ЙОРГОС СЕФЕРИС. АҢЫЗҒА ОРАНҒАН ОҚИҒАЛАР
Бөлісу:
1963 жылы Нобель сыйлығы "арғы жағалаудағы" ақынға берілді. Туған жерін бір түннің ішінде тәрк етіп "арғы жағалауға" өтуге мәжбүр болған ақынға. Ол кеткеннен кейін сау тамтығы қалмай өртенді туған жерінің. Сол күннен бастап, өмірінің соңына дейін "өртенген туған жерін" іздеумен өтті. Күндердің бір күні қала қайтадан көркейе бастады. Кешегі өрттен, қуғыннан, сүргіннен, азап мен қасіреттен бірде бір белгі қалмай қала қайтадан көркейе бастады. Бірақ ол оралмады. Оралатын мекен таппады. Оның туған жері "өртеніп кеткен болатын". "Өз отына өртеніп кеткен болатын" Сеферистің туған мекені... Бұл қасірет кейіннен күллі грек ұлтының қасіретімен астасып "Аңызға оранған оқиғаларға" айналды.
"Аңызға оранған оқиғалар" (гр. «Μυθιστόρημα») кітабынан үзінді
"Si j'ai du goût ce n'est guère que pour la terre et les pierres."
Arthur Rimbaud
Α´
Біз оны
үш жыл бойы
дамылсыз күтумен болдық,
қарағайлар мен жағалауларға,тіпті жұлдыздарға да көздерімізді қадап:
таңсәрінің жер бетіне түсірген зәкірімен бірге,
алып кеменің көнерген ағаштарымен бірге,
алғашқы тұқымды іздедік –
аңызға оранған оқиғаларымыз қайтадан басталғанын қалап.
Соңында теңіз суынан ерніміз жарылған күйі,
аяқ-қолымыз дәкеге таңылған күйі,
сүлдерімізді сүйретіп көне отанымызға оралдық тағы:
Біз деген –
аққудың су тілер аппақ қанаттарынан қашып
бағытсыз жолдарда адасқан жандар –
солтүстікке қарай бет бұрдық – көз аша сала көне отанымыздан жол алдық-дағы.
Қысқы түндерде шығыстан соққан ессіз жел есімізді алды,
өлердей қасіретіміз де жоғалды жазда.
Солайша, тағы бір сапардан оралған уақытта әдеттегідей ештеңе әкеле алмадық,
құрметті сөз өнерінен басқа.
Β´
Бұрында біздерді өлердей сүйетін достарды қуанту оңайлау болатын
құдықтың түбінен мүжілген пұттар мен
көнерген заттарды шығарсақ:
міне, енді тағы бір құдық табылды үңгірдің ішінен.
Оның түбіндегі құпияларды көрсетер арқан да үзіліп кетіпті бірақ:
Тек қана кезерген ерніндегі саусақ іздері
біздің осы бір мекенге қалдырып кеткен ескі бақытымызды еске салады.
Содан соң, уақыттың шекпенінен шығып құдық тастарын ұстаған біздің саусақтарымыз
ғасырлар құрсауында қалған көк тастың өңмеңнен өтердей суығын сезеді,
кеудеміздің жылуын ақырын ғана өзіне сіңірген тастың.
Мұнан басқа бұл маңда қылт еткен бірде бір дыбыс жоқ,
су да жоқ кезерген ерінді сүртер,
тек қана рухыңды ермек қып отырады өз-өзін ұмытқан құдық.
Ε´
Оларды танымайтын едік. Бірақ ішіміздегі бір үміт қана
бала күнімізден бері оларды танитынымызды айтатын.
Бәлкім біз оларды екі рет көрдік, содан соң кемелеріне оралған болуы керек,
мың батпан көмір мен астықтарын арқалап,
теңіздің арғы жағалауына ешқашан қайтпайтындай болып аттанған достарымыз.
Таң бізді әбден дегбірі қашқан шамның түбінен тауып алатын,
кемелер мен теңіз қыздарын, теңіз қабыршықтарын қағаздың үстіне сызып жататын бізді;
содан соң теңізге шығатын жолдарды көрсеткені үшін
ымыртта өзен жағасына түсеміз;
шайыр аңқыған үңгірлерде қаламыз түндері.
Ал достарымыз бізді сол күйі тастап кеткен еді, бәлкім оларды ешқашан көрмедік,
бәлкім көз ілген шақтарда түсімізде көрдік,
алып толқындар жақындатты түсімізде бәлкім:
бәлкім мүсіндердің арғы жағындағы белгісіз өмірді
іздегеніміз үшін іздейміз оларды.
Ι´
Біздің өлкемізді жағалай таулар қоршаған.
Күндіз-түні аспаны аласа өлкеміздің.
Өзендеріміз жоқ, құдықтарымыз жоқ, кендеріміз жоқ,
тек қана бір-екі су қоймасы бар, бірақ олар да қаңырап қалған –
іші боп-бос,
жалғыздығымызбен бір,
ғашықтымызбен бір,
өзімізбен бір көнерген дауыс қана шығады ол жақтан.
Есте жоқ ескі заманда қалай өмір сүргенімізді ойлап таң қалам,
үйлерімізді, мұнараларымызды, ауылдарымызды көріп.
Үйлену тойларымыз бен гүл шоқтарымыз,
ешқашан шешілмес жұмбаққа айналған рухымыз үшін.
Балаларымыз қалай дүниеге келген екен,
Қалай үлкейген екен балаларымыз?
Біздің өлкеміз қоршаулы.
Сиқырға толы аралдар теңізге өтуге мүмкіндік бермейді.
Тек қана жексенбі күндері жағалауларға түсіп,
жұбанышымыз бен қасіретімізге куә боламыз:
аяқталмаған сапарлардың шіріген бөренелері
сүюді ұмытқан жандардай үйіліп жатады.
ΙΓ´
Ὕδρα
Жазылмас қасіретімнің барлығын ішіне жинаған теңіз
нұрға малынған үнсіз кемені өзімен бірге алып барады,
өзімен бірге алып барады қойнында тербетіп:
ал онда дельфиндер, өзге елдің жалауы, атылған зеңбіректер.
Жазылмас қасіретімнің барлығын ішіне жинаған теңіз
бейне бір ештеңе білмеген адамдай кемені өзімен бірге алып барады:
тот баспаған күректері мен жыртылмаған желкені бар кемені.
Бір сәтке болсын ол кеме артына бұрылып қараса көздерің жайнайтын секілді,
кемеге ұмтылған қолдарың көркем бола түсетін секілді
сүйгісі келген ерінің жібитін секілді
дәл ескі күндердей бейғам.
Сол күннен бастап дамылсыз кемені іздедің;
жаңбырда, тұманда, желде,
тіпті көз байлар қараңғы сәтте де теңізге кеткен кемені іздедің.
Қала отқа оранған сәтте,
алғашқы христиан мінберден жүрегін ашып көрсеткен сәтте де сен іздеп жүрдің.
Не іздеп жүрдің?
Іздеп жүрдің?
Жүрдің?
Аударған Файзулла Төлтай
Бөлісу: