақ болып, мынадай сәлем жолдайды: «Бөжей арыз беріп, аяғымнан алғанын қойсын! Болмаса, сұр шекпенді кигізіп, бойын кездеп, айдатқанша тоқтамаспын!» Осы сөздерге Бөжей де орайлы жауап қайтарады: «Көк шекпенді біздің мырза пішкен жоқ, құдай пікшен. Кім киерін көреміз... ». Романдағы би-шешендердің арасындағы бас мінесулер мен сөз қақтығыстарын беру шеберлігіне, әрбір кейіпкердің өзіне тән ой өрісті сөзге, қимыл-әрекетке ие екендігін, ең бастысы – нанымды, шынайылық тән екендігін тұжырымдай отырып, мұны жазушының көп ізденіс нәтижесінінде қол жеткізген шын шеберлігі, кемелдігі ретінде таниды.

«Абай жолы» шындығында заңғар жазушыны жарық көруге дейін сансыз көп кедергілерге, қиындыққа душар еткен, тағдыры анағұрлым ауыр шығарма екені белгілі. Романның тұтастай бөлімдері қайта жазылып, басты кейіпкерлер тұлғасы 180 градусқа өзгертілуге мәжбүр болғандығын жақсы білеміз. дегенмен, қаншама қиындықтарға қарамастан, қажырлылық танытқан жазушы көп ретте ақын Абайдың өз туындыларындағы мазмұндық, тақырыптық-идеялық сарындарды арқау етіп ала отырып, әдеби көркем шындықты, қазақ өмірінің шындығы ретінде көрсетуді мақсат еткенін сезінеміз. Абай туындыларының бойындағы айқын концепция жазушыға да көмегін тигізгені анық. Мұны өз монографиясында зерттеуші ғалым Айқын Нұрқатов былай деп тұжырымдайды: «Бұл ретте М.Әуезовке шығармаларының нақтылы мазмұнымен, тақырыптық-идеялық сарындарымен Абайдың өзі көп жәрдемдескені күмәнсіз». Расымен де, Абай шығармашылығымен таныс оқырман романдағы кейбір оқиғалар мен эпизодтардың сұлбасынан ақын өлеңдеріндегі кейбір суреттерді танитындығы анық.

Шындығында, Айқын Нұрқатовтың көлемді зерттеу монографиясы жарық көргенге дейін де көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов шығармашылығы, оның ішінде «Абай жолы» романы туралы сан ондаған ғылыми, сын мақалалар жазылып, қаншама белгілі ғалымдар мен жазушылар, әділ немесе солақай сыншылар өз бағасын беріп жатты. Бірақ солардың ішінде Айқын Нұрқатовтың маркстік-лениндік әдіснама талаптарынан бұлжымайтын заманда жазылса да, өзіндік талап пен талғам өлшемінде жазылған монографиясының орны ерекше. Бұл ретте де академик Серік Қирабаевтың мына пікіріне сүйенеміз: «А.Нұрқатов романның көркемдік кестелерін, тіл өрнегін талдауда да ол тұста шет жағалап қана айтылып жүрген психологизм, жазушы және ақындық лаборатория мәселелеріне тереңдеп барып, заңдылық, себеп-салдарлардың мәнін терең ашады. М.Әуезовтің типтік бейне сомдау, характер даралау, пейзаж жасау, сөздік сипаттау тәсілдеріне жүгініп, реалист жазушының суреткерлік шеберлігіне баға береді».

Қорыта айтқанда, әдебиеттанушы ғалым Айқын Нұрқатовтың көлемді зерттеу монографиясы жарық көргенге дейін де көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов шығармашылығы, оның ішінде «Абай жолы» романы туралы сан ондаған ғылыми, сын мақалалар жазылып, қаншама белгілі ғалымдар мен жазушылар, әділ немесе солақай сыншылар өз бағасын беріп жатты. Бірақ солардың ішінде Айқын Нұрқатовтың маркстік-лениндік әдіснама талаптарынан бұлжымайтын заманда жазылса да, өзіндік талап пен талғам өлшемінде жазылған монографясының орны ерекше және ондағы терең теориялық білім мен мен пайым-таным биіктігімен жазылған талдаулар мен тұжырымдар – қазіргі күні де өз маңызын жойған жоқ. Талантты ғалым Айқын Нұрқатовтың есімі қазақ әдебиетінің тарихы, теориясы мен сынына, әсіресе, Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов шығармашылығына қатысты зерттеулерде әрқашан аталып отыруы заңдылық. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген осы. Өмірден ерте озған ғалымның үлкен бір мақсаты – Есіл-Көкше өңірінен туып шыққан шығармашылық иелері жайында көлемді зерттеу еңбек жасау болған екен. Өзі өмірден өткеннен бері қарайғы жарты ғасырдан астам уақыт жүзінде бұл мақсатты кейінгі зерттеуші ғалымдар қаншалықты деңгейде атқара алды – ол оймен таразылауға аса қиындық туғызбайтын ауқым деуге болады. Әрине, Орынбай, Ақан, Біржандардан бастап, Есіл-Көкше аймағынан туып шыққан белгілі туындыгер тұлғаларға қатысты іргелі зерттеу еңбектер жазылғаны анық. Дегенмен, мұның бәріне ғұмыры жеткен болса, Айқын Нұрқатовтай талантты ғалымның өзі зерттеп жазған болса, қалай болар еді деген ой да қылаң берері анық. Мұхтар Әуезов Абайды, Абай Мұхтар Әуезовты жалпақ әлемге танытқан көлемді де күрделі туынды – «Абай жолы» роман-эпопеясы туралы ең алғашқы толымды талдау еңбек жазған талантты ғалым Айқын Нұрқатовтың елеулі еңбегі ешқашан ұмытылмауы тиіс деп білеміз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар