Эндре Ади. Парижді күз кезіп жүрді
Бөлісу:
Венгердің әйгілі ақыны Эндре Адидің (1877-1919) бірнеше өлеңін ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Раушангүл Зақанқызының мажар тілінен тікелей аударуында жариялап отырмыз.
Парижді күз кезіп жүрді …
Парижге кеше күтпеген Күз келді,
Әулие Михаил көшесімен жылыстап.
Шіліңгір ыстықта жолықты маған
Қалың жапырақ астында, тынышта.
Сенаға қарай жол тартқан едім,
Жанымды жауратты бір әуен ‒
Шерлі де сырлы әуен өлімім жайлы –
ақырын тыңдап ем.
Күз маған сұмдықты жеткізді сыбырлап,
Әулие Михаил көшесі үн қосты үрейге .
Жапырақтар кенет сыбдырлап,
желге ұшты.
Жаз шегінбеді. Қас-қағым сәтте Күз
Парижден қашты күліп, сақылдап.
Бұтақтың астында мен едім
Күзге жолыққан жақындап.
***
Қас-қағым
Жүзімді сүй, Өмір,
жалын құшсын балбырап тәнім.
Әйелдер, үйлер, көшелер …
өртенер жүрек те, қиял да ‒ бәрі,
өлместей көрінер ештеңе.
Қас қағым… шайтандар келіп
жалынды үрлейді, тек сұп-суық демі
күмәннің аяздай қарыған.
Дүниеге кірленген тәнге
іздейді кебенек пенде.
Думанның таяп ақыры, ес кірер,
Көңілге мұздай мұң орнығып.
Сол мезет шайтанның сайқал күлкісі естілер:
«О, пақыр, жердегі тірлігі дүбәра,
Тәнің арылмас күнәдан».
Қас-қағымда қалмас күлі де,
өледі ханзада міскіні.
Өшкенде тірліктің ұшқыны,
дер диуана болса мұрсаты:
«Қатыгез Құдай, берсең ед
Жердегі өмірдің бір сәтін».
***
Ұрпағы да, ұлы атасы да …
Ұрпағы да, ұлы атасы да,
Туысы да, танысы да
Емеспін ешкімнің,
Емеспін ешкімнің.
Бар адам секілді мен де ұлы екем:
Тым суық, жұмбақ, тым бөтен,
адасқан бір сәуле,
адасқан бір сәуле.
Ӏшімде сырды қалғым жоқ іркіп,
Көрсетсем жанымды жасырмай, шіркін,
көрсін бәрі де,
көрсін бәрі де.
Aзабым жыр боп жүректен тамар:
Жаным біреудің сүйгенін қалар.
Болсамшы біреулік,
Болсамшы біреулік …
***
Арбадағы түнгі жол
Бүгін Ай көрдім сынық,
Дала тұр ішінен тынып,
Көңілде қалды-ау мұңы,
Бүгін Ай көрдім сынық.
Бөлінді барлық бүтін,
Оттар шоқ болып сөніп,
Сезімім күл-парша сынып,
Бөлінді жаным бүтін.
Артында өкініш қалған,
Бірде мұң, бірде шу ‒ жалған.
Өмір ‒ ескі бір арба
Барады сүйреп күн алға.
***
Менің мажарлығым
Менің мажарлығым
Бәрінен ащырақ,
Бәрінен ақиқат.
Менің мажарлығым
Қан жоса, қара
қайғысы дара.
Менің мажарлығым
Өр – қамал биік,
Өр – іші күйік.
Менің мажарлығым ‒
қарғыс де, мейлі,
Ең адал деймін.
***
Көкке лақтырған тасыңмын …
Көкке лақтырған тасыңмын
Көкке лақтырған тасыңмын, кіші елім ‒
Айналып өзіңе түсетін,
қарсы ал ұлыңды.
Биікке өрлеп, озса да өзі алға,
Бақыттан басы айналып, құлар тозаңға -
содан жаралған.
Мәңгі сағыныш, құтылмас қашса да,
Мажар сағыныш қанша басса да,
қайта лаулайды.
Құлазып, құса құрығына түскенде,
Алданып, махаббат уын ішкенде -
мұңлы мажармын.
Көкке атқан тасыңмын, жүрегім шерлі.
Атыңа әрқашан лайықты ермін -
тік қарар бетіңе.
Пейіл парағын көрерсің ашып,
Жүз рет көкке атсаң, жүз рет түседі тасың
өзіңе, туған жер.
Сегед, Мажарстан
Бөлісу: