Өлмейтін «Өлім гүлі»

Бөлісу:

18.08.2021 4917

Жазушы Ертай Айғалиұлынынң хикаяты турасында

Әдебиетте тың тақырыпқа қалам тербеп, алғашқылардың бірі, һәм бірегейі болып үн қату да қаламгердің өз табиғатына тән айрықша қасиеттерінің ең бастысы болса керек. Көп ешкім бойлап бара бермейтін тұңғиық тақырыптарды таба білу, оның салмағын таразылап, оқырманға шынайы мәйегін жеткізу-қарымды қаламгердің үнемі үлкен ізденіс пен шығармашылық еңбекқорлығының жемісі болып табылады. Ендігі әңгіменің өзегі көрнекті балалар жазушысы, қаламы жүрдек журналист, көптеген әдеби байқаулардың жүлдегері Ертай Айғалиұлының шығармашылығы хақында болмақ.

Бала оқырмандарын бірқатар туындыларымен қуантумен келе жатқан жасампаз жазушы соңғы кезде өте салмақты тақырыпта хикаят жазды. Тіпті Қазақстан көлемінде бұл тақырыптың жілігін шағып, майын ішкен суреткер жоққа тән. Ертай Айғалиұлы қаламынан ащы шындықты өзек ете туған хикаят «Өлім гүлі немесе Қытай лагерінен қашқан қыздың қанды күнделігі» деп аталады. Атауының өзі мөлтек сыр шертіп тұрған хикаятты тақырыптық, идеялық, көркемдік, тәрбиелік құндылық тұрғысынан талдап көрелік.

Тұшымды тақырып-көркем шығарманың басты діңі. Өзекті тақырып-әдеби туындының әлуеті. Ертай жазушының аталмыш хикаятына осы қасиеттер тән. Әлі көпшіліктің аузына әдебиет арқылы іліне қоймаған тың тақырыпқа тұңғыш болып батылдықпен, азаматтықпен, ұлтжандылықпен қалам тартып, негізгі арқауын сәтті тапты. Хикаят Қытайдың азап лагерінде зорлық-зомбылық көрген қазақ қызының өмірін шындыққа негіздей отырып ашына сипаттайды. Қытайдағы мұсылман бауырлардың, қандас қазақтардың басына түскен зұлмат кезеңнің бар ақиқаты хикаятқа тақырып болып тоғыстырылған. Қаламгер терең тақырыпты бүге-шігесіне дейін шеберлікпен аша білді. Мұсылман болғаны үшін, қазақ болғаны үшін Қытайдың түрмелері мен азап лагерълерінде хайуаннан бетер қорлық көрген жандардың тауқыметті тағдырларын тебірене жазу үшін суреткерге сұлу сөзден бөлек үлкен жүрек керек. Ертай қаламгер өз болмысына тән азаматтық жүрекпен туындыны жан тебірентерлік көркем деңгейде, әрі ақиқаттың ащы жасын тамыза отырып түйіндеп ұсынып отыр. Соны тақырыпқа төтеден жол салуымен де Ертай жазушы ның әдеби мұрасы өзіндік бедермен даралана алады.

Көлемді хикаятқа бір ғана тақырып азық болмағаны айдан анық. Туындыға іргетас болған келесі тақырып-Қытайдан Атажұртқа аңсары ауған қазақ бауырларды белгілі себептермен тұқыртып, тарихи Отанына барар жолын жауып отырғаны. Көркем айшықталған осы тақырып қазіргі қоғамда қаны тамшылаған шындық. Хикаятта басты кейіпкер қашқын қыз концлагерьде өмірден үміт үзген сексен жастағы кейуананың тақсіретін баян қылады. Қарт ананың жанұясы Қазақстанға қоныс аударып үлгерген. Ал ананы мұғалімдік қызметінен босатпай, паспортын алып, кейін нақақтан-нақақ түрмеге жабады. Осы бір ғана ана образы арқылы жазушы Қытайдан Қазақстанға, өз еліне оралуды арман еткен миллинондардың тағдырын бүкпесіз жеткізеді. Бұл-шындықпен өрілген екінші тақырып.

Тақырыптар жүйесінің және бірі-Қытай жерінде өмір сүрсе де, қазақ тілін, дінін, ұлттық салт-дәстүрін сақтап қалуға бар жанымен тырысқан, сол үшін қан жұтуға да дайын бауырластарымыздың отансүйгіштігі. Бұл тақырып басты кейіпкер жас қыздың «Мен қытайдан қорықпаймын!» деп өршеленген әрбір сөзінде, әр әрекетінде әдіптелген . Хикаятта Қытай жерінде бодандыққа қарсы шыққан Оспан батыр жайы тілге тиек етіледі. Қазақ ауылдарында қазақ мектептерінің жабылуы, мешіттердің қиратылуы, ораза тұтып, намаз оқығандардың қайта тәрбиелеу лагерълеріне айдалуы-осының барлығы аталмыш тақырыптың көрініс берген шақтары.

Тақырыптар шоғырының көркем кестеленген келесісі-дін мәселесі. Ауылда мешітті жауып, қарсылық білдірген имамды түрмеге айдап әкетеді. Мешіт ғимаратын «әлдекімдер» түн жамылып келіп, тас-талқан етіп бұзып тастайды. Соны көрген қазақтар үнсіз тұнжырап тұрғанда, қаршадай қыз қытайларға ашық наразылығын білдіріп, ортаға шығады. Бұл оның күрес жолындағы ең алғашқы қадамы еді. Кейін осы батырлығы оның түрмеге жабылуына сылтау болады, әрі оның бойындағы күрескерлік, қайсарлық, азааттық, имани рухын көтере түседі. «Қытайлар-құдайсыз кәпірлер. Олар өздерін құдай санайды,»-деген кейіпкер аузына салынған сөздер арқылы аспанасты елінің сұрқия саясатын автор ашық шенейді. Бұл-жолбарыс жүректі жазушының өр қасиеті.

Хикаятқа айшықты әсем бояу берген тартымды тақырып-махаббат жайы. Дінге махаббат, Отанға сүйіспеншіліктен бөлек жастар арасындағы ақ махаббат нанымды суреттелген. Кейіпкер қыздың жігіті (хикаятта ешбір кейіпкердің аты аталмаған) өз махаббаты үшін жас жанын құрбан етеді.Ханзу еркек күшпен әйелдікке алмақ болған сүйген қызымен бірге тау ішіне қашып, үңгірге бір қонып, ертеңіне «Қазақстан, қайдасың?» деп шекара аспақ еді. Ол ниеттеріне жете алмай, қытай әскерилерінің қоршауында қалады. Бір ханзуды жер жастандырып, өзі де өлім құшады. Бұл әрекетінен жігіттің өз махаббатына адалдығы, оны қорғау үшін өмірін де құрбан етуге ойланбастан барғандығы қалың оқырманға үлгі. Бұдан өзге қашқын қыз түрменің ауруханасына түскенде, оған ғашық болған мұсылман ханзу жігіттің махаббаты да көңілді сүйсіндіреді. Дәрігер жігіт ауыр соққыдан әбден қалжырап, өлімші болған қызға бар көмегін аямай, оған шынайы ғашық болады. Өзіне сенімсіздікпен қараған қызға Қытай елінің сойқанды саясатын жек көретінін, ханзу бола тұра, адамгершілік шеңберінен шығып кеткен қандастарын қолдамайтынын айтып, ағынан жарылады. Қызға үнемі келіп, қамқорлық жасаған ханзу жігіт те кейін сұм саясаттың құрбаны болып, қатыгез үкімге кесіліп, қайта тәрбиелеу лагеріне жіберіледі. Махаббаттардың төресі бауырлардың махаббаты десек, бұл тақырып та хикаятта өте айшықты астарланған. Шекарашы Бауыржан қызметін атқару барысында қытай тарапынан оқ жауғанда, қараңғыны тілгілеп, көмекке келеді. Сол жерде қансырап жатқан қызды жолықтырады. Оны шекарадан бері өткізіп, жөн сұрасады. Өлер халге жеткен қыз «ағатайлап», қойнындағы күнделігін ұсынады. «Аманатымды Қазақстанға жеткіз, әлемге дабыл қағыңдар,»-деп қыз шекарашының құшағында көз жұмады. «Өксіп жылаған Бауыржан» қандас бауырласының ерлігіне сүйсініп, сұлулығына тәнті болып, ойынан шығара алмай ұзақ жүреді. Ақыры ойлай-ойлай бірнеше рет қызды түсінде көреді. Өзі атын да білмейтін ер жүрек аруды жүрегінен жұлып тастай алмайды. Міне, бұл Қазақстандағы қазақтардың өзге елдерден келген бауырларына құшақ жайғандағы бауырластық махаббаты.

