Гүлманат Әуелхан. Мен аңсаған ол көктем алыстады

Бөлісу:

02.10.2021 4257

Гүлманат ақын жырларын сүйсіне оқыдық, қуандық. Және де «... өмір құнын сезімімен өлшеген...», «...жанымды өлтірмейтін өлеңімді, келемін жаныма әйтеуір қуат қылып» дейтін оның болашағына үлкен самғау тіледік. Ал, алдағы уақытта ақынның ізденіс аясын бұдан да кеңейте түсуіне, өмірдің өткен мен бүгінді болашаққа жалғайтын сөзсіз жасампаздығына үңіле түсуіне тілек қосар едік. Мүмкін болса жан дүниесіндегі қайшылықтардың тұтқынында қалып кетпеуіне, өмірдің қым-қиғаш құбылыстарына тереңірек үңіле түсіп, жаңа бір кезеңіне шығуына да...

Әлия Бөпежанова

Мен аңсаған ол көктем алыстады,
Тағдыр солай таңдарға табыстады.
Айдың көріп суретін су бетінен,
Арманыма қол создым ғарыштағы.

Нұрын үйіп төгеді, тағы күн кеп.
Махаббаттың, санамда бағы гүлдеп.
Өмір тұрар қуану, жұбанудан
Сенімімнің шырағын жағып, үрлеп.

Қажыып көңіл даңғазамен, мақтаннан,
Шытынадым, шағылуға шақ қалғам.
Көкке қарап бар сырымды ақтарғам,
Заманалар тамырында аққан қан.

Мезгілдердің қабағынан сыр ұғып,
Алға қарай сүйрелейтін бір үміт.
Жанарымның жұлдыздары шашырайды)
Уақыттың кірпігіне ілініп.

...
Мен сүйетін ол көктем алыстады,
Тағдыр солай таңдарға табыстады.
Айдың көріп суретін су бетінен,
Арманыма қол создым ғарыштағы.

***


Ешбір ісім болмаған нала-мұңмен,
Нелер есте сақталды бала күннен.
Ақ әжемнің құшағын сағындырар,
Қайран көктем, гүл жайнап, дала күлген.

Алты қырдың астында ауыл қалды,
Аға қалды, ақеділ бауыр қалды.
Қайран бабам аңсаймын сенен қалған,
Ат тұяғы тоздырған жауыр жалды.

Сағыныштың санамды мекен етіп,
Туған өлкем өсірдің сетер етіп.
Қиялыммен көгершін құсқа айналып,
Темір тордың үстінен кетем өтіп.

Жырға қосып атыңды жебейін бе,
Жыр моншағын көмейден терейін бе,
Ақша бұлтқа айналып Майлы саған,
Жанарымның жаңбырын себейін бе?!

Неге ғана сен жаққа алаңдаймын,
Бұрып тұрар бүйрегім саған дәйім.
Түсімде ылғи қол бұлғап тұрғандайсың,
Жұмақтағы аяулы анамдайын...

***

Сағыныштың сал әнін салып өткен,
Түнектерін көңілдің жарық еткен.
Мұң торлаған жанымның терезесін,
Сенің жасын жүрегің жарық өткен.

Үнсіз ғана сырласам даламенен,
Сенсіз күнді өткізем наламенен.
Желмен ғана тілдесіп улдейді,
Басы жерге иілген жаралы өлең.

Көкірекке бір өксік кептеледі,
Бозамық Ай сәулесін сепкен еді.
Сенің сұлу сезімің қанатымен
Көтеретін әрқашан көкке мені.


...
Қыс өтіп, көктемім де оралады,
Айдыныма аққулар қонады әлі.
Жанымдағы түйіршік мұң мен нала,
Қар суымен шайылып жоғалады...

Кеудедегі сезімді тұншықтырып,
Айналдырды тағдырым ұршық қылып.
Тынысымды тарылтты қапас тірлік,
Әлде қайда безсем бе ыршып шығып.

Інкәрліктің ауылы алыстады,
Бір сәулеге табынам ғарыштағы.
Тағдырымның тарпаңдау ауыр жүгі,
Еңсені езіп, жанымды жаныштады.

Орта көңіл жанымды мазалайды,
Тәңір кейде орынсыз жазалайды.
Асқардағы арманға арқа сүйеп,
Жырға қосып бозамық жазам Айды...

Санама түсіретін жарық алдан,
Мені де ұғынатын табылар жан.
Сүю де, сүйгізу де дәтке қуат,
Ажалдан басқасының бәрі жалған...

Ол егіліп ішінен жылап тұрды…

Ол егіліп ішінен жылап тұрды,
Тамшының тырсылына құлақ түрді.
Қызыл-жасыл әлемді мұңға бояп,
Сұм өмір, сырға толы сынап тұрды.

Бауыр деп елжіремес бауырына,
Сенбейді ол қауқылдаған қауымына.
Жатбауыр жапандағы жалғыз мұңлық,
Ұмытқан туып өскен ауылы да...

Бастайтын ізгілікке апаратын,
Жүректің жоғалтқандай шапағатын.
Анасы қара жерге алып кеткен,
Жанының жалғыз тамшы махаббатын.

Ол арқа сүйей алмас ағасына,
Бір Алла жалғандағы панасы да.
Ботадай көште адасқан боздайды кеп,
Бозарған бозінгендей даласына.

Жолаушы секілді ол жоқ қараған,
Тұсына кеудесінің шоқ қадаған.
Батпан мұң көкірекке кептеледі,
Ойының ормандарын отқа ораған.

Ол егіліп ішінен жылап тұрды...
Үніне үнсіз дала құлақ түрді.

***

Бір басқа жетер күнәм бар,
Мінсіз емеспін.
Тәңірден барып сұраңдар,
Мұңсыз емеспін.
Сәулелі жаным, біл, аңғар,
Нұрсыз емеспін.
Көңілім жауар тұмандар,
Жырсыз емеспін.
Аспаным биік ашылар,
Күнсіз емеспін.
Хан қызындайын қадірім,
Құнсыз емеспін.
Ішінде ғұмыр кешемін,
Тылсым елестің...

***

Ен даланы,
Елес кезіп қаңғырған.
Ғасырлардың сарындары жаңғырған.
Жартастардың, жақпарында бір сыр бар,
Қырандардың,
балапаны саңғырған.
Шөліркейді жапырағы жанымның,
Қуат күткен жаңбырдан.
Күмілжиді күннің сынық қабағы,
Таяқ жеген пенделердей тағдырдан.
Жүректердің дарбазасын құлыптап,
Бір көруге зар қылған.
Тамшылардың тағдырларын іздеймін,
Шөгіп жатқан нарқұмнан...

***

Не сыйлайды тағдыр деген жол алдан,
Жапырағы күз желіне тоналған.
Қайың тұрды теңселіп,
Құдіретіне жел сеніп.
Кімге опа беріп едің О, жалған,
Дәрияда құмға сіңіп жоғалған.

Күнді сүйсем бе екен құшақтап,
Гүлді сүйсем бе екен құшаққа ап.
Күннің күйісі кеткен,
Гүлдің иісі кеткен.
Есіл жүрегімізді пышақтап,
Кетпесек екен ұсақтап.

Сағыныштар мекендеп сры төбені,
Күңіреніп көңілім зар төгеді.
Баяны жоқ өмірде,
Байлауы жоқ көңілде,
Керек етпей атақты мәртебені,
Бүршік атты ауылдың қарт емені...

Бөлісу:

Көп оқылғандар