Обал мен Зауал

Бөлісу:

06.09.2021 5267

Владимир Набоков – 1899 жылы Санкт-Петербургтың аристократтар отбасында дүниеге келген ұлы орыс жазушысы. Өзі туралы Набоков «Ресейде туып, Англияда білім алған америкалық жазушы» екендігін айтады. Қиқар мінезімен, қарама-қайшылыққа толы болмысымен, асқақ та паң қалпымен айналасына танылған жазушының отбасы 1917 жылғы революциядан соң, Петербордан біржола көшіп, Қырымға қоныс аударады. Әуелде әдебиет әлемінде пышақтың қырындай ғана өлеңдер жинағымен әйгіленген Набоков туралы Бунин: «Бір жас жігіт апыл-ғұпыл келді де, қабырғасы қаусап тұрған шалдарды бір-ақ оғымен жайратып салды», - дейді. Қырымда орыс әдебиетіне танымдық мақалаларымен, асау да нәзік лиризмге толы поэзиясымен танылған жазушы өз шығармаларын әуелде «Сирин» (жұмақ құсы) лақап атымен жариялайды. Кейін Ұлыбританиядағы Кембридж университетінде білім алған Набоковтың тынымсыз ізденісі толастамай, аударма саласымен айналысады. Өз ғасырының постклассигі Набоков өзіне дейінгі аға-буын өкілдеріне танауын делдите қарап, Достоевкийді детективті романдардың авторы ретінде ғана танып, «журналиске» теңесе, Толстойды «шынайы өмірден жоғары көтеріле алмаған» деп күстаналайды. Ал мүйізі қарағайдай Пушкинге «орыс өмірінің нағыз бояуын бере алмаған ақын», - деп шүйлігеді.

Ұлыбританиядағы оқуын тәмамдаған Набоков біршама жыл Берлинде аялдап, репетиторлықпен шұғылданып ақша табады. Мыңдаған орыс жазушылары, дипломаттар, суретшілер, саясаткерлер мен жүзге жуық ресейлік баспалар көшірілген Берлин қаласы 1920 жылдардың басында орыс эмиграциясының орталығына айналды. Аталған ортамен етене жақын араласқан Владимир Набоковтың көптеген әңгіме-хикаяттары осы қалада жарық көрді. Орыс тілінің өзінде сегіз роман, ондаған әңгімелер жинағын жазып шыққан жазушы интеллектуалдық дарынымен, жойқын қаламгерлік қуатымен әлем әдебиеті оқырмандарының таңдайын қақтырып, басын шайқатты. Ағылшын тілінде жазылған «Лолита» романы жазушыға жаңа өріс ашып, танымал қыла түсті. Әйткенмен қырық жастағы ер адамның он екі жасар қызға ынтық құмарлығы туралы жазылған романы сыншылар тарапынан қатаң сынға ұшырап, тіпті Ресей жерінде оқылуына қатаң тыйым салынды. Бұдан бөлек «Машенька» (1926), «Король, мәтке, балта» (1928), «Лужин қорғанысы» (1930), «Қапас құрсауы» (1933) секілді әйгілі романдары бар.

Біздің сөз еткелі отырған шығармамыз – «Қапас құрсауы». Оқиға алаңы Германияда өрбиді. Бас кейіпкер (өнертанушы) Кречмар өткені беймәлім, балауса қыз – 16 жасар Магдамен тағдыр айдап, театрда кездеседі. Нәпсісін тізгіндей алмаған ол отауласқан зайыбы мен туған қызын тастап, көңілдесімен біржола жөнеп береді. Ары қарай оқиға шебер қиюласқан үстіне бояулар баттасып, оқырман жүйкесін әлсін-әлсін қытықтайды. Әкесінің қайта оралмауын жүрегіне ауыр қабылдаған қызы тұмаудан көз жұмады. Бірер жыл өтер-өтпестен Магда Кречмардың үйінде өзінің алғашқы ғашығы 30 жасар карикатурщик Хорнмен аяқ асты ұшырасып, балалық, балғын, пәк сезімі қайта қылаң береді. Ортақ танысы Хорнмен әмпей-жәмпей болған әзәзіл кейпіндегі өрімдей қыздың түлкі бұлаңға салуы ішкі ұжданыңызды мазалайды. Францияға жасалған саяхаттың ақыры аянышты аяқталуы бес мүшеңізді тітіркендіріп, төбе құйқаңызды шымырлатып, санаңызды сабылтады. Кречмардың көзін ала бере, адал кейіп танытқан досы мен бетперде артындағы шөпжелке қыздың жиіркенішті ләззатқа батуы – ең үлкен трагедия. Байлыққа құныққан екеу... Бейкүнә Кречмар... Опасыздардың іш тысты диалогы... Аз уақыттан соң бар шындыққа қаныққан Кречмар ашу үстінде көлік рөлін тізгіндей алмай, айналма бұрылыстардың бірінде апатқа ұшырайды. Қос жанарынан айрылған ол «қараңғы қапас құрсауында» ішкі жалғыздығымен бетпе-бет келіп, ар азабын бастан өткереді.

