Естеліктер жазылар мен туралы

Бөлісу:

27.09.2021 4637

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан жазушылар, ақындар, драматургтер мен ғылым қайраткерлерінің шығармашылығын насихаттауға арналған «Рухты қалам қайраткерлері» атты іс-шара ұйымдастырылды.

Сонымен қатар шара барысында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойы атап өтілді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген ақын мерейтойының қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев твиттер парақшасында: «Мұқағали поэзиясы бүкіл қазақтың болмыс-бітімі, сырлы, сезімге толы жырлары туған халқының жүрегінде мәңгі сақталады» деп жылы лебізін білдірді. Ұлттың мәдениеті мен әдебиетіне зор үлес қосқан қаламгер туған өлкеге, отанға, ұлтының тарихына, қоршаған әлемге құштарлығын, әйел жаратылысына деген махаббатын өміршең өлеңдерімен өрнектеген болатын.

Егемен ел атанғалы бері қазақ халқының рухани азығы, жан тынысы іспетті мәдениет пен руханият саласын дамытуға көңіл бөлініп келеді. Жыл басынан бері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін 500-ге жуық іс-шаралар халықаралық, республикалық, аймақтық деңгейде болып өтті. Биыл ұлт ұстазы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, және мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы. Зиялы қауым өкілдері жиылған жиында ақынның іні-қарындастары бұрын-соңды көп айтыла бермеген естеліктерімен бөлісіп, дұғасын бағыштады. Дөңгелек үстелде бас қосқандардың тізімінде ҚР Ұлттық музейінің басшысы Арыстанбек Мұхаммедиұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, ақын Ақұштап Бақтыгереева, драматург, жазушы Сәбит Досанов, ақын Баянғали Әлімжанов, сыншы Амангелді Кеңшілік секілді қайраткерлер болды.

Ақынның замандастары, қатарластары жыл санап сиреп келе жатыр. Көзін көрген інілерінің бірі профессор Мырзатай Жолдасбеков аталмыш іс-шарада баяндама жасап, сөз бастады.

Қазақ мемлекеттік университетіне жаңа қабылданып, жұмыс істеп жүрген күндерінің бірінде Мырзатайға ағасы Мұқағали келіп, оныншы сыныпты бітірген ұлының заң факультетіне түсуге ниеті барын айтып, қолдан келер көмегін аямауын өтінеді. Інісі Мырзатай бір орынға он жеті адамнан келетін заң факультетіне оқуға қабылданудың қиындығын айтып, уәде бере алмайтынын жеткізеді. Сары тентегімді жетектеп, үйден шығарда зайыбым Лашын, жоғары оқу орнында қол ұшын созып, көмектесер кімің бар деді. Мен Мырзатайым бар деп келдім. Бір амалын қыл, Мырзаш деген екен. Ағасының сөзі сүйегінен өтіп кеткен қайнысы жеңгесіне сәлемін жолдап, ұлының оқуға түсіруге уәде етіпті. Құдай қолдап, сол жылы Мұқаңның ұлы да оқуға қабылданыпты.

«Бірде Жазушылар одағының алдында Мұқағали ағамыз тұр екен. Қолында биттің қабығындай кітапшасы бар. Көшеден әрлі-берлі өткен кісіге тыңдашы, өлеңімді оқиын дейді. Әлгілер сөзіне құлақ түрмей, өтіп кетеді. Одақтың алдында мені көрген бойда «Мырзаш бояуы кеппеген өлең оқиын, сен тыңдашы» деді. Әлі есімде, «Көгершіндер» деген өлеңін оқыды сонда.

Көгершіндер,

Көгерсін жер,

Өлерсіңдер,

Маған келіңдер,

Жем беремін – деген жолдары бар. Ғажап жыр болатын», - дейді Мырза ағаң.

Бір күні Мырзатай Жолдасбеков әйелімен көшеде келе жатып Мұқағалиға ұшырасады. Інісі Мырзатайдың ескі дәуір әдебиеті жайында ғылыми диссертация қорғайтындығын естіп сәттілік тілеп, қорғайтын уақытын сұрайды. Сол күні келіп, өлеңмен сөйлейтіндігін айтады. Алғашында ғылыми диссертация уақытының кейінге шегерілгенін ескертіп, кейін шақыруды ұмытып кетеді.. Шақырмағаныма бүгін қынжыламын. Інісі ғылыми диссертация қорғағанда Мұқағали Мақатаев келіп, өлең оқыпты деген әңгіме тарихқа керек еді-ау. Жазған басым осыны ойламаппын дейді. Соңғы жылдары қолына қалам алып, Мұқаң жайлы естелік жазуға қанша оқталғанымен, қолымнан келмеді. Келмегесін былтырғы жылы мәдениет орталығында басшылық қызметте болған уақытымда ақынның ғұмыры мен шығармашылығына арналған кең ауқымдағы кеш өткіздім.. Ұлылардың тағдыры ұқсас келеді. Тірісінде танылмайды. Мойындалмайды. Өлгеннен соң, жылап, шарқ ұрып іздейміз, - дейді інісі Мырзатай Жолдасбеков..

Жиынға Ақ Жайықтың ақ шағаласы, ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева қатысты.

Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында мемлекетіміздің әр өңірінде тойланып жатқан Мұқағали тойына ақеділ тілегін білдіріп, еліміздегі карантин кезеңінде бас қосуға мүмкіндік туғызған ұйымдастыру алқасына алғысын білдірді. Апамыз Мұқаң жайлы естеліктерімен бөлісті. Ескі күннің елесін көз алдымызға әкеліп, іріксіз елжіретті.

Сонау 1971-1972 жылдары Жазушылар одағында өткен жиналысқа бір топ студент қатысады. Ішінде бойжеткен ақын қыз Ақұштап Бақтыгереева бар. Конференция залында өтіп жатқан пленумға апыл-ғұпыл Мұқағали Мақатаев кіріп келеді. Мұқаңды алғаш көргенде әсерін қағазға түсірген Ақұштап ақын өз өлеңін оқыды.

Алғаш көргем,

Жазушылар Одағында сол жылы

Өтіп жатқан кезектен тыс пленум.

Дайындалған баяндама оқылуда

жырланып,

Залда гу-гу,

Бір қалыпқа түспейді екен бұл халық.

Көзіңе ілмей сөйлеп тұрған шешенді,

Шалқасынан есікті ашып

Кіріп келдің ырғалып.

Мен өз басым

Бойыңдағы батылдыққа тамсандым,

(Сол ақындық еркіндікті талай жерде

аңсадым).

– Ей, ағайын,

Бұл мылжыңнан пайдалырақ бір өлең

Оқып берсем қайтеді, – деп жар салдың.

Кеттің солай,

Адуынды мінезіңмен қыр асып,

Құйындатып, дауылдатып, болашаққа

ұласып.

Тек ақындар қалды сенің өрлігіңе

тамсанып,

Басын біреу сипап кеткен мысықтардай

жуасып.

Әдетте Мұқағалидың қалтасында ылғи тор көз дәптері болған сыңайлы. Түнімен өлең жазып, таңертең Ақұштаптарды шақыртып, жырларын оқитын болған. Осының бәрін көзімен көрген Ақұштап ақын талай рет Мұқаңмен бірге дәмдес болған. Шәй ішкен. Кейінгі жылдары қаламгердің көп ауырғаны белгілі. Әйтеке би көшесіндегі ауруханаға сырқаттанып түскен Мұқаңа бір топ ақын қыз-жігіттер жиналып барып, хал-жайын сұрап тұрған..

«Менде сенбілікке шыққан азаматтардың суреті бар. Кейін маған әкеліп берді. Сол жолы сенбілікке бара алмай қалған едім. 1972 жылы түскен сенбілік суретте «Бізді ұмытпай жүрерсің, Ақұштап» деп Мұқағали ағам қол қойыпты. Осындай тарихи оқиғаларды ойлағанда бір өлең есіме түседі.

Асылды жоғалтқан соң, жоқтау айтып, Кешігіп жүресің-ау, қайран халқым демекші біз осындай таланттардың соңынан жоқтап жүрген халық екеніміз рас. Асылдарымыз осылай көз алдымыздан өтеді екен. Той тойға ұлассын. Ақ жайықтан Нарынқолға дейін ақын жырының оқылуы тағдырдың сыйы. Есімі мәңгі жасайтынына талас жоқ» – деп еске алды Ақұштап Бақтыгереева. Рас, Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін, жүрегінің қанына қаламын малып жыр жазған Мұқаңның рухы мәңгі өмір сүреді...

Мұқағалидың бітік шыққан егінін Ақұштап орып берді, маған енді масағын теру қалған шығар деп қалжыңдаған драматург Сәбит Досанов ақсақал жиынды ары жалғап, сөз сөйледі.

Сәбең ұзақ жылдар бойы Мұқағалимен Жазушылар Одағында бірге жұмыстас болған.. Қадіріне жеткен, насихатын тыңдаған інілерінің бірі. Ақынның ұлылығын уақыттың өзі дәлелдеу үстінде екенін айтқан Сәбең – Мұқаңды қазақ поэзиясындағы құбылысқа теңеді. Шыныменде, қазір қалыптасқан Мұқағали мектебі бар. Қазақ әдебиеті барда Мұқағали поэзиясы жасай береді. Сарғайған архивтерден табылармыз деп өзі айтып кеткендей, суреткер халқының жүрегінде мәңгі сақталмақ.