Хикаятқа алтын арқау болған тақырыптардың түйіні-тәуелсіздік жайы. Кейіпкерлерге түйдекті сөз беру арқылы автор бұл тақырыпты батыл түрде батымды ұсынады. Қытайдың ендігі көздеп отырғаны Қазақстан екендігін, оның жерін иемдену мақсатында лек-легімен инвесторлар жіберіп, жігіттерін қазақ қыздарына көптеп үйлендіріп, түрлі зиянды тауарлар көшін жөнелтіп жатқандығын кейіпкер аузына салады. Кейіпкер қыз осы хабарды туған еліме жеткізу үшін өлімнен де тайынбайды. Ал Қытайдың инвесторларының молынан келгені, жігіттерінің қазақ қыздарына үйленуге асық болу себептері, қарасын қалыңдатып базарларын ашуы, Қазақстанда қарақұрттай қаптаған қытайдың өріп жүргені-бүгінгі өміріміздің бұлтартпас ақиқаты. Сол ақиқатты көркем туындысына тірек еткен жазушы Ертай саяси тақырыпқа да жүрекпен барып отыр. Қанды күнделігіне осы жайттардың бәрін жіпке тізген кейіпкер қыз аманатын еліне жеткізу үшін қаһарманға айналды. «Сыртқы күштерден еліміздің тұғырлы тәуелсіздігіне нұқсан келмесін!»-деген биік ой хикаяттың өн-бойында асқақтап тұр.

Бір шебердің қолынан шығып, түйдек-түйдегімен тарамдалған тақырыптар жүйесі өз кезегінде идеялар тоғыстығын тудырады. Көркем шығарманың тақырыбы мен идеясы өзара егіз үндестікте. Бұл сарындастық, әсіресе, тақырыптар үйірі мен идеялар шоғырында ұтымды сипат алады. Ендігі кезекте хикаяттың табиғатына тән идеялардың кесектігі мен шыншылдығын сөз етеміз.

Жазушы өзі ұсынған көркем идеяны түйінді сөз арқылы да беруі ықтимал, әрі қалыңға «жасыруы» да бек мүмкін. Осы екі ерекшелікте Ертай қаламына тән болып табылады.Жоғарыда аталған алты бірдей тақырып алты түрлі идеямен сәйкеседі. Мен паш еткен алғашқы тақырып-мұсылман, қазақ болғаны үшін азапқа түскен тағдырлар жайы. Осы тақырып мұсылмандыққа қарсы от шашқан аждаһа Қытай елінің сұм саясатын тоқтату тетіктерін іздеу идеясымен егіздеседі. Кәмелетке де толмаған қаршадай қыз түрмеге түскенде, тергеушілер «намаз оқыдың ба?» деп сұрақтың астына алады. Алланың атын айтып, Жаратушысына адал екенін жеткізген қызды оңдырмай тепкілеп, бірнеше рет азаптайды. Осы тұста қыз бейнесі жиынтық образға айналады. Ол-Қытайдың азап лагерьлерінде еш жазықсыз қорлық пен зорлық көрген, небір құқайды бастан кешіріп жүрген миллиондаған мұсылмандардың символды бейнесі. Алғашқы идеяны қаламгер осылайша кейіпкердің әрекеттері арқылы «құпиялап» ұсынады.

Ал екінші идея-Қытайда көздері жәудіреп, Атажұртын арман еткен бауырластарымызды елге қайтару. Бұл идеяны автор түйінді сөздермен ашық береді. Хикаяттан үзінді келтірейін: «Сіздерге, Атажұрт қожайындары, тағы бір өтінішім бар. Осы Қытайды жайлаған, қазір етектері жасқа толып отырған бауырларыңызды жолын тауып, дереу көшіріп алыңыздар. Енді Қытай бұларды аямайды. Аяп та жатқан жоқ.» Қанды күнделіктің соңғы беттері осы сөйлемдермен қасіретті өтініш селін сорғалатып тұр. Идеяашар түйінді сөз әйгіленіп, көзі қарақты оқырманның жүрегіне бойлайды.

Үшінші көркем идея Қытай жеріндегі қандас бауырларымыздың туған тіліне, дініне, салт-дәстүріне шексіз құрметі мен шынайы берілгендігін насихаттайды. Бұл асқақ идея кейіпкерлердің іс-әрекеті мен сөздері арқылы беріліп отырады. Қазақ мектебі алғаш жабылғанда, ауыл тұрғындарының қасіреттен шөгіп кетуі-тіліне деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісі.

Төртінші кесек идея-діннен бас тартпау. Қанша тақсірет тартса да, ата-баба қанымен берілген дініне адалдығын сақтап қалған кейіпкер арқылы осы идеяны тұнық күйде оқырмандарынң жүрегіне жеткізе білді.

