Шоқан Уәлихановтың тағдыры мен мұрасы

Бөлісу:

20.10.2021 3626

Нұр-Сұлтан қаласында тарихшы Жарас Ермекбайдың «Шоқан Уәлихановтың тағдыры мен мұрасы» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Туынды ұлы қазақ ғалымы, саяхатшы, этнограф, ағартушы Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына арналған.

Туындыда бұған дейін көпшілікке белгісіз болған деректер берілген. Жарас Ермекбай кітап жазу барысында ҚР ҰҒА Ұлттық Академиясының Орталық ғылыми кітапханасында, РФ СІМ Ресей империясының сыртқы саясат мұрағатында, Ресей мемлекеттік тарихи мұрағатында және т.б. көптеген зерттеу жүргізген.

Шоқан Уәлихановтың Петербургтің бірнеше үкіметтік мекемеде, Бас штабтың әскери-ғылыми комитетінде, Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментінде жұмыс істегені, сондай-ақ сол департамент жанындағы Жоғары мектепте түркі тілдерінен сабақ бергені белгілі. Сондықтан өмірі жайлы жазылған жазба-деректердің басым бөлігі Ресейде сақталған.

Профессор Ж. Ермекбайдың айтуынша, ғалымның отбасы жайлы тың деректер, оның тәлімгерлері, сондай-ақ Орталық Қазақстан мен Қырғызстандағы экспедициялары, Санкт-Петербургте болған кезеңі, Ресей патшалығының жоғары топтарымен танысуы туралы қосымша мәліметтер де табылған.

Жарас Ақышұлы қазақ ағартушысы жайлы мәлімет жинауына 25 жылға жуық уақытын арнаған. Дегенмен ғалым бұл бағыттағы жұмыс әлі аяқталмағанын айтады.

«Шоқан Уәлихановтың мұрасы жайлы зерттеу жұмысы әлі аяқталған жоқ. Мен үнемі ізденісте жүремін, себебі әлі де болсын табылмаған, зерттелмеген материалдар бар екенін білемін, бірақ олар бізге қолжетімсіз. Алда әлі жұмыс көп. Ғалымның өмірі жайлы тың әрі қызық мәліметтер аламын деп үміттенемін. Ең бастысы менің зерттеуімнің бір бөлігі «QazaqGeography» қолдауының арқасында жарыққа шықты», – дейді «Шоқан Уәлихановтың тағдыры мен мұрасы» кітабының авторы Жарас Ермекбай.

Туынды авторы тапқан жаңа деректер академик Әлкей Марғұлан жүргізген орасан зор еңбекті толықтыратынын атап көрсетеді.

«Шоқан Уәлихановтың тағдыры мен мұрасы» кітабын «QazaqGeography» Республикалық қоғамдық бірлестігі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Рухани жаңғыру» КЕАҚ қолдауымен басып шығарды.

«Шоқан Уәлихановтың есімі қазақстандықтар үшін, оның ішінде біздің бірлестік үшін ерекше, киелі деп айтуға болады. Біздің өміріміз, ол сияқты, туған жерді зерттеумен, этнографиямен, тарихпен және географиямен тығыз байланысты. Сондықтан да біз бұл жобаны қуана қолдап, кітаптың жарық көруіне көмектестік», – дейді «QazaqGeography» РҚБ Басқарма төрағасы Орман Нұрбаев.

Кітаптың тұсаукесер туры Шоқан Уәлихановтың туған жері Сырымбет ауылынан басталуы тегін емес. Ж. Ермекбай еңбегінің тұсаукесері тағы бірнеше қалада өтеді. Туындының тұсаукесері қазақ халқының ұлы ғалымы жерленген жер Алматы облысында аяқталады.

Бөлісу:

Көп оқылғандар