Магда оған (ортақ танысы) Горннің жазған хатын оқып, Кречмардың өзіне қатысты көзқарасына ренжіп, Америкаға кеткенін хабарлайды. Ал іс жүзінде сайқымазақтық жалғаса береді. Дәрігердің нұсқаулығына сәйкес Швейцарияның таулы аймағынан үй жалдап тынығуды ұйғарған Кречмардың жарық әлеммен байланысы үзілгенін пайдаланған екі желөкпенің қойылымы ашық әжуаға ұласады. Байлығын иемденбекке әлденелерді сылтауратып, қағазға қолын қойдыртып, бар жиған дәулетін өз аттарына өткізеді. Сорақысы, сол: сақал-шашы өсіп, жүнжіп кеткен бейшара Кречмардың тас-түнек әлемінің сыртында ойнастық жасап, ұят-аяттан жұрдай имандарын саудалайды. Кречмар бөлмедегі бөтен кісінің иісін, жүрісін, тынысын сезгенімен, өзін-өзі алдарқатып, жанары байлаулы, тілі күрмеулі, аяғы кісендеулі қалпында амалсыз бәріне көндігеді. Оны бұл азаптан бұрынғы әйелінің ағасы (Макс) құтқарып, Берлинге қайта оралады. Ғашығындай сенгені сеніміне селкеу түсіріп, жақынындай көрген адамы жат болып, қисапсыз аярлығын естіген уақта соқыр көзінен бір түйір жас шықпай, қиналады. Күтеді... Магданың бұрынғы үйінде қалған қажет керек-жарағын алуға келетін мезетін күтеді. Күткен Магдасы да келеді. Ескі үй... Магданың бөлмесі.... Шүріппе... Атылған оқ... Бірақ жып-жылы қан неге Кречмардың кеудесінен ақты? Өлім... Бұл – «Қапас құрсауында» құмыққан дауыстың бостандыққа шығуы. Романның ұзын-ырғасына осылай.

Владимир Набоков – кейіпкерлерінің мінез-құлқын терең зерттеп, ашуға тырысқан психолог. Сәл шегініс жасайық. 1867 жылы жарық көрген Эмиль Золяның «Тереза Ракені» немесе Франсуа Мориактің «Тереза Дискейру» романдарындағы жағымсыз кейіпкер секілді мұндағы «Магданы» қаралауға, шалыс басқан қадамының зардабын еселеп тартқан Кречмарды ақтап алуға келмейді. Себебі сәби күнінен жүрегіне мейірім дәнінің егілмеуі, ата-анасының ыстық ықыласын сезінбей өскен Магданың жеңілтек өмір сүруі, қара күштердің ырқынан шыға алмай жастай жеңілуі, бәлкім жанұясындағы тәрбиенің жетіспеуінен шығар. Ал Кречмар жайлы әңгіме мүлдем бөлек. Романның түпнұсқадағы атауы – «Обскур Камерасы». Автор романды неліктен бұлай атады? Мүмкін түпкі идеясы басқа дүниені меңзейтін болар. Өйткені «Обскуратизм» терминінің анықтамасы ілім-білімге, ағартушылыққа қарсылықтан туындаған. Қараңғылықтың «қапас құрсауына» бір құласаңыз, одан ары құрдымға құлдилап, жұтыла беретінінен хабардар етеді. Бозбалалық дәуренінде Ресейден алыстап, елі жайлы естеліктерінің отына жылынатын, сол еліне іші-бауыры езіліп, сағынатын Набоковтың кетуіне мәжбүр қылған кім? Мүмкін бұл шығарма жазушының жүйеге қарсылығынан туған роман болмасына кім кепіл?! Артында қалған Ресей қоғамын қайта құруға күш салған қайраткерлердің жүз мыңдап қуғын-сүргінге ұшырап, атылып, қудаланып, жер аударылуы жанын ауыртқан болар?..

Жазушы қоғамда болатын оқиғаларды өз ойымен одан әрі шиеленістіре түседі. «Адалдық» ұғымына қиянат қылған пенденің көзін шел басып, құлқын құмарлығының құрбанына айналып, обалы ұратынын, «сұлулық өзіне ерсі қызыққанды әуре-сарсаңға салатыны» былай тұрсын, қорлаудың бірнеше сатысынан өткізетінін жеткізгісі келгендей. Себебі шығармада Кречмардың қос жанарынан айырылуы – осыған айғақ.

Дәстүрлі қазақ әдебиетінде де жанарсыз кейіпкерлер аз емес. Мәселен, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың «Жанарсыз адам келеді» атты өлеңі бар:

Топсасы жұмыр тобылғы томсарып алып келеді,

Толайым мына тірлікті тобылғы таяқ көреді.

Толғанып жүрген бейбаққа, тобылғы таяқ тіл бітсе:

- Алдыңда ор бар, аяулым, бері жүр, бері! - дер еді

Көрінбей оған көктем түр, көрінбей нұр тұр себелеп,

Toп қыздар өтіп барады – топтанып ұшқан көбелек.

Жанарсыз адам келеді, аттай да алмай жақсылап,

Тозығы жеткен асфальтты тобылғыменен шегелеп.

Іздейді көзін басынан, іздейді көзін аяқтан,

Іздейді көзін қолынан, іздейді көзін таяқтан.

Жанарсыз адам келеді... Жанарлы бейғам тірліктен,

Жанарын даулап, дүниені таяқпен түртіп оятқан.

Бірақ біздің «Қапас құрсауы» шығармасындағы басты кейіпкер Кречмардың бейғам тірліктен жанарын даулауға шарасы қайсы?! Көру мүмкіндігінен айырылған жазықсыз жанардың алдындағы мәңгі түннен саңылаудай ғана жарық іздеген тән мүгедектігінің азабы жан мүгедектігіне қарағанда жеңілірек тәрізді.

Әйгілі жазушы Оралхан Бөкейдің осы сарындас «Жылымық» әңгімесіндегі басты кейіпкер Жанардың қайғылы оқиғасын санамыздың сүзгісінен өткізсек, айдай ақиқатты қабылдауға мәжбүр боламыз. Көзіне операция жасатып, ұшақ ішінде жан жары мен жан досының бір-бірімен сүйіскенін көрген соқырлар мектебіндегі ұстазы арсыз екеудің өзінен ұялмағанына іштей өкініп, күнәға толы арсыз қоғамды қарғап-сілемеуші ме еді? Демек парасат пен пайымның, сана мен сезімнің, ақыл мен жүректің соқырлығанан өткен мүгедектік жоқ.

Философияда «адамзат – тұтас бір организм, оның бір мүшесі кеселге шалдықса, қалған мүшелері де зардап шегеді» деген қанатты сөз бар. Біз өзімізді «қапас құрсауындағы» Кречмардың орнына қоюға дәтіміз жетіп, шамамыз келе ме? Біздің соқыр әлеміміздің сыртында адам төзгісіз қандай қылмыстар орын алып жатқаны Құдайға аян. Жоғарыда сөз еткен Оралхан Бөкейдің «Жылымығындағы» Жанардың ұстазы сауалға жауап бере алмай, әкесінің айтқан ескі әңгімесінен үзінді келтіретін тұсы бар. Ертеде мұрны пұшық, аяғы ақсақ, құлағы саңырау, беті шұбар, тілі сақау, белі бүкір Өлмесек атты ақсақалдың қолы сынып, ауырып жатқанда: «Әй, Құдай, бейнетіңнен сақта!» деген тілегіне інісі: «Саған Құдайдың бермей қалған бейнеті бар ма?»-деп ұрысады екен. Осы новелладағы Өлмесек ақсақалдың бейнесі көз алдымда көлбегенде, ойыма бірден біздің «аса шүкіршіл» қоғам орала береді... Орала береді...

Бөлісу:

Көп оқылғандар