Сезімдердің патшасы-махаббат тақырыбы хикаятта әсем әдіптелген. Қанды күнделіктің әр бетінде болмаса да, ара-тұра баяндалған оқиға желісі арқылы махаббатты дәріптеу идеясы атойлайды. Ғашығымен тауға қашқан жас жігіт тағдырының алдынан тек тұзақ құрарын өте жақсы біледі, әйтсе де махаббатымен бірге болуды артық көреді. Қарақан басынан гөрі сүйгенімен бір болып, өліп кетуді де бақытқа балайды. Ал қашқын қызға ғашық болған мұсылман ханзу жігіт қатерге басын тігіп, оған көмек қолын ұсынады. Мұның арты өз басына қауіпті екенін білсе де, көңілінің төрінен орын алған бойжеткен үшін аянып қалмайды. Осы оқиғалар арқылы автор адал махаббат иесі болудың зор бақыт екенін астарлайды.

Мен атаған соңғы, түйінді тақырып-ел тәуелсіздігі жайы. Бұл тақырып идеяға айналғанда, қаламгер туындысының барлық бай болмысын осы идеяға байлап береді. «Қазақ елінің егемендігі, асқақ азаттығы ешқашан сынға түспесін!»-деген рухты идея кейіпкердің сөздерімен айқын нақышталған. Үзіндіге кезек берейік: «Еліміз, қазағымыз аман болсын. Атажұртыма айтар өтінішім мына қытайдан сақтаныңыздар. Оларды жолатпаңыздар. Келер ұрпағыңның қамын ойласаңдар, ханзудың тамағын аштан қалсаңыздар да жемеңіздер, киімін кимеңіздер. Оларды бұлар жақсы ниетпен бермейді. Қырылсын деген оймен береді.» Қашқын қыздың қанды күнделігінің соңғы парағында осы сөйлемдер жазылған. Суреткер Ертай осы кейіпкер қыздың сөзі арқылы Қазақ елінің тәуелсіздігін сақтау идеясын ту етіп көтереді. Сонысымен де хикаяттың өміршеңдігі, жан-жақты құндылығы арта түседі.

Алты тақырып пен алты идеяны сабақтастыра баяндадым. Келесі сөз хикаяттың көркемдік табиғаты турасында болмақ. Жалпы, қаламгердің тілі жеңіл, қарапайым. Күнделік формасында оқиғалары ойната берілген туынды барлық жастағы оқырмандарға бірдей түсінікті. Жеңіл тіл оқырманын жалықтырмай, шытырман оқиғалар желісімен ойға қалдырып, біресе мұңға батырып жетелеп отырады. Хикаяттың тілі аса күрделі емес, жеңіл болғандықтан, туындыны мектеп бағдарламасына енгізіп, оқушыларды да сусындату мүмкіндігіне ие. Ал шығарманың шырайлы тәрбиелік құндылығы төңірегінде сөз қозғар болсақ, көркем идеялар шоғырын айту жеткілікті. Туған тіліне сүйіспеншілік, иманы берік, арынан таймайтын биік азаматтық, «қазақ» деген бір сөзді бірліктің ұранындай көру, ақ махаббатты пір тұту-осының барлығы асыл тәрбиенің қайнар көзі. Бұл қазіргі қоғамға ауадай қажет, құйма алтыннан да қымбат құндылықтар екені даусыз.

Хикаяттың соңғы беттерінің бірінде мынадай сөйлемдер кейіпкер Ермек жазушының аузынан айтылып, жалын шашады: «Ендеше, намыс туын көтеріп, жат жердегі оларды, бауырларымызды құтқаруға қам жасайық. Қалың Қытай жеріне сыймай жатыр. Артық адамдар оларға қажет емес. Бәлкім, ел болып халықаралық ұйымдарды пайдаланып талап етсек, оларды елге әкелуге септігі тиіп қалар. Дұға тілейік. Әрекет етейік, ізденейік.» Осындай ұранды ой тастаған автор Ертай Айғалиұлы бұл шығармасын жазуға Қытай елінен жеткен үшбу хат тікелей түрткі болғанын мәлімдеді. Соған қоса түрлі қоғам қайраткерлері мен Қытайдан келген, тіпті қашып шыққан адамдармен сөйлесіп, ақиқатына қанығып, туындысының шындық тірегін нығайтқанын да жеткізді. Яғни, «Өлім гүлі» хикаяты-аласапыран қоғам шындығынан туындаған өлмес туынды. Бұл бір оқып, самарқау бас шайқап қоя салатын уақытша шығарма емес. Бұл-ақиқатпен астарланған, көркем тілмен көмкерілген, алуан түрлі құндылықтармен құбылған мәңгі өлмес таңғажайып туынды.

Айзат Рақыш

Бөлісу:

Көп оқылғандар