Жиында жазушы Әнес Сарайдың зайыбы Алтыншаш Жағанова тарихқа айналған кешегі күннен аз-мұз сыр шертті.

Жазушы Әбіш Кекілбаев пен әйелі Клара, Асқар Сүлейменов пен Алтыншан Жағановалар Мұқаңның үйіне қонақтыққа барып тұрған. Мұқаңның жары Лашын астатөк ақ дастарханын жайып, ет асып қоятынға ұқсайды. Ол кезде төрт бөлмелі пәтердің екі бөлмесінде Тайыр Жараковтың ұлы, қалған екі бөлмесінде бала-шағасымен Мұқағали Мақатаев тұрған. Кіші қызы Майгүл бақилық болғанда ақынның жаны ауырып, қатты қайғырып, қызына поэма жазған.. Соншалық хәлде адамның сүйегінен өтетін ауыр сөзді сезімге сыйғызған арнауын кеш бойы оқыған Алтыншаш Жағанова мен Әбіштің зайыбы Клара қатты жылағанын апамыз есіне алды

Алтыншаш Жағанова жазушы баспасында орыс редакциясын басқарып тұрған кезінде Мұқаң кіріп кеп, «Әй, қыз, шық бері» дейді екен. Сондағы сұрайтыны тентек су сатып алатын көк қағаз. ..Кейін, Мәскеуге оқуға аттанған Мұқағали орыс ақындары Василий Белов, Николай Рубцовтармен дос болады. Алтынша қабатта тұратын Мұқаң төртінші қабаттағы Алтыншаш Жағанованы шақыртып, Лашынның сорпасын сағынып жүрмін. «Әй, қыз, сен ет асып берші» депті. Күректің сабынан арнайылатып оқтау жасатып алған Алтыншаш Жағанова дәмді етіп ет асып берген. Николай Рубцовпен бірге етті жеп, қарны тойған Мұқаң алыстағы жары Лашынның атын айтып жатады екен.

«Әруағыңнан айналайын, Мұқағали. Ол кісі жайлы айтатын әңгімеміміз көп. Тентек су қатты әсер етті. Қырық бесінде қайтыс болды да кетті. Жаны сондай сұлу болатын. Өткізіп отырған шараларыңа риза болып отырмын. Жамандық көрмейік» - деді Алтыншаш Жағанова апамыз.

Жиында Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, парламент мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса қатысып, жиынды қорытындылады.

Ақын Қазыбек Исаның әдебиеттегі буына 1979 жылы жаңа оқуға түсіп жатқанда Мұқағали Мақатаевтың қос томдығы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, ала алмай қалған. Сондағы айтатын уәжі ақынның өмірде жоқтығы. Тірісінде сый-құрмет көрмеген қаламгер, өлгеннен соң да біраз түрткі көріп, есімі еленбейді. Сонда ақын Қазыбек Иса Мұқаңа өлең арнайды:

Ел еңсесін не екенін білші езген?..

Құрбандарды құрметтедік құр сөзбен.

Батыраштар жоқ деп жүрген заманың,

Құлагерді құлатарын кім сезген?..

Көңіліне түйді халық мынаны:

Тіршілігін тірі істеп тұрады.

Тірілігі үшін түрткі көрген жан,

Өлгендігі үшін енді кінәлі...

Мұны елемей, жұлдыздайын ағып бір,

Танытты ақын жүйріктігін анық кім.

Аялдамай аядай топ алдына,

Жүрегіне сіңіп кетті халықтың!

Бұдан бөлек Қазыбек Иса сонда отырған зиялы қауым өкілдерін жақсы жаңалығымен сүйіншіледі. Алдағы жылы еліміздегі шығармашылық (театр, суретшілер, жазушылар) одақтары мемлекеттік стратегиялық серіктесі деген статусқа ие болмақ. Яғни, жағдайы жақсарып, тұрақты түрде қаржыландырылмақ.

Одан әрі Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай» кітап инсталляциялары қойылды. «Рухты қалам қайраткерлері» атты көрменің ресми ашылуы болып, экспозицияға Абай Құнанбайұлы, Сәбит Мұқанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Шерхан Мұртаза, Хамит Ерғалиев, Тұрсынбек Кәкішев, Қадыр Мырза Әли, Светқали Нұржан, Есенғали Раушанов, Оралхан Бөкей, Ақұштап Бақтыгереева сынды қаламгерлердің экспонаттары (тұрмыстық заттар, қолжазбалар, фотосуреттер, құжаттар, кітаптар, журналдар) ұсынылды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар